Советхан Сәкенов, Алматы қаласындағы мамандандырылған әскери сотының төрағасы:
– Елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформа сот жүйесіне де үлкен өзгерістер әкелді. Соның бірі – мамандандырылған соттар құру. Әрине, мұның барлығы демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құрылысын нығайтуға бағытталған. Әйтсе де біреу сенім артты, енді біреу күдікпен қарады. Мамандандырылған ауданаралық әскери сотының жақсы-жаманын ажыратуға жетерлік уақыт өтті. Қалай ойлайсыз, өміршеңдігін дәлелдей алды ма?
– Еліміздің сот жүйесін дамытуға Елбасы айрықша көңіл бөліп, оны жүзеге асыру мақсатында ҚР Жоғарғы сотына көптеген міндет жүктегені белгілі. Соның ең негізгісі – мамандандырылған соттар жүйесінің құрылуы. Айта кетейін, мамандандырылған соттардың бағыт-бағдары мен міндет-мүддесі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Заңында «Қазақстан Республикасында мамандандырылған (әскери, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа) соттар құрылуы мүмкін» дей келе, толық жазылған. Міне, сол заңға сәйкес, елімізде мамандандырылған соттар жұмысы жолға қойылуда.
Мамандандырылған соттардың артықшылығы неде? Біріншіден, заңға қайшы қандай іс-әрекеттер болсын мейлі, соларды талдауға, сараптауға, зерттеуге, қысқасын айтқанда, мониторинг жүргізуге үлкен септігін тигізбек. Екіншіден, қазір заң көп, яғни судьяларға соның барлығын жатқа білуі кей кездері қиынға соғып жатады. Осы негізде айтқанда, бұл реформаның басты мақсаттарының бірі – соттарды одан әрі мамандандырып, істерді қарауды оңтайландыру.
Бір айта кетерлігі, мамандандырылған ауданаралық соттар, негізінен, аса ауыр қылмыстарды қарайды. Мұндай соттар еліміздің барлық облыстарында бір-бірден ашылды. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында. Біздің әріптес соттарға қарағанда айырмашылығымыз – біз Қазақстанның барлық аймақтарын қамтимыз. Нақтырақ айтқанда, қорғаныс, шекара, ішкі әскер, гвардия, ҰҚК және төтенше жағдай сияқты салаларда орын алған аса ауыр қылмыстарды қажет болса сол аймақтарға барып қараймыз.
Дұрыс не бұрыс деп кесіп айтуға болмайды. Мамандандырылған ауданаралық әскери сотының құрылып, жұмыс істеп келе жатқанына биыл үш жыл болады. Бұл көп уақыт емес. Кемшін тұстары біртіндеп жойыла жатар.
Әрине, енді қолға алынып жатқан тың бастаманың оңдысы сияқты олқы тұстарының да болатыны – заңдылық. Мамандандырылған ауданаралық әскери сотының да қолдайтын жағы баршылық дей тұрғанмен, қомдайтын тұсы да жоқ емес.
Тез арада шешілуі тиіс деп біздің іссапарға шыққандағы қиыншылықтарды айтар едім. Мәселен, шалғай жерде орын алған қылмыстық істі қарауға шықтық делік. Том-том істер, құжаттар, мантия және ноутбук сияқты керек-жарақтар аз емес. Жолға шыққанда осының бәрін тасып жүру қиын, шынымен. Бұл аздай, біз барған жерде жұмыс істеуге ешқандай жағдай жасалынбайды. Ғимарат дайын емес, көлік берілмейді. Қашан да жергілікті әкімшілікке жалынып жүргеніміз. Кейде бір іс бойынша алқабилігіне үміткерлер тізімі 200-250 адамға дейін жетеді. Оларды іріктеудің өзі біраз уақыт алады. Рас, басшылық ұшақпен барады, ал қалған тобымыз пойызбен жетеміз. Бірнеше күн жолда жүріп, олар тіпті шаршап та қалады. Оның үстіне, аса құпия құжаттарды алыс жолға алып шығудың өзі қауіпті.
Әр аймақ ауданаралық әскери соты баратын болса, оларға алдын ала жағдай жасап, күтіп алса дейміз. Ғимаратпен, компьютермен т.с.с. аса қажет заттармен қамтамасыз ету мәселесін оң шешпесе болмайды. Бұл жөнінде біз хат жазып, Жоғарғы сотты, ҚР Әскери сотының төрағасы Серік Байбатыровты хабардар еткенбіз. Мүмкін алдағы уақытта бір шешімін тауып та қалар, кім біледі...
– «Кейде бір іс бойынша алқабилігіне үміткерлер тізімі 200-250 адамға дейін жетеді» деп қалдыңыз. Сөзіңіздің астарына үңілсек, алқабилеріне қатысты да түйткілдер бар көрінеді.
– Дұрыс түсіндіңіз. Жалпы айтсам, билер соты институтының құрылуын қолдаймын. Бұл – демократияның белгісі. Алқабилер – қарапайым халық өкілдері. Алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық істер үкімінің өз күшінде қалуы қазір жиі кездеседі. Бәлкім, бұл сот жүйесіндегі іс жүргізу сапасының арта түскендігін аңғартса керек. Азаматтардың соттар туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі де арта түсуде. Мұндай ашықтық қарапайым бұқараның сот билігіне деген сенімін нығайтуға да айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Алқабилер құрамы өмірлік тәжірибесі мол, білімді, білікті деген азаматтардан құралатынын өздеріңіз білесіздер. Осы тұста айта кетейін, 2010 жылдан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын істер жаңа құрылған мамандандырылған кылмыстық істер жөніндегі сот құзырына өтті. Ауыр қылмысқа барғандардың тағдырын солар шешеді десек те болады. Сотталушы өтініш білдірсе, отырысқа алқабилерді шақыртамыз. Негізі, алқабилер құрамы, заңға сәйкес, он екі адамнан тұрады. Он екі адамды қаулы шығару арқылы таңдап алуымыз керек. Үміткерлер әр облыстан болуы мүмкін. Мәселен, өткенде үміткерлер саны 160 адамға жетті. Алдын ала іріктеуге солардың 36-сы ғана келді. Ал егер ол сан 26-ға жетпей қалса, онда алқабилерді іріктеуді қайтадан бастаймыз. Бұл деген қанша уақытты алады, оның үстіне, қаржы да аз кетпейді. Бірінші іріктеуде жаңағы айтқан санға жетпей қалса, бұл процесті екінші мәрте қайталау керек болады. Іріктеп, таңдаудың өзіндік ережелері бар. Сол ереженің механизмдерін жетілдіру керек деп ойлаймын.
– Сіз төрағалық етіп отырған сотты «Алматы қаласындағы мамандандырылған әскери соты» дейді. Біздің ойымызша, осы атауда бір түсінбеушілік бар сияқты...
– Рас, атауын өзгерту керек сияқты. Бұл мәселені республикалық әскери сотының төрағасы Серік Байбатыров та көтерген-ді.
Былай қарасаңыз, тек Алматы қаласы бойынша ғана істерді қарайтын сот сияқты. Серік Кәденұлы: «Бұл дұрыс емес, Қазақстан Республикасының мамандандырылған ауданаралық әскери соты деп атайық» деп ұсыныс жасаған болатын. Бірақ енді қабылданып кетті ғой. «Ауданаралық» емес, негізі «аймақаралық» деген дұрыс па деп ойлаймыз.
– Судьялар қалай іріктелді? Мамандандырылған сот болғандықтан, айрықша талаптар қойылған шығар?
– Мойындау керек, судьяларды іріктеу оңайға соққан жоқ. Аса ауыр істерді қарайтын сот болғандықтан, сынақ қатаң болды, яғни сыннан тек тәжірибесі мол, білімді, білікті, ары таза, иманды деген судьялар ғана өтті. Біздің сотқа судьялар алудың үдерісінде өзгеше механизм болған жоқ. Жалпы, судьялар қалай сайланады, солай сайланды, яғни Елбасының Жарлығымен. Алайда ұсынылғандардың барлығының жоғарыда келтірілген артықшылықтарына басымдық берілді.
– Судьялардың кәсіби шеберлігі мен жоғары моральдық сапасы сот билігінің бет-бейнесі болуы тиіс. Әрине, барлық судья бірдей емес. Араларында «алапестер» жоқ дей алмаймыз. Қалай ойлайсыз, судьялар арасындағы парақорлық, жемқорлық сияқты індеттермен күрестің тиімдісі қайсы?
– «Ар жазасы бар жазадан ауыр» деген сөз бар қазақта. «Бір іс бойынша әділ үкім шығару 69 рет қажылыққа барып келуден де ауыр», – делінген Мұхаммедтің бір хадистерінде. Қазір, өкінішке қарай, тек судьялар емес, қоғамда жаны таза, адал адамдар саны азайып барады. Міне, әділ үкім шығарудың қиындығы сонда жатса керек.
Абай айтқан «үш сүю» – адамгершілік қағидасы. Абай Құнанбаевтың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңін жадында берік ұстаған кез келгеннің даналық пен адалдыққа жақын жүретіні хақ. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті. Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл» деген шумағында дін иманның, тағат-ғибадаттың негізгі қағидасы осы «үш сүю» деп анықтайды.
Міне, осы «үш сүю» әсіресе судьяларға аса қажет дер едім. Ықылым заманда әділеттілік бірінші кезекте патшадан, екінші кезекте әділқазылардан талап етілген.
Арамызда сауаты төмен судьялар да жоқ емес. Әрине, таразылайтын болсақ, білімділер саны әлдеқайда басым. Алайда сот жүйесі еш мінсіз болуы тиіс. Тіпті бір-екеудің өзі көп. Сот жүйесінің атына кір келтіріп отырғандар қайдан шығады? Меніңше, бұл – оқу орындарының кемшілігі. Өкінішке қарай, олар білім алып жатқандарға заңдарды тиімді қолдану керектігін дұрыс оқытпайды. Сол баяғы оқу әдістемесін айналдыра береді, айналдыра береді. Ал бүгінгі талап қандай, оны ілестіріп отырғандар жоқтың қасы. Тіпті шетелдік тәжірибені де талдап тұрып оқытса, жаман болмас еді. Бәрі сол бұрынғы Кеңес өкіметі шеңберінен шыға алмай келеді. Иә, ол әдістеме өз кезеңінде кемеліне жеткен. Айта кетейін, біздің Қазақстанның сот корпусы өзге КСРО елдерімен салыстырғанда көш ілгері тұратын. Бірақ одан бері қанша жыл өтті? Уақыт бір орында тұрмайды, «заманына қарай – заңы, тоғайына қарай – аңы».
Тағы бір себеп – сырттай оқытудың тигізіп отырған кеселі. Өз басым сырттай оқытуға қарсымын. Олар диплом алады, бірақ білім емес. Ал білімі жоқтар сотта қалай жұмыс істейді? Олар жұмысқа дайын болып келулері тиіс. Кейін үйреніп алармын деуге болмайды. Адам тағдырын шешу оңай емес. Сондай-ақ ақылы білім жүйесін де мақұлдамас едім. Балалар тек ақшаның күшімен ғана оқып шығады. Жасыратын түгі жоқ, дәл солай жұмысқа да ақшаның көмегімен тұратындар баршылық.
Кадр мәселесі аса өзекті. Жұмысқа қабылдауда талапты мейлінше күшейту керек. Мысал үшін айта кетейін, КСРО кезінде Қарағанды мемлекеттік университетін бітіргендерге сұраныс болмайтын. Өйткені ондағы білім беру сапасы өзге өңірлердегімен салыстырғанда нашар-тұғын. Тіпті мамандардың адамдармен қалай тіл табысып, қалай амандасатыны да ескерілетін, яғни моральдық этикасы.
Менің бір ұсынысым бар. Судьяларды таңдап, іріктеуді облыстық соттың құзыретіне жүктесе, дұрысы – сол. Егер қайсыбір судья былық-шылыққа жол берсе, онымен бірге облыстық сот төрағасын да жазалау керек. Өзі таңдаған судьяға жауапты болғандықтан, облыстық сот төрағасы кадр тартуда қателеспеуге тырысады.
Ал ең бастысы – құқықтық санамызды жоғарылату керек. Үкімет өз кезегінде судьялардың тәуелсіздігін арттырып, мәртебесін көтеруге қолдан келгенін аянып отырған жоқ. Жасалынып жатқан реформалардың барлығы сайып келгенде соны көздейді. Сот корпусын сапалы құрылыммен қамтамасыз ету мақсатында судьялыққа үміткерлерге кәсіби шеберлік талаптарын күшейтіп, мамандарды таңдау үдерісін одан әрі жетілдірудің жүйесі жасалынуда.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Астанада болашақ судьялардың білім-біліктілігін арттыру міндеті жүктелген арнайы оқу орны, яғни ҚР Президенті жанындағы әділ сот мемлекеттік басқару академиясы ашылып, қазір ол нәтижесін бере бастады.
Мойындау керек, 2002 жылы қабылданған «Құқықтық саясат тұжырымдамасы» қордаланып қалған көп проблеманы оң шешуге мүмкіндік берді. Аталған тұжырымдама әлем заңгерлері тарапынан қолдау тауып, лайықты бағаланды. Тұжырымдаманың орындалу мерзімінің ұзартылуы да құптарлық. Елбасының Жарлығымен бекітілген «ҚР 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» – басталған істі одан әрі жетілдіріп, нәтижеге қол жеткізудің бірден-бір жолы. Жаңа тұжырымдама істерді қарау мерзімін қысқартып қана қоймай, сот шешімдерінің орындалу тиімділіктерін арттыруға, сондай-ақ сот жүйесін ақпараттандыруға және сот төрелігін жүзеге асыру үдерісін жедел ақпараттық-құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл тұжырымдама әрі құқықтық, әрі саяси құжат болғандығымен маңызды. Ол барлық, атап айтқанда, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық, қаржылық, салықтық, кедендік, банктік және экологиялық заңдарды жетілдіруге негізделген.
Айта кетейін, судьялардың білімін арттыру үшін Жоғарғы сотта алғаш рет қылмыстық істерді қараумен айналысатын облыстық және оған теңестірілген сот өкілдеріне қашықтықтан дәріс беріле бастады. Бұл шара бейнеконференциялық байланысты пайдалану арқылы жүзеге аспақ.
Бұл – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың судьялардың V съезінде берген тапсырмасын, яғни сот өндірісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынып отырған бастама.
Алғашында Жоғарғы сотпен 17 облыстық және оларға теңестірілген соттар байланысса керек. Жоғарғы сот басшылығы мұндай шараның болашақта айына екі рет ұйымдастырылатынын мәлімдеген еді. Қашықтықтан оқыту негізі сот өкілдеріне білім беру стратегиясын жақсартудан туындаған-ды.
Судьялардың білімін жетілдіру – кезек күттірмейтін күрделі мәселе. Бұрындары Азаматтық кодексте 300-ге жуық бап болса, бүгін 1000-ның шамасында.
– Парламент қабылдаған «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заң Елбасына қол қоюға жіберілді. Егер Елбасы мақұлдаса, ерлерімізге әскери дайындықтан ақы төлеу арқылы өту мүмкіндігі берілмек. Сіздің пікіріңіз?
– «Азаматтық борыштарын өтемеген азаматтарға жаңа мүмкіндік» деп жатыр ғой көпшілік. Иә, осы тармақ қарастырылған «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заң жобасын сенаторлар қабылдады.
Менің ойымша, КСРО кезіндегі заң дұрыс еді, 18-ге келдің бе, денсаулығың жараса, әскери борышыңды міндетті түрде өтейтінсің. Ата-аналардың басым бөлігі балаларын әскерге жібермеуге тырысады. Соның салдарынан парақорлық та белең алып кетті.
Құдай бетін әрі қылсын, ертеңгі күні басымызға бұлт үйірілсе, елімізді, жерімізді кім қорғайды? Қолына қару ұстай алатын азамат таппай қаламыз ғой сонда. Ал келісімшартпен жүргендерді құптаймын. Оның өзінде де олардың санын азайту керек.
Өз басым ақылы әскерге қарсымын. Ақы сапаны төмендетеді.
– Ата-аналардың бауыр еті баласын әскерге жібергілері келмейтіні түсінікті. Әскердегі әлімжеттіктен қорғағандары болар...
– Әскердегі әлімжеттік, анау айтқандай, асқынып кетті демес едім. Өлім-жітім бұрын да болған. Қазір көбейіп кеткен жоқ. Тек Кеңес өкіметі кезінде ондай оқиғалар құпия сақталып, жария бола бермейтін.
Әскердегі әлімжеттік басшылықтың жұмысына салғырт-салақ қарайтындарынан. Егер басшылық өз міндетін дұрыс атқарса, осындай жағдайлар орын алмас еді. Сондықтан да жоғары жақтан бақылауды күшейту қажет. Содан соң баланы бастан дейді, балаларымызды отбасында, мектеп қабырғасында дұрыс тәрбиелеу керек. Мынадай бір сөз бар: «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың жауы». Білімді болғанын қайтейік, егер тәрбиеден жұрдай болса. Өкінішке қарай, қазір тура осындай жастарымыз көбейіп барады. Сондықтан да мектеп қабырғасында тәрбиеге айрықша мән берілуі керек. Қосымша сағаттар ма, арнайы сабақтар ма, әйтеуір, тәлім-тәрбие беретін уақытты мейлінше көбейтсе, игі іс болар еді. Өкінішке қарай, имансыз жастар көбейіп барады. Намазға жығылып, мешітке барғандарын қайтейік, солардың араларында іші бықсықтары да бар болса.
– Статистиканы сөйлетсек, әскери қылмыстар саны қандай деңгейде?
– Істің аз болғанын қалаймын. Көп не аз деп айтуға болмайды.Сол бұрынғы қалпы. Сондай-ақ өзгеріс жоқ. Ауыр қылмыстардың айына екі-үшеуін қараймыз. Негізінен, кісі өлтіру мен пара алу және есірткілік заттарды тарату қылмыстары көп тіркеліп жатады.
Мен мұны бірінші рет айтып отырған жоқпын. Бірнеше отандық БАҚ-та жария болған. Десек те, тағы қайталасам еш артықтығы жоқ. Өйткені Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының атқарушы директорының мәлімдемесі соған мәжбүрлеп отыр. Аталған қауымдастықтың жүргізген сауалнамасындағы дұрыс қойылмаған сұрақтарынан шығарылған қойыртпақ қорытындылары ауыр күнә арқалағанмен бірдей дер едім. Олардың «қазақстандық судьялардың қанша пара алатыны белгілі болды» дей келе, тіпті судьялардың дәрежесіне қарай көлемі де өзгеріп отырады деген ақпарат таратқанын барша қауым біледі.
Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығына айтарым, бүкіл сотты қаралауға болмайды. Егер қолдарында дәйекті дәлел болса, пара алатындардың нақты аты-жөндерін атасын. Біреу пара алады екен деп, бүтіндей бір жүйені масқаралағандары қай сасқандары?.. Осындай негізсіз айтыла салған қауесетті бұрынғылар тасқа басылған сөз деп Тәңірдей сенген баспасөз құралдарының кейбірі іліп әкетті. Көпке топырақ шашу бәріміз іздейтін әділеттіліктің ешбір шеңберіне сыймайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Ал судья әділ болсын десек, оның тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек. Судья еш нәрсеге мұқтаж болмаған жағдайда ғана тәуелсіз. Басқасын айтпай-ақ қояйын, бұрынғы КСРО елдерінің басым бөлігінде зейнеткерлікке шыққан судья еңбекақысының 70-80 пайызының көлемінде зейнетақы алады. Ал бізде ол 50 пайызға да жетпейді. Осыдан барып, пенде ғой, кім болса да ертеңгі өмірінің қамы үшін жолдан таяды. Әйтпесе кім болса да абырой-беделін ойлайды ғой. Неге ойламасын?..
Мен біреулерді ақтағалы отырған жоқпын. Тек парақорлық пен жемқорлықтың алдын алу үшін судьяларға жағдай жасау керек дегенді айтып отырмын. Менің ойымша, пара алған судья – құл. Сен пара алдың ба, демек, пара бергеннің айдауымен жүріп, айтқанына көнесің.