Талай тұлғаларымызды қытайлар меншіктеп, дәріптеп отыр (Аттила)
Еренғайып ОМАРОВ, Қайнар университетінің ректоры, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті:
– Еренғайып Сәліпұлы, өмірде болған, бірақ толық зерттелмеген тарихи тұлғаларымыздың бірі Еділ патша жайлы естігеніміз болмаса, мардымды ештеңе білмейміз. Осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген тарихшы ретінде сізден толығырақ білгенді жөн көріп отырмын.
– Қытайдың арғы жағында Сарыөзен деген өзеннің жағасында өмір сүрген ғұн Саймақ деген күйші қобызға арнап жоқтау түрінде күй шығарған. Бізге сыбызғымен орындалатын нұсқасы жеткен, нотасы бар, консерватория орындады. Сол ғұндар осы жаққа келіп, қаңлымен достасып, одақтасып, Тараз қаласын салады. Бұл біздің эрамызға дейінгі 1-2-ші жылдар. Ғұндар – Аттиланың шамамен он төртінші немесе он бесінші атасы. Жаугершілік заман ғой, біраз жылдардан кейін Қытайдың әскері келіп, Таразды қоршап алады. Содан Тараздың сол кездегі ханы, Аттиланың он бесінші атасы Римнен әскер сұрайды. Римнің жалданған әскерлері келіп жәрдем береді. Осылайша олар бір-біріне көмектесіп отырған. Ғұндар өрісін кеңейтіп отырған да, жылжып-жылжып батысқа қарай беттейді, сөйтіп, жолай Түркістанды, Сайрамды, Шымқаланы, тағы да басқа көптеген қалаларды салған. Ғұндар қаланы көп салғандықтан, олардың лақап аты «қаласалғыштар» деп аталып кетеді. Еділге жетіп, оның астанасы Балажарды салған. Қызылжар, Ақжар, Қаражар деген сияқты қалалар көп болған.
Тарихта соғысқұмар етіп көрсетілгенімен, ғұндар соғысқұмар емес. Ғұндардың тұрып жатқан жерінің арғы жағын аландар, қазіргі осетиндер мекен еткен. Аландар өзара келісім бойынша Римді шығыс жағынан қорғап отырған. Римдегілердің алдында мақтану үшін аландар ғұндардың қайта-қайта мазасын алып, жаугершілік жасап отырады екен. Әбден ығыр болып, төзімі таусылған ғұндардың Баламер деген қолбасшысы аландарды жаулап алады. Аттила мөлшермен 400-ші жылдары туған. Әдебиеттерде батырды суреттегенде алып болған деген сияқты етіп көрсетеді, Аттила керемет алып болмаған, бірақ жүректі болған. Сөйтіп, шайқаста атойлап алда жүреді екен. Риммен 50 жыл бойы татулықта тұру үшін келісімшарт жасайды. Көптеген жылдар бойы шынымен де тату тұрады. Рим императоры Юлианның бір ұлы мен бір қызы болған. Сол кездегі атағы жер жарған, ең мықты патша Аттиланы Юлианның қызы ұнатып, екі-үш әйелдің үстіне әйелдікке баруға да келісетінін білдіріп, Аттилаға сақинасын жібереді. Аттила «жарайды, мен саған үйленемін, бірақ Римнің жартысын аламын», – дейді. Мұндай өктемдікке қыздың ағасы келіспейді де, қарындасын шығармай қамап тастайды. «Қалыңдығымның қалауын аяқасты еттіңдер» деп ашуланып, Аттила Римге бет алады. Сөйтіп, арада жанжал шығады. Сол кездің өзінде Аттила қазіргі Венгрияда біраз жыл тұрады, одан Францияға, Германия жаққа қарай, жолда бірнеше қалалардың үстінен өтіп, Парижге жақындап тоқтайды. Бұл – V ғасыр. Бірақ ол кезде Париждің өзі тұрмақ, орны да жоқ кез. Париж VI ғасырда салынған. Бұл жерлер Римнің боданындағы елдер, ал халқы құлдары болған. Рим императорына ашуланған Аттила осы елдердің бәрін жаулап алып, құлдықтан босатады. Сол жердегі халықтың бәрі Аттила жағына шығады. Өйткені ғұндарда құлдар болмаған. Барлық адамды тең қабылдаған. Аттила өзін өлтіруге келгендерді өлтірмей, тірі қайтарып жіберіп отырады. Бірақ қатал болғанымен құлдыққа қарсы, әділ патша болғаны мәлім. Бай болсын, құл болсын бәрін тең көретіндігі сонша, олармен бірге отырып тамақ ішіп, өз қолымен ет асататын болған. Ол кезде Рим батыс және шығыс империясы деп екіге бөлінген. Батыс империясының астанасы – Рим, шығыстікі – Константинополь. Константинополь бұларға алтын бұйымдар, алтыннан жасалған ыдыстар, гауһар тастармен, 80 тонна алтынмен салық төлеп отырған. Алтынмен апталып отырған патшаның қарапайымдылығы сонша, қонақтарына асты алтын ыдысқа құйып беріп, өзі ағаштан жасалған ыдыстан ас ішіп отырады екен.
– Аттиланы неге біздерде Еділ патша деп атайды?
– Бірінші нұсқасы Еділдің жағасында туғандықтан, қазақтар солай атаған, екінші нұсқасы Атил, Етил, Едил деп аталып кеткен болуы мүмкін. Германияда Етцель деп атайды. Орыстардың ескі қолжазбаларында Атылы деп көрсетілген. Еділ деп Қарақалпақстанда бір қазақтың жыры қалған екен дейді біреулер, бірақ мен таба алмадым. Сіздердің газет арқылы біреуден-біреу естіп, бір жерден шықса, жақсы болар еді.
– Еділді үнемі шайқастарда жүретін жауынгер ретінде елестетеміз, бұл қисынға келе ме?
– Мен Францияда екі рет болдым. Сонда естігенім, ғұндар Франция жақты жаулап алған соң, бала Аттиланы Римдерге, Рим бұларға аманат ретінде Аеци деген баланы жібереді. Кейін екеуі Францияның шығыс жағындағы Каталаун деген жерде кездесіп, жолдас болып кетеді. Сол жерде шайқас болды дейді. Бірақ ондай шайқастың ізі де жоқ. Еш жерде ешқандай шайқас болғаны туралы мәлімет тіркелмеген, ешкімнің сүйегі табылмаған. Яғни соғыс болмаған. Себебі Аттила өзі соғысқанды дұрыс көрмейтін адам болған. Ла Шепп деген қала бар, мен осы қалада ежелгі мұражай бар дегенді естіген соң арнайы бардым. «Бұл жақта Аттила болған, қараңыздаршы» деген менің өтінішім бойынша картаны қарап жібергенде, «о, ғажап! Шынымен де, картада «Аттила тоқтаған жер» деген белгі бар екен. Автомобилистердің картасында тұр. Кеттік» деп барсақ, шынымен де, «Аттила лагері» деген де белгі тұр.
Бұрын Ресейде тұрған, қазір сол жақта тұратын якут ғалымының айтуы бойынша, «Аттила сай», «Аттила соқпақ», «Аттила төбе» деген жерлер бар көрінеді. Бұл жақта атақты адамдарға мейлі ол жау болсын, осындай белгілер қойып отырады» дейді. Бұл — тарих, тарихи тұлғаларды қастерлеу. Енді осындай белгілерге аса жауапкершілікпен қарайтын ел жоғарыда айтқандай соғыс болса, сол шайқастың да белгілері бір жерден шығар еді ғой. Яғни Аттила тарапынан ешқандай шайқас болмаған. Римде Ватикан деген кішкентай ғана мемлекет бар. Онсыз да шағын мемлекет үлкен бір бөлмесін Аттилаға арнаған. Римге беттеп келе жатқан Аттиланың алдынан сол кездегі Рим папасы Лео І-дің өзі алдынан шығып, екеуі бір күн отырып әңгімелеседі. Сөйтіп, ұзақ әңгімелесуден кейін Аттила Риммен шайқаспай кері қайтып кетеді. Сол екеуінің кездесуін үлкен картина етіп салып, соны әлгі Ватиканның мұражайына қойған, әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Кейбір деректерде Аттилаға Римге император болу туралы ұсыныс жасалғаны айтылады, ол келісімін береді. Бірақ оған жетіп үлгірмей, Аттила 53 жасында қайтыс болып кетеді.
– Еділ патшаның соңында ұрпағы қалса, олар кім болған?
– Аттиланың бірінші әйелі баласын босанарда қайтыс болып кетеді. Аттила бес жылдай жүреді де, кейін Кереку деген ғұнның қызына үйленеді. Ол Аттиланың оң қолы десе де болады, өте ақылды әйел болған, келген кісілер алдымен сол әйеліне шаруасын айтып, содан кейін Аттиламен жолығатын болған. Павлодардың бұрынғы аты Кереку дегенді кейбіреулер мойындай қоймайды. Бұл Керекудің жаңағы Аттиланың әйелі Керекуге қатысы жоқ. Дәл қандай мағына беретіні белгісіз, бірақ бір нәрсе анық, ол бізде осындай сөздің болғаны. Аттила бір кезде Қытайға елші болып барған. Сол елшілікке бара жатқанда Ертіс жақпен өткен де, Қытай императорына жолығып, қайтарда оңтүстік жақпен қайтқан. Сонда барар жолында Керекумен танысқан болуы мүмкін. Бірінші әйелінен туған Еллах деген баласы ауырып өледі. Екіншісі өз билігін толық атқара алмай, қол астындағы готтар, немістер, славяндар, ұйғырлар, тағы басқа өзге ұлттар арасында талас болып, ғұндардың біразы Еділ жаққа көшіп кетеді. Казария деген мемлекет ғұндар империясының жалғасы десе де болады, сол кезде дүниежүзіне белгілі Казария мемлекетінің халқының аты қазақ деп аталған. Оның негізгі астанасы Волганың сағасында орналасқан. Ол кезде Каспий теңізі 15 метр төмен болған. Кейін Каспий көтеріліп кеткен кезде әлгі Казария су астында қалған. Ал халықтары жан-жаққа, Ауғанстанға, Әзірбайжанға т.б. тарап кеткен. Мысалы, ұйғырларда хазар деген ру бар, Ауғанстанда Хазария деген елді мекен бар.
Нормандия провинциясының Атлант теңізінің жағасындағы Гавр деген қаласында болғанымда сол қаланың жоғары оқу орнының деканымен бірге жүрдім. Ол өзі тарихшы. «Осы жақта Аттила болған деген сөз бар» деп едім, «иә, Аттила Атлантаға аяғын жуған», – деді. Бір өзенді немесе теңізді көрсе, міндетті түрде беті-қолын, аяғын жуу парыз болған, яғни бұл суға тағзым дегенді білдіреді. Мұндай ырымды көбіміз біле бермейіз. Судың да рухы бар. Қолымен су алып, беті-қолын шаю «мен сені сыйладым» деген ілтипатты білдіреді екен. Біз өзен жағасында өскен халықпыз. Оғыздан тарадық десек, «оғыз» – өзен деген сөз. Қаңлы дейміз, «қаңлы» – су деген сөз, өзбектер қазірге дейін өзенді «қан» дейді.
– Француздардың біздің батырымызға ерекше құрмет көрсетуі ғажап екен..
– Франция 3 маусымды Дүниежүзілік Аттила күні деп жариялады. Сол күні Шепп қаласында Аттилаға ескерткіш орнатты. Ескерткіштің астындағы тұғыры киіз үйдің формасында, үстіңгі жағында аттың үстінде тұрған Аттиланың бейнесі. Ескерткішті саларда менен киімі қандай деп сұрады, мен біздің ұлттық киімдеріміз, батырларымыздың киімдері деп біраз суреттер жібердім. Біздерде тұлғалар бар. Олардың да көбі кезінде Қытай жерінде тұрған, талай қазақтарымызды қытайлар меншіктеп, дәріптеп отыр. Қазір маған бір ұнайтыны – Астанада кейінгі салынып жатқан көшелер қазақтың тарихи аттарымен аталады.
– Десек те, біздің елімізде Еділ патшаға мұражайдың бір бұрышы да бұйырмаған ғой?
– 2006 жылдары Франция Мәдениет министрлігі ақша бөліп, Аттиланың мұражайы ашылды. Аттиланың ассоциациясы кәдімгідей конкурс жариялап, осындай жерде мұражай салайын деп жатырмыз деп хабарлаған. Ол мемлекеттің қорғауына алынған. Мемлекеттің қорғауындағы жер дегеннің бір жаман жері онда сырттан экскаватор, бульдозер дегендерді жібермейді екен. Барлық жұмыс, құрылыс қолдан жасалады. Міне, көрдіңіз бе, қандай тәртіп. Сөйтіп, жұмыс күші, уақыт дегендер біраз қаржыны қажет етеді ғой, сол мен барғанда қаражаттары бітіп, қиналыңқырап отыр екен, мен қалтамдағы барын беріп кеттім, соған да риза болып жатыр.
– Елге келген соң, сіз жоғары жақтағыларға мән-жайды айтып, жәрдем беру туралы ұсыныс айтпадыңыз ба?
– Біздің өз елімізде, Қазақстанда Аттиланың атында ең болмаса бір көше жоқ. Басқа ел үшін сұрағаннан, өз елімізде бір ескерткіш орнату жөнінде мәселе қойғаным жөн емес пе?! Дүниежүзі шығыстан үш-ақ адамды: Шыңғыс хан, Ақсақ Темір және Аттиланы ғана мойындайды. Ол кезде Қазақстанның жері Аттиланың империясына қараған. Оның әкесі Шығыс жақты басқарған, яғни Қытай қабырғасына дейінгі аралық. Сол кезде ғой баласы Аттиланы Қытайға елші етіп жібергені. Ал енді Тараз, Түркістандардан Индия жаққа қарай ақ ғұндар мекен еткен. Солтүстік жақтағыларды қара ғұндар, оңтүстіктегілерді ақ ғұндар деп екіге бөлген. Қара – солтүстік, ақ – оңтүстік деген сөз. Түркияның солтүстігіндегі теңізді Қара теңіз, оңтүстігіндегіні Ақ теңіз деп атауы сол кездегі қалыптасқан сөздік қолданыс.
– Аттиланың білімді болғанына қарағанда ілім-білімнен мол хабардар болғаны ғой?
– Иә, әкесі оны жастайынан ел аралатып, көзі ашық, көкірегі ояу болып өсуіне көп көңіл бөлген. Оларда мол кітап қоры болған. Отырар қаласы күйрейін деп тұрған кезде жанталасып алтын байлықтармен қоса, кітаптарды да тыққан. Баяғы бір заманда шығыстың патшасы барлық уәзірлері мен қол астындағыларын шақырып алып: «Ең алғашқы сөз не деген сөз, соны табыңдар», – дейді. Содан уәзірлер әрі ойлап, бері ойлап, білгір, ғұлама ғалымдарды шақыртып, кітаптарды қарап, іздеуге кіріседі. Барлығы жұмыла жатып бір кітап жазып, патшаға алып келеді. Патша «мынаның ішіндегі қай сөз екені белгісіз ғой, қысқартыңдар», – дейді. Олар он бетке дейін қысқартады. Патша: Бұл да көп, жалғыз сөз қалдырыңдар, – дейді. Сөйтіп, бір сөз ғана қалады. Патша жалғыз ғана құдіретті сөздің табылғанына қуанып, ұлан-асыр той жасайды. Әлгі бір-ақ сөздің құдіреттілігі сол – оның ішіне әлемдегінің барлығы сыяды екен. Біраз уақыттардан кейін патша қайтыс болады, бір жорықтар кезінде жаугершілер қаланы қоршап алып, қиратады, өртейді, әлгі сөз сонымен бірге жоқ болады. Сол сөз кейінгі ұрпаққа жетпей, белгісіз күйінде қалады. Кейде маған ой туады, әлемді жаулаушы Шыңғысхан сол сөзді іздеп келмеді ме екен деген. Сол кездегі ең үлкен кітапхана Отырарда болған. Ол елдің патшасы құнды кітаптарды жинап отырады екен. Отырар Жібек жолының бойында тұр, әрі өткен, бері өткен керуенге кітап алып кел дейді, сөйтіп жинай берген.
– Аттиланың суреті бар ма?
– Рим суретшісі Рафаэль Сантидің суреттерінен алынған, 1810 жылы бір кітапта басылған Лондоннан бір ғана суреті табылды. Мұсылман дінінде адамның суретін салуға тыйым салынған ғой. Дегенмен ғұндардың тасқа таңба салып, теріге сурет салғандарын, Еуропада да сурет салуды жақсы меңгергенінен ескерсек, Аттиланың суреті болмауы мүмкін емес сияқты.
– Тарихи тұлғаларды қадірлеуіміз керек дейміз. Бірақ олар толық зерттелмесе, ақпарат аз болса, кімді біліп, кімді танып, қалай дәріптейміз?
– Тарихи тұлғаларды дәріптеуіміз үшін оларды зерттеу керек, жанашырлар тарапынан қолдау қажет. Қазіргі ғылым мен техниканың жетілген заманында мүмкіндік жеткілікті, тек қаржы бөлінсе және ықылас, ниет болса болғаны. Астананың жанындағы Қаракерей Қабанбайдың мазарына барып келдім. Қазағым деп, халқым деп тер төккен тұлғаларды, міне, осылай дәріптеу керек. Тарихта Аттиланы құлдық дәуір дегенді жойғаны үшін құрметтейді. Бабыр, Баласағұндар қазақтың жерінен шыққан, ал қырғыздар оларға көшенің атын берген, ескерткіш қойған. Ал біз Абылайханнан ары қарай қозғамаймыз.
– Қазіргілердің тарихпен шаруасы жоқ. Қазіргі тарихшы ағаларымыздың көзі кеткен соң мүлдем ұмытылатын да сияқты. Сонда не болады?
– Ұлттық тәрбие ол – тарих. Ұлтты қалыптастыратын – тарих. Аңызға айналған тарих болса, мақтану керек. Жүзге бөлінеміз, таласамыз. Құр даурығу, негізін, арғы тарихын білмейміз. Якуттың ғалымы: «Сендер үндемей жатырсыңдар, моңғолдар Аттила біздікі деп, өздеріне теліп жатыр» дейді. Ал біздің жастарымыз Аттиланың кім екенін білмейді де, себебі насихат жоқ. Осылай намыссыздықтан бар байлықтарымыздан айырылып жатырмыз. Өзбекстан Алпамыс батырға ескерткіш қойған. Алғашқы қағазды дүниежүзі бойынша бірінші шығарған – біз. ІІ ғасырда Шу қаласында Ротати деген адам ойлап шығарған. Содан кейін барып Қытай үйренген, әуелі олар ағашқа, сүйекке, ең жақсы дегендері жібекке жазған. Бірақ жібекке жазғанның бояуы жайылып кетеді екен. Ең алғаш кітап жазған, қағаз шығарған біз екеніне дау жоқ. Біздің Қытайда тұратын қандасымыз Үрімшібай деген ғалым Алматыда өткен конференцияда ертедегі қазақтардың ежелден-ақ 28 әрпі, жеті-сегіз жазу тобы болғанын мәлімдеді. Шымкент маңынан да біраз құндылықтар табылды. Демек, кітап жазу, қағаз шығарудың болғанын осындай жазбалар дәлелдейді.
V ғасырда Арал теңізінің шығыс жағында Аққағаз деген әйел патшайым болған екен. Яғни Аққағаз деген ат қойғанына қарағанда, қағаздың болғаны шүбәсіз. Алғашқы қағаздардың түсі сары, көк, жасыл, әртүрлі болып келеді. Семейде І Петрдің кезінде үш мың кітап болған. Сол кітаптың бәрі көк қағазға жазылыпты. Қағазды кендірден жасаса, көгілдір болады ғой, ал керісінше түсін ағарту оңай болмаған. Кейін мақтадан жасалған кезде ғана түсі сарғыштанған. Ең үлкен кітапхана Отырарда болған, бірақ Қазақстанда кітапқа қойылған бір ескерткіш жоқ. Алғашқы сақталған кітап «Авеста» деп есептеледі, сол Авестаға Өзбекстан Үргеніште ескерткіш орнатып қойды. Алғашқы қағаз Египетте шыққан деп жүрдік. Ол – папирус, папирусты ағаштан жасаған. Ежелгі қытайлар біздің елімізге жорыққа шыққанда ғұндардың алтын, күміс байлықтарымен бірге кітаптарын және карталарын ала келіңдер деп тапсырма береді екен. Жердің географиялық картасын да ең бірінші ғұндар жасаған. Дүниежүзіндегі ең мәдениетті ел біздің ел болған, біз өркениетті елдің ұрпағымыз, ал қазір ең соңында жүргендейміз және алдыға шығуға тырысқымыз да келмейді.
– Отырар кітапханасының асыл қазыналары бір жерде тығулы жатқан болар, егер шіріп кетпесе, бұл іспен айналысып жатқан біреулер бар ма?
– Бірде-бір деректе кітаптардың өртелгені туралы мәлімет жоқ. Соған қарағанда, кітапхана бір жерде тығулы. Кітаптарды матаға орап, сандыққа салып, құмға көміп тастаса, ол шірімейді екен. Отырардың маңайында бір аттылы кісі өтетіндей етіп жасалған жерасты жолдары болған. Жаугершілік кезінде сонда жасырынып, асыл қазыналарын сондай жерлерге жасырған. Отырардың кітапханасы да солай жасырылғаны күмән келтірмейді.
Сонау бір жылдары қой бағып жүрген шопанның иті Отырардың Көкмардан қорғанының маңында борсық қуып жүріп, оның ініне күмп етіп түсіп кетіп, аузына тозығы жеткен араб тілінде жазылған бір көне кітапты тістеп алып шыққаны туралы газеттерде жазылғаны белгілі. Яғни сол төңіректе мол қазынаның топырақ астында жатқаны анық. Отырар кітапханасы шығысты ғана емес, батыс елдерін де таңырқатып, таңдай қақтырғаны мәлім. Тарих беттерін парақтар болсақ, әл-Фараби бабамыздың өзі кітапқұмар ғұламалылығымен, құнды дүниелер жинауымен танымал болғанын, кітап қорының көбеюіне орасан үлес қосқанын білеміз. Қой терісімен қапталған, теріге жазылған қыпшақ жылнамалары, жыр-дастандар, дәрі-дәрмек қолданыстары мен пайдалы шөптер туралы жазбалар, жұлдызшылар мен саяхатшылардың аспан мен жер белгілерін түсірген тұжырымдары туралы жазылған кітаптары да Отырар кітапханасының атағын жер жүзіне мәшһүр етті. Ал енді осы топырақ астында қалған құндылықтарымызға қолымызды жеткізу үшін бел шешіп кірісе алмай отырғанымыз өкінішті.
– Егер Отырар кітапханасы табылар болса, басқасын айтпағанда, онда Аттила туралы да көптеген мәліметтер болуы бек мүмкін ғой, қалай ойлайсыз?
– Өте дұрыс айтасыз. Әбден мүмкін. Табылар еді. Аттила туралы дерек болмауы мүмкін емес. Ой, шіркін-ай, ол кітаптар қолға түссе, қазақ өркениеті болмаған дегендердің аузына құм құйылар еді. Дүниежүзінің алдында мерейміз көтеріліп, барлығын мойындатар едік. Аттиланың суреті де табылып қалар ма еді. Әлгі Шыңғысхан іздеген жалғыз сөзді де содан табар ма едік.
– Әңгімеңізге рақмет.