Техника саласында қазаққа тиесілі бір дүние болуы керек

Тоқтасын МЕНДЕБАЕВ, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Стандарттау, сертификаттау және машина жасау технологиясы кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының докторы, профессор:

– Тоқтасын Мендебайұлы, елімізде бір кездері техника ғылымы саласы қарқынды дамыды. Іргелі ғалымдар да шықты, сүбелі жаңа­лық­тар да ашылды. Байқасаңыз, соңғы кездері техника саласына, әсіресе техника ғылымына жастар арасында қызығушылық азайып кеткені анық байқалып отыр. Мұның себебін қайдан іздеуіміз керек?
– Рас, бір қараған адамға солай көріне­тіні бар. Алайда соңғы 4-5 жылдың орайын­да білімге, ғылымға деген әлеуметтің де, жалпы қоғамның да көзқарасы өзгерді. Мен мұны Елбасымыздың ықпалды саясатының арқасы, елімізде жүргізіліп жатқан білім саласындағы реформалардың жемісі деп атар едім. Біз қазір еурожүйеге өттік, Болон конвенциясының мүшесі болдық. Соңғы бес жылда үш сатылы жүйемен жұмыс жасап келеміз.
Қарап отырсақ, негізінде әр кезеңнің, әр уақыттың өз өрнегі, өз ерекшелігі бар. Біздің дәуірдің өзгешелігі сол – техниканың, техно­ло­гияның адам өміріне оң резисте ықпалы артып, барлық саланы қамтуы. Қазір біз технологияның жетістіктерінсіз өмір сүре алмайтындай халге жеттік. Бұл – ақиқат. Тех­нологияның тамаша мүмкіндіктеріне тәуел­ді екенбіз, демек сол технологияны жасау үлесінде өз қолтаңбамыздың болуы шарт қой. Қашанғы шетелдің өніміне қол соза береміз?! Міне, осы тұрғыдан алғанда біз маман даярлау процесіне қайта айналып соғамыз. Министрлік қазір ең көп грантты техника мамандықтарына бөледі. Техни­калық пәндер оқытушыларына арналған гранттар, жобалар өте үлкен қарқында қол­ға алынуда. Рас, маман даярлау ісі кенжелеп жатыр, оқытушылар құрамы әлсіздеу, өндіріске енгізілетін жаңалықтар саны шектеулі болып тұр деп мәселе көтере беру­ге болады. Алайда адам жарқын көңілмен жұмыс істеуі үшін, еліміздің қандай да бір саласының тұрақты дамуына өз үлесін қос­қы­сы келсе, барды бар деп айтып үйренуі қажет қой. Жылай бергенмен біреу саған жақсысын бере ме? Ұмтылу керек, білмекке құштарлық қажет. Техника саласы құр сөз са­пыруды кешірмейді, нақты ғылым. Техни­ка саласында ашқан жаңалығың құлақпен қабылданбайды, көзбен қабылданады.
Жастардың техника ғылымына селсоқ қарауы соңғы әлетте бәсеңдеді. Өйткені біздің Қазақ ұлттық техникалық университеті – еліміздегі техникалық жоғары оқу орындары ішіндегі қарашаңырақ. Осында маман даярлап отырған соң бәрін көріп-біліп отырмыз. Бұрындары бір орынға таласар талапкерлер саны өте төмен болса, қазір олардың қатары гуманитарлық оқу орындарындағы бәсекелестіктен де асып түсті. Бұл қазақ халқының техника саласына деген түсінігінің түбегейлі өзгергендігін аңғартады. Бізге Павлодардан, Семейден, Шымкенттен, еліміздің басқа да өңірлерінен техника саласы мамандарын біліктіліктерін көтеруге жібереді. Қазір докторантураға түсіп жатқан өрімдей жастардың талабына, ынтасына қарап сүйсінеміз. Отызға жетпей доктор атанып шығып жатыр. Әрине, кемшілігі бар шығар, алайда неге біз осы заманның көзқарасымен қарамаймыз оларға. Өткен жылдың күзінде Болгариядағы Варнада «Машина жасау саласындағы материалдар, технологиялар» деген үлкен конгресс-симпозиумға қатыстық. Жеті күн­дік симпозиумда Еуропаның белді ғалым­дарымен танысып, оларды біздің елімізге кеп дәріс оқуға, тәжірибе алмасуға шақыр­дық. Олардың ішіндегі екі доктор елімізге келіп, жастарға дәріс оқып, білгендерін паш етті. Магистранттар мен докторанттарды өздеріндегі жаңалықтармен, жетістіктермен таныстырды. Бұл сала бізде жақсы жолға қойылған. Жас ғалымдарымыз Еуропаның беделді деген оқу орындарында білімдерін жетілдіріп жатыр. Ресейді айтпағанның өзін­де Македонияда, Софияда, Польшада біз­дің жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ашы­луда. Ендеше, жастардың техника ғылы­мына деген қызығушылығы азайып кетті деп құр даурығудың қажеті жоқ. Технар­лар азайып бара жатқан жоқ, кері­сін­ше, басқа саланың мамандары көбейіп жатыр. Сондықтан қа­ра­пайым жандарға техника саласы тұралап, кенжелеп қалып жатқандай сезіле­ді.
– Бір кездері жас ғалымдарымыз нақты техникалық ғылыммен айналысудан қашып, шетелдік кәсіпорындарға қызметке тұруды артық көреді деп өздеріңіз де өкпелі көңілмен жүруші едіңіздер.
– Ғалымдар өзінен кейінгі толқынға үнемі күдікпен қарайды. Ол заңды да. Біз кеңестік кезеңде оқыдық. Бәрі орыс тілінде болды. Тәуелсіздік алған соң қазақ баласын техника саласында да қазақ тілінде оқытуы­мыз міндетті. Алайда бізде ол кездері қазақ тілді маман жоқ, кітаптар мен оқулықтар, әдістемеліктер, барлығы да орыс тілінде болды. Біз осы жолда еңбектендік. Қазақтың бір кәдесіне жарайық, балаларымыздың ана тілінде білім алуына күш салайық дедік. Техника саласын қазақыландыру парызы бізге жүктелгенін жақсы түсіндік. Құдайға шүкір, біраз дүниені еңсердік, оқулықтарды қазақшаладық. Осындай сезімде жүргенде қазақ балаларының ғылымға бет бұруы ойдағыдай болмай шықты. Сөйтсек, ол сол кезеңдегі әлеуметтік жағдайдан екен. Ка­фед­рада бірен-саран көзге түскен жастарды аспирантураға алып қалуға тырысатын едік. Ал жастардың шетелдік компанияларда жұмыс істеп, қомақты жалақы алғысы келеді. Біреудің талғамына таласа алмайсың. Бірақ та айтып отырмын ғой, соңғы кезде қазақ жастарының түсінігі өзгерді. Техника саласына көптеп келе бастады. Бәсекелестік күшейді. Бәрінің доктор болып кетуі міндетті емес. Бірақ та замана көшінен қалмай, техника тетігін меңгерулері қажет. Бізден соң да ғылымға еңбек етер жастар керек, біз бір кездері осындай көңіл-күйден еңсемізді көтере алмайтынбыз.
Бір қынжылатын тұсымыз, біздегі мем­ле­кеттік жоғары оқу орындарындағы магис­тратура, докторантураның ақылы бағасы тым жоғары. Бізде магистратураның бағасы 646 мың теңге.
Ғылымға талпынған жастардың қалтасы көтермейді бұл соманы. Сондықтан олар жекеменшік оқу орындарында білімдерін жалғастыруға мәжбүр. Олардағы баға біздікінен 2-3 есе төмен. Десек те, олардың базасы жоқ. Оқытушыларды сырттан тарта­ды. Өздерінде дәрежелі мамандар жоқтың қасы. Сондықтан сапасыз маман даярлап шығады. Бізге сапасыз маманның түкке қажеті жоқ. Өйткені технологиялық құралдар күн сайын, тіпті сәт сайын жаңарып, өзгеріп жатыр. Сол ағысқа ілесе алмаса, ондай маманның қандай пайдасы болады?
– Білім беру саласындағы үш сатылы жүйенің, яғни бакалавр, магистратура, докторантураның техника саласы мамандарын даярлауда тиімсіздігі, бес жылдық жүйе әлдеқайда ыңғайлы және тиімді деп жиі айтыла бастады. Осы пікірге қосыласыз ба?
– Рас, қарап тұрсаңыз бакалаврды бітір­ген маман түкке жарамайды. Бізден бітіріп шығып жатқан жастар өндіріс орындарына, кәсіпорындарға барып өз білімдерін көрсете алады. Алайда жоғары білімді маман болғанымен, тек бакалаврдың дипломы. Енді оған көтерілу үшін, қызметінде жоғары­лау үшін магистратура оқу қажет. Кейбір кәсіпорындар жақсы мамандарының ақша­сын төлеп, өздері оқытады. Алайда ондай кәсіпорындар көп емес қой. Егер де біз техника саласы мамандарын толық бес жылдық мерзіммен оқытып, өмірге де, өндіріске де дайындап шығарсақ олар уақыт жағынан да, қызметтік өрлеу тұрғысынан да, өзінің жеке шығармашылық ізденісі саласынан да көп ұтар еді. Амал не. Әлемдік кеңістікке шықтық, осы жүйеге мойынсұ­намыз. Кез келген мықты кадр бұрынғы жүйенің, оның ішінде техника саласы ма­ман­дарын оқытудың бес жылдық тәсілі әлдеқайда тиімді екенін жақсы біледі. Енді тек осы үш сатылы жүйенің жақсы жақтарын меңгеруге, оны өзіміздің менталитетімізге, болмысымызға икемдеуіміз қажет-ақ. Өйткені қазір бәрі бәсекелестікпен өрбуде.
– Бәсекелестік демекші, осы саланың маманы ретінде айтыңызшы, Қазақстандағы техника ғылымы саласында шынайы ғылым бәсекесі бар ма?
– Шынын айту керек, әзірге техника саласында ондай мықты бәсекелестік қалыптаспады. Бәлкім, жүйеге жаңа өтіп жатқандығымыздан шығар. Бұрынғы ғылым бәсекелестікпен бағаланбады. Бір қуантар­лығы, біздегі бакалавр мамандарының 80 пайызы жұмыспен қамтамасыз етіліп жатыр. Сұраныс бар.
Теориялық білімнің тәжірибелік әрекет­пен әдіптеліп отырмауы – бүгіндері техника саласы мамандарын даярлап отырған көптеген жоғары оқу орындарының басты кемшілігі. Ертең өндіріске баратын маман­ның университет қабырғасында темір-терсекті, түрлі детальдарды ұстап көрмеуі, оларды жөндеп-қырнап, түрлі станоктарға салып өңдей алмауы – босқа уақыт өткізу­мен тең. Біздегі лабораторияларды, станок­тарды көргенде Ресей ғалымдары «сіздерден үйрену керек екен ғой» деп бастарын шай­қап кетті. «Біздің ғалымдардың барлығы да сіздерден бітіріп шықты ғой» деп қал­жың­дап күлсек, олар «жоқ, сіздердің база­ла­ры­ңыз мықты екен, оны мойындау керек» деп бағасын берді.
– Жаңа ғасырдың технологиялық дәуір екені даусыз. Әркім көштен қалмас үшін бүгінгі озық техноло­гиялық үлгі бойынша мамандар даярлауға тырысып бағуда. Біздегі маман даярлау процесі кеңестік кезеңнен қалған әдісті әлі қолданып келе жатқан сыңайы бар. Бұл біздің кадр даярлаушы ортаның жаңа­шыл­дыққа бейімделе алмағанды­ғын көрсете ме, әлде фундамен­талды ғылымның маңыздылығын жоймайтындығына дәлел ме?
– Адамның өмірге деген, саясатқа деген көзқарасын өзгертуге болар. Алайда техни­ка­лық қалыптасқан ұғымды қалай өзгерт­пекпіз? Жаңа ғылымның негізінде сол техно­логия жатыр ғой. Сол деталь, сол қалып. Тек оны түрлендіру арқылы ғана түрлі өнім алу­ға болады. Сұранысқа қарай. Тек жолдары ғана өзгереді. Фундаменталды ғылымға сүйенбесе, олар негізін білмей, қалай жаңа дүние тудырмақ. Сондықтан түпкілікті ғы­лым мәңгілік қала береді.
Жаңа ғасырдың жетістіктері өте көп. Нанотехнология, материалдардың құрылы­сын жете зерттеу, жаңа материалдар ойлап табу, станоктардың толықтай автоматтанды­рылуы секілді.
– Еліміздегі техника саласында әлемдік деңгейде мойындалған, толық өндіріске енгізілген жаңалық­тарды атап бере аласыз ба?
– Әрине, атап өтуге болады. Сізге бір ғана мысал айтайын, университетті бас­қарып отырған Жексенбек Әділов мырзаның ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржыны 3,5 есе арттыруының арқасында соңғы үш жылдың ішінде осы университеттің ішінде әлемдік, халықаралық деңгейде мо­йындалып, өндіріске енгізілген 120 жаңа­лық ашылды. Барлығы да – техникалық са­ла­­да. Көбі тәжірибеге енгізілді. Мұны білікті басшының еңбегі деп бағалау қажет. Бізде біреудің еңбегін бағалап, көз көріп тұрған жетістікті айтсаң жағымпаздану сияқ­ты болып көрінеді. Ондай жаман әдеттің не керегі бар? Жетістік бар ма, еңбе­гін ескеру керек. Ұжымды жақсы басқарып, нақты ғылым саласында нәтиже көрсетсе неге мақтамасқа? Соның арқасында жас ғалым­дарға жол ашылды. Өздерінің ашқан жаңа­лықтарын өндірісте сынап көруге толық мүмкіндік алды. Мұны ғылым көкжиегінің кеңейе түскендігі демей не дейміз? Қа­зақ­стан-Корей ақпараттық-коммуникациялық оқу орталығын, Қазақстан-Француз элект­ро­техника және электротехнологиялық оқу орталығын, жақында немістермен біріге отырып «Білім-ғылым» орталығы «ҚазҰТУ-Siemens» сияқты тағы бір халықаралық білім беру жүйесін ашып жатырмыз. Бұл дегеніміз, ректорымыз Жексенбек Мәкейұлының еліміздегі техника саласы мамандарын даярлаудағы елеулі еңбегі деуге болады.
Бұл орталықтарда біздің жас кадрлары­мыз өмірге қажетті, адамзат баласының игілігіне айналатын түрлі жаңалықтарды ашуға әрекеттеніп жатыр.
Бұл – жалпы біздің атқарып жатқан жұмыс­тарымыз. Ал өзімнің інім Тоқтамыс Мендебаевтың мұнай-газ саласында, бұрғылау ісінде  Ресейде тіркелген 160 па­тен­ті бар. Осыдан соң қалай ғылым дамы­май жатыр, жаңалық ашылмай жатыр деп айтамыз? Оның жаңа­лықтары еліміздегі өндірістерде қолданылу­да.
Сосын біздің ғалымдардың жаңалықтары кейде өзімізде бағаланбай жатады. Ал оған батыс елдерінен, өндірісі қуатты елдерден тапсырыс түседі. Өйткені олар қазақ ғалым­дары ашқан жаңалықтың тиімді екенін, пайда беретінін көріп-біліп отыр. Сондықтан оны ғалымдар сатуға мәжбүр. Өйткені ғы­лым да күн сайын дамып жатыр, оның бүгін­гі ашқан жаңалығы ертеңгі күні басқа жерде ашылуы да ғажап емес қой. Біріншіден, осы, ал екіншіден, ғалым да адам. Оның да отбасы бар, ақша қажет. Ашқан жаңалығы­нан пайда көргісі келеді. Себебі оған қанша­ма уақыты жұмсалды, күш-қуаты кетті.
– Отандық ғалымдар ашқан жаңалығына неге Ресейден патент алуға тырысады?
– Негізінде өнертапқыштарға патент Алматы­да да беріледі. Алайда Ресейден патент алсаң, танымалдылығың артады. Сұра­ныс та көбеюі мүмкін.
– Тоқтасын Мендебайұлы, жеңіл автокөлік шығару саласында артта қалып қойғанымыз анық. Қазір елімізде азды-көпті құрастыру цехтары жұмыс істеп жатыр. Алайда негізінен сұраныс шетелдік автокө­лік­тердің үлесіне тиесілі. Онда да үнемді, яғни жанармайды азырақ тұтынатын шағын сипатты көлік­терге тапсырыс артып келеді екен. Тым құрығанда алдағы 3-4 жылдың ішінде толықтай адамзат игілігіне айналады деп отырған электромо­бильді көлік құрастыру саласын қолға алуымызға не кедергі?
– Рас, қазір бәрі үнемшілдікке ұмтылуда. Жуырда Жапония ғалымдары ең тиімді, үнемді автокөліктің жобасын жасады. 300 шақырымға тұтынар жанармайы – 2,8 литр. Керемет емес пе! Енді осы көлікті әлемдік нарыққа шығармас бұрын олар өздеріндегі Тойота маркалы автокөліктерін толықтай сатып болуы тиіс. Сосын барып үнемді, тиімді көліктерін сата бастайды.
Бұрындары өндірістік ұрлау деген ұғым болатын. Идеясын ұрлайтын, олардың дайындамалары сипатталған жобаларын көшіріп алып, өздеріне әкеп, сәл өзгертулер енгізіп өндіріске салатын. Ондай әрекет қазір жоқ. Жапон ғалымдарындай керемет жасау үшін біздің ғалымдарда күрт бетбұрыс болуы қажет. Мемлекет ғылымды толықтай қаржыландыруы қажет. Әсіресе машина жасау саласын экономиканың негізгі локо­мо­тивтеріне жатқызу керек. Сонда біздің машина жасау саласында ашқан жаңалы­ғымызды жаппай өндірістік өнімге айнал­дыруымызға мүмкіндік туар еді. Біздегі ға­лым­дардың потенциалы, күш-қуаты, қа­жыр-біліктілігі жетеді ондайға. Ғылым өз бетімен жеке-дара өмір сүре алмайды. Жоға­рыда айтып жатқан жетістіктеріміз – әрине, алғашқы баспалдақтар. Университет қабырғасында ашылып жатқан жаңалықтар. Алайда оны өндіріске енгізіп, жаппай өндіру мәселесі бұл бөлек, күрделі тақырып. Ең бастысы – қомақты қаржыны талап ететін сала. Есесіне, нәтижесі де көрінеді. Дегенмен біздегі жаңалықты өндіріске енгізу, одан пайда табу жағына келгенде сұраныстың төмендігін жақсы білесіздер. Көбіне өзін ақтамай жатады. Сондықтан біз көбіне импорт­қа тәуелді боламыз. Қазір кәсіп­­орын­дардың бәрі жекешеленіп кетті ғой. Мем­лекет, университет ғалымдардың, ғы­лым­ға талпынып жатқан жастардың баста­ма­ларын қолдап, шығармашылық ізденуіне мүмкіндік беріп, қаржы бөлуде. Алайда сол жаңалықты өндіріске енгізіп, одан қыруар пайда көру жағына келгенде ұяттымыз. Өндіріс орындары да оған мүдделі емес. Бәрін мемлекеттің мойнына артып қойып, қарап отыруға болмайды. Ғылымға иннова­ция енгізуге мүдделіміз. Алайда оның да жетістігін көру керек қой.
– Жоғарыда шетелдік ғалым­дарды шақырып, студенттерге дәріс оқытып жатқандарыңызды айтып қалдыңыз. Өзіңіздің жеке пікіріңізді айтыңызшы, сол шетелдік докторлардың білім деңгейі қай дәрежеде? Салыстырмалы түрде.
– Ресеймен әу бастан етене жақынбыз. Ғылымымыз да сабақтас дамыды. Сондық­тан оқу процесінде соншалықты айырмашы­лық жоқ. Біріміздің кемшілігімізді біріміз толықтыра аламыз. Алайда Еуропадан келе­тін ғалымдардың базалық, фундаментальды ғылымы біздікімен де, Ресей ғылымымен де салыстыруға келмейді. Олардың ғалымдары көбіне өндіріспен байланысты. Ұтар тұсы осы. Өйткені оларда өндіріс дамып кеткен, ғылымы нақты қозғалыста тәжірибемен ұштасып, дереу қолданысқа енгізіліп отыра­ды. Бірақ бұл түпкілікті ғылым емес. Бізде ғылым жақсы дамып келеді, ал өндіріс өз алдына жеке шаңырақ көтерген. Біздің кем­шілігіміз бұл. Бізде кадр даярлау ісіне өндірістің араласқысы келмейді, тек маман­да­рымызды ақшасын төлеп, тұрақты жала­қы беріп пайдалануды қалайды. Бұлай ғылымда, техника саласында жетістікке жете алмаймыз. Техникалық саясатымыз дұрыс қалыптаспайды.
– Техникалық саясат деп жата­мыз, қарап отырсақ, біздің техника­лық саясатымыз көбіне импортқа тәуелді сияқты. Қазақстанның им­порт­қа тәуелсіз, өзіндік техникалық саясатын айқындайтын, нақты бағдарлама қажет деп санайсыз ба?
– Әрине, қажет. Алайда халықтың әлеу­меттік жағдайын, өмір сүру ерекшелігін ес­ке­ру керек. Бұл – экономикалық заңдылық. Солтүстігімізде – 180 миллион орыстар, шығысымызда 1,5 миллиард қытай тұр. Одан ары жапондардың да төбесі алыс емес. Біз солардың техникалық әлеуетін ескеруіміз керек. Өйткені бізде халық саны аз. Халық саны аз деген сөз сұраныс төмен болады деген анықтама. Американың «Дон­дер» комбайнын елімізге әкеп құрастырған тиімді ме, әлде сатып ала салған дұрыс па? Экономикалық шарттарын есептеп алуымыз керек. Егер де сол комбайнға сұраныс үздіксіз келіп отырса, әрине құрастырған тиімді. Арзанға түседі. Алайда бір-екі мәрте сұраныс болып, ары қарай кәсіпорынның құрастырған комбайндарын ешкім алмай қалса, онда шығынға ұшыраймыз ғой. Сол сияқты оңтүстік алқаптағы мақта шаруашы­лығына қатысты комбайндар. Мақта тек оңтүстік аймақта ғана егіледі. Оны жинайтын комбайнды өзімізде өндіргеннен гөрі көршілес өзбектердің бірнеше комбайнын сатып ала салғанымыз жөн ғой. Сондықтан бізге кіші механизациялы өндіріс өте тиімді болады. Ауыл шаруашылығының кең тарал­ған түріне қажетті техникаларды өндірсек, онда оған сұраныс болады. Халықтың саны 20-25 миллионға жеткенде, бізде үлкен өндірістерді қолға алуымызға мүмкіндік туады. Техникалық потенциал да массаға тәуелді екенін ұмытпайық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Тосын ой
Жер әлемде «Мерседес» десе немістер, «Тойота» десе жапондар есімізге түседі. Қазаққа тән брендтік, өзіндік ерекшеліктер де бар. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда осы техника саласында қазаққа тиесілі бір дүние болуы керек деп есептеймін. Бір ғана өнім болса да. Тіпті өзімізге тиесілі сол өнім елдің индустриалдық иммунитетін көтеріп әкетуі де ғажап емес. Еліміздің ғалымдары, өнеркәсіп иелері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осы жолда еңбектенсе нәтиже алуға болады, Тұран топырағын мекендеген текті ұрпақтың техниканы жат көрмей, тетігін тауып, тамаша жетістіктерге жетуге мүмкіндігі зор деп есептеймін. Оған біздің жеріміз де, қазба байлығымыз да жеткілікті. Нанотехнологиялық заманда технологиялық жетістіктерге таңғала қарамай, сондай жетістіктерді әлем жұртына өзіміз ұсынатындай халге жетейік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста