Әдебиет ешқашан біреудің талап қойып, тапсырма беруімен жасалмайды

Әдебиет ешқашан біреудің талап қойып, тапсырма беруімен жасалмайды

Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– «Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы берік ұстануға талпынып жүретін қаламгерлер қауымы бүгінгі кезеңде от пен судың ортасында қалған сияқты. Бүгінгі жазушының артынан халық ермейді, билікке сөзі өтпейді. Жалпы алғанда, халықтың да көркем әдебиетке деген ынта-ықыласы төмендеді. Осы бір құбылыстарды рухани дағдарыспен байланыстыру қисынды ма?

– Қай халық үшін де болсын қаламгер – қашан да сол елдің жаны мен арының барометрі іспеттес. Кезіндегі кеңес заманында ақын-жазушыларды, жалпы, өнер адамдарын сол уақыттың жыршысы ретінде қабылдап, сол идеология майданының жауынгері деп таныдық. Бүгінде бәрі басқаша сипат алды. Қоғамдық формациялар өзгерді, құндылықтардың орны алмасты. Қалың қазақ ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қызыл құрсаудан сытылып шығып, азат ойды ту етуге ұмтылғанымызбен, жекелеген қаламгерлер үшін де, жалпы, ұлт үшін де қазіргі кезеңнің өзіндік қиындықтары жетерлік. Ғасырдан-ғасырға аттаған осынау өтпелі кезеңде қаламгер атаулы да не істерлерін білмей, тосылып қалғандай күй кешуде. Ал рухани дағдарыс орын алса, оған қаламгерлер, өнер адамдары немесе басқа да шығармашылық иелері ғана кінәлі емес. Оған руханияттың өркендеуіне өз деңгейінде қолдау көрсете алмаған қоғам жауапты.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, әсіресе, шығармашылық адамдары кәдімгідей тоқырауды бастан кешірді.

Қалай десек те, бір қоғамнан бір қоғамға өтіп кету аса жеңіл дүние емес. Осы тұрғыдан алғанда қазақ қаламгерлерінің, әсіресе, аға буын ақын-жазушылардың бұл өзгерістерге ішкі психологиялық дайындықтары болмады. Осы кезеңде жалпы жұрттың басым бөлігі дайын жем жеп үйренген қолдың құстары секілді қанатын кеңге жайып, бірден самғап кете алмады. Осы ретте кейбір алдыңғы буын ағаларымызда әлі күнге дейін кеңестік жүйенің игіліктерін аңсайтын пиғылдар бар екені рас. Олар жеңісі мен жемісі мол болғанымен, сол бір солақай қызыл саясаттың арғы жағында ұлтымызға қатысты небір қитұрқы әрекеттердің бұғып жатқандығын елегісі келмейтін сыңайлы. Болмаса ол қоғам қаншама нақақ қантөгістерден, сұрқия зұлымдықтардан құралғаны жасырын емес қой. Әрине, бүгінгі қоғамның да ауыртпалығы аз емес. Ал осының ақ-қарасын айырып, жақсы мен жаманның аражігін ажыратып, бүгінгі заманның сөзін айтатын – қаламгерлер. Алайда осының бәрінің төрешісі – мәртебелі уақыт қана. Әйтсе де зиялы деп жүрген тұлғаларымыздың өздері кейбір сәттерде қарақан басы үшін «мықтыларға» оң иығын беріп, шен-шекпенділердің маңайына үйіріліп жүретіні қалыпты жағдайға айналғандай. Аузы дуалы дейтін үлкендерден ірі сөз күтетініміз рас. Өкінішке қарай, жеме-жемге келгенде, шешуші сәтте көп жағдайда олай болмай жатады. Осыдан келіп, бәрінен биік тұруға тиіс ұлттың сөзі айтылмай қалып жатады.

– Кейінгі жылдары сыншы, әдебиетшілер, әсіресе, билік тарапынан қаламгер қауымына «бүгінгі заман туралы шығармалар жазылмай жатыр, жаңа дүниелер тумай жатыр» дегенге саятын көптеген сындар айтылуда. Шынымен де солай ма?

– Қазіргі кезеңде бізде ірі-ірі шынайы шығармалар жазылмай жатыр дегенге келіспеймін. Әр қаламгер өзі өмір сүрген қоғам жайына үңіледі емес пе? Мысалы, Мұхтар Мағауин ағамыздың «Жармақ» романы қалың оқырмандар арасында кәдімгідей резонанс туғызды. Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелері мен драмалық туындылары да жұртшылыққа салмақты ой тастап келеді. Ал қаншама ақындарымыздың Тәуелсіздікті жырлаған, елдің жаны мен жүрегіне үңілген керемет өлеңдері бар. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің туы тұғырынан түсті деп айтуға келмейді.

Сонау ерте замандарды алып қарасақ та, тіпті Абай ғұмыр кешкен ортаны алып қарасақ та, қандай да бір қиын-қыстау кезеңдерде ақын-жырау, сал-серілер елдің сөзін сөйлеп, елдің мұңын жоқтаған, сол заманды жырлаған. Ақиқат пен шындықты айтуға ұмтылған. Бірақ мұның бәрі түрлі текетірес пен тартыстар тудырған.

– Сонда әдебиет әлдекімдердің қожайындық жасауына көнбейді демексіз ғой. Бұл жағдайда әлгі «сыншылардың» уәжі орынсыз ба?

– Жалпы, әдебиеттің өзі – мәңгілік майдан. Әдебиет  ешқашан біреудің талап қойып, тапсырма беруімен жасалмайды. Ол – жеке шығармашыл тұлғалардың жасайтын дүниесі, таланттардың жүйелі ақыл-ойларының жемісі. Бір сөйлем жазу үшін, бір шумақ өлең тудыру үшін санаға қанша салмақ түседі?! Ақын мен жазушыға тапсырыспен сарт еткізіп сурет түсіріп, алдыңызға әкелетін фотограф ретінде қарауға болмайды. Әрине, фотограф та – белгілі бір деңгейде өнер иесі. Алайда оған «Бәйтеректі» немесе Астананың жалпы көрінісін түсіріп кел, алаңдар мен жиындардан фоторепортаж жаса дегендей көп жағдайда арнайы талап қойылып, тапсырма беріледі. Ал әдебиеттің өкілін олай құрсаулауға келмейді. Әдебиет белгілі бір саяси ойындардың ыңғайына келтіріліп, күшпен жасалатын болса, ол – өміршең болмақ емес. Ал қаламын еркін ойдың сиясына малып, ұлттың сөзін айтып та, жазып та жүрген жанкешті жазушыларды, сөзсіз, әдебиеттің нағыз майталмандары деуге болады. Дейтұрғанмен де бүгінгідей ақпараттық технологиялық қоғамда қаламгер қауымына деген біртүрлі көзқарас пайда бола бастады. Әсіресе, жастар кітаптан гөрі интернетке ерекше иек арта бастады. Бірақ осыған қарамастан, түсінген адамға қазақ әдебиеті өзге озық елдердің әдебиетінен анағұрлым қуатты, терең әрі мағыналы.

– Қалай десек те, бүгінгі жазушы мен оқырман арасындағы байланыс үзіліп қалғандай...

– Рас, бұрынғыдай емес, бүгінде қаламгер мен оқырманның арасы кәдімгідей алшақтап кетті. Елмен байланыс үзілді. Қазіргі қарбаласқа толы ақпараттық заманда нағыз әдебиет шетке қарай ысырылып барады. Оның есесіне ортанқол бірдемелер оқырманды жаулап ала бастады. Жастардың да әдебиетке, жалпы, рухани дүниелерге қарай ұмтылысы тым төмен.

Біздің бала күнімізде, ауыл мектебінде оқып жүрген кезімізде елді аралап ақын-жазушылар жиі келетін. Аты-жөндерін сырттан естіп, кітаптан ғана шығармаларын оқитын талант иелерімен ауыл клубында әсерлі кездесулер ұйымдастырылатын. Соларға қызыға қарайтынбыз. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері – Оралхан Бөкеев, Жарасқан Әбдірашевтер тіпті мен Арқа жақта, Бетпақдалада жылқы бағып жүрген жерімнен «іздеп келген» сәттері де болған. Жарасқан ағамыз ол кезде «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімін басқарады екен. Ел аралап келгенде аудандық газеттен өлеңімді оқып, риза болған екен. Ол кезде жақсы жырға құмартып жүрген он алты жастағы бозбала едім. Сондай ағаларым Алматыдан алыста жүрген менің бір топ өлеңдерімді алып кетіп, «Жұлдыздың» 1975 жылғы 11-санында жариялатты. Мұндай қамқорлық маған, әрине, қанат бітірді, ынталандырып жігерлендірді. Ал қазіргі уақытта осындай қамқорлық пен әдебиетке деген махаббат жоғалып бара жатыр.

Заман озған сайын адамдардың әдебиетке деген көзқарастары да өзгеше сипат ала бастады. «Ораза, намаз – тоқтықта» демекші, өтпелі кезеңге тап болған қоғам 90-жылдардың басында әдебиет оқымақ түгіл, жанбағыстың соңына түсіп, бала-шаға қамымен кетті. Қаншама қандастарымыз аладорба арқалап, арба сүйреуден аспай қалды. Көптеген қалам иелері де осы тұста әдебиеттен алыстап кетті. Кезінде қаламды қару етіп, қатар жүрген біраз ақын-жазушы қыз-жігіттер қазір мүлде көрінбей кетті. Қырықтың қырқасынан асып, елуді еңсеріп үлгерген біздің қатарымыздың өзінде осы әдебиетте маған тек жанкештілер ғана қалған сияқты.

– Біздің ақын-жазушыларға шетелдегідей «әдеби агенттер» қажет деп есептейсіз бе? Жазушы жазады, басқалары оның кітабын шығарумен, оны таратумен айналысады. Жақсы емес пе? Бұл танымалдылықты арттыра түседі, басқалай, ақшалай пайдасы да аз емес...

–  Иә, соңғы уақыттарда қаламгерлердің жарнамасымен айналысатын «әдеби агент» мәселесі жиі айтыла бастады. Меніңше, бұл үрдіс біздің әдеби ортаға келіңкіремейтін сияқты. Жарнама жасау үшін, алдымен, кең ауқымды аудитория керек. «Әдеби агенттер» ұстау үшін жазушының өзі ауқатты болуы керек. Оның үстіне бізде қазақтілді әдебиетті оқитындар өте аз, халқымыздың саны да соншалықты көп емес. Мысалы, әншілер продюсерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Бірақ дәл бүгінгі уақытта эстрада өтімді болып тұр. Ал әдебиет жеңілтектікті көтермейді. Ақпараттық қоғамның талғамын қанағаттандыра берсе – әдебиет әдебиет болудан қалады. Керісінше, әдебиет адамдардың талғамын тәрбиелейді емес пе? Кеңес өкіметі тұсында ақын-жазушылар өнер адамдарының ішінде ең көп қаламақы алатын, жағдайлары да біршама жақсы, ең беделділердің алды болатын. Қазіргі өлшеммен алып қарағанда, бізде жазушылық – ең бір пайдасы жоқ, қайтарымсыз кәсіп ретінде қарастырылады.

Осыдан біраз жыл бұрын «әлемде ең көп оқылатын жазушы» деп португалиялық қаламгер Паоло Коэльо Қазақстанда да жан-жақтан дәріптеліп, жарнамаланып жатты. Мен оның шығармаларымен жақсы таныспын. Аңыздарға құралған ондай дүниелерді біздің кез келген жазушы да жаза алады. Сонда шетелдің озық әдебиеті деп тамсанып жүргеніміз осы ма? Меніңше, мұндай дүниелер – қазіргізаманғы менеджменттің, пиар-акциялардың жасанды жемісі. Мұндағы басты мақсат – атыңды шығару және рухани дүниеден гөрі материалдық жағдайды жақсарту ғана. Бұл да болса жарнаманы жалаулатқан «әдеби агенттердің» жұмысының нәтижесі. Мәселе санда емес, сапа мен мазмұнда болса керек. Бүгінгі қазақ әдебиетіне насихат жетіспейді. Өзгеге оқыту үшін ең бірінші өзіміз оқуымыз керек. Оның үстіне біздегі әдеби орта батыстық үлгідегі пиар менеджментке дайын емес. Әлемді мойындату жалаң жарнамамен ғана жүзеге аспайды. Бұл – уақыттың еншісіндегі нәрсе.

– Бүгінде кез келген адам жазушыларға мін тағуға даяр тұрады. Оларға тағылған мін Жазушылар одағына да тиіп кетіп жатады. Сондай-ақ әдеби ортаның өзінде «әдебиет тоқырап тұр, ешкім кітап оқымайды» дегендей пікірлер айтылып қалып жатады...

– Бар проблеманы әдеби қауымның өзіне ысырып қоюға болмайды. Ұлттың әдебиетін дамытып, рухын ояту үшін үлкен бір кешенді бағдарлама, идеологиялық бағыт керек. Билік тарапынан шығармашылық адамдарына қолдау көрсетілуге тиіс. Бұл жалғыз Жазушылар одағының ғана айналысатын шаруасы емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне билік те, халық та атсалысуы қажет. Төл әдебиетіміздің қарашаңырағына айналған Жазушылар одағы өз мүшелерінің мүддесін қорғамай қалған кезі жоқ. Бірақ қайсыбір ағайындар Жазушылар одағын әлеуметтік қорғау мекемесіндей көреді. Соған қарамастан, қоғамдық ұйым бола тұра, біз шама-шарқымыз  келгенше әрбір қаламгердің жағдайын жасауға тырысамыз. Үлкен-үлкен мерейтойлардан бастап, жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, шағын әдеби кештер мен басқосуларға дейін өткізіп келеміз. Бұдан да көп дүние тындыруға болар, бірақ бәрі тағы да қаржыға келіп тіреледі.

Алыс шетелдерді алмай-ақ қояйық, біздің елдегідей Жазушылар одағы ТМД мемлекеттерінің бірінде жоқ. Оны көріп те, біліп те жүрміз. Біз өз Одағымызды сақтап қала білдік және сақтап қана қоймай, нақты іс-шаралар атқара алатын, өз сөзін тиісті жерлерге өткізе алатын, қажет тұста елдің сөзін сөйлей алатын потенциалды қоғамдық ұйымға айналдыра білдік. Бұл жерде Одақтың басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің еңбегін ескермей кетпеске болмас. Украина, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің шығармашылық одақтары қазір қиын жағдайда отыр. Ресейдің өзінде бір одақ алты-жетіге бөлініп, мәмілеге келе алмай жүр. Құдайға шүкір, біз сан-саққа бөлініп, бетімізбен кетпедік. Әрине, белгілі бір деңгейде пікір қайшылықтары мен әртүрлі көзқарастар текетіресі болып жататын шығар. Бұл – заңдылық. Алайда қазақ қаламгерлерінің ұлт пен оның әдебиетіне келгенде мүдделері бір екеніне шүбә келтіруге болмас.

– Соңғы жылдары жарық көрген бір шоғыр жас қалам иелерінің жаңа кітаптарына әлі күнге дейін толыққанды зерттеу жүргізіліп, зерделі сын жазылмай жүр...

– Дәл қазір әдеби сынға білек сыбанып кірісіп жүрген сыншы әдебиетшілер жоқтың қасы. Бүгінде ең жас сыншы деген Амангелді Кеңшілікұлының өзі қырықтан асып кетті. Оның үстіне бүгінгі жастар сынды қабылдай алмайды. Олар көп жағдайда мақтау күтеді. Әдетте әдебиетте әр буын бірін-бірі тәрбиелейді. Мысалы, кешегі Кеңшілік, Дәуітәлі, Жарасқандар, бүгінгі Иран-Ғайып, Нұрлан Оразалин, Күләш Ахметовалар үлкен бір таланттар шоғырын құрды. Бүгінде жастары елуден асқан біздің буын осы шоғырдың алдын кесіп өткен емеспіз. Кейде мен «біз осы қазіргі жастарды тым көтермелеп, тым еркелетіп жіберген жоқпыз ба» деп те ойлаймын. Бұлай болуы да керек шығар. Бүгінгі еркін қоғамда кітап шығару да, баспасөзде көрініп, кеш өткізу де, танымал болу да жастар үшін аса бір қиын дүние болмай қалды ғой...

– Сіз Жоғарғы партия мектебінде, қазіргі КИМЭП-те оқыдыңыз. Неге саясатқа кетіп қалмадыңыз?

– Қай заманда болсын ақын-жазушылардың елге танылуы, өз орнын табуы өте қиын процесс. Біздің өзіміз ертеректе әдеби ортадан жырақ, елде жүрдік. Алматыға келіп, бірден орнығу оңай болмады. Жасым отызға жақындаған сол кездерде оқу іздеп, ауылдағы үй-жайды тастап, бала-шағаммен қаланың әр бұрышында пәтер жалдап күн кештік.

«Көшемін ертең, босатам Коляның үйін,
Бұл көшу маған, әрине, болады қиын.
«Турчатник» жақта тұрақтап үйренген едім–
Тоңады миым,
Санамда соғады құйын...»
– деп келетін өлеңдерім сол бір қиын тұстарда қағазға түсіп еді. Саяси білім алып жүріп әдебиетке араластым. Қалауым сол болды. Өлеңге жан-тәнімізбен берілдік. Сол кезде Тәуелсіздіктің бастауындағы алғашқы жыр мүшәйраларының жүлделерін алған едік. Ол тұста қазақ қоғамы нағыз экономикалық, рухани дағдарысты бастан кешіру үстінде еді. Бірақ сонда да әдебиет жасалды. Әлі де жасалуда. Әдебиет ол – мәңгілік процесс.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...

Қазіргі қазақ баласының әкесі де, анасы да, ұстазы да интернет пен теледидар болып кетті. Ұрпақты ұлттық сана-сезіммен тәрбиелейтін аналар мектебі жоғалып барады.

Өткен жылдың соңында Мемлекеттік хатшының аузымен қазақ тілінде үш бірдей телеарна ашылады деп айтылып қалды ғой. Солардың бірі балаларға арналады делінді. Осы уәде сөз аяқсыз қалмаса екен деген тілек бар. Әйтсе де бәсеке болу үшін ондай арналар бірнешеу болуы керек. Бала оянғаннан бастап қазақтың небір ғажайып ертегілері, аңыз-әңгімелері эфирден беріліп, ұрпақ санасын сілкіндіретін түрлі тележобалар жүзеге асырылса – ұлтқа деген, туған тілге деген сүйіспеншілік қазақ баласының бойына жастайынан сіңе берер еді.

Бұған қоса, қазақ балалар әдебиетінің дамуына да мемлекет тарапынан қолдау қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың арасында балалар тақырыбына қалам тербеп жүргендері байқалмайды. Сондай-ақ бүгінгі әдебиетте де, кино, театрда да әр балаға идеал бола алатындай жағымды да жақсы, батыл да ақылды, мейірімді кейіпкерлер жоқтың қасы. Біз ұлттық әдебиеттің қауқарын ұрпақ тәрбиелеуге жұмсай білуіміз қажет.


БIР ҮЗIК ОЙ

Бұрын жабық қоғамда өмір сүріп келсек, қазір жаһандануға бет алған әлемнің бір бөлшегі ретінде өзгелермен қоян-қолтық араласа бастадық. Осылайша, әлем-жәлем, қызылды-жасылды, жарқ-жұрқ еткен жаңа қоғамда қолына қалам ұстағандардың абдырап қалғаны рас. Баяғыда Арқада киіктерді атып алу үшін аңшылар, охотинспекция сияқты мекемелердің қызметкерлері оларға жан-жақтан жарығы көз қарықтыратын бірнеше прожектордың жарығын түсіретін. Сонда соншама жарықтан көздері тұнып, түк көрмей қалатын байғұс киіктер нысанаға айналып, оп-оңай атылып қала беретін. Бүгінгі біздің бастан кешіп жатқан уақытты ойласам, көз алдыма осы көрініс келеді.


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста