Офтальмология саласында маман тапшылығы айқын сезілуде
Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Елімізде көз ауруларының саны жылдан-жылға артып келеді. Тіпті егде тартқан адамды қойып, жасөспірімдеріміздің де көз жанары әлсіреуде. Бұған басты себеп не?
– Жастардың арасында көз ауруларының өсу себебі қазіргі технологияның дамуына тікелей байланысты. Компьютерлендірілген бағдарламалар, интернет, аз қимылдау себептерінен жасөспірімдердің арасында рефракция ауытқулары, «құрғақ көз», «қызыл көз» синдромдары жиі кездесетін болды. Сондай-ақ ішімдік пен темекі де адамның көз жанарының әлсіреуіне әкеліп соғуда. Өйткені ішімдік ішу, темекі тарту тор қабық пен көру нервісінің улануына әкеледі. Сонымен қатар бұрын елімізде жас ерекшелігі макулярлы дегенерация (ЖМД) ауруымен 1 пайыз адам ауырса, бүгінде ол 10-12 пайызға шығып отыр. Бұл ауру көз жанарынан айырылуға әкеліп соғатынын ескерсек, қазірден бастап дер кезінде анықтауға баса назар аудару қажет. Макулярлы дегенерация ауруы көз көрудің күрделі әрі қайта емделмейтін бұзылыстарына әсер ететін басты себеп болып табылады. Бұл тек бізде емес, дамыған елдерде де өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, Еуропада халықтың 12 миллионы, 70-тен асқан әрбір бесінші адам осы аурудан зардап шегуде. Ресейде жас ерекшелік макулярлы дегенерация ауруы бойынша 1000 адамға шаққанда 15 жағдай тіркелуде. Ал біздің институтқа 2009 жылы келген адамдардың 5,6 пайызында ЖМД ауруы тіркелді. Бастапқы кезеңдерде аурудың дамуы ешқандай айқын көрініс таппай өтетіндіктен, ЖМД-ны дер кезінде анықтау аса маңызды. Кеш анықталған уақытта көз торында қалыптан тыс тамырлардың жаңадан түзілуі байқалады, ал ол ісіну, қан құйылу және көз көруінің едәуір төмендеуіне әкеледі. Сондықтан жүрекке аса мән беретіндей, көзге де баса назар аудару қажет. Кез келген адам жылына бір рет болса да офтальмологтің қабылдауында болып, дәрілерді тек дәрігерлік кеңестен кейін ғана қолдануы керек.
– Көз аурулары тұқым қуалай ма?
– Әрине. Көз ауруларының 15-25 пайызында тұқым қуалайтын бейімділік байқалады. Оларға рефракция ауытқулары, туа біткен катаракта, глаукома, тор қабығының пигментті абиотрофиясы жатады. Глаукома – көз ауруының ең асқынған түрі, қазақы тілмен жеткізсек, жанардың мүлде семуі – суқараңғылық. Глаукома тұқым да қуалайды. Демек, ата тегінде көз науқасынан зардап көргендер болса, онда олар міндетті түрде дәрігерге тұрақты қаралып отырғаны жөн.
– Жалпы, көзі тіптен көрмейтін, ауруы асқынып кеткен науқасты емдеп жазуға бола ма? Жылына неше адам қабылдай аласыздар? Олардың нешесі ауруынан айықты?
– Біздің кеңес беру бөлімшесі арқылы жылына 25 000 науқас өткізіледі. Институт көлемінде жылына жоғарғы мамандандырылған көмекті 5000 науқас алады. Олардың 50%-ы – жалғыз көзді асқынған ауыр патологиялы науқастар. Жылына институтта 6000-ға жуық операция жасалынады.
– Көз ауруына шалдыққандарға ота жасаудың өзі өте қымбат тұрады екен. Шамамен 2 мың доллар дейді білетіндер. Мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Осыны ретке келтіру үшін Үкімет тарапынан қандай шаралар іске асырылуы керек деп ойлайсыз?
– Осындай баға жекеменшік клиникаларда кездеседі. 2010 жылдан бастап республикада Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілген. Портал бойынша арнайы код алынса, Қазақстан Республикасының кез келген азаматына біздің институтымызда офтальмологиялық көмек тегін көрсетіледі. 2010 жылдың шеңберінде институтта 5007 адам ем алған. Өткен жылдан бастап институтта күндізгі стационар бөлімі жұмыс істей бастады. Онда Алматы қаласының 1025 тұрғыны тегін ем алды.
– Естуімізше, елімізде көздің протезін жасайтын маман біреу-ақ екен. Ал протезге қатысты материалдар Ресейден әкелінетін көрінеді. Неге осы протез жасайтын мамандарды көбейтуді қолға алмасқа? Мұны жолға қою үшін не істеу керек?
– Елімізде шыны көз протезін жасайтын суретші – шыны үрлеуші маман біреу ғана, қалғандары протезді пластиктен жасайды. Алайда пластик протездері аллергиялық реакция сияқты кері әсерлерін беруі мүмкін, ал шыны протездері ондай реакция бермейді. Сондықтан ол адам ағзасына жайлы болады. Өкінішке қарай, елімізде көзге протез жасауды үйрететін оқу орындары жоқ. Протезист, оптометристерді дайындайтын кәсіптік техникалық орталығын ашу үшін біз арнайы бағдарламалар мен тиісті құжаттарды дайындау үстіндеміз.
– Таяуда сіздер Оңтүстік Қазақстан облысына барып, көз аурулары бар науқастарға тегін емдеу шараларын ұйымдастырдыңыздар. Мұндай игі шара жалғасын таба ма?
– Көздерін емдеуге мүмкіндігі жоқ науқастарға көмек қолын созуды Оңтүстік Қазақстан облысынан бастадық. Өйткені бұл облыста 2,5 миллионға жуық адам тұрады. Халық саны көп болғандықтан, мұнда көз ауруына шалдыққан науқастар саны да өзге облыстарға қарағанда басым. Біздің мамандар диабеттік ретинопатиямен, тор қабаты патологиясымен және жоғары сатыдағы миопиямен ауыратындарға 20-25 лазерлік ота, ал катаракта және суқараңғы ауруларына 15-20 ота жасады. Онымен қоса, қазіргі уақытта қашықтықтан кеңес беру (телемедицина) жүйесі дамып келе жатыр. Телемедицина жабдықтары еліміздің барлық облыс орталықтарында орналасқан, осы жүйе бойынша мамандандырылған кеңес беру мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар мамандандырылған «Денсаулық» пойызына, «Асар-Береке» қоғамдық қорының жылжымалы ауруханасына мүше болып қатысып, анықтау және емдік шаралар өткізу жоспарымызда бар. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты балалар мен қарттар үйіндегі замандастарымыздың көздерін тексеруді жоспарлап отырмыз.
– Тиімді жұмыс атқару үшін озық үлгідегі медициналық қондырғылардың маңыздылығы ерекше екені белгілі. Осы орайда институтты медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі шешімін тапқан ба?
– Соңғы жылдары диагностикалық мүмкіндіктер анағұрлым кеңейді. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында ультрадыбыстық биомикроскопиясы, көздің алдыңғы кесіндісінде Visante оптикалық когерентті томографиясы, HRT ретинотомографиясы, тор қабықтың оптикалық когерентті томографиясы, көз түбінің флюоресцентті ангиографиясы жасалады. Хирургиялық көмек көрсету үшін институт катаракта, глаукомаға қарсы операциялар, витреоретиналды оталар жасау үшін заманауи қондырғылармен, офтальмологиялық лазерлермен жабдықталған.
– Заманауи аппараттармен жабдықталу бар да, ал оны қолдана алатын мамандардың болуы – мүлдем бөлек әңгіме. Осы ретте кейбір жерде маманның жоқтығынан жабдықтардың шаң басып қалып жатқаны жайлы айтылып жүр. Осындай жағдай сіздерде жоқ па?
– Мұндай жағдай біздің институтта жоқ. 2004 жылы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында хайуанаттар көздеріне жаттықтыратын шынайы хирургиялық операцияларын жасауға мүмкіндік беретін WETLAB операциялы-жаттықтығу орталығы ашылды. Демек, бұл – дәрігерлердің тәжірибе жинауы үшін таптырмайтын қондырғы. Өйткені дәрігерлер хайуанаттардың көзін емдеу арқылы үйрене алады. Мұндай орталық еліміз бойынша тек біздің институтта ғана бар. Облыстардан білімін жетілдіруге келген дәрігерлер осы қондырғы арқылы операция жасауды үйренеді. Кейін өз ауруханаларында науқастардың көзіне ота жасай алатын болады. Сондай-ақ біздің хирург мамандар аймақтарға барып, науқастарға операция жасап, оны арнайы камераға түсіріп, үлкен конференция залдарында облыстық дәрігерлерге қалай ота жасау керектігін көрсетеді. Мұны медицина тілімен «жанды хирургия» деп атайды. Демек, институт мамандары «жанды хирургия» сеанстарын жүйелі түрде өткізіп тұрады. 2010 жылы осындай мастер-класс Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтті.
– Институттағы жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін оларды шетелге оқуға жібересіздер ме? Жалпы, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасудағы байланыстарыңыз қалай?
– Көз аурулары ҒЗИ негізінде дүниежүзіне танымал ғалымдардың қатысуымен аймақтық офтальмологтер үшін үнемі мастер-кластар, тренингтер, интерактивті мектептер, семинарлар жүргізіледі. Институт қызметкерлері шетелдерде (Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Австрия) білімдерін жетілдіріп тұрады.
– Институт қабырғасында соңғы жылдары офтальмология саласы бойынша қандай жаңалықтар ашылды? Яғни ғылыми-зерттеу орталығы ретінде емдеудің қандай өзіндік жаңа тәсілдерін қолданып жатырсыздар?
– Қазақ «Құрмет белгісі» орденді көз аурулары ғылыми зерттеу институты қазіргі кездегі еліміздің офтальмологиялық қызметтерінің бағыттаушысы болып табылады. Институтта 11 ғылым докторы және 27 медицина ғылымының кандидаты, 35 жоғары дәрежелі дәрігер жұмыс істейді. Үздіксіз ғылыми жұмыстардың нәтижесінде институт 170-тен астам авторлық куәліктер, екі еуразиялық және екі халықаралық патенттер алды. Әлемдегі биік технологияның барын институтта қолдана отырып, өзіміздің де жаңа тәсілдерімізді (нанотехнология, бастауыш және фетальді клеткалардың имплантациясы) енгізіп отырмыз. Институтта кең көлемде көптеген хирургиялық жәрдем жүргізіледі, оның ішінде: катарактаның факоэмульсификациясы, глаукомаға қарсы операциялар, витреоретиналды оталар, лазерлік хирургия, бастауыш және фетальді клеткалардың имплантациясы, эксимерлазерлік оталар, кератопластика, көру мүшелерінің әртүрлі жарақаттардан кейінгі реконструктивті хирургиялық операциялар жасалады.
– Республикамызда сіздер секілді жоғары мамандандырылған көмек көрсететін орталық екеу-ақ. Оның бірі Астанада болса, екіншісі – Алматыда. Ауылда тұратындардың көпшілігінің үлкен қалаға келіп емделуге мүмкіндігі жоқ, оның үстіне, бұл жаққа жолдама алу да қиын. Мүмкін көз ауруымен ауыратындардың санын азайту үшін облыс орталықтарынан да арнайы бөлімшелер ашу керек шығар?
– 2010 жылы Астана қаласында Қазақ көз аурулары ҒЗИ-ның филиалы ашылды. Бұл – Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы тұрғындарға қызмет көрсетуге үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта өзге қалаларда да мұндай мекемелерді құру жоспарда бар. Осының арқасында нашар көретін және зағип жандардың саны азая түседі деген үміттеміз. Шынында да, көз ауруына шалдыққандар саны тек қалада емес, ауылдарда да өсіп келеді. Бұл – жеке адамның ғана қайғысы емес, мемлекет үшін де үлкен әлеуметтік-экономикалық шығын. Өйткені бұл аурумен адамдар ең бір белсеніп жұмыс істейтін шағында ауырады. Әрине, еліміздің барлық емханаларында офтальмология кабинеттері, стационарлық бөлімшелері, сонымен қатар облыс орталықтарында көз аурулары ауруханалары бар ғой, бірақ сапалары жақсарса, құба-құп болар еді. Егер уақытында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар және жоғарғы дәрежедегі емдеу жұмыстары өз деңгейінде болса, бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен болар едік. Себебі жергілікті жердегі саланы ұйымдастыру, мамандандырылған технологиялық көмек көрсету, мамандарды орналастыру алдыңғы шептегі жұмыстың сапасын көтереді.
– Жалпы, еліміз бойынша офтальмология саласы білікті мамандарға зәру ме? Әсіресе жастар арасында осы салаға қызығушылық танытатындары бар ма?
– Офтальмологиялық білікті мамандардың жетіспеушілігі өткір мәселе болып отыр. Қазақстанда 1000 офтальмолог жұмыс істейді. Республикадағы 160 аудандық ауруханаларда стандартқа сай 800 дәрігер қызмет жасауы керек болса, олардың саны қазір 110 маманмен шектеліп отыр. Оның үстіне, балалар офтальмологтерінің тапшылығы да өте айқын сезілуде. Елімізде 167 балалар дәрігері болса, олардың елді мекендерде тек алтауы ғана қызмет етеді. Ал жергілікті жерлерде мамандар жетіспейді дегеніміз — біздің науқастар ауруларын асқындырып, жанарларынан айырылып, соқыр болғанда алдымызға келеді деген сөз. Ал жастардың арасында бұл салаға қызығушылық танытатындары баршылық, бірақ олардың сол қызығушылығын жалақының аздығы су сепкендей басып отыр. Қазіргі жастар аз айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Соның салдарынан олар бизнеске т.б. түрлі салаларға кетіп жатыр. Сондықтан осы салаға жастардың қызығушылығын арттыру үшін олардың әлеуметтік жағдайын көтерудің амалдарын қарастырғанымыз жөн.
– Балалар офтальмологтерінің жетіспеушілігін қалай шешуге болады? Жылына осы салада қанша маман даярланады?
– Елімізде балалар офтальмологі өте аз. Әлгінде айтқанымдай, еліміз бойынша 167 балалар дәрігерінің тек алтауы ғана аймақтарда жүр. Резидентурада болашақ офтальмологтер дайындығын және аймақ дәрігерлерінің біліктілігін көтеруді жыл сайын жүргізіп келеміз. Бірақ маман тапшылығының басты себептерінің бірі жалақының аздығы мен әлеуметтік жағдайдың төмендігінен болып отыр. Биылғы жылдан бастап еліміздің аймақтарынан арнаулы резидентураға берілетін орындар көбейеді, оқуын бітіргеннен кейін дәрігер міндетті түрде кем дегенде үш жыл сол аймақта жұмыс істеуі керек.
– Республика мектептерінде көз дәрігерлері кабинетін ашу керек дегенге қалай қарайсыз?
– Көз ауруларының асқынуына республика мектептерінде көз дәрігері кабинеттерінің жоқтығы да себеп болып отыр. Бүгінде республика мектептерінің 30 пайыздан астамы ғана арнайы кабинетпен жабдықталған. Ал қалғандарында тек медпункт жұмыс жасайды. Мектепті тамамдар алдында әскери комиссияда жарамсыз деп табылатындардың басым бөлігінің көз ауруымен байланысты екенін ескерсек, бұл – шұғыл шешімді талап ететін мәселе. Бала жастан күтім көрмеген көз жас ұлғая келе тез сөне береді. Оның өзін де «ересек адамдар көзәйнек киюі керек» деп жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар. Науқастардың көбі көзінің көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде бір-ақ келеді. Тіпті бір көзі мүлдем көрмей қалғанда ғана жететіндер де бар. Бұл дерттің жаманы — білдірмей, бірте-бірте асқынады. Бүгінде «жақыннан көру» қалыпты жағдай секілді санаға сіңіп қалды. Оған халықтың көбі мән бермейді. Бірақ көздің көру өткірлігі кеміп, көзәйнек қалыңдай берсе, көпке ұзатпай дәрігерге бару керек. Өйткені ол — глаукоманың айқын белгілерінің бірі. Бастың ауруы да көз сырқатының бір белгісі болып табылады. Одан бөлек қан қысымы жоғары жандар да абай болғаны жөн. Қан қысымы көз қысымын тудырады. Оған мән беріп, дер кезінде емдемесе, түбі зағиптыққа соқтырады. 2008 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен қосылып №120 бұйрық шығарды. Осы бұйрық бойынша еліміздің мектептерінде жыл сайын балалар мен жасөспірімдердің көздерін тексеруге арналған онкүндіктер өтіп тұрады.
– Мектептерде көзі нашар көретін балаларды тақтаға жақын отырғызу керек екендігі ескерілмей келеді. Осы тұрғыда сіздер мектептердегі фельдшер мамандарға «көзі нашар көретіндерді алдыңғы қатарға отырғызу керек» деп арнайы нұсқау бермейсіздер ме? Жалпы, мектептермен байланыстарыңыз қалай?
– Әрбір жергілікті балалар офтальмологі жыл сайын мектептерде алдын алу бақылауын өткізіп тұрады. Егер мектеп оқушысын көзі нашар көретіндіктен алдыңғы қатарға отырғызу керек болса, дәрігер анықтамасында арнайы нұсқау береді. Егер баланың көру мүмкіндігі 0,1-ден төмен болса, оқушы көзі нашар көретін балаларға арналған мектепте оқуға тиіс.
– Еліміздің дәрігерлері дәрменсіздік танытатын кейбір ауру түрлері бойынша науқастарды шетелдерге емдеуге жібереміз. Көз ауруларына байланысты осындай мәселе бар ма?
– Қазіргі күнде Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің жоғарғы дәрежесінің, заманауи қоңдырғылармен жабдықталуының арқасында барлық көз ауруларын өз қабырғасында емдей алатын мүмкіндігі бар.
– Көз ауруына байланысты мүгедектікке шығуда проблемалар өте көп. Анаған жібереді, мынаған жібереді, толып жатқан құжаттарды толтыру үшін қаншама есіктің алдын сабылтасың. Жалпы, көз ауруына байланысты мүгедектікке шығу қалай жолға қойылған? Оны тиімді ету үшін не істеу керек?
– Қазақстан Республикасында қазіргі уақытта 20 000-нан астам көзден мүгедектер тұрады. Мүгедектіктің негізгі себептері рефракция ауытқулары, глаукома, катаракта, қан тамырларының офтальмопатологиясы болып табылады. Қазіргі заң бойынша Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында науқастар тек қана көз жағдайы туралы анықтама ала алады, ал мүгедектікке шығу керектігін тек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайтын жергілікті медицина-әлеуметтік сараптау комиссиясы шешеді.
Алашқа айтар датым...
Офтальмология саласын дамыту үшін маман тапшылығын жою керек. Мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдай жақсарса, жас маман ірі қалаларда, жекеменшік клиникаларда қалмай, еліміздің ауылды аймақтарына да барар еді. Сондай-ақ шала туған нәрестелердің де болашағы мені қатты толғандырып отыр. Себебі олардың реабилитациясы үшін диагностика мен ем көрсететін арнайы орталықтар қажет.