Елемес ӘЛІМХАНҰЛЫ, педагогика ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақтың спорт және туризм академиясының вице-президенті:
– Бүгінде Олимпиада ойындары бағдарламасында көптеген елдердің ұлттық ойындары бар. Өкінішке қарай, қазақтың бірде-бір ұлттық ойыны Олимпиада тұрмақ, Азия ойындары бағдарламасында жоқ. Мұның сыры неде?
– Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасына енген спорттың әрбір түрі алғашында бір ғана мемлекеттің аясында ойналғаны рас. Дегенмен ебін тапқан әрбір ел өзінің ұлттық спорт түрлерін ұлықтап, кең түрде насихаттап, дүбірлі дода бағдарламасына енетіндей дәрежеге жеткізген. Дәл қазіргі таңда біздің еліміздегі жақсы дамып келе жатқан спорт түріне тоғызқұмалақты, қазақ күресін, ат спортын жатқызуға болады. Олимпиада ойындарының құрамына ену үшін ұлттық спорт түрі кеңінен насихатталуы тиіс. Мәселен, Азия ойындарының құрамына ену үшін бүкіл Азия елі сол ұлттық спорт түрін мойындауы қажет. Алайда көбінесе біздің ұлттық ойындарымызға насихат жағы жетіспей жатады. Ал басқа елдер ұлттық құндылықтарының насихатталуына көп көңіл бөледі. Мәселен, қазан айында Түркияда түркі халықтарының студенттері арасында түркі халықтарының ұлттық ойындарының Универсиадасы өтеді деп күтілуде. Бұл – басқа елдерде бұрын-соңды өтпеген жарыс. Ең болмағанда, осындай халықаралық жарыстарды жиі өткізіп тұрсақ, ұлттық ойындардың насихаты артар еді. Барлық ел өздерінің ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға тырысады. Мәселен, жапондар дзюдо күресін әлемге таныту үшін 1970 жылдары күреске арналған киімдері мен күресетін татамилеріне шейін дүниежүзіне тегін таратты. Жаттықтырушыларды дзюдоны тегін үйрету үшін жер-жерге аттандырды. Дзюдодан халықаралық жарыстарды жиі өткізді. Сөйтіп, дзюдо күресінің халық арасына кең тарауына жағдай жасады. Осылайша уақыт өте дзюдо Олимпиадалық ойындардың қатарына енді. Біздің де қазақ күресіміз басқа күрес түрлерінен еш кем емес. Егер күресімізді біз де жапондардай насихаттасақ, әлемге танылып, мойындалар еді. Тағы бір мысал, бұдан төрт-бес жыл бұрын Сеулде ұлттық спорт түрлерінен студенттерге дәріс оқып, қыз балаларға өзіміздің ұлттық ойын — бестасты, ер балаларға асықты үйреттім. Бір ғана асық ойынының адамға ойлау, есептеу, көзбен дәлдеу секілді 33 түрлі пайдалы жағы бар екен. Кореяда көз әйнек киетін жастар өте көп. Кейін корей жастары көз жанарына бестас ойнаудың өте пайдалы екенін айтып, бестас үйреткенім үшін алғыстарын жаудырды. Олар бестастың көзге жаттығу ретінде өте жақсы әсер ететінін ерекше қадап айтты. Біле білсек, біздің ұлттық ойындарымыздың әрқайсысының осындай пайдалы жағы жетерлік. Тек өзіміз қадірін білмей жүрміз.
– Ұлттық ойындарды насихаттауды неден бастаған жөн?
– Ұлттық ойындарды насихаттауды балабақшалар мен мектептерден бастаған жөн. Халқымыздың ұлттық ойындарының ішінде балабақшадағы, мектептегі балалардың деңгейіне лайықталған асық пен бестастан басқа да қозғалмалы ұлттық ойындар жетерлік. Оның саны қазір менің жинауым бойынша 252-ден асты. Мәселен, балабақшадағы балаға «ладушкиден» гөрі, асық ойнатсақ, әлдеқайда пайдалы болар еді. Ұлттық ойындардың бала денсаулығына берер пайдасын айтпағанның өзінде, ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білуінің өзі — үлкен жетістік. Ұрпағымыз балабақшадан бастап ұлттық ойындардың қадірін ұға білсе, келешекте өз елінің нағыз патриоты болып қалыптасар еді. Алайда сол ұлттық ойындарымызды балабақшадағы тәрбие бағдарламасына енгізе алмай отырмыз. Кейде осылай жайбарақаттылық танытып жүргенде, еншіміздегі дүниені біреулердің иемденіп кететін жағдайлары да кездесіп жатады. Мәселен, Египеттегі Каирдің мұражайында асық тұр. Естуімше, олардың ежелгі патшасы Тутанхамонның ойнаған ойыншықтарының арасынан сол асық табылған көрінеді. Бұл — іргелі зерттеуді қажет ететін дүние. Яғни асық ертеде кеңінен тараған ойын түрлерінің бірі болған. Ендеше, ертеде кеңінен тараған асық ойынының бүгінгі күні даңқын неге одан әрі арттырмасқа?! Осы орайда алдағы уақытта ұлттық ойын түрлерін кеңінен насихаттау басты мақсатымыз болуы тиіс. Қазіргі таңда қазақ халқында, тіпті түркі халқында ұлттық спорт ойындары болмаған деген секілді көзқарас қалыптасқан. Алайда бүгінгі күні бар нәрсеміздің қадірін білмегендіктен ұмытылуына, біреулердің мүлдем болмады деуіне жол беріп отырмыз. 70 жыл бойына Кеңес Одағының құрамында болып, ұлттық деген нәрсеге жеткілікті көңіл бөлмеуіміздің салдарынан құндылықтарымыз ұмытыла бастады. Ұлттық ойындарымыз балабақшалар мен мектептердің, ЖОО-ның оқу бағдарламасынан шеттетілуінің нәтижесінде біздің халқымызда ұлттық спорт ойындары болмаған, бәрін сырттан алып отырмыз деген көзқарас қалыптасуда. Ал егер ұлттық ойындарды жандандырып, күнделікті оқу процесіне, дене тәрбиесі жаттығуларының қатарына қосатын болсақ, дене жаттығуларының толыққанды жұмыс істеуіне ықпал етер еді. Этностың ерекшелігін ескеретін этнопедагогикалық дене тәрбиесі болмай, ұлттың дене тәрбиесі қалыптаспайды. Оның ішінде ұлттық спорт түрлерінің орны ерекше.
– Ұлттық спорт түрлері туралы заң керек пе?
– Арнайы заң қажет. 1999 жылы қабылданған «Дене тәрбиесі және спорт туралы» Заңда көп нәрсе қамтылмаған. Рас, ұлттық спорт түрлері туралы бір тарауында айтылғанымен, ол бұқаралық спорт түрлерінің құрамына еніп кеткен. Яғни бүгінгі күннің талабына жауап бере алмайды. Заңда таяқ ұстатқандай көрсетілмегеннен кейін тиісті орындар ұлттық ойындарға мойын бұрғысы келсе ғана бұрады. Осы орайда арнайы заң болса дұрыс болар еді. Оған қоса, қаржы мәселесі де – басты мәселе. Заң жүзінде осының барлығын пысықтап алсақ, ұлттық ойындардың дамуына жол ашылар еді. Еліміз бойынша, жалпы, спорт түрлеріне бөлінетін барлық қаржының 1,8 пайызы ғана ұлттық спорт түрлеріне жұмсалатын көрінеді. Бұл – өте аз. Ұлттық спорт түрлері, негізінен, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің ұйытқы болуымен, кәсіпкерлердің қолдауымен немесе жанашыр азаматтардың демеушілігінің арқасында ғана дамып келеді. Ұлттық ойындарды дамытуға құлшыныс бар, бірақ кедергі көп.
– Нендей кедергілерді атап айтар едіңіз?
– Ең бірінші кедергі ол – арнайы насихаттың жоқтығы. Қазақтың ұлттық ойындары Наурыз мерекесінде ғана ойналатын дәстүр түрінде ғана қалмай, жаппай халық арасына кең тараған ұлттық ойынға айналса деп тілеймін. Жағда Бабалық атамыздың зерттеулеріне сүйенсек, ұлттық ойындарымыздың 300-дей түрі бар көрінеді. Соның қазір 20-дай түрі ғана халық есінде сақталған. Халқымыздың басынан өткен қилы-қилы кезеңдерге орай, ұлттық спорт ойындарының көбісі ұмытылып кеткен. Дәл қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерін дамытуға көңіл бөлетін жағдай бар. Жазушы Герольд Белгер: «Егер біз ұрпағымызға ұлттық идеяны насихаттайтын болсақ, ол қолға таяқ ұстатқандай дәл, анық болуы керек», – дейді. Осы секілді ұрпағымызға ұлттық ойындарды насихаттар болсақ та, ол дәл, анық ережелерімен болуы керек деп санаймын. Әйтпесе әркім әр жаққа тартқыштап, ұлттық ойындарымыздың негізгі мазмұнынан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы орайда айта кетер жайт — Кеңес Одағының кезінде жаппай спорттық сынақ тапсыртатын (ГТО). Оны тұрғындардың тапсыруға жағдайы бар ма, халықтың менталитетіне сай ма — қаншалықты пайдасы бар-жоғын елеген жан болмады. Тіпті ұлттың ерекшелігіне сай ұлттық спорт ойындарын ойнатуды да ойламады. Осы орайда айта кетер жайт — бүгінде елімізде бүркіт пен тазы өсіру ұлттық спорт түрлерінің бірі бола тұра, оларды ұшақтар мен пойыздарда бірге алып жүру туралы заңда қарастырылмаған. Ветеринарлық-санитарлық нормалары жоқ. Осы жағдай бүгінде көп кедергі келтіруде. Егер балалардың санасына осы бастан ұлттық ойындардың маңыздылығын сіңіре бермесек, ұлттық ойындар маңыздылығын жойып, қолданыстан шығып қалу қаупі бар.
– Яғни «мемлекет тарапынан ұлттық ойындарға оң көзқарас жетіспейді» дейсіз ғой ...
– Бүгінде ат спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарға арналған федерациялар өз қаражаттарымен, өз күштерімен жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан көмек қолы созылып жатыр деп айта алмаймын. Ал мемлекеттік ұлттық ойындарды насихаттайтын мекемелер жоқтың қасы. Спорт мектептерінде ұлттық ойындардың бөлімдері ғана бар. Мемлекет тарапынан ұлттық құндылығымыз, мәдени мұрамыз ретінде оң көзқарас жетіспейтіні шындық. Зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі таңда халқымыздың 17 пайызы бұқаралық спортпен айналысатын көрінеді. Елбасымыз 2020 жылға дейін бұқаралық спорт түрін дамытуды 30 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Осы маңызды тапсырманы орындауда ұлттық спорттың алатын орны зор.
– Қазақтың ұлттық спорт түрлері жылқымен, тазымен, қыранмен тікелей байланысты. Бірақ соңғы кездері жылқымыз, қыранымыз азып кетті деп жатады. Тіпті жылқыны сән үшін өсіру әдетке айналғандай.
– Бұл да – шындық. Мұның бәрі айналып келгенде, ұлттық спорттың насихатының жоқтығынан. Тазы, жылқы, қыран сәндік үшін өсіріліп, ұлттық спорт ойындары ұлттық мерекелерде ғана көрсетілер көрмеге айналып барады. Біздің қазақы қазанаттарымыздың түрі өте көп еді. Біздің аттарымыздың геніндегі мықтылықты сезгендіктен, кезінде сонау Еуропа, Америкаға дейін алып кеткен. Біздің жылқының мүмкіншілігі бүгінгі күні шетелден сатып әкелініп жатқан жылқылардан бірнеше есе артық. Негізі, шетелден әкелініп жатқан араб, ағылшын тұқымының жылқыларымен қазақы аттарды араластырудың қажеті жоқ. Біздің жылқыларымыздың мінезі, табиғаты ипподром көлеміне сыймайды. Мәселен, біздің жылқылар ойлы-шұңқырлы жерлермен алысқа шабуға үйренген. Олардың табиғи қалыптасқан мүмкіншіліктерін шектеудің қажеті жоқ. Осы орайда жарыстарды жеке өткізу қажет.
– Спорттық салаға маман дайындап отырған бірден-бір оқу орындарының бірісіздер. Алдағы өтетін қысқы Азия ойындарына сіздердің шәкірттеріңіз қатыса ма?
– Қазір іріктеу өтіп жатыр. Бізде арнайы шаңғы кафедрасы бар. Қысқы Азия ойындарына осы шаңғы кафедрасының түлектері қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Азия ойындары алауын алып жүрушілер мен валонтерлердің де көбісі бізден деуге болады.
– Медицина саласында жыл сайын түрлі бағдарламалар қабылдап, халықтың денсаулығын сақтауға қыруар қаржы аударып жатамыз. Ал халықтың өз денсаулығын сақтауына, шынығуына жағдай жасай алып отырмыз ба?
– Рас, Алматы қаласындағы фитнес клубтар мен жаттықтыру залдарының бағасын кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, ауырмаудың бір жолы денешынықтыру екені рас. Алайда халқымыздың өз бетімен спортпен айналысып, денелерін шынықтыруына, денсаулығы мықты болуы үшін спортты жанына серік етуіне мүмкіндік бере алмай отырмыз. Осы орайда мемлекетіміз халықтың әр тобына арналған қаланың әр бөлігінде жаттығу залдарын ашып қойса, әлдеқайда пайдалы болар еді. Бұл халықтың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен көмек болары сөзсіз. Мемлекетіміз осындай салауаттылықты насихаттайтын орындардың халыққа қолжетімділігін арттырса екен. Яғни медицина мен бұқаралық дене тәрбиесінің арасын жақындатқан жөн.
– Спортқа қабілетті жастарды іріктеу мәселесі қалай шешілуде?
– Шәкірттерді бейімділігіне қарай спортқа тарту — еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Баланың өз қалауына қарай қалаған спорт үйірмесіне жаздыра салу дұрыс емес. Баланың әр спорт түріне қарай өзінің икемі болады. Сол ескерілуі керек. Алайда мен спортта адасып жүрген балаларды жиі байқаймын. Дене бітімі жеңіл атлетикаға бейім балалар кейде бокста жүреді. Ол бокста 10-15 жыл жүріп, спорт шебері атанар, алайда олимпиадалық, әлемдік деңгейдегі спортшы бола алмайды. Ұлттық құрама сапында жүрген спортшыларымыздың ішінде бірлі-жарымы ғана өзінің табиғи бейіміне қарай спорт түрін тапқан. Қалғандары — кездейсоқ адасып келіп қалғандар. Бірақ лайықты спортшы болмағаннан кейін құрама сапына еніп кетеді де, әлемдік жарыстарға барып, 10-20-орындарды иемденіп, жүре береді. Оларды қаншама жаттықтырып, баптасаң да, одан жоғары көрсеткіш көрсете алмайды. Өйткені оның туабітті қабілеті таңдаған спорт түріне сай емес. Сондықтан дарынды, бейімді балаларды адаспай табу, іріктеу спорт мектептерінің, министрліктердің ең бірінші мақсаты болуы керек. Мұны арнайы мәселе ретінде көтеріп, министрлікке хат та жазғанмын. Тағы бір айта кетер жайт — еліміздегі 300-ден астам спорт мектептерінің бастапқы дайындық топтарындағы оқу-жаттығу жұмыстарын басқаша жүргізуге эксперименттік жағдай туғызу керек. Бұрын Кеңес Одағы кезінде спортшыларды 250 миллион халықтың ішінен таңдап алатын. Ал қазір 16 миллион халықтың ішінен әлемдік дәрежеге алып шығар спортшыны таңдау қиын. Сондықтан спортшыларымызды іріктеу әдісін өзгертуіміз керек. Спортшының деңгейін бірден анықтайтындай ғылыми жобаға түсетін болсақ, дарынды спортшыларды тауып, сапа мәселесін көтеріп алар едік.
– Кейбір спорт түрлері әлі де болса қазақ баласына жат секілді. Жеңіл атлетика, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлерінен қаракөздерімізді кездестіру қиын. Неге?
– Ең алдымен, ата-аналарымыз өз балаларын аталмыш спорт түрлеріне ертіп апаруға құлықсыз деуге болады. Бұл – ата-аналардың кінәсі. Екіншіден, елімізде мұндай спорт түрлеріне баулитын, дайындайтын арнайы жабдықталған орындар жоқтың қасы. 1930 жылғы ғылыми-зерттеуде қазақ балаларының дене бітімі кейбір спорт түрлеріне сай емес деген тұжырым жасалған. Мысалы, 1937 жылы дене тәрбиесіне қатысты Қазақстанда 248 маман болса, соның төртеуі ғана қазақ болған. Қазір де спортта жүрген қазақ балаларының үлес саны аз. Оған жаттықтырушы мен спортшылардан гөрі басқа факторлар кінәлі секілді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Ауылдық жерлердегі балаларды дене тәрбиесі және спортқа бейімдеуге мемлекетіміздің мойын бұруы аса қажет. Ауылдық жерлерде дарынды балалар жетерлік. Кейде оқу ордамызға оқуға түсуге келген бойлары екі метрге жуық ұл-қыздарды кездестіремін. Олардың таңдаған спорт түрлері өздерінің қарым-қабілетіне сай емес болып жатады. Яғни оларды жас кезінен бастап өз қабілетіне сай мамандығына бағыттайтын мамандар ауылда жетіспейді. Егер оларға ертерек бағыт-бағдар сілтесек, еліміздегі олимпиада чемпиондарының саны әлдеқайда артар ма еді?!