Смағұл Елубай, жазушы:
– Смағұл аға, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осы орайда, еліміздегі рәміздерге жасалып жатқан құрметке көңіліңіз тола ма? Рәміздерімізді тиісті дәрежеде ұлықтаудың жолы қандай?
– Әрине, ұлттық рәміздеріміз ұлықталуы керек. Оны 7 жастағы бала да біледі. Бірақ қалай? Рас, тұтас халық туды жоғары көтеруді, елтаңбаны құрметтеуді, әнұранды шырқауды меңгерді дейік. Бірақ мұның барлығы – бергі жағы, беті ғана. Ал рәмізді сыйлаудың терең үңіліп көрдік пе? Ол дегеніміз не? Ол – осы рәміздерді адамның жүрегіне енгізу. Туымызға, елтаңбамызға, әнұранымызға деген құрмет әрбіріміздің жүрегімізде болуы керек. Құрмет жүрекпен жасалмайынша, бәрі бекер. Тереңнен көтерілуі тиіс. Ал ол үшін не істеу керек? Бұл жерде идеологтер жұмыс жасауы керек. Мысалы, мен мына мәселені талай басшының алдында айттым. Қазір қалаға жастар көптеп келіп жатыр. Соңғы 20 жылда Қазақстанның барлық қаласына қазақтың миллиондаған ұл-қызы жиналды. Олар жетіскенінен, қызық қуып келіп жатқан жоқ. Ауылда жұмыс болмағаннан кейін ағылып жатыр. Әсіресе Алматы, Астана сынды бас шаһарларымызға шоғырланды. Бірақ солардың дені кісі есігінде жүр. Егер оның үйі, дұрыс жұмысы, мардымды жалақысы болмаса, үйлене алмаса, ол қалай патриот болады? Ол Көк базарда, «барахолкада» арба сүйреп, әркіммен арпылдасып жүрсе, сен оған қалай әнұранды жатта, елтаңбаңды құрметте, туыңды көкке көтер деп айта аласың? Кешіріңіз, мен ондай адамнан шын патриот шығатынына күмәндімін.
Құдайға шүкір, енді ғана ес жиып, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы жасалды. Енді сол «қолжетімді баспананы» шенеуніктердің шырғалаңына түсірмей, үйлене алмай жүрген, үй ала алмай қаңғып жүрген қазақтың ұл-қыздарына жеткізу – парыз. Патриотизм, демография, татулық, бірлік, тұрақтылық, тыныштық дегендеріңіздің бәрі осыдан басталады. Яғни адам баласы басында жағдайы болса ғана патриот болады. «Не пайда дүниенің кеңдігінен, аяқта киімің тар болса егер» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан адамның «етігі тар» болмауы керек. Біз кең-байтақ Қазақстанбыз, Тәуелсіз елміз деп күнде ұрандатамыз. Жастарды үймен, жақсы жалақылы жұмыспен қамту мемлекеттің алдында тұрған нөмірі бірінші әлеуметтік мәселе дер едім.
Біз көрші елдерде не болып жатқанын көріп-біліп отырмыз. Солардан сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан мен туымызды желбіретудің, рәміздерімізді асқақтатудың, халыққа сүйкімді қылудың, ең қастерлі етудің, әспеттеудің жолы қиналып жүрген әлеуметтік топтардың жағдайын жасау дер едім. Өйткені бұл – біздің тұрақтылығымыз бен болашағымыздың кепілі.
Мен мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Бұл дегеніңіз – патриоттық психологияның тамырына үңілу. Мысалы, 90-жылдардың аяғында анау Америкада сауалнама жүргізілді. Сол сауалнамаға жауап берген халықтың 98 пайызы өзінің Американың патриоты екенін, елге риза екенін мәлімдеді. Неге олай болды? Олай болған себебі – жаңағы біз көтерген мәселелердің барлығы, салыстырмалы түрде, ол елде толығымен шешілген. Осыдан барып шығатын қорытынды, адамның патриоттығы оның киген «етігінің тар» болмауына да байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
– Рәміздер күнінің атап өтілуі көңіліңізден шыға ма? Мүмкін, бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде қабылдап, демалыс күнін жариялау керек шығар?
– Меніңше, бұлай бөлектеудің қажеті жоқ. Біз 365 күннің әр күнінде ұлтқа жұмыс істеуге міндеттіміз. Оны бір күнге ғана бөлшектеп қойып, қалған күні қалтамызға қызмет етіп кетсек, онда түк шықпайды. Алысқа бармаймыз. Бірақ арнайы бір күнді осылай белгілеп, рәміздерімізге ерекше назар аударғанымыз дұрыс. Бұл күнді лайықты атап өтудің тағы қандай жолы бар десеңіз, мен мынаны айтар едім. Дәл осы күні кинодағы, әдебиеттегі, жалпы, өнердегі озық туындыларға бәйге беріліп, лайықты туындылар ұлықталып, авторлары мен орындаушылары марапатталып жатса, жөн болар еді. Ұлттығымызға қызмет етіп жатқан туындыларды дәріптеп жатсақ, артық болмас еді. Мысалы, анау «Көк тудың желбірегені...» деген ән өте сәтті шықты. Дәл осы күн осындай ұлттық патриотизмге қызмет ететін кинолардың, әндердің, кітаптардың мерейін асқақтататын мағыналы мерекеге айналса, жарасып кетер еді. Жыл бойына іске асқан жақсы дүниелер осы күні паш етілсе. Осы арқылы өнер адамдарын құлшындырар едік. Ал қазірше бізде ол жағы кемшіндеу болып тұр. Соның бір мысалы, Ерлан мен Бекарыс деген екі бала «Аңшы бала» фильмін (киноның сценарийі – Смағұл Елубайдікі – Б.С.) түсірді. Сол картина қазақ киносының тарихында тұңғыш рет кино меккесі Голливудта өткен халықаралық кинофестивальда бас бәйгені алды. Сол бәйгені табыс еткен Америка елшілігінің өкілі: «Бұл – сіздердің Олимпиадада алған жеті алтындарыңызға қосылған сегізінші алтын», – деді. Сол киноны түсірген екі бала қазіргі кезде үйсіз жүр. Ал ана алтын алған спортшыларымызды төбемізге көтердік. Үй де бердік, жүздеген мың қаржы да бердік. Рухани бәйге жеңімпаздары неге Отаны тарапынан сондай құрметке ие болмай жүр? Бұл – біздегі мәдениетке деген көзқарастың төмендігі. Яғни мәдениетіміздің төмендігі. Біз неге патриотизмнің негізін қалайтын мәдениетке немқұрайды қараймыз? Біз бұл кемшілікті жөндеуіміз керек. Бұл жерде идеологтеріміз бен оларды қолдайтын Үкіметіміздің ойланатын тұсы жетерлік.
– Туымыз бейнеленген «Қазақстан» деген кәмпитті көрген боларсыз. Осы рәміздерді тұтыну тауарларында бейнелеу қаншалықты қисынды?
– Рәміз дегеніміз – ұлттық намысымызды қозғайтын ұлы қасиет. Ал осындай киелі дүниені саудаға салу, арақ-шарапқа, кәмпитке жапсыру көрегендік емес. Мен оған түбегейлі қарсымын. Керек десеңіз, ол – рәміздерімізді насихаттау емес, қорлау. Біз рәміздерімізді ұлықтағымыз келсе, басқаша ұлықтайық. Жаңа ғана Дидахмет Әшімханұлы хабарласып, бір жиынға шақырды. Көк туымызды Алматының ең биік, жұрттың бәрі көретіндей нүктесіне – Көктөбеге желбіретіп іліп қойсақ деген ұсынысты айтыңызшы деді. Тамаша идея. Алматы – соған лайық қала. Бұл қала – Тәуелсіздік туған топырақ. Сондықтан бұл ұсыныс іске асады ғой деп ойлаймын. Біз осындай нәрселерді жасауымыз керек. Ата-баба алдындағы аманатты орындаудың өзі – патриоттық. Адамда отаншылдық сезімі болмаса, қалай рәміздерді көкке көтереді?
– Біздің еліміздегі қалталы азаматтардың бойынан отаншылдықты көре аласыз ба?
– Бәріне бірдей қара күйе жақпай-ақ қоялық. Дегенмен миллиондарын шетелге салып жатқандарды патриот деп айта алмаймын. Оның қай жері отаншыл? Қаржысын шетелдің банкіне салу деген сөз ертең қашып кетемін деген сөз емес пе? Олар күні ертең басына іс түссе, сол шекара асырған миллиардтарымен бірге шекара асатыны белгілі. Бұл – бір. Екіншіден, неге біздің кәсіпкерлеріміз мәдениетімізге бет бұрмай келеді. Мәдениетке бет бұру – идеологияға бет бұру емес пе? Яғни ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бет бұру емес пе? Олай болса, неге сол қаржыларының бір бөлшегін әдебиетке, мәдениетке салмайды? Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта мәдениетіміз бен әдебиетімізді жасаушылардың халі мүшкіл. Ал халықты отаншылдыққа тәрбиелейтін бірден-бір құрал – осы әдебиет пен мәдениет. Өйткені бұл өнер күн сайын халықпен рухани беттеседі. Өтіп жататын сансыз жиындардағы ұрандар халыққа көп жағдайда әсер етпейді. Халық ұранға ере бермейді. Ал киноға, кітапқа, театрға, сахнаға ереді. Демек, халықты сәтті шыққан кино, сәтті жазылған кітап тәрбиелейді. Мысал үшін айтайын, кешегі «Жаужүрек мың бала» киносы қаншама патриоттық сезімді оятты! Ол фильмді мемлекет өз қаржысына шығарды. Мемлекетке қарап отыра бермей, сондай кинолардың көптеп шығуына неге көмектеспейді біздің миллиардерлер? Неге патриотизмге жұмыс істемейді? Қаржымыз жетпейді десе, неге шетелге қымбат-қымбат сарайлар салады?
Мен бизнестің бәрін жоққа шығарайын деп отырған жоқпын. Осы салаға қолғабысын тигізіп жүрген бірді-екілі меценат азаматтарды да білемін. Бірақ олар аз. Өте аз. Көп ұзамай біз оларды бар дауыспен айтатын боламыз. Қорыта айтқанда, мәдениет пен әдебиетті қолдау жекелеген азаматтардың ғана емес, біздің ұлттық буржуазияның тікелей міндеті болуға тиіс. Ал дәл қазіргідей жағдайда, жалпы, қалталы азаматтардың бәрі бірдей отаншыл, мемлекетшіл дей алмаймын. Капиталистік заманда ұлттық буржуазия мәдениетке мойын бұрмайынша, ұлт қалыптаспайды. Оны біз тарихтан білеміз. Ұлт жолында капитал мен мәдениет қол ұстасып жүруі керек. Екеуі де бірігіп жұмыс істеуі керек. Жаңа ұрпақты тарихын сүйетін, топырағын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу – тек қана тесік қалта жазушылардың, киногерлердің, журналистердің ғана міндеті емес, тоқ қалта ұлттық буржуазияның да міндеті болуға тиіс. Әрине, бұл жерде мемлекет шет қалмайды. Ол онсыз да мүдделі. Буржуазия осыны толық түсініп, қолдау білдіргенде ғана бізде шын мәніндегі ұлттық мемлекет пайда болады. Сонда ғана біртұтас ұлт боламыз.
– Күні кеше Балаларды қорғау күнін атап өттік. Біз балаларымызды кімнен, неден, қалай қорғау керекпіз? Олар қандай зиян шегіп жатыр деп ойлайсыз?
– Бәріміз де немере өсіріп отырмыз. Бәріміз де осы немерелеріміз қандай қоғамда қалады деп түн ұйқымызды төрт бөлеміз, ойланамыз. Осы тұрғыдан келгенде, біз Кеңес заманынан қалған кемшіліктерді түгелдей жойдық деп айта алмаймыз. Біз Кеңес заманында Құдайсыз қоғамнан шықтық. Кеңестік кезең солай жасады. Құдайсыздардың, Құдайдан безгендердің қоғамын құрды. Міне, соның зардабын әлі күнге тартып келеміз. Мынау нашақорлық, маскүнемдік, қылмыс – бәрі соның нәтижесі. 70 жыл қазақтың дастарханынан құран кетсе де, арақ кетпеді. Соны көріп өскен жас ұрпақтан не күтесің?! Бұл біздің ұрпағымызға тигізген ең үлкен залалымыз болды. Енді мұны жоюдың жолы – кешегі атеистік қоғамға керісінше жасауымыз керек. Балаларымыз бақытты болсын десек, иманды қоғам құруымыз керек. Имансыз қоғамда өмір сүрген балалардың жағдайы өте ауыр болды. Оны біз имансыз қоғамда бастан өткердік. Имансыз қоғамда аттаған жеріңде қауіп-қатер аңдып тұрады. Сол үшін имансыз қоғамда қала ма деп немерелеріміздің болашағынан қорқамыз. «Иманды қоғам – Қазақстан болашағы» деп жүргенім де сондықтан. Капиталистік жүйе имансыз қоғам орнатты. Өйткені ол Құдайға емес, ақшаға табынатын қоғам еді. Кезінде Құдаймен айқасып, ХІХ ғасырда Құдайды өлтірдік деп жариялады ғой бәтшағарлар. Содан кейін-ақ адам баласы сайтанға айнала бастады. Құдайсыз қоғам құруда Кеңес Одағы капиталистерден қалыспады. Сондай қоғамнан шыққан біздің ұрпақтың кемшілігінің тамыры сол имансыздықта деп білемін. Жоғарыда айтқан жаман қасиеттермен қоса, коррупция, суицид, бүгінгі асқынған ажырасу – бәрі де сол 70 жылға созылған әлі де ілесіп келе жатқан имансыздық салдары деп білемін. Біздің ата-бабаларымыз 1917 жылға дейін ажырасу дегенді білмеген. Егер бүгінгі ұл мен қыздарымыз дәстүрлі ұлттық тәрбие бесігін көрген болса, ажырасу бұлай асқынбас еді. Еліміздегі 60 мыңнан астам жетім бала – сол имансыздық салдары. Ақша үшін неге бармай жатыр қазіргі адамдар? Балаларымыздың шегіп жатқан зардабы шаш етектен. Біз оларды имансыз қоғамнан, құдайсыздықтан қорғауымыз керек. Қорғаудың жолы дегенді жоғарыда айттым, ол, әрине, иманды қоғам құру.
– Патриотизмнің де бір ұшы осыдан басталады дейсіз ғой?
– Иә, «Отаншылдық – иманнан» деген мәтел қалыптаса бастады. Өте орынды сөз. Иманды адам Отанын, дінін, тілін, елін, жерін сүйеді. Патриот болып қалыптасады. Сондықтан біз «Болашағымыз – иманды қоғамда» деп, кеңестік кезеңнен қалған күллі жамандықтардан құтылу үшін сол айтып отырған иманды қоғамды құрудың жолын жеделдетуіміз керек. Мен бұлай дегенде бекзаттық, зайырлы қоғамнан бас тарту керек деп отырған жоқпын. Біз зайырлы да иманды қоғам болуға тиіспіз. Заң үстемдік жасайтын, бірақ адамдардың жүрегінен иман өшпеген жаны таза қоғамды армандаймыз. Біздің балаларымыз сондай қоғамда өмір сүрсе екен деп аңсаймыз және шындап қаласақ, ол біздің қолымыздан келеді де. Сондықтан ұмтылуымыз керек. Ұмтылсақ, қолымыздан келеді. Өйткені Қазақстан – қанша айтқанмен мұсылман қоғамы. Біздің кезек күттірмес жұмысымыз да осы – отаршылдықтың зардаптарын жойып, өзіміздің дәстүрлі дүниетанымымызды қалпына келтіру.
– Осы жолда өзіңіз қазақ жазушысы ретінде не істей алдыңыз?
– Қазақ қаламгерлері кеңестік кезең іздерін, ұрпаққа әкелген зиянын жою жолында жүр. Жеке өзіме келетін болсам, «Қиямет-қайым ғасыры» («Мереке» баспасы) атты кітап жаздым. Бұл кітап – тікелей кешегі Құдайсыз қоғамнан қалған ұрпаққа, солардың жаңсақ көзқарастарымен күрес кітабы. Біз де сол қоғамда болдық, біз де қателестік, біз де компартияның билетін қалтамызға салып, шамалап қызыл ұранға ердік. Молдалардың айтқанына құлақ аспай, надандық дедік. Өзімізді білімді адам санадық. Бүгін ойлап қарасақ, бәрі керісінше екен. Ең білімсіз надан имансыз адам, Құдайды жоққа шығарған адам екен. Ол өзін де, ұрпағын да апатқа алып баратын адам екен. Содан халықты сақтандыру жолын біз шама келгенше осы «Қиямет-қайым ғасырында» айтуға талпындық. Толық айтып болдым демеймін. Бұл кітап өмір бойы жазылады.
– Иә, аға бұл кітабыңыздың алғашқы нұсқасын оқығанбыз. Кейіннен екінші нұсқасы жарық көрді. Екінші кітапты қарап отырып, бірінші кітаптың толықтырылған, кеңейтілген заңды жалғасы екеніне көз жеткіздік. Демек, «Қиямет-қайым ғасыры» үшінші, төртінші кітап болып жалғаса береді ғой?
– Иә, дәл солай. Бұл жоба бірнеше кітаптан тұрады. Бастапқыда солай жоспарланған. Біріншісін Мереке Құлкенов шығарып берген. Мен осы ретте Алматы қалалық әкімшілігіне, қала әкімі Ахметжан Смағұлұлына алғысымды білдіремін. Екінші кітапты қалалық әкімдік өздерінің ықыластарымен қаржы салып, шығарып берді және қаладағы кітапханалар мен оқу орындарына таратты. Сондай-ақ әртүрлі мәдени шараларда жеңімпаз атанғандарға қаржылай марапаттарына қоса, осы кітапты тарту етіп жатыр. Мен үшін бұл – қуаныш. Адамға материалдық байлықпен қоса, рухани байлық сыйлау – жақсы идея. Қалтасымен қоса, жанын байыту игілікті іс емес пе?!.
– Дұрыс екен. Бірақ қанша игілікті десек те, бір қаламен шектеліп жатыр емес пе? Мұндай дүниелер тұтас қазаққа жетуі керек қой...
– Қазірше ол – қиындау шаруа. Ол үшін қомақты мемлекеттік тапсырыс болуы керек. Ал ол қазірше мүмкін болмай тұр. Бір қуанарлығы сол, бұл кітаптың түгелге жуығы Сауытбек Әбдірахмановтың арқасында бұрнағы жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, 200 мың таралыммен республикаға тарады. Маған қазір еліміздің әр аймағынан көптеген коңырау соғылады. Бәрі ризашылықтарын білдіріп жатыр. Газетті қиып алып, жинап жүргендері де жетерлік. Ұрпағымызға керек дейді. Енді кітаптың өзін кең көлемде тарату жағына келсек, бұл шара тағы да сол идеологтердің шаруасы дер едім. Олар ең болмаса оқып көруі керек. Оқып көргеннен кейін, керек деп тапса, таратады деп білемін. Алматы қалалық әкімдігіндегілер оқып көріп, қызығушылық танытты ғой. Сол тұрғыдан айтып отырмын. Енді оны алдағы уақыт көрсетеді. Менің міндетім – жазу. Ал жазу жағын жоғарыда айттым, бұл өмір бойы жалғасады. Өйткені бұл – мәңгілік тақырып. Бұған дейін қаншама ғасырлар бойы айтылып келген. Әлі де айтылады. Өйткені уақыт өткен сайын әлем жаңаруда. Сол уақыттың көзімен айналып соғып отыру керек. Теология дегеніңіз – Батыста ең қызықты тақырыптың бірі.
Дамыған ел біржақты дамымауы керек. Экономикасы мен қоса рухани жағын да алып жүруге тиіс. Ұлт болу үшін рухани тұрғыда даму керек. Сонда ғана толыққанды ұлтқа айналамыз. Білімге қол созу арқылы Тәуелсіздігімізді баянды етеміз. Ең үлкен білім – Құдайды тану білімі. Егер ғылым Құдайсыз болса, онда ол адамзатты апатқа апарады. Қазір өркениет тура сол болашағы бұлдыр жолда келе жатқандай. Бүгінде тұтас бір ұлтты бір оқ шығармай қыра салу түк емес. Мұның барлығын социалистік, капиталистік имансыз қоғамдар жасады. Біз сол екеуінен бөлек, иманды қоғам құруымыз керек деп білемін. Иманды нарыққа бейімделген, зайырлы қоғам құру – тек қиял емес. Сондай қоғамға беттерміз деген үміт те жоқ емес. Ұрпағымызды болашақта сондай қоғам күтіп тұрар болса онда біз – аға ұрпақ екі дүниеде де бақытты болар едік...