Қазақтың қыздарының қолынан бәрі келетініне ерлердің көзі жетті деп ойлаймын
Динар НҮКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру ісінің үздігі:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Кең-байтақ қазақ жерінің қай топырағы да қасиетті. Дегенмен туған жеріңіздің өзіңіз үшін артық тұсы, ерекше астын сызып айтар қадірі мен қасиеті туралы не дер едіңіз?
– Өзім Жамбыл ауданының тумасы екенімді мақтан тұтамын. Жамбыл атамыздың ХХ ғасырдың Гомері атанғанын білесіздер. Бұл өлке – батырлар мен ақындар елі. Тамыры терең, өзегі өлең ақындарымыз, жыршыларымыз көп, өзіндік дәстүрі бар, жері құнарлы, түгін тартсаң, май шығатын, Жамбыл атамыздың, Сүйінбай бабамыздың, Үмбетәлі Кәрібаевтың, композитор – Нұрғиса Тілендиев, қаламгерлер – Сейдахмет Бердіқұлов,Оспанхан Әубәкіров, Мұхамеджан Етекбаев сынды дарындылар шыққан жер. Сондықтан да бұл жер қай жағынан болса да маған өте ыстық.
Алғашқы еңбек жолыңыздан бастап, білім, ғылым саласында, ел тізгініндегі қызметтерде келесіз. Бүгінгі атқарып отырған қызметіңіздің жауапкершілігінің зор екендігін дәлелдеп жату артық болар. Сіз басшылық ететін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Қыз – болашақ ана, ұрпақ әкелуші және тәрбиелеуші. Аталған оқу орнының тағы қандай ерекшеліктері бар?
– Бізде 10 000 мыңға жуық қыз бала оқиды. 1,5 мыңға жуық үлкен ұжымымыз бар. Құдайға тәубе, қыздарымыз өте жақсы, 90 пайызы –ауылдық жерлерден. Көп балалы отбасылардан, жағдайы төмен отбасылардан келген қыздарымыз да бар. Олардың білімге, өнерге деген талпыныстарының жоғары екендігін көріп отырмын. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген сөз бар. Біз қыздарымыздың тәртібіне, жүріс-тұрысына қарап, бақылап отырамыз. Түрлі клубтар жұмыс істейді, үйірмелерге қатыстырамыз, қыздар өнер көрсетеді. Үлкен тарихы бар «Айгүл» ансамбліміз, «Ұлар» ансамблі, одан кейін «Томирис» би ансамблі және «Өнер жастан...» деп аталатын театрымыз бар. Педагогика-психология факультетінде дене шынықтыру және спорт кафедрасы жұмыс істейді. Музыка факультетін өте мықты факультет деп айтуға болады. Спорт жағын алатын болсақ, өздеріңіз естіп жатырсыздар, мемлекетіміздің қоржынына алтын түсірген, әлем чемпионы Майя Манеза – 3 курс студенті.
Екі жылдан кейін университетіміз 70-ке келеді. ТМД елдерінде мұндай университет жоқ. Басқа шетелде саусақпен санарлық. Бұл – игі іс, ата-салтымыздан, бабаларымыздан жалғасып келе жатқан үлкен құрмет, ұлттық дәстүр деп есептеймін. Соған кір келтірмеу үшін біз тек қана маман емес, болашақ ана, болашақ жар дайындаймыз. Киім тігуді, өздерінің дипломдық жұмыстары бар, түрлі-түрлі қазақтың бешпеттерін, көйлектерін, сырмақтарын, киіздерін, оюларын, тоқымаларын қыздар жасап жатады және еңбек сабағының мұғалімдерін дайындаймыз. Қыздарымызға бар жағдайды осы тұрғыда жасап отырмыз.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Өзіңіз басқарып отырған мекеменің жақсылығына, өнерлі, тәрбиелі, білімді қыздарыңыздың барлығына, әрине, біз де қуанамыз. Динар ханым, «гендерлік саясат» деп жүрміз ғой, болмыс-бітім, ұстаным тұрғысында қалай тәрбиелейсіздер?
– Университетімізде «Қазақ аруы» деген курс беріледі. Бұл жерде де қыздың киіну тәртібі, оның жүріс-тұрысына дейін енгізіледі. Қазіргі қоғамда қыздарымыз барлық жағына дайын болуы керек. Олар тек «мен анамын, жармын» деп қана отырмауы керек. Шамасына қарай, қолынан келсе, өзі білімді және жақсы жар болса, тіпті, саясатқа, қазіргі кезде қоғамдық өмірдің қай саласына араласам десе, қай сатыға шығам десе, қай кезде де оған жол ашық. Әйел затының қашан да жөні бөлек. Өйткені қиын-қыстау кездерде қыздар екі білегін сыбанып, Қытайға барып, шетел асып, ала сөмкелерін арқалап, ерлерін төмен қаратпау үшін, мұңайтпау үшін, бала-шағасын асырау үшін, барлығын тастап, бел буып, шешімге келіп, экономикаға, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен үлесін қосқан. Сондықтан қазақтың қыздарының қолынан бәрі келетініне ерлердің көзі жетті деп ойлаймын. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде, қиын сағаттарда қыздарымыз қолына қылышын асынып, найзасын көтеріп, қару-жарағын алып, Отанды да қорғаған. Казір бәсекеге қабілетті болу керек дейміз. Ол тек – ерлер бәсекеге қабілетті емес, бүкіл қоғам бәсекеге қабілетті болу керек деген сөз. Әлемнің кеңістігіне еніп, білім мен білікті ұштастырып, қоғамдағы қызметке де араласу керек. Егер де барлық жағынан сай болып, үйіндегі азаматы рұқсатын беріп тұрса, иық тіресе отырып жұмыс жасаса, қоғамға да, өзінің отбасына да жаман болмайды. Өйткені мемлекетіміздің кішкентай бөлігі ол – отбасы. Сондықтан әрбір отбасы жақсы, әрбір отбасы табысты, әрбір отбасы үлгілі болса, қоғам үшін, мемлекет үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Қазіргі кезде «мынаны сен істе», «мынаны мен істейін» деген болмайды, кімнің қабілеті сай келсе, сол істеу керек. Әйелінің шамасы, қабілеті жетіп, табысы жақсы болып, бизнеспен айналысса, «жоқ сен үйде отыр, мен асыраймын» деп ері айта алмайды ғой. Ер-азаматтар бұған түсіністікпен қарайды. Сондықтан қайсысының қолынан келеді, қайсысы бәсекеге төтеп бере алады, сол жұмыс жасап, отбасына, еліне үлкен үлесін қосу керек деп ойлаймын.
– Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы елімізде нәтижесін беріп, білім алып келген жастар еңбекке араласып жатыр. Дегенмен мектеп бітірте салып, шетелге қыз баланы оқыту жайлы түрлі пікірлер бар. Қыз баланың оқуын шетелде қай жасынан жалғастырғаны жөн?
– Барша жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасымен осы уақытқа дейін оқып келген 3 мыңнан астам жастарымыз бар. Кейінгі бір-екі жылда бакалаврға түспейтін болды. Бакалаврды бітіргеннен кейін магистратурасына түсіп, баруға болады. Мектепті бітіре салып, шетелге кету, әрине, қиын жағдай. «Болашақ» бағдарламасының біздің жастарға берері көп. Олар келіп, біздің экономиканы, бизнесті көтеруге өздерінің тарапынан көптеген жұмыстар жасап жатыр. Мысалы, менің қызым шет мемлекетке 1-курстан барып оқимын десе, мүмкін, мен жібермес едім деп ойлаймын. Өйткені қыздар – нәзік жан. Мектеп бітіргеннен кейін балалар толқып тұрады ғой. Сондықтан сол толқуы басылып, бірнеше жыл оқығаннан кейін өзіне не керектігін, қандай білім алу керек екендігін, қай жерге бару керек екендігін, білімнің қаншалықты деңгейі керек екендігін біледі. Бастапқыда ата-анасының қасында болғаны дұрыс деп ойлаймын.
– Тәуелсіздік жылдары білім саласында әртүрлі реформалар орын алды. Шетелдердің тәжірибесіне сүйендік. Бүгінгі Қазақ мемлекетіндегі білім саласына көңіліңіз толатын және көңіліңіз толмайтын тұстары бар ма?
– Елбасымыз: «Ұлттық білім жүйесін сақтай отырып, басқа мемлекеттердің жақсы тәжірбиесін ендіру керек», – деді. Біз де соған талпынып, өзіміздің тұрғымыздан жұмыс жасап жатырмыз. Еліміздің білім саласы 2010 жылдан бастап, Болон үдерісіне енді. Бұл үдеріске қатысуымыздың мақсаты – оның негізгі қағидаларын жүзеге асыру арқылы Қазақстанның жоғары білімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары мектеп дамуының негізгі бағыттары мен оның артықшылықтарын айқындау және әлемдік білім кеңістігіне ену. Бұл үдеріс ұлттың зияткерлік әлеуетін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өзінің оң әсерін тигізеді деп көзделіп отыр. Болон процесінің негізгі принциптері – студенттермен, оқытушылармен алмасу, заманауи білімді жетілдіру. Мысалы, министрліктің тарапынан 12 млн тенге алып отырмыз. Соған шет мемлекеттен ағылшын пәнін жүргізуге оқытушылар шақыртып отырмыз. Осы тұрғыдан бір семестр бізде оқыса, студенттеріміз, екінші семестрде басқа мемлекетке барып, олармен тәжірибе алмасып, білімін өзімізге сіңіру. Шетелден бізге де келеді. Болон процесінің принципі тағы бір – үш сатылы оқу. Бакалавр, магистратура, PhD докторантура. Біздің университетімізде 43 мамандықтан – бакалавр, 22 мамандықтан – магистратура, 4 мамандықтан PhD докторантура бар.
– Еліміздің білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жоғары оқу орындарының санын қысқартуға байланысты мәселелер көтеріп, биыл нақты іске көшетіні айтылды. Сіздіңше, оқу орындарын қысқартқан жағдайда білім сапасы арта ма?
– Білім және ғылым министрлігі Елбасының тапсырмасын орындау барысында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Ең бірінші талап – білім сапасын арттыру. Біздің білім сапамыз төмен болса, қалай бәсекеге қабілетті боламыз? Көп бағдарламалар қабылданып жатыр. 2013-2016 жылға функционалды сауаттылыққа арнайы бағдарлама қабылданды. Білімді алып қана қоймай, оның қолдану аясын кеңейту, сол арқылы жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру. Бұл тұрғыда көп жұмыстар жасалып жатыр. Білім сапасын арттыру үшін қыздарымызды шетелдерге жіберіп жатырмыз: Қытайдың Синьцзянь педагогикалық университетіне, Түркияның Нигде университетіне, Англияға 10 студентімізді бір семестрге жіберіп жатырмыз. Міне, осындай жұмыстар жасалып жатыр. Білім сапасы арту үшін, оған берген диплом, қолына ұстатқан құжат сәйкес болу керек. Шет мемлекеттермен салыстырғанда бізде жоғары оқу орындары жетіп-артылады. Жекеменшік жоғары оқу орындары көбейіп кетті. Бірақ олардың беріп отырған білім сапасы өте төмен. Оларды ірілендіріп жатыр. Іріленгенде олардың сапасы арту керек, мәселе осында болып тұр.
Университетімізде қытай, парсы, түрік тілі орталығы бар. Құдай қаласа, біз «Көптілді орталық» ашайық деп жатырмыз. Қыздарымыз жапон тілін оқығысы келеді. Олар сол елдің тілін оқығаннан кейін, сол мемлекеттің салт-дәстүрімен танысқысы келеді. Мүмкін, болашақта сол жаққа барғысы келеді, жұмыс жасағысы келеді. Бұл ретте біз білімге тартылған жастарға тек қолдау көрсетеміз.
– Шетелде оқитын кейбір қыздар мейлі түрік, мейлі жапон, мейлі қытай болсын, сол елдің тілін, дәстүрін, салтын ұғынып, сол жақта жұмыс істегісі келеді. Әрине, қыздардың Алла тағаланың жаратуы бойынша, жұп құрып, тұрмысқа шығуы заңдылық болуы керек. «Өзге елдің тілін біліп, дәстүр-салтына қанығу – қазақ қыздарының шетелдіктерге көбірек тұрмысқа шығуына себеп болып, бұл үрдіс белең алып кетпей ме екен?» деген сұрақ туады. Қазақ қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы жайында не дейсіз?
– Қыздарымыздың басқа ұлтқа тұрмысқа шығуына мен қарсымын. Әрине, махаббат, басқа да сезім болып жатады. Басқа мемлекетте тұрғаннан кейін өзінің елін, жерін, үйін сағынады. Мен сондай қыздардың талайын көріп жүрмін. Біздің ұлтқа тән салт-дәстүрге жетер, біздің ер-азаматтарға тең келер басқа ұлт жоқ деп ойлаймын. Әрине, тұрмыс құру, ол – әркімнің өз ісі. «Сен анаған шық, мынаған шық» деп ақыл үйретуге біздің ешқандай құқымыз жоқ. Бірақ өз басым ұл-қыздарымыз ұлттық тәрбиеден ажырамасын деп тілеймін. Құдандалы болу, сол үйге барып, өзіңнің салт-санаңмен, дәстүріңмен құда болған қандай тамаша! Қазақтың болмысын көрсеткен қандай керемет! Ұрпағың қазақ болып, төл ұлтың өседі, отбасың ұлғайып, тегің жалғасады. Қызды жат жұрттыққа жаратқан дегеннен кейін, басқа да ұлтқа кетіп жатады. Бірақ мен қыздарының басқа ұлтқа шығып кеткеніне бірталай ата-аналардың қапаланып отырғанын білемін. Кейбіреулері кешірмей жатады. Мен өзім де үлкен отбасында өстім. Біз – бес қыз, бір ұлмыз. Ата-анамыз бізге қазақы тәрбие берді. Әпкелерім, сіңлім шетелде оқыды. Әкем көзіне жас алып отырып: «Сен басқа ұлтқа шығып кетпе! Ол жерде түрлі-түрлі ұлттар бар. Олардың біз салт-дәстүрін білмейміз, басқа діндегі адамдар. Біздің дініміз – ислам. Сендер бізді жерге қаратпаңдар!» – деп айтатын. «Жерге қаратпа» дегені – басқа ұлтқа тұрмысқа шығып кетпе, өзіңнің ұлтыңды сүй, өзіңнің ұлтыңды ардақта, әрдайым өзіңнің ұлтыңды көтермеле дегені. Қазақтың жігіттеріне жетер ешкім жоқ деп айтатын әкем. Әлемдік білім кеңістігіне кіріп жатырмыз. Олардың жақсылығын алып жатырмыз, олар біздің жақсылығымызды алып жатыр. Әсіресе, қыздар өте еліктегіш келеді. Сондықтан да басқа ұлттың жақсы жағын ғана алу керек деп ойлаймын. Қыз бала –болашақтың жалғастырушысы, ол – ана. Ана – ұлттың бет-бейнесі. Ана қандай болса, оның балалары, ұрпағы, болашағы да сондай болады. Сондықтан мемлекетіміз келешекте бәсекеге қабілетті болу үшін, біріншіден, мықты денсаулық керек. Ол үшін біздің қыздарымыз түрлі жат қылықтардан аулақ болып, жақсы білім алу керек. Өзіміздің жігіттерді ұлықтап, өзіміздің жігіттерді, азаматтарды сыйлау керек деп ойлаймын.
– Енді университет қабырғасындағы соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз....
– Университетімізде кредиттік технология, модульдік оқыту толығымен енгізіліп жатыр. Оқу процесін түгелімен автоматтандырып жатқан жайымыз бар. Электронды кітапхана жасап, түгел дерлік электрондық зал болады. Жатақханаларды, кітапхананы күрделі жөндеуден өткіздік. Профессор, педагогтеріміздің алдына қоятын талабымыз – электрондық оқулықтар, көптілділік. Осыған үлкен ден қойып жатырмыз. Бұл – өмір талабы. Елбасымыздың алдымызға қойып отырған талабы – көп тіл білсең, жерде қалмайсың. Жан-жақты болған, тіл білген, мәдениетті меңгерген, салт-дәстүрін түсінетін адам жаман болмайды деп ойлаймын. Көбінесе ағылшын тілін білмегендігімізден бәсекеге қабілетіміз бәсеңдеп жатады. Сондықтан да министрлігіміздің алдымызға қойып отырған талабы – көптілді білім беру. Қазақ филологиясы және әлем тілдері деген факультет ашып отырмыз. Одан кейін пәндерді ағылшын тілінде жүргізу. Жан-жақты жұмыстар жасап жатырмыз. Осының өзі де аз емес деп ойлаймын.
– Енді елге айтар тілегіңізбен бүгінгі сұхбатымызды түйіндесек.
– Алдымызға қойылып отырған талап өте үлкен. Біз Болон процесінің біз мүшесіміз. Бірлескен оқу бағдарламаларын құрсақ, шетелдік жақсы деген ғалымдарды шақырып, елімізде олардың лекцияларын студенттерімізге тыңдатсақ, түгел дерлік оқулықтар электронды болса, университетіміз түгел дерлік автоматтандырылса, соның барлығы 1 қыркүйектен бастап жұмыс жасайды. Педагог-профессорларымызды қолдау мақсатында олардың жалақыларын молайтуды қарастырып жатырмыз. Барлығы бірдей жалақы алмайды, кім бәсекеге қабілетті, жұмысты жақсы жасайды, соның жалақысына біз қомақты қаражат қосамыз.
Еңбек адамдарына өте үлкен қажырлылық тілеймін. Болашақтағы білім алушылардың, бітірушілеріміздің еңбегі, еңбек адамдарының еңбегі бағаланса деп ойлаймыз. Ол тек қана қаражатпен бағалану емес, солардың берген білімі біздің болашағымыздың білімін арттырса, кепіл болса... Бәсекеге қабілетті еңбек адамдарын қолдау, еңбек адамдарын көтеру, ол – өте үлкен, қазіргі кездегі біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз. Сондықтан да барлық еңбек адамдарына, бүкіл халыққа мықты денсаулық, жақсылық тілеймін, еңбектері елене берсін. Болашағымыз жарқын болсын!
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!