Журналистер күнделікті тарихты жазады
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Дархан Қамзабекұлы, сіздің негізгі мамандығыңыз журналист екенін жұртшылық жақсы біледі. Ендеше, төл мерекеңізбен әріптестеріміздің атынан сізді де құттықтаймыз. Әңгімемізді мына сұрақтан бастасақ. Сіз басқарып отырған Мәдениет және ақпарат министрлігі үстіміздегі жылдың басынан бастап бірнеше саланың басын қайта құрап, басқаруға көшті. Осыған байланысты еліміздің кейбір қайраткерлері уәж айтады: ақпарат саласы мәдениеттен бөлек болуы керек деп есептейді. Себебі министрліктің бір басы үшін мәдениет саласының өз жұмысы да жетіп-артылады дейді. Бұған сіз не дейсіз?
– Тілегіңізге рақмет. Алдымен айта кететін мәселе, Үкіметтің құрамына кіретін кез келген мемлекеттік органның құрылымы мен бағыт-бағдарына қатысты мемлекеттік маңызы зор шешімді Елбасы өзінің арнайы Жарлығымен бекітіп береді. Екіншіден, естеріңізде болса, ақпарат пен мәдениет салалары ұзақ уақыт бойы, нақтырақ айтсақ, 2010 жылға дейін бір министрлік ретінде жұмыс істеп келді. Одан кейін қазіргі заманғы жаңа технологияларды енгізу мақсатында ақпарат саласы байланыс саласымен біріктірілді және мұндай қадам өзін-өзі ақтап, алға қойылған міндеттерді тиісінше орындауға мүмкіндік берді. Биыл уақыт талабына сай ақпарат саласын мәдениетпен қайта біріктіру туралы шешім қабылданды. Егер ұлтымыздың тұтастай рухани бітім-болмысы саналатын мәдениет саласын қазіргі заманның ең мықты қаруы – ақпарат саласымен қатар дамытып, асыл қазынамызды елге, жастарға насихаттаудың жаңа тетіктерін тауып жатсақ, халқымыздың одан ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Бұл – көптің пікірі.
Біз бүгінде БАҚ-пен жаңа сапалы байланыс орнатып, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне жұмыла кірісудеміз. БАҚ жұмыстарына мейлінше осы заманғы ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары да барынша серпінді жүргізіле бермек.
Басты міндетіміз – масс-медианың отандық мазмұнының сапасын арттыру. Осы мақсатта мемлекеттік арналардың тұжырымдарын қайта форматтау және жаңа тақырыптық арналар жасау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде.
Телеарналардағы контент мәселесі, қазақстандық телеөнімдермен қамтамасыз ету, олардың пайыздық үлесі, қолайлы-қолайсыз уақытқа қойылуы және басқа да күрделі мәселелерді оңтайлы шешу медиакомпаниялар үшін жауапты міндет болмақ. Көптеген бұқаралық ақпарат құралы дағдарыс жағдайын ескере отырып, елеулі құрылымдық өзгерістер жасауға да баруы мүмкін, яғни өз өнімін мақсатты аудиторияға шақтап, модернизациялауға тура келеді. Бұл орайда дәстүрлі қағаз өнімдері интернетті кеудесінен итермей, оқырмандарды көбейтудің және қосымша табыс табудың жаңа мүмкіндігі деп қабылдағаны жөн шығар.
Елбасы биылғы Жолдауында қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды белсендірек игеруге үндегенін білесіздер. Олай болса, бұл істе де алдыңғы қатардан көрінуге тиіспіз.
Өйткені дүние өзгеріп, заман жаңарып жатыр, соған сәйкес ақпаратты тұтыну ісі де жаңаша сипатқа ие болуда. Әлеуметке ықпал ету үшін, бәсекеге қабілетті болу үшін бәсекеге қабілетті кадрлар жұмыс істеуге тиіс. Сонда ғана журналистиканың сапасы арта түседі. Ал мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге мемлекеттік тапсырыс алған басылымдар Қазақстанның барлық өңірін бірдей қамту мәселесіне де мән беруі керек. Өйткені бүгінгі таңда бірқатар газеттің жалпы таралымының негізінен төрт-бес облыс есебінен құралып отырғаны да жасырын емес. Жалпы, газет-журнал тарату ісін, басылымдардың бөлшек саудадағы қиын жай-күйін шешу, кітап шығару индустриясын ілгерілетудің заңды, басқа да құқықтық, ұйымдастырушылық шараларын кешенді түрде жүзеге асыру үшін кәсіптік бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз деп айта аламыз.
Қоғамда ең әуелі мемлекеттік мүддеге басымдық беруді, меншік түріне қарамастан, барлық субъект мойындауға тиіс және сондай өркениетті үрдісті құрметтеп үйренуге тиіспіз. Бұл – ұлттық ақпараттық кеңістікке ғана емес, әрбір журналистер ұжымына қатысты мәселе. БАҚ туралы заң бар, оның талаптары орындалуы тиіс. Тәртіп әр кезде болуы керек, сонда ғана ол ортақ құндылыққа айналады. «Өзі бағына білмеген бағындыра да білмейді» деген аталы сөздің астарында да тәртіп жатыр емес пе?!
– «Балапан» арнасына балаларымыздың қызығушылығы өте жоғары екенін байқап жүрміз. Тіпті баланың тілі қазақ тілінде анық шығуына да зор үлесін қосып жүргеніне көзіміз жетіп отыр. Себебі таңертеңнен кешке дейін тек орыс тіліндегі балалар телеарнасын көретін бала мен «Балапан» телеарнасын көретін баланы салыстырсаңыз, «Балапан» көрермені қазақ тілінде жатық сөйлейді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл телеарна тек спутниктік және кабельдік желі арқылы таралғандықтан, көпшілікке қолжетімді болмай отыр. Былайша қарасаңыз, кейбір балалардың құқығы шектеліп отыр деуге де келеді. «Балапан» телеарнасын «Қазақстан» және «Хабар» телеарналары секілді толқын арқылы таратуға болмай ма?
– Елбасының тікелей тапсырмасымен, мемлекеттің қаржыландыруымен эфирге жол алған «Балапан» балдырғандар үшін жасалған үлкен сый деп есептеймін. Бұл қадамның ұрпақ тәрбиесіне тигізер оң ықпалын айтып жатудың өзі артық. Сіз өз салыстыруыңызды алға тартып отырсыз. Шындығында, таза мемлекеттік тілде таратылатын арнаны көріп өскен бүлдіршіндеріміздің қазақ тілінде жатық сөйлеуі – заңды құбылыс.
Ұрпақ жалғастығы, дәстүр сабақтастығы жоқ жерде біз тұғырлы ел бола алмаймыз. Дені сау, рухы биік, пайым-парасаты жоғары, таным-түсінігі терең ұрпақ қана елдің көшін алға сүйрейді. Осыны ескеріп, жас буынға өнегелі тәрбие беру мақсатымен «Балапан» телеарнасы ғана емес, көптеген газет, журналдар да ашылды, ашылып жатыр.
Бұл – «бесігімізді түзеуді» қолға алғандығымыздың айқын көрінісі. Жалпы, балалар мәдениеті, әдебиеті, өнері, білімі үшін тер төгіп жүрген азаматтарымыздың алдында бас иген дұрыс.
Ал «Балапан» телеарнасын республика бойынша жиілік арқылы тарату мәселесіне келер болсақ, бүгінде Көлік және коммуникация министрлігінің байламы бойынша Қазақстан Республикасы аумағында эфирлі сандық телевизиялық хабар таратуды енгізуге байланысты Қазақстан Республикасының радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы аналогтық (бір бағдарламалық) телевизиялық хабар таратуға жиілік бөлуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Аталған шешім негізінде Қазақстан аумағында цифрлық хабар таратуды енгізудің жиіліктік-аумақтық жоспары әзірленді. Сонымен бірге жиілік ресурстарының тапшылығына байланысты аналогтық хабар таратуға жиілік бөлу мүмкін емес және ол жиіліктік-аумақтық жоспардың өзгеруіне ықпал етеді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы 2010-2014 жылдарға арналған ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамытудың салалық бағдарламасы» аясында Қазақстан Республикасы аумағында цифрлық хабар таратуды кезең-кезеңімен енгізу шаралары жүргізілуде.
Осы ретте «Балапан» телеарнасы 2011 жылы 18 қаңтарда Мемлекет басшысы іске қосқан теле-радио хабарларын таратудың ұлттық спутниктік OTAU TV желісі арқылы республика аумағына таратылады. Мұнымен қоса «Балапан» телеарнасы 44 кабельдік телевизия операторлары арқылы бүкіл республика аумағына тарайды.
Тұтастай алғанда, 2015 жылдың басында халқының саны 2 мыңнан асатын елді мекендердің барлығы цифрлық сападағы телеарналармен қамтамасыз етіледі.
Ендеше, көп ұзамай «Балапан» телеарнасы әрбір шаңырақтың көгілдір экранынан көрінетін күн алыс емес.
– Депутат Алдан Смайыл «Балалардың денсаулығы мен мінезіне зардабын тигізетін зиянды ақпараттан қорғау туралы» деп аталатын заң жобасын жазып шығыпты. Қазіргі таңда небір шетелдік ақпараттық экспансияның құрсауында қалған Қазақстан үшін мұндай заң керек-ақ. Халық қалаулысы әзірлеген заңды енді тек қабылдау ғана керек болып тұр екен. Сіздің бұл заң жобасына қатысты қандай алып-қосарыңыз бар? Әлде министрліктің өзі осындай негіздегі заң жобасын әзірлеп жатыр ма?
– Қазақстан Республикасының «Теле-радио хабарларын тарату туралы» заңының 28, 29 баптарында балалар мен жасөспiрiмдердiң денсаулығы мен мінезіне, психикасына әсер ететін зиянды ақпараттардан қорғау нормалары қарастырылған.
Осыған орай Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау немесе үгiттеу көрiнiстерiн қамтитын, экстремизмдi немесе терроризмдi, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылдықты насихаттауды, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға, суицидтi насихаттауға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы өнiмдердi қамтитын теле-радио бағдарламаларын таратуға тыйым салынады.
Сонымен қатар жергiлiктi уақыт бойынша 06.00-ден 22.00-ге дейiнгi мезгілде балалар мен жасөспiрiмдердiң тәндiк, психикалық, имандылық, моральдық және рухани дамуына зиян келтiруi мүмкiн телебағдарламаларды, «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес «Е 18» деп индекстелген фильмдердi көрсетуге жол берiлмейдi. Теле-радио хабарларын тарату операторлары шетелдiк телеарналарды ретрансляциялау кезiнде ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар арқылы аталған фильмдер мен телебағдарламаларды көруге қолжетiмдiлiктi шектеу жөнiндегi шараларды қолдануға міндетті.
Сондықтан бұл мәселеге байланысты жеке заң қабылдау керек деген депутаттың бастамасы осыған дейін іс жүзінде жүргізіліп келеді.
Жалпы, теледидар көру немесе басқа технологияларды балалардың пайдалануы тек заңдарға тіреліп тұрған жоқ. Ең әуелі отбасыдағы тәрбиеге байланысты болса керек. Оған қазіргі ата-аналардың да, ұстаздардың да сауаты жеткілікті деп ойлаймын.
– Бүгінгі ақпарат тасқыны артып отырған заманда отандастарымыз театрдан гөрі, теледидар алдына үңілгенді ұнатып барады дейді. Еліміздің мәдениет сарапшылары осы мәселеге қатысты арнайы дөңгелек үстел өткізгенін білеміз. Сол жерде «театр көрермендерін көбейту үшін отандық арналардан спектакльдерді үзбей көрсету керек» деген де ұсыныс айтылды. Бұған қатысты не айтасыз? Сіз нені ұсынар едіңіз?
– Бүгінде көрермен театрға келмейді деп айту қиын. Керісінше, театрға келетін көрермен санымен қатар, еліміздегі театрлар саны да кәдімгідей артып келеді. Бір ғана Астананы алсақ, бес жыл бұрын елордада небәрі екі театр жұмыс істесе, қазіргі таңда оның саны алтыға жеткен. 2006 жылы Астана театрларындағы қойылымдарды 68 мың адам тамашаласа, 2011 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 200 мыңға дейін артқан. Сондықтан театрға халық келмейді деп айту ағаттық дер едім. Керісінше, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстандағы театр ошақтары 20 пайызға көбейген, яғни сұраныс бар деген сөз.
Бұл орайда театр өнері саласында классикалық жоғары көркемдік өнерге деген ықыластың артып отырғандығын айтқан орынды болар. Бүгінгі көрермен өте талғампаз. Олардың эстетикалық сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында соңғы жылдары біздің сахналық алаңдарымызда Борис Эйфман, Сергей Вихарев, Юрий Григорьевич және басқа да әлемдік деңгейдегі хореографтар мен балетмейстерлер жұмыс істеуде. Мемлекеттің қолдауымен отандық опера мен балеттің үздік орындаушылары Ла Скала театры академиясында, Вена операсында, Мариинск театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньедегі Итальян опера мектебінде тағылымдамадан өтті. Қазіргі кезде Астанада классикалық опера және балет театрының құрылысы жүргізілуде. Бұл ең алдыңғы қатарлы шығармашылық және технологиялық талаптарға жауап беретін қазіргі заманғы театр болмақ.
Жалпы, театрға көрермен тарту мәселесіне келсек, бұл орайда бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Оның дәлелі – «Көрермен агенттіктерінің» құрылуы. Қазір театр жарнамалары радио, газет, теледидарда, интернетте, театрлардың сайттарында үзбей жарияланып, міндетті түрде жарнамалық тақталарда афишалар ілінеді. Интернет арқылы театр билеттерін сату үрдісі де кеңінен пайдаланылып келеді.
Бүгінгі таңда республикалық театрлардың бірқатар үздік қойылымдарын «Хабар», «Қазақстан» телеарналары түсіріп, электронды тасымал құралдарына аударылған. Жазылған қойылымдар театрлардың рұқсаты бойынша репертуардан алынған соң ғана теледидардан көрсетілетін болады.
Театр жаңалықтарына телеарналарды тарту, онда отандық театрлардың спектакльдерін жиі көрсетіп тұру, премьералар жайлы жарнамалық роликтер беру, мұның бәрі – театр көрермендерінің санын көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар.
– Биыл – Астана үшін ерекше жыл. Біріншіден, «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы», екіншіден, «Астана – достастықтың мәдени астанасы» атанып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында осы мәртебелі жылды ерекше атап өту жөнінде тапсырма бергенін білеміз.
– Алдымен «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында елордада 30-ға жуық шара өтетінін айтқым келеді. Нақтырақ айтсақ, «Жаңа мыңжылдықтағы жаңа астана» тақырыбымен фотосуретшілердің халықаралық кездесуі, мүсіншілердің бесінші кездесуі, Қазақстандағы Әзірбайжан күндері, фольклорлық би топтарының фестивалі, «Астана төңірегіндегі мыңжылдық» көшпелі өркениет фестивалі жоспарланған. Бұл шаралардың барлығы түбі бір тамырлас елдермен арадағы рухани байланысты одан әрі нығайтуға кең серпін бермек. Тағы бір мақтанышпен атап өтерлігі ТҮРКСОЙ-ға мүше 14 елдің арасында Қазақстан елордасының ең бірінші болып мәдени астана ретінде жарияланғаны дер едім.
Өзіңіз айтып өткендей, маусымның 15-16 күндері Астанада «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» атты мәдениет саласының белді өкілдерінің халықаралық форумы өтті. Қазақ елі жиған шығармашылық интеллигенцияның осынау еуразиялық форумының ортақ ізгі құндылықтарды таратуға үлкен серпін беретіндігіне сенімім зор. Еуразия – әртүрлі өркениеттер мен мәдениеттердің ежелгі тарихтан бірге тіршілік етіп келе жатқан аумағы. Сондықтан бұл форум мәдени байланыстарды кеңейту, ортақ гуманистік құндылықтарды ілгері жылжыту үшін шығармашыл қауымдастықтың басын қосудың, күшін біріктірудің жаңа кезеңіне айналуға тиіс.
Әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі меймандарға қасиетті қазақ жері, еліміздің ордасы, Тәуелсіздігіміздің символы – Астана қатты әсер етті.
Ұлан-байтақ Еуразия кеңістігін жайлап жатқан халықтардың жаһандық деңгейдегі әр алуан іргелі істеріне белсене араласып, маңызды халықаралық және өңірлік ұйымдардың тізгіндерін қолға ұстап келеді.
Айтулы іс-шара елдеріміздің арасындағы рухани дәнекерлікті нығайта түсуге үлес қосады. Сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі халықтардың мәдениет және өнер жетістіктерін ортаға салу төл мәдениетімізді насихаттауға және заман ағымына сай өркендетуге ықпал етеді деп ойлаймыз.
– Мәдениет тақырыбынан ақпарат саласына қайта ауыссақ. Журналистердің төл мерекесіне қандай дайындықпен келгелі отырсыздар?
– Журналистиканың қай заманда да қоғамның қозғаушы күші, халық пен билік арасындағы алтын арқау болып келе жатқаны белгілі. Ақпарат адамзат үшін ауадай қажет, алтыннан да бағалы болып тұрған ХХІ ғасырда жұртшылықтың журналистер қауымына деген талап-тілегі де күшейе түсуде. Бүгінде журналист үшін қоғамға жедел әрі сапалы ақпарат ұсынып, өзінің танымалдығын арттырып, имиджін бекемдеу үшін бір ғана кәсіби біліктіліктің аздық ететіні – ақиқат. Осы заманғы журналиске ақыл да, асаулық та, ұшқырлық та, табандылық пен тапқырлық та аса қажет екенін қаламгерлердің өздері де жақсы түсінеді.
Ең бастысы, талантқа тұсау жоқ, жақсыға бұғау жоқ. Атап айтқанда, 16 жылдан бері, яғни 1997 жылдан бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев журналистика саласында дара шапқан дарындарға Президент сыйлығы мен гранттарын тағайындап келеді. Бұл – сала қызметкерлеріне жасалған үлкен қамқорлық әрі әріптестеріміз үшін айрықша құрмет.
Биыл министрлік тарапынан да журналистиканың қым-қуыт тірлігінде қара үзіп, кәсіби тұрғыда өзін дәлелдеп жүрген әріптестерімізге құрмет көрсетуді жөн деп таптық.
Жалпы, тарихты тұлғалар жасап, ғалымдардың тұжырымдап, зерделейтіні белгілі. Ал сол тарихқа енетін барша оқиғаның ортасында болып, күнделікті тарихты жазып жүргендер бүгінгі журналистер екенін мойындауымыз керек. Тәуелсіздік табыстарын тарата жазып, мемлекетіміздің іргелі іс-шараларын іркілмей халыққа жеткізуде журналист қауымның сіңіріп жатқан еңбегі зор деп білемін. Кез келген оқиға басынан дәл әрі дәйекті ақпарат беру немесе терең талданған материал ұсыну жолында қалам иесінің көзге көрінбес кедергілерді кесіп өтіп, түрлі кездейсоқ сәтті басынан өткеруіне тура келетінін кәсіби журналист ретінде де растай аламыз. Соған орай биыл тұңғыш рет қазақ және орыс тілдерінде «Солай болған», «Был случай» деген атпен Қазақстан журналистерінің естеліктерінен құралған кітаптар жарыққа шықты. Әріптестерді өзара ынтымаққа ұйыстырып, жаңа дүниелерді жазуға шабыт беретін кітаптар алдағы кезде жалғасын табатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Жалпы, халыққа уәж айтудан гөрі, сол халықтың датына құлақ асқан жөн болар. Жөн сөз айтар болсақ, барша журналиске, елді жеңіске жетелейтін жетістіктерді жазып жүргендерге де, намысты қамшылап, кемшілікті көрсетіп сын айтып жүргендерге шығармашылық шабыт тілеймін.
Ақпаратымыздың айдыны кеңейіп, ана тіліміздің абыройы артып, мәдениетіміз мәуе жайып жатқан бүгінгі заманға біз Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Елбасымыз айтқандай, Тәуелсіздікті қорғай білу, егемендігімізді еңселі күйінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізу әрбіріміздің ел алдындағы азаматтық әрі перзенттік парызымыз болуға тиіс. Іске сәт!