Түркі бірлігі – мүмкіндігі зор идея, оның маңызының артуы немесе сөніп қалуы саясаткерлер мен халыққа байланысты

Болат Әуелбаев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі:

– Араб әлемінде болған саяси төң­ке­рістер Орталық Азияда көрініс беруі мүмкін деп сәуегейлік жасайтындар бар. Бұл қаншалықты мүмкін және ай­мақ­тың қауіпсіздігі қай деңгейде?
– Орталық Азия мен Араб елдерін са­лыс­тыру өте қиын. Бұл екі аймақтың ара­сын­да тарихи және қазіргі саяси-эконо­ми­калық ахуалы жағынан да көптеген ерек­ше­ліктер бар. Алдымен араб елдеріндегі төңкерістердің қайдан пайда болғанына өз көзқарасымды жеткізе кетейін.
Араб елдерінің саяси элитасы Америка-Кеңес бәсекесі кезінде 40 жылдай бұрын қалыптасқан.. Ол кезде Араб әлемінде отар­­­­сыздандыру саясаты жүріп жатқан болатын. 70-жылдарда Араб елдерінің хал­қы бас көтеріп, өзіндегі қазба байлық­тардың қызығын өздері көруге, шетелге тиісті бағамен сатуға ұмтылыс жасап жатты. Өткен жылы төңкерілген саясаткерлердің барлығы дерлік саясат сахнасына сол жылдары шыққан болатын. Енді сол саяси төңкерістердің барлығына назар аударсақ, бір қызықты құбылысты байқаймыз. Ешбі­рінде төңкеріс лидерлері байқалмайды. Тұрақсыздық орын алды, халық көшеге шықты. Бірақ олардың арқасүйер лидер­лері болған жоқ. Неге? Себебі бұл жаңа заманның технологиясы. Қазіргі Ресейде болып жатқан наразылық акцияларында да осындай ұқсастық бар. Лондон, Париж, Нью-Йорктегі көтерілістердің ешбірінде лидер жоқ. Араб әлемінде мұндай техно­логияны кім пайдалана алуы мүмкін? Батыс­ша ойлайтын адамдар ғана ондайға қабілетті. Ал олар кімдер? Олар – сол 70-жыл­дары билікке келген ұрпақтың бала­лары. Сол кездегі шенеуніктер өз балала­рын Оксфорд, Кэмбридж секілді әлемнің беткеұстар оқу орындарына жіберді. Сол оқуды тамамдап, елге оралған жастар елдің құзырлы орындарына қызметке орналаса бас­тады. Олардың ерекшелігі – өздеріне дейінгі ұрпақтан мүлде басқаша ойлайды, елдің болашағын басқаша көр­гісі келеді. Осындай өзгеше ойлайтын жас­тардың ара­сында өзара бірлік жоқ деп ай­та алмай­мын. Жасырын түрде болса да бүлікшілерді қаржыландырып, оларға ба­ғыт-бағдар беріп отыруы мүмкін. Ұйымдас­тыру жұ­мыс­тары да солардың қолынан шыққан болу керек. Яғни бұл төңкерістің ұйымдас­тырушысы – шетелде оқып келіп, құзырлы орындарға ие бола бастаған жастар. Ал Орталық Азияның жағдайы мүл­де басқа. Шетелден оқып келген жас­тар маңызды тетіктерге ие болып үлгерген жоқ. Жалпы, жастардың өзгеріс алып ке­летіні анық құ­былыс. Біздің билік сол жағ­д­ай­ды ескеріп, қазірден дайындалуы керек. Жастар елдің бағытын революциялық жол­мен эволю­ция­лық жолмен өзгертуіне, за­ма­науи игі­лік­терді енгізуіне мүмкіндік беру керек.
– Бізде Түркі бірлігі жайлы жиі айтылады. Алайда саяси істерде оны сезініп жатқан жоқпыз. Орталық Азия­лық одақ жайлы да айтылып қалады. Бірақ нақты өмірде Кедендік одақ секілді басқа бағыттағы жобаларда жүрміз. Бағытымыз қандай?
– Орталық Азиялық Одақ және Түркі бірлігі жөнінде сөз болғанда біз оның тенденция екенін түсінуіміз керек. Әзірге ол құбылыс емес. Кедендік одақ, Еура­зия­лық одақ сынды нақты жобалар еліміздің экономикасы үшін қажет. Ресейдің жалпы ішкі өнімі үш триллион долларды құрайды. Ақпарат саласында да олар озық жатыр. Демек, бізге берері көп. Дәл қазіргі жағ­дай­да Орталық Азия елдерін бір бүтін ағза ретінде елестетсек те, ол бізге Ресейді ал­мастыруға қабілетсіз. Мысалы, бір кездері Ресей­ден оқшауланғысы келіп есік-тере­зесін қымтап алған Өзбекстанның өзі сол бұрынғы көзқарасын сақтай алды ма? Қазір Өзбекстанның да ең үлкен сауда серіктесі – Ресей. Көп жылдар бойы шека­расын берік ұстауға тырысты. Қазір қайта­дан сол Ресеймен әріптестікке ұмтылып жатыр. Я болмаса транспорттық тығырықта отырған Тәжікстанды алайық. Өзге шетел­дер­мен тауар айналымдарын қарастыратын болсақ, көлемі жағынан тағы сол Ресей тұр. Барлық ТМД елдерінің сауда әріптестігі алдымен Ресеймен болып жатыр. Оның себептері де көп. Ең алдымен, инфра­құ­рылым солай қалыптасқан, көлік және темір­жол қатынасымыз осы бағытта жасал­ған. Бүгінде біз солардың барлығынан бірден бас тартатын болсақ, дағдарысқа ұшыраймыз ғой.
– Дегенмен Түркі бірлігі жайлы не айтасыз?
– Түркі бірлігі дегеніміз – тенденция. Ол– идея жүзінде бар нәрсе. Қазіргі кезде осы тақырыпта жиі отырыстар, саммиттер, шаралар өтіп жатыр ғой. Соның барлығы – түркі идеясының шындыққа қарай келе жатқанының көрінісі. Шетелдік сарапшы­лар да бұл идеяға болашақта жандануы мүмкін құбылыс ретінде қарайды. Соңғы рет Нахичеванда бір отырыс болды. Сол кезде де саясаткерлер тарапынан жақсы-жақ­сы ұсыныстар айтылды. Бұл идея өш­пейді. Оны саясаткерлер де, қоғам да қолдап отыр. Мысалы, Түркия НАТО-ға мү­ше ел. Бір кездері КСРО-ның ата дұшпаны болған НАТО-ға мүше елмен визасыз қатынас орнатамыз десек, кім сенер еді? Қазір қазақстандықтар ең жиі баратын ел­дердің бірі – Түркия. Біреу тауар апарып жатыр, енді біреуі алып келіп жатыр. Біреу демалуға, біреу мәдени шаралардың барысында барады. Ендеше түркі бірлігіне қарай қадам жасалмай жатыр деп қалай айта аламыз? Меніңше, Түркі елдері бү­гінгідей заманның туғанына риза болу керек. ТМД елдерінен басқа Қазақстанға Түркия мен Малайзия ғана визасыз қаты­нас ашып берді. Түркия бұл қадамға бекер ба­рып жатқан жоқ. Бұл ел мен елдің ара­сын­дағы сенім категориясының бар екенін білдіреді. Мұның бәрі – бір қарағанда, ұсақ болып көрінетін кезекті жиындардың берген нәтижелері. Мысалы, Түрікменстан­ды алайық, ол да саяси-мәдени тұрғыдан келгенде Түркияға арқа сүйейді. Өзіне жақын орналасқан Иранға немесе Ресейге бағытталып отырған жоқ қой. Әзірбай­жанды алайық, ол да Түркиямен тығыз бай­ланыста отыр. Таулы Қарабах жанжа­лында Арменияға Ресей жақтасып отырса, Әзірбайжанды Түркия қолдап отыр. Ор­талық Азиялық мемлекеттердің бірі Қырғызстанды алсақ та – сол көрініс. Роза Отынбаева президенттікке отырғаннан кейін алғашқы ресми сапарын Түркияға жасады. Сарапшылар оны Қытайға барар ма, әлде Ресейге аттана ма немесе тіпті Ба­тыс­қа сапар шегер ме екен деп күтіп отыр­ғанда, ол алғашқы ресми сапары ретінде Түркияға кетті. Яғни Түркі бірлігі дегеніміз – мүмкіндігі зор идея. Оның маңызының артуы немесе керісінше сөніп қалуы саясаткерлер мен халыққа байла­нысты. Әзірге ол қалыпты деңгейде, тіпті жақсы деңгейде жылжып жатыр деуге болады.
– Осыған ұқсас қандай тенденция­лар­ды атай аласыз?
– Мысалы, бұған дейін Фин-угор тенденциясы болды. Оған Финляндия, Карелия, Мордва сияқты халықтар кіреді. Бірақ сол тенденция сөніп қалды. Парсы тіл­ділер тенденциясы да бар. Иран, Ау­ғаныстан, Тәжікстан елдері сияқты. Парсы тілді елдердің саммиті деп аталатын жиын­да мемлекет басшылары жиі бас қосып тұ­рады. Бірақ сол тенденция да түркі бір­лігінен гөрі әлсіз. Қазір Ресейдегі татар, башқұрт, Кавказдағы бірқатар халықтар да түркі әлеміне қызығушылық танытып, бақылап отыр ғой. Болашақта Түркі бірлігі геосаясат деңгейіне көтерілуі мүмкін. Ал Ре­сеймен, Қытаймен арадағы саясат уа­қыт­ша болуы да мүмкін. Себебі оның бо­йында, ең алдымен, экономикалық мүдде жатыр. Күндердің-күнінде саясат қиыспай қалса, оған да нүкте қойылуы ғажап емес.
Қазіргі саясат түсініксіз. Тіпті Кедендік одақты да пайдалы-пайдасыз деп сынға алып жатады. Расында, оның пайдасын көріп, қарқ болып жатырмыз деп айтпай­мын. Дегенмен тиімді емес деп те айта алмаймыз. Күндердің-күнінде Ресеймен арадағы қарым-қатынасымыз өзгерсе, Түркі бірлігі идеясы негізгі ұстанымға көтерілуі ғажап емес. Сол сияқты Қытайға да ренжуге болмайды. Қытайдың да бізге деген өшпенділігі жоқ. Экономикалық ық­палы болып жатса, оған өзіміз де себепкер­міз ғой. Мысалы, біз «Қытай біздің нарық­ты жаулап алды» деп жиі айтамыз. Алайда елімізге келіп жатқан тауарлардың бар­лығын олар күштеп, саяси жолмен қысым көрсетіп енгізіп жатқан жоқ қой. Өзіміздің отандастарымыз, қандастарымыз сол жаққа барып, алып келіп жатыр. Яғни біз таза нарық заңдылықтарымен жеңіліп жа­т­ырмыз. Олардың игілігін пайдаланып алып, өздеріне ұрысамыз.
– Яғни, сіздіңше, Кедендік одақ, БЭК секілді Ресейге жақын жобалар тек экономикалық мүддемен шектеледі ғой?
–Түптеп келгенде, Кедендік одақ де­ге­німіз – осы Қытайдың экономикалық ық­палын аз да болса сейілту үшін жасалған нәрсе. Осы уақытқа дейін Қазақстанға өзге елдердің өндіруші компаниялары енген жоқ. Әсіресе, дамыған елдердің, Оңтүстік Кореядан бастап, Жапония мен ЕО елдері­нің өнеркәсіптік компаниялары Қазақстанға аттап басқан жоқ. Себебі халық саны аз. 15 миллион тұтынушы оларды қызықтыр­майды. Сол үшін инвестиция салып шы­ғын­далғысы келмейді. Ал енді Кедендік одақ іске қосылғаннан кейін сол шетелдік компаниялар да ойлана бастады. Келіп жатқандар бар. Себебі біз оларға «біздің территориямызға келіп орналасыңдар, ар жағында екі жүз миллион тұтынушыға қол жеткізе аласыңдар» деп сенімді айта ал­а­мыз. Расында, солай болып жатыр. Жуырда Германиямен арада түрлі келісімдер жа­салды. Бұған дейін немістер бізге келмей қойған. Енді түрлі көлік құрастырушы ком­паниялар да Қазақстанға қызығушылық таныта бастады. Бірақ ол аз. Әлі де дипломатиялық жұмыстар жасалу керек.
Ресей осы жылдың аяғына қарай ДСҰ-ға кіреді. Бір жыл – өте аз уақыт. Біз сол Ке­дендік одақтың мүмкіндіктерін пайдала­нып үлгерген жоқпыз. Сол уақытқа дейін шетелдік компанияларды шақырып үлгеру керек.
– Соңғы кездері Иран мен Сирияның айналасында болып жатқан халық­аралық даулар түрлі державалардың түрлі белдеу­лерге топтаса бастағанын көрсетіп жатыр. Мысалы, Қытай, Ресей сынды іргелі елдер­дің Иран мен Си­рияны қолдап шығуы Еу­ропаны тығы­рыққа тіреді. Сіздіңше, оның жалғасы қалай болады және Қазақстанның ұстанымы қандай болу керек?
– Қазақстан да – әлемдегі көптеген елдер секілді әлдебір соғыстың болуын қаламайтын ел. Себебі Иран айналасында соғыстың болуы – біз үшін саяси жағынан да, экономикалық жағынан да қауіпті.
Қазір Иранға қатысты қандай да бір болжам айту қиын. Тіпті осы жанжалды бас­тан-аяқ назарда ұстап отырған сарап­шылардың өзі ол туралы әлдебір сенімді болжам айта алмайды, айтуға ұмтылып та жатқан жоқ. Себебі мұндай шиеленістерді ғасырда бір болатын жанжалға жатқызуға болады. Ал осы мәселедегі Қытайдың рөлін айтатын болсақ, олар өз ұстаным­дарын ресми түрде атаған жоқ, ишарамен білдірді. Бір жағынан, жоғарғы әскери қолбасшылардың, әскери ведомствоның аузымен айтылған пікірді ишара деп те атауға келмеді. «Біз Ирандағы экономи­калық мүддеміз үшін соғысуға дайынбыз» деген мәлімдеме Қытайдың ұстанымын айқын айтып тұр. Қытай осы Иран оқиға­сына қатысты ғана емес, осыған дейінгі түрлі жанжалдарда өзінің Батыс елдеріне деген наразылығын, ашу-ызасын жеткізген болатын. Расында, Қытайдың АҚШ-қа ашуланатындай жөні бар. Пекин­нің бас ауруына айналған Тайвань мәселесін тудырып берген, шоқ тастап отырған да – АҚШ. Тайваньды қару-жарақпен қамтама­сыз етіп отыр. Қытай Австралиядағы АҚШ-тың әскери базаларының болуына қарсы. Қазір АҚШ әкімшілігі Вьетнам, Филиппин, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдермен тығыз әріптестік орнатқан. Қытай саясат­керлері мұны өзіне қарсы елдердің белдеуі деп түсінеді. Айналып келгенде, осы ай­тыл­ған мәселелердің барлығы Иран жан­жалы кезінде тұтанып кетіп, кең ауқымдағы әскери қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін. Бұған дейін Пәкістан мен АҚШ арасында да келіспеушіліктер болды. Сол кезде де Ресей Пекиннің Пәкістанға жақтасқаны белгілі. Бірақ бұлардың артында Қытайдың саяси амбициясы жатыр деп айта алмаймыз. Олар өздерінің экономикасын қорғап жатыр. Мысалы, бұған дейін олар Үндістанда бес миллиард доллардай ақшасын жоғалтты. Қазір Ангола, Нигерия­да тұрақсыздықтар болып жатыр. Анголия­дағы кеніштерде Қытайдың қомақты активтері бар. Тіпті араб әлеміндегі төңке­рістер де Қытайдың экономикалық мүдде­сіне кереғар.
– Қытайдың Иранға жаны ашып отырған жоқ, өз мүддесін қорғап жатыр дейсіз ғой?
– Иә, себебі Қытайдың экономикасы бір қалыпты деңгейде тұруы мүмкін емес, егер оның өсуі тоқтап қалса, ішкі толқулар басталады. Сондықтан олар тек өсіп отыру керек. Сондықтан Қытай өзінің экономика­лық жоспарына кедергі жасаған батыс елдерімен батыл сөйлесетін болады. Ал Ресейді айтатын болсақ, ол геосаяси оқиғаларға, саясатқа көп араласып кете алмайды. Себебі Ресей билігі Ливияның бұрынғы билігін қолдады. Бірақ сол билік қандай күйде төңкерілді? Ресейдің Иранға қатысты ұстанымын түсінуге болады. Иран­ның Бушерінде атомдық энергия стансысы тұрғызылды. Соның біршама технологиясы Ресейден алынған. Тіпті бұл бейбіт мақсатта пайдалану үшін бағытталған бағдарлама болса да, оның тоқтатылуы Ресей үшін ауқымды шығын әкеледі. Екінші жағынан Иран да, Сирия да – Ресейден қару-жарақ сатып алатын елдер. Яғни Иран мен Сирия Ресейдің оңтүстікке қарай бағыттағы жалғыз ықпал ету аймағы. Әзірге Еуропа елдерінің Иран мұнайына жариялаған эмбаргосының нәтижесін күту керек.
– Еуропалық эмбаргодан кейін Иранның мұнайын кім сатып алады?
– Иранның мұнайын Қытай алды. Қазірдің өзінде Қытай Иран мұнайының айтарлықтай бөлігін сатып алады. Эмбарго өз күшіне енгеннен кейін бұл көрсеткіш арта түсетіні анық. Сондықтан Ирандағы кез келген тұрақсыздық Қытайдың эконо­микасына тікелей әсер етеді. Қазіргі кезде елдердің саяси мүддесі ең алдымен экономикалық мүддесінен пайда болады. Энер­гетикалық қауіп төнсе, бұл экономи­калық апатқа апарады, сәйкесінше саяси дағдарыс басталады. Қарапайым ғана мысал: елдің ішінде қоғамдық көліктердің бағасы күрт көтеріліп кетті делік. Бұл жағдай ел тұрғындарының наразылығын тудырады. Олар әлемдік мұнайдың баға­сына, геосаяси жағдайларға, шетелдіктер­дің айла-амалдарына көңіл аудармайды, олар ең алдымен өзінің үкіметіне нара­зылығын жеткізеді. Сондықтан билік өзінің геосаяси мүдделері үшін күресуге мәжбүр. Негізі, қазір америкалық сарапшылардың басым көпшілігі қандай да бір әскери іс-қимылдың болуын қалап отырған жоқ. Қар­сылық білдірушілер көп. Барак Оба­маның өзі де соғысқа құлықсыз. Ол Иран мәселесін дипломатиялық жолмен шешуді қалайды. Себебі Иран шиеленісінің салдары АҚШ үшін бұған дейінгі кез келген конфликттерден ауыр болуы мүмкін. Егер Иранның ядролық нысаналары бомбының астына алынса, Тегеран Ормуз бұғазын бекітіп тастауды уәде етіп отыр. Әлемдік мұнай тасымалының 70 пайызы осы бұғаздан өтеді. Яғни тек Ираннан шығатын мұнайға ғана тосқауыл қойылмайды, сонымен қатар Сауд Арабиясы, Катар, Оман сияқты шикізат экспорттаушы елдер­дің мұнай ағыны тоқтап қалады. Мысалы, бұл жағдай Каспий маңындағы немесе Кариб теңізіндегі елдердің бірінің басына түссе оның әлемдік экономикаға айтарлық­тай әсері болмас еді. Көз алдыңызға елес­тетіп көріңіз, әлемдік өндіріс өзінің негізгі энергиясын ала алмай қалса, не болады? Барлық зауыттар, фабрикалар, коммунал­ды қызметтер тоқтап қалады. Мысалы, 70-жылдары Батыс Еуропада, АҚШ-та энерге­тикалық дағдарыс болған еді. Оған 6 күн­дік Араб-Израиль соғысы әсер еткен бо­латын.
Сол кезде Сауд Арабиясы энергия тасымалдауды 5-ақ пайызға қысқартып жібереді. Соның салдарынан бүкіл Еуро­пада энергетикалық дағдарыс басталып кетті. Қазір Жапонияда да, АҚШ-та да, Еуро­пада, барлық дамыған елдерде энер­гетикалық қор бар. Үлкен қоймаларға мұнай толтырып, тапшылық орын алғанда пайдалануға сақтап отырады. Бірақ сол қорлардың барлығы ары кеткенде екі-үш айға жетеді. Ал Иранға әскери соғыс ашылса, оның салдары бірнеше айларға созылады.
– Қазақстандық сарапшылардың арасында Иранмен соғыс болатын бол­са, бұл Қазақстан үшін жақсы, се­бе­бі біздің мұнайымыз қымбаттайды, нәтижесінде, қорымыз толады деген пікірлер айтылады. Мұнымен келісуге бола ма?
– Бұл – толықтай дұрыс емес пікір. Себебі қазақстандық мұнайдың әлемдік нарықтағы үлесі кішкене ғана пайыздық көрсеткішті құрайды. Тіпті біздің мұнайы­мыз ерекше көп болған күннің өзінде, оны Еуропаға жеткізу оңай болмайды. Себебі бізде шикізатты тасымалдап жеткізудің транспорттық коммуникациясы әлі дамы­маған. Қазақстандық мұнай көбіне құбыр­лармен емес, көбіне теміржол, порт арқы­лы, көліктік тасымалмен экспортталып жа­тыр. Ал «Баку – Тбилиси – Джейхан» жо­ба­­сында біз жоқпыз. Қысқасы, транзит­тік арналарымыз жетілмеген. Мұнайдың бағасы өсетін болса, барлық тауарлардың бағасы өздігінен көтеріліп шыға келеді. Бұл – мұнай эквивалентіндегі инфляциялық құбылыс. Энергияның тапшылығына бай­ла­нысты өнеркәсіптік елдер өздерінің өнім­дерінің, тауарларын қысқартатын бол­са немесе бағасын қымбаттататын болса, бұл біздің экономикамызға соққы болып тиеді. Қазақстан ғана емес, әлемдік нарық­тағы электроника, техника, дәрі-дәрмек сияқты көптеген салалардағы дайын өнімдердің бағасы көтеріліп кетеді. Қазіргі ғаламдық экономикада елдер бір-біріне жартылай фабрикат сатады. Мысалы, біз Еуропадан бір техникалық бұйымды сатып алдық делік. Бірақ сол бұйымның 10 пайы­зы Филиппинде, 20 пайызы Ма­лайзия­да, 40 пайызы Қытайда жасалған болып шы­ғуы мүмкін. Яғни өнеркәсіптік компаниялар да, мемлекеттер де бір-біріне тәуелді бо­лып қалған.
Яғни біз өзіміздегі шикізатты қанша қымбатқа сатсақ та дағдарыс жағдайында ол біздің қалтамызға жиналатын артық ақша бола алмайды. Себебі ақша құнын жоғалтады. Біз импортқа тәуелсіз ел емес­піз ғой. Ондай ел жоқ.

Алашқа айтар датым...
Бір кездері КСРО-ның ата дұшпаны болған «НАТО-ға мүше елмен визасыз қатынас» орнатамыз десек кім сенер еді? Қазір қазақстандықтар ең жиі баратын елдердің бірі – Түркия. Біреу тауар апарады, алып келеді. Біреу демалуға, біреу мәдени шаралардың барысында барады. Ендеше түркі бірлігіне қарай қадам жасалмай жатыр деп қалай айта аламыз? Меніңше, Түркі елдері бүгінгідей заманның туғанына риза болу керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста