Наурыз тойын халықтық мерекеге айналдырып, 9 күн тойлауымыз керек
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Ғалия апай, Ұлыстың ұлы мерекесі құтты болсын! Бүгінгі күні Наурыз мерекесінің еліміздегі тойлану деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Той, мерекеге қатысты «көңіл толмады» деп айту қиын. Той деген –жақсылық, қуаныш деген сөз. Сондықтан әрқашан жақсылыққа сынап қарамай, тек қуана білу керек секілді. Қазақтың тойларының ішіндегі Наурыз тойы, Ұлыстың ұлы мерекесі – жалпыхалықтық жалғыз төл мереке. Бір кездері жоғалтып алған мерекеміздің ұмытылмай, жаңарып, жасарып, Тәуелсіз еліміздің төл мерекесі ретінде, халқымызға қайта айналып келгеніне де ширек ғасыр толыпты. Осы уақыт ішінде Наурыз тойы халқымыздың ұлттық мерекесі ретінде жаңарып келеді. Алдағы уақытта заман талабына сай, кейбір элементтерді қоса отырып, үлкеннің де, кішінің де көңілінен шығатындай дәрежеде түрлендіріп, ұрпаққа тағылым тәрбие беретіндей, ұлттық құндылықтарымызды әспеттейтіндей, нағыз мерекеге айналарына сенемін. «Қалай тойланып жүр, көңіліңізден шыға ма?» дегенде еске түседі. Тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, біз ең болмағанда осы Ұлыстың ұлы мерекесінің тойлануын айрықша күттік. Әлі есімде ұзақ уақыт ұмытылып барып 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы орын алғаннан кейін, 1988 жылы Наурыз тойы Алматыда демалыс паркінде тойланды. Сол уақытта «наурызкөже ішейік» десем, қасымдағы жарым «біреу-міреу көріп қойса ұят емес пе?» дейді. Кеңестік өмір салтының санамызға сіңгені соншалық – көпшілік ұлттық мерекені тойлауға, ұлттық тағамын жеуге де жалтақтайтын, өз мерекесіне өзі жатсынып қарайтын кезең еді. 1986 жылдан кейін «ел боламыз ба, болмаймыз ба?» деген үреймен, қазақ жастарын жаншыған сол бір оқиғадан еңсемізді тіктей алмай, есеңгіреп жүрген кезіміз еді. Кішкене болса да санамызға серпін берсінші деп 1988 жылдан бастап Наурызды тойлауға бет бұрдық. Сол уақытта әлі есімде бірдеңені артық істеп қоюға қорқақтап, жан-жағымыздан жалтақтап, не шын ниетімізбен қуанғанымызды көрсете алмай, түсініксіз бір кейіппен Наурызды қарсы алып едік. Өте бір аласапыран уақыт еді. Ол бір қазақ болып туғаның үшін өз-өзіңді қарғайтын кезең еді. Соның бәрін көргеннен кейін мен бүгінгі күніме шүкіршілік етемін. Жыл сайын Наурыз тойының жаңарған түрде тойланып келе жатқанына тәубе етемін. Еш сын айтып, мін таққым келмейді. Дегенмен Наурыз тойының уақыт өте, қоғамның талабын қанағаттандыратындай дәрежеде бейімделіп келе жатқанын байқаймыз. Сондықтан мұның бәрі – уақыт өте дұрысталатын нәрсе. Ұлыстың ұлы мерекесінің кереметтілігі, астрологиялық тұрғыда ерекшелігі, артықшылығы талай рет айтылды. Сондықтан ендігі жерде сол артықшылықтарын мойындап, бұл күнді барынша дәріптеп, мәртебесін одан әрі арттыруды ғана ойлау керек.
– Қалай ойлайсыз, Наурызды тойлаудың елімізге лайықты тұжырымдамасын ойлап шығару керек пе?
– Қазір Наурыз тойы дегенде міндетті түрде қаз-қатар тігілген киіз үй, әкімдердің үкімі, барлық мекеме қызметкерлерін ұлттық киім киюге міндеттеу секілді көріністер елестейтіні рас. Былтырдан бастап халықаралық қауымдастық тарапынан Наурыз тойы ең ежелгі мереке ретінде мойындалып, мәртебесі көтерілсе, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін үш күндік мерекелік демалыс жарияланды. Мұның бәрі Наурыз тойының мәртебесін өсірмесе кемітпейтіні анық. Қазақ ежелден айт мерекесін қоспағанда табиғатпен үндескен, төрт мерекені қалдырмай, ерекше тойлаған. Оның алғашқысы қыстоқсан – соғым соятын қысқы мерзімде бір-біріне қонаққа барып, соғым етін жеп, ерекше тойлаған. Екінші бір мерекесі – жылтоқсан көктемгі жыл басы, Наурыз мерекесі болса, үшінші мерекесі жазтоқсан – қымызмұрындық кезеңі. Соңғысы күзтоқсан – сабантой мерзімі. Осы төрт тоқсанның ішінде барша халықтың басын қосатын, сыйластықтың дәнекері, адамдарды бір-бірін іздеуге, бірлікке, татулыққа шақыратын, төрт тойдың төресі жыл тойы – жылтоқсан мерекесінің мәні зор. Жыл тойында пісірілетін наурызкөженің құрамында қыстоқсанның соғымы бар, жазтоқсанның ағарғаны, айраны бар, күзтоқсанның сәні дәндер де бар. Яғни жылтоқсан саналатын Наурыз тойы – осы төрт тойдың басын қосатын, берекесін кіргізетін, негізгі той. Бір айта кетерлік жайт, осы жылдар ішінде «өткенімізді жаңғыртамыз» деп, салт-дәстүрімізді дәл сол күні қойылатын сахналық қойылымға айналдырдық, дәл осы күнге мадақты да айтудай-ақ айттық. Бірақ ендігі жерде Ұлыстың ұлы мерекесін тойлаудың нақты бір тұжырымдамасы жасалатын, түйінделетін, тойдың өз дәрежесінде кемелденетін кезі жетті. Осы орайда мен Наурыз тойын тоғыз күн тойлаудың тұжырымдамасын жасау керек дер едім. Ұлыстың ұлы тойы – ұлтымыздың ұлық мерекесі. Демек, біз оны сол дәрежесінде тойлауымыз керек.
– Сіз айтып отырғандай, биыл Наурыз мерекесін тоғыз күн кеңінен тойлауды ауа райы, жер жағдайы ыңғайлы өңір саналатын Оңтүстік Қазақстан облысы үрдіске айналдырғалы отыр. Яғни Наурыз мерекесін 14 наурыздан бастап 23 наурызға дейін жалғастырып, ежелден сақталып келе жатқан халқымыздың салт-дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Мұны сіз бастама айтып, былтыр көтерген едіңіз. Осы ойыңызды таратып айтсаңыз, сіз бастама ретінде ұсынып отырған тоғыз күн тойлаудың сыры неде?
– Халқымызда тоғыз – сүйінші сан. «Бір тоғыз бастаған нар, атан түйе» деген секілді тіркестер тілімізде ежелден қалыптасқан. Рас, жеті де қасиетті сан, бірақ жеті – садақаның саны. Мәселен, наурызкөжеге неге жеті түрлі дән салады? Жылдан аман, айдан есен жеттік пе деп, жеті түрлі дәнді көжеге салады. Кейде осыған орай, наурызкөжені тілеукөже деп те атайды. Сондықтан Наурыз тойын халықтық мерекеге айналдырып, хан мен қарашаның нағыз теңесетін күніне айналдырып, тоғыз күн тойлауымыз керек. Наурыз халықтың қабағына қарайтын, қалауын жасайтын күні. Біз тоғыз күн тойлауды көктен алып отырғанымыз жоқ. Бұл мереке ежелден осылай тойланған. Қаған заманында 365 бозбалаға қып-қызыл масатыдан шапан кигізіп, тоғыз күн қобызбен тоғыз түрлі күй сарнатқан. Сондай-ақ тоғыз күн бойына қазан көтеріп, ашты тойдырып, жалаңашты киіндірген. Атқа мінген азаматтар тайқазанға құдайы көже астырып, жоқ-жітікке таратқан. Жалпы, барлық өңірімізде көріс айттан басталып тойланған наурыздың 23-іне дейін жалғасқанына байланысты мысалдар өте көп. Біз дәл осы үрдісті жаңа заманға лайықтап, қайта жаңғыртуымыз керек.
Осы орайда, былтыр айтқан ұсынысымның аяқасты қалмай, биыл оңтүстік өңірде тоғыз күн тойлана бастауы – мен үшін үлкен қуаныш. Бұл – айтылған сөздің тыңдайтын құлаққа жеткенінің белгісі. Алайда алдағы уақытта осы бір үрдіс жалпыхалықтық сипат алып тоғыз күн тойлана бастаса мынау менің сөзім, менің ұсынысым деп айтпас едім. Мен бар болғаны халқымызда бұрыннан бар салт-дәстүрге айналған дүниесін жүйелеп, жаңа заманға лайықтап ұсынып отырмын. Осы орайда Наурыз мерекесінің бір күнін «Тән дауа» деп атауды ұсынамын. «Тазалық – иманның жартысы» дегендей, бүкіл халық осы күнді тәннің тазалығына арнаса... Үйінің іші-сыртын, айналасын ғана емес, өзінің тәнінің де тазалығына мән берсе деймін. Осы күні телеарналардан берілетін хабарлардың барлығы да осы тәннің тазалығына арналса керемет болар еді. Тән тазалығының ауқымы өте кең. Тағы бір күнді «Жан дауа» деп атау, мейірімділік пен қайырымдылық күні болса, барша халықтың бір-біріне кешіріммен қарайтын күніне айналса деген ойдан туындаған. Бүгінде елімізде балалар үйі де, қарттар үйі де көбейіп кетті. Дәл осы күні осы мекемелердегі тұрғындарға құрмет көрсетіліп, көңілін ауласақ, араздасқан жандар татуласып, тіл табысса деймін. Алғашқы көрісу күні осы «жан дауа» күніне жатады. «Ән дауа» – ән сайысы, жаңа әндердің жарыққа шығар күні. Әртүрлі ән-жыр сайыстарының бәрі осы тоғыз күнге тоғысуы тиіс. Біз онсыз да атақ, лауазымы бар тұлғаларды әспеттейміз, сый-құрмет көрсетеміз. Бірақ нақ осы тоғыз күнгі сайыста ел ішіндегі алтын бесіктің жемістері жарыққа шығуы тиіс. Ел ішінде дарындылар мен таланттылар жетерлік. Нақ осы «ән дауа» күнінде ел ішіндегі күміскөмей әншілер, жыршылар өз өнерін паш етіп ортаға салуы тиіс. Халқымызда бір төбенің дауысын, екінші бір төбеге қосқан әншілер де, қоңыр үнді, керемет әуезді әндері де аз болмаған. Алайда бүгінгі күні қыңсылаған, сыңсыған, ыңқылдаған, ырғағы жоқ көшірме әуендер көбейіп бара жатыр. Қазіргі эстрадамыз көршіден ұрлап, күнін көріп жатыр. Бұл – халқымыздың намысына тиетіндей дүние. Өзімізде бар дүниенің тынысын тарылтып, барымыздың қадіріне жете алмай өзгенікін ұлық тұтудың ақыры өнерімізге қиянат жасалуына алып келді. Сондықтан «ән дауа» күнінде осы бір олқылықтың орнын толтыратындай дүниелер орын алса деп тілеймін. Тағы бір күн – «Сөз дауа». Халқымыз шешенге, сөз тауып айтар тапқырға кенде болмаған. Бірақ бүгінгі күні мектептегі оқушылар түгіл, атқа мінген азаматтарымыз екі сөздің басын қосып, ойын жеткізе алмайды. Олардың арасында қағазға қарамаса қаңғырып кететіндері де, нүкте қойып берсең, нүкте деп оқып кететіндері де бар. Негізі, қазақ халқы сөзге шешен, көсем болған. Сондықтан сөз қадірін түсінетін халықтың қасиетін қайтару үшін «сөз дауа» күнін белгілесек дұрыс болар еді. «Жер дауа» – «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөздерімен тікелей байланысты. Жер біздің анамыз. Біз қазір анамыздың төсін тырнап, бауырын жаралап, оңды-солды пайдаланып жатырмыз. Ендігі жерде жер-ананың қадіріне жетіп, алғанымызды қайтаратын кез жетті. Дәл осы сауапты істі, жерге деген құрметті Ұлыстың ұлы мерекесінің бір күніне орайластырсақ дұрыс болар еді. Бүгінде еліміздің кейбір өңірінде экологиялық жағдай да нашарлап кетті. Осы күні барлық халқымыз бас-басына бір-бір талдан отырғызып, сенбіліктер жасап, ластанып жатқан суларымызды тазартып, игі істерге бастама болса деп ойлаймын. «Намыс дауа» – спорт ойындарының жарысы. Намысқа тырысып, түрлі ұлттық спорт ойындарының дамуына әркімдер үлес қосса, жер-жердегі әскери гарнизондарда патриоттық бағыттағы іс-шаралар жалғасын тапса, үздіктердің марапатталуы да осы күнге орайласса деймін. Сондай-ақ еліміздегі патриоттық сезімнің насихаты да осы күні күшейтілсе нұр үстіне нұр болар еді. «Сезім дауа» – 21-інен 22-сіне ауған түнге сәйкес келуі керек. Дәл осы күні жастар бір-біріне, тұнық сезімдерін білдіріп жатса құба-құп. Жастарымыз өз елі сезімнің қадірін білмейтіндей, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, әулие Валентин күніне табынып жүр. Ал бұрын халқымыздың қыздары көңіліндегі жігітке ұйқыашар тағамдарын сыйлап, орамалдың шетіне көңіліндегі жігіттің атын кестелеп жазып, сыйларын ер адамға ұсынып жатса, жігіттер де «селтеткізер» сыйларын ұсынып, өзара сезімдерін білдірген. Тектен-текке бұл күнді «сезім дауа» деп белгілеп отырған жоқпыз. Осы күні бүкіл дүние ғаламдық өзгеріске түсіп, жер ананың төсінен жаңғырып бір дауыс өтеді екен. Ол жаңғырықты судағы балық сезіп, су бетінен бауырымен шоршып, бір аунап түссе, шақшақай қара торғай ұясының аузына шығып, жер әлемге сәлем береді екен. Суыр інінің аузына шығады, төрт түлік малдың ішінде пейіштің малы саналатын қой күйіс қайырғанын бір сәт тоқтады екен. Адам түгіл, жер бетіндегі тіршілік иелерінің барлығының жан дүниесі осындай сезімді сезініп жатқанда, адамзаттың дәл осы күні сезімдерін мойындауына, басқаларға сезімдерін білдіруіне қолайлы сәт секілді. Мұндай күннің «сезім дауа» аталып, жастардың сезімдерін мойындайтын күніне әбден лайық екені даусыз. Өзіміздің осындай ерекше қасиетті күніміз тұрғанда айдаладағы біреулердің Валентинін әспеттейтінімізге қайранмын. «Рух дауа» – бір күн, бір түн тәулігімен халқымыздың рухани тұрғыда жетілуіне, рухын көтеретін күйлердің сайысына, рухани тұрғыдан толысуына арнасақ дұрыс болар еді. Кейбір халықтың күйі жоқ, өзіндік үні жоқ. Біз рухымызды көтеретін осы күннің соңын үлкен стадиондарда күй тартыспен аяқтасақ деймін. Сондықтан біз мерекелік тоғыз күннің бір күнін халқымыздың рухының көтерілуіне арнасақ деп армандаймын. Шыны керек, біз бүгінгі күні күйлеріміздің қадірін біліп отырған жоқпыз. Жас ұрпақ осы күн арқылы қазақ халқының күйлерінің қадір-қасиетін білер еді. «Сән дауа» – күнінің де маңызы зор. Неге біздің ұлттық киімдеріміз бір күн ғана киіліп, қалған күндері қара сандықтың түбінен орын алуы тиіс?! Шын мәнінде қазақы ою-өрнектермен көмкерілген ұлттық киімдеріміз сәнділігі жөнінен басқалардың киімдерін он орайды. Сондықтан нақ осы күні ұлттық бояуы қанық ұлттық киімдеріміздің бүгінгі күнге лайықталған, ықшамды, икемді күнделікті өмірде кие алатындай түрлеріне байқау жарияласақ деймін. Сонда ұлттық киімдеріміздің жылына бір-ақ рет емес, жыл он екі ай киілуіне мүмкіндік туар еді. «Мән дауа» – ненің мәні қандай екенін ұқтыратын күн болуы керек. Рәміздеріміздің, елдігіміздің мәнін ұқтыратын күн болуы тиіс. Бүгінде ұлттық ерекшеліктердің қадірін білмейтін, қадіріне жете алмайтындар көп-ақ. Мұның бәрі нақ осы мәнін ұғынып, қадіріне жете алмағандықтан туындап отыр деп ойлаймын. Бұл күн мал союдың, оны мүшелеудің, табақ тартудың, жақындардың қыз алыспауының, бесікке салудың, сүндеттеудің, ырым-тыйымдардың мәнін ұқтыратындай күн болуы тиіс. Қазақ халқы – өте дана халық. Есепсіз, мәнсіз ештеңе жасамаған. Мәселен, бүгінде біреулер қазақ өте ысырапшыл халық, әр нәрсесінің соңы тамақ жеуге барып тіреледі деп жүргендер бар. Бұл дұрыс емес. Қазақ ысырапшылдықты жаны қаламаған, тіпті қай малды қай уақытта сою керек, қай табаққа қандай сүйек салу керек, кімге қандай табақ тарту керектігін, бәрін-бәрін білген, есептеген. Бүгінгі күні халық арасында жаңылыс түсініктің қалыптасуы оның мәнін түсінбегендіктен айтылып жатыр. Сондықтан ұлттық ұстанымдардың әрқайсысының мәнін ұрпаққа кеңінен ұқтыратын «мән дауа» күнінің мәні зор. Бұл күндердің барлығы арнайы сценарийлік жоспармен халықты жалықтырып алмайтындай дәрежеде, табиғи, әрі халықтың барлығы жұмыла ат салысатындай, өз мерекесіндей сезінетіндей дәрежеде тойлануы керек. Және бір айта кетер жайт, осы тоғыз күннің әрқайсысының ұраны болуы тиіс.
Тоғыз күннің наурыздың 14-інен басталуы да тегіннен-тегін емес. Халықтың атақты «Дайди-дау» деген әні бар. Сонда «Жүзің бар он төртінші айдай көркем» деген жолдар бар. Дәл сол күні ай толысып, бүкіл табиғатқа өзгеріс еніп, айнала ерекше түрленеді. Айта кетер жайт, мұның бірі де менің өз сөзім емес. Халықтың ғасырлар бойғы дәстүріне енген ғұрыптары, тек мен соны танып-біліп, жүйелеп халықтың өзіне қайта ұсынып отырмын.
– Бүгінде наурызкөжені әркім өз білгенімен жасап жүр. Осы орайда сіз жылда наурызкөже дайындайсыз ба? Сіздің наурызкөжеңіздің құрамында не бар екенін біле отырсақ.
– Наурыз айында пісірілетін көженің бірнеше атауы бар: жылкөже, наурызкөже, амалкөже, тілеукөже, уызкөже. Наурызкөжені мен бала кезімнен, жастайымнан шермиіп тойып ішкен адаммын. Қазір ойлап отырсам, батыстағы көріс айт пен біздің Нарынқолдағы наурызкөже жасап, жыл басын бастап тойлайтын кезеңіміз қатар екен. Олар бір-бірімен хабарласып отырмаса да, Наурызды бір уақытта бастап тойлатқан. Мен наурызкөжені ежелден пісіріп өстім. Және жыл сайын пісіремін. 2009 жылы 240 кісіге наурызкөже пісіріп тараттым. Үйде 1910 жылы жасалған 40 литрлік қара қазаным бар. 103 жылдық қара қазанымды толтырып, жылына бір-ақ рет наурызкөже пісіремін. Сөйтіп, бір рет қалалық әкімдікке пісіріп әкелдім. Әкімқара, қара халық, сол жерде арбада отырған мүгедекке дейін қайта айналып келіп наурызкөжені қайта-қайта ішті. Береке дарыған сол бір наурызкөже жұрттың бәріне емін-еркін жетті. Қазы-қартадан бутерброд жасап, бауырсақ та пісіріп әкеліп едім, дастарқан бір ортаймады. Наурызкөже пісіру маған дәстүрге айналған. Жыл сайын 21 наурыз күні пісіремін және жұрттың бәрі соны асыға күтеді. Кейбіреулер «қайталап, тағы пісірші» деп сұрайды. Ешқашан қайталамаймын. Ол бір ішкеннен келер жылға дейін әрбір адамның таңдайында қалуы керек. Келер жылды сол наурызкөженің дәмін әркім асыға күтуі тиіс.
Айта кетер жайт, мен наурызкөжеге келе алмағандарға өзім арнайы апарып беремін. Ол адамның дәреже деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, ол қара базарда сауда жасап отырған, сол жылы алдына барғанда маған жылы қабақ танытқан біреу болуы мүмкін. Ол бір көріп, сәлемдескен, бірақ мүлдем аралас-құралас болмаған адамым болуы да мүмкін. Немесе өзім бір ерекше қадір тұтқан қадірлі адам болуы да ықтимал. Менің соның бәрін нақ осы күні есіме түсіріп, елеусіз қалдырмауға тырысам. Наурызкөжемді құйып, қазы-қарта, бауырсақ, құрт, ірімшік, жентімнен қосып арнайы апарып беремін. Қазақ мұны «сыбаға» дейді. Жылкөжедегі ұстанар ырымым осындай.
Сөзімнің соңында айтарым, Ұлыс – тойдың аты, наурыз – айдың аты. Ұлыстың ұлық мерекесі ұлы істердің басы болғай! Еліміз есен, жұртымыз тыныш болғай! Көргеніміз той, төрт құбыламыз соған сай болғай! Көңіліміз әманда жай болғай! Әмин!
– Әңгімеңізге рақмет!
Менің наурызкөжем осындай
Мен наурызкөжені пісіру үшін жыл бойы дайындаламын. Наурызкөже үшін арнайы соғымның кәрі жілігін, семіз қойдың сүбесін, жылқының қазысы мен жалын және қойдың құйрығын сүрлеп сақтаймын. Менің наурызкөжемде 13 түрлі зат болады. Ең бастысы, «Алланың жолына осы 13 түрлі дәмнің басын қосып тұрған суды» атап, алдымен қара қазанға таза, тұндырылған, бір күн тұрған тұнық суды құямын. Және ретімен жеті түрлі дән, бес түрлі дәм қосамын. Дәндерді алдымен суға қайнатып алған соң, жас еттің сорпасына тағы бір қосып қайнатамын. Үрлеме бұршақты қазының сорпасына пісіремін. Өйткені ол қазының сорпасының дәмін тартып алады. Сөйтіп, жалпы көжеге араластырып жіберсең, сүр қазының дәмінің қайдан шығып жатқанын ішкен адам аңғара алмай қалады. Бүкіл дәнді қазымен қосып пісірсең, сүрдің қадірі болмай қалады. Ал әрбір қасықтан үрлеме бұршақпен бірге аузыңа сүрдің дәмі келгенде оның дәмі таңдайыңда қалып қояды. Сүрді күлдей етіп турап көжеге себемін. Мен сондай-ақ арнайы наурызкөже үшін Зайсаннан сұйық құрт, Ақтөбенің тарысын, Қызылорданың талқанын, Нарынқолдың құртын алдырып қосамын. Наурызкөжедегі әрбір дәннің қадір-қасиетін білу керек. Суды мен Алланың жолына деп құйсам, 12 дән менен дәмді жылдан аман, айдан есен жеткен 12 айдың құрметіне деп қосамын. Міне, менің наурызкөжем осындай.