Наурыздың терең дүниетанымдық, ұлттық мәні бар мереке екенін ұғынатын кез жетті
Молдабек Жанболатұлы, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі, этнограф:
– Сіздің Кеңес үкіметі кезінде Семей өңірінің бірнеше ауданында басшылық қызметтерде болғаныңызды білеміз. Негізінен, руханият саласына жетекшілік еттіңіз. «Саптыаяқтан ас беріп, сабына қарауыл қойған» кер заманның қиындықтарына қарамастан, ұлттық өнер, халықтың салт-дәстүрін жаңғырту жолында үлкен істер атқардыңыз. Әңгімеміздің әлқиссасын осы тұрғыдан өрбітсек...
– Біз бір әке-шешеден алтаумыз. Оны айтып тұрғаным, бәріміздің бойымызда өнерге деген Алланың берген дарын-қабілеті бар. Мысалы, ағатайым Ордабек КСРО-ға еңбегі сіңген геодезист, топограф еді. Мен кейінірек қаламгерлікке бет бұрдым. Өзімнен кейінгі інім Мейрамбек аудандық партия комитетінің хатшысы болды, аудандық газетті басқарды. «Домбыра», «Сағындым Сарыарқаны», «Сағыныш» секілді 60-тан астам әннің авторы, Қазақстанға еңбегі сіңген журналист атанды. Одан кейінгі інім – Болатбек суретші, сазгер, режиссер, әнші. Қарындасымыз Еркеш қолы шебер, өзі әнші. Республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты. Одан кейінгі кіші ініміз Мұратбек – мүсінші. Семейдегі мүсіннің дені соның қолынан шыққан. Қысқасы, біздің қанымызда өнерге деген жақындық, негіз бар. Бұл – ішкі қуат. Ішкі қуат сыртқа шықпай қоймайды. Мұны не үшін айтып отырмын? Өйткені қанында бар қасиет, көзін ашып көргені, түйгені, ұққаны, білгені сол болғандықтан, соған бейім тұрады. Мысалы, мен өзім табиғатымда суретші болуым керек еді. Өйткені мектеп бітіргеннен кейін педучилищеде оқып жүргенде көрмелерге жиі қатысатынмын. Бір күні директор шақырды. Директорге шақыру деген – біз үшін мәртебе. Бірақ не болып қалды, не жаздым деп ойладым іштей. Келдім. Келсем, директордың кабинетінде бөгде екі адам отыр екен. Директор: «Біздің суретші баламыз – осы», – деп мені таныстырып жатыр. Сасқалақтап тұрып аты-жөндерін есіме сақтамаппын. «Көрмеге қатысыпсың. Жүлделі орын алыпсың. Сені Алматыға оқуға шақырып отырмыз», – деді. Ол оқу орны қазіргі Кәкімжан Наурызбаев атындағы көркемсурет училищесінің жаңа құрылған кезі болуы керек. Соған таңдау жасап жатыр екен. Шынымды айтсам, барғым-ақ келді. Бірақ шешеммен ақылдасу керек. Ауылға телефон соқтым. Анам бірден қарсылық білдірді. «Сені оқуын бітіріп келеді, мұғалім болады. Бізді асырайды, інілеріне пана болады деп отырмыз. Суретші деген не мамандық?! Бармайсың», – деді. Болды. Ертеңінде әлгі кісілерге бармайтынымды айттым. Егер мен ол оқуға түсіп кетсем, жазушы да емес, басшы да емес, суретші болуым мүмкін еді. Одан кейін педучилищені бітіріп, ауылға бардым. Музыкадан хабарым бар. Сурет саламын. Сызудан сабақ бердім. Физикадан да құр алақан емеспін. Сөйтіп жүргенде «мына кісі өнерпаз адам екен» деп, комсомолға жұмысқа шақырды. Екінші хатшы болдым. Ұмытпасам, 1961 жылы. Біздің жұмыс қандай? Жастарды ұйымдастырып, концерт қоямыз, кеш өткіземіз. Осындай қат-қабат жұмыстарды атқарудан қол тимей жүргенде «мәдениет, руханият жағын жақсы біледі екенсіз» деп, аудандық мәдениет бөліміне бастық қылып қойды. Қысқасы, барлық өнерді тастап, ұйымдастырушы болып кеттім. Тоғыз жыл салынбай қалған Мәдениет үйі бар екен. Әлгі ғимаратты салуымыз керек болды. Жалғыз адамның қолынан келетін шаруа емес, мәдениет бөлімінің барлық жастарын жұмылдырдым. Құрылыс аяқталды. «Қарагөзбен» сахнаны аштық. Бір күні прокуратура шақырады. Ойымда ештеңе жоқ. Алып-ұшып жетіп бардым. «Сен бәленбай «нарушение» жасапсың. Барлық материалды қаладан спецмашинамен тасығансың. Қызметкерлеріңе жұмыс уақытында қара жұмыс істетіпсің», – деді. Содан не керек, ешқандай жазығым болмаса да, нағашыларым бір сиырын сатып, қаржылық заң бұзушылықтарды жауып аман қалдым. Бірақ бір нәрсеге көзім жетті. Мен мәдениет ісін ұйымдастыруға төселген қызметкер екенмін.
– Абай ауданында құрылған атақты «Абай» халық театрын, «Қаламқас» ансамблінің негізін салушылардың бірі өзіңіз екеніңізді білеміз. Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз...
– 1917 жылы Шыңғыстаудың Ойқұдық деген жерінде тіркелініп тігілген қазақ үйде «Еңлік-Кебек» спектаклінің қойылғаны белгілі. Ол кезде көп адам хат танымайды. Мұхтар Әуезов өзі суфлер, өзі режиссер болған. Спектакльде екі әйел адамның рөлі болған. Бірақ сол рөлде ойнайтын әйел заты табылмағаннан кейін Еңлік болып Ахмет Әуезов ойнаған. Мұхтардың туған ағасы. Тағы біреуінде ұлы Абайдың Жағыпар деген немересі ойнаған. «Бұл қазақ сахнасының алғашқысы еді» деп баға береді әйгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев. Бір қызығы, 1940 жылы ер-азаматтың бәрі майданға аттанғанда аудандағы театрда Алпамыс, Қобыланды, Төлеген спектакльдерін қойғанда жігіттердің рөлін әйелдер ойнаған. Қысқасы, Шыңғыс елінің сахна өнеріне деген түсінігі терең. Соның арқасы шығар Мәдениет үйінің драмалық ұжымы 1966 жылы облыста жеңімпаз болып, республикалық байқауда «Қарагөз» трагедиясын көрсетіп, 1967 жылы «Жалбыр» трагедиясымен Мәскеудің Кремль сахнасында қойып, бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанған еді.
1967 жылы осы спектакльдің, «Еңлік-Кебектің» жазылғанына, қойылғанына, сахнаға шыққанына 50 жыл толды. Сол кезде газетке «Киіз үйден Кремль сахнасына дейін – 50 жыл» деген мақалам шықты. Осы ұранмен аудандық халық театры «Еңлік-Кебекті» қайта қойдық. Спектакльге бұрын-соңды қатысқан адамдарды шақырып, кәдімгідей той жасадық. Осылайша, аудандық халық театры өзінің аппогейіне жетті деп ойлаймын. Содан кейін Қайнарда халық театрын құрдық. Оған біздің аудандағы театр ұжымынан екі адамды арнайы жібердім. Содан кейін Құндызды, Бірлік пен Саржал ауылдарының өнерпаздары үш-төрт жылдан кейін халық театры атағын алып шықты. Мұның бәрі ауданның өнерге деген жолын ашты. Енді өмір театрмен шектелуге болмайтынын көрсетті. Содан музыкалық-эстрадалық ансамбль құрсақ па деген ой келді. Ойымызды жүзеге асырмақ ниетпен ансамбльге халықтық атақ беру туралы 1968 жылы республикалық комиссияға бағдарламамызды ұсындық. Бірақ ансамбльдің аты қойылмаған. Халықты жиып алып ақыл-кеңес сұрадық. Біреулер Сарыарқа, Қарагөз, Тоғжан болсын деді. Түрлі ұсыныстар айтылды. Содан ойлана келе, толғана келе, Қаламқасқа тоқтадық. Сөйтіп, «Қаламқас» ансамблі өмірге келді. 1971 жылы ансамбльге халықтық вокалдық-инструменттік ансамбль деген атақ берілді. Одан кейін ансамбль талай мәрте шетелдерде сәтті өнер көрсетті.
– Кезінде Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйін қалпына келтіру жұмыстары мен Абайдың сегіз қанатты ақ ордасын қайта көтеруге өзіңіз араласқан екенсіз.
– Ұлы Абайдың 125 жылдық мерейтойының алдында мен аудандық атқару комитетінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Аудандағы барлық мәдени іс-шара менің алдымнан өтеді. Сол кезде Абайдың сегіз қанатты қазақ үйін көтеру және Жидебайдағы үйін қайта салу міндеті қойылды. Біреулер ғимаратты түгелдей сыпырып алып тастап, қайтадан салу керек десті. Біреулер «бұл – Абайдың қолы тиген топырақ, табиғи қалпы сақталуы керек» деді. Қысқасы, неше түрлі пікірлер айтылды. Мемлекет бұл мәселені жан-жақты қараған болуы керек, «ештеңені өзгертпей, үйді өз қалпына келтіру керек» деген шешім қабылдады. Бір күні облыстық мәдениет бөлімінің бастығы маған телефон соқты. «Ана үйді қайта салатын болдық. Бұрынғы этнографиялық қалпын сақтау керек. Сондықтан сіз Абайдың алғаш салынған кездегі үйінің сипаттамасын жасаңыз», – деді. Біздің әкеймен құрдас Мұхтар Бәшеев деген ақсақал болды. Сол кісіге бардым. Сырқаттанып үйде жатыр екен. Үйді қайтадан жөндейтінімізді естіп қуанды. «Шаршаңқырап отырмын. Ертең кел» деді. Келдім. Аздап тынығып, сауығып қалыпты. Бәрін айтып берді. Қанша есік, терезе, қанша қазан-ошақ, қандай өзгерістер болғанын айтты. Бәрін қағазға түсіріп, Жидебайға бардым. Қарасам, қайда, қағаздағының бәрі басқаша. Сол уақытта кезінде Абайдың қолында тұрып, шай қайнатып беріп, үй жұмысында болған Қатпа деген кісінің бәйбішесі Мақып анамыздың көзі тірі еді. Сол кісіге бардым. Жағдайды түсіндірген соң, сайрады дейсің. Бәрін айтты. Қағазға түсіріп, үш күнде әзірлеп қойдым. Айтқандай, үш-төрт күннен кейін облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Арғынғазы Қайсаханов, облыстың құрылысшылары – бәрі Жидебайдың басына келді. Сөйтіп, құрылыс басталды да кетті. Арекең мені үй құрылысының этнографиялық, мемориалдық қалпын сақтау жөніндегі технадзорым деп таныстырды. Мен күнара, қолым тисе, күнде барып жүрдім. Не керек, Абайдың үйі салынып біткенше жарғақ құлағым жастыққа тимей басы-қасында жүрдім. Түрлі қызықтар да орын алды. Әсіресе тошала құрылысын салу кезінде. Құрылысшылар да, басшылар да тошаланың не екенін білмейді. Тошала деген – қазақтың тоңазытқышы, тамақ сақтайды, ет қақтайды. Осыны құрылысшыларға түсіндіру қиямет-қайым іс болды. Ұқпайды. Содан не керек, біздің ескі үйде тошала бар болатын, бірақ аздап құлап тұрған. Құрылысшыларға соны көрсеттім. Сөйтіп, тошаланы жасаттық. Қора-жайдың қабырғасын қалаудың да қиындығы болды. Бір күні келсем, құрылысшылар қалай болса солай, үлкен-үлкен тастарды әкеліп қабырғаға қойып жатыр. «Ой, айналайындар-ай, қазақ тасты бұлай қаламайды. Қалағанның өзінде тура қиғандай қылып қояды», – дедім. Тағы түсінбестік басталсын. Ақыры екі-үш шақырым жердегі бір тасқораны көрсетіп, сол үлгіде қалауды талап етіп орындаттық қой.
– Енді әңгіме ауанын Наурызға қарай бұрсақ. Сіз Наурызды ұзақ жылдар зерттеп, зерделеген адамсыз. Білуімізше, сіз Жаңасемей ауданында басшылық қызметте жүргенде Наурыз мерекесін алғашқы болып аймақта атап өтуді ұйымдастырған екенсіз.
– Оның рас. Нақтырақ айтсам, бұл ауданға 1988 жылы аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары болып қызметке келдім. Міне, осы уақытта Алматыда Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков секілді ағаларымыздың бастауымен Наурыз алғаш рет атап өтілді. Ауданға келгеннен кейін алғашқы жұмысты осы Наурыз мерекесін атап өтуден бастадық. Жаңасемей ауданында алғашқы жылы Наурызды бір күндік, келесі жылы екі күндік, үшінші жылы үш күндік бағдарламамен мереке қылып өткіздік. Бұл – Семей өңіріндегі алғашқы Наурыз болатын. Ұмытпасам, 1989 жылы. Семей қаласының өзінде Наурыз 1901 жылы өткізілді. Қалай өткіздік? Қазақ үйді тіге білетіндер де жоқ. Өрнек тоқу деген не? Бәйге деген не? Көкпар деген не? Қысқасы, ұлттық өнердің барлық элементін қамтуға тырыстық. Әр совхоз екіден-үштен үй тікті.
Ол кезде Семей өңірінде Наурызды ғана емес, ұлттық өнеріміз – айтысты жаңғыртуға да үлес қостық. Облыста айтыс деген мүлде ұйымдастырылмай келді. Бастайық десек, мәдениет басқармасы қолдамайды. Сосын орысшасы басым болса да Жаңасемей ауданындағы барлық қазақ тілі мұғалімдерінің басын қостым. «Ақындар айтысын өткіземіз», – дедім. «Ой, аға, қазақша дұрыс оқыта алмай жүргенде оқушыларды қалай айтыстырамыз?» – дейді мұғалімдер. «Сендер не оқытып отырсыңдар, үш ауыз өлең шығаратын бала тәрбиелемесеңдер?! Екі ауыз өлең шығармайтын қазақ жоқ. Шығарып беріңдер. Жаттасын. Алып кел де, айтқыз», – дедім. Сөйтіп, алғашқы жылы әрбір мұғалім, ел ішіндегі ақындар балаларға өлеңдер шығарып беріп, олар жаттап келіп айтысты. Келесі жылында айтысқа қаладағы қазақ мектептерінің оқушыларын шақырдық. Одан кейінгі жылы облысқа хабарладық. Екі-үш ауданнан айтысқа адамдар келді. Ұмытпасам, бүгінде есімі елге белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы да осы айтысқа қатысқан болатын. Оқушыларға әуелде сөздерін әзірлеп беретін болсақ, екі-үш жылдан кейін өздері суырып салып айтысатын болды. Үш-төрт жылдан кейін облыстың өзге өңірлерінде осындай айтыстар ұйымдастырыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, біз қозғаушы күш болдық. Сөйтіп, Семейдің ақындары бірте-бірте республикаға танылды. Ауданда құрылған «Семейтау» ансамблі, мәдениет бөлімі,«Жаңасемей аруы», «Семейтау серісі», «Билер соты», «Келбетті келін» деген секілді байқаулар ұлттық рухты оятатын сол кезде қолға алынды.
– Наурыз демекші, жалпы, біз Наурызды қалай тойлап жүрміз? Наурызды тойлауда үстімізге шапан киіп, айналдыра киіз үй тігіп, ас ішіп, аяқ босатудан аса алмай жүрген сияқтымыз.
– Иә, Наурыз өз деңгейінде аталып өтпей жүр. Мысалы, әр жылдың өз эмблемасы болуы керек. Қазір бәрібір. Түйенің эмблемасын да қоя салуы мүмкін. Бірақ он екі жылдың ішінде түйе жоқ. Осындай талаптарды ескермегендіктен, көп нәрсе өзінің тарихи, тәрбиелік мәнін жойып келеді. Алғашқы кезде ұлттық салт-дәстүр үлгісін барлығын қамтуға тырысқанымыз рас. Ол уақытта солай жасау керек болды. Енді Наурыздың терең дүниетанымдық, ұлттық мәні бар екенін ұғынатын кез келді. Тек концерт қойып, той-думан жасаудың лайығы жоқ. Наурыз тойының өзінің байырғы түпнұсқасын таба алмағандықтан, Наурыз тойын жылдың қай уақытында да өте беретін «Тұсау кесу», «Бесікке бала салу», «Қыз ұзату», «Беташар» сияқты тұрмыстық салт-дәстүрлердің байқау-көрмесіне айналдырып алдық.
Мысалы, Наурыз тойы кезінде кей киіз үйлерде қуыршақ баланы бесікке салу рәсімін көрсетіп жатады. Біріншіден, қазақ бос бесікті тербетпеген. Екіншіден, ол рәсімге еркектер қатыспаған. Ол – тек әйел баратын рәсім ғой. Бесікке баланы кім салады? Оның үлкен тәрбиелік мәні бар. Ұрлық-қарлығы бар, өсекке жақын әйелдерді бесікке жолатпаған. Қысқасы, біздің өткіземіз деген шарамыздың әрқайсысында терең мән болуы керек. Наурыз жаппай тойлана бастаған 90-жылдардың басында ұлттық салт-дәстүрлердің бәрін қозғау қажет те болған шығар. Бірақ бүгінде ол шаралардың жасандылығы басым болып барады. Ол әдет-ғұрып үлгілері өзінің негізгі рәсімін сақтай алмай, тек сыртқы көрінісін ғана көрсетіп жүр. Ең өкініштісі, осының бәрі ұлттық нәрі жоқ, жол-жора үлгісі сақталмаған, жалаң театрланған әрекет күйінде өмірге сіңісті болып бара жатыр. Мұндай талғамсыздығымыз енді жараспасы анық.
Бұдан былай көсемдеп ат жеккен күміс арба немесе шанамен Қызыр бабаның келуімен бастап Жаңа жылды қарсы алуға байланысты рәсімдер мен ойын-сауықты, өнер сынын қамтуды қалыпқа түсіруіміз керек.
Тағы бір жайт: «әзір асқа – тік қасық» деп, Наурыз думанын енжар, тек «мені қуант, күлдір» дейтін дағдыдан арылғанымыз абзал. Бұл Наурыз күнінің ұраны – теңдік. Бұл күні хан мен қара да, бай мен кедей де, әйел мен еркек те, жас пен кәрі де тең. Наурызда мол дастарқанның болғаны дұрыс-ақ. Бірақ адал асқа кейде ішімдікті араластыру немесе достық деген ұранмен өзгенің өнерін мадақтау кең өріс алып барады.
Менің ұсынысым – мынау. Наурыз дайындығын Жаңа жылдағыдай бірнеше ай бұрын бастап, Наурыз бағдарламасына, Наурыздың эмблемасына, Наурыз туралы әндерге, Наурыз әнін орындаушыларға конкурс ерте жарияланса. Жөн білетін ақсақал, білімді азаматтарды жинап, ақылдасса деген тілегімізді жергілікті билік басындағыларға жылда айтамыз. Сол секілді істер ертерек қолға алынса, ұлан-ғайыр жұмыстар істеуге болады. Сонда Наурыз өз мәнінде өтер еді, халықтың Наурызға деген ынтасы, ықыласы ауар еді.
– Әркім өз білгенімен жасап жүрген наурыз көженің жайына тоқталсаңыз...
– Әу баста жылдың алғашқы күні «жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деген түсінікпен тоқшылығы жыл бойына жалғасады дағдысы сақталғандықтан, оны бірде «көп көже», бірде «тоқ көже» деп атаған. Ол Наурыз тойына келген жұртқа түрі, түсі, көлемі бірдей жеті ыдыспен таратылады. Қызыр түні өтіп, Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, Жаңа күн жер-дүниеге шапағын шашқанда, одан құт құйылады деген түсінік бар. Күн көкжиектен көтеріле бастаған алғашқы екі сағат бойында жасалған тамақ мейлінше тәтті, ерекше қасиетті, мол ырысты болады деп есептеледі. Ол «құт» кейде, біз түсінетіндей, дүние-мүлік, мол қаржы түріндегі заттық қазына емес, ол – нұр, сәуле – адамның рухани жан дүниесін байытатын, тазартатын, сәулелендіретін құдіретті, киелі ұғым.
Жеті деген – жеті қат көк, жеті қат жер, айта берсең көп. Оның бәріне Әнет бабаның берген түсінігі бар. Осының барлығы – біздің Шығыс халықтарының даналығын танытады. Мысалы, қазақ қызылсырап тұрмын десе, ол – ет жегім келіп тұр дегені, ақсырап тұрмын десе, айран-сүт ішкім келіп тұр дегені. Қазақ тұзды қарабастұз дейді. Жерден өніп шығатын арпа, бидай, тары, тағы басқа дәнді – жасыл, майды сары майдай сақтаған асылым деп есептейді. Міне, осылай Наурыз көже – жеті түске лайық жеті түрлі қазанға түсірілген тамақ. Бізде көжеге тары да, арпа да, күріш те, ет те салады. Бағанағы бесікке бала салған тәрізді оның этнографиялық мән-мағынасын түсінбей, қор етіп жүргендер де аз емес.
«Жеті» санының қазақ үшін қастерлі екенін жас бала да біледі. Наурыз көженің нұр сәулені түзетін жеті түрлі түске орай жеті түрлі топтамаға кіретін дәм-тағамнан құралатын нәрлі де қуатты, қасиетті ас екені белгілі: 1. Көк – су. 2. Қызыл – ет (соғымнан сақталған мүше, сүрі, арнайы сойылған малдың жас еті...). 3. Жасыл – дән (бидай, арпа, тары...). 4. Ақ – сүт (сүт, сүттен жасалған тағамдар, қатық, айран...). 5. Сары – сары май, тоң май... 6. Қоңыр – талқан, ұн, кеспе... 7. Қара – қарабастұз. Ақ пейілді аспаздың дәмді етіп пісіріп, ықыласымен ұсынған құнарлы асына Жаңа жылдың алғашқы күнінің сәулесі түсіп, нұры сіңген ас қасиетті болмағы ақиқат.
– Тағы бір түйткіл. Ауызекі әңгімеде жиі айтылатын Қыдыр кім, Қызыр кім, Қадыр кім? Біз осылардың ақ-қарасын ажырата алмай жүрген секілдіміз...
– Біресе Қызыр, біресе Қыдыр, біресе Қадыр деп шатастыра береміз дейсің ғой. Үшеуі үш бөлек. Қызыр – тек қана жаңа жылда шығар күннің рәмізі. Ал Қыдыр – 365 күн елдің ортасында жүретін әулие. Қыдыр қашан қонады деп әркім дәметеді. Қыдыр байбатша, кедей-кепшік болып келуі де мүмкін. Ел Қыдырдың келіп қонуына, оның ырза болуына ықыласты болған. Қырықтың бірі Қыдыр риза болса, ол үйге қыдыр қонады, бақ дариды.
Қызыр деген – тек Наурыз күні келетін әулие, қасиетті ұғым. Бұл жыл он екі айда адамға күннің нұры, қария бейнесінде бір-ақ рет көрінеді. Одан кейін Қызырды іздесең де, таппайсың. Қызырдың құдіреті – Наурыздың алғашқы атқан таңымен, күн нұрымен келетіндігі. Қызыр келіп, ықыласы түссе, ол үйде, ол ауылда, ол халықта жыл бойында жақсылық болмақшы.
Иран патшасы секілді, қазақ та шыққан күнге маңдайын тосып, Қызыр бабаны қарсы алған. «Жалғыз шала сәуле болмас, жалғыз шырақ тәубе болмас» дейтін халық даналығындай, Қызыр түнінде шырақ, шам-шабдалды қос-қостан жағып қою ғұрпы болған.
Бұл күнгі ниет-пейілдің кеңдігі жыл бойғы жақсы нышан саналғандықтан, әркім осы Ұлы күнге әліне қарай әзірлік жасаған, жасау-мүлкін жинаған, жақсы күнге іріккен дәм-тұзын дастарқанына салған. Бұл күні таңға дейін ұйықтамай, Қызыр түнін өткізіп, қыз бен жігіт, қайын мен жеңге айтысып, жұмбақ шешісіп, жаңылтпаш айту, күш сынасу т.с.с. толып жатқан өнер сайысы таңға дейін жалғасқан. Одан қалса, «Орамал тастау», «Ұшты-ұшты», «Селт еткізер», «Ұйқы ашар» тағы басқа ойындармен таңның қалай атқанын білмей де қалатын болған.
– Наурыз халықтық мереке дейміз. Бірақ мейрам кезінде тігілген әдемі киіз үйлер мен мол дастарқанға әкім-қаралардан басқа жұрттың кіре алмайтыны бар.... Киіз үйдің ішіне тамақ толтырып қойып, есігін жауып алып, комиссия келіп көргенге дейін ешкімді кіргізбейтін әдеттен қалай құтылуымыз керек?
– Наурыздың өз табиғатына сай рәсімдері көп. Мысалы, Шүлен тарату деген дәстүр бар. Ол – халыққа тегін қызмет ету, ас тарату, күй-жайы нашар адамдарға тегін дүние тарату. Наурызды мейрамдамақ болып келген ел жеткенінше алып жеуі керек. Аластау рәсімінде оттың арасына түтіндеген шала тастап, одан жастар қарғып өтіп, қарттар етегін жиып, аттап өткен. Мұның өзі рухани тазару, адами қасиеттерді сақтау, имандылықты қалыптастыру ниетін оятпақ. Содан кейін барып дастарқаннан дәм татқан. Бәрін тойғызу шарт емес, әр адам Жаңа жылдың дастарқанынан дәм татуы тиіс. Оның өзінің астарлы сыры бар. Ол үшін үш-төрт жерден қазан көтеріліп, наурыз көже жасалады. Одан мұқым халық дәм татып шығуы керек.
– Наурызды ай бойы тойлап жатамыз ғой...
– Асылы, Наурыз деген айдың аты емес еді. Ол көкек айынан бастап 40 күнге созылатын, 40 күн Наурыз деп аталатын Жаңа жыл мерекесінің алғашқы күні болатын. Көкектің 10-жұлдызында Отамалы деген амал келеді. «Жақсы болса, от алғанша, жаман болса, оталғанша» деп есепшілер ерекше мән беріп, айрықша зер салып, Жаңа жылдың қандай боларын сол күнмен шамалауға, болжауға тырысатын күн еді. Ол күні торғай аузын шылайтындай күн жылып, қар ерісе, жаздың шыққаны, болмаса, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін қараөзек шақтың нышаны деп есептелген.
Наурызда қар жауса, қарға құмалақ шашып, көктемнің ерте я кеш шығатынын болжаған. (Наурыз күні қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктем ерте шығады, ал қардың үстінде қалса, көктем қырық күн кеш шығады).
Ең бастысы, 40 күн наурызда ауыл ақсақалдарының бастауымен әр ауылға жиналып, наурыз көже ішіп, ойнап-күліп қана қоймай, бірлі-жарым адамның қолынан келмейтін құдық аршу, тұма басын көзеу, атыз тазарту, арық қазу, қора-жайды түзеу, жылқы таңбалау, қой қырқу, киіз басу, арқан есу, кірпіш құю, қойшы, әйтеуір, ағаш отырғызу, егін егу ісін бастау секілді қат-қабат шаруаларды атқара жүріп, тойды жалғастырған. Малын сақтай алмай, жүдеп қалғандарға жылу жинап беріп, саяқ жүргендердің басын қосып, алдына мал салып, басына үй көтеріп беру, кембағал, жетім-жесір, кәрі-құртаңды қамқорлыққа алып, бірлі-жарым қазанбұзар тентектерді тыйып, қыруар шаруа атқарған. Мұның бәрі береке емес пе? Наурыз тойын халықтың рухани өмірінің барлық сәтін ойластырып, оның сыртқы көрінісі ғана емес, ішкі мәніне көңіл бөлмек керек. Ол жөнінде «Таным, талғам, тағылым», «Наурызнама» кітаптарымда айтып, жазған едім. Оның бәрін бірер сөзбен жеткізу мүмкін емес.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет.
Оқшау ой
«Көш жүре түзеледі». Бұл – өте жақсы мақал. Бірақ бүгінде өте жаман мақалға айналып бара жатқандай. Мысалы, мен менің өкшемді басып келе жатқан адамдардың қатары сиреген сайын біз ұлттық рухымыздан қашықтай береміз бе деп қорқам. Өйткені кейінгі ұрпақ басқа идеологиямен қаруланып бара жатыр. Қазіргі жастар «Абай» эпопеясын оқи ма? Жоқ! Немесе қазіргі жастарға домбырамен ән тыңда десең, көкірегіне қонбайды. Айғай секілді түсінеді. Көш он жылдан кейін түзелмек түгілі, құлдырай береді. Сондықтан рухани өмірде бұл мақалды қолданбасақ деймін.
Алашқа айтар датым...
Қазір менен «қазақтың тілі дами ма?» деп сұраса, мен «жоқ» деп айтар ем. Неге? Тіл, тіл дейміз. Тілді аюға да үйретуге болады. «Бар, жоқ, келдім, кеттім» дегенді. Бірақ одан қазақ жасай алмайсың ғой. Қазақтың өз менталитеті, өз психологиясы, өз дағдысы бар. Тілді дамыту үшін мұқым қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көтеру қажет. Сол уақытта ғана тіл тіл болады. Құр айқайдан ештеңе өнбейді.