Қазақ Ордасын құрған хандар дәуірінде де қазақтың өз дипломатиясы болды

Қазақ Ордасын құрған хандар дәуірінде де қазақтың өз дипломатиясы болды

Вячеслав ҒИЗЗАТОВ, Шекара істері жөніндегі үкіметтік делегация төрағасы, Төтенше және өкілетті елші:

– Сіз еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқардыңыз, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірісіз. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң, дипломатиялық қатынас орнату шаралары алғаш неден басталды және алғаш дипломатиялық қатынас орнатқан елдер жайында айтып өтсеңіз.

– 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Тәуелсіздігімізді жариялаған соң көптеген елдер оны мойындап, тани бастады. Сол жөнінде ресми мәлімдемелер бірінен соң бірі жарияланып жатты. Біздің көздегеніміз – дүниежүзілік саясатты құратын ірі де белді елдердің мойындауы болатын. Бұл сөз жоқ, бізге ары қарай сенімді қадам басуға қолғабыс болатыны анық. Қазақстан Тәуелсіздігін ең бірінші мойындап, таныған Құрама Штаттар болды. Бұл елдің дүние-жүзіндегі салмағы мен қуаты белгілі ғой. Екінші болып тағы бір белді ел – көршіміз Қытай мойындады. Одан кейін Ұлыбритания, сосын бөтендігі жоқ ағайын ел Моңғолия мойындады. Одан кейінгі кезек Франция, Жапония, Корея және Иранға тиді. Мұсылман елдерінің ішінен бірінші болып біздің Тәуелсіздігімізді Иран мойындады.

– Ел тәуелсіздігін бірінші болып Түркия мойындады деп жүрген жоқпыз ба?

– Ағайын ел болып табылатын Түркия тәуелсіздігімізді мойындағандардың ішінде 17-ші болып тұр. Бірақ біздің елде елшілігін бірінші ашқан түріктер болды. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен бірінші болып Литва, сосын Украина, Грузия мойындады. Ал империялық саясатқа еті үйренген Ресей тек жарты жылдан соң ғана, 1992 жылдың тамыз айында барып, біздің тәуелсіздігімізді мойындады.

– Тәуелсіз елдің Сыртқы істер министрлігін жасақтау қалай қолға алынды?

– Сол кезде Мәскеуде Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін Қанат Саудабаев атқаратын еді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев екеумізді тауып алып, тәуелсіз ел жағдайында сыртқы саясат жобасын, тұжырымдамасын ойластыра жүруді тапсырды. Арада көп ұзамай, 1992 жылдың басында Төлеутай Сүлейменов Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Оған бірінші орынбасар ретінде алдымен Дамир Байділдин деген жігіт шақырылды. Ол Қытай мәселесі бойынша маман еді. Алматыға келген соң, оның денсаулығы көтермей, Мәскеуге қайтуға мәжбүр болды. Қазір марқұм болып кетті. Сосын оның орнына Сәлім Құрманғожин шақырылды. Наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев орынбасар болып тағайындалды. Сол уақытта Мәскеуде жүрген мен сәуір айында Алматыға іссапармен келдім. Сонда Төлеутай Сүлейменов мені шақырып алып, сыртқы саясат бойынша мамандар тапшы екенін айтып, «Мәскеудегі қазақ жігіттері қайтсын» деген тілек айтты. Ол кісі маған орынбасар болуды ұсынды. Өз бетімізше ел болып жатырмыз. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған ұлы арманға – Тәуелсіздікке қол жетті. Онда не тұрыс, дереу Мәскеуге барған соң жұмыстан босап шықтым...

– Мәскеуде қалғаныңызды абзал көргендер болған жоқ па?

– «Қал» дегендер болды, ондағы орным да жақсы еді, соның бәріне де қараған жоқпын. Жұмыстан босап, үйге келіп, келіншегіме бір аптадан соң елге қайтатынымызды айттым. Оныншы оқып жүрген қызым бар еді. Оның шаруасы қалай болады деген жоқпыз, бір демде елге тартып кеттік.

Сол кезде Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі Желтоқсан көшесі бойындағы бір қабатты, бәкене үйде болатын. Бар болғаны 22 адам жұмыс істейміз. Кеңес заманында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін министрлік деп айтудың өзі қиын еді. Саясаттың бәрі Мәскеуден жүргізіліп отырды ғой. Сонда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елге келген шетелдік қонақтарды қарсы алып, шығарып салумен ғана айналысатын. Сөйтіп еліміздің сыртқы саясаты қиын жағдайда өз жұмысын бастады. Мамандар болса жетпейді. Шынын айту керек, біз мамандарды көшеден алдық. Арнайы комиссия құрдық. Сол арқылы тіл біледі, жөн біледі, сыртқы саясатқа бейім дегендерді тарттық. Шақырып алып, жұмысқа алмағандарымыз да болды...

Сол ғимаратта орынбасарлар – Қасым-Жомарт Тоқаев екеумізге бір кабинет тиді. Арамызда арқалығы түсіп қала беретін бір диван болды. Оған шетелдің елшісі келсе, мен шығып кетемін, маған келгендер болса, ол шығып кетеді. Сөйтіп қызмет істегенбіз. Осылай жұмыс істегеніміздің кемшіліктері де көп болды, пайдасы да зор болды...

– Министрлікті жасақтап алған соң, алдарыңызда қандай міндеттер тұрды?

– Біріншіден, еліміздің сыртқы саясатының негізін құрап, қалыптастыру керек болды. Оны жүзеге асырып, саясат жүргізу де зор жауапкершілік. Соған қатысты ұсыныстарды Елбасыға жеткізіп, оны талдау керек. Оның бәрі – біздің мойнымызда. Бірінші кезекте Қазақстанның Каспий бойынша ұстанымын айқындау керек болды. Сол орайдағы бірінші келіссөзді мен жүргіздім. Екіншіден, шетелдерде өзіміздің елшіліктерді құру қажет. Оларға кадр табу керек. Кадр болғанда да мынау деген сайдың тасындай жігіттерді табу қажет, оларды үйрету керек. Үшіншіден, шетелдің елшіліктері ашылып жатты. Оларға үй тауып беруден бастап, орналастыру шаруасын да жүргізетін – бізбіз. Оларда толас жоқ, күнде келіп жатыр. Солардың бәрін қарсы алып, халықаралық заң бойынша жағдай туғызуымыз керек. Міне, соның бәрін сындарлы шақта ойдағыдай атқара алдық деп ойлаймын.

– Қазақстан Тәуелсіздік алғанда, әлемдегі ядролық қаруы бар төртінші арсенал болатын. Одан бас тарту, тиісті келісімдерге келу қалай өрбіді?

– Әлі есімде, Елбасы бірінші ресми сапармен Құрама Штаттарға барғалы жатты. Сапарда басты мәселе – ядролық қару жайы талқыланбақ. Ол турасында ел ішінде түрлі пікір көп болды. Сырттағы пікірлер бір жосын. Мұсылман елдерінен де «Біз қаржысын береміз, қарудан айрылмаңдар» деген хабар-ошар түсіп жатыр. Олар ең құрығанда, мұсылман елдерінің біреуінде ядролық қару болсын дейді. Сондай күндердің бірінде кабинетке кірсем, Қасым-Жомарт басын көтермей бірдеңе жазып жатыр екен. Мені көріп: «Мынау қалай?», – деді. Ондағысы – уақытша ядролық қаруы бар ел болып саналайық дегенге саяды екен. Компромисске жақын тәрізді көрінеді. Сөйтсе де мен оған айттым:

«Қасым-Жомарт, оған америкалықтар көнбейді», – дедім. Біздің БҰҰ-ға мүшелікке өтуіміз бар, әлемдік қаржы орталықтары бар, оған мүшелікке қабылдануымыз қажет, сондайда тірек қажет. Соның бәрінде Құрама Штаттар қолдамаса болмайды. Сондықтан олар бізге қысым жасайтын жағдайға әзір болуымыз керек екенін айттым. Айтқандай болған жоқ, Америкаға барған кезде сол қысым алдымыздан шықты. Бірақ соның бәрінен біздің Елбасымыздың алғырлығы алып шықты. Ел Президенті америкалықтарға «Кепілдік берсеңдер ғана мәселені қараймыз», – деді.

Сол сапардан оралған соң мен Құрама Штаттар және Еуропа елдерімен байланыс жайымен айналыстым. Ол уақытта құдайдың құтты күні Америкадан қонақ келеді де тұрады. Бірде сенаторы, бірде конгресс өкілі, тағы да бірде мемлекеттік хатшысы келіп жатты. Бәрінің айтатыны – ядролық қару. «Содан бас тартсаңдар анау болады, мынау болады» дейді. Содан бір күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер келсін. Оның да қаузағаны – осы қару мәселесі. Онымен болған мәмілеге мен де қатыстым. Ел Президенті кепілдік талап етті. Сонда менің тәжірибемде болмаған бір жайды айтайын.

У. Кристофер жоспар бойынша бізге екі сағатқа ғана аялдауға келген еді. Бізден кейінгі бағыты – Ресей. Кездесу, түскі ас, ас үстінде де сол әңгімелер болып жатыр. Олар бізді олай да қысты, былай да қысты. Америкалықтар дегендеріне жетер емес, біз де алдыртпадық. Болмағаннан кейін

У. Кристофер Елбасымен оңаша тілдескісі келетінін айтты. Президент те «Сіз олай деп тапсаңыз, қарсылық жоқ, сіз – қонақсыз», – деді. Астан соң бәрі шығып, біз, төрт адам оңаша қалдық. Сонда өзі де, шашы  да аппақ қудай, У. Кристофер Елбасыға: «Ең құрығанда, менің ақ басымды сыйлаңызшы», – деп бастап, «елге не бетіммен қайтам» дегенге дейін барды. Президент айтты: «Мен ақ басыңызды сыйлаймын. Бірақ біз қазір келісіп, қол қойған құжат та өте маңызды. Сіз құр қол қайтып бара жатқан жоқсыз. Ядролық қаруды таратпау келісіміне біз кепілдік алмай, қосылмаймыз. Депутаттар, халық сұраса не айтамын? Сіз де мені түсінуіңіз керек», – деді.

Президент осылай деген соң, шынын айтайын, ана кісінің көзіне жас келді. Мұндай халықаралық аргументті мен сонда бірінші рет көрдім. Сосын У. Кристофер өз-өзіне келу керектігін айтты. Біз оған бір бөлек кабинет тауып бердік. Ол кісі 15 минуттан соң шықты. Сосын баспасөз мәслихаты болды да, бірден әуежайға кетті. Кейін білдік, Мәскеуге кетіп бара жатқан жолда бізді өз дегеніне көндіре алмаған ол жанындағыларға бізбен болған әңгіменің өңін айналдырып жеткізіпті.

– Ал кепілдікке қалай қол жеткіздіңіздер?

– Осында Американың тұңғыш елшісі Уильям Кортни деген болды. Сонымен бірге Демократиялық әріптестік хартиясын дайындап, көп жұмыс істедік. Бұл біздің Құрама Штаттармен қатынастағы ең негізгі құжат болып табылады. Оны әзірлегенде барлық саяси-экономикалық, гуманитарлық мәселенің бәрін қамтыдық. Оны әзірлеу үшін Болат Нұрғалиев, Уильям Кортни және мен – үшеуміз демалысқа қарамай күнделікті жұмыс істедік.

Содан бәрін дайындап, кепілдік мәселесіне тірелдік. Басқасының бәрінің шешімдерін тауып, кепілдікке келгенде мен өзімнің пікірімді білдірдім. Мен оған Американың ядролық елдерге кепілдік бергенін есіне салып, бізге бөтен нәрсе емес, тәжірибеде сыналған кепілдік формасы керек екенін айттым. Өйткені кепілдік біздің Парламентіміз де, олардың Конгресі де ратификациялаудан өтетіндей нұсқада болуы керек еді. Соны айтқан соң, ас үстінде отырса да У.Кортни шығып кетті. Ол бір сағаттан соң қолында бір жапырақ қағазы бар, келді. Вашингтоннан жеделхат алыпты. Біз іздеген кепілдіктің нұсқасы екен. Сол арада кепілдік нұсқасын хартияға енгізіп, сонымен құжат әзірлеуді аяқтадық. Кейін сол кездегі АҚШ вице-президенті Альберт Гор келгенде, біз кепілдікті иелене отырып, Ядролық қаруды таратпау шартына қосылдық. Содан кейін Президент ресми сапармен Америкаға барғанда, әлгі хартияға қол қойып қайтты.

– Жақсы ма, жаман ба, қолдағы күштен, ең құрығанда айбат шегер құралдан айырылу қиынға соққан жоқ па?

– Сөз жоқ, бізге ядролық қарудан бас тарту өте ауыр болды. Менің өз көзқарасым бойынша, біздің Ядролық қаруларды таратпау шартына қосылғанымыз – Америкамен арадағы қазіргі байланыста да тұтқалы орынға ие болып отыр.

Қазір қарап отырсам, біздің сонда аз уақыттың ішінде АҚШ-пен және Қытаймен арадағы қатынасты реттеп алғанымыз жөн болған. Соны көрген Ресей кейінірек тыпырлай бастады. АҚШ пен Қытайдың біздің Тәуелсіздігімізді мойындап, қалыпты қатынас орнап, тиісті үрдістер жүріп жатқанда барып Ресейдің біздің Тәуелсіздігімізді мойындағанын әлгінде айттым. Өз басым өмір бойы Тәуелсіздік кезіндегідей осынша құлшынып жұмыс істемеген шығармын. Аянбай істедік. Нәтижесі де жаман емес. Оған өзім өте ризамын.

 – Өзіңіз Тәуелсіздіктен бері Иран, Германия және Түрікменстанда елші қызметін атқардыңыз. Сол кезде осы елдермен қатынас қаншалықты шешілді деп ойлайсыз?

– Елбасы алдымен бізбен Каспий теңізі арқылы көрші Иранға елші болуды тапсырды. Кейін онда атқарылған қызметке де ризашылығын білдірді. Оның алдында да Иран мәселесімен айналысқаным бар еді. Сондағы мәселе Каспийге қатысты болатын. Біз Тәуелсіздік алған соң, Ресей Каспий мәселесіне келгенде, әуелі кертартпалыққа салып жүрді. Ресей Иранмен бірігіп алып, Каспийді бұрынғы Одақ кезіндегідей ортақ пайдалану жөнінде мәселе көтерді. Біз әуел бастан судың бетін ортақ пайдаланып, астын бөлу жөнінде тоқтамға келген едік. Ал Ресей мен Иран 2-3 жылға дейін бізді қысымға алумен болды. Біз болсақ, соның бәріне де қарамай, келіссөздерді жалғастыра бердік, әйтеуір қимылдауды тоқтатпадық. Өйткені біз аймақтан тыс елдердің Каспий мәселесіне араласпауына мүдделі едік. Олар да соны ескеруге тиісті болатын. Айтқандай-ақ, кейін орыстар 180 градусқа кері айналып, ұстанымын өзгертіп, біздің бағытқа қосылды. Әзірбайжан жағы әу бастан бізбен бірге еді...

– Әлемдік саясатта бет-бейнесі бөлек Иранда қандай елші болдым деп ойлайсыз? Есте қалған ерекше оқиғалардан да сыр шерте кетсеңіз...

– Иранда мен қалаулы елші болдым. Қайда барсам да, есік ашық тұрды. Иранда жүргенде, Қазақстан астығының экспортына жол ашылды. СУАП амалдары бойынша мұнай өткізе бастадық. Дегенмен осы елдің бізбен қатынасында кейбір келеңсіз оқиғаға жол берілді. Алайда сол кездегі еліміздің Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бас болып, тиісті түйткілдерді шешіп қайтты.

1999 жылы Елбасының Иранға сапары болды. Протокол бойынша сол елдің сыртқы істер министрі қонаққа алдымен сәлем беруі керек. Иран сыртқы істер министрі сәлем беріп болған соң, бірден Каспий мәселесін қаузап кетсін. Ол сонда тіпті халықаралық кездесулерде айтылмайтын әңгімені айтып кетті. Президент те тастүйін отыр екен.

Ол сөйлеп болған соң, Елбасы мәселені төтесінен қойып, ел ұстанымын кесіп айтты. Осылайша, мәселенің басы бір демде ашылды. Олай дейтінім – Каспийге қатысты мәселенің басқаның емес, бірден Мемлекет басшысының аузынан айтылғаны жақсы болды. Олардың үмітін үзетін осындай бір кесімді сөз қайткенде де айтылу керек болатын. Дегенмен келмей жатып, Иран министрінің әлгіндей ісі жөн болмады. Осындай жайлардың өріс алуы әдетте, сол елдегі елшіге сын ғой.

Мен кездесулер арасында Президентке өз пікірімді білдірдім. Оны Елбасы жақсы түсінді. Әйтпегенде, Каспий мәселесі орайында халықаралық сотқа шағымдану жөнінде айтып жүргендер бар еді. Осыдан кейін соның бәрі жым болды. Ал татулық пен келісім бәрінен қымбат еді. Каспий тарихқа достық пен келісім теңізі болып енуі керек болатын. Оның құдіреті де осында.

Ираннан келген соң мені Германияға жіберді. Бұл да өзіндік ерекшелігі бар ел. Германия канцлері осы кезде тұңғыш рет Қазақстанға ресми сапармен келді. Тиісінше, Елбасымыз да ресми сапармен барып қайтты. Осы сапарлар барысында ірі жетістіктерге қол жеткізілді. Онда да істеген жұмысыма көңілім толып, марқайып қалғаным бар. Оны орынды деп есептеймін. Германиядағы елшілікте нағыз мамандар жұмыс істеді. Ал мен елші ретінде мамандарды шыңдауға үлес қосқан болармын деп есептеймін.

Германиядан келген соң Елбасы мені Түрікменстанға жіберді. Бұл елдің бізбен көрші екендігін ескерсек, оның маңыздылығы да ерекше. Мен де тартынған жоқпын. Елбасының көрші елдермен байланыстарды нығайту жөнінде берген тапсырмасы да бар. Сайып келгенде, біздің стратегиялық серіктеріміз де осы көршілер. Белгілі бір елдердің игілігі де, ерсілігі де көршілеріне байланысты айқындалып отырады.

Сондықтан көрші елдерге елші болудың жауапкершілігі де ерекше болады, саяси мәнісі де зор. Түрікмендер ағайын халық қой, алайда ағайындығымыздан айырмашылығымыз көп екен. Мен елші болып барған кезде екі арадағы қатынас жоққа тән еді. Екі арадағы сауда бар болғаны 50 млн доллардан айналыпты.

Экономикалық байланыс жоқ. Гуманитарлық жағы тағы да жоқ. Онда 1 млн 200 мыңдай қандасымыз тұрады. Кезінде 15 қазақ мектебі болған екен. Мен барардан бір жыл бұрын сол мектептер жабылып қалыпты. Тек түрікмен мектептерінде қазақ кластары бар екен. Оның өзінде де сағаты аз. Қандастарымызды басшылық қызметке жуытпайды, шеттету бар. Оған қоса, Ашғабадтың өзінде «жол саламыз» деген желеумен соның бойында тұратын бауырларымызды үйлерінен шығарып тастаған екен.

Қандастарымыз Түрікменстан азаматтары болған соң, олардың жағдайын реттеу, негізінен, сол елдің ішкі мәселесі болып табылады. Бірақ бауырларымыз болған соң біз де қарап қалмадық. Шама-шарқымызша қамқор болуға тырыстық. Ел үкіметіне бұларының дұрыс емес екенін шет жағалап білдірдік. Олар қандастарымызға үй салуға құрал-жабдықтар бергенін айтып ақталды.

Сондай-ақ басқа да мәселелерге қатысты өз елімізден Түрікменстанның тиісті мекемелерге ұсыныс білдірген қатынас хаттары түсіп жатты. Ұсынысты қабылдамаса қабылдамасын-ау, бірақ сол хатты алдық, қарастырамыз деген сыпайы жауап та жоқ қой. Өзім елші болған бір жарым жылда Түрікменстанның сыртқы істер министрлігіне біз жолдаған 200 нота жауапсыз қалды. Және ол нотаның бәрі жай нәрсе емес еді.

Мойнымда Елбасы жүктеген міндет бар. Олар менің елші ретіндегі өтінішімді орындамаса, менің олардың Президентіне шығуға хақым бар. Осының бәрі сөз болды. Бірақ соның бәрі түрікмендерге ұнамай қалды. Сосын олар шеттете бастады. Тіпті елшілік орналасқан ғимаратты да тартып ала жаздады. Сол ғимарат орналасқан тұста микроаудан салатын болып, бір түнде әскерді жауып жіберді де, біздің елшіліктен басқа ғимараттарды қиратып шықты. Ертесінде сол үйлердің сорайып-сорайып құбырлары мен қалдығы ғана қалды. Мен елшілік ғимаратында өз іссапарымның мезгілі біткенше отырамын дедім, отырдым да.

– Арадағы достық қатынасқа, ықпалдастыққа және болашақта құрылмақ одақ, ұйымдарға меңзеп, шекара белгілеудің қажеті қанша деген пікірді ұстанып жүргендер бар ғой. Бұл турасында не айтқан болар едіңіз?

– Шекараны айқындап, мәселенің басын бірден ашып алған дұрыс. Әркім өзінде не бар екенін, өзгеге не берерін белгілеп қойсын. Сөйтсе, құда да тыныш, құдағи да тыныш. Шекара белгіленбейтін болса, ырың-жырың жайларға жол беріледі. Сондықтан көршілер шекара мәселесінде бір-бірін мойындата алса ғана тиімді қатынас түзе алады. Ал қанша ынтымақтастық пен ықпалдастыққа барсақ та, елдер бірігеді деген – бос сөз! Біз бүгін мәселенің ара-жігін ашып, не істеу керек екенін шешіп, шекараны тайға таңба басқандай айқындап қойсақ, оған ең алдымен келешек ұрпағымыз риза болады. Солардың ризашылығы үшін де, елдігімізді көтеру үшін де іргемізді бекітіп алғанымыз жөн. Бұл ретте мен қателесемін деп ойламаймын.

– Кәнігі дипломат ретінде қазақ, Қазақстан дипломатиясы тарихын қай кезден бастау керек деп ойлайсыз?

– Қазақ дипломатиясының тарихы тым әріде жатыр. Берісі Абылай хан, арысы Қазақ Ордасын құрған хандар дәуірінде де қазақтың өз дипломатиясы болды. Қазақ халқы қазақ атымен мемлекет болғалы көрші елдермен қарым-қатынас орнатты ғой, соның бәрі – біздің дипломатиямыз арқылы қол жеткен жетістіктер. Кеңес заманында Қазақстанның сыртқы істерге қатысы кемдеу болды. Ол уақытта бізде дипломатия болмағанымен, дипломат қазақ жігіттері болды. Олар Кеңес Одағының елшіліктерінде қызмет істеді.

– Еліміздің болашағынан не күтесіз?

– Әлемге танылған Қазақстан – тұрақтылықты жауапкершілік ретінде түсініп отырған аса бай ел. Еліміздің жерасты байлығын жер бетіндегі тұрғындарының әрбіріне бөліп берсек те, былай жетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетел инвестициясы қажет болды. Инвестиция бергендерге жеңілдік те беріп алдық. Ал қазір бір кезде шетелдіктерге берілген табыс көздерін қайтадан сатып болса да, өзіміз алуымыз керек. Мәселен, Сауд Арабиясы солай жасады. Байлығымызды қайтарып алу үшін күштеудің қажеті жоқ.

Кен орындарын игеруді шетелдіктерге бергенде сақ болу керек. Кеніштерді игеруді саяси әсер ете алмайтын елдерге берген абзал болады. Айталық, Жапония, Еуропа елдері, мәселен, Норвегияға беруге болады. Алыс елдер саяси талап қоя алмайды. Сақтық керек. Бір елдің компаниясына көп нәрсе беруге болмайды. Құбырды ешқашан шетелдіктерге бермеген абзал. Ол мемлекеттің иелігінде қалуы керек. Ел мүддесі ескерілсе, озық елулікке ғана емес, алғашқы ондыққа да ілігуге мүмкіндігіміз жетеді. Оған жету үшін күшті әлеуметтік саясат керек.

Әр қазақ өзінің ұлттық байлығы мен құндылықтарына қол жеткізуі керек. Әрине, оған жылдар керек, тәжірибе керек. Ол да бұрынғыдай емес, бізде бар. Норвегияны алайықшы, бізден қай жері асып кетті дейсіз. Болашағы қандай зор! Біз де сондай деңгейге жетуіміз керек. Сондықтан ата-баба аңсаған Тәуелсіздіктің арқасында қиындықтан еш тайынбай, тайсалмай еңбектену қажет. Қорықпау керек, қорыққан ел болмайды. Шын күресу керек. Бұл батыл шешімдерді ғана емес, ауыр-ауыр еңбекті де қажет етеді.

Дәл қазіргі жағдайда біздің қоғам коррупциядан арылуы тиіс. Ол жеке адамның да, қоғамның да ішкі дүниесін ірітіп-шірітетін барып тұрған былғаныш құбылыс. Коррупция ұлттық құндылықтарымыз бен қасиетімізді шірітеді. Елдігімізге балта шабады. Біз аймақтағы өзіміздің геосаяи жағдайымызға байланысты көпвекторлы саясат ұстанып отырмыз. Біз үшін одан қолайлысы жоқ. Бір жағымызда тарихи жағынан жақын Ресей, екінші жағымызда держава болуға ұмтылған Қытай отыр. Олардың бәрімен тиімді саясат жүргізу керек. Тірескен тығырыққа тіреледі. Тіресемін деген Кеңес Одағы не болды. Сол Одақ ғаламат қаржысын алапат қару жасап, оны сақтауға емес, басқаға жұмсағанда не болар еді. Сондықтан бұл мәселеде асқан жауапкершілік пен қырағы сұңғылалық керек.

– Риясыз ашық әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Әр қазақ өзінің ұлттық байлығы мен құндылықтарына қол жеткізуі керек. Әрине, оған жылдар керек, тәжірибе керек. Ол да бұрынғыдай емес, бізде бар. Норвегияны алайықшы, бізден қай жері асып кетті дейсіз. Болашағы қандай зор! Біз де сондай деңгейге жетуіміз керек. Сондықтан ата-баба аңсаған Тәуелсіздіктің арқасында қиындықтан еш тайынбай, тайсалмай еңбектену қажет. Қорықпау керек, қорыққан ел болмайды. Шын күресу керек. Бұл батыл шешімдерді ғана емес, ауыр-ауыр еңбекті де қажет етеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста