Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Қазақстан Республикасында жүзеге асып жатқан қылмыстық атқару жүйесін реформалау үдерісі қандай нәтиже берді?
– Сөз басын Бас прокурор А.Дауылбаевтың мәлімдемесінен бастағанды жөн көріп отырмын. Бір сөзінде «бізде бас бостандығынан айырылған адамдар саны әлі де болса жоғары, яғни 100 мың адамға 316 сотталғаннан келеді», – деп атап өткен еді.
Шынымен де, халықаралық стандарттар бойынша 100 мың адамға шамамен 150 сотталғаннан келген жағдайда ғана біз қылмыстық әділдік жүйесі дұрыс ұйымдастырылды деп айта аламыз. Қоғам үшін ең өзекті мәселе деп мен ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар мен рецидив қылмыскерлер санының көптігін айтар едім. Жазасын өтеп жатқандардың 95 пайызы осы топқа жататындар. Сондықтан да қылмыстық атқару жүйесін реформалауды тек жалғастырып қана қоймай, оның аясын бұрынғысынан да кеңейте түскен дұрыс.
Реформа не берді дейсіз ғой? Тәуелсіздік алған жылдардан бері айтсақ, жазаның балама түрлерін арттырып, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру мақсатымен елімізде 70 шақты заң қабылданыпты. Жеті рақымшылық шарасы жасалып, нәтижесінде 12 жыл ішінде сотталғандар санын төрт есеге азайтыппыз.
Қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мемлекет ішіндегі мемлекет іспеттес. Ондағы басқару жүйесіне қатаң бақылау керек. Соңғы жылдары Қылмыстық атқару жүйесі қолдан-қолға өтіп, жұмыстарынан береке кетіп қалды. Менің ойымша, олардың ІІМ құзырында болғандары дұрыс. Өйткені ІІМ-де күш те мығым, резерв те жеткілікті, ҚАЖК-ны қадағалайтын кадр де бар, тәжірибе де мол.
Оқшаулау мекемелерінде қамауда отырғандарға қылмыскер деп қарағанымыз дұрыс емес, оларды тек шалыс басқан адамдар деп таныған жөн. Сонда ғана біз олардың қатарға қайта қосылуына ықпал етеміз. Ол үшін бірінші кезекте қамауда отырғандармен жұмыс істейтін кадрдың өзі білімді, білікті болғаны дұрыс.
Біздің елде қазір 94 түрме мен тергеу изоляторлары бар. Оның алтауы – әйелдердікі. Негізі, еліміз егемендігін алған жылдарға дейін сотталғандар саны өте көп болды. Нақтырақ айтсам, әлем бойынша АҚШ, Ресейден кейінгі үшінші орында тұрғанбыз. Қазір азайды. Сөйтіп, үшінші орыннан 31-ші орынға түстік. Осының барлығы жоғарыда айтып өткенімдей, жазаның балама түрлерін пайдаланудың, ізгілендірудің және бірнеше рақымшылық жасағанның нәтижесі.
Қазақстан кезінде КСРО елдерінің арасында сотталғандардың зонасы «міндетін» атқарған-ды. КСРО-да жылына 700 мың адам сотталса, соның 100 мыңдайы Қазақстандағы еңбекпен түзеу мекемелерінде отырды. Аса қауіпті деген рецидив қылмыскерлер осы Қазақстан түрмелерінде жатты. Лагерьлердің түр-түрі болды. Сотталғандар санының көп болғандығы қай қоғамға да кері әсерін тигізбей қоймайды. 1975 жылдан 2000 жылға дейін әрбір 35-ші қазақстандықтың өмірбаянына дақ түсіп, қылмыскер атануы соның салдарынан болса керек.
Негізі, қазіргі жағдайда мәз емес, қанша реформа жасалса да, сотталғандар санын анау айтқандай азайта алмай отырмыз. Қазір түрмелерде 63 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Біздегі жағдайды Орталық Азия елдерімен салыстырсақ, адам соттаудан оқ бойы озық келеді екенбіз. Мысалы, Қырғыз елінде сотталушылар саны біздегіден үш есе аз. Тәжікстанда тіптен төмен, ондағы түрмелерде әрбір 100 мың адамның 109-ы қамауда. Айрықша тоқталып айта кетпегім, Қазақстанда қылмыскерлердің жазасын өтеу мерзімі орташа есеппен айтсақ, шамамен сегіз-тоғыз жылды құрайды екен, ал психологтардың пайымынша, адамды қамауда ұстап, дұрыс жолға салу үшін бес жылдай оқшауласа да жеткілікті көрінеді.
– Пенитенциарлық жүйені қаржыландыру жылдан-жылға артып келеді деп жатады. Алайда ҚАЖМ-ға бөлініп жатқан сол қомақты сомаға кеп тірелетін мәселе де көп. Біріншіден, сотталғандарға жұмсалынып жатқан ақша экономикамызға айтарлықтай шығын келтіруде. Ондай болса, қылмыс жасағандардың барлығын бірдей түрмеге тоғыта бермей, жазаның балама түрлерін бұрынғыдан да арттырып, бұл үдерісті жеделдету керек шығар. Екінші бір шетін мәселе: мемлекеттік бюджет ақшасы мақсатты түрде жұмсалып жатыр деп сенімді түрде айта аламыз ба?
– Сотталғандардың көптігі мемлекеттің экономикасына едәуір шығын келтіретіні рас. Мысалы, соңғы төрт жылдың ішінде қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін қаржыландыру 54 пайызға өсіпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 320 миллион долларға дейін жеткен көрінеді. Сонда бір адамға жылына 580 мың теңгеден тиген. Енді мына парадоксқа қараңыз: бір адам он мың теңгенің затын ұрлап, үш жылға сотталған. Ал сол бір адамға Үкімет үш жылда 1 млн 700 мың теңге шығынданбақшы. Міне, үкіметтің, үкіметтің деймін-ау, қарапайым халықтың ырыздығы қалай ысырап болып жатыр.
ҚАЖМ-ға бөлініп жатқан қаржы тұтастай діттеген жеріне жетіп жатыр ма, шынымды айтсам, ол жағы маған беймәлім. Ақшаның мақсатсыз жұмсалып жатқандығы турасында бірлі-жарымды ақпараттарды құлағымыз шалып қалады. Бұл ақшадан да пайда тапқысы келетіндер жоқ емес. Сондықтан да прокурорлық қадағалауды мейлінше күшейту керек. Өйткені бөлініп жатқан қаржы қыруар. Оны айтасыз, білімге, денсаулыққа тиесілі ақша талан-таражға түсіп жатқанда, сотталғандарға деген бюджеттен еш шашау шықпайтынына сене қою қиындау.
Қазіргі Ата Заңымызға сәйкес, адам еңбек етуге міндетті емес, еңбек етуге құқылы, болғаны – сол. Ал КСРО кезінде еңбек бірінші кезекте тұратын. Тіпті жұмыс істемейтін жан болмайтын. Әуелі десеңіз, бос жүргендерді жер аударып, жазаға тартатын. Сол принцип түрмелерде де қалыптасып, ол қатты бақыланды. Түрмелердің «еңбекпен түзеу колониялары» деп аталуларының себебі сол еді. «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген ұран далада да, қалада да, азаматтық қоғамда да, оқшаулау орындарында да үстемдік құрды.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары еңбекпен түзеу мекемелері жүйесінің өзіндік әлеуеті зор өндірістері болған. Жабық типтегі еңбекпен түзеу колониялары өз шығынын өзі ақтау принципі негізінде қызмет еткенін баршасы жақсы біледі. Сотталғандар әсіресе құрылыс саласына көп тартылды. Кейінгі жылдары «кеңес үкіметі сотталушылар санының азаймауына мүдделі болды» деп жатты, бәлкім, ол рас та шығар. Өйткені еңбекпен түзеу мекемелері КСРО экономикасын көтерудің негізгі бір механизмі саналған-ды.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай тауып айтқан. Қазір түрмедегілер тамақ ішеді де жатады. Мұндайда адам түзелуші ме еді?! Ондай ортадан қандай адам шығады?! Осы жағына Үкімет айрықша назар аудармаса болмайды. Ақыры жұмыспен қамти алмайды екенбіз, олай болса оларға мамандық алып шығатындай кәсіптік білім беру керек. Қазіргі түрмеде отырғандардың басым бөлігі рецидив қылмыскерлер мен аса ауыр қылмыс жасағандар екенін жоғарыда айттым. Олардың арасында түрмеден шыққан соң да түрмеге қайта бару үшін әдейі қылмыс жасайтындар бар. 43 пайызы – екі немесе үш реттен бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқандар. Өйткені колонияда тамағы дайын, төсегі бар. Сондықтан да осындай қылмыскерлердің санын азайтудың алдын алудың жолдарын қарастыру қажет. Оның бірден-бір жолы, менің ойымша, кәсіптік білім беру. Бостандыққа шыққанда әйтеуір бір жұмыс тауып, күнін көретін жағдайға жетсе, түрмеден өздері де қашар еді ғой. Үкімет сотталғандардың барлығын жұмысқа тартып, оларға бөлінген әлгі 580 мың теңгені қайтаруды ойлайтын кез келді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасының негiзгi түйiнi осы – бос жүргендерді жұмыспен қамту. Тәуелсiз Қазақстанның алға қойып отырған мақсаты – өзiн-өзi барлық игiлiктермен қамтамасыз ете алатын, әлеуметтiк әдiлдiктi сақтайтын, еңбек мәртебесiн жоғары ұстайтын ерiктi қоғам құру.
Азаматтық қоғамда қылмыстың алдын алу үшін ең бірінші кезекте жұмыссыздықпен күресу керек. Әйтпесе қанша реформа жаса, мейлі ол біз күткендей нәтиже бермейді. Статистикалық мәліметтер келтіре кетейін: 2003 жылы 50 мыңнан астам адам жазаға кесілсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 26 300-ге жуықтаған. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясаты мен рақымшылық жасау нәтижесінде сотталғандардың санын 2012 жылы 15 пайызға қысқартуға қол жеткізіппіз. Алайда бұл қылмыс азайды деген сөз емес. 2003 жылы 118 485 қылмыс тіркелсе, ол 2011 жылы 206 801-ге жеткен. Өткен жылғы көрсеткіш ойлантпай қоймайды: ол 288 мыңды құраған. Осының барлығы, менің ойымша, елдегі жұмыссыздықтың салдарынан деп ойлаймын. Елбасы Н.Назарбаевтың халықты жұмыспен қамту мәселесіне айрықша мән беруінің бір себебі осы болса керек. Елдегі жұмыссыздықты азайтпаса болмайды. Қоғамның құқықтық сауатын арттыру керек. Құқықтық мәдениет пен құқықтық сана-сезімін жетілдіруге тиіспіз. Ең бастысы, жемқорлықпен күресті күшейту қажет. Жемқорлық бар жерде еңбексіз баю деген бар. Еңбексіз баю, сайып келгенде, тапқа бөлуге әкеп соқтырады. Осының барлығы түрлі қайшылықтарды туындатады.
– Сыбайлас жемқорлыққа барғандарды бас бостандығынан айырмай, оларға жасаған қылмысына қарай айыппұл төлету мәселесі көтеріліп жүр. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қылмыстың ең ауыр түрінің бірі – бұл. Оның зардабы мемлекет үшін де, қоғам үшін де орасан. Егер 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша келтірілген зиян сомасы 379 миллион теңгені ғана құраса, 2010 жылы осы көрсеткіш 6,8 миллиард теңгеге дейін өскен. Мәселен, 2005 – 2010 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасында 10929 сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталды. Егер 2005 жылы экономикалық қылмыстар саны 1505-ді құраса, 2010 жылы ол 1911-ге жеткен, яғни 27 пайызға өскен. Бұл бер жағы ғана, шын мәнінде, сыбайлас жемқорлық салдарынан еліміз жүздеген миллиард доллар көлемінде шығынға батып жатыр.
Сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекет үшін экономикалық қана емес, ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіруде.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес халықаралық қауымдастықтың ортақ ісіне айналған. Дегенмен де оларды соттағаннан гөрі өз басым, егер қылмыскер мемлекетке келтірген шығынды толық қайтарса, жасаған қылмысын мойындаса, онда бас бостандығынан айырғаннан гөрі айыппұл төлеткен тиімді болатын шығар деп ойлаймын.
– Жуырда қылмыстық сот төрелігін және жазаны өтеу жүйесін өзгерту жөніндегі бірегей бастама болып табылатын «Түрме орнына – пробация мен электронды білезік» атты тұңғыш халықаралық форум болып өтті. Форум қылмыстық жазалауды орындау жүйесін жаңғырту және оған алдыңғы қатарлы инновацияларды енгізуге бағытталған жобаны жүзеге асыру аясында өткізілді. Мұндай тапсырманы Елбасы құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен болған бір мәжілісте жүктегені белгілі. Электронды білезікке сіздің көзқарасыңыз?
– Шетелде кеңінен қолданылып жүрген электронды бақылау құралын пайдаланудың үш формасы бар: үкімдік, пенитенциарлық және пенитенциарлық аядағы үлгісі. Оқырмандарға түсінікті болу үшін әрқайсысына қысқаша тоқтала кетейін: үкімдік – шартты түрде сотталғандарға арналған, пенитенциарлық – бас бостандығынан айрылған адамның түзелуі үшін психологпен жұмыс істеген кезінде қолданылады, осы тұста айта кетейін, егер оқшауланған ортада бір ғана психолог жұмыс істеген кезде, пробацияның мұндай түрі тиімділігін көрсете алмайды, пенитенциарлық аядағы үлгі мерзімінен бұрын босап, әкімшілік қадағалау бекітіліп жүргенде пайдаланылады.
Бұл бағытта біздің елімізде де бірқатар шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. Бүгінгі күні Бас прокуратура мен ІІМ бірлесіп арнайы екі жоба дайындап жатыр. Оның біріншісі – пробация институты мен электронды бақылау құралдарын кеңінен пайдалануға бағытталса, екіншісі сотталғандарды жұмыспен қамту жүйесін жаңғыртуға негізделген. Жалпы, пробация тәжірибесі біздің елге де енгізіле бастады. Білуімше, өткен жылы алты мыңға жуық шартты сотталғанның екі мыңына электронды білезік салынған болатын. Әрине, алғашқы кезде сынақ ретінде пайдаланылды. Мұндай тәжірибе 60-тан астам мемлекетте бар. Сол елдер қатарына қосыламыз деп Қазақстан да үлкен дайындықтар жүргізіп жатыр. Өз басым жазаның бұл түрін онша қолдай қоймаймын. Өйткені бұл адам құқын шектеу деп санаймын және ондай білезік киіп жүрген адамға қоғам күдікпен қарайтын болады. Әрине, оның жақсы жағы – құзырлы орындардың бақылауына тиімді. Алайда бірден қолдануға болмайды. Бірте-бірте келу керек. Біздің менталитетке жат мұндай тәжірибені қоғам қалай қабылдар екен? Қоғамның пікірімен де санасқан жөн деп ойлаймын.
– Міне, бірер жыл болды, қамаудан босап шыққандарды әлеуметтік бейімдеу бұрынғыдай пенитенциарлық жүйенің міндетінде емес, жергілікті әкімшіліктердің құзырында. Алайда заңгер-сарапшылар оның оң нәтиже бермей отырғандығын айтып қынжылуда. Сіздің ойыңыз?
– Түрмеден шыққандарды әлеуметтік бейімдеуді жергілікті әкімшіліктерге жүктелгенін қолдаймын. Өйткені темір тордан кеше ғана шыққан адамның бостандықта да күш құрылымдары қызметкерлерінің бақылауында болуы кері әсерін тигізуі мүмкін.
Мамандардың, сарапшылардың алаңдайтындай жөндері бар. Өйткені ондай дағдарыс орындары әзірге екі-ақ өңірде бар, яғни Шымкент пен Павлодарда. Ал жаза өтеп шыққандарды бейімдеуді ҚАЖК-інен әкімшіліктерге өту туралы қаулы 2011 жылы шыққан-ды. Енді қараңыз, екі жылдан астам уақыт өтті, үдеріс тым баяу жүріп жатыр. Егер сотталғандар мен олар жасаған қылмысты азайтамыз десек, ең алдымен, түрмеден босап шыққандарды бейімдеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оны мейлінше жақсартуымыз керек. Білуімше, өткен жылы бас бостандығынан айыру орындарынан 13 мың адам босатылса, соның тек 30 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Әр облыста бұрын сотты болғандарды жұмыс тауып беріп, мекенжаймен қамтамасыз ететін дағдарыс орталықтарын көптеп ашу қажет деп ойлаймын. Тіпті менің ойымша, әрбір жергілікті әкімшіліктерге түзеу мекемесінен шығатын адамдардың санына қарай оларды жұмыспен қамту үшін квота бөлу қарастырылса, тіптен жақсы болар еді. Әрине, олар тұрмақ, мына азаматтық қоғамдағы адамдарға жұмыс табылмай жүргенде оларды жарылқап қайтеміз дейтіндер бар, алайда мынаны ұмытпаған абзал: түрмеден бүгін шығып, ертең қайта түрмеге түсетіндер халықтың табысымен күн көруде. Олардың санын азайту мемлекет пен халықтың өзіне тиімді.