Мұрат ҒЫЛМАНОВ, биология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі:
– Мұрат Құрмашұлы, біз, бір қарағанда, шикізат бұғауын бұзуға талпыныс жасап, инновациялық жаңалықтарға даңғыл жол ашып қойған тәріздіміз. Бірақ жоғары технологияны өз елімізде қолдануда индустриялық-инновациялық жобалардың жұмысы әлі де шабан екені жасырын емес. Ғалым ретінде сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Негізінде, біздің ғалымдарымыз ғылым жолында ізденуден, ашқан жаңалығының жобасын жарқыратып көрсете білуден кенде емес. Арамызда білікті, ізденімпаз, ғылымға шын жанашырлықпен қарайтын азаматтар баршылық. Олардың қайсыбірінің ашқан жаңалықтарына азуын айға білеген Батыстың өзі тамсанып қарайтын кездер де болған. Амал не, сол ғылымға адал ғалымдарымыздың еңбегі еленбей жүр. Мәселен, 1991 жылдары ғылымды елеп-ескеру былай тұрсын, қазақ ғалымдары күнкөрістің қамын ойлап, айлығын шай-пұлына жеткізе алмай уайым жеді. Бұдан соң Тәуелсіздігіміз мүшел жасқа енгенде «Қазақстан экономикасын ғылыми негізге бағыттаймыз. Ғылым мен өндірістің арасын жалғаймыз» деген пікірлер көтерілді. Әйтсе де құзырлы орындар ғалымдардың ашқан жаңалығын өндіріске енгізіп, бар дүниені тиімді пайдалану жағына аса мән бере алмай отыр. Қажет десеңіз, «біз ғылыми жетістіктерді, жаңа қуатты технологияны шетелден-ақ сатып ала саламыз, оның өзіміз шығарамыз деп еңбектенетін несі бар?» деген атқамінерлер де болған. Ал осыдан кейін біздің индустриялық-инновациялық жобалардың тасы өрге домалай қояр ма екен?! Біздің де инновацияға сұранып тұрған талай жаңалықтарымыз тұншығып жатыр.
– Мәселен, қандай жобаларыңызды «шаң басып жатыр»?
– «Мыналарың ғажап! Дереу өндіріске енгіземіз!» деп жобаларымыздың бір парасын қытайлар сатып алғысы келеді. Қазір дамушы елдердің дені рухани таза, шынайы жаңалыққа ашығып отыр. Бір қуанарлығы, мұндай таза ізденіспен, шынайылықпен жаңалық ашу қазақ ғалымдарының қолынан келіп-ақ жатыр. Қазір қанша жерден ғалымдардың жалақысы өсіп, ғылымға пәлен млрд қаржы бөлініп, ғылым туралы заңға неше мәрте өзгертулер енгізіліп жатқанымен, мұның барлығы елде инновацияны дамытуға аздық етеді. Инновацияны дамытудың бірден-бір жолы – ғылым мен өндірістің арасына өткел салу. Мәселен, біздің М.Ә.Айтқожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты нанотехнологияны қолданудың арқасында татымды-татымды дүниелерге қол жеткізе алды. Ендігі кезекте сол ашқан жаңалықтарымызды жарыққа жарқыратып шығарайық десек, отандық құзырлы орындардың дені құлық таныта қоймайды. Мысалы, біз адамның миы қалай шіритінін, оған не әсер ететінін анықтадық. Адам ағзасында глютомат көбейіп кетсе, ол тікелей миға әсер ететіні белгілі болды. Ал глютомат дегеніңіз тез дайын болатын тағамдарда, мәселен, біз пайдаланып жүрген қытайдың, кәрістердің кеспелерінде көп кездеседі. Сосын теледидардан күн сайын жарнамалап жататын қатырылған сорпаларды (бульон), дәмдеуіштерді тамаққа қосу да зиянды. Балаларымыз үнемі тұтынатын чипсы, кириешки адам миына өте зиянды. Мұндай өнімдерді әсіресе жүкті әйелдер тұтынса, өте қауіпті. Осыған байланысты біз тағамдарда глютоматтың мөлшерін анықтап, оның қайсысы зиянды, қайсысы зиянсыз екенін айқындайтын әдіс ойлап таптық. Қазір осындай өнімдерді тұтынғаннан кейін ұрпағы ұсақталып, халық денсаулығы күрт төмендеп кеткенін аңғарған біраз елдер бұл өнімдерді тұтынуға арнайы заңмен тыйым салды. Ал біздің Мәжіліс бұған әлі самарқау қарап, назар аудармай отыр. Байыптағанға бұл – үлкен мәселе. Өз тарапымнан айтар ұсынысым, осы мәселеге қатысты арнайы заң шығарылып, мұндай өнімдерге белгілі бір шектеу қойылуы керек. Бұған қоса біз жүрек дертіне ем болатын, бронхы-өкпе, яғни тыныс алу жолдары ауруларына дауа беретін наномайлар ойлап таптық. Мысалы, қатты сырқаттанған адамды біздің медицина қалай емдейді? Алысқа бармай-ақ өзімді мысал етейін, күзде отандық дәрігерлер менің де басымды біраз қатырды. Олардың айтуынша, «мен омыртқадан құрт ауруы дертіне шалдыққанмын. Дерттен емделу үшін тоғыз ай ауруханада жатып, күніне жиырмаға тарта таблетка ішуім қажет. Төрт антибиотикті үзбей тоғыз ай қабылдауым керек». Қолхат жазып, ауруханаға жатудан бірден бас тартып, үйге келдім. Ойым – өз әдіс-тәсіліммен емделу. Сөйтіп, өзіміз ойлап тапқан жоғарыда аталған наномайды омыртқамның тұсына терінің сыртынан бір жарым ай жақтым, көріп отырсыз, Аллаға шүкір, алдыңызда отырмын. Барып тексерілдім, дерттен ада болдым. Бұл жетістікке дәрігерлердің өзі таңырқады. Ал ауруханаға жатқанымда дәрі-дәрмектің зардабы бауыр мен бүйрекке кері әсер ететін еді. Улы антибиотиктер ағзама зиянын тигізетін еді. Міне, осы жаңалығымызды халықтың игілігі үшін пайдалансақ деп ойлаймын. Болашақтағы арманым – ашқан жаңалығым қазақтың денсаулығын жақсартуға, халықты сақтауға септігін тигізсе деп ойлаймын.
– Осы уақытқа дейін өз басым біраз ғылыми орталықта болдым, біршама ғалыммен тілдестім. Бәрінің айтатыны – «қаржы жоқ» деген сөз. Ал кенеттен сіздерге Үкімет «міне, қаржы, еңбегіңді көрсет» десе, қайтер едіңіздер? Ондайда, расымен де, ойлап тапқан жаңалықтарыңыз халық денсаулығына оң әсерін беретініне 100 пайыз кепілдік бере аласыз ба?
– Жалпы, біз қолданысқа кеңінен енгізгіміз келетін нанотехнологияны қазір дамыған елдердің дені шарықтау шегіне дейін жеткізіп, әрі қарай дамыған үстіне дамыта түсуде. Өркениетті елдер нанотехнологиялық жүйемен өнім жасау дегенді жете түсінеді. Сондай-ақ оған асқан қызығушылықпен қарайды. Ал біздің қоғам үшін бұл әлі де жат нәрсе болып тұр. Нанотехнология – инновацияның жүрегі іспетті дүние. Адам ағзасындағы басты орган жүрек болса, экономиканы дамытудың, инновацияның күретамырына қан жүгіртудің бірден-бір төте жолы – нанотехнологияға жүгіну. Оған мен 100 пайыз кепілдік бере аламын. Бұл жерде күмәнданудың реті жоқ. Денсаулық саласында ғана нанотехнология бүкіл өнеркәсіпті биікке көтеріп отыр. Мысалы, өзіміз күнделікті тұтынатын ұялы телефон, көлемді теледидар, ғарыш кеңістігінде болып жатқан жаңалықтардың барлығы осы нанотехнологияның көмегімен жүзеге асуда. Ал бізде осы салаға дендеп еніп, технологияның сырын ұғынып, жетістігіне көңіл бөлуге асқан қызығушылық жоқ.
– Өзіңіз білесіз, бізде «ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге қолдау көрсетеді, жаңалықтардың өндіріске бағытталуына ықпал етеді» деп құрылған қорлар баршылық. Әйтсе де осы қорлардың жұмысына көңілі толмайтындар да баршылық. Сіз ғалым ретінде осы қорлардың жұмысына нендей баға бересіз?
– Рас, біздің елде венчурлық мекемелер, технопарктер, инновациялық қорлар немесе агенттіктер мен комитеттер, бизнес-инкубаторлар жетіп-артылады. Бірақ бізге қаржы тауып беруге, жаңалықтарымызды өндіріске енгізуге бұл аталған мекемелер соншалықты ықылас танытқан емес. Тек бір ғана Қазақ ұлттық инновациялық қоры жүрек дертін емдеп, инфаркті болдырмауға әрекет ететін наномайымызды сынақтан өткізуге қаржы бөліп, көмегін тигізді. Бір қызығы, біздің еңбегімізге өзге жұрт қызығушылық танытуда. Мәселен, өткенде мен Францияда «Инфекциялық тыныс жолдары ауруларының алдын алатын нанотехнологиялық әдіс» деген атпен арнайы баяндама жасадым. Әлемнің 500-ден аса ғалымы жиналған басқосуда жаңалығым бәйгенің алдынан келіп, бірінші орынды қанжығама байлап қайттым. Бір қуанғаным, мәреден оза шығып, қазақтың атын шығарып қайттық. Сол-ақ екен, француздар, қытайлар «мына жаңалықтарыңыз халықты сақтауға арналған ірі жоба екен» деп сатып алуға да құлық танытты. Біздегі өндіріске қажетті дүниенің құнсызданып жатқанына қынжыласың. Соншалықты ізденіспен, қажырлы еңбекпен келген дүниені өз елімізде кеңінен қолданысқа енгізіп, кәдеге жаратқың келеді.
– Қазір қоғамда «Қазақстан ғылымы тоқырап қалды, ғалымдарымыз технологияның тілін таппай жүр» деген пікір қалыптасқан. Ал ғалымдар, керісінше, «елде жоқ жаңалық ашудамыз» деген ақпарат береді. Мұндай екіжақты құбылыс неліктен белең алып отыр деп ойлайсыз?
– Мұның астары ғалымдарымыз қоғамға өзін-өзі мойындата алмай жүр. Қарапайым халыққа қазір ғылыми жаңалықтарға назар аударғаннан гөрі тіршіліктің тілін тапқан аса қолайлы. Бүгінде дұрыс бақылаудың жоқтығынан ғылыми бәсекелестік деген атымен құрыды. Ал бәсекелестік жоқ жерде жақсы жетістік нәтиже бермейтіні тағы белгілі. Жалпы, мұндай әрекеттер қазақ ғылымының тынысын кеңейтеді дегенге сену қиын.
– Қалай ойлайсыз, мүмкін, бізге ғылыми жаңалықтарды тат бастырмай өндіріске енгізу үшін жаңалықты жарнамалап отыратын ғылыми менеджерлер керек шығар?
– Әрине, менеджерлер тобы ғылым дегеннің не екенін түсінетін пайымы бар білікті азаматтардан құралса, мен бұл ұсынысты өте орынды ұсыныс дер едім. Кезінде мұндай лауазымдағы адамдар жинақталған жекелеген орталықтар болды. Кейіннен қаржы жағы қолбайлау болып, ғалымдардың берген пайыздық төлеміне көңілдері толмай, ол орталықтар жабылып қалды. Егер осындай мамандар жинақталған орталықтар немесе кеңестер құру керек десе, мен қос қолымды көтеріп тұрып қолдар едім. Бірақ дәл қазіргі бағытымызбен ғылымға жаны ашитын менеджерлер тобы құрылады деп үміттенудің өзі қиын. Меніңше, бізге нақ қазір өнертапқыштар қоғамы керек. Арнайы жасақталған өнертапқыштар қоғамын құрсақ қана біз ғалым туралы, ғылым жөніндегі жаңсақ пікірлер легін азайта аламыз.
Рас, біздің Үкіметіміз түрлі бағдарламалар жобасын ойлап тауып, жастарымызға шетелден білім алып, біліктіліктерін толықтыруға мүмкіндік жасап-ақ жатыр. Бірақ сол бағдарламамен шетелден оқып келген жас мамандар шенеунік болудан әрі аса алмай жүрген жоқ па? Олар ғылымға мүлде мойын бұрғысы келмейді. Ойлайтындары – жұмсақ орынтақ, қомақты жалақы. Сондықтан бізге қазақ ғылымындағы жастарды қанаттандырып, қолдап отыратын арнайы өнертапқыштар қоғамын құру керек-ау шамасы. Инновацияны жасайтын – өнертапқыштар. Ал осы өнертапқыштарға қолдап-қолпаштау, құрметтеу қажетті деңгейде емес. Бір ғана мысал айтайын, Жапонияда өнертапқыштарды құрметтеудің шарықтау шегіне жеткені соншалық – оларда әр ай сайын әрбір көшеде, әрбір ауданда, әр облыста өнертапқыштардың сайысы болып тұрады. Сосын сол сайыстан жеңіп шыққандарды тікелей императордың өзі қабылдауына шақырады, сұхбаттасады, кеңеседі. Өкінішке қарай, біздің әкімқаралар өнертапқыштарды емес, әнші-бишілерді қолдауға бейім. Әрине, бұл жерде әншілердің еңбегін жеңіл еңбек деп айтудан аулақпын. Бірақ келешекте өркендейміз, елде өндіріс ошақтарын жандандырамыз десек, өнертапқыштарға көңіл бөлінуі қажет. Оларға қатысты Үкіметтің ықылас-пейілі айрықша болуы керек.
– Қазір «шикізат саласына немесе ауқымды құрылыс орындарына көлемді инвестиция бөліп жатқан ірі компаниялардың назарын ғылымға аударуымыз қажет» деген пікірлер айтылып қалуда. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Келісуге болады. Өкінішке қарай, бұл біздің кәсіпкерлер мен ірі компаниялардың құлағына әзірге жетпей жүр. Олар ғылымға көңіл бөліп, ғылымға қамқор болғаннан гөрі 16 қабатты үй тұрғызып, оның әр пәтерін 100-200 мың АҚШ долларына сатуды әлдеқайда тиімді санайды. «Ғылым инемен құдық қазғандай» деген нақыл бекер айтылмаған. Біз бір жаңалық ашу үшін ең кемі 20 жыл жұмыс істейміз. Жаңағы сіз айтып отырған компаниялар 20 жылда пәленбай тұрғын үй тұрғызып, көк қағазға белшесінен батып жатады. Бұл тиімді ме, әлде шаң басқан ғылыми институттың бір ғалымының еңбегіне өзеуреп отыру тиімді ме?! Ақылға салса, әрине, ғылымға жұмылу – өзекті шаруа. Жалпы, біздегі ірі компанияларды немесе белді кәсіпкерлерді ғылымға жұмылдыру үшін жоғарыдан бір мықты пәрмен керек деп ойлаймын. Ебін білген ел бүгінде ғылымды экономиканың локомотивіне айналдыруды мақсат тұтуда. Ал біз күні бүгінге дейін отандық өндіріс пен отандық ғылымның арасын байланыстыру үшін түрлі реформалар тасқынынан шыға алмай жүрміз. Ғылым мен өндіріс арасында байланыс болмағаннан кейін осындай олқылықтарға жол беріледі. Сондықтан өз басым қандай жағдайда болмасын инновациялық жаңалықтарға мемлекеттік қолдауды күшейту керек дер едім.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Қоғамды, соның ішінде ғылымды індет жайлап бара жатса, бұл, біріншіден, мемлекеттік бақылаудың төмендігінен. Екіншіден, біздегі лауазымды тұлғаларда мемлекеттік қызметке деген жауапкершілік аз. Үшіншіден, мамандарды таңдау кезінде бізде субъективизм басымдық танытады. Мұны шектеудің негізгі жолы – құқық қорғау органдары мен әкімшілік биліктің тізгінін ұстап отырған лауазымды адамдарға әділетті қызмет істеулеріне жағдай жасау керек. Ашығын айту керек, бізде бюрократизм басым. Бір құжатты дайындау үшін он, жиырма органның табалдырығын тоздырасың. Ақыры болмаған соң танысыңа пара беріп, жаның тыныш табады. Екі-ақ сағатта шешілетін мәселені қалтаң тесік болса, екі жыл жүріп те, шеше алмайсың. Тағы бір айтатыным, билік басында отырған шенеунік өзінің халыққа тәуелді, сол халық үшін қызмет етуі керек екенін ұғынса деймін. Шенеуніктер, әкімқаралар халыққа тәуелді екенін, халық үшін қызмет ететінін ұмытпағанда ғана қоғамда жаңашылдық, инновациялық, эволюциялық даму болады. Бастысы, ғылымға көңіл бөлінуі керек.