Алма Әбілқасымова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Құрметті Алма Есімбекқызы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауының ғылым мен білім саласы үшін маңызы өте зор. Бұл осы саладағы азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Сіздің пікіріңіз ...
– Еліміздің даму стратегиясын, басым бағыттары мен болашағын айқындайтын басты құжат – Президентіміздің қазақстандықтарға арналған жыл сайынғы Жолдаулары. Елбасымыз әрбір Жолдауында білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отырады. 2011 жылғы Жолдауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз» десе, биылғы Жолдауында жастарға сапалы білім берумен қатар, сол білімін қоғамдық-әлеуметтік ортада пайдалануға икемдеу, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру арқылы еліміздегі білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне басымдық берді.
Әрине, білім мен ғылым заман талабына ілеспей, еліміздің өркениетті елдермен тең терезелес болуы мүмкін емес. Сондықтан да Жолдауда белгіленген білім саласын дамытудың жаңа міндеттерін шешуде тиімді жолдарды айқындай отырып, оның дер кезінде сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ғана білім беру Жолдауда айтылғандай, «Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналады».
– Алма Есімбекқызы, жыл басында республиканың барлық өңірінде 11 жылдық білім беру стандартының жаңа жобасын көпшілік назарына ұсынып, жан-жақты талқылаудан өткізуге ұйтқы болдыңыз. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жетілдірілген жаңа жобасы ғылым мен заманауи технологияны дамыту талаптарына сәйкестігі жайлы не айтасыз?
– Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білім мазмұнын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға, оның ішінде жалпы орта білім беру стандарттарына ерекше мән беріп отыр. Өткен жылы министрлік тарапынан академияға арнайы тапсырмалар беріліп, 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында әзірленген 12 жылдық білім беру және 2010 жылы қолданысқа енгізілген 11 жылдық білім беру стандарттарының базалық білім мазмұнына, типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына республика деңгейінде сараптама жасалды. Өкінішке орай, сараптама қорытындысы көптеген кемшілік пен сәйкессіздіктің бар екендігін айқындады. Кемшіліктің ең салмақтыларын атап айтсақ, базалық білім мазмұнының екі парақтық шала-жансар күйде берілуі, типтік оқу жоспарларындағы мектеп және оқушы компонентіне сағаттың жеткіліксіздігі немесе мүлдем алынып тасталуы, оқу бағдарламасының қолданыстағы оқулық мазмұнынан алшақтап кетуі тағы да басқалар.
Қорытынды сараптама нәтижесі мен білім беру ұйымдарының ұсыныстары ескеріле отырып, стандартты қайта әзірлеу туралы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде академия 11 жылдық білім беру стандартының жаңа жобасын жасады. Себебі Ұлттық білім беру академиясының негізгі қызметтерінің бірі – білім берудің барлық деңгейі үшін базалық білім мазмұнын анықтайтын басты нормативтік-құқықтық құжат – жалпыға міндетті білім беру стандартын әзірлеу болып табылатыны белгілі.
– Осы мәселе бойынша сіздің сындарлы пікірлеріңізді біле отырып, орта білім жүйесіндегі келесі бір маңызды іс – жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мәселесіне ойыссақ. Бұл жаңа жобада қалай ескеріліп отырғанын айтып өтсеңіз.
– Әрине, білім беру жүйесінің басты міндеті – еліміздің экономикалық және рухани тәуелсіздігін баянды ету, рухы биік, мәдениеті жоғары, білімі терең салауатты ұрпақ қалыптастыру болып табылады. Жаңа жоба мен оның типтік оқу жоспарлары Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың қаңтар айында білім саласы қызметкерлерінің кеңейтілген алқалы басқосуында көпшілік назарына ұсынылды. Соның артынша республикамыздың барлық өңірінде талқылауға түсіп, заманауи талаптарға сәйкестендірілген типтік оқу жоспарлары көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Өйткені жобада білім берудің базалық (инварианттық) мазмұнын сақтау мен вариативтік компонентті тиімді қолдану реттестіріліп, оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды жаңғырту қарастырылған. Стандартқа қоса ұсынылып отырған 60-тан астам типтік оқу жоспарының нұсқалары жалпы білім беретін ұйымдардың оқыту бағыттарын таңдау мүмкіндіктерін кеңейтеді, пәндерді, соның ішінде технологиялық бағыт пәндерін тереңдетіп оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сіз көтеріп отырған жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мәселесі типтік оқу жоспарлары арқылы ескерілген.
Бәріңізге белгілі, типтік оқу жоспары дегеніміз – стандарттың құрамдас бөлігі. Ол – оқу жүктемесінің компоненттерін белгілейтін, оқыту тілі мен бағытын сипаттайтын, оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін реттейтін және білім беру ұйымдарының қызметін қаржыландыруда негіз болып табылатын нормативтік-құқықтық акт. Біз ұсынып отырған жобадағы типтік оқу жоспарларының басты жаңалығының бірі – оқушының апталық инвариативтік оқу жүктемесін жеңілдету. Яғни мазмұны шамадан тыс ұлғайтылған кей пәндердің сағаттарын қысқарту арқылы вариативтік бөлікті ұлғайту. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгертудің 1-сыныптан, ал информатикалық сауаттылықтың 5-сыныптан басталуы.
Осы орайда, 5-сыныптағы «Қазақстан тарихы әңгімелері» пәнінің қазіргі қолданыстағы оқу бағдарламасы бойынша берілген білім мазмұнының ауырлығы сондай – 5-сынып партасына 11 жасар баланы емес, ел тарихын саналы түрде тануға ұмтылған 16-17 жасар баланы отырғызуға тура келеді. Егер оқу бағдарламасы осындай дәрежеде болса, оқушының жас ерекшелігін ескеретіндей сапалы оқулық дайындалуы мүмкін бе? Тағы бір мысал: 9-11-сыныптар аралығында оқу жүктемесі 5-7 сағатқа мөлшерленген «Адам. Қоғам. Құқық», «Қоғамдық білім негіздері», «Құқықтану», «Құқық негіздері», «Адам және қоғам» деген пәндер жүреді. Бұлардың атауларын оқушы түгіл, мұғалімдердің өздері шатыстырады. Ал ішкі мазмұнынан нақты мысалдар келтіре кетейік. 10-сыныптың «Құқық негіздері» оқулығында: «1991 жылы Францияда, Ирландияда бір жынысты адамдардың арасында некеге рұқсат етуді талап етушілер болды. 1991 жылы Нидерландыда бір жыныстылардың некеге тіркелуіне заңды түрде рұқсат берілген», – деген сияқты жолдардың кездесуі – біздің салт-санамызға, дініміз бен ділімізде мүлдем жат ұғым. Бұл оңы мен солын жаңа айырып келе жатқан жасөспірімді ашық қоғам ұстанымында тәрбиелеу ме, жоқ, әлде санасына бөгде ой ұялату ма? Әрі қарай көз жүгіртейік. «Әр отбасының ажырасу себептері әртүрлі болуы мүмкін: тұрмыс жағдайының ауыртпалығы (материалдық қажеттіліктер, тұрғын үй қиыншылығы т.б.); тұлғааралық келіспеушіліктер (өзара сүйіспеншілікті жоғалту, дөрекілік, маскүнемдікке салыну); ішкі жағдайлар (жаңа отбасының пайда болуы, жаңа сезімдердің пайда болуы)» тәрізді тәлімдік-тәрбиелік мәні жоқ сөйлемдер орын алған. Мұны оқушыға қалай түсіндіруге болады? Осы сияқты некені бұзудың түрлері, мүліктік құқық және ата-ана құқығынан айыру, алимент, яғни ажырасу мәселелері 26 беттің 20 бетін алады. Сонымен қатар 10-11- сыныптардағы «Құқықтану» пәнінің оқу бағдарламасы құқық салаларына терең енуге жол берген. Оқу материалдары жоғары оқу орындарына лайықталған, ғылыми стильде жазылған википедиялық сөздіктер тәрізді. Талдай берсек, оқу бағдарламаларымен қатар, оқулық олқылықтары да жетіп жатыр. Енді біз стандарттың жаңа жобасында бұл бес пәнді «Адам. Қоғам. Құқық» деген атаумен кіріктіріп, 9-11-сыныптардағы базалық білім мазмұнын қайта дайындадық. Бұл қайталанатын тақырыптарды да бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Соның барысында біз балаларға түсетін оқу жүктемесін азайтып қана қоймай, оның орнына баланың қызығушылығына, қабілетіне, таңдауына қарай білім алуына мүмкіндік беруге қадам жасадық. Қоғам дамиды, ал даму үдерісі кешегі заңдарды бүгінгі өзгеріске алып келеді. Олай болса, оқушыларға құқықтық білімді оқытып қана қоймай, оларды қолдана білетіндей дәрежеде меңгерту керек.
Осы орайда айта кететін бір жайт – жаһандануға бет бұрған кезеңде білім жүйесінің сақтап қалуды қажет ететін өзіндік тарихи тұстары да бар екендігін ұмытпаған абзал. Менің ойымша, кеңестік кезеңдегі орта білім жүйесінде қол жеткізген тамаша нәтижелерімізді сақтай отыра, қазіргі білім жүйесін өте сақтықпен өзгертуіміз керек. Білімді жұлымдамай, ақырындап жетілдіру арқылы ғана біз дұрыс жолды таңдай аламыз. Өкінішке орай, қазір білім саласында американдық білім беру жүйесі туралы жиі сөз қозғалып жүр. Толығымен американдық білімнің соңынан еру деген – қалыптасқан қазақстандық, тіптен сонау кеңестік білімді түбірімен жою әрі ұлттық болмысқа балта шабу деген сөз. Қазақстандық орта білім саласында орын алуы мүмкін-ау деген қателіктердің алдын алу мақсатында болар, білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов шетелдік білім жүйелерін зерделеп қайту үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы тапсырма берді. Бұл, әрине, өте дұрыс шешім. Әйтпесе барымыздан айырылып, кейін осы шалт қимылдарымыз Хрущев кезіндегі «жүгері аласапыраны» тәрізді ертеңгі тарихта өзіндік атаумен қалмасына кім кепіл?
Өткен жылдың 17 сәуірінде Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген алқалы басқосуында 2013 жылдан 1-сыныптан ағылшын тілін енгізу туралы тапсырма берілді. Тапсырманы орындау барысында біздер 1-4-сыныптардағы «Ағылшын тілі» пәні мазмұнының ғылыми-әдістемелік негізін әзірледік. Онда пәнді оқыту барысында күтілетін нәтиже айқындалды, оқытудың әдістемелік және дидактикалық ұстанымдарын іске асыру жолдары көрсетілді, тілдік материалдарды қолдануды сыртқы жағдайлармен байланыстыру жүзеге асырылды, сабақтың тақырыптық жоспарлау тетігі әзірленді, лексикалық, грамматикалық және тілдік құзыреттіліктерді бағалау әдістемесі ұсынылды.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту туралы ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленіп жатқаны туралы хабардармыз. Осы бір маңызды іс жөнінде де пікіріңізді білдірсеңіз.
– Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов биылғы жылғы наурыз айында Тараз қаласында іссапарда болды. Сол жолы білім саласы қызметкерлерімен кездесуде: «Мектептердің беріп жатқан білімі, теориялық жағынан алғанда, өте маңызды. Алайда оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдана білуі тым жеткіліксіз. Елбасының тапсырмасына сәйкес оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту туралы ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданатын болады», – деп атап өтті. Бұл – ұрпақ алдында жауапкершілік жүктейтін үлкен мәселе. Сондықтан да функционалдық сауаттылықты дұрыс қалыптастыруда біз бар күшімізді стандарттардың базалық мазмұнына, оқу бағдарламалары мен оқулықтарға салуымыз керек. Білім қазығы мықты болса, оқушы алған білімін өз керегіне жарата алады. Әйтпесе ХХI ғасырдың алғашқы онжылдығында отырып, оқушыларымыз алған білімін өмірде қолдана алмай жатыр деп әлемге жар салсақ, адасқанымыз, ағайын. Дәл қазір білім саласында ойланбай жасаған бір қадам жаңасын жасамайды, керісінше, барымызды бұзады. Сондықтан да білім жүйесінің тұтас іске қосылуына қандай кедергілер бар, соны анықтап алу керек. Мысалға, білім стандартын әзірлеу барысында орта білім жүйесінен сырт қалған біршама «ақтаңдақ» анықталды. Яғни мектептердің кейбір типтері мен түрлерінде білім берудің мазмұнына қойылатын мемлекеттік талаптар өз дәрежесінде сақталмаған немесе ескірген нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік базада жүзеге асырылып отыр. Мысалға, кешкі мектептер бүгінгі күнге дейін ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігі кезіндегі бұйрық (1998 жылғы 17 қараша, №565) негізінде өзінің білім беру қызметін эксперименталды оқу жоспарымен жалғастырып келген. Бұдан бері министрлік атауы екі рет өзгеріп, қанша министр ауысты.
Тағы бір келеңсіз жайт стандарттың базалық мазмұнын анықтау кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына қарайтын өзбек, тәжік мектептерінде кездесті. Тәжік мектептері Қазақстанның аумағында болғанымен, олардың ана тілі мен әдебиеті Тәжікстан Республикасына бағынышты болып шықты. Тәжік мұғалімдерінің «біз тәжік тілі мен әдебиетінен жаңа оқу бағдарламаларын жасау үшін Душанбеден рұқсат сұрайық» деуі бізді таңғалдырды. Заңнан хабары бар жоғары білімді ұстаздар осылай айтса, қалғаны не демек?! Аталарымыз «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп бекер айтпаған болар. Білім саласындағы мемлекеттік біртұтас саясатты ұстану – ол әр мұғалімнің, әр білім мекемелері басшыларының негізгі ұстанымына айналуы керек. Сонымен бірге Қазақстан аумағында этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихын оқушы санасына мәңгілік сіңіруде тарих пәні мұғалімдерінің рөлі ерекше болмақ. Дәл қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің «Атамекен», «Жерұйық», «Қазақ елі» идеясы білім саласы үшін ауадай қажет.
– Алма Есімбекқызы, жақында ғана Әлемдік діндер көшбасшыларының алқалы басқосуы өтті. Еліміздегі этносаралық қатынастардың қалыптасуы орта білім мазмұнында қалай көрініс тауып отырғаны жайлы халықты хабардар ете отырсаңыз.
– Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан Республикасы қазақ ұлты мен 130-дан аса этнос пен этникалық топ мекені екендігі баршамызға аян. Мемлекет басшысы көпэтносты әрi көпконфессиялы Қазақстанның басты ұстанымдарының бірі әлеуметтiк тұрақтылыққа қол жеткiзу әрі нығайту болып табылатындығын үнемі атап отырады және елдiң табысты дамуының басты шарты iшкi саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз ету екендігіне ерекше мән береді. Қазақстан демократиялық ұстанымдарға негізделген қоғам ретінде өзге этностардың елдің экономикасы мен рухани саласында лайықты орын алуын басты назарда ұстайды.
Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов Елбасының ағымдағы жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында ұлтаралық келісімнің тәрбиенің құрамдас құндылықтары ретінде бағалануына байланысты: «Жастар проблемасына жеткілікті көңіл бөлмеу қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан Елбасының «Оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту» туралы тапсырмасы өте маңызды. Бұл мәселеде министрлікпен қатар, жергілікті атқарушы органдардың күшін біріктіру қажет екеніне назар аударғым келеді», – деп көрсетеді. Академия осыны ескере отырып, жастарымызға тәрбие берудегі басты бағыттардың бірі – қалыптасқан этникалық қауымдастықтардың терең тарихы негізінде этносаралық қатынастар мәдениетiн дамытуды қарастыратын «Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы» арнайы курсының бағдарламасын әзірлеп, білім ұйымдарының оқу процесінде қосымша материал ретінде қолдануы үшін министрлікке ұсындық. Осы бағдарлама қолданысқа енетін болса, онда кез келген оқушыны өзге этностардың құндылықтарын құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеуде маңызды болмақ.
– Еліміздегі орта білім беру жүйесінің 12 жылдық мектеп моделіне көшу мәселесі жыл сайын ұзарып бара жатқандығы баршамызға белгілі. Осы істің көшбасшыларының бірі ретінде не айтар едіңіз?
– 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі елімізде алғаш рет 2001-2002 жылдары көтерілгені көпшілікке белгілі. Білім берудің бұл моделіне көшуді мазмұндық қамтамасыз етуде 2003-2004 оқу жылынан бастап республика мектептерінде эксперимент жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Биылғы оқу жылында 9-сыныптың эксперименталдық бағдарламалары мен оқулықтары, оқу-әдістемелік кешендері әзірленіп, оларды сынақ байқауынан өткізу жұмыстары жалғасуда. Осымен бір мезгілде республиканың түкпір-түкпірінен қаншама эксперимент жүргізуші мұғалімдер біліктілігін көтеріп, қайта даярлықтан өтті. Эксперимент нәтижесі арнайы семинарларда талқыға түсіп, жұмыс барысында үнемі ескеріліп отырады.
Осы аралықта жаңа білім моделіне көшуге қатысты бірнеше дүркін нормативтік құжаттар, ғылыми-әдіснамалық негіздегі құралдар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындалды. Тіпті 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында бекітілген, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында іс-шаралары белгіленген орта білім беру жүйесінің 4+6+2 құрылымынан 5+5+2 құрылымына ауытқып, соған сәйкес нормативтік құжаттар мен оқу-әдістемелік кешендерді қайта дайындау қателіктері де жіберілді. Өңірлердегі білім беру ұйымдары материалдық-техникалық жағынан дайын болмай шықты. Осының бәрі жаңа модельге көшуді белгіленген мерзімінен (2008, 2010 жылдар) екі мәрте кейінге қалдыруға мәжбүр етті. Кез келген мектептік білім жүйесі дамуды, уақыт талаптарына сәйкес өзгерістерді қажет етеді. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін дайындалған құжаттар, оқу құралдары мен кешендері білім мен ғылымның қарқынды дамып жатқан мына заманында бір кездегі өзіндік маңызы мен қажеттілігін жойып та жатыр.
Бұл қайта қарау, өңдеу, толықтыру жұмыстарын керек ететіні белгілі. Сол себепті академия 12 жылдық білім берудің нормативтік құжаттарын, оқу-әдістемелік кешендерін қайта қарастыру мен әзірлеу шараларын қолға алды. Соның бірі – 12 жылдық білімге көшуде жоғары сыныптардағы «Бейіндік мектеп» оқу бағдарламасы. Туындайтын проблеманың алдын алу мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігінің тікелей тапсырысымен Павлодар қаласында «Бейінді оқыту: тәжірибе, өзекті мәселелері және шешу жолдары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткіздік. Мұнда 12 жылдық модельге көшу жағдайында бейінді оқытуды жетілдіру жолдарын, бейінді оқытудың педагогикалық және психологиялық аспектілерін, оқытудың қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттағы мазмұнын анықтау, кадр дайындау мен біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Осы орайда, білім саласында көп жылдар қызмет атқарып келе жатқан әдіскер-мұғалім ретінде бастауыш сыныпта қалыптасқан 4 жылдық оқыту мерзімі талқылауды қажет етпейтін мәселе екендігін алға тартамын. Оған жас бүлдіршіндердің психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін ескермегеннің өзінде, еліміздің географиялық орналасуы мен шағын жинақты мектептердің басымдылығы, ондағы сыныптарды біріктіріп оқыту жағдайы, сонымен қатар Біртұтас экономикалық кеңістіктегі ТМД елдерінің орта білім жүйесіндегі сәйкестік себеп бола алады.
Ал бастауыш мектеп мерзімін бес жылға (тіптен алты жылға деген ұсыныстар да бар) ұзарту мәселесі неге екені белгісіз, білім беруді дамытудың алғашқы мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңінде адасушылыққа апарып, мазмұндық дайындыққа кедергі келтірсе, мұның екінші бағдарламаның бірінші кезеңінде тағы да бой көтерер түрі бар.
Олай болса, Елбасының былтырғы Жолдауындағы 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге көшу және оны 2020 жылы толығымен қамтамасыз ету міндеттерінің жүзеге аспай қалу қаупі туындап, мемлекеттік бірінші бағдарламадағы қателікті тағы да қайталауымыз сөзсіз.
Биыл қабылданғалы отырған жаңа стандарттың жобасы 11 жылдық оқытудан 12 жылдық модельге оңтайлы көшуді қамтамасыз етеді және білім мазмұнын ұлттық-мәдени құндылықтармен, халықтың асыл мұраларымен байыта отырып, білімнің тәрбиелік әлеуетін арттыру міндеттерін жүзеге асырады деп сенемін.
Жалпы, білім саласындағы жаңашыл бастамалар, мектеп бағдарламасына енгізілетін өзгерістер ғылыми-әдіснамалық тұрғыда негізделіп, салиқалы сараптаудан өткізілгені жөн. Мектеп дәстүрлі білім жүйесімен сабақтастығын сақтап, ең бастысы, Мағжан Жұмабаев айтқандай, жанымызға, ұлттық болмысымызға қабысатындай, ел мүддесіне сәйкес келетіндей болуы керек.