Сәуле СЕРІКҚЫЗЫ, медицина ғылымының докторы, Алматы дипломнан кейін оқыту стоматологиялық институтының ректоры, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі:
– Мамандардың алға тартқан мәліметіне сенсек, халқымыздың 60 пайызы тіс ауруына шалдыққан көрінеді. Бұл қауіпті көрсеткіштің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Халқымыздың 60%-ының түрлі тіс ауруларына шалдыққаны рас. Одан бөлек ересектердің 72%-ы, балалардың 73%-ы тіс ауруларының ішіндегі негізгісі саналатын тісжегі дертіне шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының классификациясы бойынша бұл таралудың орташа көрсеткішіне жатады. Әйтсе де аталмыш дерттердің алдын алу мүмкіндігінің зор екендігін ескерсек, 60%-дық өлшемнің көп екені рас. Айта кетер жайт – тіске қатысты дерттің, негізінен, еліміздегі балалар мен жасөспірімдер арасында, сонымен қатар ересек ауыл тұрғындарының арасында таралу деңгейінің жоғары екені байқалып отыр. Әсіресе ауылдық жердегі ересектер тісіндегі ауру көрсеткішінің жоғары болуы ауылдық жерлердегі жұртшылыққа көмек көрсетер стоматологиялық орталықтардың тапшылығынан туындап отырғаны жасырын емес. Еліміз бойынша 190 ауылда ғана тіс емханасы жұмыс істейді екен. Сондықтан ауылдық тұрғындардың тісін сақтап қаламыз десек, ауылдық жердегі стоматологиялық орталықтардың санын арттыру қажет. Әсіресе шалғай жатқан, өркениеттен тыс ауылдардағы халықтың стоматологиялық жағдайын дұрыстауға көңіл бөлген жөн. Тіс ауруын елемей қоюға болмайды. Өйткені тістің ауруға шалдығуының соңы басқа да көптеген қауіпті аурудың туындауына әкеліп соғуы әбден мүмкін.
– Ал тіс ауруының ушығуы қаншалықты қауіпті?
– Стоматологиялық аурулар адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Тіпті кейде ағзадағы басқа да аурулардың туындауына себепші болып жатады. Мәселен, тісжегі – созылмалы індеттің көзі. Тіс тісжегіге ұшыраса, жүрек-тамыр жүйесінің ауруларын, құлақ, мұрын, асқазан-ішек жүйелерінің, эндокриндік жүйелер патологиясын т.б. аурулардың дамуына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ әдемі және сау тістері жоқ адам жанұя құруда, жұмысқа орналасу кезінде көптеген проблеманы сезінеді. Тісжегісі көп немесе қисық тістері бар балалар ыңғайсыздану комплексінен азап шегеді. Сондықтан мұның бәрінің дер кезінде алдын алу керек.
– Елімізде стоматолог мамандар жеткілікті ме?
– Өкінішке қарай, елімізде тіс мамандарының тапшылығы сезіледі. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарының ауылдық жерлерінде стоматолог дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарында балалар стоматологтерінің тапшылығы жоғары деңгейде қалып отыр. Айта кетер жайт – 16 миллион халқы бар елімізде небәрі 6000-ға жуық маман жұмыс жасайды екен. Яғни 260 адамға бір стоматолог дәрігерден келеді деген сөз. Бұл сұмдық емес пе?! Дегенмен мамандар жиі бас қосып, «бұл мәселелермен қалай күресуге болады, халқымыздың отыз екі тісін оңалтудың қандай жолдарын қарастыруға болады?» деген сұрақтардың шешімін табуға тырысып жатырмыз.
– Жыл сайын медицина саласына қыруар қаржы бөлінсе де, халықты жаппай стоматологиялық тегін қызметтермен қамтамасыз ете алмай отыруымыздың себебі неде?
– Басты кедергі – қаражат тапшылығы. Бүгінде елімізде тегін стоматологиялық қызметтер кейбір әлеуметтік топтарға ғана көрсетіледі. Медицина ұйымдарының структурасында стоматологиялық көмек көрсететін орындардың 30%-ы – жоғары мемлекеттік ұйымдар. Бізде бар-жоғы республика бойынша тоғыз мамандандырылған балалар емханасы жұмыс істейді, алты стоматологиялық емхана балаларды және ересектерді қабылдайды. Сонымен қатар жекеменшік стоматологиялық клиникалар бар, олар тендерді ұтып алып, балаларға, жасөспірімдерге, екіқабат әйелдерге, әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұрғындарға тегін стоматологиялық көмек көрсете алады. Жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға сауықтыру курсын және ортодонтиялық емдеуді тегін алуға мүмкіндіктері бар. Дегенмен бұл медициналық орталықтардың да халқымызға жеткіліксіз екені сөзсіз.
– Өткен жылы еліміздегі жеке клиникалардағы стоматологтердің кесірінен төрт адам көз жұмыпты. Осы орайда жекеменшік стоматологиялық кабинеттердегі санитарлық талаптардың сақталуына көңіліңіз тола ма?
– Иә, ондай қайғылы оқиғалардың орын алғанынан хабарым бар. Төрт адамның тісін жұлғызамыз деп барып, өмірімен қош айтысуы – өте өкінішті жайт. Аталмыш оқиғалардан соң, істің мән-жайы анықталып, жекеменшік клиникаларға жауапкершілік күшейтілді. Және алдағы уақытта жекеменшік стоматологиялық клиникалардың барлығы әрқашан тиісті орындардың қадағалауында болады. Жалпы, барлық жекеменшік стоматологиялық клиникалар міндетті түрде жылына төрт рет санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан жоспарлы тексеруден өтеді. Жоспарсыз тексерулер тек науқастан шағым түскенде ғана немесе бақылау органдарының бұйрығымен бекітілген заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
– Еліміздегі балалардың 72%-ы, ересектердің 74%-ы тісжегімен ауырады екен. Тісжегінің ушығуына не себеп?
– Соңғы жылдары тісжегі балалар мен жасөспірімдер арасында айтарлықтай өсті. Оның бірнеше себебі бар. Оның басты себебі білім беру мекемелеріндегі стоматологиялық кабинеттердің жаппай жабылуы дер едім. Бүгінде еліміздің мектептеріндегі стоматологиялық кабинеттердің саны өте аз. Сондықтан алдағы уақытта олардың санын арттыру басты мақсатымыз болып отыр. Тіс ауруының күрт көбеюінің тағы бір себебі – бірқатар облыстарда мамандандырылған балалар стоматологиялық емханаларының жоқтығы. Сондай-ақ соңғы кездері балалардың тәтті және газдандырылған тағамдарды көп мөлшерде қолдана бастауы да балалардың тісінің нашарлауына әсер етіп отыр. Сондықтан әрбір ата-ана баласының дұрыс тамақтануын да басты назарда ұстағаны жөн. Үйде ғана емес, түзде де денсаулыққа залалсыз тағамдарды жеуін ата-ана баланың есіне әрқашан салып отыруы тиіс. Осы бағытта болашақ ата-аналарға стоматологиялық-валеологиялық тәрбиелеу бағдарламасын енгізу қажет. Яғни ата-аналар балаларының денсаулығы дұрыс болуы үшін ықпал ете алатындай осы салада түсінігі болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ата-аналар тісті сақтаудағы қарапайым ережелер арқылы тіс ауруларының алдын алады. Тіс ауруларының дендеп кетуіне алғашқы кездері табысты жұмыс жасаған стоматологиялық аурулардың алдын алу мемлекеттік бағдарламасының біраз уақыт іске қосылмауы да тісіміздің жағдайының кері кетуіне алып келген секілді. 2011 жылы Қазақстан стоматологтерінің ұлттық ассоциациясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «2011-2015 жылдарға арналған стоматологияны дамыту және тұрғындардың стоматологиялық ауруларын төмендетудің концепциясын» жасаған болатын. Аталмыш бағдарлама 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында жасалынды. Бұл құжатта халқымыздың тіс ауруларының алдын алу, ауыл тұрғындарына, екіқабат әйелдер мен қарт адамдарға сапалы стоматологиялық көмектің қол жетерлігін жоғарылату мәселелері қарастырылған. Бүгінгі күні өзекті болып отырған тағы бір мәселе елімізде тіс гигиенисі деген маманның жоқтығы болып отыр. Көптеген елдегі мұндай маманның маңызы зор. Сондықтан медициналық ұйымдардың штатына стоматологтің бірінші буынын немесе тіс гигиенисін енгізуді қолға алуымыз керек. Ол үшін біз осы күні пайдалануда жүрген нормативті-құқықтық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізуді жоспарлап отырмыз. Алыс ауылдарда тұратын тұрғындарға жылжымалы стоматологиялық кабинеттер сатып алу да осы саладағы басты мақсаттарымыздың бірі болып отыр. Осы секілді стоматология саласында қордаланған мәселелер өте көп. Мұның бәрі қаржыны және тиісті орындар тарапынан оң көзқарасты талап етеді.
– Еліміздегі мектептердің тіс кабинеттерімен жабдықталу деңгейі төмен екенін жоғарыда айттыңыз. Енді осы мәселеге толығырақ тоқталсаңыз...
– Бұл көрсеткіш қуантарлықтай дәрежеде емес екенін жоғарыда айттым. Бүгінде еліміздегі мектептердің 8%-ы ғана стоматологиялық кабинеттермен жабдықталған. Бұл өте аз. Балаларымыздың тісін бақылауда ұстай алмай, еліміздегі балалар арасындағы тіс ауруын асқынтып алуымызға бұл басты себеп болып отыр. Сондықтан жоғарыда айтылған концепцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі ретінде мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне осы мәселеге қолдау көрсетуді сұрадым. Жақында Республикалық педагогикалық форумда сөз сөйлеп, стоматология саласындағы мәселелерді күн тәртібіне қойдым. Соның нәтижесінде облыс әкімдеріне 800-ден астам мектепте және оқыту мекемелерінде стоматологиялық кабинеттер ашу туралы өтініш жасалды. Бұл хаттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің атынан, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атынан облыс басшыларының атына жіберілді. Болжам бойынша мектептерді стоматологиялық кабинеттермен жабдықтауға 2 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы керек екен. Болашағымыз үшін, еліміздің ертеңі болар балалар үшін бұл қаржы соншалықты көп сома деп санамаймын. Осы орайда облыс басшылары жергілікті бюджет арқылы мектеп жанынан стоматологиялық кабинеттердің ашылуына мұрындық болса, нұр үстіне нұр болар еді. Дәл қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Ақмола облыстарында, сонымен қоса Алматы және Астана қалаларының мектептерінде арнайы стоматологиялық кабинеттер мен стоматологиялық емханалардың қажеттілігі өзекті болып тұр. Сонда ғана осы аймақтағы өрендердің тісінің тісжегіге, болашақта созылмалы аурулардың асқынбауына себепкер бола аламыз.
– Тіс ауруларының алдын алуға өткен жылы бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген көрінеді. Бұл қаржы еліміздегі адам басына шаққанда 53 теңгеден келеді екен. 53 теңгемен 32 тіс түгіл, бір тісті емдеу де мүмкін емес екені белгілі...
– Не айтпақ екеніңізді түсіндім. Біз бұл мәселені тиісті орындардың назарына ұсынып отырмыз. Кепілді тапсырыс арқылы стоматологиялық қызметті кең көлемде қаржыландыру мәселесі бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Қаржыландыру мәселесінің кемшін соғып отырғанына орай, халқымыздың тісінің жағдайы да кері кетіп бара жатыр. Сондықтан бүгінде бұл мәселені жоғары деңгейде көтеріп жатырмыз. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қамқорлықтың көлемі артады деп үміттенеміз.
– Еліміздегі емханаларда тегін стоматологиялық кабинеттер жоқ болатын болса, бұл қаржы қайда кетіп жатыр?
– Мемлекет бөлген қаржы кейбір емханалар арқылы балаларға, жасөспірімдерге, екіқабат әйелдерге, туа біткен жақ-бет аймағының патологиясы бар балаларға, әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұрғындарға жұмсалуда. Әйтсе де мемлекет тарапынан бөлінген қаржының бұл топтың да жыртығына жамау болып отырмағаны рас. Осы орайда айта кетер жайт – алдағы уақытта тіс ауруларының алдын алу мақсатында облыстарды қаржыландыру кезінде мемлекет тарапынан арнайы, бөлек қаржы бөлінсе, дұрыс болар еді. Өйткені Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан басқалары, әсіресе ауылдық жердегі тұрғындардың тісін емдеу қалдық принциптер бойынша қаржыландырылады. Яғни бөлінген қаржыдан ауысса, тіске ақша бар, ауыспаса, ол да жоқ.
– Бұрын балалар стоматологі, ересектер стоматологі болып екіге бөлінетін. Қазір жекеменшік стоматологиялық кабинеттерде ортақ қарай береді. Бұл балалар үшін қауіпті емес пе?
– Қазіргі кезде стоматологтерді балалар және ересектерге арналған деп бөлінуін ешкім өзгерткен жоқ. Яғни балалар стоматологі – дәрігерлердің ішіндегі ерекшесі, олар тек стоматологияны білуі қажет емес, сонымен қоса педиатрияны да, ең бастысы – балаларды жақсы көру, оларды түсіну, олар дер кезінде стоматологке бару үшін тіс емдерін қорықпайтындай жағдайда жасауы керек. Әйтсе де маман тапшылығынан бүгінде олардың аражігін ажырата алмай қалдық. Маман тапшылығын шешсек, бұл мәселенің де шешілері сөзсіз. Сондықтан бар мәселе мамандардың тапшылығында болып отыр.
Алашқа айтар датым...
Мен дәрігер ретінде, ең алдымен, стоматология саласының қазіргі және болашақтағы жағдайы үшін алаңдаймын. Стоматология саласы арқылы халқымыздың денсаулығын уайымдаймын. Сондықтан тиісті орындар стоматология саласына көбірек назар аударса екен. Әрине, ең алдымен, әр адамның денсаулығы өз қолында екені сөзсіз. Жылына екі рет стоматологке барып, профилактикалық қаралу немесе күніне екі рет тісті тазалау – қиын шаруа емес. Сондықтан әр адам өзіне деген жауапкершілігін арттырса, дұрыс болар еді. Халқымыздың көбінесе өз денсаулығына немқұрайды қарап, ауруы асқынған соң ғана дәрігер алдына келуді әдетке айналдырып алғанына қынжыламын. Сондықтан алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі халықпен жұмыс істеп, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырумен жұмыс істесе, халқымыздың денсаулығын нығайтуға жасалған игі шара болар еді.