Құрсақты құрту – қазақтың болашағына балта шабу

Құрсақты құрту – қазақтың болашағына балта шабу

Сәдуақас МҰСТАФАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Ақ халат киіп, талай жанды дертінен айықтыруға күш салып жүргеніңізге де ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Кәсіби маман ретінде көзқарасыңыз: бұрынғымен салыстырғанда адам денсаулығының бүгіні қалай? 
– Денсаулық сақтау саласында қол жеткізген жетістіктер көп болғанымен, кейде артқа тартатын кемшіліктер де жоқ емес. Алғашқы еңбек жолымды Қызылор­да об­лы­сында бастағанмын. Осы салада жүргеніме, міне, 40 жылға жуықтап қа­лып­ты. Ол кездері бүгінгідей ақшаңқан, заманауи үлгіде жабдықталған аурухана­лар атымен жоқ болатын. Жоғары техно­логия деген түсімізге де кірмейтін. Ескірген құрал-жабдықтармен жұмыс істегенде де бүгінгідей ана мен  бала өлімі деген бол­май­тын. Қандай жағдай болғанда да адам өмірін сақтап қалуға барымызды сала­тын­быз. Бүгінде денсаулықтары нашарла­ған­дықтан да болар, көп науқас өз дертімен күресе алмай жатады. Оған себеп – экология деп қоямыз. Оның да әсері бар ғой, әрине. Алайда денсаулығын күтуді әрбір адам бала жасынан үйренуі керек. Ауруы әбден асқынып кетіп, халі нашарлағанда ғана аурухана табалдырығын аттап, содан бар кінәні дәрігерге артып қою дұрыс емес дер едім. Көп жағдайда дәрігерлердің тарапынан да қателіктер кетіп жатады. Бұл енді басқа әңгіме... Бүгінгі ұрпақ, расында, әлжуаз. Спортпен айналыспайды, дене қимылы аз болған соң ауру үйірмегенде қайтсін?!. Кәсіби шеберліктен бөлек, дәрігер кәнігі бесаспап болуы тиіс. Ол, ең алдымен, психологияны жетік меңгеруі ке­рек. Алдына келген ауруды жылы сөзімен-ақ демеп, дертін жеңіп шығуына үмітін оята білуі қажет. Бұл – дәрігерге қажет ең бірінші қасиет. Бүгінгі адамдар­дың стрестен, депрессиядан көп зардап шеге­тіні белгілі. Сондықтан да сіркесі су көтер­мейтіндер көп. Олардың бәрімен тіл табы­сып, сөйлесе білу керек. Дәрігер ауруына шипа тілеп келген жанға дәрі жазып беру­мен ғана шектелмеуі тиіс... Әр операцияға кірісерде алғаш рет қолыма скальпель ұстағалы тұрғандай толқимын. Бұл жауап­кершілік жүгін айқын сезінгендіктен болар. Отаның әр деталіне дейін талдаймын. Қалай жасау керек, қалай сәтті шығару керек, бәрін де саралаймын. Дәрігерлік жұмысқа кіріскелі бергі 40 жылдың ішінде қанша ота жасаға­нымды есеп­теп көрмеп­пін. Білетінім, әй­теуір, аз емес. Шамамен алғанда жы­лына 400-дей ота жасаймын. Ота жа­саған­дар­дың 30-40 па­йы­зы­ның жатырын, 30 пайы­зы­ның ана­лық безін сақтап қаламыз. Ал қалғандарына ісіктер­дің он­­кологиялық түріне сәйкес хи­рур­гиялық жәрдем көрсе­тіледі. Көмек сұрап келгендердің 80 пайы­зы бе­деулік мәселе­сі­мен келеді. Жүргі­зіл­ген  емдерінің нәти­же­сінде бе­сеу­дің үшеуі сәби сүю бақытына ие болады. Бұл – үлкен жетістік, әрине.
– Сіз басқаратын клиника – бүгінде еліміздегі алдыңғы қатарлы клиникалардың бірі. Бәсекелестік басым боп тұрған шақта халық сенімін ақтаудың жүгі ауыр екені анық. Клиника­ңыз­дың өзге ұжымдардан ерекшелігі қандай?
– Расында, бәсекелестіктің бәсі артып тұрған шақта жарып алдыға шығу оңай емес. Ол үшін сапалы қызмет алдыңғы орында тұруы тиіс. Мамандардың кәсіби шеберлігі де қамшы салдырмауы керек. Ин­тег­ралды медицинаның қағи­дат­тарын қолданысқа енгізу ар­қылы батыс пен шығыс медицинасының озық технология­сын кәдеге жаратып  отырмыз. Бедеулік дер­ті­мен келген әйелдердің басты проб­лемасын  оңтайлы шешу – басты міндетіміз. Сырқатының себебін анық­тап, диаг­нозды нақтылап қойып, айықтыруға күш сала­мыз. Бір шарананы аңсап келген жарым көңіл жандардың ем-домымыздың арқа­сында сәби құшақтап қайтуы – біз үшін зор қуаныш. Баласыз үйде бақыт жоғын ескер­сек, аналардың балалы болсам деген ұлы  арманына қол жеткізуіне тамшыдай болса да үлес қосып жатсақ, онда, әрине, мұны сауап­ты іс деуге болары сөзсіз... Маман­дар­дың біліктілігін жоғарылатып, кәсіби шеберлігін арттырып отыруды да күн тәрті­бінен түсірген емеспіз. Бүгінде клиника­мызда 60-тан астам  адам жұ­мыс істейді. Олардың барлығы да ұлтымыздың ертеңгі жалғасы – ұрпақ үшін жұмыла жұмыс атқарады. Сапалы қызмет көрсету – бас­­ты талабымыздың бірі. Клиникамызда ғы­лыми‑тәжірибелік орталық бар. Осы орта­лықта кибернетик, химик, фи­зик ғалым­дар ана мен балаға, отбасына сапа­лы да жүйелі дәрігерлік көмек көр­сетеді. Бү­гінде әйелдер арасында жиі кез­десетін  аналық бездің ісігі орын алған жағдайда көбіне жатырды алып тастайды. Біз бар күшімізді, білім-білігімізді осы жатырды сақтап қалуға жұмсаймыз. Ең басты ерекшелігіміз де осы дер едім. Тәжірибемде 24 ке­лі тар­татын ісікті алған күннің өзінде жа­тырды аман сақтап қалған бо­­латынбыз. Құрсақ дегеніміз, ол – қазақтың болашағы.
– Маман ретінде айтыңызшы, бүгінде елімізде бедеулік дертінің кең етек жаюының сыры неде?
– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бедеуліктің белең алып бара жатқаны рас. Оның кең етек жаюының түрлі себептері бар. Оның ең бастысы – денсаулық­тың на­шарлауы. Суық тигізу, күтінбеу, салауатты өмір сал­тын ұстанбау осының бәрі де қасіретке ұласады. Темекі, ішімдік деген жауымыз тағы бар. Уақытында дұрыс тамақ­тан­бау, табаннан сыз өту, ги­­гиеналық талаптарды сақтамау, ең бастысы – аборт жасату мұның бәрі де бедеулікке апарар төте жол. Негі­зі­нде, әйел адамның денсау­лығы мықты болса, онда 40-тан асқаннан кейін де бала көтере алады. Экологияның да денсаулыққа тигізер әсері орасан. Тұқым қуалайтын ау­рудың да әсері болуы мүмкін. Адам денсаулығының мықты болуының 85 пайызы өзіне байланысты бол­са, 15 па­йыздайына медицина ықпал етеді. Барлығы да дұрыс болуы үшін дәрі­герге уақытында қаралып тұруы керек. Қа­зақылыққа салынып, дәрігерге қаралмай жүре беретіндер көп. Соның салдарынан ауруы әбден асқынып кеткен кезде келіп бармағын тістеп қалатындар да жоқ емес. Отырып қалған кәрі қыздар фи­зио­­логия­лық үдеріс ат­қа­рыл­мауынан жатырдың, ана­лық без­­дің ісігіне душар бо­лады. Көбі­не жы­ныс­тық қатынас арқылы жұғатын ин­фекциялық  кеселдердің салдарынан аналық безде ісік пайда болады. Дертті байқаған сәтте-ақ бірден дәрігердің көме­гіне жүгінуі қажет. Сондай-ақ көп нәрсе біздің өмір сүру салтымызға байланысты. Кесірлі кеселдің кең етек жаюына әйелдер­дің де, еркектердің де гигиеналық тұрғы­дан осы заманға сәйкес болып жатқан сек­суалдық революцияның да әсері бар. Екінші жағынан алып қарағанда, «ре­во­люцияның» салдарынан адамдар ара­сын­дағы жыныстық жолмен жұғатын аурулар­дың көбеюі осы мәселенің ушығуына әкеп соқтырып отыр. Қабыл­дауы­ма көптеген пациенттер келеді. Жуырда жап-жас жігіт келді. Жасы 24-те. Жастайынан бей-бере­кет жыныстық қаты­насқа түскен, содан жыныстық жұқпа­лы ауруға шалдыққан. Бүгінде жыныстық қа­тынас жағынан әлсіздікке ұрынған. Үйле­нейін десе қорқа­ды, қалай болады екен деп... Психоло­гиялық жағынан да ыңғай­сыз жағдайға ұшыраған. Не істерін білмей­ді. Үлкен орта­лықтарға барып емделуге жағдайы көтер­мейді. Өстіп жүріп ауруын тағы біреуге жұқ­тырады... Сондықтан да жастарды осындай бей-берекетсіздіктен сақтау үшін оларға салауатты өмір салтын ұстануды жастайынан  құлақтарына құю керек.  
– Елімізде ең алғаш рет УДЗ аппаратын қолданысқа енгізген ғалым ретінде атыңыз аталады...
– Ол аппарат алғаш рет Акушерлік-гинекологиялық ғылыми-зерттеу институ­тының қабырғасында 1982 жылы қолда­нылды. Содан бері, міне, 30 жылдан астам уақыт өтті. Сол жылдары елімізде бір ғана аппарат болса, бүгінде, шүкір, еліміздің түкпір-түкпіріндегі аудан, қалаларды былай қойғанда, ауылдық ауруханаларда да бар. Орталық Азия бойынша медицина саласын УДЗ аппаратымен толықтай қам­тып отырған елдің біріміз. Бірақ оны қалай пайдаланып жатырмыз? Ол – екінші мәселе.
– Адам ағзасының барлық мүшесін айнадай көрсететін керемет аппараттың мүмкіншілі­гін барынша пайдалана алып отырмыз ба? Құрылғыда жұмыс істей білетін маман тапшылығы мәселесін қалай шешуге болады?
– Маман жетіспей жатқаны рас. Егемендік алғаннан кейін саяси, әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі өзгерді. Кәсіби, кәнігі мамандардың толқыны соңғы шепке жетіп, яғни қартайып, орнын босатып жа­тыр. Ал олардың орнын басатын маман­дардың аздық етіп отырғаны рас. Денсау­лыққа керекті көлемдегі жағдайды кішкене жоғалтып алдық. Денсаулық сақтау министр­лігі маман даярлау мәселесін бүгінгі таңда бірінші кезекке қойып отыр. Жеткілікті түрде маман даярлау мәселесін­де үлгере алмай жатқанымыз да рас. Жақсы мамандармен қамтамасыз етуде ауыл, аудан түгіл, қаланы түгел қамти ал­май отырғанымыз да шындық. Оның үсті­не мамандардың сапасы да әртүрлі болуы соған байланысты. Сондықтан да бүгінгі күні дәрігерлерді жедел дайындау да, сапасын арттыру да, жаңа технологияларды енгізу де – Үкіметтің мойнына жүктелген міндет.
– Медицина ғылымының докторы ретінде мынаны айты­ңызшы, шетелдерден ағылып келіп жатқан дәрі-дәрмектерді сатумен айналысатын желілік маркетинг туралы пікіріңіз қандай?
– Елімізде интерактивтік медицинаның мүмкіншіліктері қандай, алар орны қан­дай, тиімділігі қалай, ол арқылы қандай нәтижелерге жетуге болады, соны ашып айтуымыз керек. Бұл тұрғыда халықтың санасын оятып, білімін жетілдіруге мүмкін­шілік жасауымыз да қажет.
– Өзіңіз осы желілік маркетинг­тің өнімдерін пайдаланасыз ба?
– Иә, біз дәріні де, оны да пайдалана­мыз. Мәселен, менің жасым 64-те. Күніне үш-төрт ота жасауым қажет. Ол оңай шаруа емес. Оның бәріне күш-қуатты қайдан ала­мыз? Оның барлығын астан, дәрумен­дерден аламыз. Тамаққа үстемелеу арқы­лы оның мүмкіншіліктерін жақсартып, адамның ағзасына қажетті заттарды уақы­тында алып отыру қажет. Дене қимылдары­мен айналысу, ұйқыны дұрыстау керек. Кешкісін жұмыстан сілелеп шаршайсың, ертесіне тағы жұмыс күтіп тұрады. Сонда кешкісін «тұздалған қиярдай болып қайтып, ертесіне бақшадан жаңа үзілген қиярдай болып» келу керек. Соның бәріне керекті затты орны-орнымен пайдалану арқылы алуға болады. Салауатты өмір сүру салтын икемдеу, қалыпқа келтіру арқылы күш-қуатыңды да реттеуге болады.
– Шетелде жасалынған дәрілік заттар қазақстандықтардың ағзасына сай келе ме? Пайдасы бар ма?
– Бұл жерде барлық компания туралы айтпаймыз. Барлығы бірдей жақсы емес қой. Жақсысы да, жаманы да бар, пайдасы тиетіні де, пайдасы жоғы да бар. Олардың барлығының да артында тұрған нәрсе – адамдарды бизнеске шақыру, кәсіби жұмыс орнын беру. Өзінің күнкөрісін түзеу, тіпті байып кетуге мүмкіншілік жасау. Мұның бәрі де жоспар. Желілік маркетинг дегеніңіз – арғы жақтағы капиталистік ел­дер­дегі күнделікті өмір. Шығыс пен батыс­тың медицинасын қосқанда біз қай жағының тиімді екенін, жақсысын алып, адамдарға жеткізіп, соның нәтижесін көрсету керекпіз. Оның ішінде медицинаға көп тиімділігін көрсететін компанияларды айтып отырмын. Оның тиімділігін, зауыт­тарда қалай шығарылатындығын барып, көріп келгеннен кейін айтып отырмын. Америкалық әріптесім  жасап шығарған илларгенин дәрісінің сіңімді дүние екенін, онсыз адамның өмірінде дұрыс жағдай болмайтындығы ғылыми негізделгеннен кейін айтып отырмын. Оны жасаған адам Нобель сыйлығын алған. Ғылыммен негіз­дел­ген, лабораториядан, халал фудтан өткеннен кейін біз оны медицинада да пайдалануға мүмкіншілік тауып отырмыз. Ал қалғандарын да пайдалануға болады, бәрінікі жақсы деп айта алмаймын. Бірақ адам үшін жасалған дүниенің бәрінің зиян­дылығы болмауы керек. Оның серти­фи­каттары болуы керек. Аккредитациялық лабораториядан өтуі керек. Содан өткен­нен кейін ғана халыққа жеткізсе, одан зиян болмайды. Ал шала компаниялардың өнімдеріне сене беруге болмайды. Өйткені базарда ол да бар, бұл да бар.
– Сізді көбіне «құрсақты құтқарушы» деп атайды. Астарлы әзіл болса да, шындыққа жана­сымды екені рас. Бүгінде түрлі асқынған дерттерге байланысты ота жасағанда жатырды алып тастамаса болмайды деп жата­ды. Құрсақты құрту қазақтың болашағына балта шабу емес пе, бұған не дейсіз?
– Жыл бойы жасайтын операцияларым­ның 80 пайызы – осы жатырды сақтап қалатын оталар. Өйткені біздің клиникаға еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Жасал­ған әр отаға сараптама жасап, санақ жүргі­зіп отырамыз. Нәтижесіне назар аудара­мыз. Мәселен, бес әйелге ота жасап, жа­ты­рын сақтап қала алсақ, екі жылдың ішінде солардың үшеуі бала тауып жатса, ол – біз үшін үлкен жетістік. Клиникамызға келіп, бала құшақтап қайтып жатқан бақытты аналар алғыстарын жаудырып, тілектерін жазып қалдырады. Ол кітапшада еліміздің әр өңірінен келіп жатқандардың қолтаңбасы бар. Тек еліміз ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының қол астында болған туыстас елдерден де ат арытып келетіндер көп. Біз үшін науқас санының көп болуы емес, дертіне дауа тауып, нәти­желі емделгендердің мол болғаны керек.  Медицина саласына қатысты әлемдік қол­даныстағы немесе жаңадан енгізіліп жатқан жоғары технологияларды да тиім­ді пайдалануға тырыса­мыз. Адамдардың денсаулығына жауапты сала болғандықтан, медицина да заман ағымынан қалыс қал­мауы тиіс. Сондықтан да соңғы жаңалық­тар­мен танысып, кәсіби білім-білігімізді көтеріп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Жаңадан ендіріліп жатқан соны, заманауи тәсілдерді меңгеру үшін мамандары­мыз­ды шетелге жіберіп оқытып тұрамыз. Онсыз болмайды. Ескі сүрлеумен жорта берсең, таптаурын болып тұрып қаласың. Алға жылжу үшін жан-жақты болу керек. Клиникамызда барлық эндо­крино­ло­гия­лық,  терапиялық, уро­логиялық, невроло­гия­лық сырқат түр­лерін емдейміз. Жы­ныс органдарына ота жа­сай­мыз. Сондай-ақ жүктілікті жос­парлау және бақылау, ер мен әйелдің бедеулігін, климак­те­риялық қозуды емдеу және түр­лі физиотерапев­тикалық емдеу түрлерін  жүргіземіз. Еліміз­де оқыған-тоқығаны көп мықты ғалымда­рымыз жетерлік. Солармен және шетелдік ғалым­дар­мен тәжірибе алмасып оты­ра­­мыз. АҚШ-қа, Германияға, Кубаға ба­рып, халықаралық жиындарға қа­ты­­­сып тәжіри­бе алмасамыз.
– Жыл сайын неше түрлі бағдарламалар қолға алынады. Соның бірі – 2016 жылға дейін бағдарланған «Салауатты өмір салты» атты бағдарлама. Бастау алғанына бес жылдан асса да, өмір сүру салауатымыз артып кеткені шамалы. Аяқталғанға дейін де нәтижелі болатынына сенім аз. Жалпы, сіздің ойыңызша, осы жолда жұмыла жұмыс істеу үшін не жетіспейді?
– Аталмыш бағдарлама дер ке­зін­де  қолға алынды. Насихаты кемшін түсіп жат­қан жоқ. Алайда өз денсаулығына немқұ­райды қарайтындар қатары азаймай отыр. Шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жат қы­лық­тарға қарсы түрлі жарнамалық ролик­тер түсіріліп, баннерлер жасалып жатыр. Осыған қарап, оның арты азапты болаты­нын ескеріп жастарымыз бас тартып жатса, онда бағдарламаның дұрыс бағытта жүргізіліп жатқаны деу керек. Бірден бәрін тындырып тастау мүмкін емес қой. Сол сияқты біртіндеп, жаймен жүйе бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қоғамда қызу талқыға түскен қоғамдық орындарда темекі шекпеу мәселесін оң­тай­лы шештік. Бүгінде мейрамхана, дәм­ханаларда бұрқыратып отыратындарға жол жоқ. Тәртіп сақшылары байқап қалса, айыппұл салуға құқылы. Сол сияқты адамзатқа соқыр тиындық пайдасы жоқ кальян шегуге шектеу қою да дер кезінде қолға алынып отыр. Оған қарсы шығып жатқандар да жоқ емес. Алайда денсау­лық­қа пайдасы жоқ нәрселерден бойы­мызды аулақ салуға сіз боп, біз боп атса­лы­суымыз қажет. Бұл – қоғамдық мәселе. Осындай бағдарламалар арқылы біз халықтың денсаулығын жақсартып,  ор­таша өмір сүру ұзақтығын ұл­ғайта аламыз. Елімізде бүгінде шылым шегетіндер мен алкоголь тұ­ты­­натындар, артық салмақтан азап шегетіндер көбейген. Дәрумендерді молынан пайдаланбайтындар да, дене­шынықтырудан мүлдем бас тартқандар қатары да көп. Дамыған елдерде алкоголь мен темекі өнімдеріне салықты көбейту арқылы халықтың денсаулығына жіті көңіл бөлуге күш салынуда. Осының орнына бюджетке түсетін түсімді көбейтіп, халықты емдеуге кететін шығынды азайтуға қол жеткізіп отыр. Үлгі алатындай-ақ тәжірибе.

Сөз сарасы
Дәрігер деген үнемі ізденіс үстінде жү­руі қажет. Анатомия, фи­зио­логия, медицинаға бай­ла­ныс­ты соңғы шыққан ғылыми жаңалықтарды, кітаптар­ды жиі оқып, білімін же­тіл­діріп отыруға күш салуы керек. Қызмет­кер­ле­рі­м­нен де мен соны талап етемін. Науқастарды емдеуге бай­ланысты пі­кірлерін біліп, жасаған оталарына қатысып, білім дең­гейін, кәсіби шебер­лігін тек­серіп отырамын. Кемшіліктерін айтып отыру да парыз. Табал­дырықты аттаған әр пациентке жоғары деңгейде қызмет көрсетуге тырысамыз. Оларға нәтижелі емнен бөлек, жанын сауықтырар жылы сөз де аса қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста