Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫ, «Қыран» Федерациясы» Қоғамдық қорының атқарушы директоры:
– Сіздер «Сонар» бүркітшілер жарысын жылда ұйымдастырып келесіздер. Күні ертең Райымбек ауданында республикалық құсбегілер жарысы өтпек. Әрине, ұлттық өнерімізді насихаттаудағы бұл істеріңіз құптарлық-ақ. Алайда бір жарысты өткізу үшін қанша қаражат кетеді? Бірінші, екінші орын алған құсбегілерімізге заттай, қаржылай сыйлықтар беріп, оны ұйымдастыру қиын емес пе? Әлде бұл жағынан сіздерді қолдап отыратын демеушілер бар ма?
– Бүркітшілердің жарысын жыл сайын үздіксіз ұйымдастырып келе жатқанымызға тура 13 жыл болды. Бұл жағынан Kcell компаниясынан басқа ешқандай қаржылық ұйым көмектесіп отырған жоқ. Құсбегілік өнері өзімнің қанымда бар дүние болғандықтан, осы салаға қатты қызығамын. Рас, кейде жарысты ұйымдастыру үшін өзімнің айлық табысымды да салған кездерім болды. Негізі, бір жарысты республикалық деңгейде ұйымдастыру үшін оған кететін барлық шығынды есептегенде миллионға жуық қаржы кетеді. Қазір біз ары кеткенде 700-800 мың теңгенің көлемінде жасап жүрміз. Жылдағы жарыстарды ұйымдастыру үшін Нұрлан Өнербаев та өз қалтасынан қаржы шығарып отыр. Жер-жерлерде жеке концертін өткізіп, содан түскен қаржыны құсбегілік өнерді дамытуға жібереді. Қалталы таныстарына хабарласып, құсбегілікті дамытуға демеушілер іздейді. Бүгінгі таңда құсбегілікті дамыту Алматы облыстық әкімшілігінің күнтізбелік жоспарына кіргеннен кейін шығынның басым көбін солар жабады. Әкімшіліктің ұлттық өнерге деген жанашырлығы алабөтен. Әйтпесе басқа облыстарда мұны дамыту – нөл. Біз бірінші орын алған бүркітшіге 100 мың теңге тағайындадық. Ал ең төменгі орын алғандарға 25 мың теңге береміз. Қаршыға мен ителгі баптаушыларға бөлек сыйақы тағайындалған. Оларға бірінші орын 35 мың теңгеден бастап төмендей береді.
– Нақты айтыңызшы, осы бір теңдесі жоқ спорт саласына туризм және спорт министрлігі қазір қаншалықты қолдау білдіріп отыр?
– Қазіргі таңда бұлардың тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр деп айта алмаймын. Министрліктің штатында ұлттық спортқа бір-ақ мемлекеттік жаттықтырушы бар. Енді құсбегілерге бөлек, ат спортына бөлек, тоғызқұмалаққа бөлек жаттықтырушы тағайындалады дегенді естіп отырмын. Бірақ оның нақты қашан іске асатынын дөп басып айта алмаймын. Мұндағы ең басты мәселе, бізде ұлттық спортқа қатысты заң жоқ. Егер заң жүйелі түрде қабылданса, барлығы рет-ретімен шешілер еді. Сондықтан құсбегілікке жай өнер деп немқұрайды қарауға болмайды. Кезіндегі аңыздарды еске түсірсек, бір бүркіт бүтін бір ауылды асыраған. Сондықтан мұны табыс әкелмейтін өнер деп емес, қайта мемлекетке молынан пайда түсіретін киелі өнер деп қарауымыз қажет. Егер құсбегілікті мемлекеттік деңгейде дамытатын болсақ, туризмді дамытуға өте қолайлы болады. Себебі қазір ат барлық елде бар, ал құсбегіліктің нағыз өнері – қазақ пен қырғызда. Сол себепті ертең бұл өнерді де қырғыздар иемденіп алмасы үшін, бүгіннен бастап іске кірісуіміз қажет.
– Құсбегілік жарысты тек республикалық деңгейде емес, халықаралық деңгейде өткізу ойларыңызда бар ма?
– Әрине, бар. Алайда оған қаржылық жағынан да, мемлекет жағынан да қолдау қажет. Қазір біз тіпті құстарымызды халықаралық жарыстарға да қатыстыра алмай келеміз. Мәселен, шетелге шығу үшін, біріншіден, көптеген табиғатты қорғайтын ұйымдармен байланыс орнату қажет. Оның үстіне, неше түрлі конвенцияларға қосылуға тиіспіз. Ал біздің мемлекет ондай конвенцияларға қосылмағандықтан, бүркітімізбен шетелге шыға алмаймыз. Рұқсат жоқ. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Англияда құсбегілердің бірінші дүниежүзілік фестивалі өтті. Оған құсбегілерімізді қатыстырғанымызбен, қырандарымызды алып бара алмадық. Бір қызығы, түрлі елдерден келген қырандарды біздің құсбегілеріміз үш-ақ күнде жаттықтырды. Қырандарды қолға қондырып, ұшып кетпейтіндей жағдайға келтірді. Оған жиналған адамдардың барлығы таңғалды. Сондай-ақ біз ол жаққа бүркіттеріміздің қасқыр, түлкі ұстап тұрған плакаттарын алып бардық. Оны көрген фотографтар таңғалып: «мынау шын ба?» дейді. Сонда бүркіттің қасқырға шапқанын бірінші рет көріп отыр. Олар бүркіттерін қасқырға қалай шабу керек екендігін үйретпеген, баптамаған. Тек құстарын шоу көрсету үшін ұстап отыр. Бір сарайдан екінші сарайға ұшырады, болды. Басқа ештеме жоқ. Енді олар біздің құстарға қатты қызығуда. Тіпті өздеріне әкетіп жатқаны да жасырын емес. Өйткені Еуропада құстардың таза генофоны жоғалған. Англияға барғанда түлкі, қоян, қасқырдың бірігіп тамақ жеп отырғанын көрдік. Бір-бірінің қасынан қорықпай өте береді. Ал біздің Қазақстанда түлкі мен қасқырдың бірге жүргенін көрдіңіз бе? Жоқ! Өйткені бүркіт қасқыр мен қоянға, ал қасқыр түлкіге жау екендігін бұрыннан біледі. Ал олардың жануарларында осындай «инстинктер», яғни бір-бірінен қорқу сезімдері, түйсіктері жоғалып кеткен. Бір үйдің баласындай, бір табақтан тамақ жеп отыр. Сондықтан олар біздің таза қанды құстарымызды өздерінің аңдарына салғысы келеді.
– Сонда Қазақстан мемлекеті өздерінің құстарын қорғай алмай отыр ма?
– Иә, қорғай алмай отыр. Керісінше, олар құстарды біздің ата-дәстүрді сақтап отырған құсбегілерімізден қорғап отыр. Құсбегілеріміз өз еңбегімен бір құсты ұстаса, «қызыл кітапқа енген» деп қолынан тартып алады. Кейбір пысықайлардың арқасында құстарымыздың барлығы шетелде жүр. Қазір құстарға чип дегенді енгізді. Кеңес өкіметі кезінде Аң мен балық шаруашылығы одағының төрағасы Челкаев «Құсбегілікті дамытамыз, құсбегілердің қолындағы барлық құсқа чип енгіземіз», – деп Үкіметтен қомақты қаржы алып, шетелге қашып кеткен. Осылайша құсбегілікті дамытуға арналған қаржы көрінгеннің қалтасына түсіп, бұл өнер тұралап қалды. Сол кезде енгізіліп кеткен келісім шарт осы уақытқа дейін өзгертілген жоқ. Чип салу әлі күнге дейін жалғасуда. Дегенмен қазіргі кезде чип салған құстың 70 пайызы өліп қалды. Неге дәл чип салған құстардың өліп қала беретіндігі төңірегінде зоология институтынан қаншама рет сұрадық. Алайда оны зерттейтін біздің орнетолог мамандарымыз жоқ. Әйтеуір көбісі «чип салу керек» дейді. Бірақ не үшін салу керек, оның пайдасы не, ол туралы ешкім жақ ашпайды. Тіпті кейбіреулер «өзіміздің құсбегілер құстарды шетелге сатып отыр. Сондықтан чипті үзбеуіміз керек» дейді. Ауылдағы құсбегілер кімге, қалай сатуды да білмейді. Тіпті олар қолындағы құсты баласынан артық көреді. Біздің ата-бабаларымыз ешқашан табиғатқа қиянат жасамаған. Егер құсты балапан кезінен ұядан алса, 10-15 жылдан кейін табиғатқа қайтадан жібереді. Ал қазір чип салғаннан кейін ол құсты өлгенше ұстауыңыз керек. Егер өліп қалса, 20 есе айлық есептік көрсеткішпен айыппұл төлейсіз. «Қыраным қартайды, табиғатқа жіберемін» деп құзырлы органға хат жазсаңыз, олар сізге қайтадан құс бермейді. Ол үшін тағы да пәленбай қағаз жинап, рұқсат алуың қажет. «Қызыл кітапқа» енген құс болғандықтан, оны ұстауға ешкім рұқсат бермейді. Оны облыс басшылары шеше алмайды. Ол үшін Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне хат жазасыз, олар: «біз бере алмаймыз, Үкіметтің арнайы қаулысы керек» дейді. Құсбегіліктің Мәдениет министрлігіне кіре алмағанына өкінемін. Қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұлан: «Құсбегілік – қазақтың ұлы мәдени мұрасының ашылмай қалған парақтарының бірі» деп айтқан болатын. Бірақ біздің туымызда бейнесі жарқырап тұрған қыран мәдени мұраға кірмей қалды. Егер кірсе, мұны ары қарай қалай дамыту керек, туризмді қалай жолға қоямыз деген секілді мәселелердің барлығы талқыға түсіп, біртіндеп шешілер еді.
– Жарысты өткізер кезде жан-жақтан құсбегілер келеді. Олардың барлығы құстарын ары-бері тасымалдау кезінде қиындықтарға тап болып отырған жоқ па?
– Осыны шешу өте қиын болып жатыр. Бұл туралы еш жерде жазылмаған. Біздерді ылғи пойыздарда ұстап алады. «Қызыл кітапқа» енген құстарды тасымалдауға болмайды» деп, пойызға мінгізбей қояды. Осы құқайды көріп келе жатқанымызға 20 жыл болды. Енді қазір бір купені толығымен сатып алатын болдық. Оған Алатаудың еңгезердей алты-жеті құсын салып, ары-бері жарыстарға тасимыз. Міне, ертеңгі болатын жарысқа Жамбылдан, Оңтүстік Қазақстан облысынан, Атыраудан құсбегілер келе жатыр. Алайда оларды көрінген стансыдан құқық қорғаушылар тоқтатып, «ветеринариялық анықтамасы» мен «чипі» бар ма, жоқ па соны сұрайды, тексереді. Бірақ қалай тексеретінін өздері білмейді. Тіпті олар бүркіт пен қаршығаны да айыра алмайды. Сондықтан осы жерде отырып, «құсбегілердің жарысы өтеді, олар соған келе жатыр, өткізіңіздер» деп жан-жақтың ішкі істер департаментіне хабарласамын. Біреуі түсінеді, біреуі түсінбейді. Тіпті телефонда айқайлап түсіндіремін деп, тамақтан айырылып қалып отырған жайымыз бар. Осындай кедергілер көп. Кейде осының барлығын көріп, қарным ашады.
– Қай жарыс болмасын, бүркіттерімізді тек түлкі мен қоянға салып жатасыздар. Ал бұрынғы аңыздарды оқысақ, бүркіттеріміз тіпті аюды алған деседі. Онымен қоса, мына көрші Қырғызстанда құсбегілер арасындағы жарыста бүркіттерін қасқырға салады. Ал біз неге қасқырға сала алмай отырмыз? Әлде қырандарымызды әлі де болса жан-жақты баптай алмай отырмыз ба?
– Қасқыр алатын бүркіттеріміз жоқ емес, көп. Біз ең алғаш жарыстарды ұйымдастырғанда қасқырды да қосатынбыз. Бірақ олар зообақтың қасқырлары болғандықтан ба, олар адамға қарай жүгірді. Тіпті Талдықорғанда өткізген жарыста даланың қасқырын апарып едік, иттер ұлып, жиналған он мың халық шулап кетті. Себебі пәленбай адам жиналған жерге қасқырды жібере алмайсың, қорқасың.
– Сіздер аңдарды қайдан аласыздар? Әлде түлкі, қояндарды асырайтын арнайы питомниктеріңіз бар ма?
– Біз бұрын түлкі мен қоянды зообақтан сатып алатынбыз. Бір кемшілігі, зообақта өскен аңдардың барлығы адамға үйір келеді. Далаға жіберсеңіз, жиналған халыққа қарай жүгіреді. Қасқыры да солай. Енді біз түлкілерді даладан ұстайтын болдық. Егер даланың түлкісі болса, онда оны жарыста жіберіп, артынан қыранды ұшырсаң, не бүркіт бүреді, не түлкі бостандыққа шығады. Осы қызық емес пе? Сонда жиналған көрермен де нағыз ұлттық өнерді көріп, айызы қанбай ма? Қазір қоян ұстау да үлкен мәселе болып отыр. Даланың қоянын ұстасаң, бір-ақ күнде жүрегі жарылып өліп кетеді. Негізі, қоянның түрі көп. Ет қояны, жүгіруге бейім қоян, «декоративті» қояндар болып, олар 180 түрге бөлінеді. Біз қоян асыраушылармен байланысып, даланың қоянымен шатысқан, жүгіруге бейім қояндарды іздейміз. Бұрын бір қоянның бағасы 500 теңге болса, қазір 5 мың теңгеге сатып аламыз. Ал түлкілерді ауылдың аңшы жігіттеріне ұстатамыз. Онда да бір түлкі бес мың теңге.
– Жалпы, қыран құстарды қалай баптау керек, оларды қалай тамақтандыру керек екенін үйрететін арнайы мектептер бар ма? Онда қанша жас бүркітшілер дайындалып отыр? Осындай орталықтар еліміздің әр аймағында құрылып жатқанын естиміз. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз...
– Құсбегілік өнер ұлттық спортқа кіргеннен кейін, қазіргі таңда кейбір облыстарда құсбегілік бөлімі ашылды. Ол жерде біздің бапкерлеріміз сабақ береді. Осы ретте Kcell компаниясының демеушілігімен екі-үш бүркітшінің баласын Қазақтың туризм және спорт академиясына оқуға түсірдік. Қазір олар бітіріп, әр ауданда бапкер болып жүр. Нақты айтсам, қазір олар 20 баланы оқытып жатыр. Соның төрт-бесеуі болса да құсбегі болып шықса, соған біз қуанамыз. Себебі жастарды ұлттық өнерге тарту өте қиынға соғып жатыр. Ең болмағанда осылай етпесек, басқа қалай тартамыз?
– Мүмкін, еліміздің кейбір жоғары оқу орындарында құсбегілік өнерді дамытатын арнайы кафедралар ашу керек шығар. Бұған қалай қарайсыз?
– Қазақтың туризм және спорт академиясында ұлттық спорт кафедрасы бар. Алайда онда жалпылама оқытады. Ат спорты, тоғызқұмалақ, құсбегілік барлығы бірге сапырылысып кеткен. Ұлттық спорт түрлері 14-ке бөлінсе, барлығын жалпылама оқытады. Нақты бір саланы меңгерту жоқ. Сондықтан біз биыл осы жоғары оқу орнымен бірігіп, Қазақстанда бірінші рет ұлттық спорт түрлерін дамыту жөнінде ғылыми тәжірибелік конференция өткізбекпіз. Сонда осы мәселелердің барлығы көтеріледі. Менің ойымша, бұл жерде ұлттық спорт түрлерінен кафедра емес, факультет ашу керек. Сонда әр спорт түрінен бөлек-бөлек кафедралар ашылады.
– «Қыран» федерациясының вице-президенті Сәкен Әбдіқалиев ағамыз бір сөзінде: «Кейбір адамдар бүркітті үйінде тауық секілді бағып отыр» деп айтып қалып еді. «Егер олай бағып отырған адамдар болса, қырандарды қайтадан алып, табиғатқа жіберу керек» деген болатын. Шынында да, осы рас па? Бұл жөнінде не дейсіз?
– Біріншіден, текті құстарымызды үйінде тауық секілді бағып отырғандар жоқ емес, бар. Бірақ оларды қайтадан табиғатқа жіберетін бізде арнайы заң жоқ. Заң бар болғанымен де, құқық қорғаушылар кімнің құсты қай жерде ұстап отырғанын білмейді. Ұлттық өнерге жанашырлық танытып отырған Қайрат Сатыбалды бауырымыздың өзі мұны қолға алып, халықаралық деңгейдегі қауымдастық құруға уәде беріп отыр. Осыған қазірден бастап дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер қауымдастық құрылса, заңдық жағынан нормалар бекітілсе, біз текті құсты қорлап отырғандарға «мұныңыз заңсыз» деп толық айта аламыз. Қыранды құр әсемдік үшін ұстаудың қажеті жоқ. Керек десеңіз, бұл қыранды қорлау болып табылады. Ал қыранды қорлау — біздің рухымызды, туымызды таптау деген сөз.
Алашқа айтар датым...
Кейбір әкімдер қыранды тауық секілді үйінде ұстап, біреуге бақтырып отыр. Онымен қоса сол тауық секілді ұстайтындардың басым көбі әкімдермен байланысы бар адамдар. Оған ешкім тиісе алмайды. Осылайша, олар білгенін істеп отыр. Тіпті олар баласы үйленген кезде есіктің алдына қыранды байлап қойып, суретке түсудің әдемі тәсілін ойлап тапты. Бұл деген нағыз қазақтың рухын қорлау болып табылады. Негізі, құстарды шетелдіктерге беріп жатқан – солар. Өйткені олардың шетелмен байланысы бар. Ал ауылдағы фанат адамдар ондайға бармайды. Кейде біздің қорға адамдар жиналып, 5000-10000 теңге көмек ретінде тастап кетеді. Біз оны Көкшетау, Атырау т.б. облыстардан келген құсбегілерге береміз. Сенесіз бе, кейде олар жарысқа келгенде қайтуға ақша таппай тұрады. Сонда құсбегілікке қызыққаны соншалық, қайтатын ақшасы болмаса да келіп отыр. Енді құсты баласынан артық көретін ондай фанат адамдар қыранды қалай шетелге сатпақ? Бұл жерде мен бір-ақ нәрсені айтамын, қыранды көтермей, қазақтың рухы көтерілмейді. Қырандай текті құс жоқ. Ол өлексе жемейді. Өз еңбегімен ұстап, тірідей жейді. Қасқырға түссе де, адамға, малға ешқашан шаппайды. Сондай-ақ қазақта «қыранның өлімін бер» деген сөз бар. Себебі қыран қартайған кезде құздың басынан өзін-өзі тастап өледі. Сондықтан да қазақ қартайған кезде ешкімге масыл болмайын деп, қыранның өлімін тілеген.