Тарихи оқиғалардың барлығына шынайы баға бермей, тарихты қайта жазам деу – бекершілік!

Тарихи оқиғалардың барлығына шынайы баға бермей, тарихты қайта жазам деу – бекершілік!

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымының кандидаты:

–Әлімғазы аға, сіз түркітану мен қазақ тарихы жөнінде елеулі зерттеу­лер жасап жүрген ғалымсыз. Қазір ұлт­тық тарихты тың көзқараспен ғылыми негізге сүйене отырып қайта сүзгіден өт­кізіп, жаңаша сипатта жазып шыға­тын уақыттың жеткендігі баса айтылу­да. Шынында да, Қазақтың төл тарихы Ресейдің отаршылдық саясатының тұр­ғысынан жазылған деген пікірлер бар. Осы ретте қазақ тарихын ұлттық мүд­деге сай, ұлттық тұрғыдан түбірі­мен қайта жазып шығу керек пе?
– Қанша өкпе-ренішіміз болса да, бұл бастаманың өте орынды көтерілгенін мо­йындауға тиіспіз. Ұлттық төл тарихы­мызды қайта жазу туралы 20 жылдан бері айтып келеміз. Осы уақытқа дейін оқулықта­рымызды дұрыстайық, ақтаңдақтарымыз­ды ақтайық, орыстардың, қытайлардың т.б. отаршыл елдердің бізге таңған жалған тарихынан құтылайық деп мәселе көтердік. Бірақ осыны тыңдайтын құлақ болған жоқ еді. Міне енді, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлт тарихын қайта зерделеп, жазып шығу жайында бастама көтерді. Осы ретте қазір біреулер тарихты түбірімен қайта жазу керек десе, екіншілері, төл тарихы­мыз­ды толықтырып, өңдеп, бұрынғы бар деректердің ішінен өзімізге керектіні алып, жаңғыртып, өз мүддемізге сай толықтыра­йық дегенді алға тартады. Ал үшіншілері, «біздің тарих бұрыннан жазылып қойыл­ған, орыстың бәлен академик, профессор­ла­ры­нан асып қандай тарих жазбақсың­дар?» деп, құлдық психологиядан арыла ал­май жүрген тарихшыларымыз әлі бар. Бұл ретте мен тарихшы әрі қазақтың бір азаматы ретінде айтарым, шындық осы үш пікірдің ортасында тұр деп есептеймін. Бірақ бұл үшін біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл уақыт өтті. Оны жылда мемлекеттік деңгейде атап өтіп, мәре-сәре болып жүр­міз. Екі сөзіміздің бірінде Тәуелсіздік алған­нан бергі жетістіктерімізді асыра айтып ке­леміз. Негізі, Тәуелсіздік дегеніміз, отар­лық­тан құтылу дегенді білдірмей ме? Бірақ қазір қарап тұрсаңыз, Тәуелсіздікті қазақ емес, Қазақстан халқы алыпты. Біз қазақ халқы, қазақ ұлты деп айтуға неге жасқана береміз? Тәуелсіздікті қазақ халқы алды де­сек, басқа ұлттың барлығы бізге өре түрегеліп, «біз қайда қалдық?» деп, көше­ге шығатын секілді үрейдің ішінде өмір сүріп келеміз. Бұл – кешегі отарлаушы империя­ның біздің үрейімізді әбден алып қойған­ды­ғының белгісі. Бұл ретте Тәуелсіз елдің төл тарихын қайта жазу үшін «біз Тә­уел­сіз­дікті кімнен алдық?» деген сұрақтың басын ашып алуымыз керек. Шынында, біз Тә­уел­сіздікті кімнен алдық? 80-ші жыл­дар­ға дейін Патшалық Ресейдің отаршылды­ғын­да болдық деп айтуға аузымыз бар­мады. Өйткені 1982 жылы бүкіл Қазақстан, бүкіл Одақты шулатып, орысқа қосылған­ды­ғы­мыздың 250 жылдығын тойладық. Сон­да «ұлы орыс халқына өз еркімізбен қо­сыл­дық» деп жар салдық. Бұл туралы барлық газет-журналдар мақтанышпен жазды. «Өз еркіңмен қосылу» деген не сөз? Қазақ­тың ұғымында «өз еркіңмен қосылу» деген неке қияр үстінде айтылатын сөз емес пе? «Сен өз еркіңмен, өз қалауыңмен пәленше­ге жұбай болуға көндің бе, ризасың ба?» деген сөз осындай жағдайда ғана айтыла­тын. Біз осылай тәрбиеленген халықтың ұр­па­ғы едік. Бірақ бір ұлттың екінші бір мем­лекетке барып, соның алдына тізе бү­гіп, «мен саған бағындым, өз еркіммен сені сүй­дім-күйдім» деп айтуға намыстан­ба­дық. Негізі Тәуелсіздік дегенді айту үшін кімнен тәуелділіктен құтылғанымызды ай­туы­мыз тиіс емес пе? Біз Тәуелсіздікті Ре­сей-Кеңес отарлаушы империясынан ал­дық. Біз біріншіден, орысқа өз еркімізбен қосылып, жұбайы болғанымыз жоқ. Екінші Кеңестік империяны да біз өзімізге шақы­рып, «социалистік революцияны бізге де жүр­гізіп бер» деп айтқан емеспіз. Ленинді де, Сталинді де, Голощекинді де ешқандай қазақ шақырған жоқ. Бұл бізге сырттан та­ңылды. Орталық Азияда Мұстафа Шоқай бас­таған, оған қоса Алаш арыстары қоста­ған зиялы қауым біртұтас Түркістан идея­сын көтерді. Осы жолда күресіп, барын сал­ды. Бірақ біз сыртқы күштердің салда­ры­нан екінші империяның отарына айнал­дық. Сондықтан қандай жағдай болмасын, мей­лі, басқалардың жүрегі жарылып кетсе де біз отарлаушы империяның маңдайына қа­ра таңбасын басып тұрып, «Осылар 250 жыл­дан бері қазақ ұлтының төбесінде ой­на­ды, кейін тағы 70 жыл басынды. Енді мі­не, біз осыдан құтылдық» деп әр қазақ ай­туы тиіс.
– Сіз ашаршылық тарихы туралы көп жерде айтып жүрсіз. Менің сұра­ғым келгені, Ресей қазақ халқын әдейі қыру үшін осыны ұйымдастырды деген әңгімелер бар. Осы қаншалықты рас?
– Иә, шынында да, бұл Ресей-Кеңес им­периясының басындағы мемлекеттік саясатты жүргізген шовинистердің, ұлы державашыл идеологтардың әрекетінен деп есептеймін. Бірінші байларды тонады, сосын қарапайым адамдардың талғажа­уын тартып алды. Осыдан кейін халық қы­рылмағанда қайтеді? Әйтпесе 1917 жылы Алаш алыптарының бірі А.Байтұрсыновтың: «Иншалла, 6 миллион қазақпыз» деп сү­йін­шілегенін «Айқаптан» өзім оқыдым. Сол алты миллион қазаққа 70-жылдары, араға 50 жыл салып әрең жеттік. Ал негізі жарты ғасырда біз кем дегенде 12-15 миллионға жетуіміз тиіс еді. Не болдық? Қазақ халқы бір емес, екі-үш геноцидке ұшырады. Үш рет қолдан жасалған ұлттық апатқа ұшыра­дық. 1916 жылы болған ұлт-азаттық көте­рі­лісінің дәл егін орағы кезінде болуы халықты ашаршылыққа ұрындырды. 1916-21 жыл­дары миллионнан аса халқымыздан айы­рылдық. Бүкіл дәстүрімізден, бұрынғы от­басылық, рулық, тайпалық, ағайындық қа­рым-қатынасымыздан ажырадық. «Бай­тал түгіл, бас қайғы» болып, тоз-тозымыз шықты. Екіншісі, 1931-32 жылғы ашаршы­лық. Бұл уақытта халқымыздың тең жар­ты­сынан, тіпті одан да көп қырғынға ұшыра­ды. Бір бөлігі аман қалу үшін еріксіз шетел асты. Осының салдарынан қазақ халқының өсімі күрт төмендеп кетті. Біздегі мықты, тек­ті, бай-бағландардың балалары 100 пайыз орыс болды. Сонда Міржақып Дула­тов­тың: «орысша тәрбиеленген, орысша оқыған баладан қазаққа қызмет ететін тұл­ға шығады дегенге мен сенбеймін» деген сөзі бар. Міне, оның осы сөзі-ақ оның ұлы­лы­ғын, данышпандығын 70 жылдан кейін дәлелдеп берді. Басқа тілде, басқа дінде оқы­ған баладан өз ұлтына қызмет ететін шын патриот ешқашан шықпайды. Ал үшін­ші геноцид – 1937 жылғы қырғын қазақ­ты түгел бастан, мидан, ақылдан айырды. Сүт бетінен қазақ халқының қаймақтары сылынып алынып, арыстарымыз нақақтан на­қақ итжеккенге айдалды, абақтыға жа­былды, атылды. Кілең көк су, іріген сүт қал­ды. Бассыз, иесіз қалған қазақ халқын 50 жыл жалаң аяқ тексіз батыраштар мен надан шолақбелсенділер басқарды. Олар­ға мен қазақпын деп айту өліммен бірдей болды. Бәрі «мен Кеңес азаматымын, ком­муниспін, партия үшін қызмет етемін» деп ант берді. Және оны ауызша ғана айтып қойған жоқ, ісімен де дәлелдеді. Одан ке­йін 1941-45 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыста 600 мыңнан аса боздақтарымыз­дан айырылдық. Ұрпақ әкелетін, еңбек ете­тін, ұлтқа қызмет ететін 18 бен 40 жас­тың аралығындағы нағыз энергиялық күші тасыған азаматтарымызды немістің қаруы­ның оғы мен танкісінің астына жығып бер­дік. Мен бір нәрсеге таңғалам, идеология деген адамдарды қалай өзгертеді? 1916 жылы орыстың әскеріне бала бермейміз деп қырылдық. Арада 25 жыл өткеннен кейін «Отанды қорға!» деп өзіміз жібердік. Бұл не парадокс?! Әйтпесе қазақ – сол қазақ, сол халық. Бірақ 25 жылдан кейін орыстың орманына барып өлуге құлшын­дық. Идеология және арнайы насихаттың қаншалықты қауіпті екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. 25 жылдың ішінде ұлты­мыз басқа халыққа айналып шыға келді.
– Отаршылдықта болған елдің Тәуел­сіз­дік алған соң отарсыздану үр­ді­сінен өтуі шарт. Осы ретте біз ең бірінші нені қолға алуымыз керек?
– Шыны керек, біздің Тәуелсіздік ал­ғанымызға 20 жыл болса да, әлі қазақ пат­риотизмін, жалпы қазақшылдықты, ұлт­шыл­дықты қалыптастыра алғанымыз жоқ. Ресей-Кеңес империясы тұсындағы сұм­дық апаттық науқандардың атын атап, тү­сін түстеп, қанша адамнан айырылдық, та­ри­хымыздан, дәстүрімізден, тілімізден, елдігімізден қалай айырылдық – осының бәріне шынайы бағасын беруіміз керек. Бас­қаның жүрегі жарылып кетсе де біз шын­дықты айтуымыз керек. Сонымен қатар елі­мізде отарсыздандыру саясатын жүргі­з­уіміз қажет. Отарсыздандыру саясаты жүр­гізілмейтін болса, не анда, не мұнда жоқ күй кешіп жүре береміз. Қазір былай қа­расаң, Тәуелсіз секілдіміз, бірақ әлі де орыстың боданынан құтылмаған елде жүр­гендей сезінеміз кейде. Бұл – біздің тарихи жадымыздың өшкендігінің белгісі. Сондықтан қалай десек те, жоғарыда атап өткен тарихи оқиғалардың барлығына шынайы баға бермей, тарихты қайта жа­зам деу – бекершілік!
Қазақ ұлт ретiнде қалыптасқалы алты ғасыр уақыт болды. Соның нәтижесiнде отаршыл күштердiң табанды езгiсiнен аман қалды. Ұлт ретiнде жойып жiберуге қандай амал-айла жасаса да, қазақ бүгiнге жеттi. Тәуелсiздiктiң көк байрағын желбiреттi. Ендi осы байрақтың мәңгi желбiреуiне жұ­мыс iстеуiмiз керек. Ол үшiн әлсiреп кеткен ұлттық санамызды оятуымыз қажет. Өсiп келе жатқан өрiмдей жастарымыздың са­на­сына өзiн-өзi кемсiтетiн идеяларды тан­баған жөн.
Орыс империясы құлағаннан кейін оның боданында болған көптеген елдер: Балтық жағалауының елдерi, Украина, Мол­дова, Кавказ, тіпті кейiн қырғыздар да өз елдерінде отарсыздандыру саясатын жүр­гiзді.
– Тарихты жазуда діннің ықпалы на­зардан тыс қалып қойып отырған жоқ па?
– Егер біз тарихты қайта жазамыз де­сек, қазақ тарихының дәуірлеу кезеңінің ба­сын ашып алуымыз керек. Әлемдік дә­уір­леу бар, аймақтық дәуірлеу бар, тіпті өр­кениеттер, мәдениеттер дәуірлеуі бар. Сонымен қатар кешегі біздің 70 жыл бойы құлағымызға құйған таптық күресті негіз еткен дәуірлеу бар. Міне, біз осының қай­сы­сын қолдануымыз керек? Біз Дарвиннің белгілеп берген, әлгі маймылдан пайда қы­лып ап, оны екі аяқты адамға жеткізіп, оған ақыл беріп, қауымдықтан құлдық қо­ғам­ға, одан феодализмге, одан социа­лизмге әкеліп тіреп, «міне, жағымды бола­шағың!» дейтін күлкілі жағдайдан әлі арыл­ғанымыз жоқ. Кезінде социализмді ке­мел­дендіріп тастадық. Қайда ол қазір, енді қайда барамыз? Шынында да, қазір біз қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз?
Қалайық-қаламайық күндердің-күнін­де біз өркениеттер тарихы бойынша дәуір­леуге көшетін боламыз. Егер ислам біздің ата-бабадан ұстанып келе жатқан асыл ді­ні­міз екендігін ескерсек, онда Еуропаның бізге таңған дәуірлеуінен құтылуымыз ке­рек. Орысқа бодан болғанға дейін біз өзі­міздің өмір сүру формамызбен тіршілік қы­лып келген халықпыз. Оның алдында еш­кім­нің ықпалында болған жоқпыз. Біз әс­кери-феодалдық мемлекет құрған қо­ғам­да өмір сүрдік. Отбасынан бастап хандық қағанға дейінгі басқыш әскери тәртіппен басқарылған. Отағасы бала-шағасына ие, ауыл ақсақалы – ауылға әрі сол ауыл әскер жасағының қолбасшысы, одан кейін ру, тай­паның басшыларының бәрі әскери адам­дар болған. Қағаннан бұйрық түсе­ді,ол отбасына дейін жетіп, мүлтіксіз орын­далады. Біздің мемлекеттік құрылымымыз өте қарапайым, басқаруға өте икемді бол­ды. «Жау келді, аттан!» дегенде еркеккін­дік­тінің бәрі атқа қонатын.
Негізі ислам тарихшылары мен түркия тарихшылары тұтас адамзат тарихын Ис­ламиятқа дейінгі және Исламияттан кейінгі дәуір деп бөліп қарастырады. Егер шын­дық­тың бетіне түзу қарасақ, біздің ислам­ият­қа дейінгі өмір сүру салтымыз, тіршілігі­міз басқа болатын. Тәңіршілдікпен рулық-тай­палық қарым-қатынастар негізінде өмір сүрдік. Ислам дінін қабылдағаннан ке­йін бүкіл тіршілігіміз, ұғым-түсінігіміз бү­тіндей басқаша болып кетті. Қалай бол­ғанда да біз ислам дінін қабылдау арқылы үлкен өркениетке қол жеткіздік. Ол кезде ислам өркениетінен артық өркениет жоқ болатын. Еуропа азып-тозып, католик пен христиан діндері қырқысып, олар өз ішінде қара түнекте өмір сүрген болатын. Арабтың әскерінен мықты әскер, ислам дінінен күш­ті идеология жоқ болатын. Түріктер Ислам­ды 751 жылдан былай қарай негізінен бей­біт жолмен қабылдап, ислам мәдение­тімен ертерек танысып, оны игеруге ба­рын­ша құлшынды. Соның нәтижесінде тү­рік дүниесі Ислам әлемімен рухани тұтас­тыққа қол жеткізді. Адамзат мәдениетіне Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Ибн Сина қатарлы ұлы тұлғалардың данышпандық ілімдерін бере алды. Мұндай нәтижеге еуропалықтар 15-16 ғасырда араб-түрік ғылымын игеру арқылы әрең жетті. Сондықтан біз тарихты жазарда ислам дінінен қашып, оны елеусіз қылып көрсетуге болмайтынын түсінуге тиіспіз. Ол шын тарих болмайды. Өйткені біздің өмір-тіршілігіміз, салт-дәстүріміздің барлығы ислам дінімен сабақтасып кеткен. Ахмет Яссауи, басқа да данышпандарымыз ислам дінін одан әрі терең ұғынып, жұртқа жария етіп, Жаратқанның жолымен жүруге тікелей әсер етті. Осындай өркениеттің оша­ғында өмір сүрдік. Мұны айтуға тиіспіз. Сондықтан біз исламиаттан кейін, мұсыл­ман дінінің арқасында өркениетке үлкен үлес қосқанымызды мақтанышпен жеткі­з­уіміз керек.
– Бір кезеңге байланысты әр тарих­шы әртүрлі деректерді келтіріп жатады. Тіпті өзінің жазғанын дұрыс, қалғаны­ны­кін бұрыс санайтындары да бар. Осы ретте ұлттық тарихты жазуда ға­лым­дарымыздың көзқарасын бір ар­наға тоғыстыру мүмкін бе?
– Неге мүмкін емес, егер нақты әрекет етсек, бәрі де мүмкін. Болмайтын нәрсе жоқ. Қазір төл тарихты жазуға байланысты Үкімет тарапынан үйлестіру комитеті құ­рыл­ды деп естідім. Бірақ оған жоғары оқу орындарының, ғылыми зерттеу институтта­ры­ның басшылары қатысуда. Бұлар Мем­лекеттік хатшы шақырғанда ғана жиналады да, кейін үйді-үйлеріне тарқасып кетеді. Біз бұлай шынайы төл тарихты жаза алмай­мыз. Менің ұсынысым, гуманитарлық са­ла­ның барлығы бір-бірімен тығыз бай­ланысты. Тарихты жазу тарих ғылымының докторы немесе кандидаттары үшін айты­лып отырған жоқ. Тұтас алғанда бұған қо­ғамдық ғылымдардың барлығының қаты­сы бар. Сондықтан әр салада жүрген ға­лымдардың басын қосуымыз тиіс. Соны­мен қатар олар екі-үш күн емес, апталап, айлап, түскен ұсыныстарды сарапқа салуы керек. Бұрынғыдай секциялық жиналыс жасап, жарты күн, ары кетсе бір күн айғай­ла­сып, артынан дайын тұрған протоколды оқып, жиналыс бітті дейтін болсақ, бұдан ештеме шықпайды. Әр мәселе туындаған даталарға байланысты секциялар секілді топтарға бөліп, ғалымдарды әбден айтыс­ты­рып, нақты бір тоқтамға келу керек. Бұл ретте ғалымдар тер төгіп, қызыл кеңірдек болып айтысып, бір пәтуаға келуі тиіс. Жал­пы тарихты ала-құлалықтан арылту үшін әрбір зерттеуді ғылыми сараптамадан өткізіп тұратын білікті де тәжірибелі тарих­шы ғалымдар тобынан құрылған арнайы бір орталық құрып немесе комиссия жа­сақ­тау қажет. Тіпті тарихты жаңаша түген­дей­тін «Мәдени мұра» сияқты арнайы мем­лекеттік бағдарлама қабылдауымыз тиіс.

Сөз сарасы
– Біз 300 жылдық орыс отаршылдығының зардаптары туралы неге батыл сөз айта алмадық, біз неге 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы тарихи шындықты әлі толық айта алмай жүрміз? 1920-21 және 1930-32 жылғы қолдан жасалған қазақ халқына қарсы Кеңестік геноцидті айыптауға бара алмадық? 1937-1938 жылғы репрессияның шын мақсаты мен зардаптарын неге ашып айта алмай, міңгірлей береміз? Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтылар тарихи шындық, нақты анықтама қашан айтылады? 1949-1952 жылғы қазақ халқына қарсы жасалған қаралау мен жазалауға берілер баға толық неге берілмеді? 1954 жылдан басталған «Тың, тыңайған жерлерді игеру» деген желеумен Қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігіне қарсы жасалған ұлы орыстық шовинизм мен ассимиляциялық озбырлық неге әшкереленбейді? 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы барлық шындық айтылып бітті ме? Осының бәріне шынайы баға бермей, тарихты қайта жазамыз деу бос әурешілік болып қалмақ.

Алашқа айтар датым...
Қазақ тарихын жазарда біз келісіп алатын, онсыз болмайтын бірқатар мәселелер бар. Ол бірінші – дәуірлеу мәселесі. Қазақтың дәуірлеу мәселесінде қазақ тарихшыларының көзқарасын бір арнаға тоғыстыруымыз керек. Екінші – қазақ мемлекеті қазақ ұлтының атымен қашан аталды, қай датаға тоқтаған дұрыс, осыны нақтылап алуымыз тиіс. Үшінші – Патшалық Ресей мен Кеңестік Ресейдің отаршылдығы кезінде қазақ ұлтына жасаған ұлттық қасіреттерін ғылыми тұрғыда нақты дәлелдермен ашық жазуымыз тиіс. Төртінші, геноцидті, небір зобалаңдарды, қайғы-қасіретті бастан кешкізген империяның қазіргі басшыларына мойындатуымыз керек және кешірім сұратқанымыз жөн. Олар бүкіл әлем алдында айыбын мойындап, өтемақы төлеуі тиіс. Біз осының барлығын талап етуіміз керек. Сонда ғана шынайы тарих жазылатын болады. Сонымен қатар отарсыздандыру саясатын ашық жүргізуіміз қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста