Ұлыбритания қазақтарына ана тілінен ажырап қалу қаупі төніп тұр
Хакан Одунжу, Ұлыбританияның Кардиф қаласындағы Гламорган университетінің ғылыми қызметкері әрі оқытушысы, электрондық-инженерлік ғылымдардың докторы, профессор, Еуропадағы Қазақ қоғамдары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
– Хакан мырза, сіз атамекеніңізден тысқары шетелде жүрсеңіз де, қаймана қазақтың күйін күйттеп жүретініңізді білеміз. Бұған Ұлыбританиядағы қазақ мәдени қоғамындағы жемісті жұмыстарыңыз куә болса керек. Жеке ұйым құрып, отау тігулеріңіз Англия үшін «үй ішіне үй тіккендей» болып көрінген жоқ па? Бұл ұйымның тарихы қай кезден бастау алады?
– Шетелде тұратын қазақтар атамекенінен жырақта жүргендіктен, өте ұлтшыл болып келеді. Қазақылығымыз бен салт-дәстүрімізді сақтауға да осы ұлтшылдығымыз себеп болды. Олай болмаған күнде ол жақтағы аз қазақ ағылшын, неміс немесе француз болып жұтылып кетер ме едік. Ұлыбританияға ең алғаш рет қазақтар 1980 жылдары Түркиядан көшіп барды. Сол жылы өз ана тілін, салтын сақтау және өзара байланыс мақсатында Ұлыбритания қазақтары қоғам құрады. Бұған Британ үкіметі түсіністікпен қарады. Ағылшындар азшылық ұлттарға үнемі қолдау жасап, мәдениетін дамытуға мүмкіндік беріп отырады. Бірақ экономикалық жағдайларға байланысты және Британ елінің заңын жетік білмегендіктен, қоғамның іс-әрекеті басында шектеулі болды. Кейін бұл ұйым араға 23 жыл салып барып арнайы қор ретінде, яғни 2003 жылы Ұлыбританиядағы қазақ мәдениет қоғамы болып қайта тіркелді. Мен 2005 жылдан бері осы мәдени орталықтың төрағасымын. Содан бері ресми түрде жұмыс жасап келе жатқан қоғамымыз ұлттық және діни мейрамдарда отырыстар өткізіп, жастардың бір-бірімен аралас-құралас болуы үшін тілге, ұлттық мәдениетке қатысты, сондай-ақ спорттық іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Бұндай мәдени орталықтар қазақтар қоныстанған шет мемлекеттердің барлығында құрылды. Мысалы, 500-ден астам қазақ тұратын Франция мемлекетінде бір емес, екі қоғам бар. Біреуі қазақ мәдени қоғамы болса, екіншісі – Мұстафа Шоқай атындағы қазақ достық қоғамы.
– Тағдырдың айдауымен атамекенінен жырақ кеткен қазақтар ұлттық бет бейнесінен ажырап қалған жоқ па?
– Бүгінгі таңда біз секілді аға буынның қазақша жақсы сөйлеуіне байланысты, Еуропадағы орта буын өз тілдерін айтарлықтай жақсы түсініп, азды-көпті сөйлеп те жүр. Ол жақта құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік тойы, тұсау кесу, азан шақырып, балаға ат қою, сүндетке отырғызу салты, кісі қайтса, жетісін, қырқын беру, сондай-ақ ораза айында құран-хатым түсіру сияқты жоралғылар әлі де сақталған. Бізді алаңдататын тек – тіл мәселесі ғана. Кейінгі жас ұрпаққа қазақ тілінен ажырап қалу қаупі төніп тұр. Өзге мемлекеттер секілді Ұлыбританиядағы қазақтар да ана тілінен ада қалып барады. Лондондағы қазақтардың балалары өзара ағылшынша сөйлеседі. Ал ата-аналары от басы, ошақ қасында түрікше қарым-қатынас жасайды. Қазақ тілін үйрену мәселесі өте қиын. Біз алғаш Қазақстаннан «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақ жастары келе бастағанда қатты қуанған едік. Балаларымыз тіл үйренетін болды деп. Оларды іздеп жүріп, тауып алып, үйге шақырдық. Алайда бұл үмітіміз ақталмады. Себебі келген жастардың көбі қазақша білмейтін болып шықты. Егер Қазақстаннан келген сол жастар қазақша білгенде, олар бос уақыттарында біздің жастарымызға қазақша үйретуге көмектесе алар еді. Бірақ олай болмай шықты.
Кезінде тілді дамыту үшін Лондондағы Қазақстан елшілігінің көмегімен қазақ тілі курстарын ұйымдастырған болатынбыз. Сол курстардың нәтижесінде бірнеше бала кириллицаны оқып-жазуды үйренген еді. Бірақ Қазақстанның сол кездегі Лондондағы елшісінің басқа қызметке ауысуына байланысты бұл курстар тоқтап қалды. Кейін өз жалғасын таба алмады.
– Сонда Англиядағы ат төбеліндей ғана қазаққа ана тілі мен мәдениетін үйретемін деп атажұртынан ешкім көмек қолын соза алмады ма?
– Жоқ! Қолдау болмай отыр. Бұл мәселе былтыр Лондонда өткен Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайында да аз айтылған жоқ. Құрылтайға келіп қатысқан Еуропадағы қазақтардың алдыңғы қатарлы азаматтары мен Еуропа Қазақ Қоғамы басшылары және Қазақстаннан келген делегация мүшелері қазақ тіліне және ұлттық-мәдени мәселелерге қатысты проблемаларды талқылады. Өкінішке қарай, бұл басқосуда қабылданған қарарлардың көбі жүзеге аспады.
Басында айтып өттім, Еуропа елдерімен салыстырғанда, Ұлыбританиядағы қазақтардың саны аз деп. Бірақ соған қарамастан, қазақ балалары мен жастарына ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерін және ұлттық мәдениетін үйрету жұмыстарын тоқтатпай жүргізіп келеміз. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмейді ғой. Қол қысқа.
– Жаңа бір сөзіңізде Еуропа қазақтарының басын қосқан кіші Құрылтай туралы айтып қалдыңыз. Біздің білуімізше, бұл батыстағы қазақтардың тұңғыш құрылтайы. Аттиланың ізі қалған Еуропа мемлекетіндегі алты Алаштың баласы бас қосқан алқалы жиын қалай өтті?
– Англия жастарын ұлттық тәрбиеге, ана тіліне үйретуге құрылған жергілікті қоғамдардың шамасы жетпейді. Сондықтан Алаштың тұяғы бар Еуропа мемлекеттеріндегі осындай ұйымдардың басын қосып жұмыс істеу, ұлт мүддесімен бірігіп күресу мақсатында 2008 жылы Еуропадағы Қазақ қоғамдары қауымдастығы құрылды. Мен сол қоғамның төрағасының орынбасарымын. Әрі арнайы өкілімін. Бұл қауымдастыққа бүгінгі таңда Еуропадағы 10 қазақ мәдени орталығы енеді.
Тілді дамыту, бір-бірімізбен байланысты кеңейту үшін осы қауымдастықтың бастамасымен бірінші рет былтыр Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайын өткіздік. Кіші Құрылтай мамырдың 30-31 күндері Англия астанасы – Лондон қаласында өтті. Бірнеше күнге ұласқан жиында мәдениет фестивалі және қазақ жастарының арасындағы футбол турнирі өтті. Құрылтайдың бағдарламасын Ұлыбритания қазақ қоғамы жасады. Шығындарын да демеушілердің көмегімен өзіміз көтердік. Онда Еуропадағы қазақтардың алдыңғы қатарлы азаматтары мен Еуропа Қазақ Қоғамы басшылары және Қазақстаннан келген делегацияның мүшелері қатысуымен дөңгелек үстелде қазақ тіліне және ұлттық-мәдени мәселелерге қатысты өзекті проблемалар талқыланады.
Кездесудің негізгі мақсаты жастарды таныстыру, табыстыру болатын. Ол дәстүрлі түрде жыл сайын Еуропаның қазақтар тұратын бір қаласында өткізіледі. Биыл мамыр айының 25-інде Австрияның астанасы Вена қаласында өтеді деп отырмыз.
– Халқымызда «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қанатты сөз бар. Сіз қаймана қазақтың намысын өзге елде жыртып жүрген тұлғалардың бірісіз. Жалпы, шетте жүрген қандастарымыз білім шыңын қалай бағындырып жүр деп ойлайсыз?
– Алыс-жақын шетелде, соның ішінде Англияда білім қуып, техникалық ғылымдар саласы ғана емес, жалпы, жоғары қызметте жүрген қазақтардың саны саусақпен санарлық қана. Аға буынға бұндай бақ көп бұйырмапты. Керісінше, қазіргі уақытта университет бітіріп, қызметке енді кірісіп жүрген жастар өте көп. Оқуын бітіріп, белгілі бір салада мамандық алғандар оқу-ағартушы, дизайнер немесе маркетинг маманы болып жұмыс істеп жатыр. Ұлыбританиядағы қазақ балаларының алғашқы буыны 1995 жылдан бастап жоғары білімдерін тамамдап, мамандық иесі бола бастады. 1998 жылы екі студент университет бітірді. Кейін бұл көрсеткіш күрт өсті. Қазір біздің университетте сабақ беріп жүрген бір ғылыми қызметкеріміз, бір компьютер инженеріміз, сондай-ақ үш бастауыш мектеп мұғаліміміз және бір менеджмент маманымыз бар.
Бұндай дарынды жастарымыз Германияда өте көп. Ол жақта қазақтардың қоныс аударғанына 40 жылдан асты. Олардың өздері көшіп-қонып жүріп, жөнді білім ала алмаса да, балаларын жақсы оқытты. Осының зейнетін көріп отыр. Батыстық өмірге олар жақсы бейімделіп кетті. Ірі-ірі компанияларда жұмыс істеп жүр. Ал техникалық ғылым саласында қызмет етіп жүргендер саны онша көп емес. Мен білетін алты-жеті адам бар екен.
Бұл жерде оның себебін санымыздың аздығынан іздеуге тағы болмайды. Өйткені кезінде жағдай солай болды. Алайда қазір, құдайға шүкір, әр салада білім алып, қазақтың мерейін асыруға ұмтылып жүрген жастарымыз көбейіп келеді.
– Бүгінгі таңда «Тұманды альбионда» қанша қазақ тұрады?
– Англияға, негізінен, қазақтар жұмыс бабымен Түркиядан қоныс аударып келді. Бүгінгі таңда олардың түгелге дерлігі Лондон қаласында өмір сүріп жатыр. Кейінгі жылдары Қытай және Ауған елдерінен келіп, біраз қазақ қосылды. Бірақ олардың саны көп емес. Лондонда қазір 35-40 қазақ отбасы, яғни 300-400-дей адам бар. Негізі, ол жақтағы қазақтардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Себебі Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алғаннан кейін жоғары білім іздеп немесе жұмыс істеуге тағы басқа себептермен көптеген Қазақстан азаматтары сонда қалып қойып жатыр. Мұндай азаматтардың саны 100-150 шамасында болып қалады.
Мен өзім Англияға 90-жылдары келдім. Жоғары білімді Түркияда алдым. Мамандығым – электрондық инженер. Қазір Кардиф қаласындағы Гламорган университетінде сабақ беремін. Университетте медициналық электрондық құрылғылар жасаумен айналысамын. Тоқсаныншы жылдардың басында Түркияда жас мамандарды әлемнің ірі-ірі оқу орындарында дайындау мақсатында Қазақстандағы «Болашақ» бағдарламасы секілді жаңа бағдарлама қабылданған болатын. Осы бағдарлама бойынша 1991 жылы Ұлыбританияның Манчестер қаласына келіп, магистратураға түстім. Магистратураны тәмамдағаннан кейін, Кардиф қаласына қоныс аударып, ондағы Гламорган университетінде докторантурада оқып, зерттеу жұмыстарымен шұғылдана бастадым. Кейін осы университетте қалып қойдым.
– Мекен еткен аумағы бөлек болғанымен, жүрегі «атамекенім» деп соққан Еуропа еліндегі қазақтар Қазақстанға көшіп келу жайын ойлай ма екен?
– Ұлыбританиядағы қазақтар әзірге Қазақстанға қоныс аудару туралы ойламайды. Оларды мұнда көшіріп әкелгенімен, қазақтың дамуына айтарлықтай үлес қоса алады деп айта алмаймын. Керісінше, Қазақстанға оларды саяси аренада беделі зор бір мемлекеттегі «екінші қанаты» ретінде ұстаған тиімді. Бұндағы қазақтарға мәдени әрі сауда-саттық салаларында Қазақстанмен тығыз байланыс орнату тиімді болып отыр. Тек бізге тарихи Отанымыздан мәдени, рухани қолдау ғана күтеміз. Бұл туралы кезінде жеткілікті дәрежеде көтеріп, өз ұсыныстарымызды білдірген болатынбыз.
– Бұл қандай ұсыныстар еді?
– Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайында Ұлыбритания Қазақ Қоғамы жастардың және олардың отбасыларының қазақша үйреніп, ана тілін дамытушыларға қажетті замана талабына сай, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, 12 жастан асқан балалар мен жастардың қазақша сөйлеп үйренуіне және қазақ мәдениетімен танысуына мүмкіндік беретін жазғы лагерьлер ұйымдастыру, сондай-ақ ана тілін жетік меңгерген қазақ балалары арасында өтетін тіл олимпиадасын ұйымдастыру мәселесін көтерген едік.
Бұл олимпиаданы Еуропа Қазақтарының дәстүрлі кіші Құрылтайы құрамында жыл сайын өткізіп тұруға болады. Сонымен қатар Құрылтайда қазақ тілін, өз тарихын жақсы білетін, бірақ мүмкіндігі шектеулі қазақстандық жастарды жазғы демалыс уақытында Англияға немесе керісінше, англиялық жастарды атажұртына жіберу туралы бастама ұсынған болатынбыз. Сол арқылы бұл қазақстандық жастар ағылшын тілін үйренуге, олардың қастарына барып орналасқан шеттегі қазақ отбасыларының қазақшаларын жақсартуына мүмкіндік берер еді.
Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдармен де осы айтылған мәселелер бойынша байланыс жасап, ортақ жобалар жасау арқылы тіл, халық музыкасы, мәдениет және спорт салаларында серіктестік орнату мәселесі де аз айтылмады. Сонымен қатар болашақта Еуропаның орталық бір ауданында Қазақ Мәдениет институтын ашсақ, нұр үстіне нұр болмай ма?!
– Бұл ұсыныстарыңыздан нәтиже болды ма?
– Оны айта алмаймын. Көп ештеңе өзгерген жоқ.
– Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз?
– Жұбайым – Түркияның қазағы. Екі балам бар. Қызым тоғыз жаста, ал ұлым жақында алтыға толды.
– Олар қазақша біле ме?
– Хабары бар. Олар әзір ағылшынша, түрікше, немісше сөйлейді. Тілді шамамыз келгенше үйретіп жатырмыз. Қазақ тілін тұрмыста қалт-құлт деңгейде қолданып, «санамақ» пен «қуырмаш» ойындарын ойнайды. Одан артық үйренуге мүмкіндік жоқ. Бізде көрсететін қазақстандық телеарналарды олар түгіл, өзім де түсінбеймін. Өйткені көбі орыс тілінде. Газет оқи алмайды. Барлығы кириллицамен жазылады. Әйеліммен түрікше, арасында қазақша сөйлесемін. Тым болмаса балаларымыз тегі бір түрік тілінен ажырап қалмады. Соған тәубе дейміз. Қазақ тілін телеарна, газет немесе интернет арқылы үйрене алмайсыз. Ең алдымен, қазақ тілді орта қажет. Сондықтан алдағы уақытта отбасымды осы жаққа алып келіп, біраз көрсетіп қайтсам ба деп отырмын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Біз алғаш Қазақстаннан «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақ жастары келе бастағанда қатты қуанған едік. Балаларымыз тіл үйренетін болды деп. Оларды іздеп жүріп, тауып алып, үйге шақырдық. Алайда бұл үмітіміз ақталмады. Себебі келген жастардың көбі қазақша білмейтін болып шықты. Егер Қазақстаннан келген сол жастар қазақша білгенде, олар бос уақыттарында біздің жастарымызға қазақша үйретуге көмектесе алар еді. Бірақ олай болмай шықты.