«Үкімет өлтірмейді» деп, қол жайып отырған ағайындар да аз емес

Жақып Асанов, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жақып Қажманұлы, «Ертеңің үшін аянба!» бағдарламасын жа­саушы­лардың бірісіз. Жалпы, бұл идея қайдан келді? Қазаққа кәсіп үйретуге деген құлшынысқа не түрткі болды?
– Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде біраз табысты адамдар пайда болды. Көп­теген жастарымыз заманға лайық маман­дықтарды игеруде. Оның ішінде көбі «Бо­ла­шақ» бағдарламасы бойынша әлемнің мықты оқу орындарында оқып жатыр. Бірақ бұл адамдар – халықтың тек бір бөлігі ғана. Ал жеке шаруашылығы жоқ, алған білімі болса да, ол бойынша жұмысқа орналаса алмай, өмірде береке таба алмай жүрген адамдар саны аз емес. Бір жағынан қарасаң, мемлекет көп мүмкіндік беріп жатыр. Миллиардтаған ақша бөлініп, қыр­уар заң, бағдарламалар қабылдануда. Бірақ осы мүмкіндіктерді қалай пайдалану керек екендігін әркім біле бермейді.
Әрине, әр азамат өзінің тағдырына өзі жауапты. Мемлекеттің оның өміріне ара­ласуға құқығы жоқ. Бірақ әр адамның өсіп-өнуіне, табысты болуына, жетістікке жетуіне жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Әр адам табысты болса, мемле­кеті­міз де табысты болады. Сондықтан мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді біздің азаматтарымыз жақсы білгені дұрыс.
Осы жағдайды ескеріп, Елбасымыз өткен жылғы Жолдауында бүкіл мемлекеттік аппаратқа, «Нұр Отан» партиясына Үкі­метпен бірлесіп, адамдардың нақты проблемаларын шешуге шақырды. Қандай мамандықтарды оқуға болады, шағын несиелерді алу жолдары қандай, жалпы не істеу керек деген сұрақтар бойынша әр үйге, әр отбасына барып, қарапайым адамдардың көмекшілеріне, кеңесшілеріне айналу керек екендігін тапсырды. Сон­дықтан «Нұр Отан» партиясы «Ертеңің үшін аянба!» деген бағдарламаны қабылдады.
– Қанатқақты жобаның аяқ алысы қалай? Қандай нәтижелер беріп жа­тыр? Сіздер ұсынған бизнеспен айналысушылар бар ма?
– Жаңа айтып өттім, пилоттық жобаның басты мақсаты – осы өңірдегі халықты шағын және орта бизнеске жаппай тарту, азаматтардың табысын арттыру арқылы олардың өмір сапасын жақсарту, жұмыс­сыздық деңгейін азайту, қоғамдағы масыл­дық психологиямен күресу дегендей. Ол үшін кәсіпкерлікті қолдаумен айналысатын барлық құрылымның басын бір уақытта бір өңірде біріктіріп, аймақ тұрғындарымен тікелей жұмыс істейтін боламыз.
Пилоттық жоба шеңберінде шағын бизнестің бірыңғай ақпараттық базасы (веб-сайт) құрылып, онда бизнес-құрылымдарды қызықтыратын мәліметтер орналастырылады. Мысалы, облыстың тұтыну нарығына талдау, әрбір елді мекен кескінінде шағын бизнесті дамытудың басым бағыттары, 1000 бизнес-идеяның тізімі, шағын несиесіз және шағын несие тарту арқылы іске асырылатын 200 жоба бойынша бизнес-жоспарлар, шағын бизнес саласындағы (өз ісінің шебері деп танылған) мамандардың дерекқоры, шағын бизнестің қажеттілігіне бағытталған тауарлар мен қызметтердің әмбебап виртуалды көрме-жәрмеңкесі және т.б.
Бұл жұмысқа орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы орган­дардың өкілдері қатысады. Бағдарламаны ойдағыдай іске асырсақ, онда осы тәжірибені басқа да өңірлерде қолданатын боламыз. Бұл бағдарламаның үшінші кезеңін құрайды.
Ал пилоттық жобаның үстіміздегі жылғы маусым айында басталғанын ескерсек, оның нәтижелері жайлы айту әлі ертерек болар.
– Жалпы, кез келген кәсіп әр ай­мақтың орналасқан жеріне, климатына байланысты жүреді емес пе?! Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы аймақ­тарында егін шаруа­шылығымен айна­лысуға болатын болса, Маңғыстау аймағына бұл кәсіп қол емес. Осыны ескеріп, әр өңірге жеке бағдарлама ұсынасыздар ма? Қолдарыңызда әр облыстың елді мекендері жайында мәліметтеріңіз бар ма?
– Әрине, облыс, ауданды былай қойғанда, әрбір елді мекеннің өзіне тән ерекшелігі бар. Соның ішінде кәсіп түрлерін жүргізуге қолайлылық, инфрақұрылымның дамуы, жалпы, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті деген сияқты.
Пилоттық жоба болған соң, біз алдымен Павлодар облысы деңгейінде шағын биз­несті дамытудың бірыңғай ақпараттық базасын құратын боламыз. Осы ақпараттық базаны құру кезінде жергілікті атқарушы органдар біршама талдау жұмысын жүргізуі қажет болады. Оның ішінде әрбір елді мекен кескінінде нарықтың шағын және орта бизнес тауарлары мен қызметтеріне қажеттілігі зерттеліп, жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Бұл, бір жағынан, жергілікті билік органдарының шағын бизнесті қолдау бағытында атқарып жатқан жұмыстарын көрсететін болса, екінші жағынан, жергілікті тұрғындар өздеріне лайықты және сол елді мекен жағдайында айналысуға болатын бизнес түрлерін біліп, қажетті кәсіпті таңдауға мүмкіндік алады.
– Кеңес өкіметі бізді айлықтан айлыққа, жалақыдан жалақыға дейін бас алмай жұмыс істеуге, яғни жала­қыға ғана тәуелді болуға үйретіп тас­таған секілді. Себебі, жасыратыны жоқ, бізде жұмысынан айырылып қалған адамдар күйзеліске ұшырап, өмірден түңіліп кете жаздайды. Бұл Кеңес Одағының сіңіріп кеткен менталитеті десе де болады. «Ертеңің үшін аянба!» бағдарламасы осы менталитетті өзгертудің бастапқы жобасы тәрізді. Десек те, қатып қалған сананы өзгерту оңайға соқпас, сіз қалай ойлайсыз?
– Айтқаныңызға қосыламын. Онымен қоса, қоғамда «біз жалқаумыз» деген пікір бар. Ол – қате пікір. Масыл адамдар кез келген мемлекетте, кез келген қоғамда бар. Ал неге біз көптеген ағайынымызды жалқау деп жатамыз? «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой, несін жасырамыз, ауылдағы көптеген ағайынымыз жері, суы болса да, бірді-екілі малға қанағаттанып, басқа шаруашылық түрлерімен айналыспайды.
Мысалы, оңтүстік өңірді алатын болсақ, кейбір аудандарда көбінесе басқа ұлт өкілдері тұратын елді мекендер бар. Сол елді мекендерге барып көрсеңіздер, жағдайлары мүлдем өзгеше. Бәрі гүлденіп тұр. Сауған сиырлары етті, сүтті келеді. Көпшілігі өздерін-өздері негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етіп, сыртқы жағдайларға көп тәуелді емес. Неге? Оның себептерінің бірі – оларға іскерлік пен еңбекқорлық деген қасиеттер тән. Олар әбден маманданып алған, ізденімпаз, үй шаруашылығының қыр-сырына өте қанық. Ал соның қасындағы өзіміздің ағайын­дарымыз тұратын елді мекендерді көрсеңіз, қарның ашады. Қоралары тап-тақыр. Жері болса да, өз пайдасына жарата алмайды. Тіпті барлық күш-жігерін тек мемлекеттің атына сын айтуға жұмсайтын, «қолымды жайып отырсам, мемлекет маған көмек­теседі» деген пікірді ұстанатын ағайындар да аз емес.
Екінші жағынан, көптеген азаматымыз не істейтінін білмейді. Немесе бірдеңені бастап, айналысайын десе, сол кәсіптің қыр-сыры мен көзін біле бермейді. Оны білмегендіктен, істері аяқсыз, нәтижесіз қалып жатады. Еңбегі нәтижелі болмаған соң, олардың жұмысқа да ынтасы кемиді.
Сондықтан біз қандастарымызды өзі қалаған кәсіптің қыр-сыры мен оны жүргізу әдістемесіне үйретуіміз керек. Сол кәсіптің тиімділігін, экономикасын есептей білуі керектігін түсіндіреміз. Ал ол кәсіп оған пайда әкелмесе, онымен не үшін айналысады?!
– Бизнеспен айналысуға қатысты шетелдегі адамдардың менталитеті мен қазақтың менталитетін салыс­тырып көрдіңіз бе?
– Кәсіпті жүргізе білу, менің ойымша, адамның туған еліне, жынысына немесе тағы да басқадай факторларға емес, оның құлшынысына, ынта-жігеріне байланысты, үйренуге деген құштарлығында жатқан сияқты.
Тағы да қайталағым келіп тұр, кәсіппен айналысамын деген ағайындарымыз көп жағдайда сол тірліктің қыр-сырын біле бермейді, сол себепті еңбектерінің де нәтижесі болмайды. Ал нәтиже болмаған соң, олардың бастаған істері де аяқсыз қалып жатады.
– Өмірде мамандық таңдаудан шатаспау керек дейді. Қазір жастардың арасында заңгер, экономист деген мамандықтарды таңдаушы көп. Бұған сіз не айтар едіңіз? Неге экономист пен заңгер мамандығына сұраныс көп? Бұл мамандықтарды жастарымыз жүрек қалауымен таңдап жатыр ма, әлде ертеңгі күні жалақысы көп болады деп, өзін-өзі сол мамандыққа зорлап апара ма? Қоғамымыз бұдан ұта ма?
– Әрбір қазақстандық өзінің қабілетіне сай мамандықты таңдай білуі керек. Баласының болашағына жүрдім-бардым қарайтын ата-ана көп. Көбі баласының заңгер, кеденші, сот, прокурор, қаржыгер, адвокат болғанын қалайды. Сөйтіп жүріп, осындай қызметке іліктіреді. Содан соң сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандарды көрген сайын «баламды сақтай гөр» деп Құдайға жалбарынып, күні-түні ұйқы көрмейді. Ондай өмірден қандай қызық, қандай қуаныш?!
Еңбексіз тапқан малда қайыр жоқ. Ал жұрттың көбі балаларын сол құрдымға қарай итеруге құмар. Қазір адал табыс табатын кәсіп түрлері көп қой. Аспаннан ақша іздеп қажеті жоқ. Қыруар қаржы аяғыңның астында жатыр емес пе?!
Осы жерде бір мысал келтірейін. Бір ағайыным маған «ұлыма жұмыс тауып беріңіз» деп қолқа салды. Ұлда білім жоқ. Оқу оқымаған, мамандық игермеген. Табылған қызметтен ат-тонын ала қашады. Сөйтіп, төрт қазақ дал болып отыр едік, түс кезінде үйге пластикалық терезе жөндейтін екі орыс жігіті келді. Айналасы екі сағатта қиюы қашқан терезелерді тастай қылып берді. 40 мың теңгені шытырлатып санап алды. Екі сағатта – бақандай 40 мың теңге! Күні бойы бір ұлға жұмыс таппай бас қатырған біз аузымызды аштық та қалдық. Содан мен әлгі ұлға: «Міне, көрдің ғой, табысты қалай табу керек екенін. Ізден, еңбектен, ана жігіттерден қай жерің кем? Бар да, осының соңынан түс», – деп қайрап-қайрап қоя бердім. Қысқасы, біздің ұл терезе жөндейтін шеберлердің қасында бірер ай тегін жұмыс істеп, сол маман­дықты ақыры игеріп алды. Қазір тәп-тәуір табыс тауып жүр. Оқуға түсті. Сол жігіт: «Ой, аға, терезе жөндеу дегеніңіз – маусымдық қана жұмыс. Оны үш-төрт айда атқарып тастаймыз. Қалада ізденген адамға табыс табу тіптен оңай екен», – дейді. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген – осы.
– Осыдан тура бір жыл бұрын сіз қазақ тілін үйренгісі келетін мемлекеттік қызметкерлерді Қызылорда облысына жіберу керек деген қызық бір ұсыныс тастадыңыз. Тіпті арнайы бағдарлама жасау қажеттігін де тілге тиек еткен болатынсыз. Бұл ұсынысты неге сүйеніп айттыңыз? Қолдау тапты ма? Осы ұсыныстың жүзеге асуына не тындырып жатырсыз? Әлде айтылған сөз орнында қалды ма? Жалпы, жүзеге асып жатса, қандай нәтиже бермек?
– Кез келген тілді үйренудің ең тиімді әдісі – сол тілдің Отанына барып, тіл үйрену курстарында оқып, сонда қоныстанып тұру. Ағылшын тілін білемін дегендер – Англияға, қытай тілін игеремін дегендер – Қытайға, французша үйренемін дегендер Францияға барып жатады. Бұл жағдайда тіл үйренуші қалыпты ортадан айырылып, жергілікті тұрғындармен күнделікті араласып, солар­дың тілінде сөйлеуге мәжбүр болады. Сон­да тіл меңгеру үдерісі әдеттегіден жылдам жүреді. Мұндай әдіс тілдік ортаға терең бойлау немесе «метод глубокого по­гружения в языковую среду» деп ата­лады.
Бәрімізге белгілі, көптеген мемлекеттік қызметшіміз тілдерін әлі қазақшаға сын­дыра қойған жоқ. Ал мемлекеттік тілдің абы­ройын арттыру, оның мәртебесін көтеру, ең алдымен, соларға жүктелген.
Республикамызда қазақ тілінің мәселесі толығымен шешілген өңірлер бар. Мысалы, Қызылорда облысы – тіліміз бен мәдение­тіміздің қаймағы бұзылмаған, мемлекеттік тілді үйренемін дегендерге нағыз қолайлы орта.
Сондықтан қазақ тілін игеремін деген қызметкерлерді Қызылорда облысына жіберу тәжірибесін енгізсек деймін. Онда тіл үйрену курстарын ұйымдастырып, мемлекеттік қызметшілерді үйді-үйлерге орналастырып, олардың отбасылық жағдайда тіл үйренуіне жағдай жасайтын жобаны жүзеге асырудың ұтымды жақтары көп болар еді.
Біріншіден, мемлекеттік қызметкер­леріміздің қазақтың қалың ортасында жүріп, қазақ тілін тезірек үйренуіне жағдай жасалады.
Екіншіден, орталық ведомстволарда жұмыс істейтін әріптестеріміз қабылданған заңдарымыз бен бағдарламаларымыздың жергілікті жерде қалай орындалып жатқанын өз көздерімен көреді.
Үшіншіден, мұндай қадам, мүмкін, осы өңірдегі ішкі туризмнің дамуына да серпін беріп қалар, ал жергілікті тұрғындар үшін бұл қосымша табыс көзі болады.
Осы мәселені жан-жақты қарап, оны пилоттық жоба ретінде Қызылорда облысында жүзеге асыруды ұсындық. Ол үшін, мысалы, қызметшілеріміздің заңды демалысына тағы да бір ай қосып, олардың тіл үйрену ниетін осылай қолдаған жағдайда екі айдың ішінде олар біраз жаттығып қалар еді.
Бұл тәжірибе тек мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, басқа да азаматтарымыздың, әсіресе жастарымыз­дың мемлекеттік тілге деген қызы­ғушылығын туғызып, құр сөзден нақты іске көшудің негізі болар еді.

КЕҢЕС КЕРЕК ПЕ?
Павлодар облысында бір кісімен кездестім. Сол кісі маған 30-ақ мың теңгеге балапан шығаратын инкубатор жасаудың құпиясын айтты. Қарап тұрсам, оп-оңай екен. Ол кісінің айтуынша, істен шыққан ескі тоңазытқыштың ішіндегі біраз затын алып тастап, біршамасын қалдырып, қажетті құралдарын сатып алып, 500 балапан басып шығаратын инкубатор жасауға болады екен.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Жапонияның тарихына көз жүгіртетін болсақ, XVII-XVIII ғасырларда бұл мемлекет қатты тоқырауға ұшырайды. Өндіретін шикізат жоқ, жер қойнауы біздікіндей байлыққа толы емес. Осының себебінен халық арасында жұмыссыздық деген мәселе белең алады. Оның үстіне аштық та қауіп төндіре бастады. Жұмыссыздықпен күресу үшін мемлекет түрлі шараларға барады. Сондай шаралардың бірі халықты жаппай кәсіпке үйрету болды. Мемлекет кәсіппен айналысудың қыр-сырын білетін, қолынан шаруа келетін адамдарды өзінің маңына топтастырып, әр ауылға барып, егін, көкөніс егуге, қолөнермен айналысуға тұрғындарды үйрете бастады. Сондықтан да бүгінде Жапония тұрғындарының басым көпшілігі өз кәсібімен айналысып, мемлекеттің экономикасын алға сүйреп келеді. Ал біз өз тарихымызда бұлай үйретпегенбіз. Сондықтан ба деп ойлаймын, біздің тепсе темір үзетін қазақ жастары көбіне мемлекеттік қызметке ұмтылады. Ал бізде, құдайға шүкір, кәсіппен айналысуға қаншама мүмкіншілік бар! Одан да сол мүмкіншіліктерді неге пайдаланбайды? Өткенде Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бір мәлімет келтірді. Сонда шетелдіктер жыл сайын Қазақстанда жұмыс істеп, жылына 3-4 млрд доллар ақша тауып, банк арқылы ағайындарына аударады екен. Осындай қыруар қаржыдан біздің жігіттер тектен-текке айырылып қалып отыр. Бұл – тек банк арқылы аударылып жатқан қаржылар. Ал қаншама қаражат қолма-қол, ақшалай кетіп жатыр!

Оқшау ой
Ағайын-туыс, тамыр-таныстар тойға жиі шақырып жатады. Дастарқан дегенің бай. Той керемет өтеді. Әрине, бар болса той жасаған жақсы ғой. Бірақ отбасыңда береке болмаса, балаларың жұмыссыз не білімсіз болса, олардың өз еңбегімен табыс табатындай жағдайы болмаса, көл-көсір той жасаудың қандай қажеттігі бар?! Той жасаймын деп несие алып, қарызға белшесінен батқан азаматтарымыз қаншама! Ал оның орнына сол ақшаға неге баласын бір кәсіптің майталманы немесе бір өнердің хас шебері қылмасқа?! Мысалы, еңбек нарығында инженер, энергетик, электрик сияқты мамандықтар өте тапшы. Мұнай саласының өзінде нағыз сұранысқа ие 22 мамандықтың түрі бар. Өкінішке қарай, балаларымызды осындай нарыққа қажет мамандықтарға бағыттау жағынан кенде қалып отырмыз. Баланың болашағына жасалған инвестиция ертеңгі күні үлкен қайтарым әкелетінін әрбір ата-ана жете түсіне білсе, мемлекетіміздегі жағдай одан сайын жақсара түсер еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста