Жамбыл Артықбаев, тарихшы, этнограф:
– Сізді бірнеше оқулықтың авторы ретінде танимыз. Бүгінде оқытушылар тарих оқулықтарындағы бір мәселенің әртүрлі деректермен берілетінін айтып жатыр. Бұл не себептен? Біріздендіруге болмас па?
– Ол әртүрлі жағдайға байланысты. Мұндай даулы мәселелер ҰБТ кезінде шығып жатады. Осы мәселеге қатысты «Қазақстан тарихының даулы сұрақтары мен мәселелері» деген кітап жаздым. Жақын арада жарық көреді. ҰБТ сұрақтарын құрастырушыларға да, талапкерлер мен олардың ата-аналарына да қажетті кітап деп ойлаймын. Оқулықтардағы қателер әртүрлі себептермен кетіп жатады. Ең алдымен, министрлікте оқулықтарды бір ізге түсіруге деңгейі жететін орталық немесе үлкен тұлға болуы керек. Бұл, әсіресе, тарих оқулықтарына қатысты. Тіпті болмағанда мықты авторлық ұжым жинап, тұжырымдама мен бағдарлама жасалғаны жөн. Бізде осы күнге дейін бұл шаруа кездейсоқ адамдардың қолына түседі. Мысалы, бағдарлама жасау бір басшыға тапсырылады, ол оны деканат деңгейіне жібереді, ол кафедраға сілтейді, кафедра басшысы доценттердің біріне тапсырды делік, доцент оны өзінің шәкіртіне береді. Ең ақырында бағдарламаны сол кафедрада отырған лаборант қыз жасайды. Осылай дайындалған бағдарлама бойынша оқулық жазуың керек. 5-ші сыныптың «Қазақстан тарихынан әңгімелер» атты оқулығын жазу барысындағы бағдарламаға қарасақ, қола дәуірі – «Андронов», ерте көшпелілер кезеңі «Сақтар – құдіретті еркектер» деп аталады. Бағдарламаны ұстанбасаң – жоғарыдан, ұстансаң төменнен таяқ жейсің. Кез келген сауатты қазақ азаматы «осы сендер Андроновты неге оқулықтың бәріне тықпалай бересің?» деп бізді сөгеді және айтатын уәждері орынды. Бұл – ХХ ғасырдың басында оқулықтарға археология тарапынан енген шартты ұғым, бірақ қола дәуірін «андронов» деп оқыған қазақ баласының басында бірден өз тарихынан бөтенсу басталады. Ал «Сақтар – құдіретті еркектер» 5-ші сынып баласы үшін тіпті дөрекі, өрескел. Бағдарлама шамасы алдымен орысша жасалған, «Сақтар – құдіретті еркектер» деген жазушылар арасындағы айналымда бар «Саки-могучие мужи» сөзінің қазақша баламасы.
Осындай кезде тығырықтан шығудың барлық амалын жасап, әйтеуір дұрыс оқулық жаздым-ау деп жоғарыға ұсынасың. Олар сарапшы белгілейді, онысы білікті болып шықса – қуаныш, ал дұрыс болмай, «бұл суретте Дж.Кестель әдейі ханымызға жалаңаш етіне күпі, басына тымақ кигізіп, төменшіктетіп қойған шығар, суретті сол қалпында бере салған не жорық» немесе «тарихтың бастауында тұрған Геродот грек халқынан, Сыма Цянь қытай өкілі екенін айтып, ал өзіміздің Рашид-ад-диннің қай халық екенін неге жазбайсыңдар» деп шықса, онда апат болғаны. Бұл шаласауатты сараптамаға тек шаласауатты жауап керек. Кәсібилік, ғылымға адалдық бұл жерде арам қатады.
Осы бөгеттен өткен соң, алдыңнан баспаның редакторы шығады. Мәселен, мен өзімнің оқулықтарымда Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды деп жазамын, себебі қолымда мұрағат дерегі бар. Редактор алдында жатқан бес томдық академиялық басылым болып табылатын «Қазақстан тарихына» қарайды. Онда Тәуке хан 1718 жылы қайтыс болды деп жазылған. Редактор соны көреді де, «Артықбаев қателескен екен» деп, 1718 жылға түзеп қояды. Ал «1718 жылы» деген дерек қайдан шықты? Ол ХІХ ғасырдың басында А.И.Левшиннің жіберген қатесі. Мен ХVІІІ ғасыр тарихынан докторлық қорғағандықтан, осы кезеңді жақсы білемін. Ал тарихшылардың біразы әлі күнге дейін Левшиннің дерегін пайдаланады. Осылайша дайындалған оқулық оқырманға ұсынылады. Міне, оқулықтардағы әртүрлілік деген осыдан шығады.
Оқулықтарда кететін қателіктерге кейде уақыттың тығыздығы да себеп болып жатады. Авторларға уақыт өте аз беріледі. Маған 2007 жылы «Қазақстанның ортағасырлар тарихынан» оқулық жазуға ұсыныс түсті. Авторлық ұжыммен жұмысқа көкек айында кірістік. Маусымда баспаға беру керек. Үлгеруін кешеуілдеп болсын үлгердік, бірақ қаншама күш кетті, сол оқулық уақытында шықпады, әлі баспада жатыр. Авторлық ұжымды жөнді-жөнсіз сынау көп болды, содан олардың біразы шыдамай, кетіп қалады. Бізде сапалы, сауатты оқулық жаза алатын ғалымдар мен әдіскерлердің тапшылығы қазір басталды. Ақшасы онсыз да аз. Олардың көз майын ағызып бір-екі жылда тапқан қаламақысын жоғарыда отырған шенеунік бір-ақ сағатта табады. Жақсы оқулық жазу үшін тұрақты авторлық ұжым мен кемі 10 жыл уақыт қажет.
Тағы бір мәселе, оқулық, ең алдымен, қазақ тілінде жазылып, содан кейін орысшаға, өзбекшеге, ұйғыршаға аударылуы керек деп есептеймін. Мен жоғары және арнайы орта оқу орындарына арналған мемлекеттік «Қазақстан тарихы», «Этнология» оқулықтарының авторымын. Қазақстан тарихынан бірнеше оқу құралдарын, энциклопедиялық анықтамалықтарды жаздым. Оларды жазу да, шығару да оңай емес. Салыстыра келе, дүниедегі ең қиын жұмыс мектепке арнап оқулық жазу деген пікірге келдім.
– Сол тарих оқулықтарында Қазақ хандығының құрылу мерзімі де әртүрлі болып кездеседі. Бұған не айтар едіңіз?
– Қазақ хандығының құрылуына байланысты қазіргі таңда он шақты дата бар. Біреуі 1456 жылы құрылды десе, енді біреуі 1462 жылы дейді, бірі 1465 дегенді алға тартады. Тағы сол сияқты Қазақ хандығы 1467 жылы немесе 1470 жылы құрылды деген де деректер бар. Осы жерде, расымен де, «бұған не істеу керек?» деген заңды сұрақ туады. Тарихта әрбір кезеңге жауап беретін тарихшы мамандар болады. Бізде Қазақ хандығы дәуірінің тарихына тікелей атсалысып жүрген тарихшылар жоқ емес, бар. Бірақ, өкінішке қарай, аз. Мәселен, Қазақ хандығы бойынша Берекет Кәрібаев деген тарихшы бар. Былтыр докторлық диссертациясын қорғады. Қазақ хандығы қай жылы құрылды деген мәселеге сол жауап беруі керек. Ал қалғандарымыз негізгі маманның пікіріне сүйенуіміз қажет. Мәселен, мен ХVІІІ-ХІХ ғғ. тарихындағы мәселелерге жауап беруге тиістімін. Себебі мен сол кезең бойынша қорғадым. Қазақ тарихына осындай жүйе керек. Әр кезеңнің беделді тарихшылары болуы керек, жұрт оны мойындауға тиіс. Қазақ бір-бірін мойындамаса, ғылымда еш береке болмайды.
– Ендеше, мұндай түрлі датаға жол беруі тарихшылардың арасындағы жүйесіздік дейсіз ғой...
– Бізде кеңес дәуірінде партия тарихынан диссертация қорғағандар көп болды. Кейін Тәуелсіздік алған кезде олардың барлығы Қазақстан тарихы маманы болып шыға келді. Балтық жағалауы елдерінде Тәуелсіздік алған бетте партия мен кеңес тарихынан қорғаған жұмыстардың бәрін жоққа шығарды. Былайша айтқанда, дипломдары түкке жарамай қалды. Ал біз барлығын Қазақстан тарихының маманы қылып жібердік. Өмір бойы партия тарихымен, кеңесті мақтаумен айналысып келген адам азаматтық тарихқа түсуге мәжбүр болды. Міне, біздің жағдай осы себепке байланысты күрделенді.
– Сонда енді не істеуіміз керек?
– Тарихты ойыншыққа айналдырмау үшін күресу керек. Бүгінгі күні елдің бәрі тарихшы, солардың «арқасында» ғылымға Тауасарұлы, Қожаберген жырау, Өтейбойдақ «шығармалары» еніп барады. Аджи, Бахти, Данияров т.б. секілділер «танымал тарихшыларға» айналды. Әуесқойлар «Шыңғыс хан – қазақ» т.б. деп жер жүзіне жар салады, кәсібилер болса «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп жалған дүниемен келісе саламыз. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» ертеңгі күні қылкөпір болмай қоймайды. Осындай принципсіздіктен қазір тарихшыларды басынып, кім көрінген тарих жазатын, кім көрінген ақыл айтатын болды. Әр кезеңнің қиыншылықтары болады, ол – заңды. Жалпы, қоғамымыздағы ең өзекті проблеманың бірі – кәсібилікті жоғалту. Ел, ең бірінші, кәсіби тарихшыларын ардақ тұтуы керек.
Алдыңғы жылы «Қазақстан тарихы» оқулығын жазайық деп министрлікке 20 шақты адамды шақыртыпты. Басында кітапты екі-үш-ақ адам жазатын шығармыз деп ойлағам. Жоқ, бәрі де жазамыз деп шықты. Сөйтіп, 20 адам да кітаптың авторы болуға тілек білдірді. «Қойшы көбейсе, қой арам өледі» дегендей, ақыры кітап та шықпай қалды. Ғылыми атағы бар адамдар көп, тарихқа тер төгіп, осы ғылымның қиындығын көріп жүрген кәсіби тарихшылар аз, соларға жауапкершілік артылып, солардан талап етілуі керек, сондай-ақ оларға бар жағдай жасалғаны жөн. Ресейде ХІХ ғ. басына дейін жүйелі тарих болмаған ғой. Ескі жылнамалармен, Г.Миллер сияқты неміс ғалымдарының жазғанымен жүрген. Содан патша сарайы Карамзинге ұсыныс жасап, оған «Историограф русского императорского двора» деген атақ беріліп, сол орыс мемлекетінің тарихын жалғыз өзі жазып шықты. Кәдімгі ноғайлының биі Қарамырзаның тұқымы. Ал Карамзин мықты іргетас жасап беріп еді, Ресейде рухани жаңғыру үрдісі басталды да кетті. ХІХ ғасыр алтын ғасырға айналды. Орыс идеясы өмірге келді. Олар сол рухани құндылықтармен әлі өмір сүріп келеді. Біз болсақ, бәріміз улап-шулап бірдеме жазамыз, бір-бірімізді мойындамаймыз, ал онымыз ұлттық идея туғызу былай тұрсын, тамызық болуға да жарамайды. Қазір министрлік ғылымды енді шенеуніктердің қолынан аламыз деп уәде беріп жатыр. Мен осыған аса сенімді емеспін.
– Қазіргі білім жүйесіне көзқарасыңыз қалай?
– Біз мектепті ауылдан бастап, қалада аяқтадық. Университетте орыс, еврей, неміспен таласа оқыдық. Аспирант кезімізде Еуропаға есік ашылып, батыс этнологиясының жетістіктерін игердік, ол кезде ғылым-білімге құштарлық та, талап та, әлеуметтік сұраныс та күшті болды. Сол кездерде ғылым докторларының айлық жалақысы облыстың бірінші хатшысының айлығынан көп болды, қазір әкімқаралар мен ғалымның жалақысын салыстырып қараңыз, содан-ақ білесіз ғалымның жағдайын. Менің ойымша, білімге деген қабілет адам бойындағы қасиет секілді тек қуалайды. Әкеміз бидің баласы еді, тілге деген шеберлік содан дарыған болар, ал заманға «күйлемеуді» нағашымнан алған болармын. Ол кісі қазақтың соңғы пірадары еді. Біздің ел оны «пірадар жарықтық» деп отыратын. Сталинге Меккеге баруға рұқсат сұрап үш рет хат жазған адам. Рұқсат бермеген соң, «Құдай жолына садақа» деп жинаған ақшасын есігінің алдына қарияларды жинап, жағып жіберген екен. Өмірдің мәні «менді» сақтап қалуда ғой. Абай айтқан ғой «Адамды заман сүйрейді, заманға жаман күйлейді» деп. Бір қызығы кешегі компартияға қызмет жасағандар бүгін қазақтың рухани шаруасын белсене атқарып жатыр. А.Вебер жазып еді: «большевиктік жүйе қалыптастырған төртінші адам – ат үстінде, жаңа тұлға әлі қалыптасып болған жоқ» деп. Білім жүйесіне осының бәрі кері әсер етпей қоймайды. Мен «қазақ өз-өзіне келу үшін компартиядан әлі де болсын жиырма-отыз жыл алшақтау қажет, яғни бірер ұрпақ ауысу керек» деп есептеймін.
– Қазақ этнологиясының толып жатқан проблемалары бар дейсіз, солар туралы айтсаңыз...
– Кеңес дәуірінде этнография ғылымында көп жұмыстар басталған, бірақ қазақтың төл мәдениетін зерттеуге мүмкіндік берген жоқ. Халықтың іші-сыртын танитын тарих ғылымының белсенді саласы – осы этнография, оның әдіс-тәсілдерін меңгеру этносты терең білуге, болашағын көруге мүмкіндік береді. Бірақ бізде ғылымға сұраныс төмен, сол себепті этнографтардың біразы археологияға, біразы тарихқа кетіп қалдық. Басқа шаруаның арасында жүріп, әйтеуір оқулығын жаздым, бірнеше зерттеу еңбектер, соның ішінде «Қазақ этнографиясының кітапханасы» деп 50 томдық дайындадым. Қазіргі этникалық қарым-қатынастарға арналған зерттеу жұмысым дайын тұр, тек соңғы санақтың мәліметтері түгел емес.
Кеңестік дәуірде дәстүрлі қазақ қоғамы терең зерттелмеді. Мысалы, этнографтар ру-тайпалар туралы мәліметтерді жинады да, олардың арасындағы қарым-қатынас зерттелмей қалды, яғни құрам анық, құрылым белгісіз. Ал бұл құрылым қазақ этносының өзегі. Қазақ туыстық жүйемен өмір сүрген халық. Менің диссертациялық жұмыстарымның тақырыбы – осы құрылым мәселесі. Соңғы кезде этнографиядан қызықты да тағылымды мақалалар сериясын дайындасам ба деп жүрмін. Саясаттың бір сәттік сұранымына сәйкес дәстүр-салттарымыз жөнінде неше түрлі нәрселер айтылады. Мысалы, біз «қазақ – қонақжай халық» дейміз. Ал айтыңызшы, қонақжай емеспіз деген халық жер бетінде бар ма? Жоқ! Африка мен мұхит аралдарындағы адам жейтін қауымдардың өзі өзін қонақжаймыз дейді. Шетелдік әріптесім еңбектерінде «Ертеде қазақтар бір-бірінен 400-500 шақырым алыс орналасқан, адам баласын сирек көретін болған соң, амалсыздан қонақжай болған» дейді. Мұны қайдан алды десем, өзіміздің қазақтарға сілтеме жасайды. Батыста «дисперсті теория» деген бар. Гренландия эскимостарының қонақжай гетеризм дәстүрлерін түсіндіру қажеттілігінен туған. Сібірдің циркумполяр халықтарының арасында қонақжайлықтың осы түрі бар, яғни келген қонаққа өзінің не әйелін, не бойжеткен қызын ұсынатын салт.
Біздің елдің атын шетелге танытып жүрген азаматтар қазақтың тарихы мен этнографиясын онша жетік біле қоймайды да, қонақжайлығымызды әлемге дәлелдеу үшін Н.Масанов әкелген дисперсті теорияны пайдаланады. Қазақ жазда бір-бірімен мидай араласып жатады, туыстық жүйе елдің қыста да дисперсті өмір сүруіне мүмкіндік бермейді, жақын ағайын-туған, абысын-ажын бірін-бірі бірер күн көрмесе, жылап табысады. Семейдің патша заманындағы өлкетанушыларының бірі ағайыннан алыс кетпес үшін тобықтылардың Шыңғыстаудың қысқа жайлы жерлерін түгел пайдаланбайтынын жазғаны еске түседі. Қазақ жауынгер ел болған соң, бір-бірінің жылқысын қумай, тыныш отырмайды. Оны қуу үшін де, қайтару үшін де маңыңда ағайының болу керек. Қыста қазақтың бір-бірінен қол үзбей, хабарласып отыратынын Мұхамед Шайбанидың жанына еріп келген Рузбеханның «Бұқарлық қонақтың жазбалары» кітабынан оқыңыз. Қақаған қыста Жәніш сұлтанның ұлысынан отыз мың жауынгер бір сәтте жиналды дейді: «Когда разнесся слух о приближении войска султанов, люди улуса Джаниш-султана собрались на одном месте. Число их превышало тридцать тысяч человек...». Осы сурет Гренландияның қар астынан аюдай апан (иглу) қазып алып жан сақтап отырған бейшара дисперсті эскимосына ұқсамайды ғой.
Қазақтың төзімділігін шыдамдылық пен жалпақшешейліктен қалай ажыратамыз, бұл да зерттеу тақырыбына сұранып тұр. ХVІІІ-ХІХ ғғ. басындағы деректерді қарасақ, отарлаудың қасіретіне қарамастан, қазақ өмірінің қатал ережелері, өзара ынтымағы көзге ұрады. Бұл – қазақтың Орталық Азияда керемет өскен және белсенді қимыл жасаған уақыты. Қазақ шығыста Алтай тауын айнала қонды. Біздің ата-бабаларымыз Орал тауын бөктерлеп, Ертіс пен Обьті өрлеп, Ібір-Сібір жеріне еніп кетіп, орыстар ол жерден қазақты қайтара алмай дал болды. Қазақ батыста түрікменді Маңғыстаудан ығыстырып, Каспийді екі жағынан да айнала бастады. Сыр мен Әму арасындағы сарт-тәжік қалалары қалың қазақтың қоршауында қалды. «Қазақ тарихының Геродоты» атанған А.И.Левшиннің өзі қазақ мінезінің қызбалығын, намысқа тисе қан ішетінін жазады. Сол кезеңдегі тарихи-этнографиялық әдебиетте қазақтың өзге жұртқа сыр ашпайтын беріктігіне толып жатқан қызықты мысалдар келтірілген. Ертіс бойы орыстарының қазақтанып, ассимиляцияға түскені туралы баспасөз бетінде байбалам көтерілетіні де осы кезең. Ресей шекара бастықтары қазақ сұлтандарының орысша біліп тұрып, келіссөздер кезінде тілмаш талап ететінін ызалана жазады. Олардың ойынша, тілмашты қазақтар қулықпен талап етеді: біріншіден, әр жауабына ойлануға мүмкіндік алады, екіншіден, мәселе шешілмей дау туса, оны тілмаштың дұрыс аудармағанына жаба салады. Мүмкін, бұл рас та шығар, бірақ мәселе талап етуде болып отыр ғой. Осы біз қандай халықпыз өзі? Бүгінгі күнгі жағдайымыз туралы не білеміз, батыспыз ба, шығыспыз ба, өз дәстүрімізден бірдеме қалды ма? Қазақта ертеде басы бос бойдақ әйел, қаңғыған жетім болмағаны анық, қазір неге осылар көбейіп кетті? Қазақтың «асырап алу» деген үш сатылы салты бар еді ғой, ол неге ұмытылды? Тіпті қазақтың қымыз ішу дәстүрінің өзі неге тұрады, жолаушы босағадан аттағаннан бастап толып жатқан ғұрыпты сақтаса, «мінекейіңіз», «бұйыртсын» болса ғана құрметті.
Сонымен бірге Қазақстандағы кіші этностардың тарихы мен тағдыры да қызық, әлемдегі этносаралық қақтығыстар да біз үшін керек тақырыптар. Неге Еуропаның ортасында, байлыққа бөгіп отырған Бельгия екіге бөлінейін деп жатыр, неге Испания Каталония мен Басконияға алаңдай береді? Неге Магриб этностары өз корольдері мен президенттерін тақтан қуып, жауапқа тартып жатыр?
– Қазір қандай мәселемен айналысып жүрсіз?
– Қазір бір тақырып аса қатты қызықтырып жүр. Есім хан заманында Арыстан аталық деген белгілі тұлға бар, оның Барқы деген ұлы Тәуке ханның тұсында аталық болса, Барқының баласы Нияз Әбілмәмбет ханның заманында аталық болды, яғни хан жанындағы ақылшы, ханзадалардың тәрбиешісі. Қазір Қазақстан тарихы оқулықтары мен Қазақ мемлекетіне қатысты зерттеулерден «аталық» деген сөзді кездестірмейсіз. Оның не екенін тарихшылар біле де бермейді. Сол аталықтар институты қызықтырып, «Аталық әулеті» деген кітапты дайындауға кірістім.
Одан басқа қазақтың шежіре-аңыздарын орысшаға аударып, тәпсірлеп қойдым. Алаша ханнан бастап Кенесарыға дейінгі бірнеше мыңжылдықтың тарихы суреттеледі. «Төрелер шежіресі» қазақ тілінде көлемді еңбек болып шығатын түрі бар. «Ертіс бойындағы жер-су атаулары» жазылуда. Бұл – аса қызықты тақырып. Алтайдан бастап Солтүстік мұзды мұхит аралығындағы толып жатқан топонимдерді жинақтап, этимологиялық талдау жасауды көздейді.
Қысқасы, басқа да жазылып жатқан немесе баспаны күтіп тұрған бірнеше дүниелер бар, бұйыртса, ертелі-кеш оқырманға бір жетер. Жалпы, жазам деген ғалымға қазақ тарихында тақырып көп, тек түсінуші, қолдаушы, демеуші азаматтар табылсын де.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Ертеде мынадай қағида болатын, мәселен, мен ХVІІІ-ХІХ ғғ. тарихының маманымын ба, өз шәкірттерімді осы кезең бойынша қорғатуым керек. Бірақ бізде қазір тарихшылар шәкіртіне өзі шала білетін кезеңнен диссертациялық жұмыстар жазғызып жатады. Яғни мектептен айырылып бара жатырмыз. Ал принцип пен мектеп жоқ жерде ғылым жасау өте қиын. Біздегі кәсіби білім құнсызданып кетті. Кәсібилік талап етілмейді. Кәсібилік ғылымның негізгі принципі болу керек.