Өзін елден жырақ ұстаған басшы ешқашан да халықтың көмегінсіз биіктерді бағындыра алмайды
Бердәулет Абдулдаев, Алматы облысы Іле ауданының әкімі:
– Бердәулет Ешенұлы, аудан әкімінің жұмысын бағалау – өзі басқарып отырған өңірге инвестиция тартуымен, ондағы өндірістік әлеуетті арттыруымен, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруімен бағаланса керек. Сіз басқарып отырған аудандағы осы жайттарға тоқтала кетсеңіз...
– Өңірге инвестиция тарту – бұл бүгінгі заманның талабы. Елбасымыздың биылғы халыққа дәстүрлі Жолдауында да осы мәселе айтылды. Қазіргі таңда, расында, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуі, ауданның экономикалық мүмкіндігінің артуы осы салынған инвестиция көлеміне байланысты. Өйткені инвестиция аудандағы істеліп жатқан жұмыстың айнасы іспетті. Ақша салынған жерде жұмыс орны ашылады, қарапайым халық қызметке тұрып, нәпақа табады. Жұмыс орны ашылған соң, салық төлейді. Осылай ел бюджетіне тамшыдай болса да пайдасы тиеді.
Былтырғы жылы біз ауданға 50 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарттық. 50 миллиардтың 38 миллиарды – осы аудандағы жекеменшік кәсіпкерлердің салымы. Кейбіреулері айналысып отырған кәсіптерінің аясын кеңейтті, енді бірі өндірістің қуатын арттырды, жаңадан кәсіпорындар ашты. Осылайша өзіміздің ауданның кәсіпкерлері белсенділік байқатты. Бұл – облыс бойынша ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Биыл да былтырғы көлемде инвестиция салынып қалады деп жоспарлап отырмыз. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені біздің аудан мегаполис қала – Алматының жанында орналасқан. Тоғыз жолдың торабында орын тепкен. Іргемізде «Даму» логистикалық орталығы бар. Онда облыстық кеден орналасқан. Қалаға кетіп жатқан облыстық кеденнің салығы қайта өзімізге берілді. Оның ар жағында ғасыр жобасы аталған «Жетіген – Қорғас» теміржолы салынды. Ол жерде де қызу жұмыстар жүргізілуде. Бірқатар жұмыс орыны ашылды. Сосын Боралдай елді мекенінде индустриалдық аймақ бар. Жаңа технологияларды сонда орналастырамыз деген облыс әкімдігінің шешімі шықты. Қазіргі таңда 400 гектар жердің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, сарапталу үстінде. Және де G-4 City, яғни төрт серіктес қала салу жобасын да қолға алып жатырмыз. Міне, аудан аумағында осындай істер атқарылуда.
– Расында, Алматы мен Қапшағай қаласының арасына салынатын G-4 City серіктес қалалары Іле ауданының аумағында орналасқан. Соңғы уақытта осы жоба жайлы көп айтылмай кетті. Құрылыс жұмыстары басталды ма өзі?
– Бұл да – өте үлкен, негізді, мақсатты, пайдалы жоба. Мемлекет басшысының өзі тікелей бақылауға алған бұл серіктес төрт қаланың жұмыстары басталып кетті. Қазір қарап отырсаңыз, ауыл жастарының барлығы жұмыс іздеп қалаға ағылып жатыр ғой. Бұл құбылыстан біз де қашып құтыла алмаймыз. Біздің ауданда 11 ауылдық округ бар. Таңертең біздің аудан мен Алматының арасында адам өте алмайтын көлік тығыны пайда болады. Бұл нені көрсетеді? Демек, адамдар қалаға ағылып жатыр. Осы олқылықтардың алдын алу үшін аталмыш төрт серіктес қаланың септігі зор болмақ. Сонау тоқырау жылдары, одан беріде ес жия бастаған тұста да қалың ел күнкөріс қамымен Алматыға ағылғаны белгілі. Оның барлығы қалаға қоныстанып қалған жоқ. Қаланың айналасындағы аудандарға орнықты. Тіпті бір кездері саяжай ретінде ұстаған аймақтар да бүгінде тұрақты мекенге айналды. Ол жерлердің бәрінде – өзіміздің қара көз қазақтар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген. Солар қалаға қарай жұмыс іздеп сабылады. Ал олардың бәріне бірдей қаладан жұмыс табыла бермейді ғой. Міне, осы ретте Алматы мен Қапшағайдың арасын жалғайтын төрт серіктес қаланың маңызы өте зор. Осы төрт серіктес қалада өндіріс орындары, кәсіпкерлік нысандар, басқа да жұмыс орындары ашылады. Жергілікті жастарды, мамандарды сонда жұмысқа тартамыз деп отырмыз.
Бүгінгі таңда төрт серіктес қаланың бір бөлімшесінің жұмысын аяқтау үстіндеміз. Ең бірінші инфрақұрылымды реттеп, инженерлік-техникалық жүйелерді бітіріп қалдық. Су, жарық, жол түсуде. Елбасының тапсырмасымен жуырда өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев пен облыс әкімі Аңсар Мұсаханов аталмыш нысанды аралап қайтты. Осы инженерлік жүйе аяқталысымен, биыл қаланың алғашқы құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп нақты айтты. Алла қаласа, биыл инфрақұрылымы біткен 18 гектар жерге қаланың іргесі қалана бастайды. Бұл серіктес қаланың бой көтеруі аудан орталығы – Өтеген батыр кенті үшін де, айналадағы ауылдар үшін де пайдалы болмақ. Өйткені құрылыс барысында аудан орталығының, басқа ауылдардың да инфрақұрылымдық жүйесін, ауызсумен қамту, жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстарын да жүргізіп аламыз деген ойдамыз.
– Өзіңіз жоғарыда атап өткен «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасы мен серпінді жобалар қатарына енген «Жетіген – Қорғас» теміржолы да осы Іле ауданының территориясынан өтеді. Теміржол халық әлеуетінің жақсаруына негіз болар қантамыр іспетті. Іле ауданының шебінен өтетін осы жобаның сіздер үшін маңызы қаншалықты, стратегиялық салмағы қандай?
– «Жетіген – Қорғас» теміржолы салынған сәтте бүкіл Қазақ елі болып қуандық. Өйткені іргедегі Қытай мемлекетімен біздің қарым-қатынасымыз күн санап артып келеді. Тауар айналымы да бірнеше есеге ұлғайып жатыр. Негізінде, Алакөлдегі «Достық» бекеті арқылы Қытайға бізден қатынайтын пойыз бар. Алайда жаңа ашылған теміржолдың стратегиялық маңызы өте зор. Өйткені Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерін өндіру әлеуеті жоғары. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайлы байланыс болмақ. Сосын Алматы облысына қатысты Жаркент өңірі – жүгері өндірумен аты шыққан аймақ. Осы өңірде өндірілген жүгеріні бұрындары автокөліктер арқылы Сарыөзекке тасып, сол жерден пойызға артатын еді. Енді ол өңірдегі шаруалар өз өнімдерін осы «Жетіген – Қорғас» теміржолы арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне, қаласа, Қытайға да жөнелте алады. Теміржол – арзан тасымал құралы.
Былтыр біз экономикалық жағдайының төмендігін ескеріп, Күрті ауылынан 25 отбасыны Жетігенге көшіріп әкелдік. Әлеуметтік бағдарламалар арқылы 33 адамды арнайы оқытып, теміржол саласына жұмысқа орналастырдық. Арнайы үй бердік. Бүгінгі күні сол ауылға 240 орындық бір мектеп салып жатырмыз. Алла жазса, биыл оны бітіреміз. Ауылдың экономикасы көтеріліп, құлпырып келеді.
Және де қайталап айтайын, бұл теміржолдың бой көтеруі Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді. Ықпалдастықты арттырды. Сонымен қатар сырттан Алматыға келетін тауарларды сақтайтын, тіпті түсіретін орындар тапшы болатын еді. Кейбір ұзақ сақтауға шыдас бермейтін тауар түрлері бұзылып, кәсіпкерлерге шығын келетін. Енді оны Жетіген стансысы арқылы шешуге мүмкіндік туды. Осы стансының айналасына өндірістік базалар, уақытша жүк сақтау қоймалары салынады. Сонда бұл түйткілдердің түйіні тарқайды деп сенеміз. Бұл теміржол құрылысын енді Алматы қаласының сыртымен Ұзынағашқа жалғаймыз деп отырмыз. Негізгі жоспар бойынша. Сонда Қытайдан шыққан тауар Алматыға тоқтамай, қала сыртымен солтүстікке, батысқа, шығысқа, көршілес мемлекеттерге жол тартады. Міне, сондықтан бұл теміржолдың ел экономикасын арттырудағы рөлі ерекше.
– Іле ауданы мал шаруашылығы және агрошаруашылық өнімдерімен әлеуетті. Бүгінде Алматы секілді мегаполис қаланы шикізатпен, азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге атсалысып келесіздер. Аграрлық сектор инновациясын қолға алдыңыздар ма?
– Біз аграрлық сектор инновациясын қолға алып жатырмыз. Неге десеңіз, бұл да – біздің алдымызда тұрған үлкен бір мәселе. Елбасы Нұрсұлан Әбішұлы Назарбаев та, облыс басшысы Аңсар Тұрсынханұлы да осы саланы жетілдіру қажеттілігін айтып жатыр. Біз үлкен қаланың түбінде орналасқан аудан болғандықтан аграрлық инновацияны жетілдірмей болмайды.
Жалпы, аграрлық сектор инновация дегенде ең әуелі су шаруашылығына жаңалық енгізуден бастауымыз қажет. Сонда ғана бұл іс алға басады. Өйткені күллі әлемде, соның ішінде бізде де судың жетіспеушілігі байқала бастады. Сонау 1980 жылдардағы арна толы мол суларымыз бұл күнде тартылды. Жасыратыны жоқ, өзен-көлдеріміз де суала бастады. Оған қоса, егін шаруашылығында бұрынғыдай суды аста-төк пайдалану ешқандай пайда бермейтінін анық аңғартты. Суды жауып жіберіп суғару, біріншіден, топырақтың құнарын құртады; екіншіден, еккен, сепкен дәніңізді шайып жібереді; үшіншіден, минералды тыңайтқыштарды ағызып әкетеді. Сондықтан да бүгінгі таңда бізге ең қажет тәсіл – тамшылатып суғару әдісі. Міне, бұл – нағыз инновация. Біз қазір осы әдіспен жұмыс жасап жатырмыз. Былтыр бір шағын шаруа қожалығының 4 гектар жеріне тамшылатып суғару тәсілін енгізіп, басқаларға үлгі көрсеттік. Нәтижесінде әлгі шаруа қожалығы әр гектардан 60 тонна пияз алды. Ал басқа шаруашылықтар әр гектарынан 15-20 тонна ғана өнім жинады.
Алдағы уақытта осындай және де басқа инновациялық игіліктерді пайдалану үшін шағын шаруа қожалықтарын біріктіру қажет деген ойға тоқтадық. Өйткені жекелеген шаруаларға бұл қондырғыларды сатып алу, қондыру қымбатқа түсуі кәдік. Сондықтан да егер жер еміп, таза табыс табуға ниеттенген кәсіп иелері болса, өзара бірігіп, осындай технологиялық жетістіктерді еселей түсуге болады. Егін шаруашылығында жүргендер осындай мүмкіндікті пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Өйткені аграрлық секторды да ғылыми жаңалықтарды енгізе отырып дамытпасақ, бұрынғыдай жерге дән септім, қалғаны бір Құдайға аманат деген дәуір өткен.
Байқасаңыз, соңғы уақытта Алматы облысында жылыжайлар көптеп ашыла бастады. Еңбекшіқазақ, Панфилов, Талғар, Қарасай аудандарында ірі-ірі жылыжайлар бой көтерді. Бұл үрдістен біз де қалыспай, жуырда өзіміздің жылыжайларымызды қолға алдық. Арзан, сапасыз құрылысқа жүгірмей, мол өнім алуға мүмкіндік беретін, пайдалану мерзімі ұзаққа шыдайтын жылыжайды 3 гектар жерге орнаттық. Және де «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Керімжан Бижанов пен оның орынбасары Ермек Үсенбаев бізге арнайы келіп, кәсіпкерлермен келісімшартқа отырып, біздің ауданға 32 жылыжай орнатты. Ол жылыжайлардың да алғашқы өнімдерін ала бастадық. Алматы қаласында өтетін жәрмеңкелерге осы жылыжайларда өскен өнімдерімізді шығарамыз.
Ауыл шаруашылығы саласында біздің экспортқа шығаратын тауарларымыздың негізгісі – ет пен бидай. 60 мың тонна етті сыртқа сата алатындай жағдайға жету үшін бізге мал шаруашылығын да дамыта түсу қажет. Осыны ескере келіп, өзіміздің ауданда мал бордақылау алаңын салмақпыз. Оған жемшөп қорын әзірлеуді де осы бастан қолға алдық.
– Өзіңіз де жақсы білесіз, Елбасы «Жергілікті өкілетті органдардың рөлін одан әрі арттыру үшін біз мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайлауын енгіземіз» деген болатын. Яғни жергілікті әкімдерді сайлау 2013 жылдың соңына дейін енгізіледі. Және ауыл әкімдерінің жеке бюджеті болады. Сол ауыл әкімдерінің жеке бюджеті өңірдегі қордаланған мәселелерді шешуге, инженерлік-техникалық жүйені жаңартуға, жақсартуға сеп бола ала ма?
– Иә, бұл жаңа үрдіс болып тұр. Сондай-ақ өте қажетті, заманға сай бастама. Өйткені бір кездері бізде кадрлық олқылықтар орын алғаны рас. Ендігіде мұндай келеңсіздіктерге тап болмас үшін осы жүйені жетілдіріп, өзімізге енгізуіміз керек. Қолынан іс келетін, ел басқара алатын, елге пайдасы тиетін азаматтар болса, онда неге олар басқа салада істеуі тиіс?! Келсін, бағын сынасын, сайлауға түссін. Өзінің бағдарламасымен халықты иландырсын. Елбасымыздың көздегені де – осы, халыққа пайдасы тиетін, жұмыс істей алатын, қарымды азаматтарды ел басқару жүйесіне тарту. Нарыққа икемі бар, нарық заңдылықтарын игерген азаматтарымыз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне келмесе, онда біз жаһандану кезеңінде өз есемізді өзгелерге жіберіп аламыз. Сондықтан да бұл жүйеге үлкен сенім артып отырмыз және де нәтижесі де жақсы болатынына кәміл сенеміз. Өйткені бізде де білім-білігі шетелдік мамандардан кем түспейтін азаматтар жетерлік.
Ауыл әкімдерін сайлау – бұл көп жылдардан бері халықтың өзі айтып келе жатқан тілегі. Әкімдер де сайланса, шын халыққа жаны ашитын азаматтар ортамызға келіп, бізді басқарса деген ұсыныстарды көп естідік. Ауыл әкімдерін бастапқы кезде мәслихат депутаттарының сайлағаны да дұрыс. Халықтың ауыл әкімдерін сайлау мәдениеті қалыптасқан кезде барып, бәлкім, сайлауды тікелей елдің өзі өткерер. Енді оны уақыт көрсете жатады. Алайда мәслихат депутаттары да – халықтың сенімді өкілдері. Өздерінің сайлаған қалаулылары. Белгілі бір округтен сайланған депутат та сол өңірді жақсы, білікті әкімнің басқарғанын қалайды. Сондықтан да бұл жерде бұра тартушылық, біреудің ығына жығылу, бұл түбінде мәслихат депутаттарының өздеріне таяқ болып тиеді. Олар да мұны жақсы түсініп отыр. Ары таза азамат ертеңгі күні ауыл басқару құқына ие болса, кез келген сәтте халықтың ортасына бара алады. Ауылдағы күрделі мәселелерді халықтың өзімен бірлесіп отырып шешеді. Қазір бізде бәрін үкімет жасап беруі тиіс деген жаман әдет қалыптасқан. Енді ауыл әкімдерінің өз бюджеті болады. «Ол бюджетті ең әуелі қай мәселені шешуге жұмсау керек, ауылға ең бірінші не қажет» деген сауалмен әкім халықпен ақылдасып, халықтың өз қалауы бойынша қордалы мәселелердің түйінін шешеді деп ойлаймыз. Мықты әкім ауыл халқының әлеуетін көтереді. Ал бұл басқа көрші округтегі халыққа да айқын көрініп тұрады. Осы ретте ауылдардың гүлденуге, өркендеуге деген ұмтылыстарының нәтижесінде даму даңғылына бастайтын бәсекелестік пайда болады. Ал қолынан іс келмейтін әкімді халық өзі де қаламайды. Ол қанша жерден өздерінің аталасы, туысы болса да. Оларға нақты жұмыс істейтін азамат керек.
– Бізде бір қызығы – жыл сайын миллиондаған автокөлік иелері салық төлейді. Одан қалды, автокөліктің сапалы болуын және де тексереді. Ендеше, біздің жолдарымыз да сапалы болуы тиіс қой. Жуырда дүниежүзілік экономикалық форумның мамандары сапалы деген жолға жеті балдық көрсеткішпен баға беріпті. Біздің жолдар 2,7 балға ие болыпты. Демек, жолдарымыз сапасыз. Іле ауданындағы жол сапасына қатысты не айтасыз?
– Жол сапасы – күрделі мәселе. Біздің аудандағы жолдардың сапасы орташа деңгейде деп айта аламын. Әрине, жасыратыны жоқ, әлі жол түспеген ауылдар да бар. Өйткені жаңа құрылыс алаңдары көптеп бой көтеруде. Ал жаңадан салынып жатқан ықшамаудандар, саяжайларға қатынайтын жолдар әлі жасалынбаған. Мұның себебі – бұл орындар кезінде ешқандай жоспарсыз, жабайы түрде салынған. Өзіміздің қолдан жасаған дүниеміз. Бірақ та енді мұны сол күйінде қалдырып қоюға болмайды ғой. Сондықтан соңғы екі-үш жылда бұл жолдарды да жөндеуді қолға алдық. Өйткені онда халық тұрып жатыр. Халық – мемлекеттің басты байлығы. Өзіңіз де білесіз, бізде жолдар жасалмайды емес, жасалады. Үкіметтен қыруар қаржы да бөлінеді. Алайда жол жөндейтін компаниялар ақшасын алған соң жол сапасына жүрдім-бардым қарайды. Олардың кейбірінің техникасы да жетпейді, нақты сол салаға маманданған адамдары да жоқ. Тек тендерді ұтып алған соң ғана жұмыссыз жүргендерді жинап алып, техниканы арендаға ұстап, сапасыз жол төсеп шығады. Іс бітті, қу зытты, шаруа сонымен тамам. Сосын мұның зардабын бір жылдан соң тағы да қарапайым халық тартады. Жыл сайын автокөлігіне салық төлеп отырған соң, олардың жол сапасына қатысты дау айтуы заңды. Біз енді мұндай келеңсіздіктерге жол бермейміз. Жолдың сапалы болуын міндетті түрде қатаң қадағалаймыз. Жолдың маңыздылығына қарай, жауапты компанияларға үш-төрт жылдық міндетті кепілдік жауапкершілігін жүктейміз. Сонда ғана тендерге кім көрінген таласпай, маманданған, өз істеріне жауапты компаниялар ғана жол жасайды.
– Аудандағы ауылдар толықтай ауызсумен қамтамасыз етілген бе?
– Кейбір жаңа бой көтерген ауылдарымызға әлі де ауызсуды толық жеткізіп болған жоқпыз. Оған қоса біраз ауылдардың да су жүйесі әбден ескіріп, кезекті ауыстыру жұмыстарын күтіп тұр. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша бүгінге төрт ауылда ауызсу жүйесін қалыпқа келтіріп жатырмыз. Боралдай, Чапай, Байсерке, Жетіген ауылдары осы бағдарлама негізінде қолға алынса, жергілікті халықтың өз бастамасымен, кәсіпкерлердің жұмылуымен бірқатар елді мекендерде тіршілік көзі саналатын су мәселесін шешу үстіндеміз. Алдағы үш-төрт жылдың көлемінде аудан бойынша ауызсу мәселесі толықтай қолға алынады деп жоспарлап отырмыз. Ішіп отырған суымыз жер астынан алынғандықтан, ауызсудың сапасы өте жақсы.
– Бердәулет Ешенұлы, өзіңізді халыққа жақын әкіммін деп санайсыз ба?
– Қызық сауал екен. Жалпы, әкімнің жұмысын бағалайтын, негізінен, халық. Кез келген сәтте көшеге шығып, халықпен араласып, сөйлесіп жүре беремін. Біреуінен реніш-өкпе, көңіл толмаушылық наздарын естімедім. Өзім де қарапайым отбасынан шыққанмын. Агроном, бригадир болдық. Өзімді ешқашан халықтан бөлек санаған емеспін. Халықтан жырақталғым келмейді. Сенсеңіз, маған күніне 30-40 адам кіріп, өз мәселелерін айтады. Қолымнан келгенін шешіп, қалғандарын жауапты мамандарға, округ әкімдеріне қолма-қол тапсырамын. Елдің арасында жүру өзім үшін пайдалы. «Кабинетім – қорғаным» дейтін шенеуніктерді өз басым түсінбеймін. Басшы болған соң халықтың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан есту керек. Кабинетке тығылып, халықтың жайын біреу арқылы естігім келмейді. Сондықтан халықтың ішіне өзім барам, араласам, көрем, тыңдаймын. Ал қабылдауыма сонау шеттегі ауылдардан келіп отырған ақсақалдарды, ақ жаулықты аналарымызды бүгін қабылдау күні емес деп кері қайтарып жіберу менің азаматтығыма сын емес пе?! Сондықтан менің жұмысыма шынайы бағаны көшеде кетіп бара жатқан осы ауданның кез келген тұрғыны бере алады. Менің жұмысыма халықтың бағасынан артық таразы жоқ.
– Басшылық қызметтің ең маңызды факторы – бұл кісі тану. Біздің қоғамда кеңестік кезеңде қалыптасқан кадрлар деген ұғым бар. Өзіңіз де сол топқа жатасыз. Кеңестік кезеңде қалыптасқан және тәуелсіздік бедерінде билік сахнасына көтерілген кадрлардың айырмашылығын айта аласыз ба?
– Өте дұрыс. Расымен, қарап отырсақ, егемендік алғаннан кейін билік басына келген жас кадрлардың ой-өрістері өте кең. Біздікі сол кеңес кезеңінен қалыптасқан классикалық үлгі болса, жастар жаңашылдыққа бейім. Біздің олардан, олардың бізден үйренеріміз көп-ақ. Мысалға, біз олардан ақпараттық технологияны меңгеруді, жаңаша ойлау функцияларын үйренеміз. Ал олар кеңес кезеңінде тәрбиеленген кадрлардан елмен қалай сөйлесу, халыққа жақын болу, олардың мәселелерін шешу тетіктерін бойларына жұғысты қылады. Елімізде кең өріс алып келе жатқан электронды үкімет жобасын да осындай білікті жастарымыз енгізіп, халыққа қызмет көрсетудің тиімді жолдарын ұсынып жатыр ғой. Қуанатын дүние. Бірақ та таяқтың екі ұшы бар демекші, жастарымыз үлкендерді сыйлап, өзін халықтан кіші сезініп, қазақтың салт-дәстүрлеріне немқұрайды қарамаса екен тілегіміз бар. Елді сыйлау, халықтың ортасында жүру биліктегі жастарымыздың негізгі ұстанымы болуы қажет. Білім алдым, біраз дүние үйрендім, болдым-толдым деп, өзін елден жырақ ұстаған басшы ешқашан да халықтың көмегенсіз биіктерді бағындыра алмайды.
– Халық алдында істеуге тиісті ең бірінші парызым деп нені айтасыз?
– Ел басқарып отырған азаматтың халыққа жасауы тиіс ең бірінші жақсылығы – ол адалдығы. Халыққа шынайы махаббатпен қызмет еткен басшы ғана өзін бақытты сезіне алады.
– Ақтарыла айтқан әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Ары таза азамат ертеңгі күні ауыл басқару құқына ие болса, кез келген сәтте халықтың ортасына бара алды. Ауылдағы күрделі мәселелерді халықтың өзімен бірлесіп отырып шешеді. Қазір бізде бәрін Үкімет жасап беруі тиіс деген жаман әдет қалыптасқан. Енді ауыл әкімдерінің өз бюджеті болады. «Ол бюджетті ең әуелі қай мәселені шешуге жұмсау керек, ауылға ең бірінші не қажет» деген сауалмен әкім халықпен ақылдасып, халықтың өз қалауы бойынша қордалы мәселелердің түйінін шешеді деп ойлаймыз. Мықты әкім ауыл халқының әлеуетін көтереді. Ал бұл басқа көрші округтегі халыққа да айқын көрініп тұрады. Осы ретте ауылдардың гүлденуге, өркендеуге деген ұмтылыстарының нәтижесінде даму даңғылына бастайтын бәсекелестік пайда болады.