Сара ШАЯХМЕТҚЫЗЫ, «Ару-Ана» продюсерлік орталығының жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:
– Сіз қаншама жылдан бері жас әншілерді өз қамқорлығыңызға алып, қолыңыздан келгенше өнер өріне шығарып жүрген жансыз. Айтыңызшы, осы бүгінгі әнші болам деген жасқа ең бірінші танымалдылық керек пе, яғни бейнеклип түсіріп, оны барлық арналар арқылы тарату міндет пе, әлде елге еңбек сіңірген соң, танымалдылық өзі келе ме? Жалпы, біз қазір танымал болу дегенді қалай түсініп, соған қалай қол жеткізіп жүрміз өзі?
– Өзіміздің өмір сүріп отырған қоғамда жастардың түйсігінше, танымалдылық жылт-жылт етіп көріне беру деген жеңіл-желпі мәнге ие болып кеткен жайы бар. Яғни қазір танымалдылық деген қалталы азаматтардың қалтасын аңдып, солардан сауға сұрағандай сұрап алған сомаға бір бейнеклип жасап шығару сияқты теріс ұғым қалыптасып кетті. Ал, шын мәнінде, бұл жолда үлкен еңбек қажет. Танымалдылық инемен құдық қазғандай қиындықпен келмей, жемісі тәтті болмайды. Ал өкінішке қарай, біз қоғамда оған кереғар көріністермен бетпе-бет келіп жүрміз. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» деген теңеуді бүгінде осы салада жүрген талай адамға, яғни жалғыз ән шығарып, соны барлық арналардан қайта-қайта айналдырып көрсете беретін орындаушыларға қатысты қолдансақ, әбден болатындай. «Мен – жұлдызбын» – қазіргі жастардың дені шалдыққан дерттің диагнозы осындай. Егер солар өздерінің өнердегі бірінші де, соңғы да емес, яғни өздеріне дейін де аға-әпкелерінің барын ескеріп, тура солай ертеңгі күні жас буын келіп, өздерін ығыстыратынын түсінсе, мұндай ұят үрдіске жол бермеген болар еді. Егер мұны бүгінгі өнерде жүрген жас ұрпақ шын түсінсе, отқа ұмтылған көбелектей эфирге сонша құмартпай, одан да қазақтың тал бесігі ауылға ат басын тірер еді бірінші болып. Себебі бәрібір ауыл ақсақалдарының ризалығы мен батасын алған соң қол жеткізген танымалдылықтың дәмі басқа болады.
Қарап тұрып қарным ашатын жайт, қазіргі таңда сахнаға әнші жігіттер қызғылт бешпент, жалт-жұлт еткен белбеу тағып, шаш үлгілерін де шектен тыс сәндеп, тіпті еріндерін бояп, тым әсемпазданып шығатын болыпты. Тіпті сол тұрғыда бір-бірімен бәйгеге кірісіп кеткендей. Бүгінгі сахнаның талабы солай деп ойлайды-ау шамасы.
– Талғам деген нәрсе қалыс қалып, сән қууға кірісіп кетіп тұрмыз ғой. Алайда сонысымен әлгілер өздерінің халықтың талғамына кері әсер етіп жатқандарын ұғынбай жатқан жоқ па?
– Егер жастардың ұғымында талғам – голливудтық жұлдыздардың клипінде көрсетіп жатқандай мотоцикл үстінде қыздарды белден төмен аймалап жатуы болса, онда жеткен жеріміз осы болған екен. Ал мен мұны қауіпті дерт, эпидемия дер едім. Осыған жүрегім ауырады. Шыны керек, мені өнерге еріксіз кірістіріп жіберген де осы секілді жағдайлар шығар. Қазақ өнерінің, қазақ сахнасының осындай дертке шалдығып жатқанына бей-жай қарап отыра алмадым. Еліміздегі басқа кәсіпкерлер секілді нәпақамды кәсіптен тауып, тапқан табысыма шетел аралап жүре берсем де болар еді.
– Айтыңызшы, қазақылықты біз сырт кейпімізбен, яғни оюлы көйлек, шапан киіну арқылы беруіміз керек пе, әлде әйтеуір қазақ болсақ болды емес пе, оның несін киіміміз арқылы жария ете береміз деген ұстанымда болғанымыз дұрыс па?
– Таяуда мен телеарналардың бірінің шақыртуымен ток-шоуға қатыстым. Сонда бір сіңлімнің «қашанғы қазақы киім» деп, мына дамыған заман жетегіне еріп бара жатқан еліміздің етегінен тарта береміз?» дегендей пікіріне қарным ашты. Демек, сол секілді жастардың ойынша, қазақы киім – көштен қалу, ендеше оны сол баяғы заманның еншісінде қалдыру керек сияқты. Сонда атадан қалған ою-өрнектен намыстанатын жас ұрпақтың туғаны ма? Еуропа не шығарса да сәнді: тіпті ышқыры жамбас сызығына дейін түсіп тұратын шалбар, кеудесі қыздың бүкіл абыройын айрандай ететін көйлек болса да. Ал шұбаланған қазақы киім «мамбетизм», сондықтан сахнадан оны кетірмейінше біз өркениет өріне шыға алмаймыз дегенді ашып айтқанда, шынымды айтайын, жылағым келді әрі намыстан қаным да қызып кетті. «Ей, Аяз, әліңді біл» дегің келеді екен осындайда. Себебі ататегінен жерінген ұлттың ұзаққа бармасын тарих талай дәлелдеген. Бүгінгі ұрпақтың бәрі бірдей сондай ойда дей алмаймын, сене алмаймын, қазақ жастарының өз туған халқына, ұлттық салтына жат болып кеткеніне. Біз қазақ – мал шаруашылығымен айналысқан халықпыз. Аталарымыз қой-ешкі, сиыр мен жылқының сүтінен бастап, терісі мен жүні бар ма, тіпті мүйізі мен тұяғына дейін кәдеге жарата білген дана болған, ал өзімізді керемет санайтын бүгінгі біз олардың даналығы мен шеберлігінің бір пайызын да меңгерген жоқпыз. Егер мықты боламыз десек, қайта біз сол ұлттық шеберлігімізді жаңа заман технологиясына енгізіп, дамытуды ойласақ керек-ті. Себебі сонда ғана біз біреудің қаңсығын таңсық көрмей, өзінің түп-тамырынан нәр алатын, соны бүгін хал-қадерінше дамытып, келешек ұрпаққа аманаттай алатын, яғни төрт құбыласы түгел ұлы халық болар едік. Әйтпесе Қытай мен Түркия, мейлі АҚШ-тыкі-ақ бола қойсын, өз қолымыздан ең құрығанда бір белбеу немесе бір бешпент шығара алмаған соң, өзгенің жасап бергенін киіп алып, өтірік өзімізді алдамай-ақ қояйық та. Шын мәнінде, ол бейшаралық қана. Ою-өрнек ешқандай да өткен ғасырдың еншісінде қалдыратын дүние емес, ол – біздің ұлттық қолтаңбамыз, ол – мың сан ойды білдіретін символ. Қазақ дизайнерлері арасында мұны жақсы түсініп, шетелдердегі сән апталығына апарған коллекцияларын қазақ ою-өрнектерімен көмкеру арқылы әлем жұртшылығын тамсандыруда. Әлемдік сәнгерлерді таңғалдыру оңай емес, олар сәннің неше атасын көрген. Сондықтан олар үшін жалғыз экзотика болатұғын болса, ол – біздің ұлттық нақышымыз. Мен айтар едім, қайта қазақы нақыштың қолданыс аясы әлі де аз, тіпті мектеп оқушыларының бірегей формасы мен ұстаздар киіміне де ою салса, артықтық етпес еді деп.
Ал сахнада, соның ішінде қазақ сахнасында қазақы киім үлгісінің салтанат құруға толық хақы бар. Әйтпесе алды жабық, арқасы түгелдей ашық немесе бір саны жалтыраған көйлектер абыройымызды айрандай етіп бітті. Сахнада, эфирде, сән журналдарында жартылай жалаңаш қыздар. Ал сонда солардыкі сән де, өз ұлттық киіміміз қораш па көзге?
– Бұл сахна имиджіндегі қазақылық тұрғысынан алып қарағанда көзге түсер ақаулар, ал енді жалпы қоғамның болмысынан көзге қораш, көңілге селкеу түсіретін не өзгеріс байқайсыз?
– Тектілік деген нәрсенің жоғалып бара жатқанын ойласам, жүрегім ауырады. Әркім өз орнын, өз жөнін, сөйлеу ретін білуші еді бұрын: үлкен тұрып кіші сөйлемейтін, жастар, әсіресе қыздар мен келіндер үлкеннің алдын кесіп өтпей, өткізіп жіберуге сонадай жерден тосып тұрушы еді. Сондай-ақ ер кісілер өз қадірін біліп, қызындай бойжеткендерге сөйлемек түгіл, қайынағасы келінінің бетіне тіктеп қарауға қымсынатын. Ал қазір Пайғамбар жасына кеп қалған ағаларымыз өз жасын мойындамай, жас қыздарды айналшықтаудан еш арланбайтын болып барады. Самайына ақ кірген азаматтың не болса соны айтып әзілдесіп, көзін салып, қырғидай тиюі деген қазақтың болмысында жоқ әдет. Ендеше ол қайдан келді, мен осыған таңмын. Өз көзіммен көрген бір оқиғадан мысал келтірейін. Бірде дәріханадан дәрі алайын деп тұрсам, жас шамасы 60-қа таяп қалған бір ер-азамат дәрі сатып тұрған қызға келіп, әр нәрсені айтып, әзілдегенсіп қоймады. Қыздың онымен әзілдесуге уақыты да, ниеті де жоқ екендігі көрініп тұр. Басында жасын сыйлаған болуы керек, сондай-ақ кезекте тұрған сатып алушылардың да алдында әдеп сақтады ма, әлгі кісінің сөзін естімегендей боп, үндемей қоя салды, бірақ оған манағы кісі қоя салса мейлі ғой. Үндемегенге ұнап тұр деп ойлады ма өзінше, одан сайын үдетті. Сөйтіп еді ашуға мінген қаракөз сіңліміз, өзі адуынды екен, сөзбен сойып салды ғой. Қыздың ешкімді басындырмай, айтып салғанына риза болдым. Себебі ол өзін қорғау арқылы, күллі қыз атаулының абыройын қорғап еді. Мені қуантқаны – сол. Негізі әркім өз орнын, өзінің сөйлейтін жерін білмесе, ол да бір өлім екен ғой деген тұжырымға келдім мен сол жерде. Әйтпесе, бір жерге жердің үстімен барып, астымен қайтуың оп-оңай.
Мен өзім қыз-келіншектермен көп жұмыс істейтін болғандықтан, қазақ қыздарының мәселелері мені қатты алаңдатады. Кейде көшеде кетіп бара жатсам, қасымнан шылымының түтінін будақтатқан күйі өрімдей жас қыздар өтеді. Бәлкім, болмысы бөтен қыздар болса оншалық ауыр соқпас па еді, қазақтың қыздары сөйткен соң, ішің ашымай қайтсін. Тіпті бірде саябақта баласын сонадай жерде ойнатып қойып, өзі темекі шегіп отырғандарды да көрдім. Мүмкін, балам әлі кішкентай, есін білмейді дейтін шығар. Бірақ өйтсе ол қателеседі. Себебі бала барлығын да іште жатып сезеді, ал аяғы шығып, жетекке еруге жараған бала тіпті бөлек. Әлгіндей келіншектерді көргенде «сені де ана дейді-ау», «қазақтың ұрпағын сен сияқтылар тәрбиелеп жатса, жетіскен екенбіз» деп қынжыламын. Мейлі, ол баланың шешесі емес, күтушісі болған күннің өзінде, дұрыс тәрбие беріп жатқан жоқ қой. Керісінше, күтушілікті кәсіп еткен адам өзінің бала тәрбиесіне екі есе жауапты екендігін сезінуі тиіс, яғни біріншіден, баланың алдында, екіншіден, оның ата-анасының алдында. Бірақ бұлай түңілуге болмайды. Себебі бірде қоғамдық көлікте көзге қораш бір жағдайды көріп, «ә-әй, қазіргінің жастары-ай» деп қалсам керек, жанымнан: «апай, олай деп таусылмаңыз, бес саусақ бірдей емес, мысалы менің достарымның ешбірі кафе мен түнгі клубқа бармайды, жұма сайын мешітке барады, темекі мен арақ-шарапты татып алмайды» деп бір ұялтып әрі қуантып тастағаны бар бір қазақ баласының.
– Сіз өнерлі жастарды өз қарамағыңызға алып, қолыңыздан келгенше қамқор болып жүрген адамсыз. Сол жастардың өзі сізді іздеп келе ме, «бізге демуші болыңызшы» деп, болмаса өнерлі жастарды өзіңіз табасыз ба?
– Маған кейде «апай, менің жұлдыз болғым келеді» деп келетіндер бар. Не даусы, не жаздырған дұрыс әні жоқ, қуыс кеуде талай жандарға «айналайын, балам» деп, барынша жылы сөйлеп, өнердің оңай жол емес екенін, сахнаның киесі болатынын айтып түсіндіргендей болып, шығарып саламын. Бірақ кейін қарасам солар тойда ән салып жүреді. Айналдырған екі ән жаздырып алып, сонымен халықты алдайтын, одан да бұрын өзін керемет әнші санайтын адамдарды аяймын. Мұны бер жағы дейік, себебі бұдан да өткен сорақылыққа бой алдырып жатқандар бар. Мәселен, бір қалталы азаматтың алдына бар жағдайын айтып, ән жаздыруға немесе бейнеклип түсіруге көмек беруін өтініп, ол кісіден өз қажетін алып, мақсатына қол жеткізген соң, тіпті күні кеше алдына барғанын ұмытып, көрген жерде амандаспай да кететін жастар бар. Ойлап көрсеңіз, опасыздық қой?!. Тек әншілер ғана емес, жалпы бүгінгі ұрпақтың осындай бір «уақытша пайдалану» деген көргенсіз қылыққа бой алдырғаны өкінішті-ақ. Ал әнші несімен мықты, несімен халықты мойындатады дегенге келсек, жай ғана жылтыраған түр мен киім арқылы және жалған сөз, жағымпаздығымен халықтың жүрегін жаулаймын деп ойласа, онда ол адам көпке бармайды. Әншінің ең басты байлығы – репертуары. Екіншіден, оған адамгершілік, ар-ұят деген де қасиеттер керек. Өйткені ол анадан әнші емес, адам боп туды. Сол адамгершілігін ол ешбір өнердің жолында саудаға салмаса, міне нағыз мықтылыққа сонда жетер еді. Себебі сахна мен өнер тазалықты қажет ететіні даусыз. Ал әлгінде айтқан репертуар дегенді талдар болсақ, әнші жалпы жұртқа өзінің ой-өрісі мен қабілет-қарымын дұрыс таңдалған репертуары арқылы ғана таныта алады. Мәселен бір кездері керемет болып, қазір тіпті концертіне көрермен жинай алмай қалған әншілер бар. Себебі ол кезде репертуарында небір жақсы әндер бар еді, түрі қарапайым болса да халық оның әнін сүйіп тыңдайтын, ал қазір керісінше, түрін қатырып «жасап алған», алайда іліп алар, жұрт тыңдайтын бір әні жоқ әншілер көбейіп кетті. Соларды қайтеміз? Репертуар мәселесін өз алдына үлкен тақырып етіп қозғасақ, қобырап кеткен, қожырап кеткен көп дүниенің шеті өздігінен қалқып шығатынына көзім жетеді. Біріншіден, заманауи әндердің мазмұны. Жасыратыны жоқ, қазір ойды астарлап айтып, сол жүрек түкпірінде жатқан тұңғиық сезімге бойлайтын ән ұшырату қиындау.
– Сөзіңіз өте орынды, осы ән мәтіні деген расында, бүгін біздің шымбайымызға бататын мәселеге айналды. Әлгінде сіз айтқандай, ғашық болуға емес, құмарлықты қоздыруға бағытталған сөздер өз алдына, екінші бір мәселе халық әндері және Ақан, Біржан, Сегіз сері, Абай, Шәкәрім сынды халық композиторларының ән мәтіндерін көпе-көрнеу бұзып айтатындар жайлы не айтуға болады?
– Иә, өте орынды әрі өзекті жайтты қозғап отырсыз. Мен де сан мәрте байқадым осындай жағдайларды. Егер енді ғана сахнаға шыға бастаған жас әншілер болса бір сәрі, эстрадада бірнеше жылдан бері жүрген әншілердің де осындай өрескел жайттарға жол беріп жататынын талай көрдім. Негізі бұл өрескел, кешіріммен қарауға болмайтын қағида ретінде қарастырылуға тиіс. Неге? Себебі ол қазақтың сан ғасырдан бері бүлінбей келе жатқан асыл қазынасын қорлау болып табылады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сонау ертеден келе жатқан халық әндері кезінде ешбір диктофон, студия деген техникалар болмаған кезде қалай бір әрпіне де нұқсан келместен бүгінгі бізге жетті. Ал біз соны аламыз да, көпе-көрнеу өз икемімізге бұрып, қалай айтқымыз келсе солай айтып, барынша еркін әрі ешкімнен именбестен пайдаланамыз. Қиянат па? Әрине. Мәселе біздің сол ән авторлары, жалпы әнге деген немқұрайдылығымызда болып тұр емес пе? Осыған жол беріп отырған орындаушыларға қандай да бір тыйым не жаза болуы шарт деп ойлаймын. Себебі олар өзінің бабалар мұрасына жауапкершілікпен қарау керектігін түсінуі шарт. Меніңше, бізде мұндай жағдайдың кең етек алуы сол «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмағанынан, шексіз еркіндіктің әсерінен туындап жатқан сыңайлы. Әр өнерпаз өзімбілемдікпен жүр. Әрине, әнді сондай ұқыптылықпен, ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен, шеберлікпен орындайтын әншілеріміз бар. Дәстүрлі әншілердің ішінде әнге қиянат жасап жүрген ешкімді байқамаппын. Оның басты себебі олардың әнді әркімнен емес, кәсіби мектеп, яғни музыкалық мектеп, консерватория сияқты оқу орындарынан, белгілі бір ұстаздан үйренуінен. Яғни онда классикалық негіз бар. Ал барлық келеңсіздіктер эстрада әншілерінен, оның ішінде кәсіби емес, әуесқой әншілерден шығып отырғаны өтірік емес. Бұл – бір, екіншіден, кезінде қандай да бір ән мен күйді радио мен телеарналардан таралымға шығармас бұрын, көркемдік кеңестен өткізетін еді. Кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі де мол ақындар мен сазгерлер, әншілер жаңа туындыны бүге-шігесіне дейін талдап, бар жағынан талапқа сай дегендерін ғана эфирден таратуға рұқсат беріп, мақұлдайтын. Қазір ондай жоқ секілді. Мен осы ретте өз шәкірттерім, яғни менің жетекшілік жасауыммен сахнаға шығып жүрген әншілердің репертуарынан бастап, сахналық костюмы бар, барлығын қадағалайтынымды айтқым келеді. «Айтұмар» тобымен қазір көбірек жұмыс жасап жүрмін. Олардың әрбір әні, сөзі менің қарауымсыз кетпейді. Қазір аға буын әндердің бірінен-бірі аумайтындығы сонша, қанша ән орындалып жатса да бір ән тыңдап жатқандай болатынын тыңдарман жиі айтады. Яғни бұл бірсарындылық деген сөз емес пе? Айталық, концерттерге барғанда бір ерекше әсер алғымыз келетіні сөзсіз ғой, ал нәтижесінде керісінше, үйге шаршап, қажып қайтамыз. Неліктен? Себебі бір әнді тыңдап бола берсең, сахнаға түр әлпеті де, қимыл-қозғалысы да, орындаған әніне дейін қатты ұқсайтын тағы бір әнші шыға келеді. Келесісінен үміт күтсең, оның да анау айтқандай айырмашылығы болмай шығады. Осы орайда тек әншілер ғана кінәлі деп қарап отыра бермей, музыка өңдеушілердің де мәселесін неге майшаммен қарамаймыз? Себебі кімнің кім екенін, яғни қай әншінің дауыс мүмкіндігі қандай екендігін анық білетін солар ғой. Өнерге бұрын-соңды қатысы болмаған кездейсоқ адамдар табалдырықтан алғаш солар арқылы еніп отыр емес пе? Яғни біздің музыканттарымызды «құдай ұрып» ақша табу үшін олар, тіпті жоқтан бар құрап беріп жатқан жоқ па?.. «Ағасы немесе қарындас, інішек, кешір сенің даусың мүлдем нотаға сыймайды, иірімдерді алмақ түгіл, икемге де келмейді ғой» деп, ақшасын да алмай, кері қайтарар болса, өнердегі бүгінгі кездейсоқтықтардың есіктен сығалай алмасы сөзсіз. Жоқ, олар олай етпейді, керісінше, ақшаның шетін көрсе болғаны, көздері жайнап, «о, әжептәуір даусыңыз бар екен ғой, бұрын қайда жүргенсіз» дегендей жалған мақтаулармен әлгілерді одан сайын құтырта түседі. Осындай жайттарды, жалпылай алғанда, бізге өнерге деген жанашырлық керек. Ақын – ән мәтініне, сазгер – әуеніне, әнші – орындауға, ән өңдеуші оның музыкалық және дауыстық сапасына жанашырлықпен қараса, бәлкім, бізде жағдай біршама оңалар ма еді. Айналып келгенде, барлығы қазаққа қызмет етуі тиіс қой.
Талғамға талас бар:
Бұрын біреуге деген сезімін ақындар табиғатпен үндестіріп, айталық аруды аққуға теңеп, көз жасын жауынмен жеткізер болса, қазір олай астарламай-ақ «сүйем сені», «сенсіз өлем», «сен маған қарамадың, тастап кеттің, жаным» деп қақ маңдайдан періп қалғандай сарт еткізеді. Бәлкім, бүгінгі жастардың көзқарасымен осы дұрыс шығар, бірақ ол меніңше, сезім қылын шертуден гөрі, адамның құмарлығын қоздыратын секілді. Яғни бір сәттік алаулаған құмарлық, құштарлықты бейнелейді. Ал шынайы сезім бір сәттік емес қой және де ол арсыз емес, ұяң келеді. Кейде тіпті өз жүрегінің сырын өмір бойына иесіне жеткізбеген күйі көз жұматын да адамдар болады. Себебі қорқады, жасқанады, өзінің сондай тұнық сезімінің әшкере болмағанын қалайды. Абай атамыз «Ғашықтық құмарлық пен ол екі жол» деп тегін айтпаған ғой. Ендеше біздің бүгінгі әндерден ғашықтық қалып, құмарлық басымдық алып кеткен жайы бар.