Тәуелсіздік – ұлттық сана жемісі
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:
– Қуаныш Сұлтанұлы, сіздің пайымыңызша, Тәуелсіздік дегеніміз не және ол бізге не берді?
– Тәуелсіздік – ең алдымен, қасиетті ұғым, сана. Оның мән-мағынасын ой-санамызбен толық түйсінгеніміз жөн. «Тәуелсіздіктің құнын бүкіл қоғам болып түйсіне алдық па? Біздің өскелең ұрпақ Тәуелсіздікті өз дүниетанымында қалай бағалайды?» деген сұрақтардың мазалайтыны да орынды. Осы тұрғыдан алғанда, менің пайымымда Тәуелсіздік дегеніміз – ұлттық сана. Тәуелсіздік – адами болмысымыздың, өміріміздің қайнар бұлағы. Дүниеде жаралған тіршілік иесінің әрқайсысының болашақ өмірі тұтастай Тәуелсіздікке, бостандық пен азаттыққа байланысты. Өткен тарихымызды сабақтайтын болсақ, қазақтың ұлт болып ұйысып, ел болып бірігуінде, ең алдымен, Тәуелсіздік рухының ең жоғары рөл атқаратынын аңғарамыз. Қазақ – жаратылысынан-ақ еркіндікті сүйген, азаттықты аңсап туған жұрт. Әрине, бұл басқа ұлттарда ондай сана жоқ дегенді білдірмейтіні түсінікті. Адам баласының еркіндікті, бостандықты аңсауы – табиғи құбылыс. Рухани еркіндік, рухтық теңдік болмаса, басқа бостандықтың тұрлаулы болуы да екіталай.
Дүниежүзінде 6000-ға жуық ұлт пен ұлт тілдері бар екен. Солардың бәрі бірдей мемлекет емес, БҰҰ-ға мүше болып, тең дәрежеде мойындалғаны – 193 мемлекет қана. Ал сол 193-тің қатарына қосылуды аңсап жүрген халық қаншама? Сондықтан да біз тарихымызды саралай отырып, Тәуелсіздіктің танымын терең сезінуіміз керек. Тарихты білу арқылы Тәуелсіздіктің қадірін артық сезінеміз. Мәселен, бізге дейінгі ғасырларда қаншама ұрпақ қазақтың ұлттық Тәуелсіздігін аңсап өтті?! Қаншама толқын Тәуелсіздіктің орнағанын көзімен көріп, азаттық ауасымен тыныстай алмай зарығып өтті?! Тарихқа тым терең бойламай-ақ, XIX ғасырдағы Қазақ хандығының ұлы даламызда толық доғарылғанын айтсақ та жеткілікті. 1847 жылы Кенесары хан өлтірілгеннен кейін, қазақ жерінде хандық құрылым жойылып, мемлекеттігіміз тәркіленді. Содан бастап қазақтың басы ыдырап, орыс патшалығының боданында кеттік. «Бөліп ал да, билей бер» саясаты орнықты. Хандықты жою тұсында да, одан бергі кезеңде де елдік еркіндік үшін ереуілдер, көтерілістер болғанымен, олардың ешқайсысы да отарлаушы күшке қауқарлы емес еді. Кейінгі кезеңнің барлығында да қазақ ұлтының қайраткерлері кез келген мүмкіндіктен еркіндікті іздеді. ХХ ғасыр басындағы революциялармен бірге азаттықты арқау еткен Алаш идеясы келді. Алаш қайраткерлері әуел бастан әлеуметтік теңдікті көкседі. Сол үшін Қазан төңкерісін қолдады. Үстем таптың болмауын қалады, Ресеймен одақтас бола отырып, автономиялық жағдайда өздерін тең дәрежеде көргісі келді. Алайда Ресей басшылығына келушілер мұндай ұлттық ұстынды өздерінің саяси билеп-төстеуіне қауіп көрді. Билікке келген коммунистік партия Алаш қайраткерлерінің жұртты желпіндіре көтерген ұлт-азаттық санасын қолдау былай тұрсын, керісінше, оны мейлінше жоюға бағыт алды. XX ғасыр бойына ұлттық сана шектелумен келді. 1986 жылғы желтоқсандағы жастардың көтерілуі сол булыққан, тұншыққан ұлттық сананың бұлқынысы еді. Тәуелсіздік, ең бастысы, құлдық, бодандық сананың құрсауынан құтқарып, өзімізді тең құқықты адам сезінетін теңдік, еркіндік берді. Езілген еңсемізді көтертті. Бүгінгі өміріміздің барлық жақсылығы – тікелей Тәуелсіздігіміздің жеңісі де, жемісі де. Барлық игілікті беріп отырған – қасиетті Тәуелсіздік.
– Қайсыбіреулер, оның ішінде сыртта отырып сарап жасайтын арандатқыш саясаткерсымақтар «Тәуелсіздік қазаққа оңай тиді» дегенді айтып қалып жатады...
– Бұл – қазақтың Тәуелсіздігіне қатысты қасаң тағдырлы қасіретін мүлдем білмейтіндердің һәм мүлдем білгісі келмейтіндердің әңгімесі. Ондай әңгімені ойлау қабілеті адамдық санадан да, адамгершілік ұғымнан да алшақ қалған түсініктегілер өрбітетіні хақ. Тарихшылардың деректері бойынша, Ресейге бодан болған кезеңнің өзінде қазақ даласында үлкенді-кішілі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістер болған екен. Тәуелсіздік үшін бұл аз көрсеткіш пе? Оның үстіне, неге біз халқымызды ұрындырып, соғыстырып, қан төгетін жолмен ғана Тәуелсіздік алуға тиіс екенбіз?! Отарланған қазақ онсыз да аз жапа шеккен жоқ. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары одақтық биліктің солақай саясатынан 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Бұл аз ба? 1,5 миллионнан астам қазақтың тоз-тозы шығып, жан сауғалаумен шетке үдере кеткені аз ба? Жүз мыңнан астам адам саяси қуғын- сүргінге ұшырағаны аз ба? Басқаларын айтпағанның өзінде, 1986 жылдың бейбіт көтерілісінде қаншама жастар құрбан болды? Бұл аз көрсеткіш пе?
Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, осындай қасіретті көп көрген ұлт Тәуелсіздік жолын халқын одан сайын арандатпайтын тұстан іздейтіні мәлім. Сол үшін біз Тәуелсіздікті санамен, ақылмен сақтап, тұрақтандырып, күшейтуіміз керек. Біздің басымыздағы жағдайдың өзі қазақты мейлінше қақтырмай, соқтырмай, қантөгіске апармай, ұлт амандығын сақтай отырып, Тәуелсіздікке қол жеткізу еді. Менің ойымша, сол Тәуелсіздік жарияланар тұста титімдей ғана ушығатын даудың өзі, басқасын қайдам, қазаққа үлкен қатер еді. Ондай қапыдан қадам жасалса, Тәуелсіздікті жарияламай тұрып, айырылып қалуымыз да ғажап емес еді. Тіпті Қазақстанның Тәуелсіздікті жариялауының өзінде үлкен қатерлер тұрды. Мәселен, біздің барлық облысымызда дерлік тікелей Мәскеуден ғана басқарылатын үлкен әскери құрылымдар болды. Олар тек бұйрықпен, тек орталықтың өктем бұйрығымен ғана қозғалатын күш еді. Сондай қатерлердің арасында қақтығыссыз Тәуелсіздікті жариялай білу – бұл көрегендік. Президент Н.Назарбаев бірнеше мәрте дәл осы мәселеге қатысты айтқаны есімізде. Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың арманымен, олардың өткен тарихи жолымен, бізге дейінгі толқынның талайлы құрбандығымен, бір сөзбен айтқанда, қазақтың қанымен келді. Талай буынның оза туған қайратшылдары Тәуелсіздік үшін бастарын құрбандыққа тіккенін білеміз. Ендеше, соның бәрін тәрк етіп, қалай да қақтығыспен ғана Тәуелсіздік алуымыз керек пе еді? Бұл – арандатушылық. Қазақтың егемен ел болып, өз тізгінін қолына алғанын көре алмайтындар осылай айтуы мүмкін. Кім не айтса да, өз жолымызбен жүріп, бейбіт дамуға ұмтылуымыз керек. Барлық мәселені ақылмен, біліммен шешу мүмкіндігі бар.
Шығыстағы көршіміз – 1,5 млрд халқы бар Қытай Қазақстанмен тең дәрежеде саясат ұстанып отыр. Бұған не себеп? Олар біздің қаруымыздан, күшімізден қорқып отырған жоқ. Тіпті бізде Қытайды қорқытатын ниет те, қару да, күш те жоқ. Біздің 16 млн халқымыз олардың бір ауданындағы жұртшылық санымен тең. Ендеше, Қытай Қазақстанның қазіргі заманға сай ұлттық интеллектуалдық мүмкіндігімен, ақыл-қуатымен санасып отыр. Сол секілді барлық көршілестер біздің Елбасымыздың алғыр ақылымен, ұтқыр ұстанымымен, пайымды пікірімен, кемеңгер келешек жолымен санасады. Бір кездегі Қытай Кеңес Одағынан белгілі бір деңгейде сескенетін де. Солай сескене жүріп, жер дауына мойынсынбады, ешқандай да шекара мәселесіне келіскен де емес. Кеңес Одағы 74 жылдың ішінде екі арадағы шекараны анық айшықтай алмап еді. Сол Қытайыңыз 16 млн қазақпен келісімге келіп отыр. Мұның мәнісі не? Өйткені Қазақстан Президенті сауатты саясат ұстанып, жаңа аргументтерді келтіріп, Қытаймен тең дәрежеде сөйлесті. Көзқарасты өзгерту арқылы мемлекеттерді бір-бірінен алыстататын емес, жақындататын саясат ұстандық. Сөйтіп, осы уақытқа дейін қауіпті саналған Қытай шекарасы Қазақстанның Тәуелсіздігінен кейінгі жылдары ушықпай, басылды. Біздің ұтқанымыз осы болды.
– Қуаныш Сұлтанұлы, сіз тәуелсіз Қазақ елінің құрылғанына куә болып қана қоймай, Елбасымен бірге еліміздің іргетасын қалыптастыру барысына тікелей қатыстыңыз. Ендеше, естелік ретінде айтып өтсеңіз, осыдан 20 жыл бұрын Тәуелсіздік жарияланғанда сіз қандай қызметте едіңіз? Тәуелсіздіктің жариялануын қандай сезіммен қарсы алдыңыз?
– 1991 жылдың тамызына қарай бір кездегі қуатты партия құрдымға кете бастады. Партия атқаратын құзыреттің барлығы жаңадан құрылып жатқан мемлекеттік құрылымдарға ауысып жатқан кез. Сол тұста Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен бірнеше маңызды министрліктер, солардың алғашқылары болып Бұқаралық ақпарат құралдары және баспасөз министрлігі құрылды. Идеологиядағы БАҚ-тың рөлі үлкен еді. Саясаттың жұмыс бағыты да БАҚ арқылы жүргізілді. Осындай жауапты салаға тұңғыш министр болып тағайындалдым. Сол тұста мен Жоғарғы Кеңестің құрамындағы депутат та едім. Бірнеше ай министрдің қызметін қатар алып жүруіме тура келді. Кейіннен жаңа заң шығып, желтоқсанның соңына таман депутаттық өкілеттігімді тапсыруға тиіс болатынмын. Сондықтан да Тәуелсіздік заңы қабылданатын 16 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңестің отырысына, бір жағынан, депутат, екінші жағынан, министр ретінде қатыстым. Сөз сөйледім. Пікірімді айтып, ұстанымымды таныттым. Қазір айтуға оңай, дегенмен сол кезде Тәуелсіздік жариялау барысының өзі оңайға соққан жоқ. Ұлты басқа депутаттардың біразы қарсылық көрсетіп бақты. Заң жобасын әзірлеуді басқарған заңгер Сұлтан Сартаев ағамыз сауатты құжат жасап, ол туралы баяндама жасаған-ды. Сонда кейбір депутаттар «біз кімнен тәуелсіздік алмақпыз?!» дегендей қитұрқылыққа басты, арандатқыш сұрақтарын ортаға салды. Кейбірі референдум өткізу керектігін айтты. Ал ондай референдум біздің жағдайымызға мүлдем теріс әсер ететін еді. Өйткені сол жылдары республикамыздағы қазақ саны 36 пайызды ғана құрайтын, яғни ұтылатынымыз анық болатын. Сол үшін референдумға жол бермеуге тырыстық. Ақыр соңында бір азғантай топтың қарсылығына қарамастан, кешке қарай заң қабылданды. Бұл «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң болатын. Дәл сол кезде біз тұңғыш рет бұғаудан босанған секілді үлкен сезімді, бостандық рухын бастан кешірдік. Бұл қайталанбас сезім еді. Оны сөзбен айтып жеткізу де қиындау. Әйтсе де алды-артымызды бағамдамай, «Тәуелсіздікті алдық та, жарияладық» деп жалған айта алмаймын. Қорқыныш болды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі үрей де басым болды. «Алдымыз қалай болар екен, ел қайтер екен, қайда барамыз, кім боламыз?» деген ойымызды қанша сан-саққа жүгірткенімізбен, нақты жауап таба қойылуы қиын. Өйткені біз өзіміз қазір ғана құтылған жүйенің қуатын да, қайратын да білетінбіз. Сол жүйе қайта күш алып, келе қалса, бізді аямайтынын да білетінбіз. Ондай жағдайда Тәуелсіздік үшін құрбанның кім болатынын да өзіміз сездік.
Дегенмен біз үшін сол кезеңдегі басты идеологиямыз Тәуелсіздік болды. Тәуелсіздік идеологиясының сол тұстағы мәнісі: ең алдымен ұлтыңды, Отаныңды сүй, туған тіліңді құрметте, сол арқылы еңсеңді көтер, азат Қазақ елі! Бұл идеология осылай туындай беруі тиіс болатын. Өйткені жұртшылыққа азаттықтың ақиқатын анық сезінуі ауадай қажет-тін. Ал оның өзі қыруар жұмысты талап етті. Тарихтың тереңдігі, тарихтың әділеттілігі, ақтаңдақтардан арылу, шынайы тарихты қалпына келтіру – мұның баршасы қыруар идеологиялық жұмысты талап етті, соларды кешіктірмей қолға алуға тура келді. Әрине, Тәуелсіздікті бүгін жариялап, ертең өз-өзінен мемлекет құрыла салады, содан бәрі бір арнаға түсе кетеді деген ой болған жоқ. Қазір кейінге қарап әңгіме ретінде айту оңай, ал сол кездегі Тәуелсіздіктің тәуекелі тың береке болғанымен, тым күрделі мәселе еді. «Енді не істейміз? Қайсысын бұрын қолға аламыз? Не маңызды?» деген сұраққа Елбасыдан бастап бәріміз де жауапты болатынбыз. Осындай қиындықтан көшбасшылықтың дұрыс бағдар ұстануы мен ұлттық қабілетіміздің қайсарлығы арқылы аман шықтық деп айта аламын.
– Рас, Тәуелсіздікті жариялау бар да, оған қол жеткізу бар. Осы тұрғыдан алғанда, отарлану салдарынан толық арылып болдық па? Біздің қоғам Тәуелсіздік рухын қаншалықты сезіне алды?
– Тәуелсіздік – бізді тіпті өзіміз болжай алмаған биікке шығарды. Осы 20 жылда бұдан бұрынғы 200 жылда қол жетпеген арманға қол жетті. Алайда Тәуелсіздіктің берген мүмкіндігін толық пайдалана алмаған, әсіресе отарлану салдарынан арылуға пайдалана алмаған жерлеріміз баршылық. Әрине, бұл – бір ғана адамның қолында тұрған, әйтпесе қандай да бір бұйрықтармен, жарлықтармен шешімін таба қоятын дүние емес. Мәселен, Тәуелсіздік рухына қатысты Президент Н.Назарбаев аз айтып жатқан жоқ. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді Елбасы. Нәтиже нешік? Сөйте тұра біз неге басқа жұртқа өзіміздің өкпемізді айтуымыз керек? Қазақ қазақ тіліне қатысты мәселеде ешкімге өкпе айта алмайды. Тарихқа тоңмойындар ғана өкпе артудан жалықпайды. Рас, бұрынғы Кеңес Одағында СОКП Орталық комитетінің орыс тілінің қуатын көтеруге қатысты қаулысы болды. Қазақ тіліне қатысты ешбір мәселе ашық көтерілген де емес еді. Поштаға барып, қазақ тілінде телеграмма саламын десең, саған аспаннан түскендей қарайтын. Басқа ұлттың өкілдері «сен неге мен (яғни кеңес азаматы) түсінбейтін тілде сөйлейсің?» дегенді нұқып тұратын. Ал қазір ше? Қазіргі жағдай, шынымен де, біздің ұлттық санамыздың толық оянбай жатқанын білдіреді. Басынан талай тоқырауды өткізген, сондықтан да тіл туралы тебірене айта алатын менің кейбір замандастарымның өзі немерелерімен өзге тілде сөйлесу әдетін әлі де қоя алмай келеді. «Арыла алмай жүр» дегеннің бірі – осы. Дегенмен болашақтан күтер үміт мол. Біз тілдік мәселені науқаншылдықпен, әйтпесе ұраншылдықпен өткізгеннен ештеңе ұтпаймыз. Бұл да – сананың мәселесі. Меніңше, келесі буынның санасы, әсіресе тілге қатысты санасы оянады. Ұлты қазақ емес жастардың өзі қазақшаға бет бұрған. Бұл – жақсылықтың нышаны. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы уақытта отаршылдық зардабынан толық арыла аламыз деп айта аламын. Оның үстіне, қазақтың арасын тіл білетін, тіл білмейтін деп бөлуді доғару керек. Қазақша білмейтін топтың қаны – қазақ. Оның өзі ана тілін білмегенімен, келесі ұрпағының қаны тартады, онымен бірге санасы да сілкінеді. Біздің ортамыз да – соған ыңғайлы тәуелсіз елдің ортасы. Тек тілге қатысты ортақ мүдде болуы керек.
Жалпылама алғанда, құлдық санадан арыла алмауды білдіретін тілден басқа да көптеген белгі баршылық. Мәселен, 20 жыл ішінде елді мекендердің де атауы толық өзгере алмады. Әсіресе өңірлерде. Қайта орталық қалаларда көше атаулары өзгерді, ал жергілікті жерлерде мызғымайтын «баяғы жартас – сол жартас». Бұған қарасақ, кейбір жағдайларда біздің санамыздағы отаршылдықтың сарқыншағы әлі де қалғанын байқаймыз.
– Неге арыла алмай отырмыз және арылудың жолы қайсы?
– Менің байқауымша, атау ауыстыру мәселесінде жергілікті биліктегі атқамінерлер бейқамдық танытып отыр. Өңір басшысы ұлттық атауларды қайтару маңызын білмейді не жете түсінбейді. Түсінсе де, құлықты емес болып отырғандар да болуы мүмкін. Не болмаса ондай адамдар халық алдында беделсіз болуы мүмкін. Осындай ынтасыздықтан барып қос тараптың наразылығы тууы кәдік. «Арылудың жолы – жергілікті халықпен жұмыс істеу керек» деп ойлаймын. Билік қоғаммен үздіксіз қатынаста, пікір алысуда болуы қажет. 1993 жылы Петропавл қаласындағы бұрынғы Коммунистік даңғылына Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Сол кезде қаладағы қазақтардың саны тіпті аз болатын, қазір де көп емес. Атауды ауыстыруға қарсы болған облыс пен қаладағы казактар, басқа ұлт өкілдері наразылық шеруіне шықты. Вице-премьер ретінде соған баруыма тура келді. Менімен бірге Әбіш Кекілбаев та барды. Біз наразылық шеруіне шыққан жергілікті жұртшылықпен сөйлестік. Ішінде бірде-бір қазағы жоқ аудиторияға әңгіме айтуға тура келді. Мағжанның кім екенін түсіндіріп бақтық. Коммунистік партияның саясатымен атылып кеткен құрбан екенін, «Қазақтың Пушкині» екенін жеткіздік. Сонда ғана жергілікті басқа жұрт Мағжанды мойындады. Әрине, олардың бөркін аспанға ата қуанғанын көргенім жоқ, бірақ наразы топ қазақтың құрбан болған ұлының ірілігін мойындады. Оның есімінің ұлықталуы тиіс құқын да, деңгейін де мойындады. Тіпті «біз мұны білмеппіз ғой» деп айтқандары да есте. Ал солардың білмегені үшін кімді кінәлаймыз?! Тіпті сол кездері басқа түгіл, өзіміз де Мағжанмен енді ғана қауышып, танып жаттық емес пе?! Мінеки, осындай жұмыстар толассыз болуы тиіс еді. Алда солай болса деп тілеймін.
– Тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін біздің келешекте нені сақтауымыз, неден арылуымыз керек?
– Әуел бастан солай болғаны секілді Тәуелсіздіктің қауіпсіздігін мәңгі бақи қамтамасыз етуді ойдан еш шығармауға тиіспіз. Бұл санадан бір сәт те шет қалмауымыз шарт. Тағы да айтамын, Тәуелсіздіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең алдымен, халықтың санасындағы дүние. Сол сана арқылы әрбір адам мемлекетінің тұрпатына, болмысына өз үлесін қосса игі. Оның үстіне, Тәуелсіздік – жалаң ұран емес. Сондықтан да Тәуелсіздіктің қауіпсіздігіне әлеуметтік тұрғыдан да қараған лазым. Елдің тұрмыс-әлеуеті артып, қазіргі экономикалық жетістіктер тұрақтанса, оны ары қарай өрбітсек игі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үдемелі индустриялық дамуды ұлттық идеология деңгейіне көтеріп отыр. Бұл да – Тәуелсіздік қауіпсіздігінің бір тетігі. Қазақ ұлтының дүниежүзілік бәсекеге қабілетті болуы да экономикадан арыға кетіп, Тәуелсіздікке тірелетіні ақиқат. Ал бәсекелестіктің өзі еңбек арқылы келеді. Екінші басты мәселе – ұлттың өсімін қамтамасыз етіп, тыныштықты қамту. Ұлттық өсімнің де, тыныштықтың қамтылуының да құрамдас бөліктері жетерлік. Бұған айрықша назар аударылса игі. Отаншылдық тәрбиені де тереңдеткен абзал. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің қауіпсіздігі мәселесінде назар аударатын мәселе жетерлік. Мәселен, сырттан қауіп көп-ақ. Әрине, Қазақстанға нақты бір тұстан соғыс ашқалы кезеніп тұрған ешкім жоқ. Бірақ неше түрлі арандатушы күштер жүр. Біздің заманымыздың ерекшелігі осында. Көзге көрінбейтін қатерлер де – соның айғағы. Мұнда да айтатын дүние санаға тіреледі. Басқасын айтпай-ақ, кешегі елді дүрліктірген лаңкестік әрекеттердің баршасы сананың осалдығынан туды. Лаңкестікке барғанның барлығы – қазақтың жігіттері. Санадан болған сынық оларды осылай улады. Санасы мықты қоғамды, санасы биік адамды сырттан да, іштен де ешбір күш іріте алмайды.
– Жақында Парламент Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясын қабылдады. Бұл құжаттың келешек үшін мәні мен маңызы қандай деп айтар едіңіз?
– Парламенттің осы бастамасын Президент қолдаған болатын. Расымен, өркениет тәжірибесінде елеулі кезеңдерді ескеру бар. Бұған дейінгі атқарылған істерді бір саралап, болашақпен соны ұштастырудың маңызы зор. Сол тұрғыдан алғанда, Парламентте халықтың назарын аударатын құжаттың қабылданғаны орынды болды. 1997 жылы астана Ақмолаға көшкенде Үкімет Парламентпен бірлесіп халыққа үндеу жариялағаны есіме түседі. Ол да елеулі оқиға еді. Сол секілді 20 жылдықта негізгі жетістіктерімізді айта отырып, соған сүйене отырып, болашақты қамтамасыз ететін мәселе көтерілді. Саяси құжаттың салмағы да болашақ үшін зор. Отаншылдықты, адамның рухын, санасын көтеретін мәселе. Жақсылықты айтудан қашпай, келешекті дұрыс бағамдау деп білемін. Кем-кетікті жою үшін жақсы рухты, жақсы көзқарасты пайдалану керек. Тағы айтарым, рухани бостандықпен бірге серпіліп, жаңа шыңға қарай көтерілгеннен ұтарымыз да мол болмақ. Қандай нәрсе болсын жеңіске жетелейтін – халықтың рухы. Сол рух арқылы сапа көрсетіледі.
Тәуелсіздікке тілегім бар...
Тәуелсіздіктің мән-мазмұнын, мағынасын, өткен-кеткенін бажайлап, мейлінше өз санамнан өткізіп бағалай алатын жастамын. Жай жаста емеспін, көргенім арқылы, білек сыбанып кіріскенім, қатынасқаным арқылы білемін – Тәуелсіздіктің құны ешбір нәрсемен өлшенбейді. Дүниеде ешбір мәселедегі теңдесі жоқ құбылыс – Тәуелсіздік. Біздің тегіміз – Тәуелсіздік, санамыз, рухымыз – Тәуелсіздік. Ендігі жерде Тәуелсіздік болмаса, қазақ жұрты болмай қалуымыз да ғажап емес. Сондықтан да келер ұрпақ Тәуелсіздіктің сапасын, санасын, құнын түсінетін әрі бізден де қуатты болса екен. Біз Тәуелсіздік алғанымыз үшін кезіндегі Алаш зиялыларынан еш әулие емеспіз. Олардан санамыз да соншалықты артық емес. Алайда тағдыр бізге Тәуелсіздікті жариялау құзыреті мен құдіретін сыйлады. Ендеше, біз оны мұраға, мәңгілік мұраға қалдыруға тиіспіз. Мұраға иегерлердің қабілеті бізден жоғары болуы тиіс. Олардың сондай болатынына сенімдімін де. Бір сөзбен айтқанда, өзін де, халқын да ұшпаққа жеткізетін ұрпақ келе жатыр деп санаймын. Соған тілектеспін!