Қала салу, ғимарат тұрғызу кезінде еліміздегі сәулет өнерінің қалыптаспағаны айқын байқалады
Төлеубек ҚАРАМЕНДІТЕГІ, cәулет ғылымының кандидаты, профессор:
– Төлеубек Сейітқалиұлы, сіз 70 жылдық ғұмырыңыздың басым бөлігін сәулет саласына арнаған тұлғасыз. Ойға түйгеніңіз де аз болмауы керек. Осы орайда, қалай ойлайсыз, біз қала салу мәдениетін білеміз бе?
– Жоқ, біз қала салу мәдениетін білмейміз. Сол білмейтіндігімізден қала сәулетінде көптеген кемшілікке жол беріп те жатырмыз. Мәселен, дүниежүзінде құнарлы жерлерді жекеменшіктің пайдалануына бермей, барынша сақтайды. Жетісудың жері де сондай құнарлы. Бірақ Алматы қаласының аумағын кеңейткен үстіне кеңейтіп, құнарлы жердің барлығын жекеменшікке сатып, оңды-солды пайдаланып жатырмыз. Құнарлы жер – біздің азығымыз, асыраушымыз. Жекеменшікке өткеннен кейін оны қалай болса солай пайдаланып, құнарынан айырады. Іле Алатауының сұлу табиғатына зиян келіп, қала тұрғындары мен қалаға келген қонақтар демалатын табиғи демалыс жерлерінен айырылды. Осыған жаным ауырады. Мәселен, Жапон елін мысалға келтірсем, олар қылтақандай шөп өсетін жерін құрылыс мақсатында пайдалануға бермейді. Одан гөрі тас, топырақты мұхитқа төгіп жер жасап, қала салып жатыр. Қазір Алматыда жеміс-жидек, көкөніс, ет-сүттің бәрі қымбат. Өйткені құнарлы жердің бәрін сатып жібердік, үстіне апарып қала салдық. Нәтижесінде құнарлы жерлерімізді азайтып алдық. Мәселен, Алматы қаласының ауқымын кеңейтеміз деп, алманың атасы атанған қаланы апортынан айырдық. Бүгінде апорт сорты өте аз кездеседі, қымбат. Егер қаланы есеппен салғанымызда, апортты да сақтап, қаланы да әсемдеп салуымызға болар еді. Негізі, қала салу кезінде жердің жағдайынан бастап есепке алу керек. Алматыны тұрғызамыз деп, алмасыз қалдық, сол секілді өзен жағаларына қала саламыз деп, қала ішінен сылдырап ағып жатқан суларымызды ластап жатырмыз. Сол қала сала алмайтынымыздың салдарынан қалаларымыз көктем болса суға кетіп, қыс болса жылусыз қалып әбігерге түсіп жатырмыз. Айналып келгенде, мұның бәрі сәулетшілердің білімсіздігінен деп білемін.
Кеңес Одағы кезінде салынған үйлер қаланың ішіне ауа өткізуге де қолайлы, сейсмикалық тұрғыдан да қауіпсіз болатын. Бүгінгідей ғимараттарды бірінің үстіне бірін мінгізіп салмайтын. Ал қазір сол кездері салынған үйлердің тәртібін бұзып, көп қателікке жол беріп жатырмыз. Менің оқу орнын бітіргендегі дипломдық жұмысым Алматы қаласы тұрғын үйлерінің орналасуына арналған болатын. Егер үйлерді шыршаның бұтағы типтес ретпен салатын болсақ әрі барлық тұрғын үй қаз қатар түсетін болса, таудан соққан самал желге де кедергі келтірмей, бүгінгі күнгі ауа алмаспаудан туындап отырған экологиялық мәселені де шешкен болар едік. Тіпті Алматының қай тұрғын үйінің терезесінен қарасаң да, әсем Алатау көрініп тұрар еді. Менің бала кезімде Алматының қай бұрышының да ауасы тап-таза болатын. Тау да анық көрініп тұратын. Негізі, Алматының бар ажары – Алатауы. Сондықтан ғимараттарды таудың әсемдігін көрсетіп тұруды басты мақсатымыз ете отырып салу керек еді. Ал қазір қалай болса солай салынған ғимараттардан ауа айналымы өтпейді. Алатаудың көркемдік көрінісі былай тұрсын, ауа айналысы тоқтады. Нәтижесінде қаланың экологиялық ахуалы нашар, тұрғындардың ауруы қозып барады деп жарияға жар салып, мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұл айналып келгенде мамандардың миына ауырлық түсіретіндей де қиын шаруа емес. Бірақ қала салуға деген немқұрайдылығымыздың салдарынан көп қателік жібердік. Сондықтан қала салуды меңгереміз десек, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді меңгерген, жеріміздің өзгерісін толық білетін сәулетші мамандарымызды өзіміз дайындауға күш салуымыз керек.
– Қазір Сәулетшілер одағының атын көп ести бермейміз. Аталмыш одақ немен айналысып жатыр?
– Рас, Сәулетшілер одағының бар-жоғы білінбейді. Қағаз жүзінде ғана осындай бір одақтың бар екені белгілі. Іс жүзінде ештеңе бітіріп жатқан жоқ. Сәулетшілердің де бірігіп, іс тындырып жатқаны жария бола бермейді. Мәселен, мен еліміздегі оқу орнында ашылған сәулетшілік өнердің 1966 жылы бітірген алғашқы түлегімін. Әрқашан сәулетшілерді дайындап жатқан оқу ордасының тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырамын. Сонда көзімнің жеткені – бүгінде сәулет өнерінде білім алып жатқан шәкірттерге басқа мамандықтың ұстаздары сабақ беруде. Ондай ұстаздар білім беріп жатқан шәкірттерден жақсы маман шықпасы анық. Неше жылдан бері сәулетшілер дайындайтын оқу ордасын мұрнына қазақылықтың исі бармайтын тұлғалар басқарып келеді. Нәтижесінде сәулетші мамандарды дайындауда артта қалып жатырмыз. Сәулет өнері де дамымай жатыр. 40 жылдан бері елімізде жөні түзу маманның дайындалмауы әлі де болса ғимарат салатын болсақ, шетелге мойын созып, маман шақыртуымызға әкеліп соғып отыр. Қала салу, ғимарат тұрғызу кезінде еліміздегі сәулет өнерінің қалыптаспағаны айқын байқалады. Беткеұстар сәулетшілер болмағаннан кейін еліміздегі сәулетшілерде де бедел қалмады.
– Еліміздегі бой көтерген ғимараттарда ұлттық нақыштың көрініс таба бермейтінінің сырын осыдан іздеуге бола ма?
– Рас, соңғы кездері бой көтерген ғимараттарда ұлттық реңктің, қазақылықтың исі жоқ. Әрбір қаламызға шетелдік мейман ат басын тірегенде, ондағы сәулет өнерінің арқасында ұлттық бояуымызды, ұлтқа тән ерекшелігімізді айқын сезінуі тиіс. Сонда ғана біз қалаларымызбен мақтана аламыз. Мәселен, Қытай елінің кез келген ғимаратына қарап қай елде жүргеніңді айқын сезіне аласың. Ал бізде ұлттық стильден гөрі еуропалық стиль басым. Өйткені, бүгінде сәулетшілерді дайындап жатқан мамандардың ойынша, қазақта айтарлықтай өнер болған жоқ, сәулет өнерінде көрсетуге болатындай ерекшелік жоқ! Ал, шындығында, қазақтың ағаш иіп жасаған әрбір оюында мән бар, киізбен көмкерілген қазақы үйлерінің өзі не тұрады! Біздің ата-бабаларымыз сәулет өнерін жақсы білген. Егер ұйқастыра білсек, қазақы үйлеріміз бен бүгінгі күнгі заманауи жетістіктерді қабыстыра отырып талай нәрсе жасауға болар еді. Бірақ бүгінде ғимараттарды салуға атсалысып жүрген, сана-сезімінде қазақылықтың исі жоқ мамандардан ондай нәрсе күте алмаймыз.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, біз метроны өте қымбатқа салдық. Отыз жылға жуық уақыт ақшаны желге шашып салған метродан гөрі қала тұрғындарын тасуға ыңғайлы әрі тезірек салынып бітетін неше түрлі жоба бар еді. Мәселен, Алматыға Жапон еліндегідей көлік жүретін аспалы монорельс жолы метродан гөрі әлдеқайда қолайлы. Метро салу кезінде қаланың ерекшелігі ескерілмеген. Мәселен, Алматы қаласының асты тасты. Ал метроны қазу кезінде тасты жер өте үлкен қиындық тудырады. Осыған дейін салынған Ташкент пен Мәскеу қалаларының асты тасты емес. Ал біз осы ерекшелікті ескермедік. Елімізге метро салу қымбатқа түсті, уақытты да алды. Одан гөрі аспалы монорельс салғанымызда, қаланың бір шетінен, екінші шетіне дейін айқыш-ұйқыш салып тастауға болар еді. Метроны салған қаржыны қала салуға жұмсағанымызда, бүгінгі күні тағы бір қала тұрғызып тастауға болар еді. Алматыда жер сілкінісі жиі болады. Ертең жер сілкінісі қаттырақ болса, метромызға айтарлықтай зиян тиеді. Ал егер аспалы теміржол салғанымызда, ол жер сілкінісіне төтеп берер еді. Өйткені жер сілкінсе, ол тербеліп қана тұрар еді. Ал сонша қаржы төккен метро бүгінде халықтың қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отыр.
– Көктем және күз мезгілдері кезінде қалаларымыздың суға кетуі үйреншікті көрініске айналды. Көкшетау, Орал, Алматы қалаларының шеткі аудандары, тіпті Астана қаласы да соңғы кездері бірнеше күн қатарынан толассыз жаңбыр жауса, су астында қалуы жиі кездесуде. Мәселенің шығу төркіні неде?
– Қала салу – үлкен ғылым. Қалада әрбір ғимарат бой көтерер алдында алдын ала бәрі есептелуі тиіс. Қала сала алмайтынымыздың салдарынан «күн жаумай су болып», жаңбыр суының астында қалып, әбігерге түсіп жатырмыз. Ғимарат түгіл, соңғы жылдары Алматы қаласында салынған жолайрықтарда да көпірлердің асты суға толып кететін болып жүр. Себебі жолайрық салу кезінде бәрі алдын ала дұрыс есептелмегендіктен, осындай мәселе туындап отыр. Бүгінде көлік тығыны мәселесін шешеді деп күтілген жолайрықтарда жаңбыр жауған кезде судың жиналуынан көліктердің моторына су тиіп, жолдың қақ ортасында көліктердің өшіп, тұрып қалуына әкеліп соғуда. Осының салдарынан жолайрық маңында жауын-шашынды күндері көлік қарасы тіпті молая түседі. Шындығында, Алматы қаласының орналасуы жаңбыр және қар суының қалып қоймай, ағып кетуіне өте қолайлы. Тек сол қолайлы нәрсені дұрыс пайдалана білуіміз керек еді. Сол секілді төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында басқа да қалаларымыздың өз ерекшелігіне сай түрлі әдістерді қолдануымыз қажет. Қазір ғимарат салуға қалай болса солай қарайды. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде бір ғимарат тұрғызу үшін қоғамда кәдімгідей пікірталас туындайтын. Көптің талқылауынан өткен соң ғимарат та мінсіз тұрғызылатын. Қазір ғимарат тұрғызуда осындай әдіс жетіспейді. Менің тағы бір таңғалатыным, бұрын ғимарат салу кезінде күннің жарығын тиімді пайдалануға шейін есептелетін. Қазір неғұрлым күннің сәулесін тұмшалап, одан қашады. Ал Кеңес Одағы кезінде дәрігерлердің «күн сәулесі дұрыс түспеген үйде туберкулез, рахит ауруы өршиді» деген кеңесіне шейін есепке алынатын. Тіпті «күн сәулесі дұрыс түсетін үйдің тұрғындарының көзі де жақсы көреді» дейтін. Қазір күн сәулесін есепке алмайды. Есесіне, көзілдірік тағатын халықтың саны артты. Құдайдың тегін берген жарығын пайдаланбауымыздың салдарынан денсаулығымыз кері кетіп жатыр. Өз басым әлі күнге дейін газет-журналды тек күн сәулесімен ғана оқуға тырысамын. Жасым 70-ке келсе де, көзілдірік тақпаймын.
– Еліміздегі сәулет өнерінің кенжелеп отыруының себебін неден іздеуіміз керек?
– Білікті мамандар жетіспейді. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, маман даярлайтын оқу орындарына өз саласының майталмандарын әкелер болсақ, сәулет өнерінің дамуына жол ашылар еді. Қалаларымыз да әсемденіп, сәулеттене түсер еді.
– Қаланың келбетіне көркемдік қосып, ажарын аша түсетін нәрсенің бірі – ескерткіштер. Осы орайда, еліміздегі ескерткіштердің орналасуына көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, еліміздегі ескерткіштерге реформа жасау керек. Өйткені еліміздегі ескерткіштердің бірқатары кеңес заманының идеологиясы талаптарына сай жасалған болса, енді бірқатары ықыласпен жасалмады, лайықты орнын таппады, дұрыс таңдалып алынбады. Ескерткіштердің саяси, тәрбиелік, танымдық ықпалын ескерсек, оларды неғұрлым тезірек жөнге келтіріп, тарихымыздағы лайықты тұлғалардың ескерткішін жасап, ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуге тырысуымыз керек. Өзім сәулетші болғандықтан, ескерткіш пен оның айналасындағы сәулеті сәйкес келмейтінін жиі байқап жатамын. Кеңес заманынан бері сәулет пен мүсін өнерлерінің сәйкестігі, кеңістік пен көркемдік байланыстары адамға эстетикалық және идеологиялық әсер беретін. Бұл әсердің күші тікелей сәулетші мен мүсіншілердің алдына қойған мақсат пен талаптарына, олардың қарым-қабілеті мен дарынына байланысты. Сондықтан қала келбетіне ескерткіштердің сән беріп, қала тұрғындарына эстетикалық, идеологиялық ықпал ете алатындай талаптан көріне білуі маңызды деп санаймын. Қалаларымыз осы талаптан көрінсе деп тілеймін.
Алашқа айтар датым...
Қай саламызды басқаруға да ұлтын сүйетін, қазақ тілін білетін маман келмей, мемлекетіміз одан әрі дами алмайды. Өйткені ана тілімізді меңгермеген, ұлтымызға жаны ашымайтын маман елімізге адал еңбек етпейді. Сондықтан алдағы уақытта әр істің басына, сол орынға лайық тұлғаларды тағайындар алдында ұқыпты болсақ, болашағымыздың жарқын болатынына сенемін.
Тағы бір айта кетер жайт, елімізде сәулетшілер дайындайтын он шақты жоғарғы оқу орны бар. Маман ретінде айтарым, саны көп, сапасы жоқ оқу орындарын біз тез арада қысқартуымыз керек. Өйткені бүгінде сәулетшілер дайындайтын оқу орнының көпшілігінде өз мамандығының иелері сабақ беріп жатқан жоқ. Мұндай ұстаздардан дәріс алған шәкірттерден ертеңгі күні білікті сәулет маманы шықпасы анық. Сондықтан сәулет өнерін дамыту үшін біз, ең алдымен, талапқа сай маман дайындау ісін дұрыс жолға қою керек екенін ұмытпауымыз керек.