Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, «Тамаша» ойын-сауық отауының тұңғыш редакторы:
«Думанды, дулы кез еді ол»
– Қойшығұл аға, әуелгі әңгімені талай буынды күлдіре отырып тәрбиелеген «Тамаша» ойын-сауық отауынан бастасақ дейміз. Сіз осы әзіл отауының іргетасын қалағандардың бірісіз. «Тамаша» еске түскенде өткен күндер қандай сыр шертеді?
– Тағдыр деген қызық қой... Егер мені қазақтың белгілі домбырашысы, Қазанғап күйшіні өмірге қайта әкелуші, өзін қай жерде де «Көтібар батырдың тұқымымын» деп таныстыратын Сәдуақас Балмағамбетов кездестіріп, Қазақ телевизиясының музыкалық бағдарламалар бас редакциясына қызметке келуге үгіттемегенде, сол «Тамаша» ойын-сауық отауы бағдарламасы дүниеге келер ме еді, жоқ па еді?! Ол мен қызмет істейтін Мәдениет министрлігінің әдістемелік кабинетінің терезесінің алдынан күнде өтетін. Бас изесеміз. Бірде қолында домбырасы бар, қызулау келе жатыр екен. «Сен осы қай жақтың баласысың?» деп жармасты. Терезенің алдынан күнде өтетіні – үйі осы жерде екен. Үйіне алып барды. Дуылдатып түнімен күй тартты. Қысқасы, таңертең мен осы үйден Қазанғапқа ғашық болып, Көтібар батырдың тұқымына бас иіп, Тұңғышбай айтқандай, «тақылына – мақұл» деп шықтым. Ол мені ертесіне атақты композитор, өзі шешен, өзі көсем Жолан Дәстеновке алып барды. Жоландай өте инабатты, аса зиялы бастықтар сол кезеңде сиректеу еді. Әнуарбек Шымановты, Камал Смайыловты кейінірек кездестірдік қой. Сонымен, Жолан Дәстенов мені қызметке алатын болды. Маған «ана жұмысыңнан жылдам босап кел» деп қатты тапсырды. Жұмыстан бір аптада босап, «жолаяғымды» жасап, қызметтестерімнен сый-сияпат көріп, ертесіне Қазақ телевизиясына келсем, Жолан жоқ. Жолсапарға кетіпті. Кадр бөліміне барсам, оның бастығы: «Қызметке Жолан алмайды, біз аламыз, ал сіздің мамандығыңыз журналист екен, бізге музыкант керек, музыка редакциясына жарамайсыз» деп қайырды. Ана жұмыстан шығып кеттім, қайтып баруға намыс жібермейді. Сөйтсем, кадр бөлімінің бастығы ол редакцияға өзінің жерлесін алмақшы екен. Кейін бүкіл елдің аузында мәтел болып кеткен даңғайыр жазушы, сатирик ағам Берқайыр Аманшиннің:
Бір жақсы орын босап еді,
Маған оны бермейді.
Биография келгенмен
Географияң келмейді, – деген өлеңі менің айтуыммен осы оқиғаға байланысты шығып еді. Жолан келіп барлық мәселені жедел шешті де, өзі консерваторияға мұғалімдікке ауысып кетті. Егер осы Жоланның бірсөзділігі, қайтпас мінезі болмаса, менің Қазақ телевизиясына қызметке келуім екіталай-тұғын. Олай болса, осы «Тамашаны» басқа кісі ашар ма еді, кім біледі?
«Тамашаны» Республика сарайына алып шыққан Камал Смайылов, орысшаға аудартып, Мәскеуден көрсеткен Ғадылбек Шалахметов, Қазақ телевизиясына бір емес, үш қайтара директор болған, осы бағдарламаны қанатының астына алып қорғаштаған Рафаэль Жұмабаев еді. Егер қазақ өнерінің дамуы үшін жанын аямайтын осындай аяулы адамдар болмаса, «Тамаша» «Тамаша» болмас еді, әрине.
«Тамашаның» ең басты адамдары – сатириктер. Мен осы бағдарламаны басқарған тұста Оспанхан Әубәкіров өз қолымен бір рет қана сценарий жазды, қалғанын өзіміз түздік. Әсіресе Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаев Осекең шығармаларынан көптеген скетчтерді дүниеге әкелді. Ал Берқайыр Аманшин біз қандай «заказ» берсек, дәл сол ойымыздағыны әкелетін.
Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов, Батырхан Дәрімбетов, Шөмішбай Сариев, Жарасқан Әбдірашевтердің сол жылдардағы шығармашылығын «Тамашадан» бөліп қарауға әсте болмас. Осы күнгі мықтыларымыз, менің қарамағымда істеген Көпен Әмір-Бек, Толымбек Әлімбек, Берік Садыров, марқұм Басқар Битановтардың шырайлы сықақтары «Тамашаны» тамаша қылды. Сол тұста ауылдағы жұрт малын ерте қоралап, қаладағы ел футболдан гөрі біздің бағдарламаға басымдық бергенін айтсам, асылық сөз емес. Қазіргі Серік Аббас-шах болып аты шыққан сатирик те өнер жолын осы «Тамашаға» қалам тартудан бастаған. Тұңғышбай, Құдайберген, Мейірман, Тоқсын, Уайс, Қадырбек, Бақыт Айтова, Шолпан Байғабылова, Лидия Кәденова, Бауыржан, Данагүл, Гүлжан... Міне, осылар жасады «Тамашаны». Қалғандары алдыңғы арбаның ізімен келе жатқандар. Құдайшылығын айтсақ, бағдарламаны бастауында мен ойлап тапсам да, «Тамашаны» «Тамаша» қылып бір ізге салған – Тұңғышбай мен Құдайберген. Сосын көлеңкесі, күнгейі бар, қалай десек те, Лұқпан Есеновтің еңбегі ересен. Бұлардың еңбегі баяғы атом мұзжарғышымен тең. Өйткені сатира осылар арқылы тұңғыш рет сахнаға жол салып еді. Менің сағынышқа толы өткен күндерім – осылармен өткен айғай-шулы, думанды, дулы кездер...
«Тамашаға» үш келіп, үш кеттім
– «Тамаша» мен Сіз туралы ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Максим Қорғанбаевтың «Қойды баға білмеген қуалап өлтіреді, Қойшығұлды бағалай білмеген қудалап өлтіреді» деген әзілі бар екен. Бұл, сірә, «Тамашадан» шетқақпай көріп жүрген күндеріңіздің бірінде айтылса керек. Дегенмен Лұқпан Есенов өмірінің соңғы жылдарында «Тамашаны» алып қалуға шақырыпты. Неге бас тарттыңыз?
– Мен «Тамашаға» үш келіп, үш кеттім. Бірінші кетуім «Сені көлден айырған, Лашын құстың екпіні. Мені елімнен айырған, Хан Жәңгірдің тепкіні», – дегендей, «Тамашадағы» айтылған артық-ауыс әзілдерді шынға балап, мені анда-мында шақырту, ескерту көбейді. Бір күні сол кездегі Республикалық Теле-радио комитетінің бастығы Хамит Хасенов шақыртты. Менімен бірге сол кездегі бастығым, «Тамашаның» музыкалық жағынан аса сауатты шығуына бар күшін салған композитор Кеңес Дүйсекеев, атақты режиссер Сапарғали Шәріпов барды. Мен бұл кезде мақтау сөзге әбден бойым үйреніңкіреп, ылғи мақтау естуге өзім де ыңғайланып қалып едім. Председательдің шақыруына кәдімгідей арқаланып бардым. Барсақ Хамит Хасеновтың қабағы түсіңкі, әп дегеннен «Бізде осы «Тамашаның» редакторы кім?» деп сұрады. «Мен» деп мақтанышпен атып тұрдым. «Садись, безграмотный редактор, – деп алды да: – Сен неге милицияны сықақтайсың, біз милиция қорғанымыз деп жүрген жоқпыз ба? Ұстаздарды неге келеке қыласың? Әлде ұстаз көрмей өстің бе? Мына «наның, майың көп болса, қарының тоқ болады, қайғың жоқ болады» деген не сөз? Қазақстанда аштық басталды ма?» деп айқайға басты. «Бұл сықақтар Оспанхандікі еді», – деп айта бастап едім, Сапекең қолымнан ұстап, төмен тартып отырғызып, айтқызбады әрі қарай. Осындай ойдағыны айтқызбау, аттатпау тәсілі жан-жақтап, маған орынды босатып, олардың нұсқауымен өз еркіммен ауылыма кетуге тура келді. Сол тұста «Тамаша» әркімнің қолында жүрді. Бәсі төмендеді. Берекесі кетті. Сосын Камал Смайылов Теле-радио комитетіне бастық болғасын мені қайта қызметке шақырды. Екі жыл қызмет істегесін тағы да араға алты жыл салып, үшінші рет «Тамашаға» бастық болдым. Бұл алты жылда мен, жасырары жоқ, «байтал түгіл бас қайғы» болып, бас еркімнен айырылып жүрдім. Осы арада айта кетейін, 1994 жылы менің сотталғандығым алынып тасталды. Бұған Фариза Оңғарсынова, Камал Смайылов, Мұхтар Шаханов секілді қазақтың арда арыстары күш салды. Осы үшінші рет келгенімде өз әріптестерімнің күндестігіне тап болдым. Жаңағы мақалды Максим досым сол кезде шығарды-ау деймін.
– Сол «Тамаша» бүгін де «Тамаша» бола алып отыр ма? Қалай ойлайсыз?
– Ол «Тамаша» жоқ! Неге дейсіз бе? Өзіңіз білетін анекдотты біреу өзіңізге қайырып айтып берсе, күлер ме едіңіз? Күлсеңіз, зорланып, көңіл үшін күлерсіз!
Қазіргі күлкі осындай. Күлкінің дәйегі мен сөздің мәйегі жоғалды. Жоғарыны сынай алмайды, төменді төпелей алмайды, әрі-сәрі, не айтып тұрғандарын, бұл өзі халыққа керек пе, жоқ па, өздері білмейді. Сатира сөз қуатынан айырылса, малдың суатынан айырылғаны сияқты мәңгі болады. Осыны бағамдайтын сауатты, салауатты редактор керек, ол халыққа не керек екенін іздейтін сөз менеджері болуы тиіс. Қазір кез келгені режиссер бола алады, бірақ кез келгені сатираны түсініп, бағалай алмайды. Бар қасірет – осында.
Бүгінгі сатираның «тісі» жоқ
– Қазір не көп, әзіл-сықақ театрлары көп. Болмасын демейміз, әрине. Бірақ солар көрерменнің сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр? Қарапайым көрермен ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Мен қарапайым көрермен емеспін, себебі ол бағдарламалардың іші-сыртын, оның қалай жасалатынын жақсы білемін, сондықтан кәсіби көзбен қараймын. Солай еткенде осы «Тамаша» тектес бағдарламалардың жұрттың бәрін ақымақ санайтын соншалықты тоғышарлығына жаным күйеді. Бір шалдар мен кемпірлерді келеке қылады. Олары милау бірдеңе. Жекелеген адамдарда кемістік, мүкістік болуы мүмкін, бірақ ол бүтін елдің бейнесі емес қой. Ауқымды, елдің жанды жеріне тиетін және жеңіл де көңілді күлкі жоқ! Сондықтан ол жайында әңгіме еткім де келмейді.
– Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі сатираның деңгейі сізді қанағаттандыра ма? Бүгін біз қалай күліп жүрміз?
– Осы әзіл-сықақ театрларының ішінде көпсөзділеу демесек, «Шаншарға» көңілім бұрады. Бізден алғаш рет бөлініп шығып, өз алдына отау құрған, алғашқы аяқалысы қуантқан «Бауыржан-шоу» да тұралап қалды-ау деймін. Қалғандарынікі өткенді шиырлау, жаңалық көре алмай отырмын. Әлгі Лұқпанқызы Әлияны Алматыда кафеге шақырып алып, сосын режиссер Асылбекке де «Тамашаның» форматын өзгертіңдер деп, оның бірнеше жолдарын айтып едім, құлақ аспады, қолдарынан келмеді-ау деймін. Баяғы бір концерттік нөмір, бір сықақпен кезектесіп айдай беретін бағдарламалардан жұрт жалықты. Жалпы, Қазақстанға кәсіби сатира театры керек. Мұнда шартты түрде айтсақ, Шекспирден бастап Шерімовке дейінгі комедиялық, сатиралық дүниелер көрініс тапса, құба-құп. Директорлығына үлкен ұйымдастырушы Тұңғышбай Жаманқұловтың тұлғасы сұранып-ақ тұр. Бүгінгі сатираның «тісі» жоқ, кәкір-шүкірдің маңайында жүрміз. Сықақ, юмор дегеніңіздің әсері саясатыңызды шайқалақтатып жібереді. Адамдарды қылығына, сөзіне абай болуға үйретеді. Бір ретте – сатира рухани тәрбиеші де. Әркімнің жазғанын талғамай жұтқан редактор, «попугай» болып, не жазылса соны қақылдап орындап беретін ойсыз актерлер сахнадан кетпей, өнер көгермейді. Жалпы, актерлердің не берсе, соны ойнап, талғамсыздыққа бой ұрып, көрерменіне жеккөрінішті болып бара жатқаны рас.
– Күлкі тек жанға дәру ғана емес, ол қару да бола алады. «Күлдіріп тұрып жылатады өмір» дейді. Өзіңіздің күліп тұрып жылаған сәтіңіз болды ма?
– Жылап жүріп күлген сәттерім немесе керісінше жағдайлар көп болды. 90-жылдары Балқаш түрмесінде жүргенімде сотталғандарға арабшадан сабақ бердім, имандылыққа үйреттім, одан шыққан соң, мен сонда жүргенде өмірден өткен ата-анама бір уыс топырақ сала алмағаныма күйініп, қоймастан арақ іштім. Қарап отырсаң осының өзі бір-біріне кереғар нәрсе емес пе? Күлесің бе, жылайсың ба? Абайдың:
Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты, – дегені осы «Тамашадан» көрініс бермей ме? «Тамаша» сол әртістердің бәріне тамақ болды, атақ әперді, кейбіреулері қатарлап үй салып алды, машина мінді, ең бастысы, халыққа танымал етті, тіпті ел сүйіктісіне айналды, ал соның бәріне жол ашқан мені олар аузына да алмайды. Қызғаныш деген қызыл ит шындықты айтуға жібере ме? Абайдың «ызалы күлкісі» осындайда келеді.
– «Саяси сатира – сөз бостандығының бір нышаны» дейді. Біздегі бүгінгі саяси сатираның бағыт-бағдары қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстанда саяси сатира деген жоқ қой. Оларға бұлай істеме, қой мұныңды деп отырған ешкім болмаса да, Оспанхан айтқандай, «тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» деген принциппен діні үшін емес, күні үшін жазатын сатириктер көп, актерлеріміз де саясаттың пәлесінен аулақ жүргісі келеді. Ал саясат – мемлекеттің бейнесі. Осы бейнені ластамау үшін неге біз өзіміздің азаматтық көзқарасымызды таныта алмаймыз? Үйіміз ыбырсып жатса, оны жинамаймыз ба? Саясатты тек Президентті сынау деп түсіну, Президентті сынағаным күштілігім деген түсінік аса бекершілік және басшысына жармасқан ел оңбайды. Елде саяси сатираға лайық тақырып көп. Оны өзіміз пайдалана алмай отырмыз.
– Күлкі күнінде өзіңіздің басыңыздан өткерген ең күлкілі жағдайды айтсаңыз.
– Он бес-он алтылардағы кезім болса керек, көрші ауылдың қызына қырындадым. Жаз еді. Әлгі бір әнде айтылғандай, шешесі саңырау да, әкесі ауру екен «ғашығымның». Сыртта масаханада ұйықтайды екен. Өзімше үлкен жігіттердей болып, қызға «кешке масаханаңа кірем» деп, шетте өзі, сосын анасы мен әкесі жататынын білдім. Ай жарық болды. Түнгі екі-үш шамасында масаханаға кіріп, қыздың қолынан ұстай бергенім сол еді, біреу тас қылып қолыма жармаса кетті. Шешесі. Сасып қалған мен қолымды жұлқи тартып, басыммен масахананы іле қаштым, оны басымнан алып тастай алмай, жанталасып шарбаққа соғылдым, әрең дегенде қашып шығып, содан 12 шақырым жердегі ауылыма дейін жүгірдім. Таңертең жайырақ оянып жатсам, пештің арғы жағында анаммен шай ішіп отырған саңырау кемпір менің анама «құдағай-ау» деп қойып, сампылдап отыр. Анам «мына көксоққанның құдағайы несі?» деп ештеңе түсінбей әлек. Сол балалығымды еске алсам, әлі күнге дейін күлемін.
– Күлкі күнінің қарсаңында сұхбаттасып отырғандықтан, мұны да сұрап қалайық. «Алаш айнасы» газетінде «Белгілі есімнің белгісіз сыры» деген айдар бар. Сіздің аты-жөніңіздің өзі қызықты сырға толы секілді...
– Мен бірнеше қыздан кейін дүниеге келген екенмін. Менен бұрынғы бір ер бала қайтыс болыпты. Анам мені босанып жатқанда Әмен деген ақсақал келіп, «әкесі қойшы, шешесі қойшы, қойшы болса арам өлмес» деп, Қойшығұл қойған екен дейді. Біреулер осы елде Қойшығұл деген атақты адам болған, ақсақал соған меңзеген дейді. Қырғыздар мені өздерінің туысы екен деп қалады. Жылқышы деген – атам. Аудандық газетте жүргенімде бір атақты шопан менің аты-жөніме сенбей, «мен шопан болғасын мені келеке қылып отырсың» деп үйінен қуып шыққаны да бар. Көп адам псевдоним екен деп те қалады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Жағымпаздық, жерлестік, руластықты жеңіп, біртұтас қазақтың намысын жыртайық. Жағамызға жармаспайық, ағамызбен арбаспайық, інімізді ренжітпейік, ділімізді, дінімізді түзейік, ел аман болса, пендешілік далада қалады, ең бастысы, әр азамат қай салада жүрсе де, ел алдындағы парызын ұмытпаса екен деймін.