Отандық логистиканың қарқынды дамуына кедергі болып тұрған негізгі фактор – маманның мардымсыздығы

Қуат ҚОНАЕВ, GRUZ халықаралық логистикалық компаниясының басқарма төрағасы:

– Отандық логистиканың даму үдерісіне қандай баға берген болар едіңіз?
– Оны қарқынды дамып келеді деп жалған айтқаным дұрыс болмас, нақтыра­ғы, еліміздің логистика саласы әзірге ілдал­дап тұр. Біз әлі жас мемлекетпіз. Нарыққа аяқ басқанымыз кеше. Логистика саласы бойынша көштің соңында қалып қоюымыз­дың басты себебі – осы. Дегенмен де Тәуел­сіздік алғанымызға бар-жоғы 20 жыл ғана болса да, сырт көз қызығып, қызғанып қарайтындай, біреуге үлгі-өнеге болатын­дай жетістіктеріміз аз емес.
Логистикаға мемлекет тарапынан енді-енді көңіл бөлініп жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев таяуда мемлекеттік орган басшыларымен бас қосқан мәжілісте отан­дық логистиканы дамыту керектігін баса айтқандығы – соның айғағы. «2016 жылға қарай Қазақстан өңірдің сауда, логистика­лық және іскерлік орталығына айналуы тиіс. Біз жемқорлықтан ада, қауіпсіз және жайлы жаңа Жібек жолын құруымыз керек. Бұл – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызды бөлікте­рінің бірі» деген еді Н.Назарбаев сол кездегі өз сөзінде. Сондай-ақ Елбасы Еуропа мен Азия арасындағы көпір болып табылатын еліміз арқылы жүк тасымалдау бюджетке және мемлекетке мол кіріс әкелетіндігін атап өткен болатын.
Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, тауар тасымалын жақсартып, жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы ал­шақ­тықты реттеу және халықтың кедергісіз қозғалысын дұрыс жолға қою мәселесі – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Сондықтан да бұл арада уақытынан бұрын сын айт­қа­нымыз артықтау болар.
Естеріңізде болса, Қазақстан Республи­ка­сы көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев те осыдан бір-екі айдай бұрын үлкен жиын өткізіп, Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйелерін қалай тиімді да­мы­ту мен шетелдік іс-тәжірибені пайдалана отырып, келелі концепция да­йын­дау мә­селелерін жан-жақты талқылаған бола­тын.
Логистика саласын халықаралық дең­гейге көтеру мақсатында көлік ведомство­сының басшысы Стратегиялық жоспарлау және көлік-коммуникация кешенін дамыту департаментіне сөз болып отырған концеп­ция­ны әзірлеу барысында консалтингтік компаниялардың мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Тағы бір қолдауға тұрарлық жағдай, «ҚР аумағында көліктік-логистикалық жүйелерді дамыту бойынша ұсыныстарды сараптау және да­йын­дау» тақырыбында маркетингтік зерт­теулер жүргізуге қызығушылық танытқан мемлекеттік органдарға маңызды міндеттер жүктелмек. Әрине, мұндай мемлекеттік маңызы бар ауқымды істерді жүзеге асы­руда логистика төңірегінде жүргендердің қай-қайсысы болсын, мүмкіндігінше үлес қосқандары жөн.
Сонымен қатар Үкіметіміз бүгінгі күні көлік саласында ірі-ірі инвестициялық жо­ба­ларды жүзеге асыруды қолға алмақшы. Нақтырақ айтсам, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін, «Қорғас -Жетіген» мен «Өзен – Түрікменс­танмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желілерін салу және еліміздің шығысы (Қорғас) мен батысында (Ақтау) көліктік-логистикалық орталықтарды құрып, олар­ды ҚР аумағындағы басқа да көліктік-ло­гис­тикалық орталықтармен байланыс­ты­ру.
Тағы бір айта кетерлігі, 2010-2014 жыл­­дарға арналған ҚР Көліктік инфрақұ­рылымын дамыту бойынша бағдарламаның «ҚР көліктегі логистикалық жүйені дамыту» жобасы қысқа мерзімде жүзеге асырылмақ. Логистиканы дамыту мақсатында жасалған бұл жоба қаржыландырылып, маркетингтік зерттеулер жүргізілмек және көліктегі логистиканы дамыту шаралары туралы жүйелік құжат жарық көреді деп күтілуде.
Қысқасын айтқанда, өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, логистика ескерусіз, елеусіз қалған жоқ. Егер қабылданып жатқан жоба, бағдарламалар сәтті жүзеге асса, сөз жоқ, отандық логистиканың даму кезеңі өзінің межеленген сатыларына дер уақытында аяқ басады деп айта аламын.
– Дегенмен де кейбір мамандар мен сарапшылар логистиканың дамуына кедергілер көп дейді. Ал Сіз бұл ретте қандай бөгеттерді атар едіңіз?
– Мамандардың мардымсыздығы. Өкі­ніш­ке қарай, логистика өмірімізге енді-енді еніп келе жатқандықтан, мамандар дайын­дау жағы ақсап тұр. Рас, Б.Гончаров атында­ғы Қазақ автокөлік жолдары университеті мен М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында және тағы да басқа бірнеше ЖОО-ларда осы сала бойынша мамандық алып шығуға болады. Бірақ оқу бағдарламаларында логистиканың жалпы теориясы қамтылға­нымен, олар білімді-білікті маман дайындау жағынан дәрменсіздеу болып тұр. Ол үшін оқу-құралдарының сапасын жақсартып, білім беру әдістемелеріне көптеген өзгерту мен толықтырулар енгізу керек.
Жұмыс сұрап келіп жатқан жастар көп. Өкінішке қарай, олар логистика саласын же­тік меңгермегендер. Дегенмен де қа­рым-қабілеті, талабы бар-ау дегендерді қағып алуға тырысамыз. Қажет болса, оның білім жетілдіруді компания өз мойнына алып, шетелге оқуға жібереміз. Міне, логистиканы қарқынды дамуына кедергі болып тұрған негізгі фактор осы дер едім.
Екіншіден, салық мәселесінде де біршама қиындықтар туындап жатады. Орта және шағын бизнестің өркен жаюына көбіне-көп салық мүмкіндік бермей жатады. Сондықтан да салық саясатын оңтайландырып, бірқатар жеңілдіктер жасалса екен дейміз.
Үшіншіден, біздің елде сенім мен құрмет көбіне-көп отандық емес, шетелдік компанияларға көрсетіліп жатады. «Бізге қарағанда солар жақсырақ жұмыс істейді» деген ұғым қалыптасып кеткен. Ал шын мәнінде, былай қарап тұрсаңыз, сол шетел­дік компаниялардың отандық компаниялар­дан артықшылығы анау айтқандай басым да емес. Мен бір құпияны ашайын, сол ше­телдік компаниялар кейде біздің көмегімізге жүгініп жатады.
– Қазақстан үшін логистика саласын дамытудың ең тиімді стратегиясы қайсы деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, ең алдымен тасымал­дың техникалық жағына айрықша мән беруіміз керек. Қапы қалдырмайтын сапа­лы техника болуы тиіс. Сонымен қатар, тарифтің де рөлі орасан. Атынан ат үркетін баға тек кері кетіреді. Баға кімге болса да қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Қа­зіргі жағдайда бізге үздіксіз, тұрақты кірісті ойлап, қызығушылық танытқандардан айы­рылып қалмаған абзал.
Бәсекелестіктің де шешері мол. Қазақстан жағрапиялық жағынан кім-кімге болсын қолайлы. Батыс пен шығысты, Азия мен Еуропаны тоғыстырып тұрған көпір іспеттіміз. Бұл – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін мүмкіндік. Мұндай жағдайда әлбетте бәсекелестік бөгет бол­мас деп ойлаймын, дегенмен де бәсеке­лес­тікті де қолдап-қорғау керек.
Логистика – қозғалыс. Ал мына аумалы-төкпелі заманда қозғалыссыз қалғаның – көштен қалғаның. Бір жерде тұра берсе, су да сасиды. Жаһандық сұраныс пен ұсыныс екеуі қатар қарқын алып тұрғанда Қазақстан одан сырт қалмауы тиіс. Логистика – соны­мен қатар, ел экономикасына қоң бітуіне мол мүмкіндік беретін бірден бір сала.
– Кедендік одақ логистикаға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Кейбір сарапшылар «Кеден одағының экономикалық кері әсері бар» деген пікірді жиі айтады. Иә, алғашында бірқатар қиын­дықтар туындайтын да шығар. Алайда етек-жеңімізді жинап, бір ізге түсіп алсақ, меніңше, Кеден одағының көрсетер қызы­ғы алда.
Халықаралық логистика саласын зерт­теп жүрген әлем сарапшыларының пайым­дауынша, Кеден одағының көмегімен, ең алдымен, мына төмендегі үш мәселені ше­шу­ге болады. Біріншіден, одаққа мүше ел­дердің барлығы мемлекеттік шекарала­рының сақталуымен бірыңғай кедендік аумақ қалыптастыра алады; екіншіден, одақ ішінде кеден тосқауылдары, көрсе­тілетін делдалдық қызмет, шектен тыс құжат­бастылық пен рәсімдеуге жұмсалатын артық шығындар жойылмақ; үшіншіден, тауарларды еркін айналымға босатудың нормативтік мерзімі дұрыс жолға қойыл­мақ. Қабылданып жатқан жаңа ережелер сауда-саттыққа да қолайлы жағдай туғы­зып, Қазақстанның ынтымақтастығын арттырып, алыс-жақын шетелдермен ты­ғыз қарым-қатынас орнатуына жол ашады. Үштік одақ – экспорт  бағытында орын алып келген түрлі тосқауылдарды бұзып, оның тұрақтануына да септігін тигізетін экономи­калық бірлестік.
Аталған интеграциялық кеңістік аясында сыртқы сауда лицензияларымен және шектеулерді рәсімдеудің бірыңғай тәртібін қоса алғанда, тарифсіз реттеудің бірыңғай ережелері түзілмек. Санитариялық, фито­санитариялық және ветеринариялық бақы­лау, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын рә­сімдеу заман талабының үдесінен шығатын болады. Ал болашақта ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер оның жұмыс істеу ережесі мен тәртібінің барлығына бірдей тиімді механизмдерін іске қоспақ.
Сонымен қатар табиғи монополияларды реттеу, монополияға қарсы саясатты жүр­гізудің нормаларын және ережесі мен механизмдері бірізділеніп, зияткерлік меншік құқықтары да қорғалып, қызмет көрсету аясының сапасы жақсарады деп күтілуде. Әрине, осының бәрі халықаралық транзиттік компания ретінде біздің жұмы­сымызға үлкен жол ашып, табысымыздың молаюына мүмкіндік беретін шаралар деп білемін.
– Кейбір сарапшылар отандық логистиктер әлі де жергілікті мента­литеттен арыла алмай келеді. Көпші­лігі халықаралық стандартқа көшуге асықпайды, не мүмкіндік­тері жоқ деп жатады...
– Онымен толық келіспес едім, бірақ жоққа да шығармаймын. Жоғарыда атап өткенімдей, бізге логистиканың қыр-сырын меңгеру кешірек бұйырып отыр. Бұл әрине нарық заманының Қазақстанға қашан келгендігімен байланысты. Десем де, аз уақыт ішінде шыңдалып, логистикалық жүйесі әлдеқашан дамып кеткен елдердің логистикалық компанияларымен теңесуге лайықтар мүлде жоқ емес.
Әрине, сарапшылар дұрыс айтады, халықаралық стандартпен жұмыс істейтін кез жетті. Кім болса да соған талпынулары тиіс. Менің білуімше, Еуропа мұндай стан­дартқа әлдеқашан көшкен. Қытай естуімше, 2010 жылы 300 мыңдай компаниясын халықаралық стандартқа көшіріп те қойған. Сондықтан Қазақстанда қанат жаюды көз­деп отырған шетелдік компаниялар тікелей біздің тасымалдаушылармен қызметіне жүгінсе, бұл оларға да, логистиктерге де, Қазақстанға да тиімді болады.
– Логистика туралы заң қабылдау керек деп ойлайсыз ба?
– Қазір логистика қызметін реттеуге мүмкіндік беретін заңдар жоқ емес. Бірқа­тар заңдарда логистиканың еншісіне тиіп отырған баптар баршылық. Әрине, транс­порттық компаниялардың кри­те­рийле­рін белгілеп беретін құқықтық база­ның бол­ғаны дұрыс қой. Бұл менің ойымша, логис­тика саласы аяғынан тік тұрған кезде өзді­гінен шешілетін мәселе деп ойлай­мын.
– Осыдан біраз уақыт бұрын өзіңіз басқарма төрағасы болып табылатын GRUZ компаниясы БАҚ өкілдерінің басы қосылған бір баспасөз жиынында сөз болып отырған компанияның тек Қазақс­тан нарығында ғана емес, әлемдік кеңістікте жемісті еңбек етіп жат­қан­ды­ғына дәлел болатын бірқатар мәліметтер жария болды. Тәуелсіздігіміздің буыны енді беки бастаған сын шақта шыңдалу оңайға соқпаған болар?
– Біздің компания 2004 жылы ашылып, алғашында тек қалааралық, яғни Қазақ­с­тан­ның ішіндегі тасымалмен айналысты. Әуелде компаниямыз «Такко» деп аталатын. Мойындау керек, сол кезде біз логистика дегеннің не екендігін жетік білмедік және оның ұңғыл-шұңғылына тереңнен бойлай алмадық. Өйткені ол кезде логистика еліміз­дің өміріне енді-енді келіп жатқан-тұғын.
«Такко» жас болса да, сол жылдары Қа­зақ­с­тандағы ірі-ірі саналатын, атап айтсам, «Кока-Кола» компаниясы, «Алматы Марга­рин» мен «Эфес Қарағанды сыра зауыт­та­ры» сияқты алпауыт кәсіпорындардың тауар­ларын еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізуге жарап тұрды. Қателеспесем, сол кезеңдері айына  600-700-дей вагон  тауар тасымалдадық. Жұмысымызды бір «КамАЗ»­-бен бастаған едік, кейін біртіндеп жүк кө­лік­тері санын көбейттік. Уақыт келе, вагон­дар сатып алуға да қол жеткіздік.
Логистика негізі қыры-сыры көп, қызы­ғы мен шыжығы қатар жүретін стратегиялық маңызы бар сала. Қазақстан үшін логистика жаңа бір құрылым еді. Бейтаныс бизнес болғандықтан, оған онша ешкім дұрыс көңіл де бөлмеді.
Ерен еңбек түбінде бір өз жемісін береді екен, талмай жұмыс істеудің арқасында ара­да бірнеше жыл өткенде халықаралық деңгейге көтерілдік. 2008-2009 жылдары халықаралық тасымалмен айналысуға әбден дайын болып шықтық. Міне, бір жыл­дан асты, «Такконы» «Круз» деп өзгерт­тік. Қазір тіпті шетелдік ірі-ірі компаниялар­мен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз.
Халықаралық тасымалмен айналысуға жетер жолда да көп қиындықтар кездесіп жатты. Бірақ бірге жұмыс істеп жүрген жігіттердің барлығы да іскер, табанды бо­лып шықты да тек алға ұмтылдық. Рас, жүрек­сіндік. Бірақ барлық қиындықтарға төтеп бердік.
Қиындықтар, әсіресе, білімді-білікті мамандардың жоқтығынан туындап жатты. «Қолынан іс келеді-ау» деген жігіттерді іздеп жүріп таптық десем болады. Соларды жұмысқа шақырып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, отандық логис­тиканы көркейтуге аз да болса септі­гімізді тигізіп жатқан жайымыз бар.
Арасында амал жоқ, шетелден маман шақыртуға да тура келді. Көптеген шетел­дерде логистика әу заманнан жұмыс істей­ді. Сондықтан оларда маман дайындау про­блема емес. Қазір құрамымызда бірне­ше шетелдік азамат бар. Олар да сенім мен үмітті ақтай білді. Бар тәжірибелерімен бөлісіп, «ақ-қарасың» деп бір-бірімізден жатырқамадық та. Бір үйдің баласындай­мыз. Өзімізді «интернационалдық компа­ния­мыз» десек те болады.
Қазір біз «Жайықмұнайгаз», «Күкірт­қы­ш­­қыл», «Қазқұрылыс-Сервис», «Қазатомп­ром», «Қазақмыс» сияқты еліміздің алдың­ғы қатарлы көшбасшы саналатын «тіс қаққан» өндіріс орындарының сенімді се­рік­тесіне айналып отырмыз. Негізі, Қазақ­с­танның сегіз қаласында кеңселеріміз бар. Алдағы уақытта барлық аймақтарға шық­сақ деген ойдамыз. Сондай-ақ Дубайда, Еуропада, тағы басқа да көптеген шетелдер­де өкілдіктеріміз орналасқан.
Бүгінгі күні елімізде отандық логистика­лық компаниялар аз емес. Бірақ барлығы дерлік – қалааралық. Ал халықаралық деңгейде жұмыс істеп жатқандары – бірлі-жарым. Оны айтып отырған себебім, жаһандық нарыққа шыққысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деймін. Логистика – стратегиялық маңызы бар сала. Сондықтан да транзиттік болсын, ішкі болсын, барлық жүк тасымалдарымен негізінен отандық компаниялар айналысса деген арманым бар.

Сара сөз
Мен іссапармен шетелге көп шығамын. Әр елдің салт-дәстүрімен, менталитетімен жақын танысып та жатамын. Бір байқағаным: менің қазағымдай кең пейілді, қонақжайлы, иман жүректі халық жоқ екен. Қазақтарды сынап, мінейтіндерге «егер қазақты жақынырақ білгің келсе, шетелге барып қайт» дер едім.
Кейде қыздарымызды сөгіп жатамыз. Біздің инабатты, ибалы, ізетті, ал қажет кезде батыл да, қайсар бола алатын қыздарымыздың қадір-қасиетін, мен шыны керек, өзге елдің қыздарын көргенде ғана білдім. Ер- азаматтарымызды да тап солай таныдым.
Үндістанға барғанымда 2-3 жасар балалардың көлігі ығы-жығы шыққан көшелерінің қақ ортасында қараусыз жүргенін көргенде шошып кеттім. Біз болсақ, баламыздың қолынан мықтап ұстап алсақ та қорқып тұрамыз. Бұл біздің балаға деген шексіз махаббатымыз бен қамқорымыздың, жауапкершілігіміздің белгісі әрі асыл қасиетіміздің бірі ғана. Қысқасы, қазақтың жүріс-тұрысына, болмысына қарап, оның тегін, тектілігін аңғаруға әбден болады. Мынау такаппар дүние еншісін кеше алған қазақты мойындап, сүйсіне қарағанын көргенде бойымды қуаныш кернеп, бір марқайып қаламын-ау!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста