Айтбай БҰЛАШЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттiк аграрлық-техникалық университетiнiң ректоры, профессор:
– Айтбай Қабыкешұлы, Кеңес өкiметi тұсында мал дәрiгерi деген мамандықтың айдарынан жел есiп тұрды. Алайда 90-жылдардағы тоқыраудан кейiн мал дәрiгерлерi ешкiмге керек емес болып қалды. Сөйтiп, оларды дайындауды әлсiретiп алдық. Қазiр осы олқылықтың зардабын көрiп жатқан жоқпыз ба?
– «Дәрiгер – адамды, ал мал дәрiгерi адамзатты емдейдi» деген қанатты сөз бар. Дастарқанымызға келiп түсетiн мал өнiмдерiнен ғана емес, сонымен қатар жемiс-жидектерден дайындалған тағамдардың адам денсаулығына зиянсыздығын анықтап, тұтынуға рұқсат беретiн – мал дәрiгерлерi. Мал дәрiгерi тек ауылшаруашылығында ғана емес, сонымен қатар кеден қызметiнде, Қарулы күштер қатарында, транспорт және басқа салаларда қызмет етуде. Мiне, сондықтан да болар, қазiргi кезде бiздiң елiмiзге 5200-дей мал дәрiгерлерi жетiспей отыр.
– «Мал дәрiгерi адамзатты емдейдi» дедiңiз ғой. Мал ауруынан адамзатқа төнiп тұрған қандай қауiп бар?
– Республикамыздың малшаруашылығына орасан зор шығын келтiрiп, халқымыздың денсаулығына қауiп-қатер тигiзiп отырған жұқпалы аурулар – бруцеллез және туберкулез. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында аталмыш аурулардан мал басымыз толығынан сауығуға жақындап қалып едi, алайда кеңшарлардың ыдырап, ұсақ шаруашылықтардың пайда болуы iндеттердiң алдын алу шараларын толыққанды түрде жүргiзуге мүмкiндiк бермедi. Мiне, сондықтан да бұл аурулар қайтадан бас көтерiп, эпизоотиялық жағдайды күрт нашарлатып жiбердi. Дегенмен кейiнгi 2-3 жыл iшiнде бiршама алға басушылық байқалып отыр. Айталық, былтыр бруцеллезге 38 608 бас сиыр немесе бұл түлiктiң 0,68 пайызы шалдықса, туберкулезге шалдыққаны небәрi 399 бас немесе 0,003 пайыз. Қой арасында бруцеллез ауруын жұқтырғандардың саны 23 141 басты немесе 0,23 пайызды құраған. Жалпы алғанда, былтырғы жылы бұл аурулардан таза емес 400 табынның 205-i сауықтырылды. Мiне, сондықтан да алдымыздағы 1-2 жылдың iшiнде экономикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар әлеуметтiк залалы бар бұл қауiптi ауруларды жоюға мүмкiндiк бар сияқты. Сонымен қатар былтыр елiмiзде құтыру, топалаң, қарасан, пастереллез аурулары тiркелдi.
– Елiмiзде жасалып жатқан мал ауруының алдын алу шаралары көңiлiңiзден шыға ма? Ондай шаралар жасалып жатыр ма, жалпы?
– Үкiметiмiздiң арнайы қаулысымен республикалық бюджет есебiнен алдын алу және емдеу жұмыстары атқарылатын аса қауiптi аурулардың тiзiмi бекiтiлген болатын. Бұл тiзiмге ұзын саны жануарлардың, атап айтсақ тек төрт түлiк малдың ғана емес, сонымен қатар құстың, шошқаның, терiсi бағалы аңдардың, үй қояндарының, ит пен мысықтардың және балықтар мен бал араларының 68 ауруы ендi. Қуантарлық жағдай, жылдан-жылға мемлекет есебiнен малдәрiгерлiк қызметке бөлiнетiн қаржының өсе түсуi. Айталық, егер де 2007 жылы аса қауiптi мал ауруларымен күреске 6 миллиард теңге қаржы бөлiнсе, былтыр бұл көмек 10 миллиардқа жақындады, ал биылғы жылға 14 миллиардтай қаржы жоспарланған. Алдағы уақытта халықаралық стандартқа сай 14 облыстық және 115 аудандық деңгейдегi малдәрiгерлiк зертханалар салынбақшы.
– Қазiргi кезде мал дәрiгерлерiнiң өз жұмысына салғырт қарайтыны ақиқат. Оны көптеген ауылдық жерлерде көрiп жүремiз. Мәселен, сатылуға әкетiп бара жатқан анықтама қағазын малды көрмей жазып бере салып жататын кездердi де кездестiрдiк. Ал ол мал, бәлкiм, жұқпалы аурумен ауыратын шығар. Қала тұрғындары сол малдың етiн қорек етедi. Осындай жағдайларды тыю үшiн қандай шаралар қолданылып жатыр?
– Өкiнiшке қарай, өз қызметiне үстiрт қарайтындар басқа да маман иелерiнiң арасында кездеседi. Сiздiң сұрағыңызға орай, қазағымыздың «бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi» деген мақалы есiме түсiп отыр. Мал дәрiгерлерiнiң денi өз жұмысына аса жауапкершiлiкпен қарайтын адамдар. Дәрiгерлiк тексерiстен өткен мал өнiмдерi арқылы адамдардың жұқпалы ауруға шалдыққаны туралы естiген емеспiн. Әлдебiр мал дәрiгерлерiнiң, сiз айтқандай, малды көрмей-ақ анықтама жазып бере алатындығын жоққа шығара алмаймын. Өзiм де осындай жағдайдың куәгерi болғанмын. Менiң сұрағыма мал дәрiгерi құжатқа келген адамның иелiгiндегi барлық мал тұяқтарына жұқпалы ауруларға қарсы дәрiнi өзi еккендiгiн алға тартқан болатын. Менiң айтарым, мұндай келеңсiз жағдайды болдырмауға тек мал дәрiгерлерi ғана емес, сонымен қатар «Ветеринария туралы» заңда көрсетiлгендей, мал иелерi де жауапты екендiгiн айта кеткен жөн болар.
– Кеңес өкiметi кезiнде мал көметiн арнайы ор қазылушы едi. Бүгiнгi күнi ондай ордың жұрнағы да жоқ. Қазiр шұжық цехтары сондай «орға» айналды. Ауырып тұрған малын кешке сойып алып, шұжық өндiретiн цехтарға арзан бағаға болсын өткiзе салады. Ет өнiмдерiмiз де ертеңгi күнi экспортқа шығатын болса, бұл басымызға бәле болайын деп тұр. Осыған қатысты не айтасыз?
– Сiз айтып отырған арнайы орға, яғни Беккер шұңқырында тек өлекселер ғана залалсыздандырылады. Келiсемiн, қолданыста жүрген мұндай шұңқырлардың саны кейiнгi кезде күрт азайып кеттi. Бұл жерде мәселе қаржыға тiрелiп отыр. «Ветеринария туралы» заң бойынша, жергiлiктi атқарушы органдар мәслихаттардың шешiмi бойынша мал дәрiгерлерiне санитарлық қадағалау функцияларын атқаруға көмек көрсетiп, тиiстi iс-шараларды жүзеге асыруға жергiлiктi бюджеттен қаражат бөле алады. Менiң ойымша, облыстар мен аудандардың ветеринария қызметiне көрсетiп жатқан көмектерi мардымсыз сияқты. Сондықтан да болар, аяғынан ендi ғана тұрып келе жатқан қожалық иелерi шұңқырлардың барын ұқсатып, жоғын жабдықтап жатыр.
Қазiргi кезде өлекселердi жағатын пештер пайда бола бастады. Астана қаласында мұндай қондырғылар Астрахань трассасының бойында орналастырылған. Аталмыш пештер барлық аудандарда iске қосылса, ауылды жердiң санитарлық деңгейi бiршама көтерiлiп, жұқпалы аурулардың әлсiн-әлсiн бас көтерiп тұруына тосқауыл болар едi. Жалпы алғанда, бұл пештер, шұңқырлар аса қауiптi жұқпалы ауруларға, айталық құтыру, аусыл, топалаң, оба, қарасан, маңқа, шешек, құс тұмауына және т.б. ұзын саны 25 ауру түрiне шалдыққан малдарды жою үшiн қолданылады. Ал қайта өңдеуге, соның iшiнде шұжық, консервi цехтарына сау малдардың ғана емес, сонымен қатар бруцеллез, туберкулез, лейкоз, сальмонеллез, листериоз, шошқа тiлмесi, кампилобактериоз және т.б. арнайы тiзiмге енген ауруларға шалдыққан малдардың да өнiмдерi жiберiледi. Жоғары температуралық жағдайда өңдеуден өткен мал өнiмдерi адамға залалсыз болып шығады. Әрине, экспортқа арналған тағамдарды тек сау малдың етiнен дайындау керек, әйтпесе оларға шетелдiк тұтынушылар қызығушылық танытпайды. Мал басы көбейе келе, тағамдарды тек қана сау малдың етiнен дайындауға бiздiң де қолымыз жететiне күмән келтiруге болмайды.
– Атақты селекционер-ғалым Кәрiм Мыңбаевтың өз кезiнде малшаруашылығына сiңiрген еңбегi ерен. Будандастыру арқылы асыл тұқымды мал алу мәселесiн мақсат етiп, талай еңбектер сiңiрдi. Елiмiзде қазiр сондай ғалымдарды атай аласыз ба? Бар ма өзi?
– Баршылық. Айталық, он жылдай бұрын Атырау құйрықты елтiрi, еттi, майлы қой тұқымы пайда болды. Осы қой тұқымын шығарғандары үшiн авторлар (Х.Ұқбаев және басқалары) 2007 жылы Мемлекеттiк сыйлықтың иегерлерi атанды. Былтыр бiздiң университеттiң ғалымдары қара ала сиырдың солтүстiк өңiрге бейiмделген қазақи типiн шығарды (Б.Әлiмжанов бастаған топтың еңбегi). Бұл еңбектерi үшiн олар А.И.Бараев атындағы Мемлекет сыйлығымен марапатталды. Жылқының қостанай және көшiм тұқымдарын жетiлдiру бағытында да жемiстi жұмыстар атқарылуда (И.Н.Нечаев және басқалар еңбектенiп жатыр).
– Едiлбай қойы, асыл тұқымды ақбас сиыр, қаракөл қойы сияқты асыл тұқымды мал будандастырылып жатыр ма? Қазiр асыл тұқымды мал бар ма? Атап-атап берсеңiз.
– Осыдан он жыл бұрын жылқының мұғалжар атты тұқымы дүниеге келген болатын. Ал бүгiнгi күнi қой шаруашылығында қазақтың биязы жүндi және немiстiң дойчемеринофляйншаф қойларын будандастыру негiзiнде «еттi меринос» тұқымын шығару жұмыстары аяқталуға жақын. Сиыр және түйе малына келетiн болсақ, соңғы жылдары нақты тұқымдар шыға қоймағанымен, болашақ тұқымдарға негiз бола алатын өнiмдiлiгi жоғары жекеленген типтер баршылық.
– Болашақта Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрер болсақ, малшаруашылығы, өнiмдерiмiз бәсекеге қабiлеттi бола ма, болмай ма?
– Малшаруашылығы өнiмдерi бәсекеге қабiлеттi болу үшiн халықаралық стандарттарға сәйкес болуы қажет. Ал бүгiнгi күнi мал өнiмiнiң басым бөлiгi санитарлық жағдайы беймәлiм әртүрлi жекеменшiктi кәсiпорындарда шығарылады. Мұндай қасапханаларда сойылған мал етi немесе қорада сауылған сүтпен, әрине, бәсекелестiктiң ауылын маңайлай алмаймыз.
– Ол үшiн не iстеу керек? Бәсекеге қабiлеттi өнiмдi қайдан аламыз?
– Мiне, осыған орай елiмiзде iрi тауарлы сүт және бордақылау кешендерi iске қосыла бастады. Былтырғы жылы Канададан асыл тұқымды сиырлар әкелiнiп, екi сүт фермасы iске қосылды. Жалпы алғанда, жуық арада мұндай сүт фермаларының ұзын саны 30-ға жетпекшi, ал мал бордақылайтын 6 кешен пайдалануға берiлмекшi. Мұндай кешендерде малдарды күтiп-бағу, сүт өндiру, стандартқа сәйкес мал сою, еттi мүшелеу, өнiмдердi тауарлық түрiне келтiру, қораптау және т.б. жұмыстар санитарлық талаптарқа сәйкес жүргiзiлуде. Осындай шаралар бiртiндеп iске асырыла берсе, мал өнiмдерiмiз бәсекеге қабiлеттi бола алады.
– Демек, малшаруашылығы қайта түлеп келе жатыр демекшiсiз ғой...
– Расымен де, малшаруашылығында орын алған тоқырау тоқтатылып, бұл саланың қайта өрлеу кезеңi туып келедi. Құдай қаласа, бiз ет және сүт тағамдарымен тек өзiмiздi толық қамтамасыз етiп қана қоймай, шетелдермен де бөлiсе алатын боламыз. Оған барлық мүмкiншiлiктер бар. Көршi Ресей жылына 2 млн тонна еттi Бразилиядан, АҚШ-тан және басқа да елдерден сатып алады екен. Ал егер бiз көршiмiзге осы тағамның төрттен бiрiн экспорттайтын болсақ, онда қазiргi кезде егiн шаруашылығынан түсiп жатқан пайданы өндiрiп қана қоймай, жыл он екi ай халыққа жұмыс тауып бередi екенбiз.
– Баяғыда апаларымыз айтып отырушы едi, «сиырдан сауылған сүт бiраз уақыт тұрғаннан кейiн бетiндегi қалқыған қаймақтың үстiнде лақ ойнаса батпайтын» деп. Яғни сүттiң майлылығы мен құнарлылығының сапалы екенiн айтып тамсанатын. Сол кездегi сиырлар қазiр жоқ, өкiнiшке қарай. Оған не себеп? Малдың тектiлiгiнiң жоғалуы ма, әлде жердiң құнарсыздануы ма? Дегенмен ондай сиырларды будандастырып шығаруға болатын шығар?
– Елiмiз сиырдың еттi ақбас және әулиекөл тұқымдарымен белгiлi болғанымен, осы түлiктiң сүттi асыл тұқымдарын шығаруға көңiл бөлiнбей келедi. Жалпы айтқанда, сиыр сүтiнiң майлылығы төмендеп кеттi деп айтуға болмайды. Сүттiң майлылығы негiзiнен сиырдың тұқымына ғана емес, сонымен қатар азықтандыру жағдайларына да тәуелдi болып келедi. Әдетте бұл көрсеткiш 3-5 пайыз деңгейiнде болады. Алайда дүкендерде сатылып жүрген сүттiң майлылығы бекiтiлген стандарттарға сәйкес белгiлi бiр мөлшерде болуы керек, айталық: 2,5 пайыз, 3,2 пайыз, 6 пайыз. Мiне, сондықтан да зауыттарда өнiмдi сұйылту үшiн оған көк сүт қосады, ал қойылту мақсатында қаймақпен араластырады. Дәрiгерлердiң айтуынша, денсаулыққа майлылығы аз сүт дұрыс сияқты, ал қазақтың шайына кiлегейлi сүт керек. Қазақстандағы жылына бiр сиырдан сауылатын орташа сүт мөлшерi 2,5 мың келi төңiрегiнде. Қазiр сүт мөлшерiн көбейту үшiн жергiлiктi тұқымдарды сүт өнiмдiлiгi жоғары шетелдiң айршир, голштин бұқаларымен будандастыру жүргiзiлiп жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесiнде жылына 4,5-5 мың литр сүт беретiн сиыр басы көбейiп келедi. Рас, шетелдерде сиыр басынан 8-12 мың литр сүт өндiрiледi, бiрақ сүт молайған сайын оның майлылығы төмендей бастайды. Әдетте сүттi сиырлардың майлылығы 3,5-3,7 пайыздан аспайды.
– Әңгiмеңiзге рақмет.
КЕРЕК ДЕРЕК
Үстiмiздегi жылдың 1 қаңтарында былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда малдың саны 2,3-5,3 пайыз аралығында өсiп, сиыр 6008 мың, қой мен ешкi 16 938 мың, шошқа 1384 мың, жылқы 1366 мың, түйе 148 мың, құс саны 31 млн басқа жеттi. Былтырғы жылы 1570 мың тонна мал және құс етi, 5164 мың тонна сүт, 2973 млн жұмыртқа өндiрiлiп, былтырғы көрсеткiштерден тиiсiнше 4,3 пайыз, 2,5 пайыз және 12,2% пайызға жоғары болды. Бiрақ әлi де болса елiмiз сырттан былтырғы жылы 150 мың тоннадай ет (оның 90 пайызы құс етi), 100 мың тоннадан астам сүт сатып алды.