Қазбек ӨМІРЗАҚОВ, мал маманы, зейнеткер:
– Қазбек аға, еліміздің мал шаруашылығы айрықша дамыған кез Кеңес тұсында болғаны белгілі. Сол кезде салада қандай жұмыстар атқарылды, оның деңгейі қандай еді? Сол жұмыстар қазір де жалғасып келе ме?
– Кеңес кезінде зоотехниктерді, мал мамандарын қойшының малын жеп, бекер жүрген адамдар деп санайтын. Ал қазір қарап отырсақ, олар сол жоспарлы экономика заманында қыруар жұмыстарды атқарыпты. Мал мамандары әр шаруашылықтың малын тұқымына, жасына, тумасына қарай сорттап, будандастырып, селекциялап, мал тұқымының тазалығын қатаң сақтайтын. Сол арқылы белгілі бір тұқымның басты параметрлерін ұстап отыратын. Сақпан кезінде жаңа туған қозыларға сырға салып жатушы еді ғой. Сол сырғадағы код арқылы малды туғаннан етке өткенге дейін қадағалап отыратын. Басқасын былай қойғанда, мал асылдандыру зауыттарында әр саулықтың «племенной карточкасына» дейін жасалатын. Өзім де солай жұмыс істедім, мына Жамбыл облысының кей шаруашылықтарында жазға қарай малды Арқаға айдайтынбыз, содан бастап қара күзге дейін, мал ұрықтандыру біткенше отбасы, бала-шаға дегенді ұмытып, ала жаз тыным таппаушы едік.
Кеңестік кезде мал тұқымын асылдандыру жағынан өте үлкен жұмыстар істелді. Ол кезде биязы жүн экспорттық тауар еді ғой. Биязы жүннің талшығының қалыңдығын микронмен есептейтін, сәл ауытқушылық болса қабылданбай қалатын. Сондықтан да сол тұқымды таза ұстауда, жетілдіруде, көбейтуде қаншама жұмыстар атқарылды. Жаңа тұқымдардың бәрі апробациядан өтетін. «Қазақстанның жүндес мериносы», «Оңтүстікқазақстандық меринос» тұқымдарын өсірдік. Ол кезде Жамбыл облысының асыл тұқымды мал шаруашылықтарында, «госплемзаводтарда» 60-70 мыңнан қой болды. Луговой ауданында бұрын Ленин атындағы госплемзавод бар болатын. Олардың қойлары шаруа малдармен салыстырғанда түйедей болып көрінуші еді. Таңдаулы меринос қойлардың жүн талшығының ұзындығы 15-20 сантиметрге дейін баратын. Осы тұқымды жоғалттық қазір. Қазіргі кезде Меркіде ғана сол асыл тұқымды зауытта аздап сақталып қалды. Қырғыздарда аздап бар деп естимін. Осы малдардың тұқымдарын мемлекеттік қамқорлыққа алу керек, «Қызыл кітапқа» енгізу керек. Енді олардан айрылсақ – біткеніміз. Өзіміздің тұқым қалмайды.
Ал мал дегенің генетикалық тұрғысынан алғанда өте кінәратшыл болып келеді. Егер селекциялау жұмыстарын жүргізіп отырмасаң, 3-4 тумасында-ақ тұқымы аза бастайды. Атам қазақ баяғыда соны біліп, айшылық жерлерден мал алдырып, будандастырып отырған. Қазір осы үрдісті жоғалттық. Соңғы 15 жылда елдің қолындағы малдың тұқымы азып болды, біз қазір сапаға қарап отырған жоқпыз, санына ғана мәзбіз. Өйткені кеңестік кездегі сапалы малды аз ғана уақыт ішінде бартермен құрттық. Колхоз-совхоз тарап жатқан кезде мал жеке қолға бөлініп берілді, ол ішіліп-желініп кетті, не керек, қаншама жылдар бойы селекцияланып, іріктеліп, асылданып келген мал басын тез арада тып-типыл қылдық. Біздің ауданда біраз мал бар еді, сол бір-ақ күзде ту-талапай болды. Қаншама адамның, тұтастай бір саланың ұзақ жылғы қыруар еңбегі далаға кетті. Қазір қолда шаруа малы ғана қалды. Ал одан қандай сапалы өнім алуға болады?
– Енді сол асыл тұқымды мал басын қалай қалпына келтіре аламыз?
– Сол айтып отырған, еліміздегі мал зауыттарындағы асыл тұқымды мал басын репродукциялау арқылы ғана. Біз қазір шетелден асыл тұқымды мал басын ұшақпен тасуға құмармыз. Бірақ сол миллиондаған долларға әкелген малды дұрыстап пайдаланып жүрміз бе? Мал болғаннан кейін ол ауырады, өледі, жерсінбейді. «Районирование» дейміз, яғни жерсіндіру дегеніміз бос сөз емес, тіпті бір облыстың малы екінші облыста жерсінбей жатады. Ал басқа континенттен, Австралия, Канададан әкелінген малдар қалай бірден жерсінеді? Оны аудандастырудың өзіне қаншама уақыт керек? Сондықтан да асыл тұқымды малдың өзін емес, ұрығын импорттау керек. Анағұрлым, арзан, анағұрлым тиімді. Қазір қолымызда там-тұмдап болса да асыл тұқымды аналық малдар қалды. Соны іріктеп, қолдан ұрықтандырып отырып, көбейтуіміз керек. Кеңес кезінде сол жұмысты дабыралатпай, қазіргідей оркестрмен қарсы алмай-ақ, жылына Австралияның өзінен сапалы ұрық алдырып отыратынбыз. Неше миллион саулықтың әр басын қолдан ұрықтандырып, қойшы байғұс әр қозыны мәпелеп, тудырып алатын. Сол кезде елімізде 35 миллион бас қой болса, оның бәрі селекциялық мал еді. Малдың ондай тазалығымен әлемде саусақпен санарлық елдер ғана мақтана алатын.
Ал еліміздің ауыл шаруашылығын басқаратындар оны біле бермейді, арнайы білім жоқ, тәжірибе жоқ, сондықтан «шетелден асыл тұқымды мал әкелемін, қарық қыламын, пәлен миллион ақша бер» дейтіндерге алданып жатады. Таңғаламын, не болса соған сенеді, ана «технологияға» да ақша бөледі, мына «технологияға» да ақша бөледі, онысы бір шаруашылықтан аспайды, шашылып жатқан ақшада есеп жоқ. Сол бірнеше жүз баспен бүтін республиканы қалай қарық қылуға болады, оған қаншама жыл уақыт керек? Асыл тұқымды малды жүз мыңдап көбейту керек, ол үшін қолда барды жетілдіріп, жүйелі жұмыс істеу керек, алдымен инфрақұрылымды дайындау керек. Осы министрлігіміз не істеп отырғанын, немен айналысатынын түсінбеймін, баяғы «райсельхозуправление» сияқты әр ауданда бөлімдері бар, бар істейтіндері – мәлімет жинайды, «сводка», «данный» жинайды, болды. Дотация, субсидияны көрінгеннің қолына ұстатып қоя береді. Ең бастысы – жүйелі жұмыс жоқ. Әйтпесе осы 20 жылдың ішінде қаншама жұмыстар атқаруға болар еді!
Енді бұл жұмыстарды қайтадан қолға алу үшін өзіміздегі аналық бастарды селекциялау қажет. Бұл жерде мемлекеттің көмегі өте керек болып тұр. Жеке қолда болсын, мемлекеттің қолында болсын, асыл тұқымды ірі мал зауыттарын, оны көбейтетін шаруашылықтарды құру керек. Мал өсірумен айналысқысы келетін жеке фермер ме, шаруа ма, бәрі де малды осы жерден алуы керек. «Племенное ядро» деген болады, бұл – асыл тұқымды малдың ең басты қайнар көзі. Осыны баптап бағып, көбейтіп отырып, төлін елге тарату арқылы ғана малды асылдандыра аламыз.
Әйтпесе жақын маңдағы мал ұстайтындардан байқап жүрмін, бір-бір отар малдары бар, ал зер салып қарасаң, сапалы мал жоқ. Қарала-торала, биязы-қылшықтысы, ешкі-текесі аралас, бәрі жүр. Бірақ мұндай мал оның баққан еңбегін ақтамайды ғой. Егер оның жүнін іске жарата алмаса, терісін өткізе алмаса, жеткілікті ет бермесе, төл бермесе, тұқымы азып кеткен болса, ондай мал ұстап неге керек?
– Демек, сапалы өнім алу үшін сапалы мал керек дейсіз ғой?
– Әрине. Бір ғана мысал айтайын. Қазір дүкен сөрелерінде сүттің нешеме түрі толып тұр. Қарап тұрып таңғаламын – бұл қайдан келген молшылық? Кезінде Жамбылдағы сүт зауытына әр шаруашылықтан сөткесіне 4-5 тоннадан, кейбірінен 10 тоннадан сүт келіп жататын. Ол сүтті ірітіп алмай тез арада қабылдап, арпалысып жатып өңдеп, жөнелтіп жататын. Соның өзінде жоспарды орындай алмай, сүт жетпей жатушы еді. Қандай ірі сүт-тауарлы фермалары болды, онда қаншама мыңдаған адам жұмыс істеді. Орталықтанған, жоспарлы шаруашылықтың кезінде, әр колхоз-совхозда мыңдаған сиыр ұстап тұрып сүтті жеткілікті өндіре алмадық. Ал қазір әр ауладан бір шелек сүтті әрең жинап отырған кезде, бұл не қылған ағыл-тегіл сүт?
Меніңше, бұл көзбояу, жасанды сүт, шетелдерден әкелінген құрғақ сүтті суға езіп беріп, қарық қылып отыр бізді. Ана Оңтүстік Кореяның жасанды сүттері бар ғой, жүгеріден, соядан жасалған, сол сияқты түрлі компоненттерді қосып, шалап жасап береді, соған риза болып отырғанымыз. Сондықтан да табиғи, таза сүт ішеміз десек – ең алдымен асыл тұқымды мал басын көбейтіп алуымыз қажет. Елдің бәріне де айтатыным сол – бір сиыр ұстасаңдар да асыл тұқымдысын алыңдар деймін бәріне. Әйтпесе қазіргі сиырларың ешкі сияқты, 4-5 литр ғана сүт береді, ал жемшөпті сүтті сиырмен бірдей жейді. Бұрындары қазақтың ақбас сиырын, «Алатау» тұқымын, жерсіндірілген голштино-фриз тұқымдарын қандай еңбекпен көбейттік. Қазір олардың басым бөлігінің тұқымы азып кетті, шаруасын құнттаған шаруашылықтар ғана сақтап қалды.
– Төрт түлік малды төл түлігіміз санағанымызбен, оның барлық өнімдерін іске жаратып отырған жоқпыз. Қазіргі күні мал өнімдерінің қандай түрлерін игере алмай жатырмыз?
– Негізінде, мал шаруашылығы табиғатқа жақын, қазіргіше айтсақ нағыз экологиялық сала. Малдың іске жарамайтын өнімі жоқ, тезегінен бастап. Біз оның еті, жүні мен терісін ғана әжетке жаратамыз. Мысалы, қой жүнін алайық. Бұрындары біз биязы жүнді былай қойғанда, сол жүннің шайырын да алушы едік («жиропот» деп атайтынбыз). Сол шайырдан неше түрлі медикаменттер алынатын. Тіпті кеменің сыртын бояйтын сырға да қосып жататын. Ол аса құнды фармацевтикалық, өндірістік шикізат. Қазір не болды – малы бар ел қой жүнін өткізе алмай, екі-үш жыл сақтайды, шайыры ағып кетеді, ақырында бүлінген жүнді далаға тастауға мәжбүр. Ал кезінде біз оны класс-класына бөліп, теңдеп, тайлап әкелетінбіз. Қылшық жүнін бір бөлек, биязы жүнін бір бөлек сұрыптайтынбыз. Тіпті бауыр жүн, балақ жүнін де жеке тапсыратынбыз. Соның өзін жүн зауыты кергіп әрең алушы еді. Қазір Тараздың жүн өңдеу комбинатын қайта тірілтеміз деп жатыр ғой. Бірақ бұрынғыдай ЮКМ, МКШ сияқты биязы жүнді мал басынан тұяқ қалмаған кезде, яғни сапалы шикізат жоқ кезде оны қалай жүргізуге болатынын түсінбеймін. Жақында ғана барып көрдім, қылшығы да биязысы да, ағы да, қарасы да араласып, тау болып үйіліп жатыр. Оны қалай іске жаратуға болады?
Содан кейін – қозының мәйегі. Оны біз бағаламай келдік, қазір де қолданбаймыз. Ал ол құрамында не бір сирек бифидобактериялар, лактобактериялар бар, адам ағзасына пайдалы, өте сапалы ұйытқы. Оның қасиетін дұрыстап, тиянақтап зерттеп те көрген жоқпыз. Қазір тамақ өндірісінде неше түрлі техникалық ұйытқылар пайдаланып жүр, ал қозының мәйегі қазақтың ірімшігінің негізі. Мәйекті кептіріп, ұнтақ түрінде дайын ашытқы етіп өндірсе, оны тағам өндірісінің бар саласында пайдалануға болады, неше түрлі йогурт жасауға болады. Соны ескермейміз. Ондай ашытқыны тіпті әлемге танымал етіп экспорттауымызға болар еді. Осы шаруаны қолға алуға болады.
Есіме келіп отыр, соғыс кезінде біздің ауылға жер аударылған немістер көшіп келді. Әйелдері қой сауып, оның сүтінен брынза жасайтын, ірімшіктің бір түрі ғой ол, қандай керемет болушы еді. Қазір елдер ешкі сүтінен жасалған өнімдерге жүгіреді. Ал сапасы, құнары, майлылығы керемет қой сүтінен сондай әлемге танымал сүт өнімдерін алуға болады ғой?
Немесе қаракөл елтірісін алайық. Кеңес кезінде бұл шаруашылық жақсы дамыды, қаракөл саласында небір отандық технологиялар болды. Ал қаракөлге қай кезде де сұраныс бар, ол модадан қалмайды. Біздің Кеңестің қаракөлі әлемдік аукциондарда ұдайы бірінші орын алатын. (Қаракөлді тек Солтүстік Африкада, Ауғанстанда өсіретін, содан кейін осы біздің Орта Азияда болды). Сол қаракөлді қалай мәпелеп бағушы едік! Оны сойғанда да симметриясын сақтап, стандартқа сәйкес етіп соятынбыз. Бір шаруашылықтың терісін өткізген кезде арасынан жыртылған бір тері шықса барлық партияны іске алғысыз қылатын. Талап қатал еді.
Сол қаракөлді алдымен кеңестік кезде құрттық, СЖК препараты арқылы. Завадовский деген ғалым ойлап тапқан буаз биенің қанынан алынған препаратпен бір саулық ешкі сияқты 3-4 қозыдан туатын болды, олар жетілмеген болғандықтан алақандай 2-3 теріні біріктіріп тігуге тура келді, елтірінің сапасы нашарлады, кеңестік қаракөл солай құрыды. Әлемдегі ең танымал қаракөл брендінен осылай айырылдық. Сапа емес, сан қуып кеткен кез еді ол. Содан бері сала оңала алмай қалды. Осы саланы қайтадан қолға алатын уақыт жетті.
Айта берсек, қолға алынбай жатқан шаруалар жеткілікті. Тек ынта керек, ықылас керек, жүйелі жұмыс керек.
– Мал басын көбейту, тұқымын асылдандыру үшін мемлекет көмегі керек дедіңіз. Оның нақты механизмдері қандай болу керек?
– Халықты сапалы тағаммен қамтамасыз ету үшін ең алдымен шикізат базасы болуы керек. Ал сапалы шикізатты қайдан аламыз? Тек асыл тұқымды малдан ғана. Сонда ғана сапалы сүт те болады, сапалы ет те болады, экспортқа шығаратын сапалы жүн де болады. Жаңа айтқандай, қазір жүн зауыттарының жұмысын қайта жүргізуге тырысып жатырмыз. Бірақ сапалы шикізат болмаса, оның өнімі кімге керек? Экспорттамақ түгілі, елімізде оны ешкім алмайды. Сондықтан да еліміздің әр облысында ірі-ірі, оншақты асыл тұқымды мал шаруашылығы болуы керек. Содан кейін, ол міндетті түрде мемлекеттің қарамағында, қамқорлығында болуы керек. Менің көзім жеткені, оны жеке қолға беріп қоюға болмайды екен. Қазіргідей тек субсидия арқылы мал басын көбейтуге тырысу аса тиімді болмай отыр. Жекеше болса мал санын көбейту үшін ештеңеден тайынбайды, жаңағы СЖК сияқты препараттармен тұқымды аздыруы мүмкін, жақсы маман ұстауға қаржы қимауы мүмкін. Тек мемлекет қана білімді мамандарды ұстай алады, алдағы 4-5 жылға, тіпті 10 жылға дейінгі мерзімге арналған жоспарлы жұмыстарды атқара алады. Мысалы, баяғыда осы біздің Жамбыл облысында жыл басындағы есеп бойынша 5-6 миллион қой болушы еді. Енді мал басын тым болмаса соның жартысына жеткізу үшін қаншама уақыт керек? Ол дегеніңіз өте қиын, жоспарлы түрде ғана жүзеге асатын жұмыс. Мемлекеттік мекеме ғана барлық талаптарды сақтап, аналық басты қатаң сақтай отырып, сапалы тұқымды көбейте алады.
Мал басын көбейту дегенің өте күрделі мәселе, оның да өзіндік стратегиясы болуы керек. Мысалы, кеңес кезіндегідей тек еркек мал ғана сойылуы керек, аналық малдың шығыны қатаң қадағалануы керек. Сонда ғана мал басы көбейеді. Әйтпесе жеке қорада болсын, фермерлік шаруашылықтарда болсын, қазір малдың тұқымына мән бере бермейді. Семізі болса болғаны, базарда өтуі үшін пышаққа іліне береді. Тамаққа ірі қара мал да жетіп жатыр ғой.
Демек, бұрынғы тауарлы шаруашылықтарды қалпына келтіру керек. Оның да өзіндік бағдарламасы жасалып, бұрынғы кездегідей орталықтандырылып, жоспарлы түрде жүзеге асуы керек. Өйткені мал шаруашылығы өте консервативті сала, ол мыңдаған жылдар бұрын қалай бағылып келді, солай бағыла береді. Тек қазіргі заманғы зоотехникалық, биотехнологиялық жаңалықтарды енгізіп отырсақ болғаны. Ол үшін мемлекет белсене атсалысуы қажет.
Құдайға шүкір, қанша мал ұстасақ та қазақтың жері жетеді. Бізде дәстүрлі түрде мал жайылымда бағылады. Ал оның етінің құнары бордақыланған малдың етінен жақсы. Тек оның сапасын қадағалап отыру керек. Енді қараңыз, соншама мыңдаған жылдар бойы ата кәсібіміз болып келген төрт түлік малдың бас-аяғы 15-20 жылдың ішінде түбіне жетіп, қарап отыра беруімізге бола ма? Білсеңіз ол да мұнай сияқты, шойын-болат сияқты біздің халқымыздың байлығы. Содан айырылып қалмауымыз керек. Мұнай табылса болды, оны әркім өндіре алады. Ал біз әлемге алдымен осы сапалы мал өнімдері арқылы танылуымыз керек.
Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
«Диқан жауында, балықшы дауылда демалады, ал қойшы өлгенде ғана демалады» деген сөз бар. Құдай малшы, әсіресе қойшы деген кәсіпті қазақтың маңдайына нәсіп қылып жазыпты. Бұл қазақтың бағы ма, әлде соры ма – ол Жаратқанның өзіне аян. Әйтсе де қойшы байғұстың еңбегі әлі күнге дейін еленбей келеді. Осыдан 1-2 ғасыр бұрын оның табан ақы, маңдай тері айына бір саулық еді, әлі де солай. «Ақ жарылқап, күн туған» Кеңес заманында да бір бас қойға 40 тиыннан ғана төленді. Қаракөл шаруашылықтарында бір отарда 800 бас малға дейін болатын. Сонда күніне 24 сағат жұмыс істейтін қойшыға 320 сом тиетін, оны көмекші шопанмен бөлісетін. Ал түнгі ұйқысы тыныш зауыт-фабрикалардағы жұмысшылар сегіз сағаттан артық жұмыс істемей 500-700 сом алушы еді.
Қазір небір байшыкештер шықты, мыңдаған малы бар. Қойшыны 20 мың теңгеге, бір саулықтың құнына жалдайды. Бар жасаған жағдайы – айына қант-шайын, ұны мен макаронын әкеліп береді, киіз үй де жоқ, басына палатка тігіп береді, болды. Бірақ малды «өлтірдің, жоғалттың» деп сол ақшасының өзін ұстап қалады. Әлеуметтік төлемдер деген атымен жоқ. Бірде бір жалшының зейнетақы қорындағы есебіне ақша аударылыпты дегенді естіген емеспін. Ол байшыкештер өз ауылдастарын арзан жұмысшы көріп, бұрынғының қарынбайларынша қанау көзіне айналдырып алған. Осы мәселені бір жолға қою керек. ХХІ ғасырда отырып қойшы байғұсты мүсәпір қылып қоюымыз ұят. Онсыз да ата кәсіптің қадірі қашып болды.