Тілден айырылу – қазақтығыңнан айырылу

Тілден айырылу – қазақтығыңнан айырылу

Шериаздан Елеукенов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымының докторы, профессор:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Шериаздан аға, өмірлік тәжіри­беңіз, көргеніңіз, түйгеніңіз бар, кезінде жоғары қызметтерде болдыңыз, ғы­лым саласына да қосқан үлесіңіз қомақты. Егеменді еліміздің ертеңіне бару үшін бүгіні мен кешесіне тоқталуға тура ке­леді және оны өміріңізбен байланыс­тырсаңыз.
– Мен бұрынғы С.М.Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы университеттің журна­листика факультетін бітірдім. Облыстық газетте сегіз жыл жұмыс істедім. Газетте істегеннен кейін жазасың ғой. Кішігірім хабардан бастап, бірте-бірте очеркке көштік, фельетон, әңгіме жаздық. Облыс­тағы сегіз жыл­дан кейін Алматыға қайтып келдім. Журналистика кафедрасы аға оқытушыға конкурс жариялаған екен. Мен сол конкурсқа арыз беріп, сол арыз бойынша аға оқыту­шылыққа қабылдандым. Аға оқытушының міндетіне очерк және газеттердің безендірілуі кіреді екен. Осы­ларды маған тапсырды. Кейіннен Мәс­кеудегі Ғылым академиясының аспи­ран­турасына түсіп, Әдебиет теориясы ка­фе­драсында үш жыл оқыдым. «Казахский роман и современность» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Бас­қаша айтқанда, «современность» де­геніміз – категория, яғни тарихи шығарма немесе қазіргі заман, т.б. тақырыптардағы жазылған романның негізі сол уақыттың көзімен қаралады.
Мемлекеттік баспа комитеті деген бол­ды. Оның председатель-төрағасы өкімет мүшесі болып есептелетін. Мен сол коми­теттің бастығы болдым. Мұнда келген­нен кейін барлық әдебиетпен шұғыл­дануға тура келді. Өйткені мазмұнына, идеялық бағы­тына тікелей жауап бересің. Ал қазір Тәуел­сіздік заманы. Ата-бабаларымыз көк­сеген, өзіміз де іштен тынып, армандаған уақыт қой. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Тәуелсіздік дәуірін көрдік. Кеңес заманында қыспақты да көп көрдік. Мен «советті» жамандайын деп отырған жоқпын, ол заман туралы өзімнің көз­қарасым бар. Мәселен, әр ұлт өз жағдайына қарай баға­лауы керек. Бұрын біз Мәскеудің көзқара­сымен бағаладық қой. Соған байланысты: «Ойбай, қараңғы едік! Артта қалған едік!» деп зарладық. Соның ішінде, жуан ортасында өзім де жүрдім. Бір-ақ мысал келтірейін. Тәуке ханның Жеті Жар­ғысы бар ғой. Сонда мәселен, кісі өліміне құн төлейсің. Ер адам болса, 100 жылқы төленеді. «Мұны неге айтып отыр?» дейсің ғой. Мәселен, Азия елі артта деп есептейміз. Енді Еуропадан айырма­шылығымыз біздің жаза кескен адамымыз өмір сүре береді, ал аналардікі түрмеде шіріп өледі. Ал қазақта ондай жоқ. Қазақтың өз Жарғысы бар. Сосын жеті атаға жетпей үйленбеу мәселесі. «Қал­қа­ман-Мамырдың» тра­гедиясы соған байланысты ғой. Мұнда да үлкен мән бар. Ұлы жазу­шымыз Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгіме» деген шығармасы бар. Сонда бұрынғы төрелер тұқымының іріп-шіріп бара жатқанын көрсетеді. Олар қарадан, яғни қазақтан әйел алмаған, өздерімен өздері болады. Бірте-бірте қан сұйылып, ұрпаққа әсер етеді. Ғабеңнің «Этнографиялық әңгімесі» соны баян­дайды. Міне, қазақтың қаны таза, заңы бар және қазақтың қызы пәренже киген жоқ. Мәселен, біздің Тұмар-Томирис патшайым бүкіл дүниежүзін жау­лауға айналған парсының Кир патшасының басын алады ғой. Ол біздің елді басқын­шылыққа алғысы келеді. Былтыр Конс­титуция күніне байланысты әскери шеру болды ғой. Сонда қазақтың қыз­дарынан құрылған екі батальон келе жатты. Еріксіз Томириске назарың ауады. Томиристің бергі жағында сіңлілері – Әлия Молда­ғұлова, Мәншүк Мәметовалар шық­ты. Шы­ғыста, Орта Азияда, анау Кавказды қо­сып алғанда қазақтың қызынан басқа Батыр шыққан жоқ. Батыр қыз­дарымыз дәс­түрімізді жалғап отыр. Қазақтың қыз­дары жау келіп қалса, төбелеріне шаштарын түйіп, ерлермен бірге шабысқан. Екі жүз жыл аттан түспей, елімізді қорғады ғой, ата-бабаларымыз. Мына кең-байтақ жерді қорғау оңай емес қой.
Мәселен, Николай Кровавый, Столы­пиндерді жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз. Олар екеуі де қазақтың жерін тартып алған. Николай Қазақстанды төртке бөліп жіберді. Қазақ аты жоқ, тек губерниялар. Қазақ мем­­­­лекеттігінен айырылды. Ал Ленин қайтті? Егер олар Ленинді қарғаса, біз де қарғауға міндеттіміз бе? Николай төрт гу­бернияға бөліп, қазақты жоқ қылып еді, Ленин Қазақ автономиясын берді. Алаш қозғалысының қайраткерлері Ресейден мәдени автономия сұраған болатын. Ал Ленин бізге жері тұтас, өкіметі, парламенті бар автономия беріп отыр. Ал енді Нико­лайды орыстар мақтады екен деп мақ­тауымыз керек пе? Ленинді жамандады деп оны жамандауымыз керек пе? Біз ұлттық мүддемізге сай Ленинді мадақтаймыз. Мен осы жағынан Ленинді жақсы көремін және жасырмаймын, ылғи жазып жүремін.
– Николайды өзіңіз айтып отырсыз, бірақ Ленин де қазақтың басына берекетті бере салған жоқ қой.
– Сен Сталиннің репрессиясын айтқың келіп отыр ғой. Енді ол – болған нәрсе, бі­рақ оған қарап, Сталинді жермен-жексен етуге болмайды. Мәселен, Шыңғыс ханды Хасен Әдібаев «Отырардың ойраны» романында сынайды, бірақ көкке көтереді, «данышпан қолбасшы» дейді. Бірақ оның данышпандығы бізге қолайлы болып тиген жоқ. Отырарды ойрандады. Әлі күнге дейін Күлтөбе емес, Күлтау болып жатыр. Созақ­қа барыңыз, Сауранға барыңыз. Соның бә­рін істеген кім? Иә, Шыңғыс ханның ұлы қол­басшы болғаны рас, бірақ оның да­налығы адамдыққа апарған жоқ, зұлым­дыққа негізделді, біз үшін. Моңғолия тарапынан, мүмкін, жақсы шығар...
– Әлемге белгілі көсемдерге әр ұлт өз тұрғысынан қарайды ғой. Біздің дамуымыз жоғарыда айтқан Николай мен Ленинді мақтауымыз немесе даттауымызға қаншалықты байла­нысты?
– Біз тәуелсіз көзбен қарауымыз керек. Әдебиетке, мәдениетке, бәріне тәуелсіздік көзқарас керек. Президент жылдың басын­да Алматыға келіп сөз сөйледі. Сонда осы тәуелсіздік көзқарас туралы айтты. Әсіресе әдебиетті тәуелсіздік көзқараспен жазу керектігіне тоқталды. Соңғы жылдары Тәуелсіздік тақырыбына төрт кітап жаздым: «Әдебиет – Тәуелсіздік құралы», «Тәуелсіз­дік биігінен», «Тәуелсіздік шарапаты» және орыс тілінде «Казахская литература – новая прочтение» деп аталады. «Новая про­чтение» дегеніміз – Тәуелсіздік көзімен қа­рау деген сөз. Әдебиетімізде тек Тәуел­сіздік кезінде ғана емес, бұрын да тәуел­сіздік туралы жазылды. Мәселен, Есен­берлин ашық жазды. Романның негізгі қабырғасы, арқауы – тәуелсіздікті аңсау. Кенесары – тәуелсіздікті қорғайтын «Қаһар» рома­нының басты геройы. «Көшпенділер» шық­қанда мен комитеттің бастығымын, бірсыпыра дау болды. Мен жауаптымын ғой. Оның алдында «Социалистік Қазақ­станда» бір жарым «подвал» сын мақала шыққан: «Есенберлин тарихты бұрмалап отыр» деп. Ол ЦК-ның ұстанымы. Ол өте ауыр. Мен сол бойынша «Дружба на­родов» журналына жаздым, қазақ газетіне қарсы шығуға болмайды. Мі­не, көрдіңіз бе, қалай болғанда да тәуел­сіздікті қозғап отырды. Әсіресе жоңғар­лардың қырық жылға созылған қанды жорығына қарсы­лық танытқандай болып, тәуелсіздік идея­сын көтердік. Мәселен, Абылайдың сабақ­тары бар. Соны біз тәуелсіздік көзімен бағалауымыз керек. Абылай үш жүздің басын біріктірді ғой. Сол кезде Найманның Садыр деген руы: «Бізге жер бермедіңдер! Біз өкпеліміз! Көшеміз! Өзбекстанның Әндіжанына кетеміз!» деп аттарын қомдап жатқанда, Абылай естіп қалады. Абылай: «Бұл не деген сұмдық! Қазақтың басын біріктіре алмай жатқанда, бүлік шығар­ғандарды шабу керек! Мұндайларды жою керек!» деп ашуға мінеді. Сонда Бұхар жырау: «Хан ием, басу, жаншу, қан төгу – оп-оңай. Менің қасыма он кісі қосып жі­беріңіз, барып сөйлесейік» дейді. Абылай Бұхарды жібереді. Бұхар жырау оларға барып, келістіріп, бітімге келіп, жер алып береді. «Садыр қайда барасың? Сарысуды жағалап...» деген өлеңі сол кезде шыққан. Мінекей, «әдебиет – тәуелсіздік қаруы» деген сөз осыдан шығады.
– Ұлттық сана туралы не айтуға болады?
– Сенің санаңда тарих тұруы керек. Тілді білуге тиіссің! Тілің болмаса, қазақ бол­майсың! Қазақ тілің жоқ болса, сен қазақ емессің! Дәстүріңді де, тарихыңды да, өзіңді де – бәрін жоғалтасың! Шоқыншы болып кетесің! Ары кеткенде шала қазақ боласың!
 Елбасы Жолдауынан кейінгі екінші күні министрлер мен әкім-қараларды жинап алып, бұрын айтылмаған қатты-қатты сөздер айтты: «Ауыздарыңды ашып отыр­сыңдар! Түк бітірмейсіңдер» деді. Мұның артында не тұр? Мұның артында: «Сен неге халқыңа қарамайсың? Өзіңнің байлығыңды ойлама, алдымен халқыңа қара, әйтпесе кет!» деген сөз ғой. Мінекей, керек болса, ұлттық сана деген. Ұлттық сана дегеніміз – ұлттық мүд­демізді қорғау. Ұлттық мүддені қорғау арқылы адамзаттық идеяны қорғау. Жаһан дегеніміз – әдебиет, мәдениеттің жақын­дасуы. Қазір әлемнің әдебиеті мен мәдениеті жақындап келе жатыр. Мәселен, қазіргі әндерді мен жақтырмаймын. Сендер жастар жақтыратын шығарсыңдар. Бір түрлі басқа елдердің әуендері сияқты...
– Жақтырмауыңыздың басқа қандай себебі бар?
– Ұлттық болмысымыздан ажырап бара жатуымыздың белгісі бар. Ажырамаймыз деп қасарысып отыруға тағы болмайды. Мәселен, Президентіміз көтерген инно­вация – отандық өнімдерді, өндіріс күш­терінің қарқынын арттыру. Міне, ұлттық идея дегеніміз – осы.
 Баяғыда біз «Евразийский талисман» деген кітап жазғанбыз. 1994 жылы Ел­басымыз Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінде сөз сөйледі ғой: «Еуразия одағын құрайық» деп. Бұл кітап – соны қолдау. Өйткені біз Ресейдің әдебиетінен, мәде­ниетінен өзімізді жырақ қалдырмауымыз керек. Себеп, дүниежүзінде 2000-нан астам тіл болса, солардың ішінде 3-4-еуі ғана бүкіл әдебиет, мәдениеттің байлығын жинап алып, кітапханасын сақтап отыр. Ал бізде ондай мүмкіншілік жоқ қой, әлі. Біз бүкіл адамзат байлығын қазақ тілі арқылы игеріп болғанымыз жоқ. Сондықтан біз орыс тілін жоғалтпай, онымен қаруланып отыруымыз керек. Абайдың: «Ғылым-білім – орыста» дегені әлі күнге дейін өзекті, өзінің зәрулігін жойған жоқ.
– Қазақ тілі көлеңкеде қалып қоймай ма?
– Қазақ тілін көлеңкеде қалдырмау жөнінде хат жазғанбыз. Шаханов бастап, біз қостап, қол қойдық. Сол кезде жоғары жақтан маған адамдар келіп: «Сіз қол қойыпсыз ғой?» деді. «Иә, қол қойғаным рас. Егер бұдан былай соза берсек, тілі­мізден айырыламыз. Тілден айырылу – қазақтығыңнан айырылу. Оның арты мемлекеттігіңнен айырылу деген сөз. Сон­дықтан шара қолдану керек. Қазақстанның 25 жылдығына қазақ халқымен қоса, қазақстандықтар қазақ тілін білуі керек» дедім. Бұлар оны 10 жылға шегеріпті. Жарайды, мақұл! Елбасымыз «2020 жылға дейін барлық қазақстандықтар қазақ тілін білуі керек» деп, өзі айтып отыр. Мен сенемін! Қазақ тілі жойылмайды.
– Осы тұрғыда әдебиеттің әсері қанша? Ықпалы байқала ма?
– Тарихи романдар алда тұр, әлі. Қазіргі жағдайлар жөнінде көп роман туған жоқ, бірақ жазылып жатыр. Олардың барлығы мен айтқан дәстүрлерді алға шығарып жатыр. Қандай қазақ болғанымызды көрсетіп жатыр. Ал оқылып жатқанына күмәндімін. Себебі кітаптың тиражы, ары кеткенде – 2000 дана. Баяғы кеңес өкіметі кезінде қазақтың 700 мектебі жабылды. Соған байланысты қазақ тілді оқушылар қысқара берді, бірақ соның өзінде романдар 30 000 данамен шығатын. Қазір тәуелсізбіз, қазақ мектептері көбейіп жа­тыр, бірақ кітаптардың тиражы 2000-нан аспай тұр. Қазақ 10 миллионнан асты. 2000 тиражды осыған бөліп бере аласың ба? Бөліп көрші... Құдайға шүкір, тағы да өсіп келеміз. Қазақ тілін қолдаушылар қосылса, келешекте 20 миллион боламыз. Демек, проблема туып отыр. Ол үшін кітап және кітап ісін жолға қою керек. Әр комитеттің қолтығында түк бітіре ал­­май жүрген баспаларды бөліп алып, агенттік жасау керек. Әнеугүні «Егемен Қазақстанға» жаздым. Қазір тендерді де дұрыс өткізе алмайды. Басқа шаруаларға бас қатыр­ғандары шамалы. Кітап ісін жолға қою үшін қағаз өнімін өзіміз өндіруіміз керек. Бізде ағаш бар, бірақ оны кесе алмаймыз, онсыз да сирек. Сондықтан оған Қытайдың қағазды сабаннан жасайтын технологиясын алу керек. VІІІ ғасырда Самарқанда қағаз жасаған. Самарқанның маңайында ағаш бар ма? Қалай жасаған? Міне, соның бәрін есептеп, қағаз өндірісін жолға қою керек. Баяғыда председатель болып жүргенде бірсыпыра жүгіргем. Бір күні Димекең шақырып алып: «Әй, Елеукенов! Қағаз өн­дірісінде не шаруаң бар? Ол – орман шаруашылығы Әндербаевтың шаруасы ғой» деді. Мен айттым: «Біз қағазды шы­ғыста Сахалиннен, батыста Жидачевтан тасимыз» дедім. Димекең: «Ну, и вези-таси бер!» деді. Ал менің сол кезден бері айтып жүрген ұсынысым Қызылордада картон фабрикасы ашылды. Ол кезде қамыс та көп. Сосын күріш бар ғой. Оның сабаны қайда? Тех­нологиясын қайдан аламыз дейтін емес, Қытайда тұр, сатып ал да жа­сай бер! Қағазың арзандаса, кітаптың тиражы көбейсе, баспалар табысқа шығады. Табысқа шыққаны – сен сияқты журналистердің қалтасы қалыңдайды деген сөз.
 Университетте оқып жүргенде «ин­формация» жанрын бірінші рет таныстырды: «Сендер жазып келіңдер! Жазғандарыңды жариялаңдар! Жарияламасаңдар зачет қоймаймыз!» деді. Енді бұлай дегеннен кейін жүгіреміз ғой. Мен біреуден естіп, КазТАГ-қа бардым. Жазған хабарымды КазТАГ қабылдады да, маған 5 сом ақша берді. Бөлмеде үш кісі жатушы ек, асханаға барып, тамақ ішіп, тыңқия тойдық. Ол уа­қыт – қуаңшылық кез. Студенттер аш. Кар­точкалық жүйе... Содан 4-курсқа кел­генде гонорарыма сағат алып тақтым. Ол кездегі сағат сатып алу – қазіргі «мерседес» мін­генмен бірдей. Қазір де газеттерге жаза­мын, беретін ақшасы түкке тұрмайды, жыл­­дың аяғында бірдеңе бере салады. Арқаны кеңге салмау керек. Шұғыл шара қолдану керек. Мен бұларды жаза-жаза шаршадым, шынын айтқанда. «Аргументы и факты» газетіне, «Известияға» жаздым. «ХХІ век без казахской книги» деп сен­сациялық тақырыппен бердім. «Егемен Қазақ­станға», «Казправда­ға», «Қазақ әде­бие­тіне» жаздым, ақыры шаршап қой­дым.
 1926 жылы Ғ.Мүсірепов: «Таратпасақ, кітап басып керегі не?» деген мақала жа­риялаған екен. Сол мақаланы қайта бас­тырдым. Міне, Ғабеңнің логикасы. Кезінде Міржақып Дулатов сол кездегі Қазақ­станның басында тұрған басшылардың бірі Жалау Мыңбаевқа қазақ тілінің құрып бара жатқанын қазақтардың атынан жазған.
 Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев министрлерді қатты сынап жатыр ғой. Телевизордан ай­тылған нәрсе, сондықтан оны қайталап айтса, еш сөкеттігі жоқ: «Ни хрена не ра­ботаете!» деді. Осыдан артық қандай қатаң сөз керек? Жұмыс істеу керек!
– Жолдаудан бері аз болса да уақыт өтті. Қозғалыс байқала ма? Сыннан қандай нәтиже күтесіз?
– 20 жылда 20 ғасырға бергісіз жеңіске жеттік. Мәселен, шекара. Бұрын да далиып жатқан шығар, бірақ жұрт мойындайтындай заңдастырылған жоқ қой. Шындығында, заңдастыра алғанымыз жоқ. Президент делимитация жасады. Қытаймен келісіп, бір жерімізді берді, олардың бір жерін алдық. Ресеймен де 7 мың шақырым ше­караны келісіп болдық. Азғантай ғана шаруа­лары қалды. Мына жағың Өзбекстан, Қырғызстан – бәрімен келісіп, шартқа оты­рып, БҰҰ-да бекіттік. Енді бізге территория жөнінде ешкім дау айта алмайды. Бұл жетістік пе? Жетістік! Мұндай жетістікке 20 ғасырда жете алғанымыз жоқ, қазір жетіп отырмыз.
 Әр халықтың рухани дамитын сатылары бар. Біздің рухани өсуіміздің бірінші үлкен сатысы – Абай болса, Мұхтар Әуезов – екін­­шісі. «Абай жолы» романы, не роман? Абай романы – Абайдың биографиясы, Абайдың басынан өткен оқиғалары емес. Бұл – Абайдың поэзиясы, Абайдың жаны ту­ралы роман. Мәселен, Мұхтар Мағауин Отырарды қорғаған Қайырханды – сатқын, Шыңғыс хан Отырарды азат еткен жауын­гер, біздің геройымыз деп есептейді. Ал Хасен Әдібаев «Отырардың ойраны» ро­манында Отырар қазақтың ежелгі қа­ласы дейді және оны дәлелдейді: «Отырар – Шыңғыс ханнан 1000 жыл бұрын пайда болған, дүние­жүзіндегі екінші кітапхананы жинақтаған және ғұлама әл-Фараби туған қала. Оты­рарды біздің қаламыз емес десек, онда біз бәрінен айырылып, тарихтан бас тар­туымыз керек» деп Хасен Әдібаев «Абай патшалығы» деген кітап жазды.
– Екі тараптың қорытындысы не болады?
– Қорытындысы – Мұхтар Мағауинге сен осылай жаздың деп кінә артуға бол­майды. Жақында «Жұлдыз» журналынан көрдім. Шыңғыс ханның тұқымы туралы. Ол қайдан шыққан? Ол моңғол емес, түркі деген сияқты мәселелерді жазыпты. Ол – М.Мағауиннің көзқарасы. Қазір плю­рализм заманы. Оған: «Сен өйтпе, бүйтпе!» деуге болмайды. Сен өз көзқарасыңды айтуың керек. Бұл – сенікі дұрыс емес, менікі жөн деген сөз емес. Сен өз көз­қара­сыңды білдір де, қой. Келешек көрсетеді, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін.
– Ал оқырман қайтеді?
– Оқырман қайсысы дұрыс дейді, соны қабылдасын. Оқырманға баяғы, ком­мунистік диктатура, тоталитаризм кезе­ңіндей, міндетті түрде былай істейсің деуге болмайды. Қазір басқаша. Мәселен, әйел­ге көзқарас. Біз әйелді жете бағалап жүрміз бе? Қазақтың әйелін біз биікке қоюы­мыз керек. Әйел – ана, жар, жолдас. Сен мәселен, күніге екі қолыңа екі сөмкемен жүк көтересің бе? Үйдегі келін қолында екі сөмкесі бар күнде келеді. Ал сен көтер­мейсің, жұмыстан кейін шалқалап, газет оқып жатырсың. Мен саған сөмке көтер деп отырғаным жоқ. Сен соны бағалай біле­сің бе? Міне, мәселе. Бүкіл тарихты қатыстыра отырып, әйелге деген көз­қарас...
– Дінге көзқарасыңыз...
– Немістің философы Иммануил Кант айтқан ғой: «Не сомненно одно. Звездное небо надо мной и совесть в душе». Кеу­деңдегі ар қайдан пайда болды? Тәңірі бар сияқты. Қазақ Алладан бұрын Тәңірге та­бынған ғой. Көкке табынған. Бірақ біз марксизм-ленинизмді оқып, тәрбиеленген адамдармыз. Жолдастарымыз бар, намаз оқиды, біз әлі оған жете алғанымыз жоқ. Өтірік намаз оқуға болмайды. Қажыға ба­руға бата алмайсың. Оған жету керек, сана керек, ішкі рухани даму, рухани талап, тілек керек сияқты. Менің әжем мұсыл­манша оқыған, Ақмер деген жердің қызы – уақ. Ақмер – Өскеменнен бес ша­қы­рым жерде, Ертістің сол жаға­лауындағы ауыл. Намазын бос жібермеген кісі. Мен сол кісінің бауырында, баласына тән болып өстім. Өз әкем маған дауыс көтермек түгіл, бетіме қарап, қабақ шытып қарамайтын. Шеше­сінен қорқатын. Әжем айтатын: «балам, намаз оқымасаң да, менің басыма келіп: «апа-ау, мен келдім» деп айтып тұр» дейтін. Былтыр әкемнің 100 жылдығын өткіздім. Сол кезде әжемнің басына барып, Құран оқытып, ас беріп қайттым. Менің ойымша, мұндай нәрселер істелу керек.
– Енді екі ауыз тілегіңізбен сұх­батымызды аяқтасақ.
– Еліміз тыныш, аспанымыз жарық бол­сын! Қазақ халқы таланты жағынан ешкімнен кем емес, артық болмаса... Сол талантын көрсете білсін! Қазақ қыздарына күмәнім жоқ, ал қазақ жігіттерінің бірсы­пырасына күмәнім бар. Ең керегі амандық қой. Ел-жұрт аман болсын!
 - Рақмет, өзіңіз де аман-сау болыңыз!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста