Жастар мақсатсыз жоғары білімді болуға ұмтылудың дұрыс емес екенін білуі тиіс

Жастар мақсатсыз жоғары білімді болуға ұмтылудың дұрыс емес екенін білуі тиіс

Рахман АЛШАНОВ,  Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, академик:

– Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы жылдары жоғары білімі жоқ ауыл жастарының саны артып бара жатқан көрінеді. Мамандар мұның сырын жыл сайын оқу ақысының қымбаттап бара жатқа­нынан көреді. Яғни оқу ақысының қымбаттауы ауыл жастарынан жоғары білімді алшақтата түскен секілді. Ауыл баласы алғашқы жылдары қорадағы соңғы сиырын сатып болса да білім алуға ұмтылатын. Қазір ауыл қазағының малы да азайған секілді. Бұл жағдай жақында Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың  депутаттық сауалына да арқау болды. Осы орайда ауыл баласының жоғары білім алуы кезінде оқу ақысына жеңілдік қарастыру керек пе?
– Бүгінде онсыз да жоғары оқу орнына түсер кезде ауыл балаларына ауылдық квота қарастырылған. Бұл квота ауыл халқының санын ескере отырып жасалған. Жақсы оқитын кез келген ауыл баласы мем­лекеттік грантқа да таласа алады. Де­мек, ақылы оқығысы келмейді екен, жақсы оқып мемлекеттік грантты ұтып алсын да тегін оқысын, әрі стипендияға ие болсын. Бұған ешкім кедергі жасап отырған жоқ. Қарап отырсақ, қазір ауылдықтар мал басын көбейтуге ден қойған. Өз басым ауылдықтардың жағдайы соншалықты тұралап тұр деп айта алмаймын. Жалпы, ауыл баласын бөле-жара қарап, жеңілдік қарастыруға қарсымын. Қазір бәсекенің заманы. Жақсы оқуға тырысып, мемлекет­тік грантты ұтып алсын, ол болмаса ақылы оқысын. Меніңше, бұл – әділ шешім. Әркім білімі жоқ болса, жоғары білімсіз қалатынын ұғынуы керек. Егер ауыл бала­сына жеңілдік қарастырсақ, ертеңгі күні басқа да аз қамтылған әлеуметтік топтар­дың балалары да жеңілдік талап етуі әбден мүмкін. Сонда жастарымыздың білім сапасы не болады? Дамыған мемлекеттер­дің өзінде жастар кәмелеттік жасқа толған соң әрі қарай өз жағдайын өзі жасауын талап етеді. Миллионерлердің өзі өмірден өтіп бара жатып, жиған-тергенін қоғамға қалдырып кетеді. Ал балаларының өзі үшін өздерінің еңбек етуін талап етіп, мұрагер­лікке ештеңе қалдырмайды. Мен осыны қолдаймын. Бәріміз де ауылдан шықтық, ешкім көмек беріп, жеңілдік жасаған жоқ. Өзіміз талпындық. Жеңілдік қарастырмай-ақ ауылдан шығып, үлкен жетістікке жетіп жатқан тұлғаларымыз баршылық.
Осы орайда айта кетер жайт, тіпті жастарымыздың бәрінің бірдей жоғары білімді болуы қажет те емес. Дәл қазіргі таңда елімізде 630 мыңдай жас білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш дамыған елдердің көрсеткішімен бірдей.Тіпті жоғары білімге шамасы жетпегендер колледждерде оқып, кәсіптік білім алсын. Шыны керек, дәл қа­зір бізге кәсіби білімді мамандар жетіспей­тін салалар жетерлік. Жұрттың бәрі жоғары білімді болуға ұмтылады. Жастар қоғамға керекті маман болуға емес, мақсатсыз жоғары білімді болуға ұмтылудың дұрыс емес екенін білуі тиіс.
– Жоғары оқу орындарындағы қазақтілді топтардың пайдалана­тын оқулықтарының 80 пайызы орыс тілінде екен. Қазақ топтары­ның көбісі орыстілді оқулықтарды жанына азық етіп жүр. Бұған қазақ топтарының тәлімгерлері талай рет наразылықтарын да білдірді. Осы орайда ЖОО көбейсе де, қазақ тілді оқулықтардың үлес салмағын көбейте алмай отыруымызға не себеп?
– Мұндай мәселенің бар екені рас. Де­ген­мен қазір бұл кемшілік біртіндеп жо­йылып келеді. Арнайы мемлекеттік бағ­дарлама бойынша ЖОО-ларға арналған, әр салаға қатысты биылдың өзінде 200 мыңдай қазақтілді оқулық шығардық. Алдағы уақытта оның санын миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Және олар­дың барлығын электронды кітапханаға айналдыру басты мақсатымыз болып отыр. Бүгінде еліміз бойынша   электронды кітапханаға күніне 80 оқу орнынан мың­даған студент кіріп, электронды оқулық арқылы білімін жетілдіре алады. Сондай-ақ осы бағытта шетелдің ең дамыған уни­верситеттерінің оқулықтарын қазақ тіліне аударып, басып шығарумен, электронды оқулыққа айналдырумен айналысып  жа­тыр­мыз. Әр сала бойынша шетелдік 185 оқулықты аударып жатырмыз, алдағы уақытта бұл жұмыс тоқтамай жалғаса бе­ре­ді. Ең бастысы, оқулықтарды барлық жағынан сапалы етіп шығару басты мақса­тымыз болып отыр. Айта кетер жайт, дамы­ған мемлекеттер ғылымда бір өзгеріс енгізілсе оқулықтарын ескі нұсқамен қал­дыр­мастан дереу өзгертіп отырады. Олар­дың электронды оқулықтары ең соңғы үлгі деуге болады. Келешекте біздің де оқулық­тарымыз заман көшінен қалыспай, ғылы­ми жаңалықтарға сай жаңарып отырса тәлімгерлеріміз де білім сапасы жағынан кез келген елмен тайталаса алар еді.
– «Болашақ» бағдарламасы­мен талай жастарымыз шетелде білім алды. Мемлекеттің қаржы­сы­мен білім алған сол жастардың потен­циа­лын пайдалана алып отырмыз ба?
– Олардың бәрі бірдей мемлекетке қыз­мет етіп жатыр деп айта алмаймын. Шыны керек, елімізден барған жастарды өз елін­де қалдырып, өз мемлекетіне қыз­мет істет­кісі келгендер көп болды. Өйткені шекара асып білім алуға барған балалар­дың ара­сында білімділері баршылық еді. Дамыған елдердің жақсы жалақы ұсынып, білімді жастың потенциалын өз елінің мүд­десі үшін пайдаланғысы келетіні түсінікті де. Өкінішке қарай, біз оларды ондай мүм­кін­шілікпен қызықтыра алмаймыз. Сон­дық­тан олардың арасында оқыған жерінде қалып кеткендері бар. Сондай-ақ Британ универ­си­тетін бітіріп келген жастардың көбісі елімізге келген соң ЖОО-да сабақ бергісі келеді. Ал олардың 99 пайызының білімі бакалавр. Ал еліміздегі ЖОО-ның талабы бойынша бакалавриаттардың студенттер­дің сабақ беруге құқы жоқ. Сон­дық­тан жұ­мыс­ты сатылап бастаған дұрыс деп түсін­діруге тырысамыз. Кейбіреулері елімізге келген соң: «Шетелде мынандай бізде неге олай емес», – деп шығады. «Біз сені солай айтып келу үшін емес, елімізге келген соң көрген-білгенін елімізде де қолданысқа енгізсін деп жібердік қой», – деп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Шыны керек, олардың жұмысқа деген талабы жоғары болып шыққандықтан, кейде ұсын­ған жұмыстарды қабыл алмай жата­ды. Сон­дық­тан оларды шетелге жіберер алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек секіл­ді. Сондай-ақ аталмыш бағдар­лама ая­сын­да еліміздегі өндіріс орындары­мен байланыс керек. Мәселен, оларға қандай маман керек, «Болашақ» бағдарла­ма­сына тапсырыс берсін, ал маман шетел­ден білімін жетілдіріп келген соң, әлгі өндіріс орнына жұмысқа қабылданып, шетелден оқып-білгенін жұмыста пайда­лансын. Біз шетелде кез келген мамандық­ты емес, нағыз өзімізде сұраныс тудырып отырған салалар бойынша оқытуымыз керек. Әйтпесе елімізге келген соң, жұмыс таба алмай, сенделіп жүретін болса мем­лекеттің қыруар қаржысын шығарып оқытудың қажеті қанша?!
Жоғары білімді маман даярлауға ар­нал­ған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар, бағдарлама аясында білім алуға қаржы да бөлініп отыр. Енді тек нағыз өзімізге керек мамандарды ғана шетелде даярлап, олардың білім алып болған соң міндетті түрде елімізге қайтып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етудің тетіктерін ғана қарастыру керек. Керек десеңіз, мұның бәрі олармен алдын ала келісімшарт жаса­су кезінде анық жазылуы тиіс. Шыны ке­рек, «Болашақ» бағдарламасымен шетел­ден оқып келген жастардың барлығын бірдей тізімдеп, еліміздің мүддесі үшін жұмыс істеуге тарта алмай отырмыз. Алай­да шетелден білім алып келген, білімді жас­тардың потенциалы біздің үлкен бай­лығымыз. Байлықты шашуға болмайды. Оны тиімді, ел мүддесі үшін пайдалана білуіміз керек.
– Қазір еліміз шамасы келгенше барлық салада маман даярлауға тырысып жатыр. Тіпті сапалы ма­ман кадрларды шетелде оқы­тып алуға да қаржы аяп жат­қан жоқ. Әйтсе де осыған қарамастан басқа елден шетелдік маман алдыртуды қоя алмай отырмыз. Мұның сыры неде? Біз сапалы маман даярлай алмаймыз ба, әлде шетелден маман алдырту «сән» бе?
– Қазір ішкі өніміміздің 25 пайыздан астамы шетелдіктердің қолында. Олардың өз технологиясы, технологиялық құпия­лары бар. Осыдан біраз уақыт бұрын «Шев­рон» компаниясы 20 баланы жұмыс­қа қабылдаймыз деп өздеріне шақырды. Аталмыш компанияға аймақтардан мамандар ағылды. Бірақ солардың бірі де жұмысқа қабылданбай, шыдамай өздері кетіп қалыпты. Өйткені компанияның қол­данатын техникасы біздің жастарымызға жат. Бағасы 2 миллион доллар тұратын қымбат техниканы істен шығарып алудан қорыққан жастарымыз жұмысты істеуге қорқақтап кетіп қалған. Шынымен, мұндай мәселе бар. Сондықтан шетелдік компа­ниялар техниканың қыр- сырын білетін өз мамандарын шақыруға тырысады. Бұл мәселені шешу үшін әрбір компания табы­сының белгілі бір пайызын маман даяр­лауға бөлуге міндетті заңдылықты тиімді пайдалануымыз керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, компаниялардың керекті маманды елімізден жіберіп, оқытып алуын қатаң қадағалап, міндеттеуіміз керек.
– Жыл сайын елімізде қанша түлек бітіреді сонша диплом қорғалады. Әйтсе де, сол қорғал­ған қаншама дипломның кәдеге асып, өндіріспен не ғылыммен ұштасып жатқанын естімейміз. Олардың барлығы қорғалып болған соң, университтетің архи­він­де шаң басып қалады. Ендеше түлектерге диплом қорғатудың қаншалықты қажеттілігі бар?
– Соңғы жылдары бұл мәселге қатты көңіл бөлінуде. Бір кездері өндіріс өз бетінше, ЖОО-да білім беру өз бетінше бір- біріне қатысы жоқ дамыды. Қазір білімді өндіріспен ұштастыруға айтарлықтай көңіл бөлініп жатқандықтан, бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деген үміттемін. Жақын­да бұл мәселені Елбасы да айтып өтті. Енді ЖОО тек білім береді. Ал мамандыққа жұмыс берушілер сертификат береді. Сондықтан дипломның тақырыбын да келешекте жұмыс берушілер бекітіп береді де, түлектің ізденіп қорғаған дипломы әрі қарай кәдеге асып, өндіріспен ұштасқан жағдайда оны сапалы маман ретінде жұмысқа шақырушылар қатары көбейеді. Осылайша, келешекте түлектің қорғаған дипломы оның жұмысқа тұруының кепілін­дей болатын жүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Қазір бұл жүйе бастап жұмыс істеп жатыр. Жақында өзім басшылық ететін Тұран университетінің бір түлегі тәжірибеден өту кезінде банк саласында өзінің ерекше біліктілігін көрсете білгендік­тен банк басшысы өзі сұрау салды. Қазір көптеген ЖОО осы әдіске көшіп жатыр. Америкада диплом қорғаушы жұмыс сұраушы емес, жұмыс беруші. Олар дип­лом жұмысында әрқайсысы бір-бір ком­панияның моделін ұсынады. Ертеңгі күні қорғап болған дипломына негіз болған шағын инновациялық кәсіпорнын немесе компаниясын құруға талпынады.
– Бүгінде еліміздегі кейбір оқу орындары студенттері сабақтан қалғаны үшін оқу ордасына ақша төлейді. Мәселен, бір дәрістің құны 200 теңге болғанда, бір күнде бес пар бекітілген болса, студент сол күнгі сабағы үшін 1000 теңгені оқу ордасына төлеуге міндетті. Бұл тәртіп кейбір оқу орнының ішкі тәртібінде арнайы енгізілген. Бұл тәртіпке өзіңіз қалай қарайсыз?
– Жалпы, мен қарсымын. Студентті сабақтан қалдырмаудың басқа да әдістері бар секілді. Бірақ мұндай тәртіп енгізіп отырған оқу орындары басшыларын да түсінемін. Кейде студенттер негізгі міндеті білім алу екенін түсініп тұрса да ретсіз сабақтан қалуды көздейді. Ретсіз қалтаңнан ақша шығарғың келмей ме, ендеше ретсіз сабақтан қашпа. Қазір оқу орындары қыруар ақша шығарып, шетелден арнайы ұстаз шақырып студенттерге сапалы білім беруді көздейді. Егер студент сабақтан қашатын болса, оқу орны басшылығының ұстазға төлеген ақшасы – далаға кетіп жатыр деген сөз. Шыны керек, кейбір студенттер­дің сабақтан қалу үшін сылтауы таусылмай­ды. Сондықтан мұндай тәртіптер студентті сабақтан қалдырмау үшін керек-ақ. Өткен­де бір полковник: «Балам сабаққа бармай жүр екен, маған неге айтпадың­дар», – дей­ді. ЖОО балабақша, мектеп емес, барлық баланы толық қадағалауда ұстап отыра­тындай. Сондықтан жауапкер­шілікті сту­дент­тердің өзі түсінуі керек.
– Жастар ұйымдары ЖОО-лардағы студенттер арасында анонимді түрде сауалнамалар жүргізіп, оқу орнындағы парақор­лық деңгейін анықтап жатады. Сол сауалнама нәтижесіне қарап отырсақ, кейбір іргелі оқу орын­да­рындағы парақорлық деңгейі өте жоғары деңгейде екені көрі­неді. Осы орайда мұндай сауалнамалар нәтижесі қанша­лық­ты шынайы ақпараттың негізінде жасалады деп ойлайсыз? Сіз осындай сауалнамаға сенесіз бе?
– Біз де талай рет осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Негізі, мұны арнайы мамандар жүргізуі керек. Жалпы, анонимді сауалнама дұрыс емес. Егер студент шынайы ақпарат айтып тұрса, неге аты-жөнін жасыруы тиіс. Мәселен, бір оқу орнында 5 мың бала оқиды делік. Ал әлгіндей сауалнамалар оның бір мыңын ғана қамтуы мүмкін. Бір мың баланың жауабын қалған төрт мың студентке де сырттай таңып, қорытынды жасауға бола ма?! Сондай-ақ қазір көптеген оқу орнын­да ұстаз емес, сынақты тест арқылы ком­пью­терде тапсырады. Соған қарамастан, кейбір студенттер сессия кезінде ата-анасынан ақша алу үшін ұстазды сылтау­ратады. Тіпті қазір ешқандай оқу орнының басшысы пара алуды қолдамайды. Сондықтан ұстаз жақсы баға үшін ақша талап етсе, ректорға барып шағымдануға да болады. Ал ректор әлгіндей ұстазды жұмыстан шығаратыны анық.
– Өзіңіз де бір оқу орнының ректорысыз. «Тұран» универси­тетінде парақор ұстаз жоқ деп анық айта аласыз ба? Мұндай мәселемен қалай күресіп жатырсыз?
– Әр сессия кезінде оқу ордасында ұстаздардың студенттен ақша талап етпеуін өзім бақылаймын. Өзім басқаратын оқу орнында мұндай мәселе жоқ деп анық айта аламын. Жылына екі рет студенттер арасында сауалнама жүргіземін. Ұстаздар­дан сәл кілтипан байқалса, жұмыстан шығарамын.

Алашқа айтар датым...
Біздің халқымызда мынандай бір әдет бар. «Мынаған көмектесші, інім еді», «мынау ағам еді, көмектесіп жіберші», – деп қай салаға барса да бір-бірін тарту көбейіп кетті. Осы бір жаман әдет халқымыздың қанына сіңіп алды. Ертеңгі күні бүкіл қоғамдық сананы шырмауық секілді шырмап алады да бас көтертпейді. Туған-туысын жағалағандар жұмыс істеп те жарытпайды. Кейде ойлаймын, қазақ сол жақын-жуығын жағалағанша, өзі талаптанып, еңбек етіп, әрқайсысы тұлға ретінде өзін дәлелдесе деп. Шыны керек, бұл нәрсе қазір барлық сатыларда байқалады. Студент кезінде де таныс арқылы үлгерімін жоғары қойдыруға тырысу, жұмысқа тұрар кезде де жұмысқа таныс арқылы кіру, тіпті жұмысқа тұрған соң да таныс арқылы мансабын өсіруге ұмтылады. Танысқа, туысқа сену адамдардың өзіне деген сенімділігін жоғалтуда. Тіпті осы бір жаман әдеттің дендегені соншалық,  жақынының жамандығын да жасыруға тырысады. «Інім еді, сессиясын қоя салыңызшы, бір-екі үші бар еді реттей салыңызшы» деген әңгімелердің інісіне пайдасы емес керісінше зияндылығының көп екенін аңғармайтынына таңғаласың. Шыны керек, бұл «бауырмалдық» халқымызды өсірмейтінін, керісінше өшіретінін әрбіріміз ұқсақ екен деп ойлаймын. Бұл әдет жалпы қоғамымызды әлсіздендіріп жатыр. Осы нәрсе мені қатты алаңдатады.

Академиктен анекдот
Қазаққа сақтандыру компаниясының қажеті жоқ. Қажетсінбейді  де, сақтандыруға да бармайды. Қазақтың ең үлкен сақтандыру компаниясы – «Құдай сақтасын» деген сөзі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста