Өмірдің өзі ғарыштық құралдарды кеңінен пайдаланбай, жаһандық мәселелерді шешу мүмкін емес екендігін дәлелдеді

Өмірдің өзі ғарыштық құралдарды кеңінен пайдаланбай, жаһандық мәселелерді шешу мүмкін емес екендігін дәлелдеді

Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:

– Мейірбек Молдабекұлы, ғарыш саласы нақ қазіргі технологияның қарыштап дамып келе жатқан заманында үнемі жаңашылдықтармен екшеленіп отыруы тиіс. Биылғы жыл ұлттық ғарыш саласында қандай жаңашылдықтар орын алуда? Қандай ғарыштық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілуде?
– Ғарыш кез келген дамыған мемле­кет­тің экономикасының аса маңызды бағыты болғанымен, санаулы күндерде «көз ілес­пестей» жылдамдықпен өркендеп кететін­дей оңай сала емес. Дегенмен еліміз ғарыш саласын дамытуды кенже қалдырған жоқ. Отандық ғарыш қызметін қалыптастырып, ғарыштық техника мен технологияны дә­йек­ті дамытумен айналысатын уәкілетті орган – Ұлттық ғарыш агенттігінің құрыл­ғанына да, міне, алты жыл болды. Біз осы азғана жылдың ішінде атқарылған шаруа­ларға тоқмейілсіп, қол жеткізген табыс­тар­мен тоқтап қалған жоқпыз. Керісінше, ал­дымызға ғарышты игеру мен пайдалануда әлемдегі ғарыштық державалар қатарына қосыламыз деген өршіл мақсат қоя білдік. Әрине, бұл Елбасының, ел үкіметінің ғарыш саласына үздіксіз көрсетіп отырған зор қолдауының арқасында орын алып отыр. Қазірде біздің ғарыш саласындағы ірі  жо­ба­лардың бірі ғарыш аппараттарын құрас­тыру-сынау кешенін құру болып та­бы­лады. Ол түрлі мақсаттағы ғарыш ап­па­раттарын жобалауға, жинауға және сынау­ға мүмкін­дік береді. Бұл ғылымды қа­жет­сінетін өнді­рісі бар үлкен зауыт болмақ. Зауыт құрамына өндірістік ғимараттан басқа, ғарыш техни­ка­сының арнайы конструкторлық-техно­логиялық бюросы, ғарыш аппараттарының жекелеген компоненттерін жасайтын зерт­хана мен өндірістік учаскелер кіреді. Бұл ретте біздің француздық әріптестеріміз – EADS Astrium компаниясы жерді қашық­тық­тан зондтау ғарыштық жүйесін (ЖҚЗ) құрас­тыруда. Сондай-ақ отандық инженерлердің жұмысын жетілдіруде де олар өздерінің мол тәжірибесін беріп, кәсіптік дағдыларын пысықтауда.
– Өзіңіз сөз етіп отырған ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру арқылы, жерді қашықтан зондтауды жетілдіру арқылы көптеген елдер біршама салаларына септігін тигізіп отыр. Негізінен, аталмыш жобаларды жетілдіру арқылы бірқатар салалардың кем-кетігін бақылап, төтенше жағдайлардың алдын алуға әлеуетіміз жете ме?  
– Жалпы, ғарыш мәліметтерін қолда­нуға негізделген  технологияларды енгізу ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік, геодезия және картог­рафия үшін зор пайдасын тигізеді.
Алғашқы қазақстандық дәлдігі орташа жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін 2013 жылдың күзінде, ал дәлдігі жоғары жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін 2014 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр. Тағы бір басым­ды жобаның бірі – отандық KazSat байланыс және хабар тарату спутниктік жүйесін құру. Аталған жоба республика аумағындағы байланыс және хабар тарату мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік туғызады. 2011 жылдың қарашасында пай­далануға берілген KazSat-2 ғарыш ап­параты қазіргі уақытта қалыпты жұмыс істеп тұр. Бүгінде KazSat-2 ғарыш аппараты­ның жүктемесі  60 пайыздан асты. Спутник­тің ресурсын бүгінде еліміздің тоғыз бай­ланыс операторы пайдаланып отыр. Бұған қоса, KazSat-3 ғарыш аппаратын құру жұ­мыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қа­зіргі уақытта жобалық-техникалық құ­жат­тама әзірленіп, ғарыш аппаратын то­лым­дайтын құралдарды дайындау аяқ­талды. Спутниктерді басқарудың резервтік жерүсті кешенін құру бойынша негізгі құрылыстық-монтаждау жұмыстары аяқ­талу­ға жақын. KazSat-3 спутнигін ұшыру 2014 жылдың бірінші тоқсанына жос­пар­ланған.
– Ал жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі арқылы тұтынушыларға қызмет көрсету жағы қаншалықты ойластырылды? Мұндай қызмет түрін ұйымдастыру ісі қаншалықты жүзеге асуда?
– Бұл келешегі зор әрі аса тиімді жоба екені даусыз. Сондықтан да біз отандық жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құру­ға кірістік. Бұл жобаны жүзеге асыру еліміз­дің аумағында жаһандық навигация спут­никтік жүйесі қызметін тұтынушыларға кепілді және сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде еліміздің бүкіл аумағында базалық стансылар құрылады. Сонымен қатар спутниктік навигациялар технологияларын түрлі салаларға ендіру үшін қолайлы жағдайлар кешенін құру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда құра­мын­да 10 дифференциалды стансы, өңірлік орталық және мобильді дифференциалды стансы бар өңірлік дифференциалдық жүйе іске қосылды. Тәжірибелік-құрастыру жұмыстары шеңберінде дифференциалдық стансылар мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің отандық нұсқасы әзір­лен­ді. Теңіз локальды дифференциалды стансысын, дифференциалды түзету және мониторинг орталығын, дифференциалды стансылар желісін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Болашақта біз Ресеймен бірігіп, әлемде теңдесі жоқ «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салмақпыз. Қазір бұл жобаға көпшілік үміт артып отыр. Сіз бір сөзіңізде «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр» деген едіңіз. Жалпы, жоба­ның қазіргі аяқ алысы қалай?
– Экологиялық таза «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру Қазақс­танның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл жоба арқылы нақты жетістіктерге қол жеткізуге болады. Мәселен, аталмыш жоба көнерген нысандарды жаңарту арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақ­тап қалу, «Байқоңыр» ғарыш айлағын бір­тіндеп Қазақстанға өткізуді қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерді шешуге тікелей ықпал етеді. Қазақстанның эколо­гиялық мәселелерін еңсеруге үлкен көмегін тигізеді. Сонымен қатар «Бәйте­рек» жобасы Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағына нақты енуін және әлемдік коммерциялық ұшыру нарығына кіру мүм­кіндігін, зымыран тасығыштарды әзірлеу және ұшырудың технологиялық операция­ларына тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, жоба құны бастапқы белгіленген бағадан жеті есе қымбаттап кетті. Сондықтан да біз Ресеймен бірлесіп басқа да балама жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастыра бастадық.
– Сонда «Бәйтерек» жобасы енді балама жобаға ауысу арқылы жүзеге аса ма?
– Қазақстан мен Ресей Президенттерінің 2012 жылғы қыркүйекте Павлодар қала­сында және қазан айында Мәскеуде өткен кездесулері кезінде екі ел басшысы «Бәйте­рек» жобасын «Ангара» зымыран тасығы­шынан қолданыстағы «Зенитке» ауыстыру туралы өзара уағдаластыққа қол жеткізді. Нәтижесінде екі тараптың үкіметтері тиісті жұмыспен айналысуға кірісті. «Зенит» зымыран тасығышы «Байқоңыр» ғарыш айлағында 1985 жылдан бері пайдаланы­лып келеді. Оны ұшыруға қажетті техника­лық және старттық кешендер де бар. Де­мек, жоба аясында оған шығын шығарудың қажеті жоқ. «Зенит» зымыран тасығышы техникалық жағынан КСРО-ның соңғы өнімі саналады. Алайда бірқатар сипатта­малары бойынша, «Протон» зымыран тасығышына тең келмейді. Мәселен, егер «Протон» орбитаға 22 тонна жүк апарса, «Зенит» бар-жоғы 14 тонна жүк жеткізе алады. Бірақ бұл зымыран экологиялық тұрғыдан таза болып табылады және ша­ғын спутниктердің көптеп шыға бастауына байланысты қазірдің өзінде ғарыштық ұшырулар нарығында өз жөнін тапты деуге негіз бар. Мысалға, өзіміздің KazSat 1600 келіні құрайды және ол да «Зенит» арқылы ғарышқа шығарылды. Сонымен қатар «Зениттің» жүк көтеру әлеуетін «Про­тон» зымыран тасығышының көрсеткішіне дейін жеткізуге мүмкіндік бар. «Зенитті» техника­лық жаңғырту арқылы одан ауыр салмақ­тағы зымыран тасығыш жасауға әбден болады. Бір сөзбен айтқанда, «Зенит» зымыран тасығышы «Протонды» алмасты­ра алады. Бұл біздің басты мақсат – «Бәйтерек» жобасының аясында зымы­ран отынының жоғары уытты компонент­терін пайдаланатын ауыр класты «Протон» зымыран тасығышын экологиялық қауіпсіз «Зенитпен» алмастыруға қол жеткіземіз. Осы жылғы наурыз айының соңында өткен «Байқоңыр» кешені бойынша, Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының оты­ры­сында «Зенит» зымыран тасығышына кезең-кезеңмен көшу тетіктерін пысықтап, нақты іс-шаралар жоспарын құру келісілген болатын.
– Қазір Ресей «Восточный» деп аталатын жаңа ғарыш айлағын сала бастады. «Байқоңырды» 2050 жылға дейін жалға алған ресейлік­терге жаңа ғарыш айлағын салу не үшін қажет болды? Бұдан соң Ресей Байқоңырды бізге мерзімінен бұрын басыбайлы өткізіп беруі мүмкін бе?
– Негізінде,  Ресей тарапының мұндай шешім қабылдауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, кез келген мемлекет үшін өзінің жеке ғарыш айлағының болуы аса қажет­тілік. Өйткені, өзіңіз ойлаңызшы, кез келген мемлекеттің өзінің жеке ғарыш айлағы болғаны дұрыс па, әлде басқа мемлекетке қыруар ақша төлеп, жалдаған дұрыс па? Сондықтан әр мемлекет өзіне тиімді жолдарды іздейді. Бұл – бір. Екіншіден, кезінде Қиыр Шығыс дамымай қалды. Сондықтан да болар, ол өлкеде жаңа ғарыш айлағын салу көптеген жергілікті мәселе­лер­ді шешуге мүмкіндік береді және ха­лық­тың жаппай сол өңірден көшуін тоқта­тады. Егер Ресей осы Қиыр Шығыста ғарыш айлағын салар болса, бірқатар мамандарға өзіндік жұмыс орны да табылады. Мұндай­да халықтың тұрмысы да жақсара түспек. Үшіншіден, шамамен 10 жылдан соң «Бай­қоңыр» ғарыш айлағының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі туындайды. Осы кезде «Қаражатты мате­риал­дық-техникалық базаны жаңартуға жұмсаған дұрыс па, әлде жаңа ғарыш айлағын салуға жұмсаған дұрыс па?» деген сұрақ туындайтыны рас. Егер Ресей 2020 жылға дейін аталған жаңа ғарыш айлағын салып бітірсе, онда олар біртіндеп «Байқо­ңыр» ғарыш айлағын жалға алудан бас тартатыны анық.
– Отандық ғалымдар «Байқо­ңырды» ресейліктерсіз жетілдіре алмаймыз» деседі. Жалпы, бұл салада маман тапшылығы, кадр жетіспеушілігі мәселесі қалай шешілуде?
– Жалпы, біз ешқашан «аспаннан айды аламыз» деп қалың қиялға берілген жоқпыз. Бірақ «қолымыздан келмейді» деп те қол қусырып отырмадық. Өзіміздің ғарыш саласындағы нақты мүмкіндіктері­мізді екшелеп, алға мақсат қоя білдік. Ол мақсат ғарыш қызметін құру үшін еліміздің қолында бар алғышарттарға және Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту міндеттерінен туындайтын эконо­ми­каның сұранысына негізделген. Ал оған еліміздің жоғары ғылыми әлеуеті мен әлемдегі ең ірі әрі белсенді «Байқоңыр» ғарыш айлағын иеленуіміздің өзі алғышарт бола алады. Бұл – біздің басты бәсекелестік артықшылығымыз. Сондай-ақ экономика­ның барлық салаларының ішінде ғылымды ең көп қажетсінетін және өте жоғары тех­нологиялық сала болып табылатын ғарыш қызметін құрудың ел экономикасы үшін пайдасы ұшан-теңіз. Ғарыш саласы жоғары технологияларды дамытудың локомотиві екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Осы орайда «Қазғарыш» ғарышты игерудің маңызын жете түсіне отырып, өз маман­да­рын тәрбиелеу ісін қолға алды. 2010 жылы біз ғарыш саласына қатысты мамандықтар тізімін белгілеп, Білім және ғылым министр­лігіне тапсырыс бердік. Бүгінде еліміздің бірқатар маңдайалды жоғары оқу орындары ғарыш мамандарын оқытып жатыр. Сондай-ақ ғарыш саласының ма­ман­дары «Болашақ» бағдарламасының аясында шетелдерде де даярлануда. Тіпті олардың алдыңғы легі білімдерін жетілді­ріп елге оралды, алды қызметке араласып та кетті.
– Қазір технологияның күшін пайдалану заманы. Дүниежүзі елдері бүгінде ғарыштың барлық мүмкіндіктерін кәдеге асыруда. Осы орайда, біз басқа елдерден не үйреніп, кімнен үлгі аламыз?
– Қазіргі таңда ғарыш қызметі, байла­ныс, геология, ауыл шаруашылығы, қор­ша­ған ортаны қорғау, қорғаныс және қауіп­сіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және де мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Дүниежүзіндегі ғарыш қызметі оның ғылы­ми-өндірістік базасы жаһандық эконо­миканы дамытудың әмбебап заңдылық­тары мен үрдістеріне бағынатын, табиғи қызмет атқаратын сала болып қалыптасты. Өмірдің өзі ғарыштық құралдарды кеңінен пайдаланбай, жаһандық мәселелерді шешу мүмкін емес екендігін дәлелдеді. Әлемдік тәжірибе жоғары технологиялық индустрияның негіздерін құрудың тиімді жолдарының бірі – ғарыш қызметін дамы­ту, елдің ғарыштық бағдарламасын іске асыру және ғарыш технологияларын өнер­кәсіптік өндіріске енгізу болып табылаты­нын көрсетті. Сондықтан да адамзаттың ғарышты зерттеуі, игеруі өте маңызды. Дү­ниежүзінің жетекші елдерінің экономика­сында ғылымды қажетсінетін, ресурстарды сақтайтын технологиялар мен өндірістер рөлін арттыру үрдісі байқалып отыр. Біздің еліміздің де ілгері дамуы үшін ғарыш саласының стратегиялық мәні аса жоғары. Сондықтан ғарыш саласын дамытуда өзге­лерден үйренгенімізден үйренеріміз әлі көп.
– Жалпы, сіз қазақ ғарышының даму кезеңі деп қай тұсты болжар едіңіз? Осы жөнінде өзіндік пікі­рі­ңіз­ді білдіре кетсеңіз.
– Әлемдегі ғарыш державаларының қатарына Ресей, АҚШ, Франция, Украина, Қытай, Үндістан, Жапония және Израиль сияқты алпауыт елдер кіреді. Бұл елдер әлемдік экономикалық дағдарысқа қара­мас­тан, ғарыштық бағдарламаларды одан әрі дамытуға қыруар қаражат бөліп, өзде­рінің ғарыш саласындағы елеулі орнын иеленуде. Яғни бұл ғарыш саласына жұм­са­латын қаражаттың бірнеше есе артық қайтарымы болатынын дәлелдесе керек. Олай болса, біз де еліміздің индуст­риялық-инновациялық даму стратегиясы­ның жүзе­ге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, маңызды жобалар­дың іске асуына және әлемдік ғылыми-техникалық кеңістікке енуге жол ашатын толыққанды отандық ғарыш саласын жа­сауы­мыз қажет. Осы мақсатты көздей оты­рып, «Қазғарыш» агенттігі шетелдер­мен, халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Нәтижесінде ғарыш саласын игеру аясын­да көптеген меморандумдар мен келіссөз­дерге қол қойылды. Бүгінгі таңда ғарыш қызметі саласындағы стратегиялық әріп­тес­термен (Ресей, Франция) және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пай­далану саласындағы әлемдік көшбасшы­лар­мен халықаралық ынтымақтастықты орнатып, дамуды жолға қойдық. Бұл елімізге ғарыш саласын құру мен ғарыш ғылымындағы жетістіктерді, экономиканы дамыту мүддесіндегі техника мен техноло­гияларды пайдалану бойынша міндеттерді барынша тез және тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан таяу бола­шақ­та қазақ ғарышының да өзіндік брендке айналатынына сенуіміз керек деп ойлай­мын.

Алашқа айтар датым...
Мені қарапайым қазақ азаматы ретінде толғандыратын дүние – біріншіден, тіл мәселесі. Тілімізді сақтап, дамытпай біз ел бола алмаймыз. Бұл мәселенің шешу жолдарының ең бастысы – мектеп оқушылары үшін сапалы оқулықтар дайындап, мұғалімдердің деңгейін, оқу сапасын халықаралық деңгейге көтеру керек. Онсыз қазіргі жастар балаларын қазақ мектебіне бергісі келмейді, демек, қазақ тілі дамымайды деген сөз.
Екіншіден, біздің елдің технологиялық тәуелсіздігі толғандырады. Өйткені еліміз толыққанды Тәуелсіз ел болуы үшін саяси және экономикалық тәуелсіздік жеткіліксіз деп ойлаймын. Себебі технологиялық тәуелділік ақыр соңында экономикалық тәуелділікке, ал экономикалық тәуелділік саяси тәуелділікке елді әкеліп тірейді. Сондықтан біздің жастар қазіргі заманауи технологияларға байланысты мамандықтарды меңгерсе, дүниежүзілік деңгейде техника мен технологияны жасап пайдалана алса деген арманым бар. Сонда біз толық Тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста