Шерулерге, наразылық акцияларына шығу – қуаттылықтың белгісі емес, керісінше, дәрменсіздік

Сиязбек МҰҚАШЕВ, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы:

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің кәсіподақтар федерациясы орталық кеңсесі  Мәскеуде орналасқан Халық­аралық кәсіподақтар бірлестігіне бірі­геді. Бұл бұрынғы Кеңес дәуірін­дегідей кіріптарлық немесе тәуел­ділігіміз бол­май ма?
– Бұл ешқандай тәуелділік емес. Кеңес Одағы кезінде кәсіподақтар кеңесінің ең үлкен қоғамдық ұйым болғаны белгілі. Оның құрамындағы мемлекеттер жеке-жеке шаңырақ көтеріп, тәуелсіз ел болып кеткенде де осы кәсіподақтар арасындағы байланысты сақтап қалу үшін біраз жұ­мыстар істедік. Осыған орай Достастық ел­дері Халықаралық кәсіподақтар бірлес­тігін құрып, байланысымызды жолға қойып алдық. Қазіргі кезде бұл халықаралық ұйым ТМД-ның 10 ұлттық кәсіподақ ор­­­та­­­лықтарын және 32 халықаралық сала­лық кәсіподақтар бірлестігінің басын бі­рік­тіреді. Жалпы саны 50 миллионға жуық мүшесі бар. Бұл дегеніңіз – аса үлкен күш. Мем­лекеттердің саяси-әкімшілік жүйе­­­сінде, әлеуметтік-экономикалық дең­ге­йін­де айырмашылықтар болғаны­мен, аза­­мат­тардың әлеуметтік-еңбек құқығын қорғауда бірлесіп атқарар шаруа ұшан-теңіз. Еңбек қатынастары мен жұмысшы құқығы – жаһандық мәселе. Мұндай жа­һандық мәні бар проблемаларды шешуде үлкен ұйымдардың рөлі зор. Бірақ бұл бұрынғы Кеңес Одағындағыдай нұсқау беріп басқаратын ұйым емес.
– Жақында Мәскеуде осы ха­лық­аралық ұйымның келелі ке­ңесі өтті. Қандай мәселелерді тал­қы­ла­ды­ңыз­дар?
– Жылына бір-екі рет жиналып, келелі мәселелерді талқыласамыз. Басқосу­ла­­ры­мыз тек Ресейде ғана емес, басқа мем­лекеттерде де өткізіліп отырады. Қазақ­стан­да да бірнеше рет бас қосып, Қос­­­­та­­­найда, Алматыда алқалы жиындар ұйымдастырдық. Бұл жолғы Мәскеудегі басқосуда қаралған мәселе – жаһандық қаржы дағдарысына байланысты кәсіп­одақтардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, басқа елдерге барып жұмыс істеп жатқан азаматтардың құқығының қорғалуына қатысты мәселелерді талқыластық. Мәсе­лен, көршілес Өзбекстаннан, Қырғыз­стан­нан біздің елге келіп немесе бізден Ресейге барып жұмыс істеп жатқандар бар. Оларды да қараусыз қалдыруға бол­майды.
– Бұл жиынға жан-жақтан, соның ішінде ТМД елдерінен кәсіподақ басшылары келді. Баяндамаларын, әңгімелерін тыңдадыңыз. Олардағы жағдаймен салыстырғанда, дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның еңбек нарығындағы ахуалы қалай?
– Асыра мақтағаным емес, Қазақ­стан­ның дағдарысқа қарсы іс-шараларда Дос­тастық елдерінің ішінде мойны озық тұр. Мемлекет тарапынан, Президенттің бас­шы­лы­ғымен қолға алынып жатқан жұмыстар көп әрі нәтижесі де бар. Елбасы­ның биылғы жолдауы да көп нәрсенің басын ашып, жөн көрсетіп берді. Әлеумет­тік төлемдердің, еңбек­ақыны өсіруге бөлін­ген қаражатты қандай жағдайда да қысқартпауды, жұмыссыз­дықтың белең алып кетпеуін қадағалауды қадап тұрып айтты Мемлекет басшысы. Осының өзі қарапайым еңбек адамына зор көңіл бөлініп отырғанының белгісі.
Бір жақсысы, бізде «дағдарыс түгімізді қалдырмай кетеді-ау» деген соншалықты қатты үрей жоқ. Атқарылып жатқан іс-шара­лардың арқасында біраз іс жүйеге келіп қалды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мовтің бастамасымен экономиканы қолмен басқаруға көштік. Бұрын нарықтық тәсілмен басқарылатын. Яғни нарықтық эко­­номикада қайшылықтар өздігінен сұра­ныстың, ұсыныстың, бәсекенің ықпа­лы­мен өзі реттелетін. Бірақ дағдарыс нарыққа кері әсерін тигізетін болғандықтан, қолмен басқару тәсілін қолдануға тура келіп отыр. Меніңше, бұл дер кезінде қолға алынған оң шара болды.
– Әлемдік қаржы дағдарысының бізге тигізер салқынына қарсы Үкімет қолға алып жатқан шараларға қалай қарайсыз?
– Мұндай дағдарыс кезінде орын алатын жаппай қысқартулар мен жұмыс­сыздықтың белең алып кетпеуіне қарсы ауыз толтырып айтарлықтай шаралар қа­был­­­данып үлгерді. Ең бастысы, кешікпей қимылдадық. Үкіметтің өзі бас болып, жергілікті әкімшіліктердің, біздің кәсіп­одақтардың қатысуымен жұмыс беруші­лермен жаппай қысқартуларға жол бермеу туралы арнайы меморандумдарға қол қойылды. Үлкен өндіріс орындарында осындай 1000-ға жуық меморандум қа­былданыпты. Бұл шараның жұмыс­шы­лардың қысқартуға ұшырамауына, жала­қы­сына нұқсан келтіретіндай басқа жайт­­­тарды болдырмауға үлкен көмегі тиіп тұр. Шынын айту керек, бұл – нарық заң­ды­­лықтарына қайшы. Өнім өндіру көлемі қысқарып, жұмыстары тоқтап жатқан кәсіпорындарға жұмысшыларды қысқарт­па, еңбекақысын төлеп тұр деп қалай айта аласың? Дегенмен де қысқартуға ілігетін жұмысшыларды кәсіпорын ішіндегі басқа қызметтерге уақытша болса да ауыстыру, басқа қажет мамандықтарға бейімдеп, қайта даярлап шығу жолдары қолданылуда. Бұл мемлекетімізге жұмыссыз­дыққа жол бермеудің жолы болса, кәсіпорынға да­йын, білікті жұмыс күшін жоғалтып алмай, өздерінде сақтап қалуға көмек­теседі. Дағдарыс та мәңгілік емес, Елбасы айт­қандай, «өтеді, кетеді».
Осы жұмыссыздыққа жол бермеу мақ­сатында жүзеге асырылып жатқан ша­ра­лардың аясында 300 мыңға жуық жұ­мыс орны ашылуға тиіс. Мемлекет басшы­сының жолдауына байланысты, Қазақстан үшін үлкен сан деуге болады, 1 миллионға жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Қысқартудан аман алып қалуды ғана ойластырып жатқан жоқпыз. Тіпті жұмыс­сыз жүргендерді де оқытып, мамандар даяр­лап шығу мәселесіне қатты көңіл бөлініп отыр. Үкімет ұйымдастырып жатқан бұл жұмыстарға біз де қатысып, мони­торинг, есептерін жүргізіп жатырмыз.
– Ал, кемшіліктер туралы...
– Әрине, осы аталған шаралар барлық жерде бірдей жақсы жүріп жатыр деуге болмайды. «Бір биеден ала да, құла да туатыны» секілді, түрлі кемшіліктерге жол беріп отырған өңірлер де бар. Атап айт­қанда, Павлодар, Маңғыстау облыс­та­рын­да көптеген еңбеккерлер, сонымен қатар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына қа­расты бұрғылау жұмыстарын жүргізетін ірі бір кәсіпорынның 2000-ға жуық жұмыс­шысы тиісті еңбекақысын ала алмаған соң жұмыстарын тоқтатып, талаптарын қой­ды... Жалпы, соңғы бірер айда осындай жағ­дайларда кәсіподақтың, Үкіметтің, про­куратура органдарының араласуымен 1 миллиард теңгеге жуық төленбей жатқан еңбекақы өз иелерін тапты.
Көңілге бір медет беретін жағдай – дағ­дарыс тоқтаған кезден-ақ эконо­мика­мызды алға қарай тез жылжыта бастайтын күш-қуатымыз бар. Біз сенеміз. Әрине, солай екен деп қол қусырып отыра бер­геннен ұтыламыз. Сондықтан біз де Елба­сы­ның халыққа жолдауындағы айтылған­дарды ескере отырып, арнайы қаулы қа­былдап, дағдарыс зардаптарын барын­ша жеңілдету мақсатында басқа мекеме­лермен бірлесіп жұмыстар істеп жатыр­мыз.
– Мұның бәрі кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындардағы жағдай. Ал ми­нистр­ліктерде, шағын кәсіп­орын­дарда кәсіподақ жоқ. Олардағы жағ­дай қан­дай?
– Кәсіподақ деген – жоғарғы жақтың нұсқауымен құрылатын ұйым емес. Оны құ­руға адамдардың өздері ерікті түрде шешім қабылдауы керек. Тіпті әлі де біздегі шетелдік алпауыт компанияларда кәсіп­одақ ұйымы жоқ. Олардың бәрі де жеке­меншік ұйымдар. Оларға барып, «кәсіп­одақ құрыңдар» десек, ішкі ісіне араласқан болып шығамыз. Біздің ондай құқығымыз жоқ. Бәрі де жұмысшылардың өз қолында. Егер осы кәсіпорындардың жұмысшылары жиналып, өздері кәсіподақ ұйымын құра­мыз десе, бізге мүше боламыз десе, онда біздің ықпал етуге толық құқығымыз бар. Мұндай жағдайда бізге кедергі болуға ешкімнің құқы жоқ.
Сондықтан да біздің ең негізгі мақ­сатымыз – халыққа кәсіподақ дегеннің мә­нін түсіндіріп, өз құқығын қорғауға жағдай жасау. Бір кәсіподаққа бағынышты болу міндетті емес. Әр кәсіпорын қызметкерлері өздері-ақ жиналып, ұйым құра алады. Егер жұмысшылар ұйым құрған болса, жұмыс берушінің алдында да  жорғала­майды, өз талаптарын батыл қоя алады. Қандай үлкен жұмыс беруші де ұйымдасқан адамдардан сескенеді, көпе-көрнеу қия­нат жасауға бата алмайды. Олар кәсіподақ ұйымының барлық талаптарымен есеп­тесуге міндетті. Бұл жөнінде Еңбек кодек­сін­де жан-жақты айтылған. Ешқандай кәсіп­орын немесе мемлекеттік мекеме, тіп­ті мемлекеттің өзі еңбек адамдарының кәсіп­одақ ұйымын құруына қарсылық жасауға құқығы жоқ. Бұл – әлемдік қауым­дастықта қалыптасқан қағида. Біздің заң­дарда да айқын көрініс тапқан. Тек біздің менталитетіміз осыған бейімделе алмай келеді.
– Кәсіподақ құру үшін қанша адам болуы керек?
– Он адам бар жерде қоғамдық ұйым – кәсіподақ құра алады.
– Егер мұндай бастамаға жұмыс беруші тарапынан қарсылық болып жат­­са, сіздер көмек бере аласыздар ма?
– Көмек бере аламыз. Міндетті түрде. Егер жиналып, өз кәсіподақ ұйымын құрайық деген бастамаға кәсіпорын бас­шы­лығы қарсы болып жататын болса, осы жайтқа тап болып отырған адамдар келіп, бізге арыз айтатын болса, көмек беруге құқығымыз бар. Қолымыздан келеді де.
– Тексеріп, кәсіподақ құруды талап етуге құқықтарыңыз жоқ екен. Кәсіп­орынның «ішкі ісіне араласа алмай­мыз» дедіңіз. Соған қатысты бір сұрақ туындап тұр. Жалпы, кәсіп­одақтарға берілген өкілеттілік жеткілікті ме?
– Өкілеттігі жеткілікті. Еңбек кодексінде кәсіподақтарға қатысты нормалар жақсы жазылған. Біз – Дүниежүзілік еңбек ұйы­мы­ның мүшесіміз. Яғни оның да талап­та­рын орындауымыз керек. Еңбек қаты­нас­тарын реттейтін заңдарымыз сәйкесуге тиіс. Әлемдік қауымдастықта, жалпы, өр­ке­­ниетті қоғамда басқа бір ұйым тарапынан тексеру, талап ету дегендер жоқ. Демо­кратиялық жолмен ғана кәсіподақ құруға жол беріледі.
– Парламентте кезінде «Еңбек» деген депутаттық топ болды. Олармен жақсы жұмыс істедіңіздер. Ал қазір ондай топ жоқ. Қиындықтар туындап жатқан жоқ па?
– Ондай арнайы депутаттық топ қазір жоқ. Бірақ әлеуметтік мәселелермен айна­лысатын комитет бар. Сонымен қатар еңбек қатынастарына, әлеуметтік мәселе­лерге қатысты түрлі заңдар қабылданған кезде арнайы жұмыс топтары құрылады. Солармен жұмыс істейміз. Парламент де­пу­тат­тарымен қарым-қатынасымызда еш­қан­дай кедергілер жоқ. Бірақ «Еңбек» депутаттық тобы біздің ТМД елдері ішіндегі ең алғашқы бастама болатын. Бізден кейін осындай депутаттық топ құрып жатқандар болды.  Ең бір жақсысы, сол депутаттық топ құрған кезде Еңбек кодексімізді қалып­тастырып алдық. Біздің еліміздің Еңбек кодексі Достастық елдерінде алдыңғы қа­тар­лы заңдардың бірі болып саналады. Дегенмен қоғам бір орында тұра бермейді. Экономика алға ілгерілеген сайын жаңа еңбек қатынастары пайда болады. Осын­дай себептермен қазір Еңбек кодексіне өзгертулер енгізу керек екендігі белгілі бола бастады. Арнайы жұмыс тобын құ­рып, 60-тай ұсыныс әзірлеп қойдық.
– Ұсыныстарыңызды түгел түсін­діріп шығу оңай болмас. Ең басты ұста­нымдарыңызды айтсаңыз...
– Ұсыныстарымыздың ең басты көз­дегені  –  әлеуметтік әріптестікті әрі қарай те­­­рең­­дете түсу. Біздің қоғамда БАҚ-тарда «кәсіподақтарымыз жуас, қатты наразылық көрсетпейді» деген пікірлер айтылып қалады. Өз басым бұл пікірмен мүлдем ке­ліспеймін. Шетелдерде жұмысшылар, кә­сіп­одақтар шерулерге жиі шығып жатады. «Біздің кәсіподақтар неге осындай батыл шаралар ұйымдастырмайды?» дейтіндер де бар. Біріншіден, Қазақстанның өзінің даму жолы, ұстанған берік саясаты бар. Анау елде шеруге шығыпты, мынау елде наразылық өтіпті деп біз де жиналып кез келген жайтқа байланысты көшеге шыға салатын болсақ, кім болғанымыз? Кез кел­ген дауды ең алдымен бейбіт келісім жолы­мен шешуге тырысу керек. Қоғамға орын­сыз лаң салғаннан гөрі біз осы жолды оң­­тайлы көреміз. Келісім емес, керістен сол ұжымның да, шеруге шыққан жұмыс­шы­­лар­­­дың да ұтары шамалы. Жұмыстың бірер сағатқа тоқтауының өзі үлкен шығын әкелуі мүмкін. Сөйтіп, жұмыс тоқтап, өнім өн­дірілмейді, жалақы төленбейді.  Екінші­ден, біздің елімізде соншалықты шиеленісіп жатқан еңбек дауы жоқ. Егер нешеме мың­даған жұмысшының құқығы тапталып, қия­­нат жасалып жатса, әңгіме басқа. Ал жекелеген кәсіпорындардың еңбекақыны уақтылы бермеуі секілді мәселелер кәсіп­одақ ұйымдарының табанды талап­тары­ның арқасында шешімін тауып жатыр. Қатты наразылықтар да көрсеткен кез­деріміз бар. Бірақ оның бәрін тәуелсіз бұқа­­ралық ақпарат құралдары ғана көр­сетеді де, қоғамға жете бермейді. Содан біздің Кәсіподақтар федерациясы айқай-шу шы­ғар­майды, қауқары жоқ деген пікірлер айтылады. Мейлі, 2 миллионнан астам мү­шесі бар қоғамдық ұйымда барлығы да тап-тұйнақтай қалыптасқан, қателіктер, кемшіліктер жоқ деп ешкім айта алмайтын шығар.
Тәуелсіздігімізді енді алып, мем­лекет­тігіміз қалыптасып жатқан кезде біраз қайшылықтар болды. Соның өзіне төзім­ділік көрсетіп, тіпті мемлекет іргесін шай­қайтындай наразылық дүмпуіне де жол бермегенбіз. Егер сол ашу-наразылыққа ерік берсек, ақылға салмасақ, қолымызда бардан айырылып қалар едік. Шерулерге, наразылық акцияларына шығу – қуат­тылықтың белгісі емес, керісінше, дәрмен­сіздік! Келісім, түсіністік жағдайында шеше алмаған соң осындай қоқан-лоқы әрекетке бару – басқа шараның қалмағандығының көрінісі.
– Ұжымдық еңбек келісімшартын жасаудың артықшылықтары туралы   Елбасының өзі атап айтқан болатын. Кәсіп­одақ ұйымдары да жіті қолға алып, арнайы акция өткізіп, бірқатар шаралар атқарды. Содан бері оң өз­геріс­тер бар ма?
– Президент ұжымдық еңбек келісім­шартын жасау туралы акцияға бас болып, үлкен көмек көрсетті. Кәсіподақ ұйымдары түгелдей ұжымдық келісім жасасып үлгер­ді. Бізде 17 мыңдай  кәсіподақ ұйымы бар. Басым көпшілігі шартты келісіммен жұмыс жасайды.  Оған қоса, 13-14 мың  кәсіподақ ұйымы жоқ мекемелерде жұмыс  беруші мен жұмысшылардың арасында ұжымдық еңбек келісімі жасалды. Сөйтіп, осы акция­ның өзінде ұжымдық келісімшарттар саны екі есеге артты. Жұмыс берушімен жеке-жеке емес, ұжым болып келісудің артық­шы­лықтары өте мол. Екі жақ қол қойып, бекіткен соң келісім кәдімгі заң іспетті болады. Жұмысшы жақ та, жұмыс беруші жақ та өз талаптарын талқылап отырып, енгізе алады. Тараптар оның бұлжытпай орындалуын екі жақтан бақылап отырады. Оған деген жауапкершілік  зор.
– Тәуелсіздік алғалы бері біртіндеп болса да ұлттық мәселелеріміз шешімін тауып келеді. Сол біртіндеп жүзеге асырылудың арқасы болса керек, ел іші тыныш. Сіздің осы жүрісімізге көңіліңіз тола ма?
– Ғасырға жуық уақыт бойы қалып­тасқан жүйені бірер жылда тас-талқан етіп, орнына жаңасын орната салу мүмкін емес. Менің ойымша, барлық ұлт пен ұлыстар ауызбіршілікте болып, еліміздің тыныш­тығы бұзылмаса, бәрі біртіндеп қалпына келеді. Оған өз басым сенімдімін.
Жақында екінші Ұлттық халық санағын өткіздік. Құдайға шүкір, 67 пайызға жетіп­піз. Бірақ көңілімде мынадай бір күдік қалды: түрлі себептермен талай қазақ баласы санаққа қатыса алмады-ау деп ой­лай­мын. Бәлкім, осы санаққа жеңіл-желпі қарамасақ, талай ұлттық мәселемізді ше­шіп алуға мүмкіндік беретінін ескерсек, 70 пайызға да жетіп қалар ма едік. Алматының төңірегіндегі «Шаңырақ» секілді аудан­дарда немесе Астана тәрізді қалаларда ауылдан келіп, бас көтерер уақыты болмай жұмыс істеп жатқан ағайындар осы есепке кірмей қалды. Санақшыларға өкпе жоқ. Жар­­нама жасалды. Бірнеше ай бойы ха­бар­ландырулар жүрді. Тек өзіміздің бар еке­ні­мізді, көп екенімізді көрсету үшін таласа-тармаса қатысуымыз керек еді. Біз осы санаққа жаппай қатысып, бар екені­мізді, мол екенімізді көрсету арқылы бір­қатар мәселелердің шешілуіне жол аша алар едік. Мәселен, қазақ тілінің мәселесі тек Мемлекет басшысы немесе кейбір белсенді азаматтарымыз ғана айналысатын шаруа емес. Ұлт болып күресуге тиіспіз.
– Рақмет.

АЛАШ-ДЕРЕКНАМА
Сиязбек Өнербекұлы МҰҚАШЕВ – Қазақстан кәсіподақтары феде­ра­циясының төрағасы. 1939 жылдың 7 мамыры күні Семей өңіріндегі Шар ауданына қарасты Ақши ауылында дүниеге келген. Еңбек жо­лын 1962 жылы жоғары оқу орнын бітірісімен туған облысындағы Шұбартау ауданында мал дәрігері болып бастапты. Көп жылдар комсомолда, компартияда еңбек етті. 1983 жылы Талдықорған облыстық кәсіподақтар кеңесіне төраға болып тағайындалады. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келеді. Еңбекші қауымның жоғын жоқтап жүргеніне де ширек ғасырдан асыпты. 1992 жылдың қазан айында ол Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы болып сайланады. Сол Тәуелсіздігіміз жарияланған алғашқы жылдардан бері Сиязбек Өнербекұлы отандық кәсіподақтар жүйесі қалыптасуының ыстығына күйіп, суығына тоңып, бар қиындығы мен қуанышын бірге көріп келеді. Бүгіндері ол 70 жасқа толып отырса да, өзі біте қайнасып кеткендей еңбегінен қол үзген емес. Шөбере сүйіп отырған бақытты ата.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста