Қазақтың саны көбейген сайын өзге ұлттар ақырын-ақырын қазаққа сіңе береді

Мақаш ТӘТІМОВ, Қазақстанның демография ғылымының негізін салушы, саяси ғылымдар докторы:

– Мақаш аға, биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына – 20 жыл. Осы орайда, еліміздің демографиясын терең зерттеп жүрген бірден-бір ғалым ретінде айтыңызшы, осы 20 жыл еліміздің демографиялық ахуалына қалай әсер етті?
– Қазақ елінің басынан өткен талай нәубет қазақтың демографиялық тарихын­да айқын із қалдырды. Өткен ғасырдың басындағы Ресей патшалығының саясаты, одан бергі 30-жылдардағы ашаршылық, 37-38 жылдардағы репрессия, оның артын ала келген Екінші дүниежүзілік соғыс, 50-жылдардан үдере бастау алған Кеңес үкі­ме­тінің орыстандыру саясаты қазақ халқы­ның табиғи өсімінің тамырына балта ша­бу­мен болды. Осы нәубеттердің сал­дары­нан бір кездері Қазақстандағы қазақ ұлтының саны 30 пайызға дейін азайып кетті.
Ал енді «Тәуелсіздік не берді?» деген сауалға келсек, оған нақты жауап беру үшін егемендік алған 20 жылдағы статистикаға көз жүгіртейік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз аумағынан 3 миллионға жуық өзге ұлт өкілі көшіп кетті. Көшкен өзге ұлт өкілдерінің орнын тарихи отанына алыс-жақын шетелдерден оралған қандас­тарымыз толықтырды. Олардың тарихи отанына оралуына жол ашқан – Тәуелсіздік. Өткен ғасырдағы 80-жылдардың соңында демографиялық ахуал біршама оңалғаны байқалады. Бірақ 1999 жылғы көрсеткіш бойынша қазақ әйелдерінен туған бала саны біршама азайғанын көреміз. Нақты статистикаға жүгінер балсақ, 1988 жылы қа­зақ әйелдерінен туған бала саны 208 мың болса, 1999 жылы 138 мыңға азайған. Ал өткен 2010 жыл аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 265 мыңға жетті. Демек, жыл сайынғы қазақ әйелдерінен туатын бала саны жалпы, соңғы 10 жыл ішінде 127 мың­ға көбейген. Яғни қазақ ұлтының саны қарқынды өсіп келе жатыр. Бір кезде 40 пайызға жетпей қалған қазақ халқының үлесі бұл күнде 65 пайызға жетті. Бұл – Тәуел­сіздіктің жемісі.
– Соңғы халық санағы төңірегін­де дау-дамай болғанын білесіз. Баз біреулер санақ қорытындысы бойынша «қазақтардың саны – 67 пайыз» десе, енді бірі «63 пайыз» дейді. Сіздің болжамыңыз бойынша қазір мемлекет құрушы қазақ халқының саны қанша?
– Қазақтардың санына келер болсақ, менің есебім бойынша, дәл бүгінгі күні қазақтар Қазақстан халқының 65 пайызын құрап отыр. Жалпы халықтың өсімі жылына 250 мың адамға жетіп жығылады. Яғни алдағы әр төрт жылда халық саны бір миллионға артады деген сөз. Табиғи өсім мен миграциялық өсімді қоса есептегенде осы жылдың қаңтар айында қазақтардың саны 10 миллион 620 мыңға жетті. Осы қар­қынмен өсер болса, көп ұзамай қазақ­тар Қазақстан халқының үштен екісін құ­райтын болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның критерийі бойынша мемлекеттегі жалпы халықтың үштен екісінен көбі мемлекет құрушы халық болса, ондай мемлекет көпұлтты мемлекет болып есептелмейді. Ме­нің пайымдауымша, бұл күн де ұзақ емес.
– Қоян жылына деген демогра­фиялық болжамыңыз қалай?
– Қашан да қоян жылы қазақ үшін жаман болған емес. Қазақ «қоян-қолтық араласып жатырмыз» дейді. Яғни «береке-бірлікте, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз» деген сөз. Бұл – жақсылықтың нышаны.
Ал қоян – тез өсетін жануар. Сондықтан көк көрпе жиі бүлкілдеу керек. Жай бүлкіл емес, келіншектер көк көрпенің шаңын жақсылап қағуы ләзім. Көк көрпе астынан шығатын «көжектер» көп болуы тиіс. Алла сәтін берсе, елімізде осы жылы жоқ дегенде 370 мың бала дүниеге келеді. Әрине тіршілік бар жерде өлімнің болары хақ. Болжам бойынша осы жылы 150 мыңдай адам өмірден озуы ықтимал. Яғни табиғи өсім 220 мың адамды құрайды. Енді оған көші-қоннан келетін 40 мың оралманды қосар болсақ, жалпы демографиялық өсім 260 мың болмақ.
– Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан демографиялық саясатқа көңіліңіз тола ма? Демографиялық саясат демографиялық өсімге тікелей әсер ете ме?
– «Елімізде демографиялық саясат жүргізіліп жатқан жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Үкімет тарапынан отбасыға, әйелдерге, балаларға деген қам­қорлық жасалып жатыр. Жәрдемақы мөл­шері жыл сайын өсіп келеді. Бірақ қана­ғаттанарлық емес. Мысалы, салыстырмалы түрде қарар болсақ, біздің елде балаларға берілетін жәрдемақы Украинамен салыс­тырғанда 1,5 есе, Белоруссиямен салыс­тыр­ғанда 2 есе, Ресеймен салыстырғанда 5 есе аз екен. Ресейдегі «аналық капитал» – 10 мың доллар. Егер әр бала туғанда 10 мың доллар берсеңіз, біздің ауылдағы әйелдер 10 бала табатынына кәміл сенемін. Қазір ауылда алты-жеті баланың өзі сиреп кетті. Осыны ескерген Үкімет алты-жеті бала тапқан аналарды «Күміс алқа», «Ал­тын алқа» белгілерімен марапаттап жатыр. Бірақ батыр аналарға беріп отырған жәр­демақысы көңіл көншітпейді. Қалада тұратын әйелдердің алты-жеті бала былай тұрсын, төрт-бес бала табуы екіталай. Ал бүгінгі таңда қала халқының саны күн санап өсіп келеді. Сондықтан қала әйелдерін ынталандыруды қолға алу керек. Ол үшін төртінші, бесінші бала тапқан аналарға да марапат беруді ойластырғанымыз жөн болар еді. Мәселен, спортта үшінші орын алғандарды қола медальмен марапаттайды ғой. Сол сияқты бесінші бала үшін «Қола алқа», төртін­ші бала тапқан әйелдерге де орден, медаль беріп, әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру керек. Қола алқаның дәрежесі «Алтын алқа» мен «Күміс алқаның» дәрежесіндей болмаса да, ондай марапат иелеріне кейбір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Ал он баладан артық туған аналарды екін­ші рет «Алтын алқа» белгісімен марапаттап, арнайы статус беру керек. Тіпті кезексіз тегін үймен қамтамасыз етсек те артық болмас.
Менің ойымша, төрт-бес баланың әкесі атанған ер-азаматтарымызды да ынталан­дырсақ жаман болмас еді. Мысалы, ондай ер-азаматтарға «Ардақты әке» деген атақ беруге әбден болатын сияқты. Егер осындай шаралар қолға алынып, амалға асып жатса, нағыз демографиялық дүмпу сонда болар еді. Осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп тұруы шарт. Егер осы істер амалға асар болса, 2023-2024 жылдары Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асары хақ. Ал 2050 жылға барып Қазақстан халқының саны 32 миллионға жетеді деп ойлай­мын.
– Өзіңіз білесіз, көптеген батыс елдерінде демографиялық өсім тоқтаған немесе кеміп барады. Ал бізде демографиялық өсімге қандай да қауіп болуы мүмкін бе?
–«Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегендей, ешқа­шан қамсыз болуға болмайды. Егер Үкімет тарапынан ана мен балаға қолдау әлсіресе, ал қыз-келіншектеріміз батысқа қарап бой түзесе, бір-екіден артық бала таппаса, тұрмысқа шықпай қалатын кәрі қыздар көбейсе, ерлер арасында белсіздік белең алса, онда әрине демографиялық тоқырау болатыны сөзсіз. Дегенмен бізде мұндай жағдай туындай қоймас деп ойлай­мын. Мемлекет тарапынан ана мен балаға деген қолдау оңтайланады, кәрі қыздар мәселесі шешіледі, салауатты өмір салты қалыптасады, аналарымыз ұлттық ментали­тетін ұмытпайды деп үміттенемін. Себебі қазақ халқы – балажан халық. Әйтсе де «Ұлтжанды болмасаң да, балажан болуға тиістісің» дегенді елдің есіне салғым келеді. Өйткені қазіргі таңда материалдық құндылық алдыңғы орынға шықты да, адам құндылығы кейінгі орынға ысырылды. Оған жаһандану мен батыстық идеология тікелей әсер етуде. Дегенмен «балам – бауыр етім» дейтін қазақ небір нәубет заман­да да баладан бас тартқан емес. Сондықтан қазақ ұлт болып сақталып қал­ды. Ал мына мамыражай заманда қазақтың саны арта беретініне сеніммен қараймын.
–  Кейбіреулер бала туу санының азаюын әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен байланыстырады. Шынында да, солай ма? Демогра­фия­лық өсім еліміздің қай аймақ­тарында айқын байқалады?
    – Бала табуды әлеуметтік жағдайға тікелей байлап қою дұрыс емес. Әр бала дүниеге өз несібесімен келеді. Қазақ «бір қозы туылса, бір жусан артық шығады» дейді. Міне, осы сөзді ескеріп отырған Оң­түс­тік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облысы тұрғындары. Атал­мыш өңірлерде әрбір әйелге шаққанда бала саны үшеуден асып, төртеуге жетіп отыр. Осы үрдісті қалған өңірлер жалғас­тыр­са, құба-құп болар еді.
– Аралас неке жайлы қоғамда әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Сіздің көзқарасыңыз қалай? Аралас некенің қазақ ұлтының демогра­фия­лық өсіміне пайдасы мен зияны қандай?
– Аралас некеге біржақты қарауға болмайды. Мен бір оқиғаны айтайын. Мәс­кеуде оқып жүргенімізде, бізбен оқи­тын бір қазақ қызы болгар жігітіне тұрмысқа шықты. Екі бала тапты. Екеуіне де қазақтың атын қойып, қазақша тәрбиелеп өсірді. Осылай болып жатса, несі жаман? Ал егер шетелдік жігітке тұрмысқа шығып, өзге ұлт­тың ұрпағын көбейтіп жатса, әрине өкініш­ті.
Ал енді ел ішіндегі аралас некеге келер болсақ, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Жігіт­теріміз өзге ұлттың қыздарына үйленгенімен одан туған бала қазақ болады. Ал енді қыздарымыз өзге ұлтқа шығып жатса, одан туған жиендердің бүйрегі қазаққа бұрып тұрары анық. Өйткені қазақтың саны көбейген сайын өзге ұлттар ақырын-ақы­рын қазаққа сіңе береді. Осындай кезеңде қазақ қызынан туған баланың тез-ақ қазақ болуы сөзсіз. Екіншіден, қанның араласуы геннің күшеюіне ықпал етеді.
– Мақаш аға, біздің білуімізше сіз Мәскеудің педагогика универ­ситетін, одан соң аспирантурасын бітірдіңіз. Ал демография ғылымы­на қалай келдіңіз?
– Менің демограф болуыма Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тікелей себепші болды. Бұл әңгімені басынан бастайын. 1958 жылдың күзінде қазақстандық 72 жас Украинаға металлург мамандығын алуға аттандық. Солардың бірі Нұрсұлтан Назарбаев еді. Техникумда оқыған алғашқы күндерден-ақ Нұрекең өзінің зеректігімен, білімділігімен, алғырлығымен, аса жоғарғы ұйымдастырушылық қабілетімен бірден көзге түсті. Тау-кен тобының жетекшісі бол­ды. Спортпен айналысатын. Жастығына қарамастан өзін үлкендерше ұстайтын. Көре­ген ұстаздар сол кезде-ақ «сендердің мына жерлестерің, Назарбаев ертең-ақ Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болады» деп, бізге оны дәйім үлгі етіп оты­ратын.
Алғашында мен Нұрекеңді сырттай ғана танитынмын. Бір күні ерте тұрып, жатақхананың дәлізіне шықсам, Нұрекең скакалкамен секіріп, жаттығу жасап жатқан екен. Біз бір-бірімізді көріп, сәлемдестік. Бас­қа сөзге барғамыз жоқ. Сол алғаш бет­пе-бет кездескенде, «кең маңдайлы екен» деп ойладым. Ұлы Октябрь революциясы­ның 41 жылдығына арналған салтанатты жиында Н.Назарбаевпен жақынырақ таны­су­дың сәті түсті. Ол қазақ елінен барған курсанттар атынан мінберге шығып, сөз сөйледі. Сол жиында сөйлеген сөзінен бойындағы лидерлік, шешендік қасиетін бірден-ақ байқадым. Бір мен емес, елден барған жастардың бәрі байқапты. Бәріміз де дән риза болдық. Сондай жауапты жиында талай майталмандардың алдында мінберге шығып, еркін сөз сөйлеу кез кел­ген­нің қолынан келмесі рас. Сол жиыннан кейін етене араласпасақ та, жиі кездесіп жүрдік.
1959 жылы КСРО-да кезекті халық са­на­ғы өткелі жатқан. Оқу орнының ди­ректоры мені шақырып, «оқу орнының жатақханасы тұрғынүй нысаны болып есептелмейді, сол себепті Қазақстаннан келген оқушылар санаққа іліге алмай қалады. Сондықтан сені санақ инспекторы­ның көмекшілігіне ұсынып отырмыз» деді. Ол мені арнайы курста даярлықтан өту үшін бір ай мерзімге сабақтан босатқанын айта келе «сені кім ұсынғанын білесің бе? Сендердің топ жетекшілерің, Назарбаев» деді. Бірақ бізде, краншыларда топ жетек­шісі басқа жігіт болатын. Ал директордың «сендердің топ жетекшілерің» деген сөзінен, Қазақстаннан келгендердің жетек­шісі деп меңзеп отырғанын ұқтым. Шы­нында да, Нұрекең елден барған жастардың жетекшісі болды. Санаққа дайындық бары­сында барлық топ жетекшілері маған көмектесті. Топта оқитын студенттердің тізімін алғаш болып тау-кен тобының же­тек­шісі Назарбаев тапсырды. Сол санақтан кейін менде демографияға деген қызығу­шылық оянды.
Кейін Мәскеудің педагогикалық институтында оқып жүріп, Экономикалық-статистика институтының халықтық-статис­тика сабағына еркін тыңдаушы ретінде қатысып жүрдім. «1959 жылғы санақ бойынша Украинада қанша қазақ тұрды екен» деген сауал мені сол кезде мазалай бастады. Санақ қорытындысын Ленин атындағы кітапханадан іздеп таптым. Сол бір ізденіс әлі есімде. 1959 жылғы санақ қорытындысы бойынша, әскери қызметте жүргендерді қоспағанда Украинада 4 785 этникалық қазақтар тұрған екен.
1964 жылға дейін демография ғылы­мы­на тыйым салынған болатын. Өйткені Кеңес үкіметі құрамындағы өзге ұлттардың қанша қырғынға ұшырағанын құпия ұста­ғысы келді.
Мен мамандығым бойынша емес, жүрек қалауымен демограф болдым. Сон­дықтан да мен өмірімнің 53 жылын демо­гра­фия ғылымына арнадым. Демография ғылымының негізін қаладым десем, артық айтқандық болмас. Демография жайлы еңбектерім шетелдерге де кең тараған.
 – Елге оралғаннан кейін де Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын араластыңыздар ма?
– Украинада екі жылдық оқуды тамам­даған соң, бізді Теміртауға жұмысқа жібер­ді. Онда екі жыл жұмыс істеп, сосын Мәс­кеуге оқуға кеттім. Одан кейін араласа қой­ғанымыз жоқ. Өйткені біз 70-80 жыл­дар­да әр қалада тұрдық.
1991 жылдың соңында азаматтық «Азат» қозғалысының тең төрағасы ретінде мені Н.Назарбаев қабылдауына шақырды. Бұл сол бір Теміртауда бірге жұмыс істеген кездерден кейінгі алғашқы кездесу бола­тын. Кездесуде тек қоғамда қордаланып тұрған мәселелер төңірегінде әңгімелестік. Мемлекеттік тіл, қазақ мектептері, орал­ман­дар жайлы және де басқа да өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіді.
Президенттің тапсырмасымен Үкімет тарапынан нақты бағдарламалар қабыл­данып, талай мәселе шешімін тапқан сәт­тер­де, арада болған сол әңгіменің бос сөз болып қалмағанын түсіндім және оған іш­тей риза болдым.
Сол бір алғашқы кездесу кезінде Нұре­кең менен «қандай өтінішің бар» деп сұра­ды. Мен жеке басым жайлы емес, қоғамдық мәселелер жайлы әңгімені қайта жалғадым. Ол «сен сол баяғы, өз ісіңнің фанаты екенсің ғой» – деді.
Араға екі жыл салып, Елбасы мені Президент Әкімшілігінің Ақпарат және сараптау бөліміне жұмысқа шақырды. Мұны мен Нұрекеңнің достық ықыласы, біліктілігімді бағалауы деп ұқтым. Сол қызметте жүрген екі жылда саясаттану ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғадым.
– Біздің елде демографтар даярлайтын жоғары оқу орны бар ма?
– Тек біздің елде ғана емес, бүкіл Кеңес үкіметі құрамында болған елдерде де демографтар даярлайтын оқу орны жоқ. Демографтар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Карлов университеті Чех елінің Прага қаласында орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен елімізден 20 баланы сол университетке демограф мамандығын меңгеруге жібердік. Олардың алды оқуын бітіріп, елге оралды. Бірқатары әлі оқуларын жалғастыруда.
Бізде демография әлеуметтанудың бір саласы ретінде оқытылады. Демография – әлеуметтанудың діңгегі.
–Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Еліміздегі әрбір отбасында алты-жеті баладан болса екен. Үкімет тарапынан ана мен балаға тиесілі дәрежеде қамқорлық жасалса. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ғасырлар бойы ержүрек бабалары­мыз қорғап келген кең байтақ қазақ жерін әйелдеріміз дархан да дана, елім деп еміренетін текті қазақтың ұрпағымен толтырса екен деп тілеймін.

Қысқаша мағлұмат:
Мақаш Байғалиұлы Тәтімов – демограф ғалым, саясаттану ғылымының алғашқы докторы, Қазақстанда демография ғылымының негізін қалаушы, көші-қон саясатын белсенді насихаттаушы. Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Құрмет орденінің иегері. Санкт-Петербордағы педагогика және психология ғылымдары академиясының Қазақстаннан өкіл-мүшесі. Демография бойынша 12 ғылыми монографияның авторы.
Төрт баланың әкесі.
Үлгі тұтар тұлғалары: жауырыншы Жүгеней, ақын Абай, ел қорғаушы Кене­сары, күйші Құрманғазы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста