Қанат АХМЕТОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор:
– 19 наурызда Мемлекеттік үрлемелі оркестрдің құрылғанына 20 жыл толады екен. Тойларыңыз құтты болсын! Біздің білуімізше оркестрдің іргетасын өзіңіз қаладыңыз және 20 жыл бойы үздіксіз басқарып келесіз. Оркестрдің құрылуы қажеттілік пе, кездейсоқтық па, жоқ әлде орындалған арман ба?
– Алғаш Мемлекеттік үрлемелі оркестр жайлы 1973 жылы Қарағанды музыкалық училищесінде оқып жүргенде естідім. Сол кезде Кеңес Одағы бойынша бес-ақ үрлемелі оркестр бар екен. Олар Ресей Федерациясында, Украинада, Балтық жағалауы елдерінде. Сол сәттен бастап менде «Қазақстанның мемлекеттік үрлемелі оркестрін құрсам» деген арман пайда болған еді. Бұл арман 1990 жылы жүзеге асты.
Мемлекеттік үрлемелі оркестр еліміздің егемендігімен құрдас десем де болады. Өйткені қазақта бір-екі жасты құрдас дей береді ғой. Алғаш 1990 жылы оркестрді құратын кезде, сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет атқарған бір азамат «Қанат оркестр сен үшін құрылып жатыр» деген еді. Сонда мен «әлі-ақ оркестрдің елімізге қаншалықты қажет екенін көретін боласыздар» деген болатынмын. Алайда күдік пен қорқыныштың болғаны да рас. Дегенмен үмітім ақталды. Арада бір жыл өтпей жатып-ақ, оркестр қолдан-қолға тимей кетті. Үлкенді-кішілі кез келген салтанатты шара біздің оркестрсіз өткен жоқ десем артық айтқандық емес. Қазақтардың бірінші құрылтайын, алғашқы «Азия дауысы» фестивалін Мемлекеттік үрлемелі оркестр ашты. Қаладағы барлық шаралар біздің оркестрдің қатысуынсыз өткен жоқ.
Сол бір қиын-қыстау 90-жылдары жалақы өте төмен, күнкөріс қиын болған шақтарда, өнер төңірегіндегі көптеген адамдар сауда жасап, базар жағалап кетті. Алайда біздің оркестрдің музыканттарының бірде-біреуі ұжымды тастап кеткен жоқ. Оркестр өзінің жанкештілігін дәлелдеді. Өтпелі кезеңнің сынынан сүрінбей өтіп, ысылған, шыңдалған ұжым міне 20 жыл бойы еліміздің сахнасында ғана емес, шетелдік сахналарда да өнерімен көрермендерді таң қалдырып келеді.
– Өзіңіз айтып отырғандай, оркестрдің шетелдерде талай өнер көрсеткенінен біздің де хабарымыз бар. Оркестр гастрольдік сапармен шетелге шыққанда министрлік қаржыландыра ма, жоқ әлде демеушілер ме?
– Оркестрдің алғашқы екі гастрольдік сапарын 90-жылдың басында министрлік қаржыландырған болатын. Кейінгі гастрольдік сапарлар экономиканың тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржылай көмек болмады. Дегенмен сол кездері өнерге жанашырлық танытып, демеушілік жасаған азаматтар көп болды. Кейде шақырушы тарап бар шығынды толығымен өздері көтерген жағдайлар да болды. Ал қазір елімізде экономикалық тұрақтылық қалыптасып келе жатқанымен әзірше демеушілер мүлдем жоқтың қасы. Оның да өзіндік себептері бар. Өйткені демеушілерді салық шығындары тұншықтырып тастайды. Олар демеушілікке жұмсаған сомаға 42 пайыз салық төлейді екен. Ал ол сома бізге келіп түскеннен кейін біз тағы сонша салық төлейміз. Міне осыдан келіп демеуші оркестрдің гастрольдік сапарына нақты қажет сомадан 7-8 есе көп ақша жұмсайды. Бұл кәсіпкерлерге үлкен салмақ.
Ал шетелдерде жағдай мүлдем бөлек. Мысалы, дамыған елдерде демеушілікке жұмсалған соманың салығынан компания немесе кәсіпкер толық босатылады. Егер біздің елде де демеушілер салықтан босатылатын болса, өнерге демеушілік етемін деуші азаматтар көптеп табылар еді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда осындай салық заңынан өнер ұжымдары жапа шегіп отыр.
Дегенмен соңғы жылдары мемлекет тарапынан өнерге деген қамқорлық жасалып жатыр. Бөлініп жатқан қаржы да аз емес. Ол қамқорлықтан біз де құралақан қалғамыз жоқ. Ең соңғы шетелге барған концерттік сапардың шығынын министрлік көтерді.
– Жалпы, шетелдерде үрлемелі оркестрге деген көзқарас қалай? Біздің елде де үрлемелі оркестрдің концертіне көрермен сұранысы шетелдегідей ме?
– Нақты бір-екі мысалды айтайын: демеушілердің көмегімен бұрын да Тайвань елінде өнер көрсеткен болатынбыз. Тағы бірде Тайвань аралдары елінен шақыру алдық. Уақыт тығыз. Біз қаржы жоқ екендігін алға тартып, бара алмайтынымызды айттық. Олар «бар шығынды өз мойнымызға аламыз» деді. Бұл тіпті күтпеген жағдай еді. Өйткені бар шығынды шақырушылар көтереді деген ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Тағы бір сондай шақырумен Ресейдің Тюмень өңіріне бардық. Бұл оркестрдің шетелдік көрермен алдындағы абыройының жоғары екендігінің белгісі болса керек.
Шетелдерде үрлемелі оркестрге деген көзқарас жоғары деңгейде. Концерт сарайына екі сағат бұрын барғанымызда кассадағы ұзыннан-ұзақ тізіліп тұрған кезекті көргенде көңілің қуанады. Сахнада ине шаншар жер болмайды. Концерт аяқталған соң қошемет көрсетіп, ұзақ қол соғып, жібермей қояды.
Өкінішке қарай, біздің көрермен шетелдердегідей емес. Дегенмен соңғы жылдары концерттерде көрерменнің көбейгенін байқаймын. Біздің концертте бір рет болған адам екінші рет міндетті түрде келуге тырысады. Өйткені өнерді түсінетін адам еш жасандылығы жоқ, үрлемелі аспаптардың тірі дауысынан ерекше әсер алатынына сенімдімін. Өкінішке қарай, үрлемелі оркестрлердің концерттерін телеарналардан, радиодан бермейді. Қай уақытта радионы қоссаң шетел музыкасы немесе заманауи музыка ойнайды. Әрине, таңертеңнен кешке дейін заманауи әуендер ойнап тұрса ол адамның санасын дендеп алады. Одан кейін адам музыканың басқа жанры туралы ойламайды. Мен заманауи музыка ойнамасын демеймін, алайда қандай да бір тепе-теңдік сақталуы керек қой. Мысалы, жарты сағат заманауи музыка, жарты сағат эстрадалық, жарты сағат үрлемелі оркестр, жарты сағат дәстүрлі музыка т.с.с. ойнаса мұның пайдасы мол болар еді.
Олай деуімнің себебі, біздің жастар білім жағынан шетелдік құрбы-құрдастарынан кейін қалмағанымен, мәдени біліктілік жағынан олардан артта қалып отыр. Тіпті көптеген жастарымыз Бетховеннің кім екенін білмейді. Ал кейбір композиторлардың атын естігенде «Голливуд әртісі ме?» деп, өзіңе қарсы сұрақ қояды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемге таныла бастады. Халықаралық ұйымдардың тізгінін қолға алды. Демек, біздің елдің әрбір азаматы осы деңгейге сай болуы керек. Сондықтан Мәдениет министрлігі мен Білім министрлігі бірлескен бағдарламалар жасап, жастардың мәдени, музыкалық біліктілігін арттыратын, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін шараларды жүзеге асыруы керек. Мүмкін, бұған қосымша қаржы да қажет болар. Әйтсе де мемлекеттің қаржысы мемлекеттің оң саясатына қызмет етуі тиіс. Ал мемлекеттің мүддесін ақшамен өлшеуге болмайды.
– Шетелдерде өнер ұжымдары арасында ең көбі үрлемелі оркестр екен. Мұның сыры неде? Бүгінгі таңда біздің елімізде қанша үрлемелі оркестр бар?
– Шынында да, Батыс елдерінде өнер ұжымдарының ішінде ең көбі — үрлемелі оркестр мен хор. Бүгінгі таңда дүние жүзінде екі миллионнан артық үрлемелі оркестр бар. Әрбір оркестрдің құрамында 80-нен 150-ге дейін музыкант болады. Ал біздің елде, егер жаңылыспасам бес үрлемелі оркестр бар. Батыс елдерде оркестрлер мен хордың көп болуының басты себебі – оркестр мен хорды олар тек өнердің бір саласы деп емес, ол – адамды тәртіпке, бірлікке, патриотизмге, ұжымдық қарым-қатынасқа баулитын жанр деп қарайды. Мысалы, егер оркестрдің бір музыканты бір нотаны дұрыс ойнамаса, ол оркестрдің барлық еңбегін еш етеді. Демек, ол қателеспеуі керек. Сондықтан оркестрдің әрбір мүшесі өзі үшін емес, бүкіл ұжым үшін жауапты екендігін сезінеді. Яғни ұжымға жұмыс істеп, ұжымның мүддесін жоғары қоюды үйренеді. Міне, осыдан келіп, ұжым мүддесін биік санап өскен адам қоғамда да өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоятын болады. Сондықтан жастарды тәртіпке, отансүйгіштікке, ұжымдық тәрбиеге баулу үшін мектептерде хор мен оркестрлер ұйымдастыру керек. Өкінішке қарай, қазір жастар тәрбиесінде осындай жайлар ескерусіз қалып отыр. Жастардың бойында эгоистік сезім басым. Олар қоғам мүддесімен санаспайды. Олардың өзімшілдігі басым. «Мені» «бізден» жоғары адам қашанда жеке басының мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қояды. Ал мұндай құбылыс — ел дамуына тұсау.
– Қанат мырза, халық аспаптары, симфониялық, эстрадалық оркестрлерден үрлемелі оркестрдің ерекшелігі қандай?
– Симфониялық, эстрадалық оркестрлер электр қуатымен жұмыс істейтін аппаратуралардың көмегіне жүгінеді. Халық аспаптар оркестрі халық әуендерін, дәстүрлі әуендерді орындайды. Ал үрлемелі оркестр кез келген жанрды орындайды. Біз классикалық, эстрадалық шығармаларды, джаз, рок, халық әуендерін, тіпті халық композиторларының күйлерін де орындаймыз. Осы орайда Ресейдің Саратов өңірінде болған жайды айта кетейін. Бір жарым сағаттық концерт аяқталған соң да халық қол соғып жібермей қойды. Халықтың сұранысын біліп, бір шығарма орындап, концертті аяқтайық деген оймен: «Қандай сұраныстарыңыз бар?» — деп залға бет бұрдым. Соңғы қатарлардың бірінен үлкен жастағы апа тұрып: «Қанат шырағым, «Балбырауынды» ойнаңдаршы» деп өтініш айтты. Абырой болғанда қоржынымызда «Балбырауын» бар болып шықты. Халықтың жылы ықыласынан музыканттар да шабыттанып тұрған екен. Әу дегеннен Құрманғазының күйін дүбірлете жөнелді. Демін ішіне тартып отырған көрермен күй ойналып біткен сәтте, орнынан үдере түрегеп, тік тұрып 10-15 минут үздіксіз қол соқты. Сол сәттегі ішкі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Біздің тағы бір ерекшелігіміз – біз сахнада, стадионда, саябақта, көшеде, егістік басында да концерт қоя береміз. Мысал ретінде айтар болсам, осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағанды облысының бір ауылына концерт қоюға бардық. 70 адамнан тұратын оркестр ауылдық мәдениет үйінің сахнасына сыймай, концерт көшеде өтті. Тағы бірде астық жиын-терім науқаны басталар алдында егін алқабында комбайншыларға концерт қойғанымыз бар.
– Қандай жұмыс болмасын, соған қарай жалақысы болуы керек. Өзіңіз басқарып отырған ұжымдағы музыканттардың жалақысы еңбегіне сай ма?
– «Жалақылары еңбегіне сай» десем, жалған айтқандық немесе жалтарғандық болар. Дегенмен бұрынғы жылдармен салыстырғанда жалақы біршама өсіп келеді. Алайда бүгінгі таңдағы күнкөріс деңгейімен салыстырғанда ол аздық етеді. Өйткені өнер ұжымындағы қызметкерлердің жалақысы дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысынан көп емес. Осыған қарап өзіңіз топшылай беріңіз. Сондықтан музыканттар екі жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Ал бұл өте ауыр. Түсінбейтін кейбіреулер «оның несі ауыр, тік барып, музыка ойнап қайтады» деуі мүмкін. Үрлемелі аспапта ойнағанда өкпеге, жүрекке ауыртпалық түседі.
Шетелдерде жағдай мүлдем бөлек. Онда музыканттар әлеуметтік жағынан жақсы қорғалған. Оларда, негізінен, әскери үрлемелі оркестр. Музыканттардың жалақысы біздегіден әлдеқайда көп. Оның үстіне 25 жыл қызмет еткен соң, 43-45 жаста зейнеткерлікке шығады. Зейнеткерлікке шыққанда жалақысы толығымен сақталады. Мысалы, Америкада зейнеткерлікке шыққан қызметкердің есеп шотына 50 мың доллар аударылады екен. Ол ақша музыканттың екінші мамандық алуы үшін беріледі. Ал егер де қандай да бір себептермен оқи алмаса, онда ол ақшаны баласының оқуына жұмсауға құқылы.
– Кейінгі уақытта «Әнұранның заңмен бекітілген нұсқасы жоқ, салтанатты шараларда Әнұранның марш түрінде жазылған фонограммасы да қойылып жүр, бұл дұрыс емес» деген пікірлер айтылып жүр. Бұл туралы сіз не айтасыз?
– Шынында да солай. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінде жазылған мақалада, әскери дирижер А. Беляковтың айтқан пікіріне толық қосыламын. Оған қоса айтарым, мен жалпы фонограммаға қарсымын. Фонограмманың әсері бір бөлек те, оркестрдің тірідей ойнау арқылы берер әсері бір бөлек дүние. Өйткені Әнұран салтанатты әуен ғана емес, ол – халықты отансүйгіштікке тәрбиелейтін құрал. Міне, бізде салтанатты шараны ұйымдастырушылар осыған мән бермейді. Кейде стадионда Әнұранның фонограммасы ойнап жатса, біреу тыңдайды, екіншісі жүре тыңдайды, үшіншісі тіпті көңіл де аудармайды. Ал егер Әнұранды оркестр ойнап тұрса, жұрт еріксіз тыңдап, кеудесіне қолын қойып, қосыла шырқар еді. Мұны өзім күнделікті өмірде көріп, көз жеткізіп жүрмін.
– Сіздің ұжымыңыз қазақ композиторларының шығармаларын әлемдік сахналарға шығарып, қазақ өнерін әлемге паш етіп жүргендігінен хабарымыз бар. Бүгінгі таңда қазақ композиторларының ішінен кімді айрықша атар едіңіз?
– Оркестрдің құрылғанына бір жыл болғанда Францияда өткен халықаралық фестивальге алғаш рет қатысып, бірінші орын алдық. Одан кейін 1993 жылы Дүниежүзілік үрлемелі оркестрлер ассоциациясы ұйымдастырған, 44 ұжымның қатысуымен өткен үрлемелі оркестрлердің халықаралық слетіне қатыстық. Шетелдік оркестрдің құрамы 100 адамнан кем болған жоқ. Тек біздің оркестр дирижерлермен қоса есептегенде 70 адам болды. Соған қарамастан ойнау шеберлігі жағынан да, бағдарлама жағынан да шетелдік мамандарды мойындатып, бірінші орынға шықтық. Біздің бағдарлама қазақ музыкасына, қазақ композиторларының классикалық шығармаларына негізделген болатын. Осы фестивальден кейін қазақ композиторлары В.Парпибаев, Т. Қажығалиев, Қ. Қожамьяров, Ә.Бестібаевтар шығармаларының 10 партитурасы Венаның, Париждің баспасынан басылып шықты. Бұл шығармалар бүгінгі таңда әлемдік сахналарда орындалып жүр. Оның ішінде Ә.Бестібаевтың шығармаларына деген сұраныс өте жоғары. Оның шығармалары алабөтен.
Ресейде Ә.Бестібаевтың қазақ халқының 30-шы жылдардағы ашаршылық, репрессия тақырыбына жазылған трагедиялық симфониясын ойнағанда, залдағы көрермен қол соғуға шамасы келмей, жылап отырды. Бұл Әділ Бестібаев шығармаларының кереметтігінің бір көрінісі.
Жалпы, қазақ өнеріне шетелдік мамандардың да, көрерменнің де көзқарасы оң. Шетелдік көрермендер қазақ күйлерін ерекше ықыласпен тамсана тыңдайды.
– Ұзынқұлақтан сіздің бірнеше оркестрдің 1500 музыкантының басын қосып, дирижерлік еткеніңізді естідік. Бұл қашан, қай жерде болған еді?
– Бұл 2000 жылы жаңа ғасырдың басталуына орай Тайваньда ұйымдастырылған фестивальде болған еді. Әлемнің ең үздік деген 14 оркестрі қосылып бірге ойнады. Оған бес дирижер таңдалып алынды. Соның біреуі мен болдым. Мұны мен мақтан етемін. Өзім үшін емес, елім үшін мақтанамын. Өйткені «Кім» дегенде, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрлемелі оркестрінің дирижері» дейді.
– 20 жылдық тойға қандай концерттік бағдарлама дайындап жатырсыздар? Бұл жолғы концерттік бағдарламаның бұрынғыдан өзгешелігі неде?
– Біздің концерттік бағдарламамыз әркез жаңарып отырады. Бұл жолы да солай болмақ. Концертке қазақтың танымал әншілері Р. Рымбаева, Қ. Есімов, басқа да әншілер қатысады. Басты ерекшелік – Тайвань елінен әлемге әйгілі дирижер, трубашы Е Шу Ханның келуі.
Алашқа айтар датым...
Біздің оркестр мемлекеттік. Салық төлеушінің ақшасынан жалақы аламыз. Сол салық төлеушіге концерт қоямыз. Солай бола тұра, бізден жарнамаға ақша сұрайды. Біз қоғамға жұмыс істейміз. Сондықтан әлеуметтік тегін жарнамалар сияқты біздің жарнамамыз да тегін болуы керек қой.
Жарнама бағасы өте қымбат. Оның үстіне жарнамалық плакаттар ілетін орындар дұрыс жасалмаған. Қазір қалаларда жарнамалық плакаттар көрінген жерге ілінеді. Жарнаманың уақыты өткеннен кейін оны ешкім жинап алмайды. Сонан соң плакаттар жыртылып, көшеде шашылып жатады. Жарнамадан түсетін табыс аз емес. Сондықтан қазіргі технологияның дамыған кезінде шетелдердегі сияқты ауыспалы, жарықтатылған электрондық қондырғылар арқылы жарнама жасау керек. Ол біріншіден шығынды азайтар еді, ал екіншіден қалаға өзіндік көрік береді.
Достар сыры
А.Беляков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер:
Англияда концерт беріп жатқанбыз. Мен — дирижермін, ал Қанат трубада жеке орындаушы. Бір сәт көз қиығын салсам, Қанат билеген сияқты аяғын көтеріп-көтеріп қояды. Алғашында ұқпай қалдым. Байыптап қарасам, нота сырғып түсіп барады екен де, ал ол билеген болып, аяғымен нотаны туралап әлек болып жатқан екен. Мән-жайды түсінген соң, мен де көмектеспек болып, билеген кейіп танытып, Қанатқа жақындап, бір қолыммен нотаны туралап қоямын. Ол құрғыр да сырғып болмайды. Көрермендер біздің биімізді «сценарий бойынша солай болуы керек шығар» деп қабылдады-ау шамасы, әйтеуір шығарма аяқталғанша залдан бір бөтен дыбыс естілген жоқ.