Халал стандарты туралы арнайы заң қабылдауымыз керек
Нұрлан ДӘУЛЕТБАЕВ, «Ата-баба дәстүрі – мұра» тұтынушылар құқын қорғау қорының төрағасы:
– Қазір біздің кәсіпкерлер «халал» деген атауды иемденуге құмар. «Халал» атауын тек пайда табу үшін пайдаланушылар көбейді. Жалпы, халалға байланысты дініміздің ұстанымы қалай? Ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз...
– Ислам дінін ұстанған әр мұсылман халал мен харамға барынша көңіл бөлуі тиіс. Халал – дінімізде құпталған, ерік беріліп, рұқсат етілгені, ал харам шариғат шеңберінде нақты тыйым салынғаны. Құран мен хадистерде бұйырылып, сахаба, табиғиндар ерекше ден қойған бұл мәселеге бүгінгі күні мұсылмандарымыз қаншалықты мән беріп жүр? Аса күрделі сұрақ. Алла тағаланың жер бетіндегі барлық нәрсені тек адамның игілігі үшін жаратқаны белгілі. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – бәрі де – қазынасы мол Жаратушының өз пенделеріне берген шексіз нығметі. Осынау ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына нәсіп еткен Раббымыз харамға жоламау керектігін былайша ескерткен: «Ей, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят). Жоғарыда келтірілген бұл аят мұсылман үшін халал мен харамды бір-бірінен ажырата білудің қаншалық маңызын, не нәрсені де қолға алғанда әуелі дін тұрғысынан рұқсаты бар-жоғын, онда кісі ақысы араласпағанын ескеру, таза жолмен табылғандығына мән беру керектігін қаперімізге салады. Енді осыларды анықтап, ішіп-жейтін тағамымыздың шариғатқа қаншалық сай екенін қадағалау мақсатымен «Ата-баба дәстүрі – мұра» тұтынушылар құқын қорғау қоры құрылып, бір жылдан бері өз қызметін әл-қадерінше атқару үстінде.
– Енді осы туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз. Аталмыш тұтынушылар құқын қорғау қоры халал өнімдерді толық қадағалай ала ма?
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұдан екі жыл бұрын Қазақстан мұсылман елі ретінде халал индустриясын жолға қойып, дамытуды және халал ет өнімдерін сыртқы саудаға шығару қажеттігін көтерді. Ал былтырғы көктемнің басында Парламент Мәжілісінің қабырғасында «халал» деген атпен Солтүстік Қазақстан облысында шығарып жатқан шұжық сапасына қатысты үлкен мәселе қозғалды. «Хабар» арнасының «Сонымен, солай дейік...» бағдарламасында сол «халал» деп шығарылған шұжықтың доңыз етінен дайындалғандығы өткір сынға алынды. Расында да, бұл келеңсіз жағдай тек бірлі-екілі ғана емес, мұның өзі жалпы еліміздегі халал өндірісі деңгейінің нақты көрінісі іспетті. Жасыратыны жоқ, басқаны айтпағанда, Алматыдағы базарлар мен дүкендерде «халал» деген атпен сатылып жатқан ет пен ет өнімдерінің сапасы өз атына лайық болмауынан тұтынушылардың күмәнін туғызуда. Екінші жағынан, дініміздің халал ұстанымының қандай екенін іс жүзінде көрсету қажеттігі туды. Енді бұл мәселені жолға қою үшін «Ата-баба дәстүрі – мұра» тұтынушылар құқын қорғау қоры құрылды. Бұл қор атынан көрініп тұрғандай, ішіп-жейтін тағамымыздың шариғатқа қаншалықты сай, сапалы да таза, әрі адал болуын тұтынушылардың талап-тілектерін ескере отырып бақылап, қадағалайды. Діни басқарманың пәтуасын тікелей басшылыққа алады.
– Халалға қатысты халықаралық талаптар қандай?
– Бүгінде Ислам ынтымақтастығы ұйымына 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 мемлекет мүше. Қазақстан болса 2011 жылы ИЫҰ-ның жарғысын ратификациялап, оған мүше болды. Бұл мұсылман елдерінің бәріне дерлік ортақ халалға байланысты халықаралық талаптарға негізделген Малайзияның MS 1500:2004 стандарты еліміздің де мемлекеттік еркін стандарттар тізіміне енген. Әлбетте, оның қайнар көзі – қасиетті Құран Кәрім. Діни сипатқа ие өнім өндіру – тек діни құзыретті мекеменің рұқсаты негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Алимантариус кодексі комиссиясы ұйымына еліміз 2002 жылдан бастап мүше. Оның құжатында «халал» терминіне мынадай анықтама берілген: «Ислам заңдары (шариғат) бойынша (мұсылмандардың ішіп-жеуі үшін) мақұлданған тағам түрлері». «Халал» термині адал тамақ өндірісін және мұсылмандардың мал сойған кездегі діни рәсімін де білдіреді. Бұл ҚР «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы 2011 жылғы 11 қазандағы Заңымен реттелуі тиіс. Демек, ел мұсылмандары халал өнімдерді тұтынып, өндіруде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасын тікелей басшылыққа алып әрі оның бақылап, қадағалауымен жүзеге асыруы қажет.
– Қазір қоғамда өздерінің күмәнді өнімдеріне «халал» белгісін соғып, саудасын қыздырып жатқандардың легі артып барады. Кез келген дүкенге кірсеңіз, «мусульманская», «халал» деген өнім түрлерінен көз тұнады. Қызды-қыздымен біз нақ осы «халал» белгісін тым науқаншылдыққа ұрындырып жіберген жоқпыз ба?
– Өкінішке қарай, осылай болып тұр. Кейбір кәсіпкерлердің «халал» деп шығарып отырған өнімдері шын мәнінде халал емес, күмәнді. Астананың базарларында «Петр халал», «Александров халал», «Посаженников халал» деген шұжықтар сатылып жатыр. Кейбір кәсіпорындардың бір цехынан «халал» шұжық та, «харам» шұжық та шығарылады. Яғни шұжық бір технологиядан өткізіледі. Доңыздың етін тартқан аппаратқа халал етті де тартады. Сондықтан қазір халал деген сертификатты кім болса сол алып, халал да, харам да араласып кеткен. Ертеректе Алматының ет комбинатын тексеруге барған маман жылқы етінен жасалған шұжықтың түрін тексергенде, 25 пайыз доңыз еті қосылғандығын анықтаған. Сиыр етінен жасалған шұжыққа да 25 пайыз доңыз еті қосылыпты. Технологтен: «Неге бұлай?» – деп сұрағанда: «Сиыр мен жылқы етінен шұжық жасалғанымен, олар біраз уақыт өткен соң сүрленіп, қатып қалады. Сондықтан 25 пайыз доңыз етін білдіртпей қосамыз», – деп жауап берген. Осыдан кейін халал туралы не айтуға болады? Тағы бір жаға ұстататын мысал: «доңыздың етін кескен пышақпен қойдың етін кесер алдында оны жеті рет жуып, жеті рет «Фатиха» сүресін оқып пайдалана беруге, тіпті шұжықтың, не еттің халалдығына күмән туған жағдайда да осылай етіп жей беруге болады» деушілер бар. Міне, «халал» деген шұжық түріне жұрттың күмәнмен қарайтыны да сондықтан. Өлексе етті айырудың қарапайым ғана күнделікті өмірдегі бір мысалы – өлексе етті пісіргенде көбік көп шығады. Жаңа өлексенің еті қызыл емес, қаннан тазармағандықтан қарайып кетеді.
– Осыдан біршама уақыт бұрын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарайтын Техникалық реттеу және метрология комитетінің жанындағы Ұлттық аккредитациялау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Серік Құрманғалиев: «Доңыз етінсіз шұжық болмайды», – деп ашықтан-ашық айтып салды. Ол кісінің бұлай деуіне қандай негіз бар? Жалпы, оның бұл сөзіне қатысты не айтар едіңіз? Расында да, бізде халал шұжық шығаруға болмай ма?
– Неге болмасын? Ол үшін ең алдымен мал соятын комбинаттар қасапханаларының жұмысын шариғат талабына сай жолға қою қажет. Көпшіліктің біле бермеуі мүмкін, бұған дейін ет комбинаттарында мал токпен немесе ауыр балғамен басынан ұрып қинап өлтірілетін. Бірқатар жерлерде әлі де жалғасуда. «Бісмілләні» айтып, қолмен бауыздалмай, осылай қинап өлтірілген малдың қаны етте қалып қояды. Қан – бүкіл аурудың көзі. Қанды жеу, Құранда айтылғандай, өлексені жегенмен бірдей емес пе?! Сондықтан, біз малды шариғатқа сай бағып-қағып, қолмен бауыздайтын қасапханалардың ашылуына мұрындық болғымыз келеді. Мұны, ең алдымен, шамамыз жеткенше Алматы қаласы мен осы облыстың аумағында ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ал доңыз етінсіз де шұжық шығаруға болады. Оған үй құсының (тауық, күркетауық, үйрек, қаз) тығыз төс еті жарайды. Мұны қолға алушылар да бар. Осы арқылы халал шұжық дайындау мәселесі түпкілікті шешімін табар деп үміттенеміз.
– Шұжыққа доңыз майы қосылғанын біле тұра оған халал сертификатының берілуінде де дүниеқоңыздық жатқан жоқ па?
– Әлбетте, кәсіпкерге шығарған өнімінің тұтынушылар тарапынан қызығушылық туғызып, сатылғаны тиімді. Оған өнімінің атына сапасының сай болуы қызықтырмайды. Ал сертификат сатушыға сол сертификатын сатып алушының ақшасы қажет. Бұл мәселенің тоқетері – осы.
– Жуырда қаладағы супермаркеттің бірінен тауықтың жұмыртқасына «халал» белгісі соғылғанын көрдік. Енді тауықтың жұмыртқасы белгі соқпай-ақ халал екені белгілі емес пе?
– Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп тұрсыз. Мұны айтасыз, құтыдағы ауызсуға да «халал» деп белгі соғыпты. Мұны «бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояптының кері» деп түсінемін. Алла тағаланың о бастан бізге ризық етіп берген нығметіне кім күмән туғыза алмақ? Расында да, мұнда обал мен сауапты айыруға құлықсыздық әрі діни білімінің таяздығынан сертификатты оңды-солды сатып пайда тауып қалуды көздейтін дүниеқоңыздық жатыр.
– Сертификатты оңды-солды сатады деп қалдыңыз. Шамамен бір сертификаттың бағасы қанша? Құпия болмаса, айтсаңыз...
– Бағасының мөлшері сол сертификатты алғысы келген кәсіпорын, асхана, мейрамхана, супермаркет, компания, цех, дүкен т.б. қаржылық әлеуетіне қарай екен. Мұны біздің қор іске кіріскен осы бір жылдай мерзім ішінде ғимараттарының маңдайшаларына «халал» деген жазуды іліп қойғандарына барып, жағдайларын сұрағанда білдік. Осы Алматыдағы, атын айтпай-ақ қояйын, бір үлкен супермаркет үшін сертификат 10 мың долларға түскен. Оның жыл сайын жаңаланып отыратындығын ескерсек, әлгі сертификатты оңды-солды сатып таратушының көздегені тек мұны табыс көзіне айналдыру екенін бірден түсінесіз. Ал енді мұндағы қынжылтатын тағы бір жағдай, сертификатын сатқан соң ол кәсіпорын не цехтың өнімінің халал талабына қаншалық жауап беретіні оны ойландырмайды. Елдегі халал дегеннің жағдайы да осы, халықтың оған күмәнмен қарайтынының түпкі себебі де – осы.
– Аға, Астанада жақын арада FlyFarm деген жоба жүзеге аспақ. Жоба құс фабрикаларында жүргізіледі. Яғни Американың алып шыбындары арқылы құстың өз саңғырығын құрттатып, өзіне азық етіп береді екен. Бұл жағдайда мұндай құстардың еті мұсылман үшін қалай? «Бісмілләмен» сойылғанның өзінде етін халал деуге келе ме?
– Мысалы, доңыз етінің харам болуының бір себебі – оның өлексені де талғамай жей беретіндігі. Ірі қараның еті шариғатқа сай бауыздалса – халал. Ал қазіргі уақытта арақ зауытында пайдаланылған бидайдың спиртке бөккен жарма қалдығын өгіз бен өгізшелерге беріп бағып, семіртіп, сойып, етін сатып жатқандарды көрдім. Жануарлардың көзі аларып кеткен. Тойғанын да білмей, әлгі спиртке бөккен бидайдың жармасын жей береді екен. Мұны халал дей аламыз ба? Осындай еттер де сатылып жатыр.
–Жасыратыны жоқ, қазір дүкендер мен ашық базарда сатылып жатқан тауарлардың қайдан екені белгісіз. Сапасы қандай, кімдер дайындап жатыр, қалай дайындалады? Мұны ешкім де білмейді. Сондықтан оны бақылайтын арнайы бір орталық құру керек пе?
– Бізге тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің дені шетелден кеденнің сүзгісінен өтіп келеді. Ал өзімізден шыға қалғандарын базарларда атүсті болса да, тексерген болады, ветеринарлық қызмет саласының мамандары да қарап, сатуға рұқсат береді. Дегенмен де халалға бақылау жасау мақсатымен Діни басқарма өз жарғысына сай арнайы бөлім ашпақ. Алла сәтін салса, оның қызметінің нәтижесін көрерміз.
– Қалай ойлайсыз, халал стандарты туралы арнайы заң қабылдау керек пе?
– Әлбетте, керек. Біз Діни басқарманың пәтуасын басшылыққа алып, Алматы қаласындағы 50-ден астам дүңгіршек, кафе, асханалардың маңдайшаларына ілінген «халал» деген жазуларын алдыртып тастадық. Шын мәнінде халал болғысы келетіндердің өнімдері де, іс-әрекеттері де шариғатқа сай болғаны жөн ғой. Халал стандарты туралы арнайы заң қабылдауымыз керек.
– Қазір халал атын жамылып, бірақ сапасыз, күмәнді тауарларды шығарып жатқан кәсіпкерлер бар. Мүмкін, халықты алдап пайда тауып отырған, өнім құрамына белгіленген нормадан артық түрлі қоспалар қосатын өнім өндірушілерді жазалау керек шығар?
– Әрине, тәртіп керек. Ол үшін әкімшілік шаралар белгілі заң аясында қолданылуы қажет. Бұл үшін, жоғарыда айтып өткеніміздей, халалға қатысты заң қабылданса ғана мұндай қатаң іс-шаралар жүзеге аспақ.
– Бір қуанарлығы, қазір байқап қарасаңыз, халал дүкендерде сауда жақсы жүріп жатады. Мұндай дүкендерден тек мұсылмандар ғана емес, халал тағамдардың сапасы мен мәнін түсінген басқа діндегі адамдар да келіп сауда жасайды. Егер халықтың сұранысы жоғары болса, неге еліміздегі азық-түлік өндірісін түгел халал стандартына көшірмеске?
– Мұнда ескеретін жағдай, біздің еліміз көп ұлт пен ұлысты, көпконфессиялы. Әр ұлт пен әр діннің азық-түлік пен ішіп-жеуге қатысты ерекшеліктері бар. Арамызда итті бағып, етін жейтін де, доңызды бағып, оның да етін жейтін де, тіпті бақа-шаянды да қорек ететін отандастарымыз бар. Сондықтан олардың бәріне де бір ұстанымды міндеттей алмаймыз. Осы мәселе халалға қатысты еліміз бойынша бір ұстанымды ұсынуға кедергі екендігін түсінетін боларсыз.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Кейбір кәсіпкерлердің «халал» деп шығарып отырған өнімдері шын мәнінде халал емес, күмәнді. Астананың базарларында «Петр халал», «Александров халал», «Посаженников халал» деген шұжықтар сатылып жатыр. Кейбір кәсіпорындардың бір цехынан «халал» шұжық та, «харам» шұжық та шығарылады. Яғни шұжық бір технологиядан өткізіледі. Доңыздың етін тартқан аппаратқа халал етті де тартады. Сондықтан қазір «халал» деген сертификатты кім болса сол алып, халал да, харам да араласып кеткен. Ертеректе Алматының ет комбинатын тексеруге барған маман жылқы етінен жасалған шұжықтың түрін тексергенде, 25 пайыз доңыз еті қосылғандығын анықтаған. Сиыр етінен жасалған шұжыққа да 25 пайыз доңыз еті қосылыпты. Технологтен: «Неге бұлай?» – деп сұрағанда: «Сиыр мен жылқы етінен шұжық жасалғанымен, олар біраз уақыт өткен соң сүрленіп, қатып қалады. Сондықтан 25 пайыз доңыз етін білдіртпей қосамыз», – деп жауап берген. Осыдан кейін халал туралы не айтуға болады?