Өнерің бұлдауға тұрса, бұлда!
Маралтай Райымбекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
– Маралтай, жас ақындар дегенде, ең алдымен сіздің атыңыз аталады. Тұманбай, Қадыр ағалардың жанында жас болғандарыңызбен, сіздердің де жастарыңыз қырыққа тақады. Өнерді жасқа бөліп қарауға бола ма?
– Сөзді сәл әзілге бұрар болсақ, соңғы екі-үш жылға дейін мені жұрт «жас ақын» десе, намыстанатынмын. Мен де үлкен ақын болдым ғой, мені неге бәрі жас көреді дейтінмін. Ал қазіргі қырыққа иек сүйеп тұрған шағымда жас ақын болып жүре бергім келеді. Қырыққа әлі жете қоймасам да, қырықтың адамды салмақтандыратынын, ой-санаңды өмірдің ауқымды дүниелеріне жүгіртетінін түсініп келемін. Сондықтан да қырықтың жауапкершілігінен қашқақтап, бұрынғыдай еркелеп жүре бергім келеді. Мұқағалидың «Қырықта дәнеме жоқ дара тұрған, бұл баяғы бала мінез, бала тұлғам» дейтін өлеңі бар ғой. Басқа саланы қайдам, меніңше, әдебиетте ақындарды «жас», «кәрі» деп бөлудің еш жөні жоқ. Қазақ әдебиетінде «ақсақализм» деген ұғым бар. Бірақ мұны дұрыс түсіну керек. Үлкенді құрметтеу, ағалардың алдынан кесе өтпеу деген — біздің әдетімізде, ғұрпымызда, мәдениетімізде жолға қойылған, бар нәрсе. Ақындық – Алла тағаладан берілетін қасиет. Нағыз ақын 15 жасында-ақ өзінің ақын екендігін көрсетеді. Ал кейінгі ғұмырында ол өзін оқумен, тоқумен, дүниетанымын кеңейтумен, білімін жетілдірумен өмірлік тәжірибесін жинақтайды. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады. Абайдың өзі сол 13-15 жасында алғаш өлең жазуды бастап, жастайынан қоғамға, өмірге араласты. Кейін қырық жасында поэзияға қайтып оралды. Қазақтың сұрапыл ақыны Кеңшілік Мырзабеков те алғаш 15 жасында «сұмдық-сұмдық» өлең жазып, өзін ақын ретінде танытқан. Өмірден ерте кеткен Артығали Ыбыраев та 15 жасында өлеңімен өзгелерді мойындатқан. Оның кезінде «Қазақ әдебиетіне» шыққан өлеңдері көзіңді жұмып, аузыңды аштыратын өлеңдер еді. Демек, ақындық 15 жасқа дейін берілсе – беріледі, қалғанын ақын өзі қалыптастырады. Сондықтан мен ақындарды жас ақын, орта жастағы, егде тартқан ақын деп бөлуге қарсымын. Ақын ба – ақын.
– Өткен ғасырдың 90-жылдары нағыз материалдық және рухани дағдарыс кезеңінде өздеріңіз секілді ақындар шықты. Сол кездегі дағдарыс пен қазіргі дағдарысты салыстыра алар ма едіңіз?
– Кешегі мен бүгінгіні салыстыратын түгі жоқ. Қазақта «ойын жолы» дейтін сөз бар. Қазіргі дағдарыс – осы ойын жолы. Бізді ақын етіп қалыптастырған шақтағы дағдарыста алдың көрінбейтін түнек болатын. Қайда, қалай бара жатқанымызды білмедік. Адамның құны, қасиеті жойылды. Бірінші орындағы құндылықтар кейін қарай шегеріліп кетті. Өмірде мән қалмады. Халық тек қарын тойдыруды ойлап, бір күнгі күнкөрістің қамына қанағаттанды. «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» дегендей, сол уақытта әдебиетке жаңа келген біздер ел есін жия алмай жатқан тұстарда терінің бір пұшпағын илесуге тырыстық. Қайта-қайта айта берсең, жылағандай боласың. Бірақ бұл — құр жылау емес, мен шындықты айтамын. Бір үзім нанға зар болған кезіміз болған. Ал қазіргі жағдайды дағдарыс деп айта алмас едім. Қазір ел еңсесі көтерілді, аяғынан тік тұрды. Басқа елдермен салыстырғанда, шүкір, жағдайымыз жаман емес. «Екі қолға бір күрек» дегендей, істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тек шын ниет болу керек.
– Өзіңіз айтқандай, сіз — өмірдің ащысын да, тәттісін де көріп келе жатқан ақынсыз. Тағдырдың таяғы тиген кездері, қатты тарыққан, торыққан шақтарда сізге демеу болып, қол ұшын ұсынған адамдармен қазір байланыс жасап тұрасыз ба?
– Әрине. Мен оларды неге ұмытуым керек? Қазақ айтпақшы, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді». Шынымды айтсам, маған көмектеспеген адам жоқ. Мен үшін адамзат баласының барлығы маған жақсылық жасау үшін жаралғандай болып тұрады. Мен өзім осылай қабылдаймын. Өзіме жасалған жақсылықтың бәрін Алланың берген нығметі, қасиеті деп білемін. Кейде «осы қарызымды қайтара алдым ба, парызымды өтедім бе?» деп жиі ойланамын. Мұндайда өзімді «маған жақсылық жасағандар менің көркіме, әйтпесе дүниеме қызықан жоқ қой. Өнерімді, бойымдағы қасиетімді, қазақ өнерін, әдебиетін сыйлағандықтан көмектесті» деп жұбатамын. Сондықтан менің парызым – өзімді де, өзгені де жерге қаратпайтын жақсы өлең жазу.
– Сіз өзіңізді ылғи «заманның заңғар ақыны, үш жүзге атым мәлім Маралтаймын» деп таныстырасыз. Сіздің ақындығыңызды көпшілік мойындағанымен, жеке мінезіңіз туралы «Маралтай қисық, қыңыр сөйлейді, қиын адам» дегенді естіп қалып жатамыз. Осыған өзіңіз не дейсіз?
– Кезінде Қалтай Мұхамеджанов ағамыз айтты-ау деймін: «Егер мені халық ақымақ десе, мен ақымақпын», — деп. Мен де халықтың етегін басып, ештеңе айта алмаймын. Олар не десе, кім десе мен солмын. Халқым бала десе — баламын, дана десе — данамын, ақымақ десе — ақымақпын. Өйткені мен өзімнің мінезім, болмысым сондай болса, қайтіп өзгерте аламын. Жұмекен Нәжімеденов: «Көл күледі, күлмегенде қайтеді, Жасырған соң қоқтығын. Мен де күлем, күлмегенде қайтемін, Жасыратын жоқ түгім», — дейді. Менің де жасыратын түгім жоқ. Өмірім, тағдырым халықтың көз алдында өтіп жатыр. Өз еліме, халқыма еркелеймін, еркелігімді көтереді. Менен жақсылығын аямаған өнердегі, әдебиеттегі ағаларымның ешқайсысы менің маңдайымнан шерткен жоқ, еркелетеді, ешқайсысы дауыс көтерген емес. Мен олардың өнерімді бағалағанына басымды иемін.
– Қазіргі әдебиет жалпақшешейленіп бара жатқандай. Ақын-жазушылармыз белгілі мақсатты көздеп, атақ-абырой, материалдық құндылықтар үшін талантын бұлдап жатады. Осы қаншалықты орынды?
– Өнерің бұлдауға тұра ма, бұлда! Мұны заманның өзі талап етіп отыр. Тек бұлдауға лайықты болсын. Ал қаптап кеткен шөп-шалаң, түкке тұрмайтын дүниелерді бұлдаудың жөні бөлек. Мұны уақыттың өзі ретке келтіреді. Желге ұшатындар желге ұшып, суға ағатындар суға ағып жоқ болады, тек асыл тас қалады. Әрине, кейде кейбір «халтурщиктердің» кесірі таза өнерге салқынын тигізіп, таланттардың аяғынан шалатыны рас.
– Бүгінгінің «сарай ақындары» туралы не айтасыз?
– Жалпы, әлемдік әдебиеттің негізін қалаған – сарай ақындары. Бүгінде баз біреулер «ой, пәленше сарай ақыны» деп мұрнын шүйіреді. Бірақ сен алдымен сол сарай ақыны дәрежесіне жетіп ал. Болмыс-бітімің, ар-ұжданың, ішкі жандүниең, ақылың соған сай келетін болса, онда ол — үлкен абырой. Бізге дейінгі әдебиеттің інжу-маржанының бәрін сарай ақындары жасап кеткен.
– Қазіргі нарықтық қоғамда поэзия қаншалықты өтімді?
– Бұл өлеңнің кімге қаншалықты қажеттігіне байланысты. Кім қаншалықты өзін мәдениеттімін деп санайды, ақсүйек сезіне алады, ұлттың болашағын ойлайды, осыларға өлең қай уақытта да керек. Өлең байлықпен, мансаппен өлшенбейді Мұқағали «Адамдықтарын алтынмен өлшейтіндерге ашынамын» деген жоқ па? Өлеңді бәрінен жоғары қоятын адамдар поэзияға қашанда бас иеді. Өлең оқу да, оқымау да әркімнің өз еркінде. Мен өз басым адам о дүниеге кеудесін қазынаға толтырып аттануы керек деп ойлаймын.
– Бүгінгі жеңіл-желпі жанрлар алға озып тұрған заманда қазақ поэзиясын өркендетудің жолы бар ма? Мүмкін, қазақ ақындарын, олардың шығармаларын әлемге паш ету үшін бізге де арнайы әдеби агенттер, менеджерлер керек шығар?
– Бәріміз Мұқағалиды білетін болғандықтан, сол кісінің жайынан айтайын. Ақиық ақын соңынан қанша інжу-маржанды төгіп кетті! Бірақ өзі бір түйір жемісін жемеді. Қаншама осындай таланттар өмірден жас кетті. Ақын өзінің сіңірген еңбегінің 5 пайыз рахатын көрсе, жетер еді. Егер Мұқағалидың жанында оның өлеңін насихаттаушы, қолдаушы, не нәрсенің жөн-жосығын білетін адамдар болғанда, басқаша болар ма еді. Қазіргі заман сұранысына сай ақындарды насихаттаушы менеджерлер керек. Ақын өлеңін жазсын, оқысын, тоқысын. Ал оны елдің алдына алып шығумен, насихаттаумен тиісті адамдар айналысқаны дұрыс. Мен бағана сарай ақыны туралы неге айттым? Шерхан ағамыз: «Баяғыда сарай ақындарына патшаның көңілі толса, аузы толғанша алтын тілді асатады екен, ал ұнамаса, есектің қиын асатады. Бізде осылай болса, біраз ақындар өлең жазуды қойып кетер еді», — дейді. Ал сол кездің патшаларының бәрі жынды болған жоқ қой? Қазіргі кезде де сондай басшыларымыз бар. Патшаны айтпағанда, Алматы қаласы аудандары әкімдерінің өзі бір ақынмен сөйлесе қалса, есін шығарарлықтай деңгейі бар. Олар бекер басшы болып отырған жоқ. Білімділері жетерлік. Мысал үшін айтайын, Алматыдағы Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев дейтін ағамызбен кездесіп, сөйлескенімде, таңғалдым. Әділ аға Жарасқан Әбдірашев ағамыздың өлеңдерін 17 минут үзбей жатқа оқыды. «Қаладан келген қыз» балладасын мүдірмей айтты. Ол Абайдың, Сұлтанмахмұттың өлеңдерін де бірінен кейін бірін төгілтті. Мен осындай азаматтарымыздың көп болғанын қалар едім.
– Жақында халықаралық «Алаш» сыйлығын иелендіңіз. «Кентавр» жинағыңыз көпшіліктің көңілінен шықты. Алайда мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітабыңыз бар болғаны 2000 данамен шықты. Қанша қаламақы алдыңыз?
– 70 мың теңгедей қаламақы алдым. Мен ол ақшаға өз кітабымның 200 данасын сатып алдым. Кітабымның әр данасы 250 теңгеден бағаланды. Ал мен кітапты өзім сатпаймын ғой. Әдебиеттегі замандастарыма, ағаларыма таратып жатырмын. Мен кітабымды шығарған баспаға ешқандай өкпе айтпаған болар едім. Бексұлтан Нұржекеев ағамыз басқаратын баспа кітабымды өте сапалы, әдемі етіп шығарып берді. Қолдарынан келгені осы. Олардың өзі жоғарыдан бөлінген қаржыға лайықтап кітап шығарады. Барлық баспаның басында қазаққа жаны ашитын, сөздің қадірін білетін азаматтар отыр, әттең, қолдары қысқа. Біздің кітабымыз қанша көп данамен шықса, олар соншалықты қуанар еді деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан қолдау болу керек. Былтырлары күшті-күшті әңгімелер шықты. Поэзияның бір баспа табағына 100 000 теңгеден беріледі деп естідік. Сол кезде мен жеті баспа табағыма 700 мың аламын деп қуандым. «700 мың теңге алсам, қарыздарымды беремін, үйдің балконын жөндетемін, балама велосипед әперемін» деп іштей қиялдадым. Аяғында, 70 мың теңге алдым. Бірақ бұған да тәуба. Бұрынғыдан бетіміз бері қарады.
– Сіз азулы ақын ретінде талай жыр мүшәйраларына қатысып, тіпті төреші де болып жүрсіз. Өзіңіз өлең оқыған мүшәйраларда ылғи алдыңғы орындарды иеленесіз. Жалпы, жақсы өлеңді қалай анықтауға болады? Өлеңге қойылар белгілі талаптар бар ма?
– Менделеевтің кестесінде алтын 79- орында тұрса да, ол — бәрібір алтын. Сол сияқты мүшәйраға 100 өлең қатысса да, жақсы өлең арасында жарқ етіп көрініп тұрады. «Өлең дейтін не?» дегенге ешкім ешқашан нақты жауап берген емес. Кезінде Есенғали Раушанов деген ақын ағамыздан жастар «өлең деген не?» деп сұрағанда ол кісі: «Өзім де білмеймін», — деген екен. Меніңше, өлең тірі болу керек, жаныңды баурап, көңіліңді босата алса ғана – өлең.
– Соңғы кезде «Маралтай өлең жазбай кетті» деседі. Бұған не дейсіз?
– (Рахаттана күлді). Осы сұрақ маған жиі қойылады, ылғи алдымнан шығады. «Жақсы ақыннан жаңа, жақсы өлең күту — заңды нәрсе» деп ойлаймын. Ал егер «Маралтай өлең жаза алмай қалды» дейтіндер болса, оған да жауабым дайын. Мен – өлеңнің өнеркәсібі, зауыты емеспін, шығара беретін. Менің жүрегімді не, қай уақытта тербетеді, мен сол уақытта өлең жазамын.
– Ақиық ақын Мұқағали «өнерде жарыс болмайды» дейді. Осыған келісесіз бе?
– Өнерде пенделік жарыс болмау керек. Тұлпар бәйгеге түскенде, шын жүйріктігін дәлелдейді. Тұлпарды баптаған секілді ақынға да бап керек. Ғалым Жайлыбаев: «Ақындары алақан жайған елдің қатындары ұл тұмайды», — дейді. Ал өз тарапымнан айтарым: «Халық болып ешқашан да оңбайды, жылатқан ел ақыны мен батырын». Бейбіт күнде ақын керек, іргеміз сөгілердей болғанда батыр керек.
– Маралтайдың музасына айналған Айнұры қайда екен?
– Естуімше, Айнұр бүгінде отбасылы. Ол туралы артық бірнәрсе айтсам, отбасына кесірім тие ме деп қорқам. Бұл — менің көңілімдегі жабулы қазан күйінде қалған махаббат. Мен қыздардың бәрін жақсы көремін, өлгенше сүйіп өтемін. Шын сөзім. Қыздарды жақсы көрмеу, ақындығым былай тұрсын, адамдықтан қалу ғой. Кеңшілік ағамыз айтқандай, «16 жастан, 17 жастан сүйгенмін, 18 ерек, 20-да бөлек күйге ендім... Отыз бесте де, қырық жаста да сүйемін!.. Сүйе беремін, қурап қалғанша сүйемін!». Менің де ұстанымым осы.
Датым!
Айтатынды айтарда іш қазандай қайнайды. Мен — ешқашан еш нәрсеге бал аштырмаған адаммын. Бірақ қазақ тілінің болашағы үшін бал аштырғаным бар. Сонда балгер «он жылдан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақ тілі салтанат құрып тұрады» деген еді. Осыған сенгім келеді. Ана тілімізді сақтау үшін абайтану пәнін жүйелеп, мектепте бірінші сыныптан бастап оқыту керек деп ойлаймын. Қазақ, кәріс, орыс, татар деп ұлтқа бөлмей-ақ, бәріне абайтану оқытылса деп армандаймын. Абайды бүге-шігесіне дейін білетін оқушы ғана жоғары оқу орнына түсе алса, билікке бара алса, осындай талап болса, сонда қазақ қазақ болар еді. Сонда кез келген қазақстандықтың рухы, дүниетанымы қазақтанар еді. Қолымнан келсе, осы нәрсені жүзеге асырар едім.