Жаһандану заманында ақпараттық үстемдік кімнің қолында болса, жеңіс те – соның қоржынында
Әділ Бек ҚАБА, ҚР Парламент Сенаты аппаратының бөлім бастығының орынбасары, белгілі журналист:
– Дүниенің даму қарқыны күшейген сайын ақпарат тарату, сананы жаулау да белсенді жүргізіле бастады. Қазақстандықтардың, ақпарат кеңістігіндегі журналистердің белсенділігі сол талапқа сай артты дей аламыз ба?
– Әлемдік үстемдікке ұмтылған ірі державалар арасында қып-қызыл ақпараттық майдан жүріп жатқанын жұрт жақсы біледі. Ақпараттық үстемдікке кім ие, сол қоғамдық пікірдің қожасы екенін білгендіктен, ақпаратты таратудың шекара шектей алмайтын сан қилы технологиясы ойлап табылды. Өзінің мәдениеті мен пікірін таңғысы келетін бұл майданда қашып-пысып емес, асып түсіп қана жеңіске жетуге болады. Сонда ғана өз еліңде қоғамдық пікірдің қожасы өзің болуың мүмкін. Ал отандастарымызға келсек, осыдан бес, тіпті екі-үш жыл бұрынғымен салыстырсақ, азаматтардың өз пікірін ортаға салудағы белсенділігі әжептәуір өскенін байқаймыз. Бұның ең басты қозғаушысы – интернет. Ақпараттық агенттіктердің, сайттар мен блогтардың, интернет газеттердің саны артып, әсіресе әлеуметтік желілердің азаматтар өміріне дендеп ене бастағаны сондай – аз уақыттың ішінде газет-журналдардың қағаз нұсқасын пайдалану кеми бастады. Енді олардың тек электрондық нұсқамен таралуына баса көңіл аударылатын күн жақын. Десе де қоғамда орын алып жатқан қандай да бір оқиғаға немесе билік бұтақтарының халық тұрмысы, құқығы мен әлеуметтік өміріне қатысты әрекетіне тез үн қатуда азаматтарда ерекше белсенділік жоқ. Алайда бұл жағдай көп ұзамай күрт өзгеруі мүмкін. Меніңше, ондай белсенділікке жұртты әлеуметтік желілерді жаппай пайдалану әкелетін болады. Бүгінгі күнде жастар оның дәмін тата бастады. Қазірше олар желіні музыка тыңдау, кино көру, танысу, жаңа достар табу, бейнебаяндық ақпарат тарату тағы басқа бағыттарда ғана пайдаланып жүр. Егер қандай да бір ерекше оқиға туындай қалса, әлеуметтік желілердегі белсенділік күрт өседі, әрі оны қандай да бір тетіктермен реттеу мүмкін болмайды. Қазіргі жаһандану заманында ақпараттық үстемдік кімнің қолында болса, жеңіс те соның қоржынында екенін ұмытпауымыз керек. Бұл орайда қазақтілді журналистердің белсенділігін арттырудың ерекше маңызы зор. Сондықтан қазақ тіліндегі сайттар мен блогтардың, газеттер мен парақшалардың қатарын өсіруге күш салу маңызды. Екінші нәрсе – сайттар мен пікір талқылауларында, әлеуметтік желілерде аузына келгенін айтатын әдепсіздіктен, тұрпайылықтан арылуды насихаттап, әр адамның ішкі мәдениеті қалыптасуына қол жеткізбесек, интернетті мәдени дамудың емес, тексіздік пен былапыт сөздердің қоқысханасына айналдырамыз. Бір сөзбен, контент пайдаланушының тордағы пікірлесу мәдениетін қалыптастыру – басты мәселенің бірі. Өйткені өмірінің басым бөлігін интернет тұтынумен өткізетін келер ұрпақты сол тор ішіндегі мәдениет тәрбиелейді.
– Қазақ журналистикасын жетілдіру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, маманданданған журналистикаға аяқ басу қажет. Пікірімді дәйектей кетейін. Журналистерге кез келген тақырыпқа жазатын әмбебап болу талабын қойып жүрміз. Дұрыс та шығар. Бірақ кез келген журналистің экономика, қаржы, заң, ғылым мен медицинаның сан саласы мен күн санап өзгеріп жататын ақпараттық, басқа да технологияларды меңгеріп алуы, кез келген сала туралы терең зерттелген, барлық мәселелерін сауатты көтерген аналитикалық материал жаза алуы мүмкін бе? Күдігім бар. Журналист робот емес. Мәселен, медицина ғылымының докторы, академиктерінің өзі «медицинаның барлық саласын бес саусақтай білемін, адамның кез келген ағзасына ота жасай аламын» деп кеуде қаға алмайды. Қазіргі қарқынды даму заманында қай саланы алсаңыз да, ол туралы кешегі білетініңіз ертең ескіріп қалады. Тіпті экономика, қаржы, заң, ақпараттық технология тағы да басқа салалардың даму қарқынының жылдамдығы сондай – оған сол саланың озық деген мамандарының өзі әрең ілесіп отыр. Олардың қасында осы салаға тиіп-қашып қалам тербеп жүрген журналист жай ғана дилетант болып қалары сөзсіз. Оның үстіне белгілі бір саладан терең теориялық білімі, практикалық білігі жоқ журналист проблемаларды көре де алмайды, оны жоюдың жолдарын өз деңгейінде көрсете алуы да неғайбіл. Журналистердің мақалалары жалпылама, үстіртін болып шығатыны осыдан. Сондықтан маманданған журналистикаға көшу, яғни белгілі бір салада білім алған, жұмыс істеген адамдардың ішінен жазуға және аналитикаға қабілеті барларын журналистикаға тартып, оқытып, журналистиканың қыр-сырына машықтандыру керек.
– Бір тақырыптың, саланың төңірегін ғана қузалап жазатын журналистер көбейсе, журналистер әмбебаптығынан айырылып, саны көбейіп, сапасы кеміп кетпей ме?
– Керісінше, біріншіден, саны азаяды, сапасы артады. Өйткені бір сала туралы тиіп-қашып шатпақтап жазып жүрген он дилетант журналистің орнын сол істі түп-тамырынан білетін бір маман журналист ауыстырады. Екіншіден, бұрынғыдай жалпылама, бәрін жазатын журналистикадан кететін уақыт жақындап келе жатыр. Неге? Өйткені журналистика тек бүгін қайда не болып жатқанын жылдам жеткізуші, қоғамдық пікірді қалыптастырушы мінбер ғана емес. Журналистиканың немесе бұқаралық ақпарат құралдарының басты қызметінің бірі – халықтың танымын байытып, білім-білігін көтеру. Байқасаңыз, бүгінде әлемде жалпылама жазатын ақпарат көзінен гөрі бір тақырыпты індетіп жазатын, маманданған салалық сайттарға, блогтарға, интернет газеттерге сұраныс күшейіп келеді. Дүниеде адам қызығушылығын туғызатын қанша нәрсе бар болса, сонша тақырыптық, салалық сайт, блогтардың болуы заңдылық. Мәселен, ер-азаматтарды жеміс ағашын қалай отырғызу, баптау, автокөлікті қалай оңдау, үй тұрғызудың қыр-сырлары тағы да басқа толып жатқан мәселелер қызықтырса, әйелдерді косметика, шаш күтімі, жасару жолдары, салмақ тастау деген сияқты қарапайым тақырыптарды көтеретін сайттар қызықтырады. Басқаша айтқанда, әркім қызығушылығына қарай өз сайтын тауып оқиды. Қазақстан интернет кеңістігінде сұранысқа қарай ұсыныс болуын қамтамасыз ету үшін де осы маманданған журналистиканы дамыта отырып, алға жылжуға дайын болуымыз керек. Бірнеше мыңдаған оқырманы бар сайттар, интернет газеттер бізде бүгінде де бар. Өкініштісі, елімізде шамамен 9683 сайт тіркелсе, оның 85 пайызы – өзге тілде. Ал бүгінде қазақтілді интернет қолданушылар саны өскенін, мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы жалпы республика халқының 65 пайыздан астамын құрайтынын ескерсек, бұл тым аз. Оның үстіне бар сайттардың кейбірі өзіне аудитория тарту үшін өсек-аяң, жөнсіз сынау-мінеу сияқты қарабайыр технологияны қолданып, бедел жинаймын деп абыройынан айырылып қалып жатады. Қолдаушы авторлары аз болғандықтан, сайтты ойдан-қырдан термеленген пираттық дүниелермен толтыруға тырысады. Ондай жолмен келген танымалдық та уақытша. Дұрысы, өз жолын, тақырыбын, аудиториясын тапқан электронды ақпарат құралының автор-қолдаушылары, кері байланыс орнатылған оқырмандары, ең бастысы, өзін де, өзгені де сыйлайтын биік ішкі мәдениеті қалыптасуға тиіс.
– Интернеттік электрондық ақпарат құралдары ішінде бүгінде әлеуметтік желілерді пайдаланудың үлес салмағы арта түсті. Мұның пайдасы мен қаупі туралы не айтасыз?
– Пайдасы сол: әлеуметтік желі арқылы ақпарат алмасу тез әрі қолайлы. Мәселен, Facebook, Twitter, LinkedIn, MySpace, Skype, YouTube, on.kz сияқты әлеуметтік желілер іскерлік қарым-қатынасты ұйымдастыру, ақпарат алмасу, музыка тыңдау, кино көру, жаңа достар табу, бейнебаяндық ақпаратты жылдам тарату тағы басқа толып жатқан мақсаттармен құрылған әрі қолданушылар арасында кеңінен танымал. Айта кететін мәселе: көптеген лауазымды азаматтар осы әлеуметтік желілердің қоғамдық пікір қалыптастыруда тигізер әсері қаншалықты орасан боларын бағамдай бермейді. Мәселен, Facebook-тың 750 000 000, Twitter-дің 200 000 000 қолданушысы бар екен. Бұл көрсеткіш күн санап өсіп жатқанын ескерсек, осы орасан күшті пайдамызға жаратуға да болады, зардабын шегуіміз де ықтимал. Пайдасы сол: қолданушылары көп әлеуметтік желілер мыңдаған компаниялардың тауарларына жарнама жасап, тұтынушылар санын он есеге ұлғайтыпты. Сөйтіп, әлеуметтік желі арқылы кәсіпкерлердің 2011 жылы 5,54 млрд доллар пайдаға кенелуіне жол ашса, 2013 жылы бұл көрсеткіш еселене түседі деген болжам жасалып отыр. Осы тәрізді әлеуметтік желілерді тілді, салт-дәстүр мен рухани, мәдени құндылықтарымызды, дінімізді насихаттауға да пайдалануға болар еді.
Ал енді әлеуметтік желілердің қаупіне келсек, оны әлдекімдер арандату, араздастыру, тұтастық пен тұрақтылықты бұзу мақсатына пайдаланар болса, тез әрі үлкен көлемді жайлап алатын өртпен парапар. Бұған Араб мемлекеттерінде болған толқуларға Facebook әлеуметтік желісінің орасан ықпалы болғаны дәлел. Оның үстіне әлеуметтік желіні заңмен реттеу немесе қандай да бір тәртіпке салу да – қиын нәрсе.
Басқару тым күрделеніп кеткені сондай – әлеуметтік желіні жасаушы Марк Цукербергтің өзі «Facebook бақылаудан шығып кетті» деп мәлімдегені де осыны меңзейді.
– Ақпараттық қауіпсіздік мықтап қолға алынбаса, ел ынтымағына, Тәуелсіздігімізге қауіп төніп жүрмей ме?
– Бізде ақпараттық кеңістік заңмен реттелген және қорғалған. Демократияға, азаматтардың еркін ойлауы мен сөз бостандығына кепілдік бере отырып, ақпараттық қауіпсіздіктің сақталуы да ескеріліп отыр. Бұл орайда біздің елде әжептәуір жұмыстар жасалып жатқанын халық көріп, біліп отыр. Соңғы жылдарда еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында терроризмге, діни экстремизмге үндейтін бірнеше сайттардың жабылуы да – осыған дәлел.
– Бас прокуратура бірнеше сайт жабылғаны туралы мәлімдегені рас, алайда жат діни ағымды ұстанушылар өз пікірінен қайтты, ел тұтастығына еш қауіп жоқ дей аламыз ба?
– Мен саясатшы да, ұлттық қауіпсіздікке жауапты маман да емеспін, мынау былай деп баға беруім де дұрыс болмас. Алайда өзімнің азаматтық пайымым тұрғысынан жеке пікірімді ортаға салайын. Жалпы, ел тұтастығына ішкі және сыртқы әсер етуші факторлар барын ескеруіміз керек. Ішкі факторға тоқталайық. Менің түсінігімде мемлекеттік, ұлттық тұтастықтың негізі: жер тұтастығы, дін тұтастығы, тіл тұтастығы. Соңғысынан бастасақ, бізде тіл тұтастығы бар деп мақтана алмаймыз. Қоғам орыс және қазақтілділер болып екіге бөлініп тұр. Бар үміт – бүгінде балабақша, мектеп қабырғасында жүрген жеткіншектерде. Олардың ұлтына қарамастан, қазақ тілінде еркін сөйлей бастауы қазақ тілі түбінде ұлттық тұтастықтың бір негізі болатынына сендіреді. Тек бүгінгі ұрпақтың қазақша сөйлеуді намыс көретін кеселі жұқпаса болғаны. Ал екінші – дін тұтастығы мәселесіне келсек, саясатшылар бұл мәселеде жағдай күрделі екенін аз айтып жүрген жоқ. Елімізде әлемдік дәстүрлі діндерден бөлек неше ондаған секталар мен ағымдар өз жамағаттарын жинап, азаматтарды әртүрлі жолдармен өзіне тартуы әлі тыйылған жоқ. Осы уақытқа дейін тек исламның Ханафи мазһабын ұстанып, діни тұтастығы сақталып келген аз ғана қазақтың қандай да бір бөлігі бүгінде өзге діндер мен секталардың, мазһабтардың шылауында жүр. Бұл өте қауіпті. Одан да қауіптісі – олардың кейбірінің сайттары бар немесе әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алмасып, насихат жүргізеді. Күндердің күнінде осы радикалды, экстремистік діни көзқарастағы адамдардың қатары көбейгенде ел Тәуелсіздігіне қарсы әрекеттерге бармасына, сыртқы күштердің оларды айдап салмасына кепілдік бар ма? Міне, дәл осы жағдайда, ең басты құндылықтарымыз: мемлекеттік, ұлттық және территориялық тұтастыққа қауіп төнуі мүмкін. Бұл жағдайда елімізді өздеріне саяси, экономикалық тұрғыдан тәуелді етуді мансұқ еткен, қара ниетін демократия, саяси интеграция деген сиқырлы сөзбен бүркемелеген сыртқы әсер етуші күштер түптамырлары өздерінде жатқан ел ішіндегі секталар мен ағымдарға сүйене отырып, елдің тұтастығына нұқсан келтіруі әбден ықтимал. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуі қажет деп ойлаймын.
– Әркімнің сойылын соғатын киллер журналистер туралы не айтасыз?
– Егер журналист шындықты шырқыратып айтуға ұмтылып, үнемі жаңа ақпарат тауып, оқырманды, көрерменді елітіп отырса, бұл – оның шеберлігі. Ал егер біреудің айтағымен ойдан-қырдан жинап берген деректермен қаралауды кәсіпке айналдырса, бұл – өз басының қасіреті. Оның артында белгілі біреулердің мүддесі мен ақша тұр. Алайда арын ақшаға айырбастамайтын адал журналистердің қатары басым. Мені әріптестерімнің әлеуметтік жағдайы қынжылтады. Олар бастарын қатерге тігіп, шындық үшін шырылдап, ақиқатты елге паш етеміз, мемлекетіміздің гүлденуі үшін қызмет етеміз деп қажыр-қайраты мен денсаулығын аямай, ерекше патриотизммен қызмет еткенімен, тұрмыстары тым жұпыны. Көбі үйсіз-күйсіз. Пәтер жалдайды. Журналист мемлекеттік қызметкерге жатпайтындықтан, пәтер берілмейді. Ал журналистер жалданып жұмыс істейтін ірі медиа холдингілер мен акционерлік қоғамдар әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етпейді, үй сатып әпере алмайды. Журналистердің жалақылары тым төмен. Үй сатып алу түгіл, күн көрістеріне әрең жетеді. Мемлекетіміздің гүлденуін ақпарат майданының сарбаздары – журналистерсіз елестету мүмкін емес. Олай болса, Үкімет оларды қолжетімді үймен және басқа да әлеуметтік пакетпен қамтуды қарастыратын бір арнайы бағдарлама қабылдап, ол заңмен бекітілсе, журналистер бүгінгі болмысын тұрмысы билеген шарасыз ахуалдан арылары анық.
– Журналистикада жүргеніңізге ширек ғасыр болыпты, ердің жасы елуде өткенді өлшемдеп, болашаққа бағдар құрып жатқан боларсыз?
– Ширек ғасыр ішінде халық өміріне қатысты талай тақырыпқа қалам сілтедік, әлеуметтік проблеманың тамырын дөп басып, барынша зерделеп, қоғамның назарын аударуға тырыстық. Тілші болып бастап, жауапты хатшы – бас редактордың орынбасары қызметіне дейін атқарған «Лениншіл жас» –«Жас Алаш» мен үшін ең үлкен мектеп болғаны анық. Осы кезеңде елдің басына түскен ауыртпалықты газет бетінде көтеріп, қоғамдағы қордаланып қалған небір түйткілді мәселелерге биліктің, құқық қорғау, әділет органдарының назарын аударуға тырыстық. Кеңес үкіметі бетін бүркемелеп келген ел тарихындағы ақтаңдақтарға қатысты талай ақиқаттың да бетін ашқан кездер де болды. Кейін «Айқын» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары ретінде басылымды алғашқы күннен бастап шығарып, небір өткір мәселелерді көтердік.
2009 жылдан бері елордамыз Астанада Бас прокуратурада басқарма бастығы қызметін атқардым. Бүгінде Парламент Сенатында бөлім бастығының орынбасарымын. Бір нәрсе анық – қай жерде, қандай лауазымда жұмыс істесем де, қаламыма, сөз құдіретіне адал болдым. Қасиетті қаламнан қол үзгем жоқ. Десе де, журналистің ерекше бір жақын мәселесі, қаузап, зерделеп жүретін тақырыбы болады. Мен ғасырлардан бері ауызекі таралып келген ел ішіндегі қазақ мифологиясын жинақтай алдым. Ел аузынан жинақтап, қорытып, ғылыми, әдеби өң беріп, 12 жылға жуық уақыт бойы шығарып келген «Мыңнан бір мезет» танымдық басылымы 130 мың таралымдық сұранысты иеленді. Дін, таным тақырыбында ғылыми еңбектерімді, кітабымды жаздым. Ең бастысы, халық ауызынан жинақталған дүниелерім еліміздің рухани өмірін байыта түсетін ұлттық мәдени мұрағатының бір бөлшегі болып саналады. Ұлттық мәдени мұрағатының бір бөлшегі дейтінім «Мыңнан бір мезет» танымдық басылымында жарияланған материалдар қазақ мифологиясының 55 томдығына өзек болды.
– Сіздер «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген даналықты ұғынып өскен толқынның қатарынансыздар ғой, қазіргі журналистердің өз сөзіне жауапкершілігі жоғары дей аламыз ба?
– Жалпы, сөз, қалам деген киелі, құдіретті нәрсе ғой. Әріптестеріміздің ішінде қаламды киелеп, әр сөзіне есеп беріп жүргендері де, жармақ беріп жалдағандардың сойылын соғатындарының да бар екенін көріп жүрсіздер. Сөзге жауапкершілікпен қарау адамның тектілігіне, арына, зиялылығына да байланысты шығар. Тектінің әр сөзі – ұран, тексіздің әр сөзі – лаң. Алайда журналист қоғамдық пікір қалыптастырушы болған соң, әр сөзіне сақ әрі ішкі мәдениеті жоғары болғаны дұрыс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Мені әріптестерімнің әлеуметтік жағдайы қынжылтады. Олар бастарын қатерге тігіп, шындық үшін шырылдап, ақиқатты елге паш етеміз, мемлекетіміздің гүлденуі үшін қызмет етеміз деп қажыр-қайраты мен денсаулығын аямай, ерекше патриотизммен қызмет еткенімен, тұрмыстары тым жұпыны. Көбі үйсіз-күйсіз. Пәтер жалдайды. Журналист мемлекеттік қызметкерге жатпайтындықтан, пәтер берілмейді. Ал журналистер жалданып жұмыс істейтін ірі медиа холдингілер мен акционерлік қоғамдар әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етпейді, үй сатып әпере алмайды. Журналистердің жалақылары тым төмен. Үй сатып алу түгіл, күн көрістеріне әрең жетеді. Мемлекетіміздің гүлденуін ақпарат майданының сарбаздары – журналистерсіз елестету мүмкін емес. Олай болса, Үкімет оларды қолжетімді үймен және басқа да әлеуметтік пакетпен қамтуды қарастыратын бір арнайы бағдарлама қабылдап, ол заңмен бекітілсе, журналистер бүгінгі болмысын тұрмысы билеген шарасыз ахуалдан арылары анық.