Тән азығын күйттеп, жан азығын ұмыту – қылмыс

Тән азығын күйттеп, жан азығын ұмыту – қылмыс

Әдібай ТАБЫЛДИЕВ, педагогика ғылымының докторы, профессор:

– Әдібай ата, сіз бала тәрбиесімен 66 жыл бойы шұғылданған екенсіз. Әліппе мен ана тілі оқулықтарынан жас ұрпақ сіздің өлеңдеріңізді оқып, сол арқылы бойына алғашқы рухани қасиеттерді сіңірді. Педагогикалық мақсатқа жетуде ұстанымыңыз қандай болды, қандай құндылықтарды пайдаландыңыз?

– Бала тәрбиесіне пайдаланылатын ең зор құндылық балалар әдебиеті болып табылады. Балалар әдебиетінің үлгілері ауыз әдебиетінде дамып, қалыптасқан. Мектепке дейінгі балалар отбасында, балабақшада фольклорлық шығармалармен және көркем әдебиеттің тұғырлы туындыларымен тәрбиеленеді. Қазақ ұлтының тілашар дәстүрі бойынша тілі шыға бастаған бөбекке санамақтар – сан үйрету, жаңылтпаштар – тіл ширату, тақпақтар – ой дамыту, жұмбақтар – ой қорыту, мақал-мәтел – тіл мен ойды саралау, мазақтамалар – намыс ояту үшін қолданылады. Әсіресе, ертегілер жас бөбектің қиялын кеңейтіп, дамытады. Мен тәрбиеде ең әуелі осыларды пайымдап, пайдаландым. Мектеп жасындағы балалар әліппеден бастап, әдебиеттің барлық жанры бойынша тәрбиеленеді. Қысқасы, балалар әдебиеті – тәрбиенің негізі. Онсыз тәрбие тәлімсіз, мәнсіз болады. Көркем әдебиеттен нәр алған бала инабатты, тәрбиелі, жігерлі болып өседі. Үлкен ғалым, оқымыстылар да осындай бүлдіршіндерден шығады.

– Соңғы кездері «балалар әдебиеті түгіл, бас қайғы» деген әңгіме жиі айтыла бастады. Шығармашылығын жас ұрпаққа арнаған ақын-жазушыларымыз өз бағыттарын өзгертті деп естіп жатамыз. Қалай болғанда да, әдебиеттің осы бір саласында бұрынғыдай қарқын байқалмайды. Сіз осы жөнінде не айтасыз?

– Балалар әдебиетінің проза, поэзия деген құндылықтары біздің әдебиетімізде толығынан бар. Бұл жанрларда қалам тербейтін ақын-жазушылар жетерлік. Мысалы, өткен жылдары менің бес томдық таңдамалы шығармаларым жарық көрді. Онда 50 ертегі, 21 пьеса, 20 қойылым, 15 скетч, 200 тақпақ, 10 интермедия, 91 әңгіме берілген. Сол сияқты, «Ұлан» газеті былтыр 11 прозалық кітап жариялады. «Балдырған» журналында және басқа басылымдарда аз да болса балалар әдебиетінің жаңа туындылары жарыққа шығып тұрады. Бірақ әттең, олар соңғы уақытта балаларға жетпей жатыр. Өйткені көбінесе бар дүние басылмайды. Басылған күннің өзінде 2000 данадан аспайды.

– Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Оның басты себебі – нарықтық қатынастар. Нарықтық заңдылық бойынша бәрі жекеменшік болып кетті ғой... Бірақ тәрбиені жекеменшікке айналдыруға болмайды. Тәрбие – халықтық, мемлекеттік әрекет.
Біз егеменді ел болдық. Сондықтан елдік (мемлекеттік) құндылықтарды жекеменшікке телімей, әлеуметтік әрекет жасауымыз керек. Тән азығын күйттеп, жан азығын ұмыту – қылмыс. Меніңше, балалар әдебиетінің бұрынғыша мемлекеттік баспасы болып, ол басу, тарату жұмыстарын ұйымдастырса, әдеби шығармалардың таралуынан түскен қаражат, мемлекеттік сұранысқа берілген қаражатты «қан қақсатпас» еді. Бұл ойымызды жоғарыда есеп-қисапты ежелеп отырғандар ескеріп, барды қолымыздан алып, басып, шығарып берсе шіркін!..

– Өзіңіз айтып өткендей, бала тәрбиесінде зор орын алатын поэзияның дамуы мүлдем тоқтап қалған жоқ, бар. Олай болса, осы шығармашылықтың қазіргі күйіне тоқталып өтсеңіз...

– Балаларға өлең жазып жүрген қазіргі жас ақындар туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі олардың шығармалары басылым беттерінде, болмаса жинақ болып шығып жатқан жоқ. Бұрыннан қалам тербеп жүрген акындар туралы айтар болсам, осыдан екі жыл бұрын Қадыр Мырза Әлінің балаларға арналған екі томдығы шықты. Одан өзге соңғы уақытта жарық көрген шығармаларды, басылым беттерінде жарияланған өлеңдер жоқ. Балалар поэзиясының ерекшелігі, ол баланың тіліне үйіріліп, ойына оралып тұруы керек. Сондай бағалы дүниелерді жарыққа шығару қиынның қиыны. Сондықтан барлық жанрда кездесетін поэзиямыз жаңаша қарқынмен дамымай жатыр. Бірер шумақты, тәрбиелік мәнді тақпақтарды суреттермен безендіріп, суретті кітапшаларды көптеп шығару керек. Баяғыда менің «Мен – паровоз», «Құрылысшылар» деген суретше кітаптарым 40 000 дана болып басылып шыққан еді. Қазір бұл үрдіс жоқ... Былтыр «Жалын» баспасының басшысымен суретше кітапты өз ақшама шығарып беріңіздер десем, «біз орыс әдебиетінен 40 том кітап шығарып жатырмыз», – дейді. Болашағымыз бала тәрбиесінің құндылықтарын құлшына құптап, жан аямай жарық көруіне мемлекеттік сілкініс қажет. Жоғарыда мен «жаңа» деп атап өткен прозалық шығармаларды көсегесі көгергір «Ұлан» газеті жариялады. Ол болмаса бұрқанған дүние бұғып жата беретін еді. Біз нарықтық үнем саясатын тәрікті тәсілдермен пайдалануымыз керек. Көптеген жас жазушылар шығармаларын өз қаражаттарымен бастыра алмайды. Сондықтан баспалар арқылы кепілдеме беріп, шығармаларды тарату арқылы мемлекеттен алған қарызды өтеу жолдарын ұйымдастыру керек. Ол біліктілікпен ұйымдастырылатын іс. Бұған оқу және сауда орындары жан-жақты қатыстырылса, елдік елеулі іс атқарар едік.

– Қазақ балалар поэзиясын отбасында, балабақшада, мектепте кеңінен пайдалану үшін не істеу керек?

– Ең әуелі балабақшаға, мектепке арналған оқулықтарға поэзиялық шығармаларды жүйелі түрде (жайдан күрделіге қарай) орналастыра білу керек. Мысалы, жыл он екі ай ішінде атаулы күндер, мерекелер, оқиғалар болады. Соған орай жазылған шығармаларды бала оқып әрі жаттап алуы керек. Ал жаңылтпаш, санамақ, жұмбақ, мақал-мәтел, мазақтама, скетч, ертегі жанрлары бойынша жақсы жазылған шығармалар «сатылап беру» тәсілімен оқулықтарға жүйелі түрде орналастырылуы қажет. Оқушыларға ұлттың жадыға сақтау қасиетін тұшындырып, олардың жаттау, шығарма жазу қабілеттерін дамытуда ұстаздар ұлағатты міндеттерін атқара білгені жөн. Балалар поэзиясының қордаланып жатқан құндылықтары баршылық. Тек соларды іздеп тауып, жариялауға еңбек сіңіретін ұлтжандыларға пәрменді қозғау салу қажет. Кейбір мектептерде ұстаздар (мысалы, Алматыдағы №159 мектеп) өз типографиясы арқылы тақпақтарды таңдап басып, бала тәрбиесіне пайдаланып жүр. Балабақшалар мен мектептерде поэзиялық кештер, түрлі айтыстар өткізіліп жатады – құптарлық.

Ал көптеген орта білім шаңырақтарында әдебиет үйірмесі жоқ – ұят. Әдебиет оқытушыларының алдында «ұлттық тәрбие» деген қасиетті әрекеттің міндеті тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Сол сияқты, прозалық шығармалардың да бала тәрбиесіне қосар үлесі зор. Әдебиеттің бұл саласы соңғы уақытта «іштей дамып» келеді. Азат Әкімнің «Жол ана», Дулат Шалқарбаевтың «Бағлан», Кәдірбек Сегізбайұлының «Жетім қонжық», Серік Жетпісқалиевтің «Ескі қолтырауынның әлегі», Ділдар Мамырбаеваның «Қош бол, балалық» Әлдихан Қалдыбаевтың «Тәмсілдері» осы ойымды дәлелдейді. Қазақ балалар прозасында қысқа әңгіме жанры бойынша жазылған шығармалар азайып кетті. Ал тәрбиенің өткір құралы – сатира басылым беттерінде, радио, телеарналарда мүлдем көрінбей барады. Бізде балалар сатирасы жоқ емес, бар. Алайда осы бар нәрсені барынша көрсете алмай келеміз. Кезінде Оспанханның «Солақайы» тағы басқа ақындардың сықақтық шығармалары бұқаралық ақпарат құралдарында біраз көрініс тапты да, кейін мүлдем жоғалып кетті. Сатиралық шығармаларды, әсіресе балаларға арналғандарын басылымдарда жиі шығару керек. Тілашар дәстүрінде қазақ көбіне мазақтама құрастырып, баланың намысын оятып, тәрбиелеген. Кезінде «Балдырған» журналында «Солақай», «Ұлан» газетінде «Қисық айна», «Ала бала» сияқты сатиралық бұрыштар бар болатын. Кейін жоқ деген оңай сылтаумен ондай қажеттіліктерге көңіл аударылмай кетті. Ауызды қу шөппен сүрткенше, бар нәрсені іздеп тауып, пайдалану керек.

 Оқушылар, студенттер әзілқой қазақтың балалары емес пе?! Әзіл әрбір ауылдан, әрбір үйден табылады. Мазақтама, скетч дегенді кез келген мектептен тауып пайдалануға болады. Балалар тақпақтарын шығарып жүрген жас ақындар да бар. Бұқаралық ақпарат құралдарында осындай сатиралық бұрыштар, айдарлар ашса, соны оқыған балалар да өздерінің әдемі шығармаларын ұсынар еді. Қазақ әзілкеш халық қой. Осы халқымыздың әзілкештік қасиетін әр ұрпағымыздың қанында жақсы қасиетке айналдырып, пайдалану керек. Ертеде мерзімді басылымдардан бөлек, радио, телеарналарда «Күлдіргеннің бүлдіргені» сияқты әзіл-сықаққа құрылған хабарлар беріліп тұратын. Егемендік алып, үлкен істерді атқаратын жағдайға келдік. Енді бала тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын осындай бағдарламаларды қайта жаңғырту керек. Ол үшін тиісті министрліктер мен балаларға арналған БАҚ бұған ерекше мән беріп, тиісінше жұмыстар атқаруы тиіс.

– Балаларға арналған сахналық шығармалар жөнінде не айтасыз?

– Балаларға арналған сахналық шығармалар жоқ емес, бар. Бір кездегі «Менің атым – Қожа» (Б.Соқпақбаев) шығармасы, «Қожанасыр», «Қаңбақ шал», «Алыптардың алыбы», «Бәрекелді, Кірпі» пьесалары сахнада да, экранда да қойылып, көрсетілген еді. Ал қазір соларды ұқсатып қоятын режиссерлар жоқтың қасы. Оның үстіне тағы да қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Балаларға қызықты, тартымды пьесалар, скетчтер мен қойылымдар жаздым. Үш пьесаны қуыршақ театры қабылдады. Оларды сахнаға шығару үшін біраз еңбек етуге тура келетіні белгілі. Бұйыртса, жақын уақытта сахналанады деген ойдамын. Жалпы, елімізде балалар әдебиетін дамытуға толық мүмкіндік бар. «Ұлан» газетінде, жергілікті басқа басылымдарда «Мектеп сахнасы», «Балалар сахнасы» деген айдарлар ашып, үздіксіз үлгілі дүниелерді жариялап отыруға болады. Мектептер мен балабақшаларда міндетті түрде балалар сахнасы жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі уақытта балалар арналған сахналық шығармаларды радио, телеарна, компьютер арқылы да пайдаланудың мүмкіндіктері мол. Сол мүмкіндіктер мен қажеттіліктерді болашағымыз – балалардың қамын ойлайтын әрбір зиялы азамат ұйымдастыра алады. Сол сияқты, баланың жан-жақты дамуына, оның үлгілі болып өсуіне әсер ететін қозғаушы күштің бірі – ұжым.

Ұжымның ұйымдасу, қалыптасу, іске бейімделу кезеңдері болады. Жеке тұлғаның қалыптасуы үшін ұжым жоспарлы түрде жалпы және жекедаралық іс-әрекеттерді ұйымдастырады. Ұжымның әдептілік, дәлдік, салтанат құру, қайырымдылық, бірлік, имандылық, қамқорлық, ұлттық рухты құрметтеу дәстүрлері бар. Мектепте «жұлдызшалар тобы» ( 1-2-сыныптар), «ұлан ұйымы» (3-7-сыныптар), «жастар ұйымы» ( 8-11-сыныптар) қалыптасу керек. Сонда жас ұрпақ, жан-жақты тәрбие алып өседі. Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ іс. Сондықтан, ең алдымен, тәлімді тәрбиеге балалар әдебиетін жан-жақты пайдалана білу керек.

Қазақпыз – әлемге танықпыз,
Азатпыз, ерлікпен алыппыз.
Өлең, саз, ән-жырмен танылған,
Ұстазым, сөз, өнер қуатын,
Іс-сазын ұрпаққа танытқыз.

Алашқа айтар датым...
Біз егеменді ел болдық. Сондықтан елдік (мемлекеттік) құндылықтарды жекеменшікке телімей, әлеуметтік әрекет жасауымыз керек. Тән азығын күйттеп, жан азығын ұмыту – қылмыс. Меніңше, балалар әдебиетінің бұрынғыша мемлекеттік баспасы болып, ол басу, тарату жұмыстарын ұйымдастырса, әдеби шығармалардың таралуынан түскен қаражат, мемлекеттік сұранысқа берілген қаражатты «қан қақсатпас» еді. Бұл ойымызды жоғарыда есеп-қисапты ежелеп отырғандар ескеріп, барды қолымыздан алып, басып, шығарып берсе шіркін!..

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста