Аманжол ҚАЛЫШ, тарих ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі:
– Аманжол аға, сізде ұлттық құндылықтарымызды халық санасына кешенді тұрғыда сіңірсек, еліміздегі дін, діл, тіл және тағы басқа мәселелер өздігінен шешімін табады-ау деген ой тумай ма?
– Ұлттық құндылықтарымыздың ең басты көрсеткіші – ұлттық сана. Мәселен, жебірей ұлтының екі мың жылға дейін өзінің мемлекеті түгіл, жері болмады. Әлемде тарыдай шашырап жүрді. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында олар өз мемлекетін құруға білек сыбана кірісті. Осы мақсатта 1930-1940 жылдардан бастап Палестинаға жебірейлер шоғырланды. 1947 жылы мемлекетін құрды. Үш мың жыл бойы қолданысқа енбеген өлі тілдерін қайта тірілтті. Жоқтан бар жасады. Мұның бәрі – ұлттық сана-сезімнің арқасы. Өз ұлтын әрдайым мақтаныш қылды. Біз де сондай болуымыз керек. Ұлттық сана-сезімі көтерілген халықтың сапасы артады. Ұлттық сана-сезім салт-дәстүрмен, тілмен бірге бойға сіңеді. Әлбетте, мұнда отбасыдағы тәрбиенің маңызы орасан. Кезінде Ресей Федерациясының Орск қаласында оқып, Алматыға орысша тәрбиеленіп оралдық. Қазақ боламыз деп тек қазақтілді ортамен араластық, үйімізде де тек қазақша сөйлестік. Алматыда шешендер де, сығандар да тұрып жатыр. Олар тек өз тілдерінде сөйлейді. Ал біздегі шала қазақтар балабақша орысша, мектеп орысша, орта орысша деп ақталады. «Бізде қостілділік қалыптасқан» дейміз. Қостілділік жағдайында міндетті түрде біреуі жеңіске жетеді. Әбден орнығып алған орыс тілінің айдарынан жел есіп тұрғалы қай заман? Қаладағы мекеме атаулары мен жарнамалардың басым бөлігі орысша жазылған, оған енді ағылшын тілі қосылып жатыр. Жалпы алғанда, билингвизмнің салдары – бұрынғы қалыптасқан тоталитаризмнен келе жатқан құйтырқы саясаттың жалғасы. Оған қарсы тұрудың құралы мемлекет тілін кең таратудың жолы – өз құндылығымызды арттыру, салт-дәстүрімізді нығайту.
– Күн санап ұлтаралық неке саны артып келеді. Тіпті бейресми деректер бойынша, мұндай некелер саны 40 пайызға шамаланды деген ақпар бар. Өзіңіз айтқан ұлттық сана-сезімнен мақұрым азаматтарымыздың аралас неке салдарынан өзгелерге жұтылып кету қаупі төніп тұрған жоқ па?
– Аралас неке – елімізде 18% шамасында. Өзім осы тақырыпты зерттеп жүргеніме біршама уақыт болды. Әлгі 40% деген дерек орыстар көптеп орнығып қалған аймақтарға тиесілі. Қазақстандағы орыстар арасындағы аралас неке – 30%, Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстанда 70%-дан асса, белорус, поляктарда бұл үрдіс 90-100%-ға дейін жетеді. Поляк, белорус, орыс халықтары бір-бірімен ойланбастан қосыла береді. Өйткені, қалыптасқан мәдениеті, діні, тілі бір. Қазақтарда ұлтаралық неке 10-15%-дан аспайды. Аралас некедегі қазақтардың тең жартысы орыс ұлты азаматтарымен жұптасқан екен. Қалған жартысы түркітектес ұлттармен отбасын құрған. Алматы облысында ұйғырлармен отасқандар көп болса, Оңтүстік Қазақстанда өзбектермен қосылғандар үлесі басым, Солтүстік жақта орыс ұлтымен шаңырақ көтергендер қатары көп. Аралас отбасының құрылуын барлық халық түгелдей қолдай береді деуге болмайды. Әдетте, аралас некеге наразылық білдіретін қарттар әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі болатындығын, оларды өзге ұлттардың түсіне бермейтінін көлденең тартады. Шынында да, әр отбасы басқа ұлттан болған келіннен де, күйеу баладан да өз ғұрпын сақтауды, оны мүмкіндігінше орындауды қалайды. Сондықтан мұндай жағдайға тез бейімделіп кеткендер тату отбасын құрып, екі жақтың да тілін тауып, өз ұлтынан кем болмай, бірігуі қажет. Ал ортақ тіл таппаған жағдайда отбасының шырқы тез бұзылатын кездер де болып тұрады. Сондықтан аралас отбасын құру қай жағынан болса да неке мәселесіне өте мұқият қарауды талап етеді. Ұлттық әдет-ғұрып тосқауылын жеңіп, ұлтаралас отбасын құрған жағдайда екі ұлттың ең жақсы, алдыңғы қатарлы әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері тоғысып, өмірге деген көзқарас кеңейіп, бірін-бірі байыта, дамыта түскендей болуын қажет етеді. Енді Қазақстандағы ұлтаралас отбасылардан шыққан жасөспірімдердің өздерінің ұлтын анықтайтындығына келетін болсақ, мұнда жоғарыда айтылғандай, көп жағдайда олардың тегі, діні, тілі, мәдениеті жақын ұлттарға ұмтылатыны анық байқалады. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірі қазақ болған некелерде жастардың басым бөлігі айрықша қазақ ұлтын қалайды. Мысалы, қазақ-орыс отбасыларында 87,3-тен 95,8%-ға дейінгі жасөспірімдер өздерін қазақ ұлтымыз деп есептейді. Ал қазақ-татар, қазақ-башқұрт, қазақ-өзбек және қазақтардың т.б. аралас түркітектес отбасыларында қазақпыз деп есптейтіндердің көрсеткіштері одан да жоғары, 97,9%-дан 100%-ға дейін.
– Қытайға шығатын қазақ қыздары көбейіп отырған көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Шыны керек, бұл тұрғыда статистикалық дерек жоқ. Бар болса да, өте аз. Бірақ оны мүлде жоққа шығаруға да болмайды. Қытай мемлекеті басқа елге барып қоныстанған өз азаматтарына қаржылай көмек көрсетеді. Қытайлықтар барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, сосын өзге де отандастарын солай қарай тартып отырады. Канададағы Ванкувер қаласы тұрғындарының 70%-ын қытайлар құрайды екен. Қалай кіріп кеткен? Саясаты сұмдық емес пе? Қытайлар отырып қалған, ажырасқан немесе тіпті күйеуі қайтыс болған қыз-келіншектермен қосылып, қалай да көбеюді көздейді.
– Қазақ тарихында әлемдік деңгейдегі соны жаңалықтар ашылып жатыр. Бірақ мектеп бағдарламасындағы оқулықтар ұлттық мақтаныш туғызатын бұл жаңалықтардан бейхабар тәрізді. Неге?
– Дұрыс айтасыз. Бұрын тарих оқулықтары мен кітаптарын Тарих институты ғана шығаратын. Қазір кім болса сол, шамасы жеткеннің бәрі тарих жазатын болған. Көңіл толмайды. Ең ақыры, ертегі кітаптардың өзінің безендіру сапасы төмен. Түк тартпайды. Орыстардың, ағылшындардың ертегі кітаптары балаларды өзіне үйіріп алатындай көркем жасалған. Дамыған елдер өз тарихын қалай әспеттейді?! Солардан үйренуіміз керек. Сосын бізге шынайы ғылым бәсекесі қажет. Қазақ тарихы бес томдық болып жарық көрді. Ол не? Ғасырлардан ғасырларға тереңге кеткен қазақ тарихы бес-ақ томға қалайша сыяды? Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына Хангелді Әбжанов есімді үлкен ғалым директор болып келіп, қазақ тарихын 20 томдық етіп шығарғалы жатыр.
– Мемлекеттің, қаланың, өлкенің тарихы заттай айғақтарымен мұражайларда сақтаулы. Атқамінерлердің көпшілігі мұражайға мұрын шүйіре қарайды. Аудандық мұражайлардың қараусыз қалғаны қай заман? Мұражайды менсінбеу – ата тарихты, қала берді, өз ұлтыңды мансұқтау екенін түсінбейтіндей. Сондай-ақ, кейде мұражай таныстырушы-гид қызметкерлерінің тарихи танымы кеңестік кездегі ұғым-түсініктерден арылмағандығын байқап қаламыз.
– Аймақтардағы жергілікті басшы азаматтар өздері құлшыныс білдіріп, өз жерінен шыққан кәсіпкерлерді тартып, неге мұражайларға жан бітірмейді? Қазір барлығы атағын шығару үшін мешіттер салып жатыр ғой. Мұражай да салсын зәулім етіп. Кім қой деп жатыр? Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультеті, оның ішінде біздің археология, этнология және музеология кафедрасы өз ісіне берілген кәсіпқой жас мамандарды әзірлеп жатыр. Мемлекетте оң бетбұрыс бар. Магистратурада оқыған жас мамандарымыз Мәскеудегі Третьяковский галереясын, Санкт-Петербургтің Эрмитажын, Париждің Луврын көзбен көріп қайтып жатыр. Олардан қәсіпқой маман шығатынына біз әбден сенеміз.
– Ғасырлардан ғасырларға жеткен отбасылық салт-дәстүрімізді діни ағымдар тарапынан жоққа шығару үрдістері көрініс тауып жүр. Бұған не дейсіз?
– Қазір не көп – діни ағымдар мен бірлестіктер көп. Астанадан да, Алматыдан да католиктердің үлкен шіркеулері бой көтерген. Кришна, иогова, баптистердің жаңа шіркеуі сияқты секталардың жетегінде қаншама қаракөздеріміз кетіп жатыр. Мұсылмандар өз ішімізде жіктелудеміз. Ливан деген араб мемлекетінде төрт жарым миллион ғана халық өмір сүреді. Елінде ауызбіршілік жоқ. 1947 жылы отарлаушы француздар кетерінде заңдарына мемлекет президентін – христианин-маронит, премьер-министрін – мұсылман-сүннит, парламент төрағасын – мұсылман-шейіт, оның бір орынбасарын – христианин-православ, екінші орынбасарын христианин-католик етуді енгізіп кеткен. Содан осы күнге дейін елді ала тайдай бүлдірген бүлік пен соғыс толастаған емес. Біздің елде сондай ахуалды қайталатпау үшін мемлекет басшылары ертеңгі күнді, болашақты ойлаулары қажет. Мысалы, әлемдегі 33 түркі халықтарына келсек, оларда да дәл осындай жіктелу көрініс тапқан. Олардың біраз бөлігі мұсылман дінін ұстанады. Ал чуваш, гагауз, алтай, сақалар – христиан дінінің православиесін, қарайым мен қырымшақтар – иудаизмді, тувалар ламаизмді дін ретінде қабылдады. Бәрінің түп отаны – Алтай, ортақ діні тәңіршілдік болды. VIII-IX ғасырлардан бастап арабтар Қазақстан жеріне ислам дінін таратты. Ханафи мазһабы біздің ислам дініне дейінгі құндылықтарымызды ескерді. Екеуінің де құдайды жалғыз деп танығаны сияқты ұқсастықтары жоқ емес еді. Ислам діні мен біздің тәңірлік нанымдарымыз біте қайнасып, халықпен бірге өмір сүрді. Енді шеттен оқып келген дүмше молдалар жаңа түскен жас келін отқа май құймауы қажет, иіліп сәлем салмауы тиіс, қайтыс болған адамның жетісі, қырқы берілмеуі керек деп, ұлттық салт-дәстүрлерімізге тыйым салғысы келеді. Әдет-ғұрыптарымыз қаншама жылдан бері қазақтың қанына сіңіп кеткен жоқ па? Алақандай жерде ғұмыр кешіп жатқан өзбектер ешкімді күтпестен бір күннің ішінде мәйітті жерлейді. Арабтардың жерлеу рәсімін жедел өткізуге асығуы күннің шектен тыс ыстығы әсер ететін болса керек. Ал бізде, қазақтарда – үш күнге дейін қайтыс болған адамды жерлемейді. Өйткені көшпелі халық бір-бірінен шалғай орналасады. Әрі туған-туыс, ағайындары да анағұрлым көбірек. Алыстап бара жатқан ағайынмен байланысты үзбеу үшін сүйек жаңғыртып, әрі тектілігіне қарап, жеті атадан асырып барып қыз алатын қазақта туысқандық, бауырмалдық қатынастар өте жақсы дамыған. Келін отқа майды не үшін құяды? Сол үйге құрмет көрсетудің белгісі бұл. Тағы «өлітірісін» беріп, мал сойып жатамыз. Ежелден «өлі разы болмай, тірі байымайды» деп сенген халқымыздың аруақтарға арнап бағыштағаны. Арабтарда аруақ деген мүлде ұғым жоқ. Біз аруақты айтпағанда, табиғаттың әртүрлі құбылыстарын, тау-тасын, ағаш, бұлағын қасиет тұтамыз. Келесі жолы тағы осында оралуды жазсын деп аруақтарға арнап ағашқа шүберек байлаймыз. Жолымыз болсын, көзіміз ашылсын деген ниетпен бұлақтардың көзін ашамыз. Бәрі де – тәңірлік наным жұрнақтары. Ханафи мазһабымен біте қайнасып, осы күнге дейін сақталып келеді. Ислам дініне дейінгі наным-сенім, салт-дәстүрлер туралы кітаптар да жарық көріп жатыр.
– Кейінгі кездері отандық тарих ғылымында елдің рухын оятардай, ұлттық мақтанышын асқақтатардай қандай тың жаңалықтар бар?
– Тарих ғылымының докторы, профессор, факультетіміздің деканы Жакен Таймағанбетов Түркістан маңайындағы Қошқорған деген жерден біздің заманымыздан 600 мың жыл бұрын адамдар мекендеген тұрақ тапты. Біз өз жерімізге аспаннан салбырап түскен жоқпыз, басқа жақтан көшіп келмеген екенбіз. Ата-бабаларымыз 600 мың жыл бұрын да осында мекен еткен. Ежелден осы жерге түп-тамырымыз байланып өмір сүріп келе жатқан жайымыз бар деген сөз – ол. Бұл әлемдік сенсация тудырды. Қазақтардың пайда болуы туралы екі түрлі көзқарас болды. Бірі – қазақ өз жерінің байырғы тұрғыны, екіншісі – көшіп-қонып келген деген болжам. Атаулы жаңалық таласты болжамдарға нүкте қойды. 1969 жылы Кемал Ақышев Есік қорғанынан «Алтын адам» тапты. Осындай «Алтын адам» тәрізді ескерткіштерді белгілі археологтер З.Самашев, Ә.Төлеубаев, А.Бисенов Қазақстанның басқа да аймақтарынан тапты. Кезінде, 1926 жылы ағылшын археологі Г.Картер дүниедегі ең көп байлықты Тутанхамон табытханасын тапса, одан кейінгі орында Кемал Ақышевтың айды аспанға шығарған «Алтын адамы» тұр. Қазақтар артта қалған деп Жириновскийлер айтып жүр. Солай деген орыстың мемлекеті IX ғасырда пайда бола бастады. Мемлекеттіктің, өркениеттің бір нышаны шәр-шаһар десек, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында II-III ғасырлардан бастап қалалар болды ғой. Бір ғана Түркістанның екі мыңжылдық тарихы бар екен. Қазақтың өз тарихы жоқ, жас мемлекет деп санаға сіңіріп тастады. Біздің елдің бес мыңжылдық тарихы бар. Біздің мыңдаған жылдық тарихымызда бір емес, 25 мемлекет болды. Енді айтыңызшы, кім кімге аға, кім кімге іні?
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Қазақ тілі мәселесін айтып келе жатқанымызға 20 жыл болды. Латын әліпбиіне өтсек, тіл мәселесі жолға қойылатын еді. Қазақтың әп-әдемі ұл-қыздары орысша сөйлесіп бара жатқанын көргенде ішім ашиды. Қазақтың тілінде өзіміз сөйлемесек, кім сөйлейді? Батыс мемлекеттерді айтпағанда, Балтық жағалауы елдері, Армения, Грузия, Өзбекстанда мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындарға тосқауыл кояды. Біз де осыны ойлауымыз керек. Екіншіден, жастарымыз әдет-ғұрыптарымызды жақсы игеріп, ұлттық сана-сезімін дамытуы тиіс. Ұлттық сана-сезім болмаса, ақпараттар тасқыны дамыған мына заманда жұтылып кетеміз. Батыс басқыншылары ақпараттық экспанциямен осы жаз-күз айларында Тунис, Ливия, Мысыр елдерінде не істегенін көріп, біліп отырмыз. Ертең «қап» деп өкініп қалмау үшін өзіміздің ішкі тірегіміз болуы қажет.