Жетістіктеріміз өз қазанында қайнаумен шектеліп, әлемдік аренаға шыға алмай отырғанын мойындау керек
Әбдімәлік Нысанбаев, ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор:
- Әбдімәлік аға, естуімізше, cіздің әуел бастағы мамандығыңыз математик екен. Даналыққа құштарлық ғылымы – философияға жетелеп әкелген қандай құдірет?
– Өзіңіз айтқандай, «философия» деген грек сөзі «даналыққа құштарлық» дегенді білдіреді. Ал осы даналыққа деген құштарлық адамның бала кезіндегі білуге деген, тануға деген қызу қызығушылығынан бастау алса керек. Сіз айтып отырған «құдірет» те осы адамның танымға деген махаббатын білдіретін сияқты.Әкем «халық жауы» деп атанса да, осы балалық арман мен қиял жетелеп, ауылдан қалаға келіп, 1955-1960 жылдар аралығында Қызылорда педагогикалық институтында оқыдым. Сыр бойындағы бұл білім ордасында сол кездері мықты білімді ұстаздардан дәріс алдым. Қызылордада мен оқыған кезде талантты да тамаша ұстаздарым болды, солардың арасында Ә.Тәжімағамбетов, Ә.Оразалиев, Е.Махмұтов, Ж.Беркімбаев, И.Бекбаев, С.Сарманов, Ж.Сәтбаева, С.Елубаев сынды ұстаздарымды ерекше атап өткім келеді. Иә, мен озат студент ретінде сталиндік стипендиат атандым, институт қабырғасындағы студенттік ғылыми үйірмелерде физика-химиялық зерттеулермен, аздап математика философиясымен айналыстым. Химия ғылымдары институтының электрохимия лабораториясымен біршама байланысып тұрдым. 1960 жылы мені жолдамамен ҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институтының электрохимия лабораториясына қабылдады. Химия да менің оянып келе жатқан кәсіби қызығушылығыма орай, маған жақын болды. Алхимияның қашанда жаратылыстанымдық ғылымдар мен философияның одақтасы болып келгені құпия емес. Менің философиялық жолым оңайға соққан жоқ, бұл ізденістің, күмәнданудың, адамгершілік және шығармашылық ширығудың жолы болды.
Тағдыр маған оң көзімен қараған сыңайлы. 1961 жылы қазақ халқының маңдайына біткен майталман ғалымы, заңгері деп айтуға да болады, бүгінгі академик Салық Зиманов ағамыз мені Философия және құқық институтына жұмысқа қабылдады. Бастапқыда аға лаборант, кейін кіші ғылыми қызметкер болып қызмет істедім. Философиядан дәрістер тыңдай жүріп, күшті толғаныстарға келетінмін. Бұл дәрістер мені қатты мазалайтын, менің ақыл-ойым мен сезімдерімді буырқантып, толқытатын. Мен көп нәрсені ұққым келді, өмірді, әлемді, өзімді-өзім іздеу үстінде түсінгім келді. Біздің қазақстандық философтармен жүздесу және сұхбаттасу, классикалық философиялық мәтіндерді оқу мені жүзеге асып та үлгерген өзімнің таңдауыма – философияны таңдауыма алып келді. Философия тарихында, есіңізде болса, Боэций үшін философия жұбаныш болған. Менде ол тек жұбаныш қана емес, бүкіл өмірімнің мәніне айналды. Институттың ұжымы мені жылы шыраймен қарсы алды. Мен тамаша, шығармашыл ұжымның ортасына түстім: Жабайхан Әбділдин, Мамия Баканидзе, Лев Науменко, Герасим Югай, Ағын Қасымжанов. Бұлар менің пікірлестеріме, үзеңгілес серіктеріме, достарыма айналды. Өз өмірімнің бұл кезеңінде мен философияның тамаша ғалымдарымен танысу бақытына ие болдым. Олардың көпшілігімен осы күнге дейін достық қатынастарымыз сақталып қалды.
– Әсілінде, кеңестік билік тұсында ғылымның көптеген саласы жоғары жақтың қамқорлығының арқасында өркен жайып, елімізде әлемге мәшhүр ғылыми мектептер қалыптасты. Қазір Тәуелсіздік алғалы жетімнің күйін кешкен отандық гуманитарлық ғылымның дағдарысы туралы арагідік айтылып қалады. Осындай пессимистік пікірлермен келісесіз бе? Отандық гуманитарлық ғылым Тәуелсіздікке, ұлтқа не берді?
– Иә, мұндай қамқорлықты ғылыми тілде патернализм дейді. Кеңестік дәуірде қазақтың дәстүрлі қоғамында бұрын-соңды болмаған батыстық түбірдегі кәсіби ғылым қалыптасты. Әсіресе соғыс жылдарында еуропалық өңірдегі ғылым ордалары мен өндіріс ошақтарының Қазақстанға эвакуациялануы ғылым мен өнеркәсіптің өркендеуіне түрткі болды. Қазақстанда Ғылым академиясы құрылды, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қазақстандық ғылымды қалай ұйымдастырып бергені бәріңізге белгілі. Басқа да ғылым салалары секілді қазақстандық философия да өркендеп, қанат жайды.
Аталмыш дәуірде Қазақстанда өзіндік кәсіби философиялық мектеп қалыптасып қана қоймай, оның өкілдері жалпы кеңестік, әлемдік философиялық білімнің дамуына да өзіндік үлестерін қоса білді. Бұл диалектикалық логика және ғылым әдіснамасының мәселелеріне қатысты қосылған елеулі үлес болды. Қазақстандық философтардың осындай салмақты ғылыми жаңалықтары – бірнеше монографиялар мен мақалалар тізбегінің жариялануы оларға бүкілодақтық танымалдық әкелді. Осы кезден бастап Қазақстанда кәсіби философияның қалыптасуы туралы толық негізде айтуға болады.
Тәуелсіздік тұсында қазақстандық гуманитарлық ғылым дағдарысқа ұшырады дегенмен келіспеймін. Тәуелсіздікке қол жетісімен ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қайтару, яғни адамдарды рухани тұрғыда оятатын ұлттық тіл мен дәстүрді қайта жаңғырту, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы мәңгүрттік жағдайдан арылу, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұрасын игеру жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Жалпы, мен ғылымға байланысты пессимистік пікірлермен келіспеймін. Отандық гуманитарлық ғылымның Тәуелсіздікке, ұлтқа бергені, жасағаны ұшан-теңіз, әлі де берері мол. Бір ғана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын алайықшы. Президенттің бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін аяқтап, екінші кезеңіне бет бұрдық. Мен бұл іс-шараны атқару жөніндегі құрылған Қоғамдық кеңестің мүшесімін, «Философия және психология» секциясын басқарамын. Біз 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра» сериясын аяқтап, оларды «Жазушы» баспасынан шығардық. Біз ұлттық мүддемізге сай іріктей отырып, әлемдік ақыл-ойдың інжу-маржандарын қазақ тілінде сөйлеттік, сол арқылы өз мәдениетімізді де байыта түсеміз деп ойлаймын. Осы тамаша бағдарламаның арқасында Платон мен Конфуцийден бастап, Батыстың да, Шығыстың да ғұламалары қазақ тілінде сөйледі. Аудармаға білікті мамандар тартылды, әлемдік философиялық ақыл-ой мұрасын жариялауда барлығын бірдей емес, бүгінде өзекті болып отырған, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет пен демократия идеялары дүниетанымдық тұрғыда негізделген еңбектерді антологиялық принциппен іріктеп алуға тырыстық. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көтерілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының әлемде теңдесі жоқ жоба екендігін мойындау қажет.
Бұл бағдарлама аясында қыруар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз «Аударма» баспасынан тұңғыш рет әрқайсысы отыз баспа табақтан тұратын «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасының» 20 томдығын даярлап, жарияладық. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарып жатқан үшінші ірі жұмысымыз даңқты бабамыз әл-Фараби шығармаларының 10 томдығын жариялаумен байланысты. Осылайша, біз осы бағдарлама бойынша 50 том философиялық еңбек жарияладық. Бұл оңай шаруа емес. Бұл еңбектің басым көпшілігін герменевтикалы және компаративистік әдістер арқылы зерттеулер, аудармалар мен түсініктемелер құраса, болашақта біз кешегі Елбасының бұл бағдарламасын жаңаша жандандыру жолында мәдени-рухани мұра негізінде тарихи-философиялық және антропологиялық зерттеулерді өрістете түсеміз. Бұл – отандық философия ғылымының атқарған жұмысының бір ғана бөлігі. Мұны Тәуелсіздікке, ұлттың рухани дербес дамуына қосылған үлес демекпіз.
– Мемлекет пен ғылымның байланысы қандай болуы керек? Біреулер саясаттың жетегінде жүруі керек дейді, біреулер дербес болуы керек дейді. АҚШ-та ғылым тәуелсіз түрде, мемлекеттік билікпен әріптестік байланыста тапсырыспен жұмыс істейді деседі. Кей елдерде ғылымның мемлекеттік саясатсыз, мемлекеттің демеуінсіз күні жоқ. «Ғылым – мемлекеттік билік» моделі қандай болуы керек? Бәлкім, ғылымға менеджмент жетпей жатқан болар?
– Адамзат тарихына көз жіберсек, ғылым, рухани мәдениеттің әдебиет пен өнер секілді басқа да салалары сияқты, күні кешеге дейін мемлекеттің қамқорлығында, үстемдік етуші сарайдың аялы күтімінде болып келді. Бұл әсіресе ғылымның қоғамдық-гуманитарлық саласына қатысты. Көне заманғы және орта ғасырлардағы Рим императоры Август пен халиф Аарон Рашидтің кезіндегі ғылымның гүлденуін еске алсақ та жетіп жатыр. Тіпті Жаңа дәуірде де Англиядағы, Франциядағы, Швециядағы, Ресейдегі жаратылыстану ғылым академиялары король мен императорлар сарайының жанынан құрылды. Табиғаттың сырларын адам игілігіне жаратуды көздеп ашылған бұл жаңа замандық еуропалық білім мен ғылым ордалары кәрі құрлықта белең алған буржуазиялық қатынастардың күрт дамуына да қызмет етті. Ғылым да өз кезегінде қарқынды дамып, оның жаңалықтары тез арада өндіріс пен өнеркәсіпке енгізіліп, пайда табудың шапшаң тәсіліне айналды. Тіпті философияның өзінде прагматизм мен утилитаризм алдыңғы орынға шықты. Нәтижесінде ғылым табиғатты тағылықпен тонайтын тұтынушы қоғамның құралы болып шыға келді.
«Ғылымның дербестігі» деген түсінік – шартты ұғым. Ол мемлекеттің қамқорлығында болмаған жағдайда, қалталы меншік иелеріне күні түсіп қалады. Шындығында, қашанда ғылым адамдарына өздерінің сүйікті істерімен алаңсыз айналысуы үшін салыстырмалы түрде оқшаулық, жақсы жағдай мен әлеуметтік қорғалу керек. Олардың ғылымды ұйымдастыру, оның өнімдерін өткізу, табысты үлестіру мәселелерімен айналысуға уақыты да, мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан бұл рөлді өз қолына мемлекет немесе жеке бизнес ұйымдары алуы керек. Бұл заманның талабы болып отыр. Әрине, ғылым өз елінің, халқының, ұлтының мүддесіне қызмет етуі тиіс, бұл үшін ғылымның мемлекет қарамағында болғаны абзал. Дегенмен бүгінгі таңда, жалаң сциентизмнің дағдарысы жағдайында ғылым мен білімді гумандандыру мен гуманитарландыруды өрістету керек. Ғалымдар да өз кезегінде өздерінің кәсіби этикасын сақтағаны дұрыс. Сонымен бірге ғылым саласындағы менеджментті барынша дамытқан жөн.
– Қазақ ғылымының олқы түстары мен жетістіктері қандай?
– Жекелеген жетістіктерді есепке алмағанда, жалпы қазақстандық ғылымның жай-күйі әлемге танымал деп мақтанарлықтай жағдайда емес. Жетістіктеріміз өз қазанында қайнаумен шектеліп, әлемдік аренаға шыға алмай отырғанын мойындау керек. Ал ғаламдық ғылыми-техникалық дамудың қарқындылығы нәтижесінде (әсіресе бұл тұста оңтүстіказиялық елдердің таңғажайыбын айту керек) әлемдік қауымдастықтың жаңа ақпараттық-интеллектуалдық қоғамға қадам басуы үшін және еліміз егемендік алғаннан кейінгі он шақты жыл ішіндегі өтпелі қоғамға тән реформаларға сәйкес жаңалықтар лебі отандық ғылымға жаңа талаптар қояды. Біздің Елбасымыз Н.Назарбаев та замананың осы талаптарын дұрыс түсініп, бәсекеге қабілетті «интеллектуалдық ұлт» қалыптастыру міндетін алға тартып отыр. Қазақстанның ғылымын ілгері дамыту үшін, буындар арасындағы сабақтастықты сақтау үшін, менің ойымша, төмендегі ұсыныстарға құлақ асу керек сияқты: 1) ғылыми зерттеулер республикада барлық қаржы, кадр және материалдық-техникалық мәселелерге қатысты бірінші кезектегі мәселе болуы, оларға деген көзқарас, олардың әдіснамасы мен технологиясы, зерттеу бағдарламаларын қалыптастыру мен қаржыландырудың стратегиясы түбегейлі өзгеруі тиіс; 2) ғылым саласындағы мемлекеттік емес сектор құруға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды қажетті мемлекеттік тапсырыспен, үй-жаймен, техникалық құралдармен қамтамасыз ету арқылы ғылымдар арасындағы бәсекелестік пен кәсіпкерлікті дамыту керек; 3) техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша қазақ тілінде жаңа оқу бағдарламаларын, оқу құралдары мен оқулықтарды шығаруды үдету керек.
Жалпы, білім беру жүйесінің жалпыны қамтитын сипатына сәйкес әрбір әлеуметтік бірлікті ұлттық тарих пен рухани мәдениет аясына енгізу, елімізде біртұтас мәдени-ағарту және ақпараттық кеңістікті қалыптастыру арқылы білім мен ғылымды қоғамдық талапқа сай етіп құруға болады. Сонда отандық жаңалықтар да шет жерге сатылмайтын болады, жастар ғылымнан қашпайтын болады. Әсіресе біз ғылым туралы жаңа заңды тезірек қабылдап, оның баптарын іске асыруымыз керек.
– Кеңестік екі сатылы (кандидаттық, докторлық) ғылым жүйесінің орнына батыстық үш сатылы (бакалавриат, магистратура және Рһ.D докторантура) жүйесінің енгізілуі біраз дау-дамай тудырып отыр. Соның салдарынан еліміздегі 7 мыңдай ғалым мен ізденушінің жатпай-тұрмай жасаған еңбектері зая кетіп, тиесілі ғылыми дәрежелерін ала алмау қаупі бар. Мұны қалай оңтайлы шешуге болады?
– Біз бәріміз де білім деңгейіміз, сауаттылық дәрежеміздің биіктігі мен жан-жақтылығы жөнінен кеңестік білім беру жүйесіне қарыздармыз. Біздің дүниежүзіндегі ең оқымысты ел болғанымыз есіңізде болар. Кеңес Одағында болған тегін білім беру мен жоғары білімнің престижі, ғылым мен білімнің әлеуметтік қамқорлыққа алынуы басқа ешқандай өркениеттерде болмағанын мойындау керек. Қашанда кез келген нәрсені құрастыру қиын да, бұзу оңай. Сол сияқты біздің де кеңестік жүйеден басымызды ала қашып отырған жағдайымыз бар. Білім мен ғылым саласындағы реформалар да бірнеше ондаған жыл бойы созылып келеді. Батыстық білім беру жүйесіне көшу де заманның талабы шығар, бірақ нәтижесі көзге көрініп, еңбегі ақталған нәрселерден безбей, оларды сақтаған да дұрыс болар ма еді?! Мысалы, көршілес Ресей және тағы басқа кейінгі кеңестік елдер батыстық білім беру жүйесіне көшуге біз сияқты қатты асығып отырған жоқ.
Біздің еліміз Болон келісіміне қол қойды. Интеллектуалдық тұрғыда дамуымыз үшін, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін де әлемдік ғылыми-ақпараттық кеңістікке енуіміз қажет. Бұл үшін батыстық білім беру жүйесінің қызметі аясынан тыс қала алмаймыз. Бакалавриат, магистратура және Рһ.D докторантурамен сипатталатын үш сатылы батыстық білім беру жүйесіне өту осындай қажеттілікпен түсіндіріледі. Осыған орай аспирантурада оқытудың тоқтатылғанына үш жыл болды, бұрынғы жүйемен ғылым кандидаттары мен докторларын қорғату биылдың желтоқсан айымен доғарылатын болды. Бұл шешім, жаңа өзіңіз айтқандай, ізденушілер арасында үлкен ажиотаж тудырып отыр. Оның үстіне жаңа жүйемен докторлар қорғатудағы тәжірибеміз жоқтың қасы, жетістігін де, жемісін де әлі бағалай алмаймыз. Бұл мамандар даярлаудың ұйымдастырушылық-техникалық базасы да дайын емес әрі көп шығынды да қажет ететін тәрізді. Менің бұл мәселеге келгендегі ұстанымым мынадай: бұл екі жүйені де уақытша, ең болмағанда өтпелі үш жылдай кезеңде қатар жүргізу керек, қорғауға қойылатын талаптар мен тәртіпті күшейту керек, тек білім мен ғылым саласындағы еңбектерімен көзге түскендерге қолдау көрсеткен жөн сияқты.
– Тарихта философтарды көп дүниеге әкелген және мықты философиялық мектептерді қалыптастырған неміс, қытай, орыс сияқты халықтар бүгінде өркениет көшбасшылары болып отыр. Халықтардың пассионарлық қуатының қайнар көзі философияның асыл қазынасында жатса керек. Жаратқанның сырларын, табиғат тылсымын жүрегімен танып, түйсінген қазақ та – асқан философ халық. Қазақ философиясының мәні неде? Қазақ философиясының тума бастауы қайда жатыр және оны бүгінгі өмірде қалай кәдеге асыруға болады?
– Дұрыс айтасыз, кез келген халықтың дамуының қайнар көзі оның сырттан енгізілген технологиялар мен материалды меңгеруінде емес, оның ішкі рухани импульстарын пайдалануында жатыр. Классикалық неміс философиясы да, қытайдың даолық даналығы да осы импульстарды пайдаланды. Мемлекет біздің халқымыздың рухани мәдениетінің лайықты қызметіне үлкен көңіл аудара отырып, уақыттың сұранысын өтеуге ұмтылуда, ал ата-бабамыздан қалған бай рухани мұраның тасымалдаушылары мен сақтаушылары – біздің еліміздің өскелең ұрпағы, біздің балаларымыз бен немерелеріміз жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның болашақ күш-қуатын білдіреді.
Сіз айтқандай, қазақ – тумысынан философ халық. Сондықтан ұлттың өткен тарихы мен дәстүрлі рухани-дүниетанымдық тұғырларын қалпына келтіруде философия маңызды орын алады. Қазақ философиясы этика мен антропологияға көбірек көңіл бөледі, аксиологиялық мәселелерге, әсіресе рухани құндылықтарға ерекше назар аударады.
Қазақ философиясындағы осы рухани сабақтастықты ғасырлар қойнауынан тапжылтпай тануға болады: бұл сарын сонау сақ дәуіріндегі дана Анарыстан бастап, кемеңгер Тоныкөктен, қарт абыз Қорқыттан, ойшыл баба әл-Фарабиден, данышпан ақын Жүсіп Баласағұннан, әулие Қожа Ахмет Йасауиден, халықтың қамын жеген Асан қайғыдан, қазақ ақын-жырауларынан, Абай мен Шәкәрімнен табылады.
Қазіргі қазақ философиясының мәні неде деген мәселеге келер болсақ, бостандық, азаттық, Тәуелсіздік идеясы жаратылысынан еркіндік сүйгіш қазақ халқының өмірінің мәнін құрайтын сияқты. Қазіргі қазақ философиясының мәні барлық жағынан алғандағы еркіндік және еркін ойлау мәселесі болуы керек деп ойлаймын.
– Нарық келгелі қазақтың өмірлік философиясы қатты өзгерді, адамшылық философиясының орнын ақша фәлсафасы басып кетті. Зерттеушілер әлем халқы дағдарыстан шыққан соң, ендігі жерде ғаламдық қатерлер ушыға түседі дегенді айтады. Компьютерсіз ойлай алмайтын ұрпақтың өсіп шыққаны, ойын-сауыққа, арзан құндылықтарға бой алдыру қауіп-қатерлі тенденцияға ұласып барады. Осыған орай Фукуяманың, Атталидің, Бодрийярдың, Тоффлердің басын қатырған адамзаттың ортақ проблемаларын шешудің жолдары қандай болмақ?
– Кешегі ғаламдық қаржылық экономикалық дағдарыс қолданыстағы банк жүйесінің сенімсіздігін көрсетіп берді. Оның қасында пайыз алуға тыйым салатын ислам банкингінің әлеуеті зор және бұл қазақстандық нарыққа біртіндеп ене бастады. Біздің неше ғасырдан бергі дәстүрлі салт-санамыз ислами құндылықтармен астасып кеткен, енді одан несіне жерінеміз, қайта әркімді даралайтын осы өздігімізге қайтып келген дұрыс емес пе?! Оның үстіне, өзіңіз айтып отырғандай, біздің төл мәдениетімізге мүлдем жат нарықтық қатынастарға негізделген құндылықтар мен пайдакүнемдік философия халқымыздың мінез-құлқына, адамшылыққа құрылған әлеуметтік қарым-қатынасымызға кері әсерін тигізіп отыр. Ақша тапқан, мал тапқан да жақсы ғой, бірақ осы қандай жолмен табылғаны белгісіз табысты жөнімен жұмсамай, жаңағы айтылғандай, бос желікке, ойын-сауыққа және арзан құндылықтарға жұмсап, желге ұшырып жіберу үрдісі белең алуда. Ал мұсылманшылықтан шамалы да болса хабары бар адам ысырап жасаудың, мағынасы жоқ сөз айтып, мәні жоқ іс істеудің, бос, пайдасыз нәрсемен айналысудың немесе құр босқа жатудың терістеліп, керісінше, Құдайдың разылығы үшін өзіңе ғана емес, өзгелерге де үнемі пайда әкелетіндей әрекет үстінде жүру керектігін жақсы біледі. Мұндай ислами әдетті бұрын ата-әжелеріміздің бойынан байқайтынбыз. Дағдарыстан кейін ғаламдық қатер ушығады деп ойламаймын. Керісінше, бұл дағдарыс адамдарға үлкен сабақ болады, тойымсыздықтан тыйылып, қанағатқа, ысыраптан бойды аулақ ұстап, салауатты үнемділікке үйретеді деп ойлаймын.
Адамзаттың болашағы кім-кімді болса да толғандырады. Әрине, философтар да мұнан тыс қала алмайды. Болашақ қоғамды біреулер постақпараттық, біреулер постмодернистік, біреулер биоинженерлік, біреулер постгуманитарлық деп атап жүр. Енді біреулері «ақырзаман» туралы идеяны үдетіп, мұндай эсхатологиялық көңіл күй тарихи, діни және ғылыми-фантастикалық шығармаларда («Апокалипсис», «2012», «Суқұйғыш дәуірі» және т.б.) үнемі бой көрсетіп отыратын көркем жанрға айналды. Әлемді екіге жарған социалистік лагерь ыдырағанда Ф.Фукуяма «тарихтың ақыры» басталды деп жар салып еді. О.Тоффлер болашақтан адамзаттың үшінші технологиялық революциясын күтеді. Ж.Аттали де әлемдік тәртіп өзгеріп, ендігі ойын алаңы Оңтүстік Азияға қарай ойысады деп есептейді.
Әрине, бұл құбылыс адамзаттың тарихи санасы үшін таңсық емес. ХХ ғасырдың өзінде діни эсхатологиялық жүйелермен (мысалы, мормондар мен «Иегов куәгерлері» секталары, Рене Генонның, Тейяр де Шарденнің ілімдері, New Age қозғалысы, әртүрлі теософиялық құрылымдар және т.б.) қатар, неміс ұлтшылдығы және орыс коммунизмі де милленаристік идеологияны бүркенді. Алайда бұлар өздерінің зайырлы түсіндірмелерінде тарихтың ақыры ретінде «жарқын болашақтың» келуін дәріптесе, қазіргі экологиялық апат жағдайындағы қоршаған ортаны адамдардың одан ары ластауы және өзімшіл тұтынушылығы, сондай-ақ адамның жаттануы мен тамырдан ажырап, жалғызсырауы нәтижесіндегі сенімсіздік келешекті тұманды етіп көрсетеді. Осыған жауап ретінде бүгінде дін рухани қажеттілік ретінде көзге түсіп отыр.