Қай салада статистика дұрыс болмаса, сол жерде берекесіздік пайда болады
Бекен МАНАНОВ, Тұрар Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің статистика және экономикалық анализ кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты, доцент:
– Көпшілігіміз статистикаға белгілі бір сандардың жиынтығы ретінде ғана қараймыз. Оның өзектілігі жайлы біле бермейміз. Сондықтан статистика жайлы әңгіме өрбітсек. Алдымен статистика ғылымының тарихына аз-кем тоқтала кетсеңіз. Қазақстанда статистика ғылымы қай кезден бастау алды?
– «Статистика» ұғымы латын сөзінен шығып status ахуал-жағдай деген мағынаны білдіреді. Осы сөздің түбірінен итальянша «стато» – «мемлекет» және «статиста» – «мемлекет білімпазы» дегенді білдіретін сөздер шығады. Қазіргі кезде статистика термині бірнеше мағынада қолданылады: қоғамдық құбылыстар туралы сандық мәліметтер ретінде; осы мәліметтерді жинау және талдау әдістері мен принциптері жөніндегі ғылым саласы ретінде; статистикалық мәліметтерді жинау, өңдеу, талдау және жариялау бойынша практикалық әрекет түрі ретінде. Статистика терминін қоғамдық ғылым ретінде XVIII ғасырдың ортасында немістің ғалымы, философия және құқық профессоры Готфрид Ахенваль (1717-1772) енгізген. Жалпы, статистика ғылымы, әдістері, әдістемесі, статистикалық қызметтердің қалыптасуына және дамуына ХІХ ғасырда барлық елдер үлкен қызығушылық танытып, көптеген ғалымдар өздерінің үлесін қосты. Сондықтан ХІХ-ХХ ғасырларда барлық мемлекеттер жүйелі түрде статистикалық органдар құрылып, жұмыс істей бастады. Қазақстан аумағында алғашқы мемлекеттік орган болып Түркістан губерниялық статистикалық комитеті 1868 жылы құрылған. Оған бағынышты Сырдария, Жетісу статбюролары болды. Бірақ 1920 жылға дейін Қазақстанда бірыңғай орган болған жоқ. 1920 жылы Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы құрыла сала, Үкіметтің 1920 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен «Қазақ АСР-ы мемлекеттік статистикасы туралы Ережесі» бекітілді және Қазақ АСР-ы статистика басқармасы құрылды. Сондықтан Қазақстанда 8-қараша статистика қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Статистика күні деп саналады.
– Жалпы, статистиканың ел дамуындағы рөлі қандай?
– Статистика әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестерді, олардың құрылымын, динамикасын және өзара байланыстарын, оларда болатын сандық заңдылықтарын анықтау мақсатында сапалық жағымен тығыз байланыстыра отырып зерттейтін қоғамдық ғылым саласы болғандықтан, әр елдің дамуындағы рөлі өте зор. Қазіргі кезде статистикалық мәліметтерді, әдістерді қолданбайтын саланы немесе қызмет түрін табу қиын. Қоғамда болып жатқан құбылыстар мен процестерді, олардың даму үдерісін статистикалық көрсеткіштер жүйесі арқылы сипаттап, талдауға мүмкіндік береді, ел экономикасының жағдайы мен даму барысын кешенді сипаттауды қамтамасыз етеді, маңызды саяси шешімдер қабылдауда және қоғамды дамытуда үлкен рөл атқарады.
– Статистика ілімінің Қазақстан экономикасының дамуындағы рөлін қалай бағалар едіңіз?
– Бұл сұраққа жауап ретінде ел экономикасының жағдайы мен дамуын сипаттайтын статистикалық мәліметтермен қамтамасыз етудегі статистикалық қызметтің маңызы туралы айтқым келеді. Қазақстан экономикасының дамуындағы статистикалық органдардың қызметін жоғары бағалауға болады. Еліміз егемендік алып, нарықтық экономикаға көшу барысында статистикалық қызмет үлкен үлес қосты. ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып Ұлттық шоттар жүйесін енгізу арқылы халықаралық жүйеге сәйкес нарықтық экономиканы сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін құрдық. ҰШЖ негізінде құрылған макроэкономикалық көрсеткіштер жүйесі ел экономикасының жағдайы мен дамуын кешенді сипаттап, өзара байланыстарын талдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты экономикамыз әлемдік қауымдастықта ашық және салыстырмалы дәрежеге жетті. Нәтижесінде мемлекеттік кешенді әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды негіздеп, қабылдау мүмкін болды.
– Егер де статистика ғылымы болмаса, қоғамның әлеуметтік дамуы қалай болар еді деп ойлайсыз?
– Қай салада статистика дұрыс болмаса, сол жерде берекесіздік пайда болады. Жаңа айтып кеткендей, статистика қоғамда болып жатқан барлық құбылыстар мен процестерді сандық жағынан сипаттап, олардың құрамын, динамикасын, өзара байланыстарын зерттейтін ғылым саласы ретінде әлеуметтік саланы да қамтиды. Білім, ғылым, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету және тағы басқа әлеуметтік салаларды сипаттайтын статистикалық көрсеткіштер жүйесі әлеуметтік саланың жағдайына талдау жасап, даму бағдарламаларын құруға негіз болады. Мысалы, халықтың саны, құрамы және олардың уақыт бойынша өзгеруі туралы мәселелердің көптеген экономикалық, әлеуметтік, этникалық, саяси және басқа да мәселелерді шешуде маңызы зор. Бұл мәліметтер көптеген сұрақтарға нақты жауап беруге, нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Мәселен, Қазақстанда зейнетақымен қамтамасыз етуде қандай проблемалар туындауы мүмкін? Неге зейнеткерлік жасын өсіру керек немесе таяу екі-үш жылда қандай тұтыну тауарларына сұраныс артуы мүмкін және тапшылық болмас үшін ондай тауар өндірісін қалай жоспарлау керек? Немесе 30 жылдан кейін қай салаға қанша маман қажет болуы ықтимал? Демографиялық табиғи өсім қанша болады, соған сай қанша мектеп ашу қажет? Ал мұндай сауалдардың дұрыс жауабын статистикасыз нақты айту мүмкін емес.
– Еліміздегі статистикалық мәліметтердің шынайылығына күмән келтіріп, жиі сын айтылады. Өткенде Елбасы да «мағлұматтарды өздеріңе қалай ыңғайлы болса, солай жеткізесіңдер» деп шенеуніктерге сенімсіздік білдірді. Осы мәселеге қатысты сіз не айтар едіңіз?
– Бұл жерде ресми статистикалық мәліметтерді басқа мәліметтерден бөліп қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Ал шенеуніктердің жоғарыға беретіні статистикалық мәлімет емес, ол өздерінің атқарған жұмыстары туралы ақпар. Статистиканың мәліметтерді жинау, өңдеу, талдау бойынша ерекше әдістері, тәсілдері, әдістемесі ғылыми негізделіп бекітіледі. Ресми статистикалық мәліметтердің шынайылығына күмән келтіру үшін оған дәлел керек және ол мәліметтерді жасау әдістемесін жақсы меңгеру қажет. Яғни статистикалық әдістер, тәсілдер, әдіснама бойынша кемшіліктерді көрсетіп, алынған мәліметтердің шынайылығына күмән келтіруге болады. Қазақстандағы ресми статистикалық мәліметтердің сапасы жоғары деп айтуға болады. Мен де Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 90 жылдығына орай айтқан сөзін келтіргім келіп отыр: «Бүгінде Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары халықаралық стандарттарға сай келеді. Осыған бірқатар кең ауқымды бағалау жүргізген халықаралық ұйымдар республикадағы статистикалық көрсеткіштердің сапасы мен статистиканың БҰҰ қабылдаған негізгі принциптерінің сақталуын жоғары деп таныды». Бұл Елбасының және халықаралық ұйымдардың ресми мемлекеттік статистикаға берген бағасы.
– Халық санағы төңірегінде де әрқилы әңгіме айтылды. «Бізде халық санағы дұрыс жүргізілмейді» деген пікірлер әлі де айтылып жүр. Сіздіңше қалай?
– Соңғы халық санағы жайында, шынында да, бұқаралық ақпарат құралдарында әртүрлі әңгімелер айтылды. Бұл мәселеде де әдістемелік, ұйымдастырушылық мәселелерді басқа мәселелерден бөліп айтқан дұрыс болар. Статистикалық әдістеме тұрғысынан халық санағын жүргізудің әдістемелік-ұйымдастырушылық мәселелері отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қазіргі жағдайға сай дайындалған. Бұл жерде теріс пікір туғызған орындаушылық мәселелері болып отыр.
– Сіздіңше, статистика саласында қандай кемшіліктер бар? Статистика ғылымын қай бағытта дамыту қажет деп ойлайсыз?
– Ресми статистика барлық елдердің қоғам және мемлекет үшін өсуші рөл атқарады. Қазіргі кезде жоғары сапалы статистикалық деректер ұлттық, өңірлік және әлемдік деңгейде қолжетімді. Олар ашық пікірсайыстарда, саяси шешімдерді және бизнес-шешімдерді қабылдағанда қолданылады. Ресми статистиканы жинау және таратумен айналысатын Ұлттық статистикалық қызметтер, аса маңызды ұлттық институттарға айналды. Сапалы статистикалық деректерді қалыптастыру халық санағын, халық немесе үй шаруашылықтарын зерттеулерді, әкімшілік деректерді біріктіру, ЖІӨ есептеу және бағалау, баға немесе мыңжылдықты дамыту мақсаттарын бағалау, туу және өлім статистикасын жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Кемшіліктерден бұрын жетіспеушілік туралы айтқым келеді. Қазақстанда статистика ғылымын дамытатын мамандар жетіспейді. Елімізде статистика мамандығы бойынша кадрлар дайындау көңіл жұбантарлық емес, әсіресе елімізде демографиялық статистика мамандарын дайындайтын бірде-бір оқу орны жоқ. Біздің университетте де бір кездері статистика кафедрасы жабылып, араға біршама уақыт салып, қайта ашылды.
– Сөзіңізден білгеніміз, бір кездері статистика саласы бойынша маман даярлау тоқтап, араға уақыт салып қайта жалғасыпты. Соның салдарынан білікті ұстаздар мен оқулық тапшылығына тап болған жоқсыздар ма? Жалпы, еліміздің жоғары оқу орындарындағы оқулық мәселесі жайлы не айтар едіңіз?
– Жалпы, статистика саласында маман тапшылығы білім саласы халықаралық жүйеге қосылған кезден өрши түсті. Сол кезде статистика мамандығы қысқарды. Статистика бойынша дәріс беретін мұғалімдер жан бағу үшін өзге салаларға кетті. Бірнеше жыл статистика бойынша мамандар даярланбады. Бұл мамандықтың қажеттілігін ұғынып, осыдан үш жыл бұрын «Статистика және экономикалық анализ» кафедрасы болып қайта ашылдық. Енді әр тарапқа тарап кеткен мамандарды қайта жинақтап жатырмыз. Келесі жылдан бастап қайта ашылған статистика кафедрасының алғашқы түлектері маман атанып, еңбек майданына жол алады.
Ал оқулық тапшылығы деген мәселеге келсек, мұндай мәселе барлық оқу орындарына тән жағдай. Әсіресе барлық оқу орындарында қазақтілді оқулықтардың тапшы екені рас. Дегенмен тапшылық әр мамандықтың ерекшелігіне қарай әртүрлі деңгейде. Бірақ орыс топтарында оқитын студенттерде ондай мәселе жоқ. Ал қазақ топтарында тәлім алып жатқан студенттерге кей мамандықтар бойынша оқулықтар біршама бар болғанымен, баз бір мамандықтар бойынша тапшылық сезіледі. Ал статистика мамандығы бойынша қазақтілді оқулықтар, әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Қазірге қолданып жүргендеріміз орыстілді оқулықтар және де барлығы дерлік Ресей ғалымдарының жазған оқулықтары. Сондықтан да қазақ бөлімінде білім алып жатқан студенттеріміз қазірге сол оқулықтарды пайдалануға мәжбүр. Сонымен қатар университет мамандарының қазақ тілінде жазған, әлі оқулық болып шықпаған жазбаларын да қажетімізге жаратып жүрміз.
– Сіздіңше, қазақ тіліндегі оқулықтардың аз болуының себебі неде? Мемлекет тарапынан бұл мәселеге көңіл бөлінбей отыр ма?
– Мемлекет тарапынан көңіл бөлінбей жатыр деп айта алмаймын. Меніңше, мұның себебі – қазақ тілінде оқулық жазатын ғалымдардың аз болуы. Сонан соң, орыстілді оқулықтарды сауатты аударма жасайтын аудармашы мамандардың тапшы болып отыруы. Әрине, орыс тілінен қазақ тіліне аударатын аудармашы көп, бірақ олар тілдік жағынан ғана аударатындар. Ал салалық аудармашылар тапшы. Мысалы, экономикалық оқулықты аударатын аудармашы сол саладан түсінігі бар, терминдерді ұғатын, оны жатық, түсінікті етіп аударатын болуы тиіс. Ондай болмаған жағдайда, аударманың сапасы да, құны да болмайды. Ондай аудармалар бар. Ол оқулықты студент түгіл, ғалымдардың өзі түсіне алмайды. Ондай аударма үшін қаржы шығындаудың қажеті жоқ.
– Өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз, еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру сапасы төмен деген сын жиі айтылады. Сонан соң, жұмыс берушілер де таңдау болған жағдайда шетелде оқып келген маманға артықшылық береді. Шынымен де, қазақстандық оқу орнында білім алған мамандар біліксіз бе?
– Расымен де, шетелде білім алып келген мамандардың біліктілігі бір саты жоғары. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеруіміз керек, шетелге оқуға баратындар кімдер? Мәселе – осында. Шетелге оқуға баратындардың басым көпшілігі – мектепті үздік бітірген оқушылар. Ал үздік оқушы қай жерде де үздік. Егер сол оқушы еліміздің оқу орнын бітірсе де білікті маман болып шығарына мен шүбә келтірмес едім. Мысалы, шетелде оқып келіп, жұмыс таппай жүргендер де баршылық. Неге? Өйткені ондайлардың көбі қандай да бір жолдармен, кездейсоқ шетелдерге барып оқып келгендер. Білім сапасына қатысты тағы бір мәселе – салалық білім берудің бұзылуы. Бәрімізге белгілі қоғамдық даму нарықтық қатынастарға өткен кезде оқу орындары жекеменшікке өтіп, ақылы негіздегі білім беруге көшті. Олардың көбі бір сала бойынша маман дайындауды ескерген жоқ. Мысалы, педагогика институтында экономист, қаржыгер, заңгер сияқты мамандыққа оқыту басталды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, педагогика институтында қаржыгер мамандығына оқыған студенттен қандай білікті қаржыгер шығуы мүмкін? Сол сияқты қандай білікті экономист, заңгер шығады? Міне, мәселе осында. Қазақ «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме. Әрбір білім ошағы өз саласы бойынша маман даярлау керек. Мысалы, біздің университет өз жолынан адасқан жоқ. Мен өзіміздің оқу орнымызды мақтағалы отырғам жоқ. Әркім-ақ біледі, бұрын Халық шаруашылығы институты болып тұрған кезде де, қазір де біз тек экономика саласына қатысты мамандар дайындаймыз. Шетелдік оқу орындары мен қазақстандық оқу орындарын салыстырар болсақ, өздеріне тән артықшылығы бар. Мысалы, қазақстандық оқу орындары фундаменталді білім беру бойынша биік тұр. Ал шетелдік оқу орындарында теория мен тәжірибенің ұштасуы жоғары деңгейде.
– Біраз жылдар статистика мамандары дайындалған жоқ дедіңіз. Сонда статистика мамандығына деген сұраныс төмен бе?
– Бұл жерде мәселе сұраныста емес. Жоғарыда айттым ғой, кейбір халықаралық талаптарға байланысты бұл мамандық жабылған еді. Жалпы, қоғамның барлық саласында, әлеуметтік салалардан бастап, қаржылық, құқықтық салаларда да статистика маманы қажет. Шетелде кез келген мемлекеттік, жекеменшік компания болсын, бәрінде статистика маманы бар. Өкінішке қарай отандық компаниялар қазірге бұған бетбұрыс жасай қойған жоқ. Дегенмен қазір қалалық статистика департаментімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Олар қазірден-ақ мамандарға сұраныс жасап отыр. Сондай-ақ кейбір халықаралық ұйымдар бізге өздері хабарласып сұраныс жасай бастады. Нақты айтсам, біздің үшінші курсты тамамдаған студентімізді бір халықаралық ұйым жазғы демалыс кезінде шақыртып, уақытша жұмысқа алды. Содан жаңа оқу жылы басталғанда студентімізге соңғы курсты оқымай-ақ қоюын өтініп, дипломы болмаса да жұмысқа алатынын, кейінірек оқуды шетелде жалғастыруға мүмкіндік қарастыратынын айтып, ұсыныс жасапты. Алайда біздің оқушымыз соңғы курсты бітіріп, диплом алуды жөн санайтынын айтқан соң, сабақтан бос уақытта жұмыс істеуге келісіпті. Қазір сол бала әрі оқуын оқып, әрі жұмыс істеп жүр. Әлі-ақ біздің елдегі компаниялар да статистика мамандығының қажеттілігін сезінеді. Яғни статистика маманына деген сұраныс күрт артады. Өйткені қазіргі кезде бар салада статист маманның істейтін жұмысын басқа бір мамандық иесі атқарып жүр. Ал статистика жай ғана сандардың жиынтығы емес. Статистикалық мәліметтерді анықтаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны тек аталмыш мамандықты оқыған қызметкер ғана нақты жүргізе алады.
– Әңгімеңізге, рақмет!
Алашқа айтар датым
Білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланатыны белгілі. Сондықтан бастауыш сыныптарда балаға білім беруге аса көңіл бөлуіміз керек. Оқулықтар баланың қызығушылығын тудыруы тиіс. Ал бүгінгі таңдағы бастауыш сынып оқулықтарына менің көңілім толмайды. Тақырыптар өте күрделі. Базбір зерек балалар болмаса, көпшілік бала меңгере алмайтын тапсырмалар бар. Кешегі тақырыпты түсінбеген бала, бүгінгі тақырыпты да түсіне алмайды. Өйткені тақырыптар бір-бірімен өзара байланысты. Ал оны меңгере алмаған соң бала сол пәнді ұнатпай, тіпті жеккөре бастайды. Бәрібір бұл пәнді түсінбеймін деп, балада сол пәнге деген немқұрайдылық пайда болады. Сондықтан меніңше, бастауыш сынып оқулықтарын қайта қарау керек сияқты.