Саят МЕРЕКЕҰЛЫ, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Аға, білесіз бе, құрбы-құрдас ортасында ойнап-күліп жүрген жақсы ғой, бірақ кейде бір уақ адам аға буынның аталық сөзіне деген мұқтаждықты сезінеді екен. Соларды екшей келгенде, осы жолғы тоқтамымыз өзіңіз болып тұрсыз. Ақсақал жасына жетіп қалдыңыз, Алашыңызға өмір мен өнерде көрген-білгеніңіз бойынша қандай бір аталық сөз айтар едіңіз? Бүгінгі біз және біздің соңымыздан ерген буын нені ұмытып, нені елемей, ненің қадірін ұқпай жүрміз?
– Біз соғыстан кейінгі жетіспеушілік заманда дүниеге келген ұрпақпыз ғой, қарағым. Ол кезде ел әлі электр жарығын «Ильич шамы» дейтұғын. Содан бері жүз жыл өтіп үлгерген жоқ, өркениет көз ілеспес шапшаңдықпен дамыды. Әйтпесе біздің көзбен қарағанда шүберек дорба асынып мектеп табалдырығын аттағанымыз күні кеше ғана секілді. Бірақ біздің білімге деген құштарлығымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар, сірә?!. Не жаңалық естісек те елең етіп, «білсем екен», кітапты көзіміз шалды ма, «оқысақ екен» деп құмартып тұратынбыз. Себебі бізде жылт еткен жақсылық, білім, күллі дүние кітапта деген таным-түсінік бар еді. Алпысқа келсем де, әлі күнге есімде, «Батырлар жыры» деген жасыл мұқабалы кітапты майшамның жарығымен оқыған едік. Марқұм әкем мен шешем бізге оқытып, тыңдап жататын. Алдымыздағы қазанның 9-ында менің осы өнер табалдырығын аттағаныма 46 жыл толады екен. Сол жолда мен екі қалада білім алыппын, біріншісі – Жамбыл қаласы, қазіргі Тараз, екіншісі – Кеңес өкіметінің кезіндегі Отанымыздың астанасы Мәскеуде. Сондағы айтайын дегенім, маған өте білімдар адамдар дәріс берді, мен айтар едім, бүгінгі ұстаздар дәл сол кісілердей әр нәрсені жіліктеп шағып, құйқаңды тіліп, миыңа құйғандай түсіндірсе, ондай білімді қабылдамау тіпті мүмкін емес.
Қазір жаныңа не керек, шүкір, бәрі бар, бірақ сатылады. Ал сатылған нәрседе құн қалмайды. Осыдан ұққаным, мәселе жалаңаяқтық немесе киімнің жыртықтығында емес, мәселе дүниенің қазығы – «білсем екен» деген құштарлықта екен ғой. 1991-92 жылдары бір газеттен мақала оқыдым, сонда «Ұлыбританияда колледжде дәріс оқып тұрып бір профессор 7х8=54 депті. Лекциясын бітіріп, үйіне қайтып келе жатқанда әлгісі есіне түсіп, «япыр-ай, мен не дедім жаңа, 7х8=54 дедім ғой, олай емес, 56 ғой?..» деп, өзінің бір саннан кеткен қатесін кешіре алмай, «мен осы жасқа келдім, профессормын демей, қайтадан көбейту кестесін жаттайын, себебі мен әбден техникаға сүйеніп, ойлау жүйем тоқырап қалыпты» деп баспасөзге сұхбат беріпті. Мұндағы бізге үлгі боларлық не нәрсе? Мәселе көбейту кестесін қайта жаттау керек деген сөз емес, тіпті түймедей ғана болса да, адам өзінің қателігіне есеп беріп, соны мойындап және түзей білуі шарт. Сонда ғана қоғамда тәртіп, жауапкершілік, адалдық, өзара жақсы қарым-қатынас орнайды. Әсіресе дәл қазіргі қоғамда адамдар «е, онда тұрған не бар» деп өзінің түйедей қателігін көрмегендей кейіп танытып, онысынан ұялу былай тұрсын, бетіне айтқан адамға қарсы тап беретін болып алды. Басқасы-басқа, саудагердің таразыдан жеп – тұтынушыға, мұғалімнің білімнен мүлт кетіп – шәкіртке, дәрігердің – науқасқа, басшының қызметкерге қылдай қиянат жасауға, оның алдында тіпті титімдей қате жіберуге, ал өнер адамының халқын алдауға қақысы жоқ. Сондай-ақ техникаға сүйеніп, соған ғана сеніп кету де түбі опық жегізеді, бәрібір «артық білім кітапта». Кеше ғана Елбасымыз мектеп оқушыларымен кездесуінде: «Қарақтарым, компьютер мен ғаламтордан алатын да дүниелерің бар, бірақ қажетсіз нәрсені қарағанша, одан да кітап оқыңдар» деп өзінің аталық сөзін айтып жатыр. Кітап оқыған адамның ойлау жүйесі мүлдем бөлек болатыны – дәлелді қажет етпейтін аксиома.
Қазір ұлттық құндылықтың ең бастысы – қазақы намыс тым арзан. Санамызды нарық билеп алғаны соншалық – немқұрайдылық, ақшаға құнығу, күні үшін бәріне де бару деген жиіркенішті құбылыстан аяқ алып жүргісіз болып барады. Қол күшімен жұмыс істейтіндер қатары сирек. Тепсе темір үзетін азаматтар компьютер алдында, ал екі иығына екі кісі мінгескендей жігіттердің таңнан қара кешке дейін, кейбірінің тіпті тәулік бойы күзетте отырғанын көріп, аяп та кетем байғұстарды. Қарекетсіз, қимылсыз отыру да бір – бесікке таңылған бала да бір, қайта бесіктегі сәби бақытты: балбырап ұйықтайды ғой. Адам маңдайы терлеп жұмыс істесе, сол жұмысының нәтижесін көрсе, белгілі бір дәрежеде рақаттанады ғой. Ал қазір қазақ тоқмейілсіп кетті ме, бел жазбай, бейнеттенуге ерініп, одан да біреуді жалдап істеткенді тәуір көреді.
– Дұрыс айтасыз, гастарбайтерлер елімізде неге қаптап кетті дейсіз? Парадокс: өзіміздің жігіттер жұмыс жоқ деп сандалып жүргені, ал мына жақта үй салса, өзбектен ұста жалдап, пәтер ішіндегі ұсақ-түйек шаруалар, айталық, электр мен кәріз ақауларын жөндетуге орыстан маман жалдаймыз, тіпті асымызды өзбек пен түрік жасайды. Қысқасы, жалдау мен алдаудың жүрмейтін жері жоқ. Осыған тоқтау болатын күн бола ма, қалай ойлайсыз?
– Иә, жалдау мен алдау үйреншікті жайтқа айналғандай. Атам қазақ айтқан ғой, «сауда – сақал сипағанша» деп, рас – қол алыстың, бітті, басқасында шаруаң жоқ. Сол сияқты бүгінде бәрі саудаға түсіп кетті. Ешкімнің ешкім үшін жанын ауыртқысы, тіпті бір минут ойлағысы да келмейтіндей, шындап келгенде.
– Аға, шыны керек, әртіс қауымының жөні бөлек, сан қырлы кейіпке еніп, біздің жан дүниемізді бойлап кететіндей Алла сіздерге бір құдірет дарытқан. Өнерге арнаған өміріңіз, расында, өзіңізге рақат сыйлап, опа әперді ме болмаса әрегідік болса да өкінетін кезіңіз бола ма? Жалпы, өзіңіз сомдаған кейіпкерлерді шығаруға кетірген күш-жігер, қаншама уақыт ақталды ма?
– Мен осы қара шаңыраққа 1987 жылы ақпанның 1-і күні ендім. Онда да кіл мықтылардың қатысуымен көркемдік кеңестен өтіп, екінші категориялы актер дәрежесінде бір жылдық сынақ шартымен қабылдандым. Осы 26 жылдан астам уақытта жүзге тарта бейне сомдаппын. Сол бейнелердің төрттен бірі, яғни 25-26-дайы – басты кейіпкерлер. 1992 жылы Сәкен Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген пьесасын осы қара шаңырақты 30 жыл басқарған, Қазақ елін КСРО аумағы тұрмақ, күллі әлемге танытқан біртуар талант иесі, режиссер Әзербайжан Мәмбетов қойды. Мен сонда Мұхтар Әуезовтің бейнесін сомдадым. Оған баға беретін – халық. Артынан Абайдай қазақтың ең биік асқар шыңын берді. Оны маған дейін театрда 25 жыл бойы Мүлік Сүртібаев деген майталман ағамыз ойнаған еді. Содан соң маған Жүсіпбек Аймауытовтай арысымыздың бейнесін жасау бақыты да бұйырды. Жамбыл Жабаевтай суырыпсалма, біртуар тұлғаны тапсырды. Айтайын дегенім, актер үшін мойындалу деген осы емес пе?! Тіпті бұл өзім ойламаған бақыт еді. Сол маған бұйырды. Бірақ солай екен деп мен мақтануым немесе аяғымды алшаң басып, айналамдағыларды менсінбеуім шарт емес, керісінше, соншалық сенімді мені ақтай алады, сондай жүкті көтере алады деп тапсырған жандарға бұрынғыдан да бетер алғыспен қарап, өзіндік бет-бейнемді сақтауым керек. Бұл жолда маған үлгі болған Қапан Бадыров, Камал Қармысовтай ағалар мен Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева сынды аналарым болды. Сәбира апам театрдағы, қала берді, өнердегі өзінің соңынан ерген ұрпақтың ғана емес, бар қазақтың анасы болатын. Ол кісінің аналық жүрегі, аналық мейірімі, аналық кеңдігі – бүкіл қазақтың баласын да, бүкіл қазақтың даласын да құшағына сыйғызып тұратындай еді. Болмаса Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, аристократ Хадиша Бөкеева, шіркін-ай!.. Қай-қайсысының болсын сахнада жасаған бейнелері қандай?!. Неге өкінемін, білесіз бе, сол кісілердің бейнесі толығымен теледидарға жазылып қалмады-ау!.. Осы ой өзегімді өртейді. Жас кезімде даңғырап сөйлейтінім бар-ды, сондайда марқұм Әнуар досым «Әй, Саржал, даңғырамай, одан да тыңда» деп, аға буынның сахнадағы ойынына бағыттайтын да отыратын. Расында, атты баптағандай, сөзді сұлу саптауды біз апа-ағаларымыздан үйрендік қой. Сөйткен ана тіліміздің, қарап тұрсам, қазір құнары қалмай бара жатқандай. Қазақ бола тұра өз тілімізде сөйлемеу бар, одан қалса, кейбір қазақша сөйлейтіндердің өзінің сөзіне құлақ түрсек түсініксіз. Басқасы-басқа, теледидар мен радиодан сөйлейтіндерге не жорық. Ыңыранып, үзіп-созып, қазақша сөйлей алмайтындардың кейпіне еніп отыратын сол ұл-қыздарыма «қалқам, сөйлей алмасаң жай ғана Абайды немесе Жүсіпбекті, Оралхан Бөкейден бір үзік оқып бере салшы» дегім келіп кетеді. Япыр-ай, қазақтың тілінің көркемдігі, құнарлылығы ерекше ғой, қалай ол тілде сөйлемеуге, сөйлегеннен ләззат алмауға болады, осыны түсіндіріңізші маған?!.
– Ақсүйек актерлік өнердің түбіне жететін не өзі?
– Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзінен шығады. Тағы Абай туралы туынды жазған ұлы Мұхаңның Абайдың аузына салып беретін сөзі бар: «Тіршілік – бәсеке жарыс, дүние – бәйге үлестіруші. Өнер жарысын айтамын. Саф алтындай дүние шыншыл таза жүректен ғана туады, бықсық ойдан емес. Мәселе «неге озасың?» деп құйысқаннан алу болмасын, «неге қаламын?» деп өзіңді-өзің қамшылауың болсын». Сонда ғана іріленесің» дейді. Түсінбейтінім, адамды табалау, адамды қаралау, онымен адам қайда барады? Қулық, күншілдік, қызғаныш деген қызыл итті қойшы!.. Актер қауымы халықтың көз алдында жүреді ғой. Актер бір актрисамен, өзара жақсы сөйлесіп тұрса, соны сыпсың сөз қылып не қажеті бар?
– Осы өнер адамының ең әлсіз жері жүрек пе деп қалдым. Күліп-ойнап жүреді, ешкім олардың ауыратынын да білмейді, сөйтеді де, кенеттен жүрегі ұстап кетеді . Бұл осы күншілдердің тарапынан жасалған қызғаныштың кесірі ме?
– Адамды өлтірудің ең оңай жолы не екенін білесің бе, қызым?
– Жоқ, білмеймін...
– Елемеу! Есіңде болсын, қызым, егер біреуді өлтіргің келсе, елемей қой. Оның бар-жоғын білмегендей көзіңе де ілме. Мықты деген адамның өзі ондай қиянатқа шыдамайды. Себебі адам баласы алдына келіп қонған шыбын екеш шыбынға да көз тоқтатып қарайды ғой, оның қасында адам деген аты бар пендені елемеу деген сұмдық емес пе? Әсіресе өнерде жүрген адамды қалай елемеуге болады? Әртістердің көп жағдайда жүректен кететіні, міне, осыдан. Мен сізге сөздің ашығын айттым. Әнуар Боранбаев, Мейірман Нүрекеев, Уәйіс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбековтер бәріміздің қалжыңдасып, сөз қағыстырып жүргеніміз күні кеше ғана сияқты еді... Бүгінде олардың бірі де жоқ. Әрқайсысы қазақтың бір-бір мақтанышы еді, бір-біріне сүйеніп тұрғандай бірі құлап еді, қалғандары іле-шала ілесті де кетті ғой. Қатар құрдасыңнан айырылу, айырылғанда да олардың қатар-қатар бақиға аттануынан өткен қасірет жоқ екен. Күйбең тіршілікпен алданған боласың, бірақ сағынғанда тура кең-байтақ әлемге сыймай кетем кейде. Ер болсам да, еріксіз жанарыма жас толады. Бір тылсым дейміз бе, бәрі де айдың 13 жұлдызында кетіпті: Әнуар 1999 жылдың 13 желтоқсанында, Уәйіс 2002 жылдың 13 тамызында, марқұм Жарқын қыркүйектің 13-інде... Уәйісті жерлеп бола берісімен, ертеңіне «Сардарға» түсуге Көкшетауға кеттім. Келе сала ешқайда соқпай, бірден театрға тартып отырдым. Ойымда түк жоқ, бірден бесінші қабатқа көтерілдім, бөлмелеріміз қатар-қатар еді ғой. Лифтіден түскенде ғана есіме түсті, алдымнан аңқылдап шығар құрдастарымның, ең аяғы тіпті Уәйістің де жоқ екендігі... Маған театр былай тұрсын, күллі ғаламда жан баласы қалмай, қаңырап бос қалғандай болды ғой. Жан дүниемнің қалай құлазығанын сөзбен айтып жеткізе алмаспын, сірә. 507, 508-інші бөлмелердің есігін кезек-кезек ашып-жауып, өзімді-өзім ұстай алмай ағылдым бір... Жапан түзде жалғыз қалу бұдан жеңіл шығар-ау...
– Бір сәт киноға бет бұрсақ, арғысын айтпағанда, соңғы жылдары «Біржан сал», «Бақсы», «Возрождения аралы», «Сардар» сынды қазақтың қадау-қадау туындыларында басты пландағы кейіпкерлерді сомдадыңыз. Өзіңізге берілген рөлдерге көңіліңіз тола ма, яғни режиссерлер сіздің болмысыңызды дәл тани ала ма?
– Қазақтың классик жазушысы, драматург, марқұм Асқар Сүлейменов сахнаға арнап «Қыздай жесір», «Штат қысқарту», «Жетінші палата», «Ақымақ болған басым-ай» сынды біршама туындылар тастап кеткен ұлы суреткер. Біз осыдан 20 шақты жыл бұрын Асекеңе апталық арнадық. Соларды келіп көрген дарынды режиссер Талғат Теменов мені арнайы іздеп келіп, өзінің жаңа фильм түсіргелі жатқанын айтып, маған содан рөл ұсынды. Ол маған киноға түсуге жасалған тұңғыш ұсыныс болатын. Жауабым біреу ғана болды: қалжыңмен «егер объективке бетім сыйса, қанеки» дедім. Сонымен, 1993 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нүкістен гастрольдік сапардан оралған бетіміз, түн жарымда, таң атпай «Саят аға, дайын отырыңыз, бір сағаттан кейін сізді кино түсіру алаңына алып кетеміз» деп Теменовтің көмекшісі Кенжебай Дүйсенбаев қоңырау шалып тұр. Осылайша мені кино әлеміне алғаш алып келген – режиссер Талғат Теменов. Алдымен «Гүлназ», кейін «Махаббат бекеті» деген атауға ие болған фильмде мектеп директорының рөлі маған бұйырды. Сосын Рүстем Әбдіраштың атасының балалық шағы туралы әкесінің жазған поэмасы бойынша түсірген «Қаладан келген қызына» түстім. Шынында, Рүстемнің атасына кескін-кейпім келеді екен.
– Терең ойға бастайтын ұлағатты әңгімеңізге рақмет, аға.
Алашқа айтар датым...
Арқамды аяздай қаритын нәрсе, ең бірінші – шындықтың айтылмайтындығы. Бұл – бір. Екіншіден, Тәуелсіз ел болғанымызға 22 жыл болды, ал тіліміз әлі күнге өз мәртебесінде, өз тұғырында емес. Егер мен депутат болсам, «Біз кімбіз, заңды неге орысша қабылдаймыз? Жоқ, бұлай болмайды. Неге біздің қазақтың заңы алдымен орыс тілінде қабылданып, сосын қазақшаға аударылу тиіс?» деп қатаң талап қойып, қашан сол талап орындалғанша жаным жай таппас еді, өзгелерге де жай таптырмас едім. Содан кейін заң қабылданғанның өзінде, депутаттың астындағы жұмсақ орындығына емес, халыққа пайдасы тисе деймін оның. Одан кейін жаныма тиетін нәрсе – бүгінгі ұрпақтың білімі. Шетелге барып оқып жатқаны дұрыс, бірақ сол кеткен жастың көбі Отанына оралмай, қалып қойып жатқан жоқ па? Неге? Біз осының мәніне үңілдік пе? Себебі өз жерінде қазақты бесінші сортты адам санайды. Сонша жыл шеттен жоғары білім алып келген жас шетелдік фирмаға жұмысқа қабылданғанның өзінде жалақысы 500 доллар, ал дәл сол жұмысты істейтін шетелдік азаматқа одан төрт-бес есе жоғары төлейді. Содан кейін қайдан қайтқысы келсін оның?