Ұлттық құндылықты меңгермеген адам әлемдік өркениеттің шыңына шыға алмайды

Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің профессоры:

– Болон процесіне Қазақстан 47-ел болып қосылды. Десек те, Болон декларациясына қол қоюымыз асығыстық болды деп айтылып жатқан пікірлерге қалай қарайсыз?

– Қосылдық. Бұл – біздің болашақ тағдырымызды анықтайтын тарихи, қоғамдық, әлеуметтік мәні бар саяси шешім. Шетелдердегі көптеген университеттер біраз уақыттан бері кредиттік технология бойынша білім беруде. Еуропада кредиттік технология бойынша дәріс беріп, осы бойынша маман дайындауға барлық жағдай жасалған. Студенттер оқу жылы басында керекті оқу құралдары, оқулықтары, жазбаша тапсырмалары және де басқа материалдармен толық қамтамасыз етіледі. Сондықтан күнделікті дәрістермен қатар, олар жыл бойы өз бетінше дайындала береді. Оларда компьютер, интернет деген проблема жоқ. Ал бізде ондай мүмкіндік әлі толық бар деп айта алмаймыз. Бұл – ұйымдастыру, материалдық база жағы. Мұндағы көбірек ойландыратыны, тіпті бұл жағы да емес, ол – білім мазмұны.

Болон процесіне ену керек. Бірақ оған кірдік екен деп өзімізді, өзіміздің қазақ екенімізді, Қазақстан елі, қазақ халқы екенімізді ұмытып кетпейік. Бізді қатты толғандырып отырған проблема – ол оқыту барысында, мамандар дайындау ісінде ұлттық құндылықтарды ескеру мәселесі. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ әлі тиісті деңгейде емес. Біз – еліктегіш халықпыз. Бір жерде бір жаңалық болса, соны айнытпай түгел көшіріп аламыз. Ол бізге жарай ма, келе ме, пайдалы ма, ол жағына мән бере бермейміз. Өзімізге бейімдеп алуды білмейміз. Ресей де осы Декларацияға қол қойғанымен, жоғары оқу жүйесінде өз ерекшеліктерін ескере отырып, бакалаврмен қоса жоғары білімді маман және ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындауды одан әрі жалғастыруда. Себебі бакалавриатты бітіргеннің бәрі магистратурада білімін жалғастыра алмайды. Ал өндіріс орындарына агроном, инженер, технолог сияқты мамандар қажет. Сондықтан Ресейдің екі жүйені қосып қатар алып жүруі – құптарлық іс.

Біздің ұзақ жылдар бойы оқып келген жүйеміз – Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан жүйе. Ол кезде білім беру, оны ұйымдастыру мәселесі өте жоғары деңгейде болды және фундаменталдық керемет жақсы білімімен әлемге өзін мойындата білді. Оған дау жоқ. Ал үлкен кемшілігі – идеологияға көбірек көңіл бөлгені. Партияға қызмет істеп, соның сөзін сөйлеу, партияның айтқанымен жүру деген сияқты. Дәрігер ме, агроном ба, қай мамандық болса да керек пе, керек емес пе, маркстік философия, ғылыми коммунизм, саяси экономия, партия тарихы және т.б. маркстік көзқарасты дәріптейтін ілімдерді меңгеру керек болды.

Енді Кеңес Одағы тарады. Ол кезеңдерде біздің елімізде ұлттық білім жүйесі қалыптаспаған еді. Қазақ философиясын, қазақ психологиясын, қазақтың тарихын, ұлттық мүддемізді көздейтін пәндер бізде болған жоқ. Қазір де оларды толық қалыптастырып болған жоқпыз. Бұл пәндерді оқытып жатқан жоғары оқу орындары шамалы. Сөйтіп, осылардың бәрінен, ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын дәрістерден жұрдай болып келіп, енді Болон процесіне қосылудан кейін кім боламыз, қазақ бола аламыз ба, қазақ болып қаламыз ба? Бізді толғандыратыны – осы мәселе. Қосылу қиын емес. Өзіміздің ұлттық білім беру жүйемізді, ұлттық моделімізді қалыптастырып алып кірсек, онда әңгіме басқа. Жалпы, ұлттық құндылықты меңгермеген адам әлемдік өркениеттің шыңына шыға алмайды. Барлық білім, барлық ғылым ұлттық құндылыққа, ұлттық мүдделерге қалыптасады. Одан жұрдай адамның алысқа ұзай қоюы күмәнді. Сондықтан менің ерекше назар аударатыным, білім берудің ұлттық сипаты, ұлттық рухы болатын. Біз қазір Болон декларациясының қандай талаптары бар, соның бәрін орындап жатырмыз. Кредиттік технологияға көштік, жаңа оқу жоспарларын жасадық, сол бойынша оқытудамыз. Кредиттік технология керек, ол – болашағы бар іс. Басқа өркениетті елдермен араласып, біздің жастардың сол мемлекеттерде оқуына мүмкіндік береді. Өйткені барлығының талабы бірдей.

–  Яғни талап бірдей болса, осы жүйе бойынша білім алған жастардың шетелдерде, қалауы бойынша қай мемлекетте болса да жұмыс істеуіне шамасы келеді ғой?

– Иә. Осындай жүйемен оқып келген балалардың шетелдерде де жұмыс істеуіне болады. Бірақ біз түбімізді ойлайық. Біз Еуропа үшін, Франция үшін немесе Германия үшін маман дайындамаймыз ғой. Қазақ елінің экономикасы, қазақ халқының мүддесі үшін, Қазақстан үшін дайындаймыз. Шетелге барып жұмыс істеу біздің ұлттық мүдде тұрғысынан соншалықты маңызды емес. Қолдарынан келсе, жас мамандарымыз алдымен өз елімізді жарылқасын. Оның үстіне Еуропа біздің мамандарымызға зәру болып отырған жоқ, олардың өз кадрлары өздеріне жетіп-артылады. Тіпті бөтен елдердегі кәсіпорындар мен мекемелерді былай қойғанда, осы Қазақстандағы шетел компаниялары біздің елге өз мамандарын тасып, жергілікті кадрларды шеттетіп отырған жоқ па? Сондықтан біз мамандар дайындағанда оларды шетелге жұмысқа тұрғызу үшін емес, өз елімізге, өз халқымызға қызмет істеу үшін дайындауымыз керек.

– Дегенмен жоғары білім беруде деңгейі барлық халықаралық талаптарға жауап беретіндей өзіміздің ұлттық моделіміз қалыптасқан деп айта аламыз ба?

– Ұлттық жүйе – ол ұлттың болашағы, ұлттың мүддесі. Жоғары білім ғана емес, білім беретін барлық салалардың ұлттық сипаты, рухани мәйегі болуы тиіс. Білімнің мазмұны, оқыту стандарттары ұлтымыздың тағдырын, еліміздің ерекшелігін, халқымыздың менталитетін ескеріп, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге бағытталуы керек. Осындай мүмкіндігі бар білім жүйесін ғана ұлттық жүйе деп айтуға болады. Бұл жүйенің түпкі мақсаты, ең маңызды міндеті –ұлтымыздың рухани өмірін сақтап қана қоймай, оны байытып, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, сана-сезімін, тарихи және мәдени құндылықтарын қазіргі адамзат өркениеті биігіне көтеру. Жаһандану заманында өз ұлтымызды сақтап қалудың басқа жолы жоқ.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, жоғары білім берудің толыққанды ұлттық моделін қалыптастырдық деп айту ертерек. Талпыныс бар, біраз игілікті істер атқарылып жатыр. Дегенмен шешілмей жатқан шаруалар да аз емес.

– Ол қандай мәселелер және олармен нақты кімдер айналысуы керек?

– Кез келген білім жүйесін ұлттық жүйеге айналдыру үшін оған мықты ұлттық компоненттерді қосу керек. Мысалы, Қазақ мемлекетінің тарихи және құқықтық негіздері, қоғамымыздың мәдени, әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктері, қазақ философиясы, халық педагогикасы мен ұлттық психологиясы, тілі мен әдебиеті, тағы сол сияқты ұлттық болмысты бейнелейтін пәндердің құрамы оқу жоспарына міндетті түрде енуі қажет.

Бүгінгі білім беру стандарттарында ұлттық компоненттер (қазақ ұлтының) жоқтың қасы, өте аз, мардымсыз. Өйткені жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттары, оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламалары әр мамандық бойынша осы саладағы жетекші университетте құрылған оқу-әдістемелік бірлестіктердің күшімен жасалады. Ал олар негізінен, мамандықтың кәсіби біліктілік талаптарына көңіл бөледі. Білімнің ұлттық компонентін құрастыру, оның мазмұнын, құрамын, оқыту мерзімі мен әдістерін анықтау олардың қолынан келмейді. Оның үстіне мұндай ұлттық маңызы бар мәселені бір университеттің меншігіне беріп қоюға да болмайды. Бұл мәселені Білім министрлігі өз құзырына, өз жауапкершілігіне алғаны абзал.

Министрлік жоғары білім беру Департаменті құрамына әлеуметтік-гуманитарлық білім беру ісімен айналысатын арнайы бөлім болуы керек. Сонымен қатар осы бағыттың күрделі мәселелерін талқылап, өз ұсыныстарын беріп отыратын, құрамында көрнекті ғалымдары бар Республикалық ғылыми-методикалық кеңес құру қажет.

Бұл құрылымдардың негізгі міндеті — қазақтың рухани қазыналарын дәріптейтін, қазақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып қана қоймай, әрі қарай дамытатын пәндер мен тәрбие түрлерін анықтап, оларды оқу жоспарларына кіргізуді қамтамасыз ету. Осылайша, қоғам деңгейінде анықталған ұлттық компонент біз қалыптастыру керек деп отырған ұлттық білім беру моделінің тұздығы болуы тиіс.

Екінші шарт – білім саласындағы ұлттық тәрбие ісін мемлекеттік деңгейге көтеру. Соңғы кезде тәрбие жұмысын, әсіресе ұлттық тәрбиені жіберіп алғанымыз жасырын емес. Бұл мәселеде қанат жайып келе жатқан жаһанданудың, жастарымызда батыс елдерінің өнері мен әдет-ғұрпына, іс-әрекетіне шектен тыс еліктеудің әсері мол. Оқыту жоспарлары тәрбие мәселелерін қамтымайды. Адами-рухани мәселелерден бейхабар, жалаң бір кәсіптің маманын дайындауға ғана бағытталған.

Жастардың тәрбие жүйесіне ірі сілкініс қажет. Тәрбиенің түпкі мақсаты ретінде ұлтымыздың рухани өмірін сақтап қана қоймай, оны байытып, қасиетті мұраларды бүгінгі адамзат өркениеті биігіне көтеру болып табылады. Бұл істің тағдырын шын мәнінде мемлекеттік деңгейге көтеру керек. Еліміздің жоғары білім жүйесінің ұлттық моделін қалыптастыру барысында оның құрамында ресми түрде тәрбиелік компоненттер болуы шарт. Сонда ғана университет бітіретін жастардың тек қана жалаң мамандық алып қоймай, сонымен бірге Отанын сыйлайтын, ұлтын ұлықтайтын азаматтар болып тәрбиеленуін қамтамасыз етуге болады.

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осы ұлттық тәрбиені іске асыратын біраз бастамалар бар көрінеді. Осыларды анықтай кетсек.

– Осы күрделі мәселені заман талабына сай шешу мақсатымен университетімізде осы күнге дейін ешбір оқу жоспарында жоқ, жаңа «Ұлттық тәрбие» пәнін қалыптастырып, студенттерге дәріс оқи бастадық. Арнайы «Ұлттық тәрбие» кафедрасын аштық. Осы пән бойынша тұжырымдама мен оқыту бағдарламасын жасап, қабылдадық. Студенттерге арналған оқу құралы ретінде дәрістер жинағын дайындап, баспаға бердік. Сонымен қатар осы маңызды мәселеге өз ұстаздарымызбен бірге көрнекті қоғам қайраткерлерін, атақты ғалымдарды, ұлтжанды ірі тұлғаларды тартып отырмыз. «Тұлғалар тағылымы» деп аталатын лекциялар циклына еліміздің біраз азаматтары шақырылды. Оның ішінде мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, академиктер – С.Зиманов, С.Қирабаев, С.Сартаев, Ө.Айтбаев, Ә.Бейсенова, белгілі ғалымдар М.Мырзахметов, Қ.Жарықбаев, С.Ғаббасов, Қ.Бөлеев, А.Құсайынов, Ж.Молдабеков, Ә.Сығай, Ә.Табылдиев бар. Олар ұлттық тәрбиенің әртүрлі қыр-сырларын айтып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Университетімізде бүкіл республикаға тарайтын «Ұлттық тәрбие» журналы шыға бастады. Біздің бастамамыздың маңызын бағалай отырып, Білім және ғылым министрлігі Абай атындағы университет негізінде «Ұлттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесін» құрды. Сонымен осы бағытта біраз маңызды шаралар атқарыла бастады. Біздің ойымызша, ұлттық тәрбие мәселелері балабақшадан бастап, барлық оқу орындарын, барлық білім жүйесін түгел қамтуы керек.

– Дегенмен уақытқа байланысты білімнің өзінің бағыты, жүйесі, мазмұны, оның білім беру әдісіндегі жаңалықтарының болуы заңдылық емес пе?

– Білім беру жүйесі уақыттың айнасы сияқты. Уақыттың талабы қандай, қоғамда қандай мәселелер бар, қай мәселеге басымдық беру керек – білім соған жауап беруі қажет. Егер ол деңгейден көрінбесе, онда ондай білімнің маңызы шамалы. Қоғамдағы өз міндетін ойдағыдай және толық атқару үшін білім жүйесі қоғамда болатын құбылыстардан оқ бойы озып отыруы керек. Егемендік алғалы бері көптеген өзгерістер жүріп жатыр. Экономикалық формацияның өзгеруі, нарықтық қатынастардың орын алуы, интеграция мен жаһандану үрдістері білім жүйесіне мүлде жаңа талаптар қоя бастады. Заманның ағымына байланысты бұрын болмаған көптеген жаңа мамандықтарды игеруге тура келді. Білімнің мазмұны да, оқыту әдістері де, жүйенің қызметін реттейтін заңнамалар да жаңарды. Білім жүйесінде күрделі реформалар жүріп жатыр десек те болады.

Әр кезеңнің ерекшелігін ескеретін мемлекеттік бағдарламалар жасалып, іске асырылып жатыр. Дәл қазір білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған стратегиясы талқылану үстінде. Бұл шаралардың бәрі отандық білім беру жүйесін жетілдіріп, мамандар дайындау сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар әлі толық шешімін таппай, «әттеген-ай» дегізетін мәселелер де баршылық. Олар – жекеменшік жоғары оқу орындарының көп болып, олардың біразы пайда табу жолына түскендігі. Өз қалтасынан ақша төлеп, ақылы оқу оқитын студенттер саны шектен тыс көбейіп бара жатқандығы.

– Батыс елдерінде білім беру саласына атсалысып отыратын қоғамдық ұйымдар бар. Осы сияқты біздерде де білім беру жүйесіндегі жұмыстарды бақылап отыратын қоғамдық ұйымдар немесе белсенділер тобын құруға болмай ма?

– Бізде барлық жауапкершілік бір министрлікке жүктелген. Жалпы білім беру деген тек бір министрліктің жұмысы емес. Оған қоғам болып араласуымыз керек. Университеттерде маман дайындап жатырмыз. Бұған қоғамның көзқарасы қалай, оған салалық министрліктер де, жұмыс беретін мекемелер де араласып, өздеріне қандай мамандар керек, қалай дайындауымыз керек, қандай әдіспен дайындау керек, олар нені білуі керек екенін айтып, талап етіп отыруы керек. Жалпы, қазіргі заманның талабына сай мектепті басқарудың жаңа саясатын, жаңа жүйесін қалыптастыру қажет. Жоғары оқу орындарында да осындай жағдай. Олардың бәрі өздерімен өздері. Олармен ешкімнің жұмысы жоқ, тексеретін органдар болмаса. Біраз университеттерде Қамқоршылар кеңесі құрылған, бірақ олардың бітіріп жатқан шаруалары шамалы. Университеттердің түлектеріне жұмыс беретін мекемелердің өкілдерін, көрнекті қоғам қайраткерлерін және жергілікті басқару органдарының басшыларын университеттердің және факультеттердің ғылыми кеңестеріне тұрақты мүше етіп кіргізу керек. Олардың білім беру стандарттарын, оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламаларын жасауға белсенді түрде араласқандары дұрыс. Мына салаға қандай пән оқыту керек, қайсысы артық, жаңасы қайсы, тиімдісі қайсы, міне, осылардың бәрін өндіріс өкілдері айтып отыруға міндетті. Солардың талабы, ақыл-кеңесі бойынша дайындалған мамандар нағыз мамандық иесі болып шығады.

Көптеген дамыған елдерде әр мамандық бойынша қоғамдық қауымдастықтар (ассоциациялар) құрылған. Мысалы, физиктердің, химиктердің, бухгалтерлердің, менеджерлердің т.б. өз қауымдастықтары бар. Олар әрбір мамандық бойынша білім беру стандарттарын бекітіп, олардың іске асуын асқан мұқияттылықпен бақылап отырады. Университеттерге өз мамандықтары бойынша кадр дайындауға рұқсат (лицензия) беретін де, егер оқыту процесі ойдағыдай болмаса, осы рұқсатты қайтып алатын да осы қауымдастықтар. Ал бізде жетекші университеттерде құрылған оқу-әдістемелік бірлестіктердің тек ұсыныс беруден басқа ешнәрсеге құқығы жоқ. Сондықтан біздің де осындай қоғамдық қауымдастықтар жүйесіне көшкеніміз жөн. Қазақстан білімін дүниежүзілік жүйеден, бүкіл адамзаттық рухани, мәдени байлықтардан бөліп ажыратып алу емес, керісінше, сол адамзаттық ортақ өркениетке өз тегіміз, ұлттық болмысымыз, рухани төлтума құндылықтарымызбен барып кіргеніміз абзал. Сонда ғана ұлттық тағдырымызды, мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді, тағы басқа қадірлі қасиеттерімізді сақтап қаламыз. Тағы да қайталап айтайын, өз халқының рухани мұраларын меңгермеген азаматтың бүкіл адамзаттық өркениеттің биігіне шығуы екіталай.

Ұсыныс

Біз өзіміз жасаған стандарт бойынша оқытып жатырмыз, олар кейін ана жұмысқа жарай ма, жарамай ма? Жарамай, жұмыссыз қалып жатқандар көп. Қоғам сыртта қалды. Олай болмауы керек. Білім беру жүйесі – қоғамдық жүйе, оған барлық қоғам болып, ел болып, жұрт болып араласуымыз керек. Оның түрлері көп. Мектептерде ата-аналар комитеті деген бар. Өкінішке қарай, олар сабақтың сапасына және басқа нақты назар аударар мәселелермен айналыспайды, ақша жинау, жөндеу жұмысын жүргізу, кеш өткізу деген сияқты істермен ғана айналысады. Мектепте білім беру жүйесі қандай жолға қойылған, сабақ беру әдісі, сапасы, мұғалімдердің деңгейі қалай, мектеп осыған жауап бере ала ма? Міне, осының бәрі қоғамдық ұйымның назарында болуы керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста