Жоғары оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға қарным ашады
Бауыржан Ешмағамбетов, Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы қазақ орта мектебі мүдірінің оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Бауыржан, өмірбаяныңыз туралы қысқаша айта кетсеңіз .
– Менің жарық дүние есігін ашқанымның өзі қызық болған екен. Аягөз қаласынан 40 шақырым жердегі Ақшатау аулынан, арбалы мотоциклмен қонақтан келе жатып, жол ортасына келгенде шешемді толғақ қысады. Абдырап қалған әкемнің күйін көрген арбалы мотоцикл жүргізушісінің акушер болуына тура келіпті. Қызығы, елде кіндік шеше болса, менде кіндік әке бар. «Тау бауырында туған жан» деп, атымды Бауыржан қойыпты. Әкем – бата жазып, Семей өңіріне «баталы ата» деген атпен әйгілі болған жан. Анам қарапайым үй шаруасының адамы. Мен үйдің кенжесімін. Бір апайым, бес ағам бар. 1984 жылы Аягөз қаласындағы № 58-ші мектепті үздік бітірдім. Арманым адвокат болу еді. Сол жылы Алматыға келіп, Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Жолым болмай, он жыл қатарынан конкурстан өте алмадым. Оныншы жылы 99 балмен конкурстан тағы өте алмай қалғанымды көрген заң факультетінің деканы мені тарих факультеті деканының орынбасарына ертіп барды. Ол кісі: «Адвокат болып жүз адамға көмектесерсің, ал мұғалім болсаң, мыңдаған адамға білім бересің. Таразылап қарашы, қайсысының салмағы басым», – деді. Осы сөз қамшы болып, мұғалімдік мамандыққа бет бұрдым. Қазіргі уақытта бір кезде өзім оқып бітірген мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрмін. Жасап жатқан еңбегімді ескеріп, облыс басшылары 2006 жылы облыс көлемінде «Жыл адамы» деген атақ берді.
– Кестелер мен графикалық сызбаларды қолданып әдістемелік оқулық жазған көрінесіз. Осы ой неден туындады?
– Университетті бітіріп, алғаш мектепте қызмет бастаған жылдары тарих пәнінен көрнекті құралдар: кестелер, суреттер, карталар болған жоқ. Сондықтан сабақ жүргізуге қосымша оқу құралдарын кітапханалардан іздей бастадым. Бірақ ешқандай қазақша оқулық таба алмадым. Дегенмен, неміс тарихшылары Г.Гимпель, Х.Мейенбург, К.Кейнцтің орыс тіліне аударылған «Меловые чертежи на уроках истории» деген оқулығы және украин математигі В.Ф.Шаталовтың 4-5 оқулығы қолыма түсті. Ф.Шаталов кестелер мен графикалық сызбаларды тарих пәнінде қалай қолдану туралы бағыт-бағдар берген. Осы оқулықтарды бастамаға алып, кестелер мен графикалық сызбаларды дайындап, сабақ барысында қолдана бастадым. Нәтижесінде, шәкірттерімнің қызығушылығы оянып, сабақ үлгерімі жақсарып, ізденетін, сұранатын оқушылардың саны күн санап артқандығы байқалды. Кестелер мен графикалық сызбалардың тиімділігін ұғып, оқулық кітап жазу керек деген ойға келдім. 2002 жылы қолға алынған шаруаны жарыққа шығардым.
– Оқулық тек орта мектепке арналып жазылған ғой?
– Бұл әдістемелік оқулық 5-11 сыныптарға және тарих пәнін оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Жалпы кестелерді бес бөлікке бөлдім:
1. Нақты сызбалар (5-6 сыныпқа арналған);
2. Географиялық сызбалар (7-11 сыныпқа арналған);
3. Хронологиялық, тақырыптық кестелер (5-11 сыныптарға);
4. Графикалық сызбалар (5-11 сыныптарға);
5. Тірек-конспект (5-11 сыныптарға).
– Кітап шығарудың өзіндік қиындықтары бар екендігі белгілі. Кітабыңыздың басылып шығуына демеушілік жасағандар болды ма? Әлде Қалалық білім департаменті немесе Облыстық білім басқармасы қолғабыс жасады ма?
– Ауылда таланттар көп. Бірақ оларға көңіл бөлушілер, демеушілер жоқ. Қалалық оқу департаментінен де, облыстық оқу басқармасынан да ұсыныс болған жоқ. Оқулыққа демеушілік жасаған «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы ұстанып жүрген азамат – «Семей» кедені бастығының орынбасары Бекен Нұрахметов.
– Мектептерде қолданыста жүрген оқулықтардан осы әдістемелік оқулықтың айырмашылығы қандай? Бұл оқулықтың мұғалімдерге, оқушыларға тиімді қандай артықшылығы бар?
– Педагогикада бала толық білім алу үшін «құлақпен есту керек, көзбен көру керек және жазу керек» дейді. Осы үшеуін қатар қолданған жағдайда ғана оқушы тақырыпты 90 пайыз қабылдайды. Мына оқулықты қолданғаныңызда тыңдайсыз, кестелерді, графиктерді көресіз, сызып, жазасыз. Ал ауыл мектептеріндегі көптеген мұғалімдер кітаптан оқығандарын ғана айтып түсіндіреді. Қосымша ештеңе қолданбайды. Бұл оқушылардың тақырыпты 30 пайызға ғана қабылдауына мүмкіндік береді. Кейбір жоғарғы санатты мұғалімдер өз пәні бойынша оқушыларды облыстық олимпиадаға да жеткізе алмай отыр. Сондықтан санат бергенде тамыр-таныстыққа бармай, білімділігін бағалап, еңбегін, жетістіктерін ескерген жөн. Оқушылары пән бойынша облыстық сайыстарда жүлделі орын алған мұғалімдерге ғана жоғарғы санат беру керек. Бұл мұғалімдерді оқушыларға жақсы білім беруге ынталандырады.
– Облыстық білім басқармасы осы еңбегіңізді ескерген шығар? Оқулықтың оқу орындарына таралуына қол ұшын берді ме? Жалпы таралу мәселесі қалай болмақ?
– Еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Мақтау қағазымен марапаттады. Жоғарғы санат берді. Облыстық білім басқармасының бастығы бірнеше тарихшылардан комиссия құрып, оқулықты тексеріп грантқа өткізді. Оқулықтың 1000 данасын еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждердің кітапханаларына таратуды қолға алды. Республика көлемінде орта мектептерге таралуын өзім қолға алмақ ойым бар. Облыстық білім басқармасына барып, мүмкіндік болса, оқулықтың электронды нұсқасын желі арқылы таратсам деп отырмын.
– Білім саласы төңірегіндегі кемшіліктер айтылып та, жазылып та жүр. Сіз ауыл мектептерімен тікелей араласып жүрсіз. Ауылдағы орта білім саласының жағдайы қалай болып жатыр?
– Ауылда көңілге қаяу түсіретін жағдайлар көп. Мысалы, Ф.Шаталовтың әдісін мектеп қабырғасында қолдану бойынша, қалалық жарыс өткізіліп, бірнеше топ қатысқан сайыста біздің топ бірінші орынға ие болды. Қалалық оқу департаментіне бірінші, екінші, үшінші орын алғандарды облыстық сайысқа шақыру хаты келіпті. Ал Қалалық департамент бізге хабар бермей, екінші, үшінші орын алғандарды облыстық жарысқа жіберген. Мұны не деп түсінуге болады? Тағы бір айта кетер жайт: өзім оқытып отырған оқушыларым жылда облыстық сайыстарда жүлделі орындар алса да республикалық сайыстарға бара алмайды. Өйткені республикалық сайыс өткен соң, екі-үш аптадан кейін шақыру келеді. Шынында да, шақыру кеш келе ме немесе кешігудің сыры бар ма?!.
– Көптеген ғалымдардың ауылдан шыққанын білеміз. Ал қазіргі ауыл балаларының білімге деген құштарлығы қалай? Ауыл мектептеріндегі мамандардың біліктілігіне, мектептердің техникалық жабдықталуына көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі уақытта ауыл балаларының білімге деген бетбұрысы байқалғанмен, көңіл толарлық емес. Білім деңгейінің көтерілуіне кедергі болып отырған бірнеше себепті айтуға болады. Біріншіден, мамандардың біліксіздігі, екіншіден, техникалық жабдықталудың нашарлығы, үшіншіден, ата-аналардың жауапсыздығы. Жоғары оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға «қарным ашады». Педогог болуға не икемі, не ынтасы жоқ. Ашық сабақтарына қатысқанымызда, мұғалімдердің өзара тілімен айтқанда сабақтары – «серый». Өкінішке қарай, қазақшылыққа барып, сондай мамандарды тамыр-таныстықпен жұмысқа ала береді. Ал бұл – оқушыларға жасалған қиянат. 90-шы жылдардың соңында болған аласапыран кезеңде ата-аналар балаларды ақша табуға икемдеді. Қазіргі кезде жағдай оңалғанмен, кейбір ата-аналардың көзғарасы әлі де өзгермей келеді. Балаларының болашағын ойламай, базар жағалап мың теңге тапқанын пайда көріп отыр. Оларға болашақ білімде екенін түсіндіре бастасаң, «Оқыса оқысын, оқымаса қойсын. Өзінің соры» деп қолын бір-ақ сілтеп жүре береді. Міне, ауыл баласының қалаға келіп, базар жағалап, арба сүйреп жүруі де соның кесірі. Ауыл мектептерінің техникалық жабдықталуы ақырындап жолға қойылып келеді. Шалғай ауылдар болмаса, орталық мектептерге толығымен компьютерлер орнатылған. Бірақ интерактивтік тақталарға қол жеткізе алмай отырмыз. Біздің мектепте 4-ақ интерактивтік тақта бар. Өзім сабақ жүргізетін тарих пәні кабинетінде интерактивтік тақта болмағандықтан, сабақты физика кабинетін сұрап алып, сонда өткіземін. Бұл құрылғының пайдасы мол. Біріншіден, мұғалімнің де оқушылардың да уақытын үнемдейді. Екіншіден, қолыңызды борға малып кестелер, графиктер сызып жатпайсыз. Үшіншіден, көрнекті құрал, сурет, карта көтеріп жүрмейсіз, керегіңіздің бәрі интерактивтік тақта бетінде тұрады.
– Алысқа ұзамай-ақ, өзіңіз қызмет етіп жүрген мектепте, өзіңіз көріп, біліп жүрген қандай кемшіліктерді атар едіңіз? Ал ондай кемшілік ауыл мектептерінің қайсысында да болуы мүмкін ғой?
– Әрине өз мектебіңнің кемшілігін айту оңай емес. Дегенмен «Сын түзелмей – мін түзелмес» демекші, сынға дұрыс көзбен қарап, сынды өзімізден бастағанымыз дұрыс. Кеңес үкіметі кезінде «факультативтік» сабақтар өткізілетін. Ол үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлейтұғын. Бірақ бүгінгі күні ондай қосымша сабақтар жоспарда жоқ. Біріңғай ұлттық тестілеуге дайындық барысында, мұғалімдерді қосымша сабақтар өтуге мәжбүрлейміз. Мұғалімдер тарапынан реніш туындап жатады. Әрине ол кісілердің реніштері орынды. Тағы бір ескерілмей жүрген – еңбек сабағы. Ауыл мектептерінде еңбек сабақтарының маңыздылығына көңіл бөлінбей отыр. Балалар сабақ үстінде ойнап отырады. Мектептерде қарапайым ұсталық аспаптар (балта,балға, ара, шеге) жоқ. Баланы еңбекке баулу басты қағиданың бірі болуы тиіс. Менің жаныма бататыны – мектеп жанында жұмыс істеп тұрған токарьлық, киім тігу цехтарын әскерилерге сатып, талан-таражға салғаны. Бұл цехтар жұмыс істеп тұрса, оқушыларды еңбек сабағында кәсіпке дайындау мүмкін болар еді. Қолда бардың қадіріне жете алмай отырғанымыз өкінішті.
– Оқу бітірген жас мамандар ауылға баруға құлықсыз. Жас мамандарды ауылға қалай тарту керек деп ойлайсыз?
– Биылғы жылы жас мамандарды ауылға тарту мақсатында Үкімет тарапынан кредит бөлініп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ мұның тиімділігі қаншалықты боларын уақыт көрсетер. Мен басқа ұсыныс айтар едім. Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде мектеп бітірушілерге ауданнан, жоғары оқу орнына жолдама беріп, жолдамамен барған ауыл балаларына жеңілдіктер қарастырылатын. Оқу бітірген соң ол бала жолдама алған жерге келіп жұмыс істеуші еді. Міне, бүгінгі күні сол әдісті қолға алу керек. Жолдамамен барған ауыл баласына грант беріп оқытып, оқу бітірген соң ауылға келіп, он жыл жұмыс істеуді келісімшарт арқылы міндеттеу қажет. Келісімшартты бұзып, ауылға келмеген жағдайда, оқуға төленген грант сомасы заңды түрде қайтарылуы тиіс.
Әріптестер пікірі
Семей мемлекеттік педогогикалық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор М.Ғ. Ескендіров:
– Қазіргі таңда тарихи шындықты дұрыс танып, білуге жетелейтін мемлекеттік тілдегі көмекші құралдардың аздығы баршаға аян. Автор тарих пәнінің негізгі түсініктері мен категорияларын және оқушы білуге тиісті негізгі даталарды, тарихи оқиғаның желісін кесте түрінде өте ұтымды, әрі түсінікті бере білген. Жеке тұлғаның тарихи танымын қалыптастыруда қажетті мәліметтердің сызба, кесте, карталар түрінде берілуі жаңа технологиялармен үйлесім тапқан. Себебі көмекші құрал оқушыларға сабақтың негізгі мәнін түсінуге көмектесіп қана қоймай, үйге тапсырма түрінде беруге де ыңғайлы және топтық тапсырмалар орындауда да ұтымды пайдалануға болады.
Әріптестер пікірі
Тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры, техника ғылымының кандидаты, доцент М.Қ. Каримов:
– Автор тарих пәнінің терминдері мен түсініктерін, даталарын, тарихи оқиғаның фактілерін кесте түрінде жеңілдетіп бере білген. Әдістемелік қосымша құралға енгізілген әрбір кесте тақырыптың теориялық жүгі мен мазмұндық ерекшелігін қазіргі заманғы методологиялық заңдылықтар мен жаңа технологияларға негіздеген. Сызбалар оқушыға тақырып мазмұнының кілтті жерлерін ұғынуға және тарихи оқиғаны өздігінен өрбітуге көмектеседі. Тірек сызбалар Қазақстан тарихын түсіндіруде өте тиімді қолданыс табары сөзсіз. Әдістеме шәкірттің өз бетінше жұмыс жасауына да тиімді. Көмекші құрал ел тарихын білуге және үйретуге құштар азаматтарға, мектеп мұғалімдеріне, тарих факультеті студенттеріне ұсынуға лайық.
P.S.
Сұхбат дайындалып жатқанда, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.М. Сапарбаевтың Б. Ешмағанбетовті «Қазақстан тарихы сабақтарында қолданылатын кестелер мен графикалық сызбалар» атты оқу құралы ретінде дайындалған кітабы үшін Алғысхатпен марапаттағаны туралы хабар келіп түсті.
«Алаш айнасы» газеті
Б. Ешмағанбетовті марапатымен құттықтайды.