Қанат ТҰЯҚБАЕВ, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры:
– Аға, тарихи-мәдени мұралардың қандай тәрбиелік мәнін ерекше атар едіңіз?
– Еліміз егемендік алғаннан бері-ақ Елбасымыз осы мәселеге қатты көңіл бөліп жүр. Бұл Елбасы тарапынан дер кезінде көтерілген мәселе болды. Мәдени мұраларды сақтап қалу, пайдалану, ел игілігіне жарату, туризм орталықтарына айналдыру – ең алдымен, қарапайым халық үшін тиімді шара. Өйткені бабалардан қалған мұндай мұралар – адамның ақыл ойының, адамның парасатының көрсеткіші, содан туындаған шығармалар. Сол себепті де ол мұралар келешек ұрпақтарға да жетіп отыруы керек. Әсіресе қазіргі жаһандану барысында жас ұрпақ үшін ауадай қажет дүние. Болашаққа ұлттық қолтаңба қалуы тиіс. Біздің ата-бабамыздың артында қалдырған тәрбиелік мәні бар салты, дәстүрі, мәдениеті әрбір баланың сана-сезіміне, түйсігіне осылай сіңеді. Жақсыны ұлықтау арқылы өнеге ете аламыз. Тек қана компьютер мен калькулятор арқылы адам роботқа айналуы мүмкін. Ал ұлтының қастерлейтін заттарын көріп, оның тарихын түйсіну арқылы, эпостық жырларға ұю арқылы баланың жүрегіне жылу, бойына мақтаныш ұялайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет осындай игіліктер арқылы сіңеді.
– Қазіргі сәулет өнерінде ұлттық қолтаңба қалмай бара жатқаны соңғы кездері көп айтылып жүр. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай?
– Қазір Астанада көп ғимараттар салынып жатыр. Бірақ олардың бәрінде ұлттық қолтаңба сайрап тұр дей алмаймыз. Рас, бұл – үлкен проблема. Мысалы, Өзбекстанда ондай көп құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ. Олардың жері де аз, экономикасы да өрге домалап тұр деуге келмейді. 30 миллион халықты қалай асырау керек міндеті бүгін олар үшін бірінші кезекте тұр. Бірақ соған қарамастан, ол жақта салынып жатқан ғимараттарда ұлттық қолтаңба ерекше көзге ұрады. Біз Абай атамызға ескерткіш қою үшін ол жерде екі жыл жұмыс істедік. Олар біздікі сияқты үлкен Конгресс-холл ашты. Сол ғимараттың іші-сырты, іргетасынан төбесіне дейін тек қана өзбек нақыштарына, өзбектің сәндік әшекей, қолөнеріне толы. Біздің барлық ғимараттарға осындай ұлттық қолтаңба салу керек деп жатқаным жоқ, өйткені әр нысанның өзіндік талабы, өзіндік сипаты болады. Мен ең болмаса мәдени ошақтарымызға осындай ұлттық қолтаңбалар керек-ақ дер едім. Қазақтың ою-өрнегі салынып, сәні келісіп тұрса, ондай нысанға кім қызықпасын?! Ондай дүниелердің көрер көзге де, ұлттық мақтанышқа да сипаты зор. Мысалы, Алматыда Хрущевтың кезінде салынған сұр үйлердің қасынан өткенде адамда қандай сезім болады, жаңағыдай қазақы нышандар толып тұрған үйлердің қасынан өткенде қандай әсер болады, оны өзіңіз саралап көріңіз.
– «Қазқайтажаңғырту» мекемесі қандай міндеттер атқарып отыр? Өйткені көпшілік сіздердің қандай жұмыс атқаратындарыңызды біле де бермейді...
– Өзінің жарғысы бойынша біздің мекеменің атқаратын міндеті – Қазақстандағы тарих, мәдениет, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, оларды зерттеп, зерделеу, жобалау, ондай орындарды туристік нысандарға айналдыру. Ескерткіштер де адам сияқты уақыт өткен сайын «қартаяды», тозады, ескіреді, шөгеді. Олар ең үздік сәулетшілер, суретшілер, шеберлердің шабытынан туған өнердің ғажайып жетістігі болғандықтан, көпшілікке ортақ дүниеге – қоғамның, қала берді, адамзаттың ортақ мүлкіне, қымбат қазынасына айналады. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан тарихи-мәдени ескерткіштерінің жағынан ТМД елдері ішінде алғашқы бестікке кіретініне күмәніміз жоқ. Ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру мәселесі ХХ ғасырда шындап қолға алына бастағанымен, оларды жөндеу жұмыстары одан көп бұрын басталған болатын. Мыңдаған ескерткіштің ішіндегі ең белгілісі де бірегейі Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Ясауи) кесенесі екендігі белгілі, осы ескерткішті жөндеу, сақтау жұмыстары мен амалдары Қазақстан реставрациясының қалыптасуына негіз болды десек қателеспейміз. Бұл кесенедегі ең алғашқы жөндеу жұмыстары ХVI ғасырда жүргізілген болатын. Демек, «Қазқайтажаңғыртудың» жұмыстары әріде жатыр. Ал ресми мәлімет бойынша, бұл кәсіпорын 1972 жылы cол кездегі КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен кішкене ғана шеберхана есебінде құрылды. Кейіннен үлкейе келе, 1976 жылы өздеріңізге белгілі ғалым, этнограф, қазақтың салт-дәстүрін жоғарғы деңгейге көтеруге көп еңбегін арнаған Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында Қазақстанның арнайы қалпына келтіру тресі деңгейіне көтерілді. 1994 жылға дейін сол кісінің арқасында бұл мекеменің 20-дан астам филиалы ашылды. 3000-нан аса адам жұмыс істеді. Қазақстанның тарихи-мәдени мұралары тізімге алынды. Экспедициялар ұйымдастырылып, әр облыстағы тарихи-сәулет, мәдени мұраларды зерттеп, зерделеу жұмыстары жолға қойылған болатын. Бірақ 1994 жылдары басталған елдегі экономикалық қиындық кезінде бұл іс сәл тоқырауға ұшырады.
– Қазақ халқы үшін мәні бар қандай құнды ескерткіштерді қалпына келтірдіңіздер?
– 1995 жылы Елбасымыздың қолдауымен сол кездегі мәдениет министрі Талғат Мамашевтің ықпалымен кәсіпорын мәселесі көтеріліп, 1995 жылдан бастап қайта жұмыс істей бастады. Сол жылдары Жамбыл атындағы филармонияның ғимараты қайта қалпына келтірілді, 1998 жылы Ахмет Байтұрсыновтың мұражай үйі толық қайта жөнделді. 1997 жылдың аяғында Түркістан қаласының 1500 жылдығына дайындық жүргізу барысы басталды да, ол жұмыс осы біздің кәсіпорынға жүктелді. Айта берсем, мысал көп. Көне Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы тұсында 10-нан астам тарихи-мәдени мұра қалпына келтірілді. Түркістандағы ең үздік сәулет ескерткіштері болып саналатын Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Үлкен Халуат жерасты мешіті, Әл Қожа Ата кесенесі, Жұма мешіті және т.б. ескерткіштер толық қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Тараз қаласының 2000 жылдығы тұсында Қарахан кесенесі, Айша бибі мен Бабажы Хатун кесенелері, Ұлық Білге Икбал хан мазары қайта қалпына келтірілді. Олардың арасында Айша бибі кесенесі – өте күрделі тарихи және мәдени мұра. Б.Деникенің бағалауынша, ол Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы сол замандардағы ескерткіштердің ең үздігі болып табылады. Кесенені Қарахан (Әулие Ата) салдырған. Бірақ кесенені салған сәулетші ұста туралы нақты дерек жоқ. Ол терракоталық қышпен безендірілген, көлемі – 723*723 см.құрылыс. Пішіні шаршыланып біткен кесене бұрыштары бағана-тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасына құлпытас орнатылған. Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиталармен қапталған. Айша бибі кесенесінің іргетасынан бастап есептегенде 3,4 м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «Күз, бұлттар, дөңгеленген дүние...» деген сөздер жазылған. Әртүрлі көлемдегі плиткалардың шырмауық өрнегіне 70 түрге жуық әшекей қолданылған, ондай қыштар мен плиткалардың жалпы саны 60 мыңнан асады. Бізге жеткен осы сәулеттік, сәндік бөлшектерді толық сақтау міндет болғандықтан, әр мұра кең көлемді, жан-жақты зерттеуден өтеді. Сондай үлкен зерттеулерді қажет еткен кесене институт архитекторы Әбен Итеновке жүктелді. Айша бибіні біз Қазақстандағы қайта жаңғырту өнерінің шыңы деуге болатын ғажайып ескерткіш десек қателеспейміз. Ол бүгінде жастар мінәжат етіп баратын шынайылықтың, адал сезімнің символына айналды деуге болады.
– Алдағы уақытта сәулет өнерінің қайта жаңғырған қандай мұраларына куә бола аламыз?
– Біз қазір «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша айқындалған бес бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл саладағы Елбасының өзі берген нұсқаулар бар. Соны басшылыққа ала отырып әлі де талай игілікті істер атқарамыз. Қазақстандағы мәдени мұралар саны 30 мыңнан асады. Оның барлығына бірден кірісіп кетеміз деу мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте шетел туристеріне, саяхатшыларға, шетелден келетін қонақтарға тарихымызды, дәстүрімізді, салтымызды көрсете отырып қазақ тарихын таныту – басты мақсат. Ұлы Жібек жолы бойындағы ерекше мәні бар, тарихи ескерткіштерді бірінші кезекте қайта қалпына келтіріп, көріктендіріп және туризм нысанына айналдыру – кезек күттірмейтін мәселе. Онан кейінгі қойылған талап – тарихи-мәдени мұралар: ол мейлі кесене болсын, мейлі медресе болсын, мешіт болсын жұрттың тарихи-танымдық сауатын ашуға жұмыс істеуі керек. Көпшілік мешіт, медресе десе оны тек діни білім беретін орталық ретінде қарайды. Ол тарихтың, бабалар тарихының мұрасынан да, бүгінгі ақпараттан да хабардар ететін орталық болуға тиіс. «Мәдени мұра» әуел баста 2004-2006 жылдарға арналса, ол одан әрі қарай 2007-2009, 2009-2011 жылдарға жалғасты. Қазір де Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдени даму бағыты бойынша жалғасын табуда. Сонымен қоса, қазір шетелдегі біздің тарихқа қатысты мұралар да түгенделіп жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша Сирияның Дамаск қаласында әл-Фарабидің кесенесі қайта жаңғыртылып, сол жерден Дүниежүзілік фарабитану тарихи-мәдени орталығы салынды. Қазақ халқының тарихи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыстың кесенесі толық қайта қалпына келтірілді және Мысырдың Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыстың мешіті де қайта жаңғыртылуда. Шындығында, Сұлтан Бейбарыс мешіті – алыс елде орын тепсе де, қазақтың болмыс-бітімін, тағдырын айқындайтын басты мәдени ескерткіштердің бірі екендігіне ешкім талас туғыза алмайды.
– Реставрация кезінде ежелгі аңыз әңгімелерге мән бересіздер ме?
– Иә. Ол мәселеге қатты мән береміз. Ежелгі нысандардың әрқайсысының өзіндік тарихы, өзінің болмысына бүккен аңызы болады. Ежелгі ескерткіштердің көпшілігінің күмбез тәріздес, үшкір болып келетіні де осы мұсылмандықтың нанымынан. Көкке ұмтылу, еңсесі биік болу деген ұстаным әр қазақтың тұрмыс-салтынан айқын көрініс тапқан. Сондай ғимараттарды баяғы өзіміздің сәулет өнерімізде кейбір философиялық ұғымдарды негізге ала отырып пайдаланған. Бізде атадан қалған мұра көп. Өзіміздің Алпамысымыз, Ер Төстік, Қобыландымыз бар. Қазаққа қатысты айтылатын жыр-дастандар көп. Солардың бәрі – сәулет өнеріне сұранып тұрған таусылмайтын тақырыптар. Жас сәулетшілерге, суретшілер мен шеберлерге осы баба мұраларын аманаттай алсақ, ұлт мұрасын ұлықтауға қосқан титімдей де болса үлесіміз болар еді.
– Аға, сіз әңгіме басында Өзбекәлі Жәнібек ағамыздың шәкіртімін дедіңіз. Ол кісі жайлы да аз-кем әңгімелей отырсаңыз.
– Халық мұраларын зерттеп, зерделеуде ұлттық құндылықтарды егжей -тегжейлі түйсінуде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың атқарған шаруасы көп. Мен үйдегі тоғыз баланың үлкені болдым да, институт бітірген соң әке-шешем менің Түркістанда жұмыс істегенімді қалады. 1975 жылы Кентау қаласының және Түркістан қалалық партия комитеттерінің ұйғарымымен мен Кентау қаласындағы «Мырғалымсайсвинецстрой» тресінің қарамағына жұмысқа ауыстым. Сол жақта жұмыс істеп жүрген кезімде, 1979 жылдың басында Өзағаң (Өзбекәлі Жәнібеков) Алматыға шақырып алды. Міне, содан бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Салт-дәстүр, мәдениет, тарих, этнография, философия, сәулет, құрылыс, химия сияқты ғылыми салаларға да көңіл аудардық. Өйткені біздегі мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысы осы аталған ғылымдардың тұтастай жиынтығы болып табылады.
Реставрация да өнердің бір түрі – жаңғырту ғылымы. Біріншіден, өнердің бір түрі болса; екіншіден, ол үлкен еңбек; үшіншіден, өндіріс; төртіншіден, көптеген сәулеттік ізденісті талап ететін жұмыс. Өйткені орта ғасыр, ежелгі ғасыр, одан кейінгі кезеңдердің ескерткіштері сол кезеңнің сипатын, мән-мазмұнын ашуы керек. Бір жері бұрыс кетсе, ол тарихи құндылығынан айырылады. Міне, осындай жауапкершіліктің бәрін сезінуді Өзбекәлі ағамыз қатаң қадағалап, ерінбей жалықпай осы жолда барын салды. Ол кісі қазақтың сәнді киімдерін, тойға киетін киімдерін, салтанатты жиынға киетін киімдерін, қыз ұзату, келін түсіруде киілетін киімдер, киіз үйдің түр-түрін, ер-тұрман, ер-азаматтардың киімінің түймесіне дейін асқан ұқыптылықпен зерттеп, оларды дамытып, келер ұрпаққа аманаттай алды. Қазақ музыкасы, қазақ мәдениетінің сан саласы ол кісінің назарынан тыс қалған жоқ. Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Өмірдің әр күні өткен сайын базбіреулердің есімі өшіп, кейбіреулердің есімі өсіп, ұрпақ жадында, тарих парағында қалып жатыр. Сондай тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, халық мұрасын жинап, оны қазақ мәдениетінің алтын арқауына айналдырған тарихшы-этнограф, ғалым. Ол кісі талай жастарды, талай таланттарды жер-жерден аралап жүріп жинап, орталыққа алып келді. Одан бөлек, талай тарихи мәні зор ескерткіштерді кеңес кезінде бұзылып кету қаупінен аман сақтап қалды. Мәселен, қазіргі Д.А.Қонаев қоғамдық қоры орналасқан үй бұзылғалы жатқан жерінде осы кісі ара түсіп, Орталық комитетке шапқылап жүріп, оны аман алып қалды. Ықылас атындағы ұлт аспаптар мұражайы бұрын Офицерлер үйі болатын. Сол ғимарат бұзылып, құрылыс материалдары таланып кеткелі тұрғанда оны да аман алып қалып, ұлт аспаптары мұражайын жасаған – осы кісі.
– Бұл саладағы кадр мәселесі жайлы не айтар едіңіз? Мамандар бізде жеткілікті ме?
– Қазақстанда тарихи-мәдени мұраларды қалпына келтіру саласында қызмет істеп жүрген жігіттеріміз баршылық. Мәселен, ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жобалау ісі жөнінде Сәдуақас Ағытаев, Гүлнар Камалова, Қанат Медеуов, Сәлима Жолдасова т.б ондаған сәулетшіміз бар. Одан бөлек, басқа аймақтарда ежелден осы салада табан аудармай адал еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз бар. Жыл сайын қолға алған жұмыстардың жобалау- сметалық құжатын дайындағанымызда, Сәулет және құрылыс академиясын бітірген 2-3 баланы жұмысқа тартып, реставрация жасаудың технологиясын үйретіп келеміз. Ұсталарымыз да қолы шебер жастарды тауып, білгенін үйретіп жатқан жайы бар. Мұндай қабілетті жігіттерді колледждер мен институттарға түсіріп, оқытуға да көңіл бөліп отырмыз. Алматыдағы Сәулет және құрылыс академиясы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру ісімен айналысатын мамандар дайындамайды. Осы мәселені Білім және ғылым министрлігінің жауапты тұлғаларына айттық. Сала басшылары алдағы уақытта Сәулет және құрылыс академиясында бізге қажет реставратор мамандарды дайындайтын бөлім ашуға келісті. Оқу орнына өзімізге қандай мамандар қажет екені жайында ұсынысымызды тапсырдық. Кеңес заманында реставраторларды өзге республикаларға жіберіп, тәжірибесін шыңдап тұрушы едік. Қазір олармен байланысымыз жоқ. Сондықтан реставратор мамандар дайындауды өзіміз қолға алуымыз керек. Тарихи ескерткіштерді қалыпқа келтіру үшін айрықша шеберлік қажет. Бір ғана Айша бибі кесенесін қалыпқа келтіруде 60 мыңнан астам кірпіштің 72 түрін құйып шығуымызға тура келді. Ал бір кірпішті жасау үшін шеберлер 6-18 күнге дейін уақыт жұмсайды. Осыдан-ақ реставраторлық жұмыстың оңай еместігін байқауға болады. Біз тарихи ескерткіштерге қажетті кірпіштердің бәрін Түркістанда құямыз. Кірпіш жасауда, негізінен, еліміздің үш жеріндегі топырақ кеңінен пайдаланылады. Кірпіш құюға қажетті топырақ еліміздің Сауран, Жезқазған, Ақтөбе өңірінде ғана бар.
– Біздің елге келетін шетелдіктер қандай сәулет өнеріне қызығады?
– Елге келетін шетелдіктердің ең алдымен қызығатыны да осы ұлттық қолтаңба ғой. Сосын қазақтың ғажап табиғаты, киелі орындары. Мұның бәрінде біздің ұлттық қолтаңба сайрап тұр: Түркістандағы әулие-әмбиелер, тарихи мәні зор ескерткіштер, көне ғимараттар... Мен шетелге көп шығамын. Сонда олардың ең алдымен сұрайтыны: «Сіздерде адам аяғы баспаған жерлер көп екен ғой. Орман-тоғай, өзен-көлдеріңіз табиғи қалпынан ажырамағаны рас па?» дейді. Олардың сұрағы заңды. Себебі оларда жер көлемі шектеулі, халқының саны көп, бос жерлер жоққа тән. Ал біздің қазақ даласы, құдайға шүкір, кең, табиғи қалпын бұза қойған жоқ. Мыңдаған жылдардан бері қалыптасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық қолтаңбамыз бар. Бүгін біз үшін, қазіргі заман құрылымына сәйкес, адам баласының қоршаған ортасын бірсарындылыққа әкелетін ғаламдандырудан қорғау шарасы ретінде мәдени мұра ескерткіштерін елге әйгілеу, сақтап қалу бұрынғыдан бетер маңызды шаруаға айналды.
Туристерге салт- дәстүрімізді көрсете отырып қазақ тарихын таныту – басты мақсат
Читайте также
Әлсіздер арасында мықты болғанша, мықтылар арасында әлжуаз болған жөн
Шетелдік сүт өнімдерінің жарнамасына алдана беруге болмайды
Біздің заңдарымызда БҰҰ-ның мүгедектер туралы конвенциясына қайшы ережелер мен баптар бар
Әлемнің тепе-теңдігін бұзуға қақымыз жоқ
Туымызда бейнесі жарқырап тұрған қыран мәдени мұраға кірмей қалды
Ұлыбритания қазақтарына ана тілінен ажырап қалу қаупі төніп тұр
Последние статьи автора