Төл қолөнерімізден ұлттық ұстын сезіліп, қазақтың иісі аңқып тұруы тиіс

Сейітқали Шалабаев, ҚР Мәдениет қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінің директоры:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Сейітқали аға, сәндік қолдан­ба­лы өнер қазаққа қай кезден келген?
– Сәндік  қолданбалы  өнер – қолөнердің туындысы. Ал, жалпы, суретшілік өнер ата-бабамыз дүниеге келген уақыттан бастау алады деп ойлаймын. Дүниеге келген әр адам баласы қолының шеберлігін өмірде көрсетеді. Сонау көне сақ, ғұн  дәуірлерінде өмір сүрген ата-бабаларымыз қолөнерсіз болған жоқ. Күнделікті тұрмыс-тіршілік, өмір сүру жүйесінде, басқа да қажеттілікке байланысты қолөнер пайдаланылды. Барлығымызға белгілі, ол кездерде зауыт-фабрикалар, басқа технологиялар болған жоқ. Бәрі қолмен жасалды. Қолмен жасал­ған бұйымдар өнер деп есептеледі.
– Өзіңіз сөз етіп отырған сақ, ғұн дәуірлерінен жеткен археоло­гиялық қазба-байлық­тардан байқайтынымыз – әртүрлі сәндік бұйымдар, суреттердегі ұсақ бөлшектердің ішінде бейнеленген аң-құс, таңба белгілерді көру үшін микроскоп қажет дейді. Неше түрлі ою-өрнектерді осындай дәрежеде тек қолмен жабдықтады дегенге сену қиын секілді.
 – Осылар ата-бабаларымыздың сол кездегі деңгейінің өте жоғары болғандығын көрсетеді. Ол кезде жаңағы айтылған құ­рал­дар болмады десек те, өнердің биіктігін байқағандаймыз. Көне дәуірлерден табыл­ған өнер туындылары қазір бүкіл әлемді таңғалдыруда. Бұл да ата-бабаларымыздың өнерге бейімдігін, шеберлігін, ұсталығын көрсеткендей.
 – Демек, қолөнер қазақпен бірге жасасып келеді дейсіз ғой?
 – Солай деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі тілмен айтқанда, дизайн саласы – біздің кенже дамып келе жатқан төл өнері­міз. Өнердің бүгінгі замандағы атауы – дизайн. Дизайн адам баласының қолынан шыққан өнертуындысы деуімізге болады. Мысалы, көнеден жеткен тұрғын үй – киіз үйлерді алайық. Бұл дүниежүзін таң­ғал­дырып келе жатыр. Оны қай жағынан алып қарасаңыз да маңызды: фунцио­налдық шешімі, формасы, астрономиялық, басқа жақтарынан келіңіз, өте керемет болып есептеледі. Ата-бабаларымыздың табиғат­пен бірлескен ірі туындыларының бірі. Киіз үй тұрмыстық қажеттілік үшін жасалған, бірақ оның өнердегі орны, дең­гейі өте биік.
 – Енді өзіңіз басқарып отырған Сәндік қолданбалы өнер колледж­і­не келсек. Бұл мектептен сонау кеңес кезінен бері көптеген өнер майталманы шықты. Әрине, ол кездегі саясат, идеология партия­ның пәлсапасымен жүрді ғой. Ал бүгінгі колледж – Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің оқу орны. Осы тұрғыдан келіп, оқу орнының мақсаты мен міндетіне тоқталсаңыз...
– 1992 жылы Үкіметтің қаулысымен Орал Таңсықбаевтың есімі берілген кол­ледж бұрын Гоголь атындағы училище болып 1938 жылы құрылған. 2013 жы­лы, Құдай қаласа, 75 жылдығын тойламақ ойымыз бар. Қазіргі уақыттағы жұмысы­мызға тоқталмай тұрып, колледждің өнер жолындағы маңыздылығын айта кеткім келіп отыр. Осы күнге дейін республи­камыз­дағы өнер майталмандары, қазақ ұлттық өнерінің деңгейін көтеріп, дүние­жүзіне танытып, шығармашылық қызметте ерен еңбек еткен суретшілеріміз: Телжанов ағамыздан бастап, Салихиддин Айтбаев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Исмаилова, Хакімжан Наурызбаев, Кенбаев, Шаяхме­тов, Досмағамбетов, Ақанаев, қазіргі кезде танымал Ағымсалы Түзелханов, Батима Зауырбекова, Камил Мулашев, Ескен Серкебаев, марқұм Дәркенбай Шоқпарұлы сынды ағаларымызды айта берсек, бір хабарда тауыса алмаймыз. Аталған аға-апаларымыз осы оқу орнынан, яғни қара шаңырақтан білім алған азаматтар. Сон­дықтан бұл оқу орны – тарихи құндылығы жоғары қара шаңырақ. Өнер жолында маңызды мәнге ие мектеп қазір де ұлттық өзегінен ажыраған жоқ және сол жолмен жүріп келеді.
 – Бүгінгі күні ұғым-түсінік түрлі бейім алып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Қазақы ұлттық ұстанымдағылар өте көп емес. Шәкірттеріңізді ұлттық болмысқа негіздеуде нендей мысалдарды алға тартар едіңіз?
 – Оқу  орнындағы негізгі жұмысымыз­дың бірі – ұлттық өнердің жолын ұстанып, жан­дандыру. Сәндік қолданбалы өнер еуро­­палық, ресейлік немесе басқа бағыт­тармен кетуі мүмкін емес. Өйткені сәндік қолдан­балы өнер қазақ ұлтының төл ерек­шелігімен ғана құнды. Басты ұстаным – осы. Сабақ беру, тәрбиелеу жүйелері, шеберханалар­дағы жұмыс осы жолға қойылған. Заман талабына байланысты кейбір мамандықтар бойынша еліктеулер бар. Оны жасырмауы­мыз керек. Мысалы, төл кенже өнер – өсіп келе жатқан дизайн саласының басқа бағыттарға еліктеуіне заман ағымындағы жаңа технологиялар себеп болып тұр. Жаңа бағдарламалар еніп, компьютерленген үрдістер келіп жа­тыр. Осының барлығын жаңаша меңгеріп шығу, оны ұлттық негізге бұру – оңай шаруа емес және уақыт қажет етеді. Десек те, сәндік қолданбалы өнер, кескіндеме, мүсін өнері, театр суретшілерін дайындау   Гоголь­дың атымен құрылғаннан қалыптасқан дәстүрмен жалғасып келеді. Сабақтастықты үзбей, мектеп дәстүрін жалғастырып келе жақтан азаматтарды атап кетуге болады: Кенжебай Дүйсенбаев, Сәулетай Алшын­баев ағаларымыз бар, марқұм Ақырап Құдайбергенұлы осы қара шаңырақта ұзақ уақыт директор болып қызмет атқарды.
 – Мамандықтарды атап өтуге бола ма?
– Кескіндеме, мүсін бағыты бойынша дайындаймыз және кескіндеменің ішінде бірнешеге бөлінеді: кескіндеме, кескіндеме­лік станоктық графика, скульптура-мүсін, сәндік қолданбалы өнер, қол шебері, гобелен бағыты, қышты, ағашты, металды көркемдеу, зергерлік, театр суретшілерін дайындау және дизайн саласы. Міне, бағдарламаларымыз осы негізде жүреді.
 – Сәндік қолданбалы өнер колледжінде өнерге икемі, бойында таланты болмаса, екінің бірі оқи алмайды. Қабілеті бар шәкірттерді қабылдаудағы қағидалар жайында не айтар едіңіз?
 – Құдай қаласа, 75 жылдық тарихы бар қара шаңырақта бұл жүйе қалыптасқан, түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап жатыр. Аймақтарда өнер оқу орын­дары, студиялар, басқа да оқу бағыттарын беретін мектептер бар және ашылуда. Біз осылармен тығыз байланыстамыз. 1950-60-70 жылдардағы жүйе бойынша жоға­ры­дағы аталғандар, басқа да майталмандар елді аралап, көзімен көріп, бірнешеуінің ішінен таңдалғандары осы оқу орнына түсетін. Қазіргі заманға байланысты бұл жұмыстың қарқыны басылып қалды, бірақ бүгінгі күні ақпарат көздері көп қой. БАҚ арқылы хабарлаймыз, жаңа айтып кеткен байланыстар бойынша қарым-қатынаста боламыз. Алғашқыдан қалыптасқан негізгі жол бұзылған жоқ. Өнерге табиғи бейім, кәсіби дайындығы бар ұмтылушы-талап­кер­лер келеді.
 – Әңгіменің әлқиссасынан бастап өзек еткендегі сөз-сауал­дарымыздың астарында өнеріміз­бен өзімізді танытсақ, қазақтың ұлттық ерекшелігі ғаламның ғажайыптарының қатарынан орын алса деген арман-мақсаттар жатыр ғой. Ол үшін өзгенің де мектебін көру, тәжірибе алмасу – қайта қалыптасып, қадам басып, қарқын алып келе жатқан Қазақ мемлекетінің қай саласына да қажет секілді. Айталық, туысқан түркітілдес республикалармен байланыс қандай? Түбі бір болған­нан кейін өнердегі ұқсастықтар меншіктеу барысында таласқа ұласып жатады. Қазақтікі, өзбекті­кі, қырғыздікі, анау сіздікі, мынау біздікі деген сияқты. Осы тұрғыдан келіп көрсек...
– Бүгінгі күні өнер саласында таласып қалу – болмай  жатқан дүние емес. Айта­лық, сувенир өнері бар. Жолдасым өнер қайрат­кері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, гобеленнің негізін қалаушы әйел­дердің бірі – Батима Зауырбекованы Түркия мемлекеті шақырып, менің де жұ­мы­сым үйлесіп, сол елде үш жыл болдым. Түркия елінің мемлекеттік қаржы қорының басым бөлігі осы сувенирден түскен пайда­мен толығады екен. Теңізді аймақ болған­ды­ғынан шығар, Түркияға туристер көп барады. Түріктер қолөнерін саудаға салады, туристер қызығып алады, барлық жағдай жасалған. Бізде бұл сала қатты жүріп кеткен жоқ және жаңағы айтқан таласып қалу аздап бар. Қолдан шыққан өнер, туынды қай кезде де құнды. Сәндік қолданбалы өнер саласында сувенир – өзекті тақырып десек болғандай. Қазақ мемлекетіне келген қонақтар еліміз­ден не алып кетеді? Қырғыз­дың, өзбектің өнері немесе қытайлардың қолынан шыққан туындыларды сатып ала ма? Бұл бұлыңғы­рлау болып тұр. Ал, негізі, біз өзі­міз­дің өнерді, қазақтың қол туынды­ларын көрсетуіміз керек. Төл қолөнерімізден ұлттық ұстын сезіліп, қазақтың иісі аңқып тұруы тиіс. Кез келген қонақ қолөнер арқылы қазақты танығаны абзал. Мәселен, неге елімізге келген турист қырғыздың, өзбектің қолынан шыққан немесе қытай жасаған заттарды Қазақстаннан алады? Қазақстанда қазақтың қолөнері айналымда болғаны тиімді, пайдалы, қажет. Біздің міндет – осы мақсатта шеберлер дайындау. Ал қолөнерді дамытып, осы саланың жандануына атсалысатын шеберлер – орта буын. Бүгінгі таңда қазақ сувенирлері жолға қойылмаған десем, қателеспейтін сияқтымын. Қателессем, кешірім өтінемін, бірақ көзім көріп, бұл салаға етене арала­сып жүргеннен кейін, осылай деуіме тура келіп тұр. Әрине, жоқ дей алмаймын, аздап көтеріліп келеді. Мысал үшін «Алтын адам», Астанадағы салынып жатқан ғима­рат-сәулеттердің сувенирлік форма­лары, ұлт­тық аспап, гобеленнің сувенирлік түрлерін дамытуда жұмыстар жүріп жатыр, дегенмен әлі де қарқындай түссе.
 – Қарқындау үшін, белгілі бір ізге түсіп дамуы үшін қандай да бір ұсыныстарыңыз бар ма?
– Колледждің  директоры  болғандықтан орта білім алып жатқан жас буын келешекте осы саланы жетік меңгеріп, ары қарай алып кетсе деген негізбен жүргізуді мақсат тұтам. Жұмыс  барысын соған бейімдейміз. Әри­не, бейімдеу осы деп, орта біліммен шек­теле­сің, ары қарай оқуыңды жалғастырма демейміз. Керісінше, бізден ұшқан түлектер – лауазымды, суретші тұлға болып шығуы үшін ЖОО-ға, мәселен, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, Астана­дағы Өнер университетіне, басқа да осы саладағы оқуларға бағыттаймыз. Шәкірт­термен болған сабақ кезінде, тәжі­рибе барысында ұлттық ерекшелік туралы үнемі айтылып отырады.
 – Дұрыс екен. Тәуелсіз елдігі­міз­дің 21-жылына қадам бастық. Аллаға тәубе, жетістік­терімізге қанағат етеміз. Төлөнер өзіндігі­мен ғана айшықталатыны белгілі. Алайда шетелмен салыстырғанда, бізде өнер төмен бағаланады дейтін пікір жоқ емес және құнсыз дүниеге құлықтың болмайтыны тағы бар. Қабілет-қарымы жетіп тұрғанымен, басқаны былай қойғанда, құлқынды қанағаттан­дыр­маса, өнер жолына бұрыла­тын­дардың саны азая бермей ме?
 – Енді бұл жерде сізбен келіспеуге тура келеді. Меніңше, қолдан шыққан туынды­ның бағасы осы болуы керек, белгіленген құнынан төмен түспеуі керек деп айта алмаймыз. Себебі ол – туынды. Суретші қолынан шыққан туындыны аса жоғары бағалауы мүмкін және заман талабы мен өмір сүру қағидалары бойынша, сұранысқа байланысты беріп те жіберуі мүмкін. Деген­мен сіздің сөзіңіздің аз да болса жаны бар. Еуропа елдерінде қолөнер жоғары бағала­на­ды. Өкінішке қарай, заман талабы, өмір­дің ағымына байланысты қазақтың көптеген қолөнер туандылары шетелге кетіп қалды. Олар ертең жоғары бағамен қайта айналып келсе, біз пәлен деп айта алмаймыз. Өйткені ол туындылар қолымыз­дан шығып кетті. Шетелде өнерге сұраныс, көзқарас дұрыс, біздің елде де бұл сала ақырындап жанданып келеді. Құдайға шүкір, мемлекетіміздің  қалыптасу бары­сын­­да, өркендеуінде ортамыз кеңейіп, тұрмыс-жағдайымыз жақсарып, өнерге де сұраныс үлкейіп, ұлғайып келеді.
 – Жалпы, еліміздің бейнелеу өнеріне қандай баға берер едіңіз?
 – Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көптеген қолдауға сүйеніп, бейне­леу өнерінің қазіргі дамуына үлкен баға беруге болады. «Мәдени мұра» бағдарла­масы  бойынша қаншама жұмыс атқарыл­ды. Елбасының тарапынан кешенді жос­парлар құрылып жатыр. Бір-екі жыл емес, алды­мыз­дағы бес-он  жылдың ішінде қан­дай деңгейге жетуіміз керек? Материалдық, технологиялық, моральдық, басқа да үлкен қолдаулар бар. Оқу орны болғаннан кейін министрлікке қараймыз. Білім-және ғылым министрлігі тарапынан көптеген қолдаулар көріп жүрміз, оның ішінде білім департа­менті де септігін тигізеді. Кешенді бетбұрыс болып жатыр. Бизнесмен-кәсіпкерлер, әлеуметтік ұйымдар, серіктестер, қысқасы, баршаның орта білім беретін мектептерге, техникалық, шығармашылық білім беру жүйесіне назары ауып тұр, көңіл бөліп жатыр, үлкен бетбұрыс бар. Өнердің  дұрыс жолда болуы, ертең үлкен шығармашы­лыққа ұласуы үшін орта мектептердегі  жас буынды тәрбиелеуіміз керек. Келешек өнеріміз қандай болуы керек? Ол кімдерге және кімдер үшін қажет? Осы жұмыстарды жұмыла бірігіп істесек, нәтиже шығарына сенемін. Дұрыс бағытты ұстанып, жақсы нәтижелерге жеткен жайымыз бар. Осы жолдан таймай, қазақ өнерінің биігін әлемге таныту – міндетіміз.
 – Сұхбатымыздың соңын ала қонағымыздан «айтарыңыз қалып қойған жоқ па?» деп сұрайтыны­мыз бар және түйінсөзіңіз...
 – Әрине, бұл уақыттың ішінде барлық нәрсені айтып шығу мүмкін емес қой. Әңгіменің басында келесі жылы колледж тарихына 75 жыл толғалы отырғанын айттым. Бүгінгі майталмандар осы оқу орнынан нәр алып, көл, теңіз болып деген­дей, Қазақ мемлекеті ұлттық өнерінің ұстанымына айналғандай. Білім бұла­ғынан сусындаған өнерпаздар – ұлттың өнерін әлемге танытқандар. Атақты суретшілерден Салихиддин Айтбаев ағамызды атасақ  жетіп жатыр. Қазір ол кісі туралы жазылып, айтылып жүр. Дүниежүзіне қазақ кескінде­ме өнерін паш етті. Марқұм Салихиддин ағамыздың білімі осы колледж ғана, жоға­ры оқу орнында оқымаған. Осы жерден алған біліммен-ақ үлкен лауазымға жетті. Орал Таңсықбаев атындағы сәндік қолдан­ба­лы өнер колледжінің 75 жылдығына байланысты 2012 жылды тойға дайындық жылы деп ұйғарып отырмыз. Алла бұйырт­са, тойдың бастамасы ретінде ұлағатты ұстаз, өнер майталманы Орал Таңсықбаевқа сәуір айында ескерткіш қоймақпыз. Көптеген көрнекті өнер иелері оқыған оқу орнының тарихы жазылуы керек. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін колледждің музейі болмапты. Музей ашсақ деген үмітіміз бар. Жақсы ғимаратқа қол жеткізсек деген ойымыз бар. Әрине, мұның барлығы жұмыс, атқару, оны істеу керек. Мәселен, 200-ден астам Суретшілер одағының мүшесі бар екен. Оның ішінде Халық суретшілері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, қайраткерлер, академиктер бар. Бүгінгі жастарды да осылардың жолын қуып, сондай дәрежеге жетуіне жетелеп, тәрбиелеуміз керек. Ол үшін жүйелі түрде ауыл-ауылдарды аралап, таңдап, оқытып, баулып, қазақ өнерін үлкен деңгейде жалғастыратындай мамандар дайындасақ деген үмітіміз бар. Ата-бабаларымыздан келе жатқан сәндік қолданбалы өнер, кескіндемеміз болсын, бағытымыз басқа жаққа бұрылып кетпесе екен. Жанымен, тәнімен, табиғатымен берілген талапкер-шәкірттер келсе, ұстаздар осыларға дұрыс білім берсе және өз білімдерін жан жүре­гімен шәкірт бойына құя білсе деймін. Дизайн саласында ұлттық бағытымызды айқындап, өз жолымызды нықтап алсақ екен. ХХІ ғасырда қазақ өнері үлкен жетіс­тіктерге жетсін.
 – Рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста