Қымыз өндірісін дамыту үшін арнайы заң керек
Ахметбек НҰРСИЛА, «Саржайлау» корпорациясының төрағасы:
– Осыдан біраз бұрын Германиядан қымыз өндіруші Ганс Цольман деген неміс келіп, қазақтарға қымыз жайлы дәріс оқып берді. «Мен сіздерге қымызды өндіруді үйретуге дайынмын» деді. Сан ғасырлық құндылығымызды сақтап, дәріптей алмағандығымыздың салдарынан ұлттық сусынымызды жат елден үйренетін халге жеттік пе?
– Жоқ, ол бізге қымызды дайындауды үйретуге келген жоқ. Оның мұнда келудегі ең басты мақсаты — қымыздың денсаулыққа пайдалылығын нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп беретін анықтама қағаз алу. Мәселен, қымыз туберкулезді, ісік ауруын, асқазан жарасын, белсіздікті емдеп жазуға, аурулардың алдын алуға көмектеседі. Қымыздың отаны Қазақстан болғаннан кейін ең бірінші ол осында келді. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанда қымыздың денсаулыққа пайдалы екенін, қандай емдік қасиеті бар екенін нақты анықтайтын ғылыми орталық жоқ. Қазір Ганста 500 бие бар. Ол өзінің жұмысын жақсы жолға қойып келеді. Ал өз кәсібін одан ары дамыту үшін, нақты мынадай ауруларға таптырмас ем деп жарнама беру үшін оған, ең бірінші – ғылыми тұрғыда медициналық анықтама қағаз керек. Онсыз оны ертеңгі күні Германия мемлекеті «жалған жарнама бердің» деп сотқа беруі мүмкін. Оның мұнда келудегі мақсаты – осы-ақ, басқа ештеңе жоқ.
– Ганс мырза: «Сіздер қымызды тек сусын ретінде пайдаланасыздар. Мен болсам қымыздан әйелдерге арнап иісмай, косметика жасап, балаларға балмұздақ дайындап беремін», – деді. Мұндай жасау сіздердің қолдарыңыздан келе ме?
– Қазір бізде ондай технология жоқ. Ганстың осы кәсіппен айналысып келе жатқанына 50 жылдан асты. Оның мал ұстайтын орны, сауатын жері, өндіретін технологиялары жақсы жолға қойылған. Қымыздан құрғақ ұнтақ жасайды. Ол 50 жылдың ішінде көп алға кетті. Оны мойындау керек. Бірақ косметикалық тауарларды Ганстың өзі өндірмейді. Ол тек биенің сүтінен косметика жасайтын компанияларға қымыз ұнтағын шикізат ретінде ұсынып отыр. Балмұздақ та солай жасалады. Ал биенің сүті адамның ажарын ашатындығы бұрыннан белгілі. Ежелгі Мысыр елінің патшайымы Клеопатра да терісінің тап-таза, аппақтығын сақтау үшін биенің сүтіне шомылып отырған. Әжелеріміздің де биенің сүтіне шомылғандығын әфсаналардан оқып, естіп жатамыз. Бірақ Ганс мырза өз құпияларын көп айта бермейді. Ал біз ғой дарақыланып, қонақ келсе, өре түрегеліп, қымызды қалай жасайтынымызды, сүтті қалай ашытатынымызды көрсету үшін қымыз өндіретін цехымызға дейін алып бардық. Тіпті ата-бабамыздан қалған дәстүр бойынша астына ат мінгізіп, шапан жауып жібердік. Ал олар өздерінің құпиясын ашқысы келмейді. Тіпті мен оған: «Крем жасайтын компаниялардың мекенжайы мен телефон нөмірлерін берші, мен де хабарласып, қымызды ұнтақтап жіберейін», – десем, бергісі келмеді. Үш-төрт күн қасында жүріп сұрағанның өзінде басқа сөзге айналдырып, бермей кетті. Мен солардың нарығын жаулап алатындай қауіптенді.
– Шыны керек, қазіргі кезде ұлттық сусындарымыз ас бергенде немесе өлім-жітімде ғана қойылатын болды. Ара-тұра той-думандардың дастарқан мәзіріне де қойыла бастады. Бірақ оны көбі ішпейді. «Ішімді айдайды» деп қашады. Мүмкін біз қымызды дайындау технологиясын білмей жүрген шығармыз. Қымыздың сапасын жақсарту үшін не істеуіміз керек?
– 1897 жылы қазақ даласында санақ жүргізілгенде халық саны 6 миллион, ал жылқы саны 5 миллионға жуық болған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ даласында 300 мың жылқы қалды. Атадан балаға мирас болып келген қымыз дайындау әдісін орыстың боданында 70 жыл жүргенде ұмытып қалдық. Жылқыдан айырылғаннан кейін, қымыз ішу азайды, ал қымыз ішу азайғаннан кейін, оны жасау технологиясы біртіндеп жойыла бастады. Шындығында, қазір қымыз бен шұбатты мерекелік дастарқанда ғана көретін жағдайға жеттік. Кейде тойларда арақ-шарап қойылмағаннан кейін, амалсыз қымыз бен шұбат беретін болдық. Қазір көпшілік «ішіме жақпайды» деп қымыз ішпейді. Олай болуы заңды. Өйткені күнде ішіп жүрмеген соң, алғаш ішкенде жайсыздық туғызуы мүмкін. Оған қоса, базарларда сатылатын қымыздың даярлау әдісі дұрыс бола бермейді. Олар бие сүтін ашыту технологиясын дұрыс жасамай, қымызды ащы қылып жібереді. Ал көпшілік ондай қымызды іше алмайды. Кейбір қымызды бір кеседен артық іше алмайсың. Ол пісілмеген қымыз. Демек, сүт қорға қосылады да тұра береді. Базарда сататындар оны пәленбай уақыт пісіп жатпайды. Әйтпесе, қымызды дұрыс ашыта білсе, дұрыс пісілсе, ол ешқашан қышқыл болмайды. Қымызды неғұрлым көп піскен сайын, оның қуаттылығы күшейеді, бабына келеді. Кейбіреулер биені сауып, оны біраз уақыт далаға қойып, сүтті ірітіп алады. Сиырдың сүті ірісе, қою болып кетеді, ал бие сүтін он күн далаға күннің астына қойсаң да, ол ешқашан қоюланбайды. Бірақ қышқылдылығы артып кетеді. Енді бие сүтінің ірігендігін анықтайтын арнайы құрал болмағаннан кейін кейбіреулер жаңа сауылған сүтті іріп кеткен сүтке қосып, оған ашытқы салып, пісіп жатады. Іріп кеткен сүтті қанша піссең де, одан жақсы қымыз шықпайды. Сондықтан жаңа сауылған саумалды алдыңғы сүтке бірден қосуға болмайды. Алдымен екеуін де мұздатқышқа қойып, салқындатып алып барып қосу керек. Біз сүтті халықтан сатып алар кезде осыған ерекше мән береміз, тексеріп аламыз. Себебі қымыз өндіргеннен кейін, қалай болса солай дайындай салмай, тұтынушыға дәмді етіп ұсыну керек. Кәсіпкерлікпен айналысқан соң, оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Қаншама тонна қымызды бөтелкелерге құйып, дүкендерге өткіземіз. Ертеңгі күні біз өндірген қымыз біреудің ішін айдаса, ащы болып, адам ішпей қойса, онда біздің өнім өтпей қалып, біз туралы теріс пікір қалыптасады. Сондықтан біз бұған өте мұқият қараймыз.
Мен өзім бала кезден қымыз ішіп өстім. Ата-бабам жылқы өсірді. Бірақ мен дәмі тіл үйіретін қымызды ең бірінші Торғайда іштім. Одан кейін Павлодарда ішкен қымызым өте ұнады. Олар да қымыз дайындау технологиясын жақсы меңгерген екен. Өзім Семейде туып-өскен соң, қымыздың парқын білемін. Ата-бабасынан қалған дәстүрді сақтап қалған ағайындардан қымызды өндіру әдісін толық зерттедім. Тіпті осы үшін Оңтүстіктегі Қазығұртқа, орталықтағы Жаңаарқаға да бардым. Ресейліктердің де қымыз өндіру әдісін көрдім. Одан кейін осы жердегі ғалымдармен бірлесіп, осы істі бастадық. Енді мұның қыр-сырын әбден меңгердік десем де болады.
– Қымыз зерттеуші ғалымдардың айтуынша, бие сүті ананың сүтімен бірдей екен. Ас қорыту жүйесіне, құрт ауруы мен өкпе ауруын емдеуге, қан айналымын жақсартуға, иммунитетті күшейтуге биенің сүтінің пайдасы өте зор көрінеді. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары өте көп. Мүмкін қымыздың адам денсаулығына пайдасын ғылыми тұрғыда кеңірек ашу үшін елімізде қымызды зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашуымыз керек шығар?
– Әрине, керек. Біз аграрлы елміз. Жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орын алып отырмыз. Енді осы байлығымызды халықтың игілігіне айналдыруымыз керек қой. Қымыз өндірісін дамытып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп, одан кейін шетелге шығаруымызға болады. Шетелге шығару үшін, ең алдымен, қымыздың адам денсаулығына пайдалылығын ғылыми тұрғыда нақты дәлелдеуіміз керек. Ал ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін зертхана қажет. Енді үлкен институт ашпасақ та, шағын орталық болса, жақсы-ақ болар еді. Қазір қымызды ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген ҚазҰУ-да екі мұғалім бар. Өкінішке қарай, елімізде мұны зерттейтін қондырғылар жоқ болғаннан кейін, қазір олар халықаралық грантты ұтып алып, біреуі – Францияға, екіншісі Сауд Арабиясына кетті. Ол жақтарда сүт құрамын зерттейтін орталықтар жұмыс істейді. Мемлекет емес, халықаралық ұйым қос ғалымның зерттеу жұмысына 600 мың доллар бөліп отыр. Олар екі-үш жылда қымыз бен шұбаттың құрамын толық зерттеп, адам ағзасына пайдалылығын анықтайтын болады. Өкініштісі сол, мұндай орталық ашу әзірге біздің шенеуніктердің ойына кірер емес.
– Көрші Ресейде қымыз өндіретін 80-нен астам фирма болса, тек қана қымызбен емдейтін 48 санаторий бар көрінеді. Бізге де мұндай санаторийлер қажет пе?
– Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда мұндай санаторийлер болған. Құрт ауруының бірден-бір емі — қымыз. Сөзімді нақты мысалмен растайын. Бір әйел адам ісік ауруымен ауырды. Аурудың асқынып кеткені соншалық, дәрігерлер де дәрменсіз екенін айтқан. Барар жер, басар тауы қалмаған келіншек біреулерден бұл ауруға қымыздың таптырмас ем екенін естіп, бір жыл үзбей қымыз ішеді. Кейін емханаға қайта келіп, анализ тапсырса, дәрігерлер аурудың белгілерін таппай, таңғалады. Оны біз бейнекамераға түсіріп, «Хабар» арнасынан көрсеттік. Айта берсек, мұндай фактілер жетіп-артылады. Мәскеуде ең атақты Морозов атындағы балалар санаторийі бар. Онда тек қымызбен емдейді. Дәрі орнына қымыз береді. Өйткені дәрі бүйрегіңді емдесе, бауырыңа зиянын келтіреді. Ал жүрегіңді емдесе, бүйрегіңе кері әсерін тигізеді. Себебі кез келген дәрі адам ағзасындағы қауіпті бактерияларды өлтіріп қана қоймай, пайдалысын да жойып жібереді. Демек, дәрі бір жақты емдесе, келесі ағзаға зиянын тигізеді. Ал қымыз табиғи өнім болғаннан кейін, ол әлсіреген ағзаны емдеп, келесісіне кесірін тигізбейді. Дәрі беріп, ағзадағы пайдалы бактерияларды өлтіріп алғаннан гөрі қымыз ішкізіп, иммунитетті көтергеніміз әлдеқайда жақсы емес пе? Әрине, Қазақстанда мұндай курорттық орындар ашылса, тамаша болар еді. Мұхамеджанов деген башқұрттың атақты дәрігері: «Қымызды бір күн ішсең – сусын, ал үзбей ішсең – ем», – дейді.
– Сіз бір сұхбатыңызда: «Егер ерлер сыраны көп ішсе, оның еркектік гормондары әлсіреп, бойында әйелге тән қасиеттер пайда болады, ал әйелдер көп ішсе, керісінше, еркектік гормондары көбейіп, сәби дүниеге әкеле алмайтын жағдайға жетеді», – деген едіңіз. Ал қымыз ер адамның еркектік гормонын арттырады деген рас па?
– Қазақта «Күздік қымызды күйеуге берме» деген астарлы әзіл бар. Егер күздік қымызды күйеу балаға берсе, оның күші көбейіп, масаттанып кетуі мүмкін. Қымыздың ер адамның белін көтеретінін ресейлік ғалымдар нақты дәлелдеген. Шауқаттың ішінде адам көзіне көрінбейтін майда цинктер болады, қымыздың соны көбейтетін, күшейтетін қасиеті бар. Қазақта Сексенбай, Тоқсанбайлар қайдан шықты, әрине, әуелі Алла, содан соң қымыздың арқасында болды. Нарынқолда қымызды дәйім сусын еткен бір атамыз 70-тен асқанда бала сүйді. Қымыздың бас насихатшысы – сол кісі. Өзі де үзбей қымыз ішеді. Қазір интернеттегі мәліметтерге сүйенсек, елімізде жылына 4 млн 800 мың литрге жуық сыра өндіріледі екен. Оның бәрi далаға төгiлiп жатқан жоқ, iшiлiп жатыр. Оны адам басына шаққанда әр адамға 31 литрден келеді екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «егер сыра адам басына шаққанда 15 литрден жоғары болса, онда ол ел құрдымға кеткен мемлекет болып есептелінеді» деп мәлімдеген. Сыраның құрамында тестосон деген химиялық зат бар, оған хмелін қосыңыз. Ол еркектердің бөксесі мен омырауын өсіріп, «кейбір жағдайда уыз пайда болуына да әкеліп соғады» дейді ғалымдар. Ал әйелдерге тигізетін әсеріне келсек, біріншіден, әйелдің бала табу қабілетін нашарлатады. Дауысы жуандап, мұрт өседі. Осылайша, біз бүкіл қазба-байлықты сатып, одан түскен қаржыға осындай у сатып алып жатырмыз. Бүгінде сыра өндіруші елдер – Германия мен Голландияда қызтекелердің көптеп пайда болуы да сыраның кесірінен емес пе?! Қазір бізде қымыз ішу дәстүрі азайғаннан кейін көп адам денсаулықтан айырылды. Кейінгі қазақ балаларының аурушаң болып кетуінің бір себебі – қымыз ішуді үзіп алғандығымыздан. Өйткені кезінде қазақты ауру-сырқаудан аман алып қалып отырған осы – бие мен түйе сүті еді.
– Якутияда (Саха Республикасында) қымыз туралы арнайы заң бар екен. Мүмкін бізге де ұлттық сусынымызға деген сұранысты арттыру үшін, оны дамыту үшін арнайы заң керек шығар?
– Шынында да, Якутияда қымыз өндірісін дамытуға мемлекеттік қолдау бар. Оларда қымызды жарнамалауға, өндіруге жеңілдік жасалынған. Неге бізге де мұндай заң қабылдамасқа? Қымыз қазақтың бренді емес пе? Бұл – қазақтың әлемге мақтанып көрсете алатын ұлттық сусыны. Бірде-бір халық қымыз біздікі деп айта алмайды. Қазақтың қымызды пайдаланып келген 5,5 мың жылдық тарихы бар. Қымыз – сусындардың патшасы, қазақтың ұлттық сусыны. Тіпті Ресейдің мүйізі қарағайдай ғалымдарының өзі қазақтың бие сүтін сауып, оған қор қосып, оны пісіп қымыз етіп шығарғанына әлі күнге дейін таңғалады. «Қаншама институт оқып, докторлық қорғап, ғалым атанғанымызбен, біздің бұған ақылымыз жетпеуші еді, сендердің ата-бабаларың, шынында да, оқымай-ақ білімді болған» деп мойындайды. Осындай сусынымыздың қадіріне жете алмай отырғанымызға ішім ашиды. Австралияда бояу қосылған суларды жарнамалауға мемлекет тарапынан тыйым салып отыр. Тіпті ЖОО-лар мен мектептердің жанында ондай сусындарды сатқандарға айыппұл салады. Неге бізде де адам денсаулығына зиянын тигізетін газдалған сусындардың жарнамалануына тыйым салып, оның орнына ұлттық сусындардың жарнамасын күшейтпеске? Бізде қазір арақ пен сыраны, темекіні жарнамалауға тыйым салынған. Бірақ ілінген билбордтарды қарасаң, теледидарды қосып қалсаң, «Алкогольсыз сыра!» деп жарнамалап тұр. Енді алкоголі жоқ сыраны есі дұрыс адам іше ме? Ата-бабамыз біздің денсаулығымызды ойлап, ұрпағым әлсіремесін деп, әлемде теңдесі жоқ қымыз дайындау технологиясын ойлап тапты. Тіпті артымнан топырақ шашпасын, лағынет айтпасын деп, қасықтай қаны қалғанша осыншама жерді бізге аманат етіп кетті. Егер Парламентте отырған халық қалаулылары елдің болашағын ойласа, онда ұлттық сусындардың дамуына мүдделі болуы тиіс. Егер заң қабылданса, онда бұл дамудың, халықтың денсаулығын жақсартудың, ауыл экономикасын көтерудің алғы шарты, кілті болар еді.
Негізі, халықтың қандай тағам ішіп отырғанына мемлекет бейжай қарамауы керек. Себебі кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам, ал адамның басты байлығы – денсаулығы. Сондықтан ел-жұрттың қандай тағам жеп, немен қоректеніп отырғанына құзырлы органдар алаңдауы қажет. «Ауру – астан» деген бар. Қазір Қытайдан адам ағзасына зиян келтіретін неше түрлі тағамдар келіп жатыр. Кока-кола, пепси-кола секілді сусындар да қаптады. Одан кейін «Жаман ауруды жақсы тамақ жоғалтар» деген де мақал бар. Егер мемлекет өзінің басты қауіпсіздігі — халқының денсаулығын ойласа, онда өзімізден шығатын, халық денсаулығына күш беретін ұлттық сусындарға көңіл бөлуі керек. Қыруар қаржыны шетелге шығарып, ол жақтан сапасыз тамақ пен сусын алдырғанша, отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, ақшаны өзіміздің айналымда жүргізген тиімді емес пе? Сонда халықтың денсаулығы жақсарып, тұрмыс жағдайы көтерілер еді.
– Елбасы қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 2020 жылға қарай 72 жасқа ұзарту туралы ғалымдар мен Үкімет алдына тапсырма қойды. Ал қазір біздің орташа өмір сүру жасымыз — 66,4 жас. Жапондардікі 80 жастан жоғары. Халқымызға жаппай қымыз бен шұбат ішуді дәріптейтін болсақ, межелеген көрсеткішке жете аламыз ба?
– Қымыз бен шұбат әр үйдің дастарқанында тұратын болса, қазақ 72 емес, 80-90, тіпті 100 жасайтын болады. Қазір денсаулық сақтау ісіне, шетелден дәрі алдыруға миллиардтап қаржы бөліп отырмыз. Сонда нәтиже қайда? Көзге көрінетіндей, ауыз толтырып айтатындай көрсеткішке жеттік пе? Жоқ! Сол қаржының бір бөлігін ата-баба дәстүрін жаңғыртып, қымыз өндіру ісін жолға қоюға жұмсасақ, ол жан-жақты тиімді болар еді. Бұған соншалықты көп қаражат кетпейді де. Ауыл шаруашылыққа, денсаулық сақтауға бөлінген миллиардтаған қаржының бір парасын бөлсе де жетіп жатыр. Менің оған көзім әбден жеткен. Өзімнің апам 90-нан аса жасады, атам 100-ге тақау өмірден өтті. Олар бірде-бір рет ауруханаға жатпаған, өмірінде дәрі ішіп, укол салдырып көрген жоқ. Ол ненің арқасы, әуелі Алла, содан соң қымыз бен шұбатты үзбей ішудің нәтижесі. Енді мен осы істі дамытқым келеді. Менің бұл өмірде ұстанған бір-ақ қағидам бар, ол осы өмірге қонақ болып келгеннен кейін, жақсы іс жасап, елге, халыққа пайдам тисе екен деймін. Одан артық маған бақыт жоқ. Маған біреу темекі, арақ сат, одан пайда көп түседі десе, мен ол іспен айналыспаушы едім. Себебі сенің жасап жатқан ісіңнен адамзатқа зиян тиіп жатса, онда екі дүниеде де оның қайыры болмайды.
– Таяуда қымыз өндіріп сатумен айналысатын кәсіпкерлер немістің Октоберфест сыра фестиваліне ұқсас қымыз фестивалін ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасады. Сіздер Қымызмұрындық мерекесін бір рет ұйымдастырдыңыздар. Неге соны жыл сайын өткізбеске?
– Алматыда мұндай шара ұйымдастыру – оңай шаруа емес. Оған қыруар қаржы керек. Мен өз күшіммен Алматының қақ ортасында, Республика сарайының алдында бір рет Қымызмұрындық фестивалін өткіздім. Әрине, жәрдемдескен жігіттер де болды, оларға алғысым шексіз. Бірақ менің оны жылда ұйымдастыруға шамам жетпейді. Оны қарапайым компания емес, жергілікті билік өкілдері ұйымдастыруы керек. Әрине, қымыз өндіруші кәсіпорындар 20-30 болып, бәрі кәсібін жолға қойып алған болса, онда мұны жасауға болар еді. Бірақ олай болмай тұр. Ал сыраның өзіндік құны 20-30 тиын, олар оны 500-600 теңгеге сатып отыр. Әншейін ұнтақты алып келіп, суға езеді де, сата береді. Оның 99 пайызы судан тұрады. Енді өзіндік құны осынша арзан болғаннан кейін, әрине, олар сыраны тегін өзен қылып ағызады. Ал биенің сүтіне су қоса аласыз ба, бір сауғанның өзінде азғантай сүт береді. Бұрын қазақтың даласы Саржайлау еді, қазір шынында да «Сыражайлауға» айналды. Қайда барсаңыз да, сырахана. Белден қалған жап-жас жігіттер көбейіп, жол-көлік оқиғасы, ішіп алып төбелесу, қылмыс жасаудың көбі осының салдарынан болып отыр.
Алашқа айтар датым
Қымызды ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз туралы заң қабылдауымыз керек. Қымыз өндірісі Қазақстандағы 30 ірі кәсіпорынның бірі ретінде қатарға алынып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс. Ал қазірше Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөніс өндіру, жылыжай салу, малды асылдандыру секілді бағдарламалар қабылдағанымен, сүт пен қымыз, шұбат өндірісін дамытуға бірде-бір жоба жасамаған. Сондай-ақ қымызды зерттеу орталығы ашылса, оны шетелге тасымалдауға үлкен мүмкіндік болар еді. Қазір қымыз өндірушіге жеңілдік бар. Бір литр қымызға мемлекет 60 теңге субсидия береді. Бірақ оны қазір қымыз өндіруші де, бие ұстап отырғандар да ала алмай отыр. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірісшілерге субсидия бөлуді ойланбай жасай салған. Мысалы, жылқы ұстап отырған адам оны сауып, зауыт ашып, оны дүкендерге шығара алмайды. Субсидия өзі жылқы ұстап, зауыт ашқан, дүкенге шығара алатындарға ғана беріледі. Ал біз қымыз өндіргенімізбен, бие сүтін халықтан сатып аламыз. Сондықтан бізге де бермей отыр. Міне, көрдіңіз бе, ұлттық сусынды дамытудың орнына министрлік осындай кедергілер жасап қойған. Сондықтан сала басшысы бізге түсіністікпен қараса екен дейміз.